Серік Мырзалы философия оқу құралы


§ 20. Материя мен сана – шегіне жеткен қарама-қарсылық



Pdf көрінісі
бет375/521
Дата04.10.2022
өлшемі3,76 Mb.
#151510
1   ...   371   372   373   374   375   376   377   378   ...   521
Байланысты:
Серик Мырзалы Философия

§ 20. Материя мен сана – шегіне жеткен қарама-қарсылық
Болмыстың өмір сүру формаларын талдай келе, біздің алдымызға 
келесі сұрақ келеді: Осы сан алуан себептілік пен қажеттілік, мүмкіндік 
пен кездейсоқтық т.с.с. жақтарымен құбылып жатқан болмыста не 
бар? Оның шеңберінде әртүрлі заттар мен құбылыстар, соның ішінде 
ішкі рухани өмірі бар адам да бар. Ең кең, шегіне жеткен түрде алып 
қарағанда, әрине, оны материя мен санаға, рухқа теңеуге болады. 
Адам саналы пенде ретінде өзіндік санасын тудырады, сол себепті 
ол бүкіл әлемді өзіне қарсы қойып қарайды (соның ішінде басқа адам-
дарды да өзінен бөлек санайды). Осы арада көп сұрақтар пайда болады: 
«Бұл дүние не?», «Мен неге бұл дүниеге келдім?», «Менің жаным осы 
денеммен бірге сөне ме, я болмаса мәңгілік өмір сүре бере ме?», «Дүние 
шектелген бе, я шексіз бе?». Мұндай сұрақтардың санын жүздеп 
келтіруге болады. Оларға жауап беру барысында біз қажетті түрде мате-
рия мен сана санаттарына келіп тіреліп, олардың арақатынасын зерт-
теуге мәжбүр боламыз. Міне, осы арада философияның негізгі мәселесі 
пайда болады.
Соңғы жылдары «философияда негізгі мәселе жоқ, оның барлық 
мәселелері – негізгі. Оны идеологиялық бүркеме ретінде уақытында 
Ф.Энгельс енгізген» деген пікір пайда болды. Алайда мұндай көзқарас 
шындыққа лайықты емес, оның өзін жаңа «идеологиялық бүркеме» 
ретінде қарауға болады. Ал шындыққа жүгінсек, бүкіл филосо-


433
фия тарихының негізінде осы мәселені шешу талпынысы жатқанын 
байқауға болады.
Негізінен алғанда, сана мен материяның арақатынасын анық-
тауда үш бағыт бар. Оның бірі – материализм, екіншісі – идеализм, 
үшіншісі – реализм.
Материализм бағытының негізгі санаты – материя ұғымы (materіa 
латынша – зат).
Бұл бағытты ұстайтын ойшылдар алғашында дүниенің негізін 
нақтылы-сезімдік заттардан көрді (Фалестің суы, Гераклиттің оты т.с.с.). 
Мұндай көзқарастың көне замандағы шыңы – Демокрит пен Левкиптің 
атомдық теориясы. Дүниенің негізінде ары қарай бөлінбейтін, сонымен 
қатар ары қарай өткізбейтін ұсақ бөлшектер жатыр, олардың табиғаты 
біркелкі, бірақ формалары әртүрлі болуы мүмкін. Біз дүниетану 
жолында заттардың бетінде орналасқан дөңгелек формалы ең жеңіл 
атомдарды қабылдаймыз. Сонымен, рух дегеніміз – қозғалыстағы жеңіл 
атомдар.
«Ештеңеден ештеңе пайда болмайды», сондықтан атомдар мәңгілік 
өмір сүреді, олар ешқайда жоғалмайды. Дүниедегінің бәрі қажетті де 
себепті. Демокрит Құдайды мойындағанмен, ол жер мен көктің екі 
ортасында өмір сүреді, оның бұл дүниеге қатысы жоқ деген батыл 
көзқараста болды.
Жаңа дәуірдегі ғылым мен техниканың дамуына байланысты 
ғалымдар материяны табиғаттың заты, оның қасиеттерімен теңеді 
(Ламетри, Гоббс, Гольбах т.б.). Бұлардың ойынша, рухани өмір 
материалдық элементтерден тұрмайды, ол материяның жалпы қасиетіне 
жатады. Бұл, әрине, алға жылжулықты көрсетті. Т.Гоббс: «Зат адамның 
санасында өзінің тікелей ізін қалдырмайды, оның тигізетін ықпалы 
адамның миына жеткенше біршама сатылардан өтеді…» – деген пікір 
айтқан болатын.
ХХ ғ. басында материя жөнінде жаңа гносеологиялық (танымдық) 
тұжырым пайда болады. Ол, негізінен алғанда, ғылыми-техникалық 
прогреспен, ескі атомистиканың күйзелісімен байланысты болатын. 
Материяны заттық субстратқа (негізге) теңеуге болмайды. Мате-
рия дегеніміз – әділетті шындықты біздің санамызда бейнелейтін 
философиялық санат, яғни ұғым.
Соңғы кездегі көзқарастарға келсек, олар біржақты гносеоло-
гизмге қарсы: материяны субстанциялық-аксиологиялық (құндылық) 
тұрғысынан сипаттағысы келеді. Бұл тұрғыдан алып қарағанда, мате-
рия ғана физикалық нақтылық емес, сонымен қатар рух та – мәңгілік 
материяның көп қасиеттерінің бірі болып есептеледі.
Ал енді идеалистік бағытқа келер болсақ, олар өмірдің рухани 
жағын негізгі деп есептейді. Заттардың субстанциясы (алғашқы 


434
негізі) рухани болмыста жатыр. Идеализмнің дүниеге келуінің 
алғышарттарына адамның өмірлік маңызды мүдделері жатқаны сөзсіз. 
Сондықтан бұл ағым құндылықтар әлеміне көбірек көңіл бөледі. Егер 
материализм, негізінен, сыртқы дүниені тануға бағытталған философия 
болса, идеализм, керісінше, адамның ішкі рухани өміріне көбірек көңіл 
бөледі. Адам, оның өмірі мен бақыты, үміті мен қайғысы т.с.с. сұрақтар 
идеалистік философияның негізгі мәселелеріне айналады.
Философия тарихында шынайы идеализмнің негізін қалаған ұлы 
Платон болды. Оның ойынша, тек рухани болмыс – шынайы болмыс, 
ал сезімдік дүние – оның бұлдыр, жетілмеген, өтпелі көлеңкесі ғана. 
Бұл ойын Платон былайша дәлелдейді. Дүние жөнінде адамдардың 
әртүрлі пікірі бар, оларды тек қана білім арқылы тексеруге болады. 
Білім ақиқатқа әкеледі, соңғының көрінісі ұғымда жатыр. Егер сезімдік 
таным өне бойы өзгерістегі сезімдік-заттық дүниені бейнелесе, ұғым 
өзінің тұрақтылығымен сипатталады. Ал, олай болса, оған сәйкес 
өзгермейтін, жетілген, кемеліне келген эйдос әлемі бар. Ұғым арқылы 
біз заттың терең мәнін ашамыз. Ендеше, ұғым мен сезімдік танымды 
бір-бірімен салыстырсақ, олар болмыс пен елес секілді.
Оның ойынша, адам – қайшылықты пенде. Оның денесімен қатар, 
жан дүниесі бар. Дене сезімдік әлемге жатса, жанның отаны – эйдос 
әлемі, сондықтан ол – мәңгілік.
Әрине, Платонның философиясы қайшылықты. Бір жағынан, біз 
сезімдік әлем мен эйдос әлемінің арасындағы қайшылықты көрсек, 
екінші жағынан, дене мен жанның ымыраласпайтынын байқадық.
Ортағасырдағы діни философия идеалистік көзқарасты ары қарай 
дамытады. Философияға бірқұдайлыққа өтуге байланысты сенім 
санаты кіреді. Көне замандағы дана емес, сенетін адам ғана ақиқатқа 
жете алады деген пікір кіреді.
Эйдос әлемі Құдайдың ойына айналып, адамдардың санасындағы 
ойлар Құдайдың ойлары туралы адамдардың толғауынан пайда болады. 
Құдай дүниені жоқтан жаратқаннан кейін, оның ойы зат әлемінің 
алдында келеді, ал адамның танымында зат алда жүреді. Ортағасырда 
жан-дүние ұғымымен қатар рух пайда болады.
Бұл идеяларды дамытуға Жаңа дәуірде Р.Декарт өз үлесін қосады. 
Оның ойынша, жан – материядан бөлек субстанция және оның негізгі 
қасиеті – ойлауда. Егер материя тек кеңістікте созылатын енжар зат 
болса, жан өз белсенділігімен танылады. Сонымен қатар адамның сана-
сында туа біткен қажетті идеялар бар: ол – адамның «мендік» идеясы, 
математикалық идеялар, Құдай идеясы.
В.Г.Лейбниц идеалистік философияның жаңа түрін дүниеге 
әкеледі. Адам өзінің ішкі жан дүниесінің бар екенін өз тәжірибесінде 
анықтайтын болса, онда басқа заттардың да жаны бар деп ойлауға 


435
болады. Егер Демокрит көзге көрінбейтін атомдарды мойындаса, Лейб-
ниц көзге көрінбейтін өз-өзіне жеткілікті жандарды – монадаларды 
философияға енгізеді. Мұндай көзқарастың шеңберінде Құдайдың Өзі 
монаданың монадасы ретінде қаралуға тиіс.
Неміс классикалық философиясында идеалистік философия ары 
қарай дамиды. И.Кант өзінің трансцендентальдық философиясында 
шынайы болмыс бізге танылмайды деген пікірге келеді. Біздің танып-
білетініміз – тек құбылыстар әлемі. Біз өзіміздің априорлық, тәжірибеге 
дейін берілген сезімдік және ақыл-ой санаттарымыз арқылы тәжірибеде 
берілген мазмұнды ретке келтіреміз. Бірақ адамның осы априорлық 
санаттарға тәуелсіз бір қасиеті бар, ол – адамның ішіндегі ар-ұжданы, 
адамгершілік заңы. Ол ерікті ырықты, адамның шексіз жетілуін, олай 
болса, өлместікті, ал онымен бірге Құдай идеясын талап етеді. Олай 
болса, шынайы болмысқа таным арқылы емес, оған тек діни сенім 
арқылы ғана жетуге болады.
Алайда Канттың бұл идеялары оның әріптестерін қанағат-
тандырмай, олар ғылыми деректерге сүйене отырып, бүкіл дүниені 
ақыл-ойдың қисынына сәйкес дамуы ретінде түсінгілері келді (Фихте, 
Шеллинг, Гегель). Осы идеяға сүйене отырып, ұлы Гегель философия 
тарихында бұрын-соңды болмаған үлкен жүйе жасады. Оның негізінде 
абсолюттік идеяның өз-өзін тану жолында басқа болмысына, яғни 
дүниеге айналып, өзін соның шеңберінде ширатып, адамның санасы 
мен шынайы рухты тудыруы, соның нәтижесінде абсолюттік рухтың 
сатыларына көтерілуі жатты. Яғни болмыс пен құбылыстың арасында 
қазылған ешқандай ор жоқ, олар бір-бірімен диалектикалық байла-
ныста деген тұжырымға келді.
Маркстік философияда бұл мәселе керісінше шешілгенмен, сол 
нәтижеге келді. Дүниені ешқандай абсолюттік идея тудырған жоқ. 
Ол – мәңгілік өзінің ішкі қайшылықтары арқылы дамып жатқан 
материалдық дүние. Өз даму барысында ол тіршілікті тудырып, 
соңынан тарихқа саналы пенде – адам табиғи түрде келеді. Ол өз сана-
сында табиғаттың заңдылықтарын бейнелеп, құбылыстарды зерттеу 
арқылы шынайы дүниедегі үдерістердің мән-мағынасын аша алады. 
Соның нәтижесінде ғылым мен философия дүниеге келіп, адам айнала 
қоршаған ортаны шығармашылық іс-әрекеттері арқылы өз өміріне 
лайықты қылып қайта өзгертеді. Маркстік философия сана мен рухты 
материалдық болмыстан шығарғанмен, олардың салыстырмалы 
дербестігін, тәуелсіздігін, өзі туғызған материалдық дүниеге қайта 
әсерін тигізетінін мойындайды.
Қорыта келе айтайын дегеніміз, материализм мен идеализмнің 
екеуі де өз дамыған формаларында реализм бағытына толығынан 
қосылмағанмен, жақындай түседі. 


436
Енді реализмге келер болсақ, бұл бағыт Шындықтың екі жағын 
да толығынан мойындап, я болмаса оларды Болмыстың құндылығы 
жағынан тең екі жағы ретінде түсінеді. Олай болса, бұл бағыт материа-
лизм мен идеализмнің біржақтылығын мойындамайды.
Философия тарихында алғашқы реалистік жүйе жасаған «бірінші 
мұғалім» Аристотель болған-ды. Ол грек философиясының натур-
философиясындағы негізгі жетістіктерді Платонның идеалистік идея-
ларымен ұштастырып, «материя» мен «форманың» екеуінің де 
теңқұндылықтығын айтады. Оның формуласы – «материясыз форма, 
формасыз материя жоқ». Бұл формуланы нақтылай келе, материяны 
«мүмкіндік» (dynamіs), форманы «шындық» (energeіa), іске асушылық 
ретінде түсінеді. Форма мақсатқа лайықтылық арқылы өмірге енеді. 
Оны ол энтелехия, яғни рухани күш ретінде қарайды, бұл жағынан ол 
Платонның «эйдостарына» жақын. Бірақ Платонның идеялары ерекше 
әлемді құрайтын болса, Аристотельдің рухани күштері материямен 
бірге берілген. Өйткені Шындық материя мен форманың бірлігінен 
туады, соның негізінде жеке заттар мен құбылыстар өмір сүреді. 
Жоғарыдағы көзқарас «жан-дүние» санатын талдауға да үлкен 
жаңалық енгізеді. Ол Платонның философиясына сәйкес «сезімдік» 
өтпелі дүние мен «эйдос әлемі» екі ортасындағы дәнекер емес, ол – 
белсенді рухани өмірлік күш-қуат. 
Реализм өзінің жалғасын Орта ғасырлардағы схоластика ағымында 
тапты. Бірақ олар рухани күштің басымдылығын Құдай идеясынан 
іздеді.
Жаңа дәуірдегі Декарттың философиясында реализм бағыты ашық 
дуализмге айналады. Өйткен себебі, Декарт бір-біріне тәуелсіз екі 
субстанцияны – дене мен жанды мойындайды. Мұндай қайшылықты 
шешу жолында ол оларды бір-бірімен біріктіретін Құдайды мойындауға 
мәжбүр болды. Құдай – мәңгілік абсолютті субстанция, ал дене мен 
жан субстанцияларына келсек, оларды жаратқан – Құдайдың Өзі.
Декарттың философиясын қанағат тұтпай, голландык ойшыл 
Б.Спиноза монистік реализм бағытын тудырады. Оның ойынша, бір 
ғана субстанция бар – ол Құдай немесе Табиғат – шексіз субстан-
ция. Ал дене мен жанға келер болсақ, олар осы субстанцияның негізгі 
атрибуттары, яғни қасиеттері. Сөйтіп, тағы да Аристотельге қайтып 
оралғандай болдық. Бірақ «материя» мен «форманың» орнына «созылу» 
мен «ойлау» принциптері келеді. Осындай көзқарасқа сәйкес, енді мате-
рия мен формадан тұратын жеке зат субстанция емес, ол – жоғарыдағы 
шексіз қасиеттердің шектелген көрінісі – модустары ғана. Өйткені 
созылған заттың шегі бар, ол – кеңістіктің шектелуі деген сөз, қабылдау 
болғаннан кейін, ойлаудың да шектелуіне әкеледі.


437
Сонымен, реализм бағытында пайда болған «материя мен форма» 
санаттары, «дене мен жанға», соңында «созылу мен ойлауға» ауысты.
ХХ ғ. ұлы философы П.Т. де Шарденді де реалистік бағыттың үлкен 
тұлғасы ретінде қарауға болады. Оның ойынша, жаратылған дүниенің 
екі күш-қуаты бар: бір жағынан, ол тангенциалдық, яғни физикалық 
энергия болса, екінші – осы дүниені біріктіріп даму жолына итеретін 
радиалдық, яғни психикалық, рухани күш. Адамзат тарихының 
дүниеге келген сатысынан бастап радиалдық рухани күш толығынан 
ашылып, адамның саналы іс-әрекеті арқылы Жаратылған дүниені ары 
қарай жетілдіріп, болашақта Жер бетінде ноосфераның қалыптасуына 
әкеледі – дейді ұлы ойшыл (қараңыз: П.Т. де Шарден. Феномен чело-
века. М., Прогресс, 1988 ж.)
Қорыта келе, реализм бағытының бүгінгі таңдағы философиядағы 
болашағының басымырақ екенін айтқан жөн.
Енді «материя» мен «рух» туралы қазіргі ғылымдағы тұжырымдарға 
тоқталған жөн сияқты.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   371   372   373   374   375   376   377   378   ...   521




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет