Сал-серілердің жеке тағдырына әсер еткен әлеуметтік
мәселелер ме, әлде ғашықтық па?
Сал-серілер — елдің өнері мен мәдениетінің көшбасшысы. Себебі тағдырлары халықпен етене байланысқан елдің еркесі, ойын-сауығының берекесі болды.
Сал-серілердің жеке тағдырына әсер еткен әлеуметтік мәселелер ме, әлде ғашықтық па? Халықтың мұң-мұқтажы, әлеуметтік теңсіздігі сал-серілердің жеке тағдырына тікелей әсер еткен деуге болады. Серілер – қоғамдық сананың, халықтық ойдың көрсеткіші болды.
Бұлай айтуға бір себеп, атақты Ақан серінің әндерінде қоғамдық өмірдің әлеуметтік мәселелері, ел билеген әкімдердің озбырлық әрекеттері шебер бейнеленеді. Әсіресе «Нұртазаға», «Шоғырмаққа», «Парашыл оязной», «Бір болысқа» тағы басқа өлеңдері қазақ арасындағы болыстық билікті сынауға арналады. Ол қоғам өмірі туралы терең толғанып, езілген елмен бірге күңіренеді. Өзінің «Заманға қарап», «Халқым сенген», «Асыл мен жасық» тағы басқа өлеңдерінің әлеуметтік мәні зор. Аталған туындыларда ақынның саяси-әлеуметтік қоғамдық көзқарасы анық байқалады. Азаттықтың тура жолын, өнер- білім мен жастар еркіндігін, махаббат азаттығын көкседі. Мұндай мысалдарды Біржан сал, Жаяу Мұса, Сегіз сері, Нияз сері т.т.б. шығармаларыан да көптеп кездестіре аламыз.
Ал сал-серілердің өмірінде махаббат машахаты орын алмады десем, қателескен болар едім. Ғашықтық, ынтызарлық әр адам бойында болатын табиғи сезім. Ғалым Ә. Марғұланның айтуынша, Дәурен Құдабайұлы айтулы сал болған кісі. Салдық құрып жүріп, жас күнінде шапырашты елінің сұлу қызына бәйек болып, оны алады. Бірақ, қыз келіншек болып, дүниеден ерте кетеді. Сөйтіп алған келіншегі қайтыс болса да, жас жігіт Дәурен сал одан кейін әйел алмауды өзіне ант етіп қояды. Бұл махаббат жолын қуған салдардың бір өзгеше қасиеті болатын. Тарихты сөйлететін болсақ, Ақан сері - Ақтоқты, Біржан сал - Ләйлім арасындағы махаббаттың шынайылығы аңызға айналғандығын білеміз.
Қорыта айтсақ, сал-серілік мәдени ғана емес, әлеуметтік-қоғамдық құбылыс ретінде әдебиетімізде алар орны ерекше. Бірақ, өкінішке қарай, бізге беймәлім сал мен серілердің әлі зерттеуді қажет ететіндігі жасырын емес. Бүгінгі ұрпақ бір бойында ақындық, күйшілік, әншілік өнері бар ерекше дарын иелерінің шығармашылығымен және өмірімен толық таныс емес, олар туралы зерттеп, зерделеп мәңгі өшпестей із қалдырғанымыз абзал.
Лермонтов атындағы №17 жалпы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғаліміАйтаева М.М.
Достарыңызбен бөлісу: |