М.Б.ИСКАКОВА, С.М. АБЫЛАЙХАН, С.А. КЕҢЕСБЕКОВА
Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің аға оқытушылары
«Серпін – 2050» әлеуметтік оқыту бағдарламасымен түскен студенттердің жағдайы
Серпін (Серпін-2050) — "Мәңгілік ел жастары - индустрияға" бағдарламасы аясында 2014 жылы кадр тапшылығын жою және жастарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында тікелей мемлекет тапсырысы бойынша жүзеге асырыла бастаған әлеуметтік жоба негізінде биылғы 2015-2016, 2016-2017 оқу жылдарында академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің «Мектепке дейінгі және психологиялық-педагогикалық даярлық» түлек шығарушы кафедрасы 5В010100–«Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», 5В010300–«Педагогика және психология» мамандықтарына студент жастарды қабылдады.
Қазақстанның оңтүстік аймақтарынан келген 1, 2 курс студенттеріне орталық қазақстандық мәдениетке бейімделу, университетіміздің ішкі тәртібіне бағыну қиындық тудырған жоқ. Студент-жастармен оқыту және тәрбиелеу жұмыстары кафедраның профессор-оқытушылар тарапынан өз деңгейінде жүргізіліп жатыр. Біз ғылыми мақаламызда студенттік ұжымның қалыптасуы мәсесін қарастырмақшымыз. Біздің көзқарасымызша жоғарыда атап көрсеткен оқу топтарының «студенттік ұжым» ретінде қалыптасуы олардың білікті де, білімді маман болуыларына жағдай туғызады.
Жалпылай алғанда біздің биылғы оқу жылында қабылдаған студенттеріміздің ерекшеліктері өзге облыстардан келгендіктері ғана емес. Қазіргі біз өмір сүріп отырған қоғам адамдардың мүлде жаңа типте болғанын қажет етеді. Әр адам өзгермелі жағдайға тез бейімделіп, кез келген ортада өмір сүріп кете алатындай болуы, нарықтық экономика жағдайына бағдарланып отыруы, үнемі дене, рухани, интеллектуальды даму үстінде болуы шарт. Студенттік өмір Қазақстанның болашағын экономикалық, рухани, саяси тұрғыдан өзгеруіне септігін тигізетін интеллектуальды, шығармашыл, прогрессшіл жастардың ортасы. «Студент» термині латын тілінен қазақшаға аударғанда жұмыс істеуші, білім игеруші деген мағынаны білдіреді. Б.Г. Ананьевтің айтуынша студенттік өмір әлеуметтік дамудың сенситивті кезеңі болып саналады [1]. Жоғары білім алу адам психикасының өзгеруіне қатты ықпал етеді. Жағымды психологиялық орта болған жағдайда жоғарғы оқу орынында білім алу уақыты аралығында студент жан-жақты дамиды. Олар адамның ақыл-ой деңгейлерін мөлшерлей алады, өзіндік ойлау жүйесі дамып, кез келген мәселеге қатысты өзіндік пікірі қалыптасады.
Студенттік өмірге кірігудің алғашқы шарты бір мақсатқа, бір мүддеге бағытталған ұжымның қалыптасуы болып саналады. Қалыптасқан студенттік ұжым заманауи оқу іс-әрекетінің жүзеге асуының кепілі бола алады.
Студентті ұжымға тарту, ұжымдық қарым-қатынасқа түсіру оңай емес. Ең алдымен әр студенттің тұлға екенін ескеруіміз қажет. Студенттер ұжымға әр түрлі болып кіреді, жас және дербес ерекшеліктеріне орай түрлі реакциялар туғызады, кейде ұжымға кері әсерін тигізуі де мүмкін. Солай бола тұрса да, әр студент ұжымда өз орнын табуға тырысады. Бірақ, кейбір объективті немесе субъективті себептердің әсерінен барлық студент өздегеніне жете бермейді. Әсіресе, замандастырың өзіне деген жылы қарым-қатынасын бағалай алмайтын, өзін-өзі тануы мен бағалауы төмен студенттерге бұл қиын соғады. Осы және басқа да нюанстарды ескере отырып, ұжым қалыптасуына педагогтардың ықпалы мол екенін айтпақпыз. Ұжым – динамикалық жүйе болғандықтан ол үнемі дамып, өзгеріп, кемелденіп отырады. Сол себепті топ кураторлары мен пән оқытушылары қарым – қатынас және әсер ету жобаларын жиі өзгертіп отырғандары дұрыс.
Студенттік топтың ұжым болып қалыптасуы студенттердің оқу-танымдық іс-әрекеттерінің дұрыс ұйымдастырылуына; топтың іс-әрекет бағдарламасы мен міндеттерінің болуына, топ ішінде пайда болған шағын топтар ерекшеліктеріне, «педагог-студент», «студент-студент» тұлғааралық қарым-қатынас жүйесінде тәжірбелі педагогтардың, жетекшілердің болуына байланысты. Топ мүшелерінің өзара қарым-қатынасы «педагог-студент» жүйесіндегі педагогикалық қарым-қатынас ерекшеліктеріне тәуелді.
Кез келген қауымдастықтағы сияқты студенттік ұжымда да түрлі қарым-қатынас түрі болады. Психология ғылымы қарым-қатынасты адамдар арасында пайда болатын қоғамдық және жекетұлғалық қарым-қатынас деп бөліп көрсетеді. Қоғамдық қарым-қатынас дегеніміз – әлеуметтік топтардың бір-бірімен экономикалық, саяси сипаттағы қарым-қатынасы. Қарым-қатынастың бұр түрінде адамдар қиындықтарға ұшырай қоймайды, топтың субъектісі ретінде көрініп, топ қызығушылығын қорғайды. Қоғамдық қарым-қатынас симпатия немесе антипатия негізінде құрылмайды, белгілі бір жағдайға байланысты жүзеге асады. Қоғамдық қарым-қатынастың жекелеген сәттері тұлғааралық қарым–қатынастан тұрады. Тұлғалық қарым– қатынастың негізгі спецификалық белгісі – эмоция. Студенттер бір-біріне деген жағымды немесе жағымсыз пікірлерін көп жағдайда ым, ишара, эмоциясы арқылы береді. Сондықтан, тұлғааралық қарым-қатынасты ұжымның психологиялық климатының бірден бір факторы ретінде қарастыруға болады. Адамдар арасындағы қарым-қатынас сезім негізінде пайда болады. Студенттік ұжымдағы тұлғааралық қарым-қатынас та олардың бір-бірлеріне алаңдаулары, бір-біріне моральдық тұрғыда көмек көрсетулері негізінде көрінеді және дамиды. Студенттік ұжымның эмоциональды-психологиялық климатын қалай анықтауға болады? Көптеген зерттеушілер ұжым бірлігін эмоциялық қарым-қатынасты анықтау арқылы білуге болады дейді. Бұл үшін ұжым мүшелерінің эмоциональды тартымдылықтарын зерттеп білу қажет. Эмоциональдық тартымдылық деп отырғанымыз – топ мүшелерінің бір-біріне ұнау мөлшері, яғни топ мүшелері неғұрлым бірін-бірі ұнатса, соғұрлым ұжым бірлігі берік болмақ. Ұжымды көп жағдайда бақылау, әңгімелесу, сауалнама алу әдісі арқылы зерттейді.
Студенттік ұжымды басқару оның қалыптасу деңгейіне орай түрлі әдіс-тәсіл қолдану арқылы жүзеге асады. Студенттік ұжымды басқару үшін оның қалыптасу кезеңін білу қажет. Біз мұны А.С. Макаренко теориясына сүйене отырып, жүйеледік:
1. Топты ұйымдастыру, топ белсенділерін анықтау. Топ кураторы студенттердің жеке бас қызығушылықтарын анықтай отырып, олардың топтағы қызметін белгілеуі керек және қолдау көрсетіп отыруды естен шығармағаны дұрыс.
2. Бірте – бірте топтық жұмысқа барлық студентті тарту. Әрқайсына топ алдында жауапкершілік жүктеу. Оқытушылардың, деканаттың немесе тағы да басқа тұлғалардың берген тапсырмаларын орындауда көмек көрсету, қолдау.
3. Оқытушылар мен университет басшыларының студенттерге, ұжым бірлігіне сенім артуы. Олар студенттік ұжымның қалыптасқан салт-дәстүрін, әр түрлі мәселеге қатысты ұжым мүшелерінің көзқарастарын сыйлауы керек.
4. Студенттік ұжымның тәрбие субъектісіне айналуы. Оқытушылар, топ кураторы студенттік ұжымның алдына ортақ мақсат қойып, оған жету жолдарын табуды өздеріне қалдырады, бірақ бақылап, қажет болғанда кеңес беріп отырғаны дұрыс. Бұл кезеңде ұжым өз мүшелеріне жауапкершілікпен қарайды, белгілі бір деңгейде барлық студент ұжымға бағынады.
Студенттік ұжымның толыққанды қалыптасуы үшін төмендегі жұмыс түрлерін бірізділік принципі негізінде орындаудың мәні зор:
- Академиялық топ қалыптастыру кезінде ондағы адамдардың психологиялық тұрғыда бір-біріне сәйкес келулерін есепке алу;
- Оқу ғимаратының оқу әрекетіне қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталуы. Студенттерге оқудың мақсатын, мазмұнын, олардың міндеттері мен құқықтарын дұрыс түсіндіру. Бұл жұмыстардың ұжым бірлігінің нығаюына септігі тиетінін естен шығармағынымыз дұрыс.
- Саналылықты, шығармашылықты, достық қарым-қатынасты, гуманизмді дамыту.
- Топ мүшелерін белсендендіру, пайда болуы мүмкін конфликтілік жағдайларды ескерту, алдын алу шараларын жүргізу.
- Топ мүшелерімен бірігіп әрекеттесу. Мысалы, ғылыми конференцияға қатысу, концерт, мерекелік шаралар ұйымдастыру, даталы күндерді атап өту және т.б.
- Топтағы әр студенттің жалпы жағдайын жақсы білу және үнемі қадағалап отыру. Оларға қамқорлық таныту, тұрмыстық, жеке бас мәселелеріне белгілі бір деңгейде моральдық көмек көрсету.
Студенттік топтың ұжым болып қалыптасуы көптеген ғылыми, шығармашылық жетістіктерге қол жеткізу факторы болып табылады. Ұжым мүшелерінің кілең жастар екенін ескерсек, оның үстіне түрлі аймақтан келгенін есепке алсақ, әрине, топты ортақ іске жұмылдыру, ортақ көзқарас қалыптастыру оңай, үйренші іс болмақ емес. Бұл педагогтан кәсіби іскерлік пен дағдыны, кәсіби білімді, озық тәжірибені талап етеді.
Әдебиеттер
1. Андреева, Г.М. Социальная психология: Учеб. Пособие/ Г.М. Андреева.- 5-е изд. испр. и доп.- М.: Аспект Пресс, 2003.-344с.
2. Жантану атауларының түсіндірме сөздігі. — Алматы: "Сөздік-Словарь", 2006. – 384б.
3. Макаренко, А.С. Коллектив и воспитание личности/ [Сост. и автор вступ. ст., В.В. Кумарин].- Челябинск: Юж.-Урал. кн. изд-во, 1988-261с.
4. А.В. Петровский, М.Г. Ярошевский. Психология. –М.: Академия, 2002.- 512 с.
Достарыңызбен бөлісу: |