Ш. А. Шортанбаев



Дата04.08.2017
өлшемі160,5 Kb.
#22730
Ш. А. Шортанбаев

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы

Алматы, Қазақстан

shokhan.shortanbaev@gmail.com


Шернияз – ерлік пен елдіктің ұраншысы
Асылы, көркем әдебиеттің дамып, қалыптасуына тарихи-әлеуметтік жағдайлардың ықпалы зор.

ХIХ ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ қоғамында да күрделі өзгерістер орын алғаны тарихтан белгілі. Ресей патшалығының және Қоқан хандығының, Хиуа бектерінің елді отарлау саясаты халықты ашындырғаны анық. Ел билеушілерінің де қысымы, көрсеткен зәбірі де ұшыққан кезең еді.

Осы жайттың әдебиетке елеулі әсері болды. Осы тұста өмір сүрген ел ақындары әкімшіл-әміршіл жүйені сынап, билеушілердің қылығын батыл әшкерелеп отырды. Олардың шығармаларында әділетсіздікке қарсы үн көрсету, бостандыққа шақыру идеялары батыл көріне бастады. Ел билеушілерін жөнсіз мақтап-мадақтау азайып, ұнамсыз әрекеттері шенелді. Елдің мұңы, аңсары ашық айтылып, тәуелсіздік, бостандық ұраны ашықбой көтеріп, ел қамын жеген ерлердің ерлік ісі дәріптелу жағы басым түсіп жатты.

Ұлт әдебиеті өркендеп, мазмұн, жанр, түр жағынан дами бастады. Бұрыңғы бай дәстүрлер қайта жанданып, жаңғыртылып, әдебиет дамудың даңғыл жолына түскенін байқаймыз.

Дегенмен, он тоғызыншы ғасырдың алғашқы жартысында қазақ даласына дендеп кірген отаршылдықтың, өктемдіктің ызғары халық наразылығын күшейтіп, ұлт ақындарының намысын қоздырды. Езгіге түскен ел-жұртының қамын жеген сөз өнері иелері өз өлең-толғауларында заманның қайғы-қасіретін, мұң-шерін, арман-тілегін жырлады. «Зар заман ақындары» деген атауға ие болған бұл топтың ішінде Шернияз Жарылғасұлының да аты аталады.

Шернияз Жарылғасұлы – ХIХ ғасырда өмір сүрген қазақтың арқалы ақындарының бірі. Ақтөбе облысы, Ойыл ауданында 1807 жылы дүниеге келіп, алпыс жыл өмір сүріп, өмірден өткен. Исатай-Махамбет бастаған шаруалар көтерілісіне белсене қатысып, оның жалынды жыршысына айналған. Исатай мен Махамбеттің айнымас досы, серігі болған. Ол қазақтың ежелден келе жатқан суырыпсалмалық өнерін мейлінше жетілдіруге, кемелдендіруге зор үлес қосқан ақын ретінде де ерекшеленеді. Он бір буынды өлеңді де еркін, кең қолданған. Ақынның Баймағамбет сұлтанға айтқан өлеңдері бұл сөзімізге дәлел бола алады.

Патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы күреске шыққан Исатай мен Махамбет бюстаған көтерілістің басы-қасында болған Шернияз өлеңдерінде ел басындағы зауалды күндер шынайы жырланады. Заманның сипатын дәл аңғарып, өткен күннің тұрлаулы шақтарын аңсады, жаңа күндерден үміттенді.

Шалқыған заман бар еді,

Іздегенің табылған.

Малдап есеп берген соң,

Шыр айналып жүрген соң,

Аузы ала алашым

Сол күндерді сағынған.

Ақын өлеңінен «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманның» өткеніне өкінетінін, түрлі алым-салықтың көбейіп, қолдағы малынан айрылғалы тұрған халқының алдағы өмірінен қауіптеніп, тыныш заманды, берекелі қоғамды аңсайтынын анық аңғарамыз.

Замана келді қырынан,

Қамыңды жер бұрыннан,

Бұрыңғы заман билерде

Азған бар ма еді, бұзылған?..

Ақын бодандыққа душар болған еліп ойлап қамығып, қиындыққа тап келген заманын күстаналайды. Бұрынғы ел билеушілерінің дәл осы күнгідей жебір, залым болмағанын, халықты аздырып-тоздырмағанын емірене еске алып, бұндай нәубеттен құтылар күнді аңсайды. Осы сарындағы өлеңдеріне қарап, тексеріп, сараалай келе, Мұхтар Әуезовтің Шерниязды да зар заман ақындары қатарына телитіні тегіннен-тегін емес. М. Әуезов бұл кезең ақындары туралы: «Бұл дәуірдің әдебиеті сол кездегі жұмбақ күнге жеткен елдің алдында тұрған құздан, алдында тұрған қайғылы күннен қорқып, қобалжып тұрып, ыңыранып, күрсінген күйін білдіреді. Не босла да артқа қайтар күн жоқ. Өлімге кетсе де алға кететін болған соң артқы бостандық, бірлік күшіне қоштасқан мезгілі», [1, ... ] – деп атап көрсетеді.

Заманның халін, күйін айтқан Шернияздың шығармалары идеялық-көркемдік ерекшеліктерімен, саяси-әлеуметтік сипатымен қазақ әдебиетінің рухани қазынасын байытуға үлес қосты. Отаршылдық езгіні сынады, халықтың қасіретін шын ұғып, шынайы жырлады. Елі үшін ерлік іс атқарған Исатай, Махамбеттей ерлердің әрекетін құптап, ісімен де, өлеңімен де жігерлендірді. Халқының саят-санасын, әдет-ғұрпын, баянды күндерін жырлады. Елінің ертеңгі күніне үмыт артып, келешегінің кемел болатынына сенді.

Шернияздың ата-тегіне, өскен ортасына ақындық мұрасына қатысты алғаш пікір білдіріп, орнықты ой айтқандардың бірі – Халел Досмұхамедұлы. Ғалым зерттеулерінде өзге де ақындармен қатар Шернияз есімі ілтипатпен аталып, оның өлең өнеріне, өріміне қосқан үлесін әдеби тұрғыдан талдап, зерделейді. «Шернияздың әзілқойлығы, біреудің міні табуға, не көзге мақтай қоюға шеберлігі, қысылған жерде сөз тапқырлығы, күлдіргі сөзге ұсталығы таңданарлық нәрсе», [2, ...] – деп, оның бойындағы қасиеттерді тізбелеп, ақындық, адамдық болмыс-бітімін ерекшелеп көрсетуге тырысады. Аттарын атауға тиым салынған зар заман ақындарының әдебиет тарихындағы алар орнын бағамдап, кейінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге көрсетіп, еңбектерін ыждаһаттап жинап, бастырып, жариялауда зор еңбек атқарған Халел Шернияздың Истатайдың қасына еріп, қазақты қорғауға бас болғанын, тапқыр, сөзге жаңылмайтын, сөзге жүйрік шешен болғанын да айтып, жазып қалдырған. Амалсыздан Баймағамбеттің сөзін сөйлегенін, реті келгенде, оны аямай зәрлі тілмен талай шаққанын да біз алғаш Халел еңбектері арқылы халық арасына таралғанын білеміз. Шернияздың Баймағамбет сұлтанға айтты дейтін әйгілі сөздері, арнаулары да әдебиетші ғалымның назарынан тыс қалмай, көпшілік назарына ұсынылып, сұлтан мен ақын арақатынасының, шиеленістің неден бастау алып, қай бағытта өрбитінін де алғаш болып, тарамдатып, таратып айтқан Халел Досмұхамедұлы болатын. Шернияз шығармашылығы туралы әр кезде С. Мұқановтың, Қ. Жұмалиевтің, Х. Сүйіншәлиевтың, Б. Аманшиннің, Қ. Мәдібайдың т.б. зерттеулерінде жарияланды. Өлеңдері жиналып, толықтырылып, өңделіп, қайта басылды.

Шернияз Жарылғасұлының шығармалары әдебиет тарихында өзіндік орны бар, шынай, өткір туындылары ел арасында ерте жайылып, халқының жүрегінен орын алғанын айтуға тиіспіз. Тауып айтуға шебер, сөзді ойнатуға құмбыл, тайсалмай сөйлейтін шешен болғаны ақын атын ерте танытып, атағын алаш жұртына жайғаны мәлім. Тіл қолданысындағы өзіне тән ерекшелік, өлең өріміндегі, құрылымындағы өзгешелік, стильдік, көркемдік ерекшелік Шернияз өлеңін өзгелерден айрықшалап, өзіндік үнін айқын аңғартатынын алаш әдебиеттанушыларынан бастап айтып келе жатыр. Әдебиеттегі арнау өлеңдерді, сатира дәстүрін де кеңінен дамытқанын, сарай ақыны емес, халықшыл бағытта ұстанғанын да ұмытпауымыз керек.

Ия, шыныда, Шернияз өзіне дейінгі әдеби дәстүр үлгілерін мансұқтаған жоқ, оны тиісінше игеріп, меңгеріп, өлеңдеріне халықтық сипат, ұлттық рух дарыта алды. Жай, жалаң ұрандамай, бостандықты, ерлікті жырлауда ерекше үн қатып, дидактикалық сарынды азаматтық, реалистік сипатқа ауыстыра алды.

«Махамбет, Шернияз өлеңдерінің идеялық мазмұны хан, сұлтан, би-феодалдардың халықты езіп отырғандығын әшкерелеуге, халықты соларға қарсы күреске үндеуге арналса, олардың қолданған сөз образдары поэтик тілін, жалпы сөздіктерінің халық көпшілігіне түсініктілігін керек етті. Олар өздерінің мағынасы тұжырымды, дәл, анық және образдарының өмір шындығынан алынуына, жұртшылыққа мейлінше түсінікті болуына алдымен көңіл бөлді». [3, 278 б.].


Қара халықтың күйін көріп, сезіп өскен Шернияз есейе келе, ат жалын тартып мінген азамат шағында бұл қатердің, қауіптің күшейе түскенін бағамдады. Отаршылдық қамыттың қыспағына ілінген халқының тағдыры іштегі шерін қозғады. Көрші елдердің қысымына өз еліндегі сұлтан-билердің әпербақандығы қосылды. Жан-жақты талауға, қинауға түскен халықтың ашу-ызасы, кегі мен жанайқайы тыныш отырғызбай, қара халықпен бірге қолына қару алғызды. Зұлымдыққа, озбырлыққа қарсы шығып, қолынан келгенінше айтысты, айқасты. Жанын жегідей жеген жағдайлар Шернияз өлеңінен шиыршық ата жырланып, қамкөңіл ақын шерлі көңілдің қайғысын өлеңмен тарқатты. Осы тұста қазақ поэзиясында бой көрсеткен күресшіл, төңкерісшіл рух елге серпін әкеліп, әдебиетке өршіл сарын дарытты. Бұрыңғы поэзия үлгілерін малданып қана қоймай, жаңашылдық сипаты басым өлең үліглері өмірге келді. Өршіл пафосқа, ерлік рухқа толы Махамбет поэзиясының әсері Шерниязда анық байқалды. Қысастық көрген халқының мұндай жағдайға жетуіне би-сұлтандарды кінәлі санады. Олардың аяр, екі жүзді қалпын аяусыз әшкереледі. Ел мүддесіне адалдық танытпаған ессіздігін, намыссыздығын бетіне басты. Халық шерін алдыңғы кезекке шығарып, бостандыққа жетер, тәуелсіз ел болар күнге жеткізуді армандады.

Заманы арқалатқан жүктің ауырлығын, жауапкершілігін айқын сезініп, еркіндік үшін алысуға, бостандық үшін күресуге басын бәйгеге тікті. Ерлікті дәріптеді, ерлердің ісін үлгі етті. Бұрынғы өткен дәуірдегі тыныштықты аңсады, келер замандағы бостандық күніне тезірек жетуді қалап, өлеңдеріне қосты. Ол өлеңдер өзгеше өріммен өріліп, жеке бастың халін көрсету деңгейінен шырқай көтеріліп, елдік мүдде, халықтың сипат баса айтылды. Шернияздың шерлі өлеңінен халықтың мұңы көрінді, арман-тілегі айтылды.

Жұрт теңгеріп тұруға,

Әділ төре, хан керек;

Ханның көркін сұрасаң,

Қара орман ел керек.

Ел ішінің алатайдай бүлінгеніне алаңдап, ел-жұртын уысында ұстайтын, ішкі-сыртқы дұшпанға алдырмайтын басшының осалдығына күйініп, жұртты теңгеріп ұстап тұруға әділ төре, адал хан керек деп есептейді. Сонда ғана қараормандай халқының берекесі кіреді, іргелі ел бола алады дегенді меңзейді.

Жұр жабылып ішетін,

Айдын-шалқан көл керек;

Ел үстіне жау келсе,

Көк бөрідей ер керек, -

деп ежелге жыраулық поэзия дәстүріне салып төкпелегенмен, ақынның ойы анық, айтары айқын.

«Өйткені, олар (билеушілер) – өз сүйіктестерінің ар-абыройын, жер жайлауын, мүлік-мүкәмалын малға, мансапқа аяусыз сатушылар. Махамбеттің «қабырғасын бір-бірлеп сөксе де, қабағын шытпас» қайсар, қайтпас ымырасыздығының бір түйткілі осында. Хан – әділетсіз, би – жалақор тұста ол жалғыз нәрсені – «бір бойында бес еркектің буы бар», «елге етене батырлықты ғана марапаттауға мәжбүр» [4, 100 б.].
Ата-бабадан мирас болып келе жатқан жазиралы өлкені, айдын-шалқар көлді, көкорай белді, кең сахараны сақтап қалуға, болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдыруға тиіспіз, ал ол үшін, мынадай қиын-қыстау кезеңде көмекке келер, ел шетін жаудан қорғар ерлердің орны бөлек екенін, мұндай міндетті атқаруға бел шеше кіріскен Исатай, Махамбеттерге дем беріп, қолдау керек дегенді ашық айтады. Басыңнан ұшса дәулетің, айналып қайта оралмайтынын сезеді.

Көмексіз болса, ер жігіт,

Жалғыз теңдік таба алмас.

Жалғыздың ісі оңалмас,

Көптің ісі жоғалмас,-

деп жырлаған ақынның айтар ойы анық та қанық. Жауға жалғыз шабатын көзсіз батырлардың заманы өткенін, бірігіп қана жауды жеңуге болатын меңзеп, ел азаматтарын ерлік іс қылуға, көп болып, жұмылып, әрекет етуге шақырады. Исатай, Махамбеттердің аз, жалғыз екеніне алаңдап, тізе қосып ұмтылуға, кеңесіп, көп қол болуға үндейді. Елінің ертеңіне алаңдар, болашағына қам жер азаматтарды үлгі етіп, алаштың басын қосар күнді ойлайды. Ел бүтіндігін сақтауда, іргесін нықтауда ерлердің ісі әрдайым көпке үлгі болатынын ескеріп, ел үмітін ақтар ерлердің орны бөлек екенін жырға қосады. Ел болып қалудың, ертеңгі ұрпаққа аманаттар жерге ие болудың көбіне-көп ер-азаматтарға байланысты екенін шынайы жеткізеді.



Халел Досмұхамедұлының жеткізуінде «Ордасын ажар ету үшін», Жәңгір маңайында батырлармен қатар, ақын-жыраулардың да көптеп болғанын, ал олардың өз кезегінде Орда маңын өлең-жырдан кенде қылмағанын, оның төңірегіндегілерді, хан-сұлтанды, би-бағланды, батырларды мақтап, кейде даттап өлеңге қосқанын аңғарамыз. Әрине, ол өлең-жырлардың көбі бізге жетпегені мәлім. Бізге жеткен деректерде Махамбет, Шернияз, Алмажандармен қатар Боран, Жанұзақ, Байтоқ, Ерубай т.б. жыраулардың есімдері аталады. Кейбірінің өлең жолдары бүгінге жеткен. Таптық көзқарасты сылтау етіп, шығармалары біржақты бағаланып келген өлеңдеріндегі заман сипатын, хан беделін, батыр бейнесін, халық танымын бүгінгі күн тұрғысынан зерделеп, көркемдік нәрі мен қоғамдық мәнін ашып көрсетуіміз қажет. Ығылман Шөрекұлының «Исатай-Махамбет» дастанында, Шернияз Жарылғасұлының өлең-жырларында Исатай, Махамбет бастаған шаруалар көтерілісінің жай-жапсары, барысы, қоғамдық өмір қатынасы, қайшылығы, батырлардың ерлік болмысы сөз етіледі. Жанұзақ жыраудың Жәңгір ханға Бөкей заманындағы қазақтың қонысы туралы айтқандарынан да замана лебі сезіледі, хан ықпалы, беделі де қоса қамтылып, хан мен қара арақатынасы айшықталады. Халел Досмұхамедұлының Исатай-Махамбет көтерілісіне арналған зерттеуінде қалың көпшілікке белгілі өлеңдермен қатар Байтоқ жыраудың Жәңгір ханды жоқтағаны, Ерубайдың Жәңгірге айтқаны деп келтіретін мәліметтерінен-ақ Жәңгірдің өз заманындағы бедел-дәрежесінен хабардар болып қана қоймай, көркем әдебиеттегі бейнесінің де алғашқы үлгілерінен де мағлұмат аламыз. Соның ішінде Махамбеттің, Шернияздың өлеңдерінен Жәңгір, Баймағамбет бастаған билік өкілдерімен қатар, батыр-бағландардың да аты аталады. Кейіпкерлерінің болмыс-бітімін, адами қасиетін, ерлік істерін, қиямпұрыс әрекеттерін салыстыра-салғастыра жырлайтын тұстарынан олардың шынайы қалпын, шын бейнесін танығандаймыз. Әсіресе, шешендігімен, айтқыштығымен танымал болған Шернияз Жарылғасұлының қос батырмен қарым-қатынасы ерекше болғанын, ердің ерлігін айтуға келгенде Баймағамбеттен ықпай, айтарын айтып қалғанын білеміз. Ерлерді елі сүйгенін, қадір тұтқанын, көтеріліс басып-жаншылса да, халықтың аңсар-үмітін, ертеңге деген сенімін жасыта алмағанын тілге тиек етіп, ел серкесіне балайды.

Сағынам ауызға алсам Исатайды,

Ер тумас ел бағына ондай жайлы,

Қарадан халқы сүйіп ханым деген,

Жігіт еді төрт тұрманы түгел сайлы.

Баһадүрлерге деген ел сүйіспеншілігінің айқын көрінісіндей «Ер еді, құтым еді, о, дариға-ай...», болмаса, «Па, шіркін, Исатайдай сабаз тумас», «Исатай - ел еркесі, ел серкесі, Ақ алмас, алтын сапты, қылышым-ай», - деп сүйсінуінен ақынның жеке басының ғана емес, қараорман халқының да ықылас-пейілін аңғарамыз. Азаматтық қалпын биік ұстай білген Шернияз ақынның жеке бас мүддесін көздемей, ер ісін бағалап, хан алдында қасқая тұрып мақтауы да кез-келгеннің қолынан келер шаруа емес екені анық. Исатай тұлғасы ақын жырлауында жан-жақты қамтылып, оның батырлығымен қоса ел бағына туған азаматтық қалпы, келісті мінезі, туған айдай нұрлы сипаты, туған халқына деген алғаусыз көңілі де шынайы бейнеленіп, біртұтас батыр кейпін ажарлауға септігін тигізіп тұр. Сонымен, ақын өлеңдерінде замана ерлерінің болмыс-бітімі айрықша суреттелген. Алмажан Азаматқызының «Жетім қыз» поэмасында ел билерінен зәбір көріп, Жәңгір ханға жете алмай, тауаны шағылып, пұшайман болған жетім қыздың заманға қарата айтқан зарынан ел билеушілерінің толыққанды бейнесі ашылмағанмен, Жәңгір заманының ызғарын сеземіз.

Ақын Баймағамбетке өз қайғысын айтқандай болып көрінгенмен, өлеңдерінде елдің үні, халықтың мүддесі басым түсіп жатады. Ел басындағы ауыр халді айтып қана қоймай, ел тарихының арғы кезеңдеріне де тоқталып, дәл осы күнгідей бүлінбегенін алға тартып, іріткі салуды қоймаса, ел ертеңінің бұлыңғыр екенін ашық айтып, бетіне басады.

Быт-шыт болып бөлінген қазақ жұрты,

Заманға ұшырадық «бұл күн»деген.

Төре кетіп, төбеде төбет қалып

Туып тұр ел басына «бұл күн» деген.

Ел басына түскен қайғы-қасіреттің салмағының қаншалықты ауыр екенін сездіріп тұр емес пе? Ата қоныстан, жайлы жерден айрылған елдің күні, ертеңі не болмақ? Тоз-тоз болып, тарыдай шашыраған ел-жұртының қамын кім ойламақ? Осындай ауыр сауалдар тек Шерниязды ғана емес, дүйім жұртты толғандыратыны анық.

Қазақтың қара жұртын быт-шыт қылған,

Төре емессің, төбетсің, дым білмеген, -

десе, Шернияздың бұл сөздерді тектен-текке айтпағаны. Сұлтанды итке теңеп, кіжінуі, қатынға теңеп, төмендетуі де ашынғаннан шыққан сөз. Ел ұстап, жұрт билейтін қылығының қалмағанын бетке айтудан тайсалмаған ақынның жеке бастың, сарайдың мүддесін көздеуден оқ бойы озық тұрғанын дәлелдеп тұрған жоқ па?!

Кешегі ел ұстаған ата-бабаларының аманатын аяқасты етіп, кең көшіп, ен жайлаған қалың қазақтың бүгінгі күніне жауапты екенін бетіне басып, «кеуірден түршіккен соң, толықсыған» қалпына риза еместігін шіміркпей айтқан Шернияздың ел еркесі ғана емес, серкесі бола алғанына да сенеміз.

«Байеке, күнім қайда баяғыдай, Байлардың шетке шықтым саяғындай», - деуінен-ақ, бұрынғы өмірді, ескі заманды аңсайтынын, тоқты қоздап, тай құлындап, бірі мың болып, ел қысы-жазы еркіндікте өмір сүріп жататын жайлы күндерден көз жазып қалғанына өкінетінін аңдатады.

«Баласы алты алаштың сізді тілеп,

Ақ патша шақырғанда дұға қылдық», -

деп емеурінін ашық білдіреді. Ақын арманы – бар байлығынан, жерінен, малынан айрылғалы отырған халқын қайткен күнде отаршылдық езгіден аман сақтап қалу. Құт мекеннен, ен қоныстан айрылудың қандай екенін тұспалдап, етек-жеңді жиюға, бірлікке, ынтымаққа шақырады. Ата-бабадан жеткен аманатты болашақ ұрпаққа табыстаудың қаншалықты маңызды екенін түсінеді. Ел болып өмір сүрудің қамын ерте ойлаған бұрыңғы би, хандардың, сұлтандардың өмірін, ұстанымын үлгі етіп, олардыңаманатын ертеңге шашау шығармай жеткізудің қажет екенін батыл айтып, бас имей, қасқайып өткен ақынның айтқаны көп, айтары мол еді.

«Поэзияда оқушыны сүйсіндіретін өзгешелік саяси бағытының айқындығы, көркемдік бояуының ашықтығы, сұлулығы. Поэманы оқи отырып, Шернияздың бөгетсіз ақындығына, бұлақтай тасыған пікірін тамаша тапқырлықпен, аса көркем сөзбен беруіне мейірің қана сүйсінесің» [5, 172 б.].

Осынау аласапыран шақта ақын өткенін ойлап мұңаяды. Қас дұшпанға қарсы тұрып, ерлік көрсеткен батырларын еске алады. Елін жауға бермей, халқын қалқан болып қорғаған хан, билерін сағынады.

Не жайсаңдар өтпеген,

Озған жүйрік тобынан.

Неше шешен ақындар,

Жау жүректі батырлар,

Жас басынан қағынған.

Шалқыған заман бар еді,

Іздегенің табылған...

Ақынның өткенді аңсауы тек торығу ғана емес, бабалар даңқын жоғары көтеру, еске алу арқылы қайта тіктелу, ширығу сипатында көрінеді. Ел тыныштығын бұзғандардың ісінен түңіліп, ертеде өткен жақсы мен жайсаңдардың өнегелі ісін жалғастырар, үмітін ертеңге жалғар ер-азаматтардың рухын көтеру, батырлық, ерлік қарекеттерін дәріптеу т.с.с. болатын ақын арманы. Елін сақтар ерлерді үлгі ете отырып, олардың ерлік ісін жалғастырар ұрпаққа ұран тастау, ерлік күрес пен елдік мүддені ту етер ұландарды бостандық үшін, тәуелсіздік үшін күреске шақыру, рухын ояту, намысын жану болатын. Осы аңсау арқылы халықтың шерін қозғау, ертеңнен үміт үзбеуді шақыруды ойлаған Шернияз ақынның арманы асқақ, ұстанған бағыты айқын екенін байқаймыз.

Ақынның Қазы биге арналған арнау өлеңінде заман шындығының көрініс табатынын аңдау қиын емес. Елден кеткендегі ойы елден безу емес, ел билеушілерінің қыспағынан шыдамай, әділетсіздігіне күйінгеннен, амалсыздан барған қадам екенін айтады. Ата қоныстан, ел-жұртынан оқшауда болу ақын жүрегін жаралайды. Еліне деген ыстық сезімге толы өлеңдері дүниеге келеді.

Аса бір қорлық көрмесе,

Қонысын кісі қияр ма-ай?

Немесе:


Қимағаннан қонысты,

Қайтып саған келгенбіз,-

деген жолдардан ақынның туған жерге деген сағынышын аңғарамыз. Сыртта жүргенде елдің қадірі ерекше білінетінін аңдатып, елінен пана іздейді. Не көрсе де елімен, қараорман халқымен бір көруді құп көрген ақын келешектен үміт үзбейді.

Сабыр етсең азырақ,

Өлмеген құлға жаз болар,-

деп, өз-өзіне тоқтау салады. Келер ұрпақтың өз жерінде өгейсімей, шетқақпай көрмей өсуін тілейтінін аңдауға болады. Ел ішіндегі алауыздықты батыл әшкерелеп, өзі қудаланса да, келешектен үміт үзбей, ынтымаққа үндеп, іргесі берік, мұраты асыл мәңгілік елге айналуды аңсаған ақын арманының асқақтығына, биіктігіне риза болмасқа шара бар ма?

Елдің ауыр күйін, алмағайып шақты сөз еткен арнау өлеңдерінде ақын өз басындағы қайғыны айтудан гөрі ел басындағы қасіретті айтуынан оның ел мүддесіне келгенде бәрін ұмытатын азаматтық болмысын да байқатады.

Қос өкпемнен оқ тиді,

Ішім толған қара қан.

Ішімдегі дертімді,

Қозғайын деп барамын...

Исатайдың адал серігі бола жүріп, ерлік ісін, батырлық әрекетін үлгі тұтқан ақынның көтеріліс жеңілген соң өкініш-күйінішіне берілуі де өлеңдерінде аз кездеспейді. Торығу сәтінде туған өлеңдерінде шерлі ақыннның аузынан елдің қамы, елдің жайы жиі айтылып, бұрынғы жайсаң мен жақсының орнын басар ізбасардың қалмағаны, заманның опасыз халі, ел басқарушыларының оспадар қылығы, ел ішін жайлаған екіжүзділік пен алауыздық, сатқындық пен аярлық жиі айтылып, алмастай өткір тілмен, бейнелі сөзбен әдіптеліп, елдің көңілінен шыққан, айтар ойын дөп басқан көркем дүниелерге айналып, бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Халқы үшін басын бәйгеге тіккен Шернияз Жарылғасұлының шешендікке суарылған шерлі сөздері шерменде көңілге жұбаныш, жаралы да, назалы жанға домеу болғаны айқын.

Шернияз шырайлы, құнарлы тілмен замана шындығын жырлап, ел өткенін екшеп, болашағына көз тіккен ақын ретінде санамызға сіңіп, орнықты. Елдің тыныштығын ойлап, болашағының баянды болуына атсалысты. Өлеңдерінде туған елдің өткеніне, келешегіне деген көзқарасы анық танылып, өткенді үлгі тұтып, үлгілі жақтарын болашақ ұрпаққа аманаттады. Ұлттық рух пен намысқа қайралған поэзиясында ұлт өмірінің шынайы көрінісі бедерленіп, ұрпақтың тағылым алар тұсы анықталып, ой түйер, сабақ алар сәттері қаперімізге салынды. Ел бірлігі, ұлт тұтастығы дейтін құндылықтарымызды қасірелеуге, асыл қасиеттерімізді қастерлеуге үйретті. Ұлтымыздың бойынан кездесер кемшіліктер тізбеленіп, сараланып, болашаққа бірге барар, серік болар құндылықтарымызды сараптауға септігі тиетін өлеңдер қалдырды.

Ақын өлеңдерінің тағылымды, түйінді тұстарынан бүгінгі ұрпақ та рухани азық алып, байып, нәрленіп, келешекке күмәнсіз көз тіккенде қажетіне жарар рухани қазынамен толықты.

Шернияз ақын аңсаған, армандаған заманға, замана көшіне ілескен, Мәңгілік, біртұтас, мызғымас елге қызмет етуге ұмтылған ұрпақтың ұлы сапарында оның өлеңдерінің рухы желеп-жеберіне сенеміз.

Ерлік пен елдіктің туын биік көтеріп, ар-намыс пен адамшылықты жоғары бағалап, алауыздық пен екіжүзділікті мінеп-сынайтын ақын өлеңдеріндегі ой-арман «Мәңгілік ел» идеясы қамтитын бағытпен бағдарлас, мұраттас екендігіне сенгіміз келеді.


Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Әуезов М. Әдебиет тарихы. –Алматы: Санат, 1996.-240 бет.

  2. Досмұхамедұлы Х. Қазақ әдебиетінің бастаулары. –Алматы: Ана тілі, 1998.-256 бет.

  3. Жұмалиев Қ. Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері. – Орал: Ағартушы, 2010. – 436 бет.

  4. Шәріп А. Қазақ поэзиясы және ұлттық идея. – Алматы: Білім, 2001. – 336 бет.

  5. Мұқанов С. Қазақтың XVIII-XIX ғасырдағы әдебиеттің тарихынан очерктер. – Алматы, 2002. – 172 б.


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет