Сарбас жоңышқа (Medicago falcate L.) - көпжылдық бұршақ тұқымдас өсімдік. Сабағының биіктігі 45-60 см. Гүлшоғыры - шашақгүл, гүлі сары түсті. Жемісі орақ тәрізді бұршаққын.
Тамыр жүйесі жақсы дамыған. Сары жоңышқа орманды-далалық, шөлейт аймақтарда кең тараған. Қара және қою қара-қоңыр топырақты тыңайған жерлерде өсетін бірден-бір өсімдік түрі. Шөлейт жерлердің ойпаңдарында өседі. Өзен алқаптарының биік бедерлі жерлерінде кездеседі. Сарбас жоңышқаның өзен алқабында өсетін түршелері су астында жақсы сақталады, сол себепті оны өзен шалғындықтарын, көлтабандарды жақсартуға шөп қоспаларына қосып себуге перспективалы өсімдік. Сарбас жоңышқа құрғақшылыққа, қысқа төзімді, тұзданған жерге төзімділігі егістік жоңышқадан жоғары. Осындай ерекшеліктеріне байланысты оны келешекте мәдени егістіктерде кең пайдалануға болады. Қазіргі кезде сарбас жоңышқа жерсіндіріліп, сорттары шығарылған.
Сарбас жоңышқаның жайылымнан және пішенге орғаннан кейін алшынкөк беруі де егістік жоңышқаға қарағанда нашарлау. Бірақта жайылымға қарқынды пайдаланғанда зақым көрмейді. Көлтабандарды жақсартуға бағалы өсімдік.
Сұлу эспарцет(Onobrychis pulchella Schrenk) – біржылдық шөптесін өсімдік. Сабағының биіктігі 20-70 см, бұтақтануы, жапырақтануы орташа. Төменгі жапырақтарының ұзындығы 3-4 см, 2-3 жұп қауырсынды, ортаңғы және жоғарғы жапырақтарының ұзындығы 9-10 см 5-6 жұп қауырсынды. Гүлі қызғылт-күлгін түсті, жүйкелері сұрлау. Гүлденуі мамыр-маусым айларында, тұқымының пісуі шілде айында болады. Бағалы жайылымдық өсімдік, қоректілігі жоғары. Барлық мал түрлері сүйсініп жейді. Жақсы бал жинағыш өсімдік.