Құлмақ ұксас жоңышқа. Жоңышка дүние жүзіне кең тараған, ерте кезден пайдаланылып келе жатқан мал азықтық өсімдік. Оның кең көлемде өсірілетін түрлері көпжылдықтар: егістік жоңышқа, сары жоңышқа және буданды жоңышқа.
Соңғы уақытта жерсіндіріліп, мал азығына перспективті ретінде ұсынылғаны бидайықты жоңышқа, көкшіл жоңышқа және біржылдық-құлмақ ұқсас жоңышқа.
Құлмақ ұқсас жоңышқа табиғатта көпшілік жерлерде тараған. Экологиясы әртүрлі жерлерде-құрғақшылықты жерден ылғалды жерлерге дейін өсе береді. Өзен алқаптарында, жол бойларында өседі, кейбір кездері бақшаларда арамшөп ретінде де кездеседі.
Құлмақ ұқсас жоңышқа жоғары бағалы жайылымдық біржылдық өсімдік. Ол мал жайылымынан кейін тез өсіп алшын береді. Малдың аяғына төзімді, жайылымда күздің аяғына дейін өседі.
Және де бұл өсімдік өте бағалы сидерат (жасыл тыңайтқыш) - оның көк массасы топырақта тез шіріп қоректік затқа айналады.
Құлмақ ұқсас жоңышқаның аңыздық қалдықтарында азот көп кездеседі. Сол себепті ол дәнді дақылдарға жақсы алғы дақыл. Бұл дақылдардың көк балаусасынан тамаша, жоғары сапалы шөп ұнтағын жасауға болады. Сонымен қатар одан сапалы пішен, пішендеме дайындалады.
Құлмақ ұқсас жоңышқада протеин мөлшері 15,2-23,3, күл -6,1-12,2, май - 2,5-3,3, клетчатка - 21,0-30,1 және азотсыз экстрактивті зат - 28,9-45,2 %. Оның көк балаусасын барлық малдардың түрлері жейді. Әсіресе қара мал, қой-ешкі сүйсініп жейді. Бұл жоңышқаның желінуі мен қоректілігі бедеден, мүйізді лотустан және басқа бұршақ дақылдарынан жоғары.
Құлмақ ұқсас жоңышқа негізінен шөп қоспасында себілетін жайылымдық өсімдік. Оны таза өзін сепкенде өнімі көп болмайды, әр гектарынан 20-30 ц ғана пішен жиналады. Вегетация кезеңінде 2 рет қана шабылады.
Табиғатта бұл жоңышқа жақсы гүлдеп жоғары тұқым өнімін береді (2,5-3,0 ц/га). Ал мәдени егістігінде өсімдіктің шашақгүл салуы көп болмайды да тұқым өнімі әр гектардан 0,6-2,0 ц шамасында ғана болады.
Құлмақ ұқсас жоңышқа кіндік тамырлы, тамыршалары топырақ қабатында жан-жаққа жақсы дамыған өсімдік.
Сабағы жерге жапырылып жатып өседі, жіңішке, жақсы бұтақтанған, жақсы жапырақтанған. Сабағының биіктігі 60-70 см дейін өседі, ал күздік түрінікі-80-90 см дейін жетеді.
Жапырағы үштік, жапырақшалары ұсақ, ұзынша-ромбик тәріздес, жоғарғы жағы тісті. Жапырақ серігі қос-қостан, ұсақ, түсі сарғыш-жасыл.
Гүлінің күлтесі кішкентай (1-3 мм), сары, гүл тостағаншасы-түкті үшкір тісті, гүл сағағы қысқа. Гүлшоғыры - ұзынша жұмыртқа тәріздес, тығыз басты 10-30 гүлден құралады.
Бұршақбасы - бүйрек тәріздес, піскен кезде қара, бір тұқымды. Тұқымы сары-зәйтүн түсті, ұзынша-эллипске ұқсас. 1000 тұқымының массасы 1,1-1,г.
Бұл өсімдік жеңіл, қопсытылған топырақтарда жақсы өседі. Құлмақ ұқсас жоңышқа құрғақшылыққа, суыққа төзімді өсімдік. Айта кету керек, бұл өсімдік жаздың салқын ылғалды кездерінде және де ыстық құрғақ жылдарында да көк балаусасының өнімін төмендетпейді. Аурулармен, зиянкестермен зақымданбайды.
Құлмақ ұқсас жоңышқаны көбінесе көпжылдық шөптермен косып мәдени жайылымдар жасап, оны бірінші жылы пайдалануға болады. Оған ерте пісетін астық дақылдарын бүркеме дақыл ретінде алып себеді. Бұл жағдайда бүркеме дақылды жинап алғасын себілген жоңышқа мал жаюға пайдаланады.
Достарыңызбен бөлісу: |