Шалғындық ноғатық (Lathyeus peatensis L.) - көпжылдық ұзынтамырсабақты шөптесін өсімдік. Сабағы жіңішке, төртқырлы, биіктігі 40-110 см, жақсы бұтақтанған. Жапырақтары жұп кауырсынды, пішіні ұзынша-ланцетті. Гүлдерінің түсі ашық-сары. Батыс Қазақстанның барлық аудандарында ылғалды шалғындықтарда, орман алқаптарында, өзен алқаптарында кездеседі. Маусым-шілде айларында гүлдейді, шілде-тамыз айларында тұқымы піседі. Жақсы мал азықтық шөп, құрамында шикі протеин көп, клетчатка аз, жоғары қоректі, малдың барлық түрлері сүйсініп жейді. Жайылымда таза күйінде ащылау дәмінің салдарынан мал нашар жейді, ал, шөп қоспасында жақсы жейді. Ылғалды жерде жақсы дамып өседі, су астында шыдамдылығы орташа. Жайылымда мал тұяғына төзімсіз, шабындықта жақсы сақталады, жылына екі рет оруға болады. Егістікте 3-4-ші жылдары ғана толық өнім қалыптастырады, 10 жылға дейін сақталады. Дәрілік қасиеті бар.
Жалаң мия (Glycyrrhiza L.) - көпжылдық тамырсабақты бұршақ тұқымдас өсімдік. Сабағының биіктігі 40-150 см, жақсы бұтақтанған, жапырақтары 3-10 қос қауырсынды, ұзынша-жұмыртқа тәріздес. Гүлшоғыры - сирек шашақгүл, гүлінің түсі ақшыл-күлгін. Өзен алқаптарында, дала ойпаттарында шөл және шөлейт аймақтарының құмды жерлерінде көп тараған өсімдіктер қатарына жатады. Суармалы егістік танаптарында, тыңайған жерлерде арамшөп ретінде кездеседі. Көбінесе өзен алқаптарында қаулап өсіп шалғындықтың біраз жерін алып жатады.
Жалаң мия ерте көктемде көктеп дами бастайды, бірақ гүлденуі мен тұқымының пісуі қыркүйек айына дейін созылады. Жай болмаса пішенге орғаннан кейін жақсы алшынкөгін береді. Жалаң мияның сабақтары мен жапырақтарында айтарлықтай мөлшерде илік заттардың (танин) болуына байланысты оны малдар онша жеп оңбайды. Тек қана күзге қарай жайылымдар азайған кезде оның желінуі айтарлықтай. Көбінесе жалаң мияны түйелер мен қойлар жейді. Шанақтанған кезеңінде орылған және жақсы кептірілген пішенінің желінуі орташа. Қоректілігі жағынан жалаң мия мал азықтық сапасы орташа өсімдіктер қатарына жатады. Жалаң мияның мал организмінде қорытылу коэффициенті жағынан басқа бұршақ тұқымдасына қарағанда төмен. Басқа сүрлемдік өсімдіктермен қосып сүрлемге салуға болады. Әр гектардан пішенінің өнімі 10 ц-ден 40-50 ц-ге дейін жетеді.
Мия тамыр (Оралдық) - көпжылдық өсімдік. Сабағының биіктігі 110 см-ге дейін, жақсы бұтақтанған. Гүлшоғыры сиректеу шашақгүл, гүлінің түсі күлгін-ақшыл. Жапырақтары 4-8 қосқанатты, ұзындығы - 10-25 см, пішіні ұзынша эллипс тәрізді. Батыс Қазақстанның кебір топырақты шалғындықтарында кездеседі. Гүлденуі маусым-шілде, тұқым салуы шілде-тамыз айларында өтеді. Жалаң мияға қарағанда гүлшоғыры және гүлдері ірі, бұршаққыны шоғырланып жиырылған. Мал азықтық бағалылығы, өнімі жалаң миядай.
Таспашөп (Astragalys L.). Таспашөп туыстасы біржылдық және көпжылдық өсімдіктер, жартылай бұташықтар, кейде бұталар. Таспашөп облыстың барлық аудандарында өседі. Шабындықтар мен жайылымдарда өсімдік құрамында оның үлесі көп болмайды. Көпшілік түрлерінің дәмі ащылау немесе ащы келеді. Сол себепті жем-шөпте желінуі нашар. Желінбеуінің тағы бір себебі, оның қылқанды және түкті болып келуінде.