Шағын жинақты бастауыш мектепте қазақ тілі сабағында өзіндік жұмысты ұйымдастыру
Тоқмырзаева Г.Е.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің магистр-оқытушысы
В статье рассматриваются проблемы организации самостаятельной работы младших школьников малокомплектной школе
Білім беру жүйесінің қазіргі жағдайында шағын жинақты мектептердің рөлін, қызметін және даму болашағын қарастырудың маңызы зор. Республикада қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық жағдайлар, бала санының төмендігі шағын жинақты мектептердің өсуіне себепші болуда.
Ауылдағы шағын жинақты мектепте бала тұлғасы қалыптасуына ықпал ететін әлеуметтік айғақтар – ауыл мектебінің әлеуметтік-экономикалық және мәдени тұрмыстық ахуалы. Осыған байланысты ауыл мектебінің мұғалімінің негізгі мақсаты - өмір сүру қажеттілігіне сенімді жеке тұлғаны қалыптастыру. Яғни, оқушының туған жеріне деген адалды, қоршаған ортаға белсенді араласу, жалпы мәдени дамытып, білімге деген ынтасын арттыру, сөйлеу дағдысын жетілдіріп болашақта үлкен орта жағдайына бейімделу қабілетіне тәрбиелеу болып табылады.
Шағын жинақты бастауыш мектеп ерекшелігіне байланысты қалыпты мектептерде қолданылып жүрген сабақ түрлерінен басқа сабақ түрлері бар: бір пәндік, әр пәндік және бір тақырыптық сабақтар.
Бір пәндік сабақ дегеніміз - әр біріктірілген сыныптарда бір ғана қазақ тілі сабағын өткізу. Бұл сабақты өту кезінде мұғалім бір салада жұмыс істегендіктен, ол назарын бір сыныптан екінші сыныпқа оңай көшіруге септігін тигізеді.
Әр пәндік сабақтар дегеніміз - қазақ тілі сабағын басқа бастауыш сынып пәндерімен біріктіріп өткізуге болатын сабақтар. Кейбір әдіскерлер пәндерді екі топқа бөледі де, бірінші топқа математика, қазақ тілі, орыс тілі, еңбек, бейнелеу өнері, яғни өз бетімен жұмысты ұйымдастыруға үлкен мүмкіндіктері бар пәндерді, ал екінші топқа дүниетану, ана тілі, ән-күй, дене шынықтыру сабақтарын жатқызады. Сабақ кестесін құрастырған кезде бірінші топты екінші топ пәндерімен біріктіруге болады. Қазақ тілі мен математиканы оқытуда өзбетінше жұмыс істеуді кеңінен қолдануға болады, өйткені оқу, дұрыс жазу, санай білу және дұрыс есептей білу дағдысын дамыту көп жаттығу жұмыстарын жүргізуді талап етеді, бұлардың нәтижелі болуы көбінесе оқушылардың өздігінен жұмыс істей алу қабілетіне байланысты.
Ал екінші топқа жататын әдебиеттік оқу, дүниетану пәндері жөнінде іс басқаша. Бұл пәндерді оқыту балалардың сабақта өзбетінше жұмыс істеуін керек етпейді емес, қайта бұл пәндер бойынша оқушылардың білімін оқулық бойынша пысықтауды өте-мөте керек етеді. Бастауыш мектеп жасындағы балалармен аталмыш пәндерді оқытқан кезде мұғалімнің ауызекі әңгімесін, көрнекті құралдарды көрсетуін, т.б. басқаша айтқанда, балалармен тікелей жұмыс істеуді талап етеді.
Сабақ кестесін жасағанда 1-топпен 2-топты біріктіріп жасауға да болады. Қазақ тілі сабақтарында барлық сыныпқа ортақ сұрақтар беру, диктант, қызықты тапсырмалар, дидактикалық ойындар жүргізуге болады.
Бір тақырыптық сабақтар дегеніміз қатар өткізілетін сыныптарда мүмкіндігінше бірдей тақырыптарды таңдау қажет болатын сабақтар. Бір тақырыптық сабақтарда оқушылардың өзіндік жұмыстарын да тиімді басқаруға болады. Жалпы оқытушының ортақ әңгімесін оқушылар ықыласпен тыңдап, өз ойларын айтып, сабаққа белсенді қатысуға тырысады, сонымен бірге бір пәндік, бір тақырыптық сабақтар ретінде біріктіріп өткізуге де болады. Мұндай ортақ сабақтардан оқушылардың ой-өрісі кеңейіп, сабақтың сапасы артады.
Шағын жинақты бастауыш мектепте оқу-тәрбие жұмыстарының ерекше көңіл аударатын бір саласы – оқушылардың өзіндік жұмыстары. Өзіндік жұмыс түрлерін ұйымдастыруда мынандай талаптарды орындау керек:
1. Өзіндік жұмыстың мазмұны бағдарлама талаптарына сай болуы керек;
Өзіндік жұмыс оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға тиіс;
Өзіндік жұмыстың түрі, мазмұны әртүрлі болуы керек;
Әрбір орындалған өзіндік жұмыс тексеріліп, бағалануы керек.[1.88]
Оқушылардың өзіндік жұмысына мұғалімнің тапсырмасы бойынша, өздері жоспар жасап, істің тәсілін анықтап, оның нәтижесін бағалап орындайтын жұмыстар жатады. Сонымен қатар өзіндік жұмысының жоғары түріне олардың өз еркімен жаңа тәсілдер қолданып жасайтын шығармашылық жұмыстары жатады. Өздігенен жұмыс істеуге баулу олардың білімге деген ынтасын арттырып, өз бетінше еңбек етуге, еңбек сүйгіштікке, алған білімдерін іс жүзінде пайдалана білуге, оқыған материалдарын тиянақты меңгеруге жәрдемдеседі де және логикалық ойлау қабілетін жетілдіреді.
Шағын жинақты мектептерде өзіндік жұмысқа сабақтың 2/3, мұғалімнің басшылығымен жүргізілетін жұмысқа сабақтың 1/3 бөлігі кіреді. Үш сыныппен қатар оқытылған кезде 2/3 бөлігі, екі сынып қатар оқығанда ½ бөлігі кетеді. Сондықтан жұмысты жүйелі таңдап, сабақтың дидактикалық мақсатына байланысты тиімді ұйымдастыру қажет.
Қазақ тілі сабақтарында – түрлі жаттығу жұмыстарын орындау, қима қағаздармен, перфокарталармен жұмыс, сурет бойынша сөйлем, әңгіме құрау, сөздіктермен жұмыс тапсырылады. Мысалы, мұғалім грамматикалық талдау жасауға сөз, сөйлем немесе мәтін береді. Жоспар жасатады (әуелі ауызша, сонан соң жазбаша жоспар жасатады). Мұндай жаттығуларды балалар өздіктерінен орындағанымен, оның қалай орындалатыны көрсетіліп, алдын ала дайындық жұмыстары жүргізіледі. Балалар бір тапсырмадан кейін екіншісін орындайды, олар жұмыстарын өздіктерінен тексереді, қалай орындағандарын мұғалімге айтады. Негізінде қазақ тілі сабақтарындағы жаттығулардың барлығы оқушыларға өздіктерінен жұмыс жасатуды көздейді. Алайда жаттығу ұғымы оқушыларға өз бетінше жұмыс жасатудан кеңірек. Жаттығу − мұғалімнің басшылығымен орындалатын, оқушылардың алған білімдерін бекітуді көздейтін тұтас тәжірибелік жұмыс. Жаттығуда уақытқа шек қойылмайды. Ал оқушылардың өздіктерінен істейтін жұмыстарына белгілі мөлшерде уақыт беріледі.
Қазақ тілі сабағында түрлі жаттығулар орындау арқылы тиісті ережені дәлелдеу, тұжырымдау жұмысы жүргізіледі. Сөйтіп, оқушы ережені білумен бірге оны өздігінен мысал келтіріп дәлелдеуге үйренеді. Бұл үшін мұғалім оқушылармен өз бетімен жұмыс істеу қабілетін дамытып, өтілген тақырыптан өздіктерінен қорытынды шығара алатындай етіп қалыптастыру керек. Бұл жөніндегі К.Д.Ушинскийдің «Оқушы тілдік құбылыстарды мұғалімнің басшылығымен өзі байқасын, грамматикалық ережені немесе ұғымды, мүмкін болғанынша өздері қорытсын, балалардың ой-өрісін жетілдіру үшін грамматиканың басты мәні де осында», - деген пікірі өз маңызын жойған жоқ.[2,159]
Бастауыш сынып оқушыларының білуге деген ынтасы мен мүмкіндіктерін толық пайдалану және оларды оқу процесінде үздіксіз дамытып отыру, сабақ барысында алған білімдерін практикада қолдану дағдыларын қалыптастыру үшін сабақтарда ойын элементтерін пайдаланудың орны ерекше. Ойын оқушылардың грамматиканы толық меңгеріп, жазу тілін дамытуларына мол мүмкіндік береді. өз беттерімен жұмыс істеуге дағдыландырады, ойланғыштық, ізденімпаздық қабілеттерін арттырады, сөздік қорларын молайтады. Қазақ тілі сабағында грамматикалық ойын элементтері жаңа тақырыпты түсіндіру, өткенді қайталау, талдау кездерінде пайдаланылады. Фонетикалық талдауға байланысты «Қай әріпті жоғалттым?», «Қай сөзді жоғалттым?», «Көмекші сурет». Морфологиялық талдауға үйретуде «Үндемес», «Не қажет?», «Бос торды толтыр», синтаксистік талдауға үйретуде «Синтаксистік касса», «Тез ажырат» т.б. грамматикалық ойындарды тақырыпқа сай түрлендіріп, өз бетінше орындайтын жұмыс ретінде кеңінен пайдалануға болады.
Сонымен, өзіндік жұмыс оқушының өз белсендігі түрінде анықталады. Өзіндік жұмыс кезінде жайбарақаттық жасап, үлгермейтін оқушыларға даралап оқыту технологиясын қолдануды ойластыру қажет. Мұндай жағдайда оқушының білім деңгейіне қарай түрлі көрнекіліктер таратылып, тапсырма беріледі. Берілген тапсырманы оқушылар бір-бірімен алмастыра отырып, орындауына болады.
Қорыта айтқанда, өзіндік жұмыстар арқылы оқушы өзінің ақыл-ой қызметін тәртіпке келтіреді, уақытын үнемдейді, жазба тілін дамытады, ой-пікірін қысқаша баяндауға машықтанады. Бұл болашақта оқушылардың өзін-өзі бәсекеге қабілетті жеке тұлға ретінде қалыптастыруына зор ықпал етеді.
Әдебиеттер:
Рахметова С. Қазақ тілін оқыту методикасы.Алматы,1991.
Тұрдалиева Г.Ж. Бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқыту әдістемесі. Астана, 2007.
Достарыңызбен бөлісу: |