Тақырыбы: «Үш бәйтерек»
Қатысушылар: 7 класс оқушылары
Шараның мақсаты: Білімділік: ұлағатты адамдардың өмірімен шығармашылық жолын оқушыларға таныстыру, азаматтық тұлғасын таныту. Дамытушылық: мәнерлеп оқу, ауызша сөйлеу, көпшілік алдында сөйлей білу, есте сақтау қабілеттерін дамыту. Шығармашылық жұмыс істеуге, мәнерлеп оқуға, өздігінен қорытынды шығаруға, іздемпаздыққа үйрету. Тәрбиелік: оқушыларды биік адамгершілікке, елжандыққа баулу. Оларды елінің тарихын біліп, болашағына еңбек етулеріне шақыру.
Көрнекілігі: І. Жансүгіров, С.Сейфуллин, Б. Майлиннің портреті, ақын жазушылардың шығармалар жинағы, техникалық құралдар, викториналық сұрақтар, интерактивті тақта, презентациялар, музыка, реквизиттер
Әдіс-тәсілдері: мәнерлеп оқу, әңгімелеу, көрініс, викториналық сұрақтар
Сабақтың барысы: І. Ұйымдастыру бөлімі. («Тау ішінде» әні қойылады)
1. Мұғалімнің кіріспе сөзі.
- Бүгінгі оқушылар конференциясының тақырыбы «Үш бәйтерек». Конферецияда біз І. Жансүгіров, С.Сейфуллин, Б. Майлиннің өмірі мен шығарамашылығы туралы мәліметтермен танысамыз. Олардың бір заманның өкілі екені анық. Қазақ халқы «Үш бәйтерек» деп атап кеткен Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин қазақ әдебиетіне айтулы ақын, қарымды қаламгер, дарынды драматург ретінде үлкен үлес қосты. Олардың қаламынан Қазақстанның дарқан даласы, өндіріс орындары мен еңбек адамдарының іс-әрекеттері, өмірге деген құштарлықтары, болашаққа үміт-сенімдері кеңінен көрінеді.
«Үш бәйтерек» ұлттық сөз өнерін азаматтық бейне, беделімен де, қайраткер, қаламгерлігімен де биік белеске көтерді. Ұлт руханиятын даңқты туындыларымен, тақырып байлығымен, жанрлық қырларымен, көркемдік әлемімен байытты. Әдебиеттің «Үш бәйтерегі» өмірдегі өрнекті өнегелерімен халық жүрегінде жол тапты.
ІІ. Негізгі бөлімі.
1) 1-жүргізуші.«Туған жерім – Сарыарқа». (Презентация) - Сәкен Сейфуллин 1894 жылы бұрынғы Ақмола облысы Ақмола уезі, Нілді болысының Бірінші ауылында (қазіргі Қарағанды облысы, Ақадыр ауданы) туған . Әкесі Сейфолла домбырашы, шешен әрі саятшы болған. Анасы Жамал ертелі – кеш Сәкенге аңыз-әңгіме, ертегілер айтып берген.
Табиғаттан дарынды жаратылған мөлдір қара көз, толқынды шашты, қырмұрын, қайратты ұлдарын Сейфолла мен Жамал азан айтып қойған Садуақас деген есімнің орнына, еркелетіп Сәкен атап кеткен. Әке – шешесінің ықпалымен жас Сәкен нәрсені біліп, болашаққа үмітін арттыра түсті.
Ауыл молдасынан тілін сындырып, арабша хат танып, қисса – хиқаяны өзі оқи алатын деңгейге жеткен Сәкенді «орысша тіл үйрен, орысша оқу үйрен», - деп, тоғыз жасында Нілді заводына жіберді.
Сарыарқаның сайын даласы, Есіл, Нұра өзендері мен Оба, Ор тауларының әсем көріністері Сәкен шығармашылығының дамуына әсер етті. Өсе келе қоғам қайраткері, ақын – қаламгер ретінде жұртшылық жүрегіне жол тапты. Қазақ әдебиетінің барлық жанрында қалам тартты. Халық өмірін, еңбегін, адамның өміріндегі орнын кеңінен суреттей білді.
С. Сефуллиннің «Өткен күндер» атты алғашқы өлеңдер жинағы халық өмірі мен тұрмысын кең көлемде жырлады. 1916 жыл оқиғасы, революция шындықтары, өмір - тұрмыс сырлары «Тар жол, тайғақ кешу» романында суреттелген.
Оның «Асау тұлпар», «Домбыра», «Экспресс» атты өлеңдер жинағы және т.б. шығармалары халық жүрегінен үлкен орын алды.
Сазгер ретінде Сәкен Сефуллин қазақтың жаңа музыкасының дамуына өзінің тамаша әндерімен үлес қосты.