Дәлел ретінде басқа да аяттарды келтіруге болады.
Ал пайғамбарымыз (с.а.с.) сахабаларына айтты:
«Егер қазір менің қасымда тұрғандағыдай (әр уақытта Аллаһ Тағаланы есте ұстап, барлық уақытта осындай халде) болсаңдар, періштелер қолдарыңды қысқан болар еді». (Мүслім)
36-сұрақ:
Имандарында мүміндер бір-бірінен артық бола алады дегенге қандай дәлел бар?
Жауабы:
Аллаһ Тағала айтты:
«Озаттар алдыңғы қатарда болады37. Міне солар Аллаһқа жақын болғандар38. Жұмақта нығметке бөленеді. Бұрынғылардан көбірек. Соңғылардан азырақ. Безенген39 тақтар үстінде. Олардың үстінде тұспа-тұс жантайып отырады40. Оларға айнымайтын жастар айналып, қызмет етеді41. Ағып жатқан шараптан толтырылған шелектер, құмандар және кеселерменен. Ол: бас ауыртпайды да мас қылмайды. Қалаған жемістері бар. Сақтаулы інжу сияқты. Бұл істеген амалдарыңның сыйлығы. Олар жәннәтта бос не күнәлі сөз естімейді. Бірақ «Сәлем, сәлем» деген сөзді ғана есітеді. Оңшылдар, ол оңшылдар нендей42!» (Уақиға, 10-27)
37Иман мен құлшылық – ғибадатта, сондай-ақ басқа да жақсы амалдарда алда болғандар Аллаһ Тағаланың мейірім-шапағатына басқалардан бұрын ие болады.
38Яғни, Аллаһ Тағала мен Оның сый-сияпатына жақын болғандар.
39Алтын, күміс, жақұтпен безендірілген.
40Басқаша айтқанда, барлығы бір-біріне қарап отырады.
41Яғни, күтімін жасайды.
42Бұл жерде жәннәтта болатын, бірақ алда болғандар секілді иман күштілігі мен шыншылдық жағынан өзгелерден озық болмауы себепті және өмірде салих амалдарды алда болғандардан аз істегендіктен алатын сыйлықтары да аз болатын адамдар туралы айтылуда.
«Ал егер (өлген кісі) Аллаһқа жақындардан болса, сонда оған рахат, райхан43 әрі нығметті жұмақ бар. Ал енді оңшылдардан болса, Саған оңшылдардан «сәлем» (делінеді). (Уақиға, 89-91)
43«Райхан» – жәннәттың жұпар иісі немесе жұмақ рахаттары дегенді білдіреді.
Аллаһ Тағала айтты:
«Және олардан әлдекім өзіне кесір тигізеді44 де кейі ортада45 болады. Ал тағы біреулері, Аллаһтың бұйрығынша жақсылықтарға ілгерілеуші болады». (Фатыр, 32)
44Бұл жерде ауыр күнә істейтін мұсылман яки игі істерден көрі бұзық істерді көп орындайтын адам туралы сөз болуда.
45Бұл жерде ауыр күнә істемейтін яки бұзық істері игі істеріне тең келетін адам туралы сөз болуда.
Шапағат туралы хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.):
«Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқ» деп айтқан, жүрегінде арпаның дәнінің салмағындай ізгілік бар адам оттан шығады. Одан кейін «Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқ» деп айтқан, жүрегінде бидай дәнінің салмағындай ізгілік бар адам оттан шығады. Одан кейін «Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқ» деп айтқан, жүрегінде тозаңның салмағындай ізгілік бар адам оттан шығады»,-деді. (Бұхари, Мүслім)
37-сұрақ:
«Иман» ұғымы дінді бүтіндей қамтитынына қандай дәлелдер бар?
Жауабы:
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Әбул-Қайс қабиласы өкілдерімен әңгімелескені жайлы хадисте: «Тек қана Аллаһқа иман келтірулеріңді сендерге бұйырамын, «тек Бір Аллаһқа иман келтіру дегеніміздің не екенін білесіңдер ме?»-деп сұрады. Олар: «Аллаһ және Оның елшісі жақсы біледі»-деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Бұл – Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқ және Мұхаммед – Аллаһтың елшісі деп куәлік берулерің, намаз оқып, зекет беріп, рамазан айында ораза тұтып және соғыстан түскен олжаның бестен бірін берулерің»,-деді. (Бұхари, Мүслім)
38-сұрақ:
Иманның алты шартын түгелдеу арқылы иман туралы дәл анықтама беруге болатынына қандай дәлелдер бар?
Жауабы:
Бұған Жәбірейілдің (а.с.): «Маған айт: «Иман деген не?» деген сұрағына Пайғамбарымыздың (с.а.с.) қайтарған жауабы дәлел бола алады. Ол айтты: «Иман дегеніміз – Аллаһқа, Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына және Қиямет күніне сенуің, сондай-ақ жақсылық пен жамандық тағдырдан екендігіне сенуің». (Бұхари, Мүслім)
39-сұрақ:
Жоғарыда аталған иманның (алты) тірегінің Құранда түгелдей бар екеніне қандай дәлел бар?
Жауабы:
Аллаһ Тағала айтты:
«Жүздеріңді шығысқа, батысқа жөнелту бір игілік емес. Бірақ кім Аллаһқа, Ахырет күніне, періштелерге, Кітаптарға, пайғамбарларға иман келтірсе...» (Бақара, 177)
Аллаһ Тағала айтты:
«Шын мәнінде әрнәрсені бір өлшеумен (тағдырмен) жараттық». (Қамар, 49)
Аллаһ қаласа, төменде иман шарттарының әрқайсысы туралы жекелеп қарастыратын боламыз.
40-сұрақ:
Аса Құдіретті және Аса Ұлы Аллаһқа иман келтіру дегеннің мағынасы не?
Жауабы:
Бұл – Тірі, Жалғыз, Игеруші, Мұңсыз, Ол – Әуелгі, Оған дейін ешнәрсе болмаған, және Ол – Соңғы, Одан кейін ешнәрсе болмайтын, Ол – Көрнеу, Одан жоғары ешнәрсе жоқ және Ол – Көмес, Одан төмен ешнәрсе жоқ, Оның алдында ешнәрсе болмаған және Одан кейін де ешнәрсе болмайтын Жоғары Мәртебелі Аллаһтың бар екенін шын жүрекпен растау.
Аллаһ Тағала айтты:
«Ол, тумады да туылмады. Әрі Оған ешкім тең емес». (Ықылас, 3-4)
Сондай-ақ Оның Раббылық пен Тәңірліктегі және есімдері мен сипаттарындағы жалғыздығын шын жүректен кесімді түрде растау.
41-сұрақ:
Аллаһтың тәңірліктегі жалғыздығы нені білдіреді?
Жауабы:
Бұл сөзбен амал арқылы орындалатын құлшылықтың барлық әшкере және жасырын түрлерін тек Аса Құдіретті және Ұлы Аллаһқа қана бағыштауды, екінші жағынан Аса Құдіретті Аллаһтан басқа кімге де болса табыну мүмкіндігін теріске шығаруды білдіреді. Өйткені, Аллаһ Тағала былай деген:
«Раббың Өзіне ғана ғибадат етулеріңді әмір етті». (Исра, 23)
«Аллаһ (Тағалаға) құлшылық қылыңдар. Оған ешнәрсені ортақ қоспаңдар». (Ниса, 36)
Аллаһ Тағала тағы былай деді:
«Рас, Мен Аллаһпын. Менен басқа тәңір жоқ. Сондықтан Маған құлшылық ет! Сондай-ақ Мені еске алу үшін намазды толық орында». (Таһа, 14)
Басқа да көптеген аяттарда осы мағына айтылған.
Осылайша мойындау арқылы «Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқ» деген куәлік іс жүзінде орындалады.
42-сұрақ:
Аллаһтың Тәңірліктегі жалғыздығының қарама-қарсысы не нәрсе?
Жауабы:
Мұның қарама-қарсысы – көпқұдайшылдық (ширк), ол екі түрлі болады:
Үлкен ширк – Аллаһтың жалғыздығына түгелдей кереғар, ал кіші ширк – Оның жалғыздығының кемелдігіне кереғар.
43-сұрақ:
Үлкен ширк деген не?
Жауабы:
Үлкен ширк – адамдардың Аллаһ Тағаладан басқа әлдебіреулерді бүкіл әлемнің Қожасына теңестіре бастауы, Аллаһ Тағаланы қандай сүйсе, оны да сондай сүюі. Аллаһ Тағаладан қандай қорықса, одан да сондай қорқуы, одан пана іздеуі, оған жалбарынуы, одан үрейленуі, одан әлденені өтінуі, оған жақын болуға ұмтылуы, оған сиынуы немесе Аллаһ Тағалаға бойсұнудан алыстап оған бойсұнуы немесе бұлай ету Аллаһ Тағалаға ұнамаса да, оған ілесуі немесе осыған ұқсас бірдеңелерді істеуі.
Аллаһ Тағала айтты:
«Аллаһ (Тағала) Өзіне ортақ қосуды кешірмейді де бұдан өзге қалған кісісін кешіреді. Сондай-ақ кім Аллаһқа ортақ қосса, расында жала жауып, зор күнәлі болды». (Ниса, 48)
«Ал және кім Аллаһқа ортақ қосса, расында өте қатты адасады». (Ниса, 116)
«Кім Аллаһқа ортақ қосса, расында Аллаһ оған жәннәтты харам етеді. Оның орны тозақ болады». (Мәида, 72)
«Кім Аллаһқа ортақ қосса, сонда ол көктен құлап, оны құс іліп әкететін немесе оны ұзаққа жел ұшырып кеткен нәрсе сияқты46». (Хаж, 31)
46Бұл аятта түпсіз құрдым туралы айтылуда.
Осыған байланысты басқа да көптеген аяттарды келтіруге болар еді.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:
«Аллаһ Тағаланың Өз құлдарындағы мүлтіксіз орындалуы тиіс ақысы, олардың Аллаһқа ғана табынуы және Одан басқа ешнәрсеге табынбауы, ал, Аллаһтан басқа ешнәрсеге табынбаған құлдарының Аллаһ Тағаладағы ақысы – Аллаһ Тағаланың оларды азапқа дұшар етпеуі». (Бұхари, Мүслім)
Анық үлкен ширкке түскен құрайыш кәпірлері47 мен соларға ұқсағандар дінінен шығады. Сондай-ақ іштей кәпір күйінде қалып, сырт көзге Исламды ұстанатын, сөйтіп, Аллаһ Тағаланы алдамақ болған екіжүзділер де Ислам дінінде емес.
47Пайғамбарымыздың (с.а.с.) бұтқа табынған руластары.
Аллаһ Тағала былай деді:
«Негізінен мұнафиқтар тозақтың ең төмен қабатында болады. Әрі оларға ешбір жәрдемші таба алмайсың. Бірақ тәубе еткендер, өздерін түзеткендер48 және Аллаһқа жабысып, діндерінде ықыласты болғандар, міне солар, мүміндермен бірге». (Ниса, 144-145)
48Яғни, өз істерін тәртіпке келтіріп, екіжүзділіктен бастартқандар.
Бұл айтылғандарға дәлел болатын басқа да аяттар бар.
44-сұрақ:
Кіші ширк дегеніміз не?
Жауабы:
Бұл – Аллаһ Тағала үшін бір нәрсені орындамақ болғанда, оған рияның (сырт көз үшін амал істеудің) біраз бөлігінің араласуы.
Аллаһ Тағала айтты:
«Сондай-ақ, кім Раббына жолығуды үміт етсе, онда түзу іс істеп, Раббына істеген құлшылығында; Оған ешкімді ортақ етпесін». (Кәһф, 110)
Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір күні: «Сендер кіші ширкке түсіп қаласыңдар ма деп қауіптенемін»,-деді. Адамдар: «О, Аллаһтың елшісі, кіші ширк деген не өзі?»-деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деп жауап берді: «Рия (үшін амал қылу)». (Ахмад, Бағауи, Хайсами)
Кейін Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл сөздерін былайша түсіндірді:
«(Бұл дегеніміз) – адам намазға тұрады және біреудің (өзіне) қарап тұрғанын көріп, намазын мүмкіндігінше жақсылап оқуға тырысады». (Ахмад және Ибн Мәжәһтан келген хадистің бір бөлігі)
Сондай-ақ кіші ширкке Аллаһтан басқамен ант ету де жатады. Мысалы: ата-анасымен ант беру немесе Кағбамен немесе иманмен немесе тағы басқалармен («жол үстінде тұрмын», «нан ұрсын» деген секілділермен) ант беріп, қасам ішу де кіреді.
Пайғамбарымыз (с.а.с.):
«Өздеріңнің аталарыңмен де, аналарыңмен де, пұттармен де ант бермеңдер»,-деген. (Әбу Дауд)
Пайғамбарымыз (с.а.с.) тағы да былай деген:
«Кімнің ант еткісі келсе, Кағбаның Иесімен ант етсін». (Насаи, Ахмад)
Пайғамбарымыз (с.а.с.) тағы да былай деген:
«Аллаһтан басқа (ешкіммен және ешнәрсемен) ант етпеңдер». (Әбу Дауд, Насаи)49
49Абдуллаһ ибн Умардан, Аллаһ ол екеуінен разы болсын, келген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деді:
«Шын мәнінде Аллаһ Тағала ата-аналарыңның атымен қасам ішуге тиым салады, егер кімде-кім ант бергісі келсе, Аллаһ Тағаламен ант етсін немесе тыныш тұрсын». (Бұхари, Мүслім)
Және былай деген:
«Кім иманмен ант етсе, ол бізден емес».50 (Әбу Дауд)
50Иман Аллаһ Тағаланың сипаттарына қатысты емес, бәлки Аллаһ Тағаланың бұйрығы мен ұйғарымы себепті иманмен ант беруге тиым салынған болуы мүмкін.
Және айтты:
«Кім Аллаһтан басқамен ант етсе, ол күпірлікке түсті». (Әбу Дауд)
Сондай-ақ, «Аллаһ Тағала мен сен қаласаң» деген сөзді айту да ширкке апарады.
Бір күні өзіне осылайша сөйлеген адамға Пайғамбарымыз (с.а.с.):
«Сен мені Аллаһқа теңестірдің бе? «Тек қана Аллаһ қаласа (деп айту керек)»-деп жауап берген. (Бұхари, Ибн Мәжәһ, Ахмад)
Сондай-ақ, «Егер Аллаһ және сен болмағанда» немесе «Менің Аллаһ пен сенен басқа ешкімім жоқ» немесе «Аллаһ пен сенен ғана пана сұраймын» деген секілді сөздер де адамды ширкке алып барады.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:
«Аллаһ және пәленше қалады» демеңдер, «Аллаһ қалады, одан кейін пәленше қалады» деп айтыңдар». (Әбу Дауд, Ахмад)
Ғұламалар «Егер Аллаһ, одан кейін пәленше қалағанда» деп айтуға болатынын, ал, «Егер Аллаһ және пәленше қалағанда» деп айтуға болмайтындығын ескерткен.
45-сұрақ:
Жоғарыда келтірілген сөйлемдердегі «және» деген шылау мен «одан кейін» деген сөздің арасында қандай айырмашылық бар?
Жауабы:
Мұндағы «және» деген жалғаулық сөзі арқылы екі сөзді біріктіру – бұл екі сөзді теңестіру мен қосуды талап етеді. Сөйтіп «Аллаһ және сен қаласаң» деп айтқан кісі пенденің қалауын Аллаһ Тағаланың қалауымен теңестіріп, екеуін қосқан болады. Ал, «одан кейін» деген сөзді пайдаланғанда жағдай мүлде өзгереді, өйткені, бұл «одан кейін» жалғау сөзі тиістілік пен тәуелділікті көрсетеді. Демек, «Аллаһ Тағала қалағандай, одан кейін сен» деп сөйлеген адам пенденің қалауы Аса Құдіретті Аллаһ Тағаланың қалауына тәуелді екенін, пенденің қалауының екінші екенін растайды. Бұл туралы Аллаһ Тағала былай деген:
«Сендердің қалауларың болмайды. Аллаһ қаласа ғана болады». (Инсан, 30)
Қалғандарына да осы айтылған қатысты.
46-сұрақ:
Аллаһтың жаратушылықтағы жалғыздығы деген не?
Жауабы:
Бұл деген – Аса Құдіретті Аллаһтың Құдай және Билік Иесі, Жаратушы және барлық нәрсені Меңгеруші, барлық нәрсені өз қалауы бойынша Басқарушы және ешбір серігі жоқ екендігіне, әлсіздіктен Пәк, қамқоршысы болмаған51, және ешкім де Оның шешімін өзгерте алмайтындығына52, Оған қарсы келе алмайтындығына, сондай-ақ Оның ұқсасы немесе осындай есімдерге ие біреулердің жоқтығына, Оның үстемдігіне қатысы бар нәрседе Онымен жарысуға қабілеті жететіндердің немесе Оның есімдері мен сипаттарына сәйкес бола алатындардың жоқтығына шүбәсіз сену.
51Бұл жерде Аллаһ Тағаланың ешқандай қамқоршыға мұқтаж еместігі айтылған. (Исра, 111)
52«Рағыд» сүресі, 41-ші аятты қараңыз. Бұл туралы осы сүренің басқа да аяттарында айтылады.
Аллаһ Тағала айтты:
«Барлық мақтау, сондай көктер мен жерді жаратқан және қараңғылықтар мен жарықты жасаған Аллаһқа тән». (Әнғам, 1)
«Барлық мадақ әлемдердің Иесі Аллаһқа тән». (Фатиха, 2)
«(Мұхаммед (с.а.с.)): Олардан: «Көктер мен жердің Иесі кім?»-деп сұра да: «Аллаһ»-деп жауап бер. «Аллаһты тастап, тіпті өздеріне де пайда не зиян келтіре алмайтындарды ие етіп алдыңдар ма?» де. «Көрмейтін мен көретін немесе жарық пен қараңғылықтар тең бола ала ма?» де. Я болмаса, олар53: Аллаһқа, Оның жаратқандарындай жарататын, жаратулары Аллаһтың жаратуына ұқсас ортақтар54 қоса ма? (Оларға) айт: «Әр нәрсені Жаратушы Аллаһ. Ол Жалғыз, Аса Өктем». (Рағыд, 16)
53Бұл жерде көпқұдайшылдар туралы сөз болуда.
54Яғни, жалған құдайлар
«Ол Аллаһ, сендерді жаратып сосын ризық берді. Одан кейін өлтіреді, сосын қайта тірілтеді. Ал сендердің Аллаһқа қосқан ортақтарыңнан, осылардан бір нәрсе істейтін кім? Аллаһ олардың қосқан ортақтарынан Пәк әрі Жоғары». (Рум, 40)
«Бұл Аллаһтың жаратқаны. Ал Аллаһтан өзгенің не жаратқанын маған көсетіңдерші?» (Луқман, 11)
«Немесе олар ешнәрсесіз55 (өзінен-өзі) жаратылды ма? Не жаратушы өздері ме яки олар көктер мен жерді жаратты ма? Жоқ, олар нанбайды». (Тур, 35-36)
55Яғни, Жаратушының қатысуынсыз
«Ол, көктер мен жердің әрі арасындағылардың Иесі. Сондықтан Оған ғана құлшылықта сабырлы бол56. Оған аттас (біреуді) білетінің бар ма?» (Бұдан басқа Аллаһ бар ма?) (Мәриям, 65)
56Бұл жерде құлшылық жасау кезінде ғибадатты толық орындауға барынша күш салу қажеттігі айтылуда.
«Ешнәрсе Ол сияқты емес. Ол Аллаһ, әрнәрсені Есітуші, Толық Көруші». (Шура, 11)
«Барлық мақтау, бала иемденбеген әрі мүлкінде еш серігі болмаған, сондай-ақ әлсіздіктен57 қамқоршысы болмаған Аллаһқа лайық» де. Және Оны өте көп ұлықта58». (Исра, 111)
57Бұл жерде Аллаһ Тағаланың ешқандай қамқоршыға мұқтаж еместігі туралы айтылуда.
58Яғни, әшкере және жасырын түрде Аллаһ Тағалаға мадақ айт, Оған шүкіршілік ет, Оны есіңе ал, т.с.с.
«(Мұхаммед (с.а.с.)) оларға: «Аллаһтан өзге, көктерде де, жерде де тозаңның салмағындай түкке ие бола алмайтын, екеуінде де59 бір ортағы60 жоқ. Сондай-ақ Аллаһқа олардың61 ешбіреуі көмекші де емес. Тәңір деп ойлағандарыңды шақырыңдар» де. Аллаһтың қасында, рұқсат бермеген біреуден басқаның шапағаты пайда бермейді. Ақыр жүректерінен шошыну кеткен кезде өзара: «Раббың не айтты?» десе: «Шындықты айтты» деседі. Ол Аллаһ, Аса Жоғары, Тым Үлкен». (Сәбә, 22-23)
59Яғни, көктер мен жерде
60Басқаша айтқанда, адамдардың құдайлар деп жүргендері Аллаһ Тағаламен бірге әлемді басқаруға ешқандай араласа алмайды, әлемнің жаратылуына ешқандай қатысы жоқ, т.с.с.
61Яғни, барлық жалған құдайлардың
47-сұрақ:
Аллаһ Тағаланың құдайлықтағы жалғыздығының қарама-қарсысы не?
Жауабы:
Оның қарама-қарсы мағынасы; «Әлемде жарататын немесе жоятын, өмір беретін немесе өмірді алатын, игілік әкелетін немесе зұлымдықты қайтаратын, тек Аллаһ Тағаланың ғана құдіреті жететін нәрселерге оның да қабілеті жететін Аллаһ Тағаладан басқа және біреу бар» деп білу. Мәселен, ғайыпты білу, ұлылық т.с.с. Аллаһ Тағаланың есім және сипаттарының мағынасына сәйкес келетін нәрселерде Аллаһ Тағаламен бәсекелесе алатын әлдебіреудің бар екеніне сенімінің болуы да осыған саяды.
Аллаһ Тағала айтты:
«Аллаһ (Тағаланың) адам баласына берген мейірімін тосушы жоқ. Аллаһтың тосқан нәрсесін Одан соң жіберуші жоқ. Ол Аса Үстем, Тым Хикмет Иесі. Әй, адам баласы! Аллаһтың сендерге берген ырысын еске алыңдар: Сендерге көктен, жерден несібе берген Аллаһтан басқа бір жаратушы бар ма? Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Сонда қалай тентіреп бара жатсыңдар». (Фатыр, 2-3)
«(Мұхаммед (с.а.с.)) егер Аллаһ саған бір зиян жеткізсе, сонда оны Аллаһтан басқа айықтырушы жоқ. Ал егер саған бір жақсылық қаласа, Оның кеңшілігін тойтарушы жоқ». (Юнус, 107)
«Егер Аллаһ маған бір зиян беруді қаласа, Аллаһтан өзге шақырғандарың Оның апатын айықтыра ала ма? Немесе Аллаһ маған бір игілік қаласа, олар оның игілігін тоса ала ма?» (Зумәр, 38)
«Көместің62 кілттері Оның қасында. Оны Ол Өзі ғана біледі». (Әнғам, 59)
62«Ғайб» – бұл тек қана Аллаһ Тағала білетін, егер Ол қаласа, қалаған адамына ғана баян ететін жасырын нәрсе.
«(Мұхаммед (с.а.с.)) Көктер мен жердегі көместі Аллаһтан басқа ешкім білмейді» де». (Нәміл, 65)
«Олар Оның қалауынан басқа ешнәрсе білмейді...» (Бақара, 255)
Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:
«Аллаһ Тағала айтты: «Айбындылық – Менің шекпенім, ұлылық – Менің изарым63, кімде-кім бұлардың біреуін Менен алуға әрекеттенсе64, Мен оны отқа саламын» 65. (Мүслім, Ахмад)
63Белден төмен қарай оралатын кездеме
64Бұл жерде адамдардың тәкәббарлық жасап өздерінің ұлылығын көрсетпек болған әрекеті жайлы сөз болуда. Аллаһ Тағала олардың бұл әрекетін Өзімен бәсекелесу деп теңеуде.
65Ибн әл-Асир өзінің «Жәмиъул-усул» кітабында «Менің изарым» және «Менің шекпенім» деген ұғымдар жайлы төмендегідей түсінік береді:
«Аллаһ Тағала даңқ пен ұлылықты изар мен шекпенге ұқсатуда, себебі бұл қасиеттер адамды изар мен шекпен орап алғанындай, иесін сондай орап алған болады, сонымен бірге адам баласы өзінің изар мен шекпенін ешкіммен бөліспейтіні белгілі. Сол сияқты, Аллаһ Тағала да өзіне изар мен шекпен қызметін атқарушы даңқ пен ұлылықты ешкіммен бөліспейді, ешкім де оларды Аллаһ Тағаламен бөлісуге әрекет жасамауы керек, бұл мысал, міне осыны түсіндіру үшін келтірілді».
48-сұрақ:
Аллаһтың есімдері мен сипаттарындағы жалғыздығы деген не?
Жауабы:
Мұның мәнісі Аса Құдіретті Аллаһ Тағала Өзін Кітабында қандай ғажап есімдермен және жоғары сипаттармен сипаттаған болса, сол есім мен сипаттарына солай сену. Мұндай мойындау жоғарыда аталған есімдері мен сипаттары Құран мен Сүннетте қай түрде қолданылған болса, тек сол түрде ғана пайдалануды білдіреді және бұл сол есімдерді басқаша қалай түсінуге болады деген сұрақтарға жол бермеу болып табылады. Яғни, Құранда талай рет көрсетілгендей, Аллаһ өзінің есімдері мен сипаттарын осы есімдер мен сипаттардың хақиқи бар екендігі мен оларды ешуақытта басқа нәрсеге өзгерту мүмкін еместігін қалай бірге қолданған болса, солай қолданған жөн.
Аллаһ Тағала айтты:
«Өйткені, Аллаһ олардың алдарындағыны да, арттарындағыны да біледі. Басқалар оны толық білмейді66». (Таһа, 110)
66Бұл жерде Аллаһ Тағаланы адамдар өз білім-ақылымен түсініп жетуі мүмкін еместігі айтылуда.
«Ешнәрсе Ол сияқты емес. Ол Аллаһ, әр нәрсені Есітуші, Толық Көруші». (Шура,11)
«Көздер Оған жете алмайды. Ол көздерді көреді. Және Ол, Өте Жұмсақ, Толық Білуші». (Әнғам, 103)
Убай ибн Кағбтан (р.а.) алып Термизи риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) мүшріктердің құдайлары туралы сөз еткенде, олар: «Сенің құдайың қандай, бізге айт»-деседі. Сол уақытта Аса Құдіретті Аллаһ Тағала:
«(Мұхаммед оларға) айт: Ол Аллаһ Біреу-ақ. Аллаһ Мәңгілік67», деген аятын түсірді. (Ыхлас, 1-2)
67«Мәңгілік» (әс-Сомад) – басқаша айтқанда; «Ол ешнәрсеге мұқтаж емес, Оған бүкіл әлем мұқтаж».
Мұндағы «Аллаһ Мәңгілік» дегеннің мәнісі:
«Ол тумады да, туылмады», (Ыхлас, 3) дегенге саяды, өйткені әрбір туылған нәрсе сөз жоқ өледі, ал әрбір өлетін жан-зат міндетті түрде мұрагер қалдырады. Ал Аса Құдіретті Аллаһ Тағала өлмейді, және өзінен кейін ешкімді де қалдырмайды.
«Әрі Оған ешкім тең емес». (Ыхлас, 4)
Сүренің соңғы аяты арқылы Аллаһ Тағала Өзіне ұқсас, Өзіне тең, Өзі тәрізді ешкімнің жоқ екенін ескертті. (Термизи)
49-сұрақ:
Құран мен Сүннетте Аллаһ Тағаланың көркем есімдеріне қандай дәлелдер бар?
Жауабы:
Аллаһ Тағала айтты:
«Ең жақсы атаулар Аллаһ (Тағалаға) тән. Оған сол аттармен жалбарыныңдар. Аллаһтың атында қиғаштық істейтіндерді68 қойып қойыңдар». (Ағраф, 180)
68Бұл жерде Аллаһ Тағаланың есімдерін бұрмалаушылардың барлық түрі айтылуда.
«(Мұхаммед (с.а.с.)) оларға: «Мені Аллаһ деп немесе Рахман деп атаңдар, қайсысымен атасаңдар да ең көркем есімдер Оған тән» де». (Исра, 110)
«Ол – Аллаһ, Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Ең көркем есімдер Оған тән». (Таһа, 8)
Дәлел ретінде бұдан басқа да аяттарды келтіруге болар еді.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:
«Рас, Аллаһтың тоқсан тоғыз есімі бар, кім оларды жатқа білсе, жәннәтқа кіреді»69.
69Бұхари мен Мүслім Пайғамбарымыздың:
«Шын мәнінде, Аллаһ Тағаланың бірі кем жүз, яғни тоқсан тоғыз есімі бар, кім соларды жатқа білсе, ол жәннәтқа кіреді»,-деген сөзін келтіреді. Ал Термизи бұл хадисті жазбагер, оған Аллаһ рахмет етсін, келтірген түрде нақыл еткен.
Аллаһ Тағалаға жалбарынып, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) былай дегені риуаятталады:
«(О, Аллаһ!), Өзіңе ғана белгілі яки Өзіңнің жаратқандарыңнан (Өзің қалаған) біреуге білдірген немесе Өз Кітабың арқылы жеткізген, онымен Өзіңді атаған әрбір есіміңмен Саған Құранды жүрегімнің көктемі етуіңді өтініп жалбарынамын». (Ахмад, Хакәми)
50-сұрақ:
Құранда Аллаһ Тағаланың қандай көркем есімдері аталды?
Жауабы:
Аллаһ Тағала айтты:
«Расында Аллаһ Өте Жоғары, Аса Ірі». (Ниса, 34)
«Шәксіз Аллаһ Өте Жұмсақ, Толық Хабар Алушы». (Ахзаб, 34)
«Шәксіз Аллаһ Толық Есітуші, Тым Қырағы». (Ниса, 58)
«Шәксіз Ол, Толық Білуші, Аса Күшті». (Фатыр, 44)
«Шәксіз Аллаһ Тым Үстем, Хикмет Иесі». (Ниса, 56)
«Негізінен Аллаһ Тым Жарылқаушы, Ерекше Мейірімді». (Ниса, 23)
«Аллаһ оларға Тым Жұмсақ, Өте Мейірімді». (Тәуба, 117)
«Аллаһ Бай, Жұмсақ». (Бақара, 263)
«Шынында Аллаһ мақтауға Лайық, Аса Жоғары». (Худ, 73)
«Шынында Раббым әрнәрсені Қорғаушы». (Худ, 57)
«Шәксіз Аллаһ сендерді Бақылаушы». (Ниса, 1)
«Аллаһ Толық Кепіл». (Ниса, 81)
«Аллаһ Есеп Алуда Жеткілікті». (Ниса, 6)
«Аллаһтың әрнәрсеге Күші Басым». (Ниса, 85)
«Расында Раббыңның әрнәрсеге Куә екені саған жеткілікті емес пе?» (Фуссилат, 53)
«Аллаһ, Одан басқа ешбір тәңір жоқ. Ол Тірі, мәңгілік бар болып Тұрушы». (Бақара, 255)
«Ол (Аллаһ) Әуелгі (Одан алдын ештеңе болмаған) әрі Соңғы (Одан кейін ештеңе жоқ) және Көрнеу (Оның үстінде ештеңе жоқ) әрі Көмес (Оның астында ештеңе жоқ). Сондай-ақ Ол, әрнәрсені Толық Білуші». (Хадид, 3)
51-сұрақ:
Сүннетте қандай көркем есімдер аталады?
Жауабы:
Пайғамбарымыз (с.а.с.) Аллаһ Тағалаға жалбарынып былай деген:
«Ұлы Арыштың Патшасы, Ұлы, Биязы Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқ, Ұлы Арыштың Патшасы және көктер мен жердің Патшасы Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқ». (Бұхари, Мүслім)
Пайғамбарымыз (с.а.с.) және айтты:
«О, Мәңгілік, Тірі, Құрметті және Ұлылық Иесі, көктер мен жердің Жаратушысы!» (Ахмад, Хаким)
Пайғамбарымыз (с.а.с.) және айтты:
«Жерде және көктерде де Оның есімімен ешнәрсе зиян келтіре алмайтын Аллаһтың есімімен және Ол Есітуші, Білуші». (Ибн Мәжәһ, Термизи)
Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.а.с.) Аллаһ Тағалаға жалбарынып айтқан:
«Барлық нәрсенің Қожайыны және Тәңірі, көктер мен жердің Жаратушысы, әшкере мен жасырынды Білуші, о, Аллаһ!» (Термизи)
Пайғамбарымыз (с.а.с.) Аллаһ Тағалаға жалбарынып былай деген:
«Таурат пен Інжілді және Құранды Жіберуші, ұрық пен дәнді Жарушы, біздің Тәңіріміз және барлық нәрсенің Тәңірі, о, Аллаһ! Барлық зарар келтірушілердің зарарынан Өзіңнен пана сұраймын. Өйткені, олар Саған бағынышты! Сен – Әуелгісің, Саған дейін ешнәрсе болмаған және және сен – Соңғысың, Сенен кейін ешнәрсе болмайды. Және Сен Көрнеусің, Сенен жоғары ешнәрсе жоқ, Сен – Көмессің, Сенің астыңда ешнәрсе жоқ». (Мүслім, Ахмад)
Және Пайғамбарымыз (с.а.с.) Аллаһ Тағалаға жалбарынып балай деген:
«О, Аллаһ! Барлық мадақ Саған тән! Сен көктер мен жердің және олардағы нәрселердің Нұрысың, барлық мадақ Саған тән! Сен көктер мен жердің және ондағылардың істерін Басқарушысың!» (Бұхари, Мүслім, Ахмад, Дарими)
Аллаһ Тағалаға жалбарынып Пайғамбарымыз (с.а.с.) және былай деді:
«О, Аллаһ! Шын мәнінде мен Саған жалбарынамын. Өйткені, Сенен басқа ешбір тәңір жоқ. Жалғызсың, Мәңгіліксің, Тумаған, Туылмаған және Саған ешкім тең болмаған70, Сен Аллаһсың». (Термизи, Ахмад, Дарими , Әбу Дауд)
70«Ыхлас» сүресін қараңыз.
Аллаһ Тағалаға жалбарынып Пайғамбарымыз (с.а.с.) тағы да былай деген:
«О, жүректерді Өзгертуші71». (Термизи, Ахмад, Ибн Мәжәһ)
71Яғни, жүректердің жағдайын өзгертуші.
Осы секілді басқа да дәлелдерді келтіруге болады.
52-сұрақ:
Көркем есімдерден туындайтын мағыналар қанша түрге бөлінеді?
Жауабы:
Үш түрге бөлінеді:
1. Көркем есімдердің «мутабақа» мағынасы, яғни көркем есімдердің Аллаһтың өзіне дәлме-дәл келетін мағыналары (Демек, әрбір көркем есім Аллаһтың Өзін білдіреді. Мысалы, «Әр-Рахман» десек те, Әр-Рахим, Әл-Ғафур десек те бұл есімдер Аллаһ Тағаланың Өзін білдіреді).
2. Көркем есімдердің «тадаммун» мағынасы, яғни көркем есімдерден иштиқақ жолымен (сарф-морфологиялық сөз туындату арқылы) алынатын сипаттарын көрсететін мағыналар.
3. Көркем есімдердің «илтизам» мағынасы, яғни бұл есімдерден сарфтық-морфологиялық жолмен емес, логикалық-пайымдау жолымен алынатын сипаттарын көрсететін мағыналары.
53-сұрақ:
Бұған не мысал бола алады?
Жауабы:
Мысал ретінде Аллаһ Тағаланың Аса Қамқор (Әр-Рахман) және Ерекше Мейірімді (Әр-Рахим) деген есімдерін қарастыруға болады. Бұл екі есім «мутабақа» жолымен алғанда «Аллаһ» дегенді білдіреді. «Тадаммун» (иштиқақ) жолымен алғанда «Мейірімді» деген сипатты білдіреді және «илтизам» жолымен алғанда «Тірі, Күшті» сияқты сипаттарды көрсетеді. Бұл айтылғандар Аллаһ Тағаланың басқа да есімдеріне тиісті. Ал жаратылғандарға (махлұқтарға) қатысты айтар болсақ, онда әңгіме басқа. Өйткені, кейбір адамды данышпан деуіміз мүмкін, ал шындығында ол адам данышпан емес . Сондай-ақ, әділетсіз сотты әділ деп, қорланғанды – құрметті деп, пасықты – қадірлі деп, сараңды – жомарт деп, жаманды – жақсы, бақытсызды – бақытты деп айтып қалуымыз мүмкін.
Ал, Аллаһ Тағала Өзін қандай сипаттаған болса, Ол, әлбетте, Сондай, Ол, адамдардың Оны сипаттағанынан Жоғары.
54-сұрақ:
Көркем есімдердің мағыналары «тадаммун» жолымен алғанда неше бөлікке бөлінеді?
Жауабы:
Олар төрт бөлікке бөлінеді:
1. Бұл – Аллаһ Тағаланың барлық көркем есімдерінің мағынасын қамтитын бөлік, яғни Аллаһ – Аллаһ Тағаланың жалпы есімі. Сондықтан, басқа есімдері бұл есімнің сипаттары болып табылады. Мәселен, Аллаһ Тағала айтты:
«Ол Аллаһ, Жаратушы, жоқтан бар Етуші және Бейнелеуші». (Хашыр, 24)
Мысалы ретінде басқа да аяттарды келтіруге болады.
Сондықтан, бұл есім ешуақытта басқа есімдерге сипат түрінде қолданылмайды.
2. Аса Құдіретті және Ұлы Аллаһ Тағаланың белгілі бір заттық сипатын көрсететін бөлігі. Мәселен, Аллаһ Тағаланың Есітуші (әс-Самиғ) деген есімі, Ол, жасырын болсын, жария болсын мейлі, барлық дыбысты есітетінін көрсетеді.
Немесе Аллаһ Тағаланың Көруші (әл-Басир) есімі мысал бола алады. Бұл есім Аллаһ Тағаланың көру сипатынан үлкен және кіші нәрселердің ешқайсысының тыс қалмайтынын білдіреді. Аллаһ Тағаланың Білуші (әл-Алим) есімі де мысал бола алады, бұл – Оның бәрін қамтитын білімін көрсетеді. Бұл туралы Аллаһ Тағала айтты:
«Көктердегі, жердегі тозаңның түйірінің салмағындай нәрсе Одан тасаланбайды. Сондай-ақ одан үлкені де, кішісі де белгілі бір кітапта жазулы». (Сәбә, 3)
Ал, Аллаһ Тағаланың Құдіретті (әл-Қадир) есімі Оның барлық нәрсені жарататын, барлық нәрсені жоқ ететін теңдесі жоқ құдіретін көрсетеді.
3. Аллаһ Тағаланың іс-қимыл сипатын көрсететін бөлігі. Мәселен, Жаратушы, өмір сүруге қажетті Ризық беруші, жоқтан бар Етуші, Бейнелеуші, тағы сол сияқты.
4. Аллаһ Тағаланың қандай да болмасын кемшілік атаулыдан Пәк екенін көрсететін бөлігі. Мысалы, Аллаһ Тағаланың Пәк (әл-Қуддус), айып-нұқсандардан Аман (әс-Сәләм)72 секілді есімдері.
72Бұл сөздің түбірі «син», «ләм» және «мим» деген әріптерден тұрады, ал осылармен түбірі бір «сәлимә» етістігі «»құтылу, арылу, еркін болу» мағынасын білдіреді. Бұл сөз Аллаһ Тағалаға қатысты айтылғанда Аллаһ Тағаланың бұл есімінің бір ғана «айып-нұқсандардан Аман» деп тәржімалануы, бұл сөздің басқа да түсініктемелерін айтпағанның өзінде, «әс-Сәләм» деген араб сөзіндегі барлық мағынаны қамти алмайды. Бұл айтылған сөздер Аса Құдіретті Аллаһ Тағаланың барлық есімдеріне қатысты.
55-сұрақ:
Көркем есімдер Аса Құдіретті және Ұлы Аллаһ Тағалаға қатысты қолдану жағынан неше бөлікке бөлінеді?
Жауабы:
Аллаһ Тағаланың есімдерінің арасында Аллаһ Тағалаға қатысты жекелей немесе басқа есімдерімен бірге пайдалануға болатын есімдері бар.
Мәселен, Тірі (әл-Хайи) және мәңгілік бар болып Тұрушы (әл-Қайюм) есімдерін қарастырайық. Бұл есімдерді бір тіркес ретінде де айтуға болады немесе біреуін айтып, екіншісін айтпауға болады. Жалғыз (әл-Ахад), Мәңгілік (әс-Самад) деген есімдері де сол сияқты. Олар Аллаһ Тағаланың мүлтіксіз кемел сипаттарын білдіреді.
Көркем есімдердің арасында өздеріне қарама-қарсы болатын есімдермен біргелікте ғана Аллаһ Тағалаға қатысты қолдануға болатын есімдер бар, себебі, оларды жеке қолданғанда Аллаһ Тағалаға қандай да бір кемшіліктер тән деген ой тудыруы мүмкін. Мұндай есімдерге, мәселен, зарар Жеткізуші (әд-Дарр) әрі пайдалы нәрсені Әкелуші (ән-Нафиғ) есімдері тек бірлікте ғана қолданылуы тиіс, әд-Даррды айтып, ән-Нафиғты айтпай кетуге болмайды. Басқа мысалдары мыналар: дәрежелерді төмен Қылушы (әл-Хафид) әрі дәрежелерді Көтеруші (әр-Рафиғ), сыйлық Беруші (әл-Муғти) әрі тосқауыл Қоюшы (әл-Маниғ), күш Беруші (әл-Муғизз) әрі қалағанын Қорлаушы (әл-Музилл) т.с.с. есімдер. Зарар Жеткізуші, дәрежені төмен Қылушы, тосқауыл Қоюшы және Қорлаушы сияқты есімдерді Аллаһ Тағалаға қатысты жеке қолдануға тиым салынған және бұл есімдер уахиде де, Құранда да, Сүннетте де жеке қолданылған емес. Мұндай есімдердің қатарына Құранда Оған қатысты басқа сөздермен біргелікте қолданылған Аллаһ Тағаланың кек Алушы (әл-Мунтақим) деген есімін қосуға болады. Бұған мысал ретінде Аллаһ Тағаланың мына сөзін келтіреміз:
«Әрине күнәһарлардан кек аламыз73». (Сәжде, 22)
73Арабша мәтінде «кек аламыз» деген сөз «мунтақимуна» (кек алушылар) түрінде жазылған.
56-сұрақ:
Аса Құдіретті Аллаһ Тағаланың сипаттары арасында заттық сипаттары және іс-қимыл сипаттары бар екендігі жоғарыда айтылған болатын. Құран мен Сүннетте Аллаһ Тағаланың заттық сипаттарына қандай мысалдар келтірілген?
Жауабы:
Аллаһ Тағала былай дейді:
«Аллаһтың екі қолы ашық74». (Мәида, 64)
74Яғни, Өте Жомарт
«Оның Жүзінен басқа әрнәрсе жоқ болады». (Қасас, 88)
«Ұлы дәрежеге Ие әрі Жомарт Раббыңның Жүзі ғана қалады». (Рахман, 27)
«(Әй, Мұса! Саған) көз алдымда бағылуың үшін Өз тарапымнан махаббат салдым». (Таһа, 39)
«Ол нендей толық Көруші, Есітуші». (Кәһф, 39)
«(Аллаһ Тағала): «Қорықпаңдар! Сендердің екеуіңмен біргемін. Естимін, көремін»-деді». (Таһа, 46)
«Аллаһ, олардың алдарындағыны да, арттарындағыны да біледі. Басқалар оны толық білмейді». (Таһа, 110)
«Және Аллаһ (Тағала) Мұсамен (тікелей) сөйлескен». (Ниса, 164)
«Сол уақытта Раббың Мұсаға: «Залым елге бар» деп үндеді». (Шуғара, 10)
«Раббылары екеуіне: «Екеулеріңді осы ағаштан тыймап па едім?»,-деді. (Ағраф, 22)
«Аллаһ (Тағала) ол күні, оларға: «Елшілерімізге не жауап бердіңдер?»-деп дауыстайды». (Қасас, 65)
Мұндай дәлелдер басқа да аяттарда бар.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:
«Оның жамылғысы – нұр, егер Ол жамылғысын алып тастаса, онда (Аллаһ) дидарының нұры Оның көзі жеткен жердегі барлық жаратқандарын өртеп жіберер еді». (Мүслім)
Пайғамбарымыз (с.а.с.) және былай деді:
«Аллаһ Тағаланың оң қолы толы, және (ондағы бар нәрсе) күндіз-түні барынша жұмсалғанымен азаймайды. Айтыңдаршы маған: Оның Аршы су үстінде орнатылғаннан соң75 көктер мен жердің жаратылғанынан бері Ол қанша жұмсады, Бірақ Оның оң қолындағыдан ешнәрсе кеміген жоқ қой! Ал Оның басқа қолында – молшылық76 (береке) (немесе ...таршылық77), Ол жоғарылатады және төмендетеді». (Бұхари, Мүслім)
75«Худ» сүресі, 7-ші аятқа қараңыз. Бұл жерде Аллаһ Тағаланың Тағы (Аршы) аспандар мен жер жаратылғанша су үстінде болғаны туралы айтылуда.
76Бұл жерде жомарттық пен басқа да түрлі игіліктер туралы айтылуда.
77«Таршылық» (қабд) ажал деген ұғымды білдіреді. Риуаят етушінің күмәндану себебі, жазылуы бойынша «молшылық» (файд) және «таршылық» (қабд) сөздері өзара ұқсас, олардың бірінен бірін араб әріптерінің астына және үстіне қойылатын нүктелердің саны ғана ажыратып тұрғандығы.
Дажжал туралы хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.):
«Рас, Аллаһ сендерден жасырын қалмайды. Рас, Аллаһ Тағала жалғыз көзді емес»-деп, ол өз көзін көрсетті78. (Бұхари, Мүслім)
78Бұл жерде антихрист (әл-масих әл-кәззәб, яғни әл-масих әд-дәжжәл) Қиямет күні қарсаңында адамдарды арбайтын соңғы сиқыршы, ол жалғыз көзді, өзін құдаймын деп жариялайды.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) қандай да бір іс бойынша Аллаһ Тағалаға былайша жалбарынған:
«О, Аллаһ, шын мәнінде, маған Өзіңнің біліміңмен игілік бергейсің және Өз құдіретіңмен мені қуатты еткейсің және Сенің шексіз мейіріміңді өтінемін. Шын мәнінде Сен құдірет Иесісің, ал мен құдірет иесі емеспін, Сен білесің, ал мен білмеймін, және Сен (барлық) көместі білесің!» (Бұхари, Мүслім)
Пайғамбарымыз (с.а.с.) және былай деген:
«Шын мәнінде, сендер өз өтініш-тілектеріңмен есітпейтін және көмеске дұға жасап тұрған жоқсыңдар, (сендер) Есітуші, Көруші, Жақын Затқа дұға жасап тұрсыңдар!» (Бұхари, Мүслім, Ахмад)
Қайта тірілу туралы хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:
«Аллаһ Тағала: «Ей, Адам!»,-деді, ал ол: «Ләббәйкә!» (Мен Сенің құзырыңдамын)-деп (жауап берді)». (Бұхари, Мүслім)
Қайта тірілу күні Аллаһ Тағала Өзінің құлдарымен және жәннәттағылармен, тағы басқалармен сөйлесетіні туралы көптеген хадистер бар.
57-сұрақ:
Құранда іс-қимыл сипаттарының қандай мысалдары кездеседі?
Жауабы:
Аллаһ Тағала айтты:
«Ол сондай Аллаһ жер жүзіндегі барлық нәрселерді сендер үшін жаратты. Садан кейін аспанға бет алды». (Бақара, 29)
«Олар (Исламға толық кірмегендер), бұлттың көлеңкесінде Аллаһ және періштелер келіп, істің бітуін ғана күте ме?» (Бақара, 210)
«Олар Аллаһты шын мәнінде қадірлей алмады79. Негізінде Қиямет күні жер бүтіндей Оның уысында. Және көктер де Оның оң қолымен бүктеледі. Ол олардың қосқан ортақтарынан Пәк әрі Жоғары». (Зумәр, 67)
79Бұл жерде көпқұдайшылдардың Аллаһ Тағаланың ұлылығын өз дәрежесінде құрметтемегендігі, Оған бас имегендігі және Оның бұйрықтарын орындамағандығы туралы айтылуда.
«Екі қолыммен жаратқаныма (Адамға (а.с.)) сәжде етуден сені не тосты?»80 (Сад, 75)
80Бұл жерде Аллаһ Тағала ібіліске айтуда.
«Ол үшін81 тақтайларында82 әрнәрсені83 үгіт түрінде ашалап жазған едік». (Ағраф, 145)
81Бұл жерде Мұса (а.с.) туралы айтылуда.
82«Таурат» туралы сөз болуда.
83Исраил ұрпақтарының діни және дүнияуи істерден білуі қажет нәрселер
«Сонда Раббы тауға көрінген сәтте, оны быт-шыт қылды84». (Ағраф, 143)
84Яғни, Оның көрінісінен тау быт-шыт болды.
«Күдіксіз Аллаһ, қалағанын істейді». (Хаж, 18)
Басқа да аяттарды мысалға келтіруге болады.
58-сұрақ:
Іс-қимыл сипаттарының Сүннетте қандай мысалдары кездеседі?
Жауабы:
Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:
«Әр түні түннің соңғы үштен бірінде біздің жаратқан Иеміз дүние аспанына түседі». (Бұхари, Мүслім)
Шапағат жайлы хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мына сөздері келтірілген:
«Аллаһ Тағала оларға белгілі Өз бейнесінде келеді де: «Сендердің Иелерің – Менмін!»,-дейді, және олар: «Сен – біздің Иемізсің!»,-дейді». (Бұхари, Мүслім)
Мұнда біз Аллаһ Тағаланың іс-қимыл сипаты ретінде Аллаһ Тағаланың бейнесін айтып тұрған жоқпыз, Аллаһ Тағаланың келуін айтып тұрмыз.
Пайғамбарымыз (с.а.с) тағы да былай деген:
«Аллаһ Тағала Қиямет күні жерді уысында ұстайды, ал аспанды өзінің оң қолымен бүктейді де: «Мен ғана – Патшамын!»,-дейді». (Бұхари, Мүслім)
Пайғамбармыз (с.а.с.) және былай деді:
«Аллаһ Тағала барлық жан-заттарды жаратқанда Ол Өзіне өз қолымен: «Шын мәнінде, Менің мейірімім Менің ашуымнан үстем келеді»-деп жазып қойды». (Бұхари, Мүслім, Термизи)
Адам (а.с.) мен Мұса (а.с.) бір-біріне дәлел келтіргені туралы хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мына сөзі айтылады:
«Сонсоң Адам (а.с.) айтты: «Мұса, сені Аллаһ Өзімен сөйлесуге таңдады және саған Тауратты өз қолымен жазды». (Бұхари, Мүслім)
Аллаһ Тағаланың сөзі және Оның қолы Аллаһ Тағаланың заттық сипатына жатады, ал Аллаһ Тағаланың сөзді сөйлеуі; әрі заттық әрі іс-қимыл сипаты болады. Аллаһ Тағаланың Тауратты жазуы туралы айтар болсақ, бұл – Оның іс-қимыл сипаты болып табылады.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:
«Аллаһ Тағала күндіз күнә істеген адам тәубаға келуі үшін, түнде Өзінің қолын созады, және түнде күнә істеген адам тәубаға келуі үшін күндіз Өзінің қолын созады». (Мүслім, Ахмад)
Осы сияқты басқа да көп хадистердің бар екені белгілі.
59-сұрақ:
Аллаһ Тағаланың көркем есімдері барлық іс-қимыл сипаттарының туындысы ма, әлде Аллаһ Тағаланың барлық есімдері Ол түсірген аяттардан белгілі ме?
Жауабы:
Жоқ, Аса Құдіретті Аллаһ Тағаланың барлық есімдері тек қана Аллаһ Тағала түсірген аяттардан белгілі және Аллаһ Тағала Өзін Кітабында қалай атаған болса және Оны Оның елшісі қалай атаған болса, тек солай ғана атау керек.
Аллаһ Тағаланың Өзі еске салған іс-қимыл, әрекеті туралы айтар болсақ, олардың қайсысы болса да мақтаумен байланысты және мүлтіксіздігін көрсетеді. Бірақ, Аллаһ Тағала Өзін сипаттаған нәрселерінің бәрі бірдей Оның есімі ретінде қолдануға келмейді және мұндай сипаттардың бәрінен бірдей Аллаһ Тағаланың есімдері пайда болмайды.
Алайда, жоғарыда айтылған сипаттардың ішінде Аллаһ Тағаланың есімі ретінде қолдануға болатындары да бар.
Мәселен, Аллаһ Тағала айтты:
«Аллаһ, сендерді жаратып, сосын ризық береді, одан кейін өлтіреді, соңыра тірілтеді». (Рум, 40)
Және Ол расында да Өзін; Жаратушы, ризық Беруші, Тірілтуші, Өлтіруші және Басқарушы деп атады.
Сонымен бірге, Аллаһ Тағаланың Өзі айтып өткендей, Өз іс-қимыл, әрекеттерінің ішінде жазалау ретінде қолданылғандары да бар және олар нақты осы қарастырылып отырған мағынада мақтауға лайық және мүлтіксіз екендігін көрсетеді.
Мәселен, Аллаһ Тағала айтты:
«Мұнафиқтар Аллаһты алдамақшы болды. Негізінен Аллаһ, оларды Алдаушы85». (Ниса, 142)
85Ақиқатында Аллаһ Тағала ешкімді ешуақытта алдамайды. Бұл жерде Аллаһ Тағала адамдардың алдамақ болған әрекеттерін өздеріне бұрып, нәтижесінде олар өздерін өздері алдайтыны жайлы айтылуда.
«Олар86 айлакерлік істеді, Аллаһ та айлакерлік істеді87. Аллаһ тәсілшілдердің жақсысы88». (Әли Имран, 54)
86Бұл жерде Исаға (а.с.) иман келтірмеген яһудилер туралы сөз болуда.
87Яғни, олардың қулық-сұмдықтарынан ештеңе шықпайтын етті. Және бір риуаятта; Исраил ұрпақтары Исаны (а.с.) дар ағашына кермек болғанда, Аллаһ Тағала оны қудалаушылардың Исаға (а.с.) ұқсайтын біреуін ұстатты да, олар оны дар ағашына керіп қойды.
88Басқаша айтқанда, Ол олардың кез-келгенінен Күшті де Көреген.
«Олар Аллаһты ұмытты. Сондықтан Аллаһ оларды ұмытты». (Тәуба, 67)
Бірақ, жоғарыда аталған іс-қимыл сипаттарын Аллаһ Тағалаға тиісті аяттардың аясынан тыс қолдану мүмкін емес (тыйым салынған). Мәселен, Аллаһ Тағала қулықтарға барады, алдайды, қорлайды немесе осы тақылеттес істерге барады деуге болмайды. Сондай-ақ Оны айлакер, алдаушы немесе қорлаушы деу мүмкін емес, ешбір мұсылман яки есі дұрыс адам ешуақытта мұндай сөздерді айтпайды, өйткені Аса Құдіретті Аллаһ Тағала теріс істерге барған адамдарды жазалауға байланысты айтылған жағдайларда болмаса Өзін ешуақытта қулық, алдау, дұшпандық ойлау секілді ұғымдар арқылы сипаттаған емес.
Турасы мұндай теріс іс-қимыл үшін әділ жаза беруді жаратылған махлұқтардың өздері де қайырлы іс деп қабылдайтыны белгілі. Олай болса, бәрін Білуші, Әділ, Данышпан Жаратушы туралы не айтуға болады?!
60-сұрақ:
Аллаһ Тағаланың Жоғары (әл-Али) және Аса Жоғары (әл-Ағла) есімдерінің мағынасы не және олардың Көрнеу (әз-Заһир), бәрін Бағындырушы (әл-Қаһир) және Жоғары Дәрежелі (әл-Мутаали) сияқты есімдерінің мәніне қандай қатысы бар?
Жауабы:
Жоғары және Аса Жоғары сияқты есімдер өздері қайсы сипаттан туындаған болса, сол сипатты білдіреді. Басқаша айтқанда, Аса Құдіретті және Ұлы Аллаһ Тағаланың барлық жағдайда да ең жоғары дәрежені иемденетінін (әл-улуу) айғақтайды.
Мәселен, Аллаһ Тағала Өз Аршысының үстіне көтеріледі және Ол – Өзінің барлық жаратқандарынан Жоғары. Ол олардан бөлек, олардың не істейтінін біледі, олар туралы толық мағлұматқа Ие халде оларды бақылайды және ешнәрсе Одан жасырын қала алмайды және Ол барлығынан Жоғары деген сөз, Ол бәрін Өзіне бағындырады, Оны ешкім жеңе де алмайды, Онымен бәсекелесе де алмайды, қарсы да келе алмайды, кедергі де келтіре алмайды деген мағынаны білдіреді. Оның ұлылығы алдында барлығы бас иеді, Оның құдіреті алдында бас иеді және Оның айбындылығына бағынады және барлық нәрсе Оның билігінде және Оның билігінен құтылып кету мүмкіндігі жоқ болуынан Оның қол астында және Ол барлығынан Жоғары деген сөз Аса Құдіретті, Ұлы, Аса Игілікті және Жоғары Мәртебеліге мүлтіксіз сипаттардың бәрі де тән екенін, Оның қандай да бір кемшілігі болуының мүмкін еместігін білдіреді.
Бәрінен жоғары болу туралы ұғымды қандай көзқарас тұрғысынан қарастырсақ та, олар өзара байланысты бірінен-бірін бөліп қарастыруға келмейді.
61-сұрақ:
Аллаһ Тағала Өзі жаратқандарынан жоғары тұратынына Құранда қандай дәлелдер бар?
Жауабы:
Бұл туралы аяттар өте көп, жоғарыда қарастырылған көп мәнді есімдер де осыларға жатады.
Аллаһ Тағаланың төмендегі сөздері бұған дәлел бола алады:
«Әр-Рахман, Аршыға көтерілді». (Таһа, 5)
Бұл туралы Құранның жеті аятында айтылады:
«Жер теңселген сәтте Аспандағының сендерді жерге жұттыруынан бейбітсіңдер ме? Немесе Көктегінің сендерге тас жаудыруынан қауіпсізсіңдер ме? Ескертуімнің қалай екенін таяуда білесіңдер». (Мүлік, 16-17)
Бұл туралы екі аятта айтылады:
«Өздерінен Үстем болған Раббыларынан қорқады». (Нахыл, 50)
«Көркем сөз Аллаһ жаққа шығады. Сондай-ақ жақсы амал оны көтереді». (Фатыр, 10)
«Ол жоғары орынға періштелер және (Сенімді) Рух89 көтеріледі». (Мағариж, 4)
89Бұл жерде Жәбірейіл (а.с.) туралы айтылуда.
«Ол көктен жерге дейін істі90 меңгереді».(Сәжде, 5)
90Бұл жерде «іс» – әмір (бұйрық) деген сөз Аллаһ Тағаланың тағдыры мен дінге байланысты Оның бұйрықтары, яғни діни заң (шариғат) дегенді білдіреді.
Аллаһ Тағала және былай деді:
«Әй, Иса! Сені Мен алушымын! Сондай-ақ Өз тарапыма көтерушімін91...» (Әли Имран, 55)
91Аллаһ Тағала Исаны (а.с.), ол жердегі міндетін атқарып болған соң оны жоғары алды, Аллаһ Тағала оны Қиямет жақындағанда жерге түсіреді.
Құранда басқа да аяттар бар.
62-сұрақ:
Сүннетте осыған ұқсас дәлелдер бар ма?
Жауабы:
Пайғамбарымыздың (с.а.с) Сүннетінде мұндай дәлелдер өте көп.
Бәну Құрайза92 қабиласын қоршауға алу туралы хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) Саъдқа93:
«Сен Әміршінің жеті көктің жоғарысынан шығарған үкіміне сай үкім шығардың»,-дейді. (Бұхари, Мүслім, Ахмад)
92Бәну Құрайза – яһуди дінін ұстанушы қабила. 627 жылы Мәдинаны құрайыштықтар мен олардың одақтастары қоршап алған кезде бұлар мұсылмандармен түзген келісім-шарттарын бұзып мұсылмандарға қарсы соғыста құрайыштықтар мен олардың одақтастары жағына шыққандығы үшін, кейін жазалаған. Мұсылмандар олардың қамалын қоршап алған соң, біраз уақыттан кейін олар мұсылмандарға берілген.
93Бұл жерде Аус қабиласының көсемі Саъд ибн Муъаз (р.а.) туралы сөз болуда. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір кезде Аус қабиласымен одақтас болған бәну Құрайза қабиласының адамдарының тағдыры туралы үкім шығаруды осы кісіге тапсырды. Ал Саъд ибн Муъаз (р.а.) олардың еркектерін өлтіруге, әйелдері мен балаларын құлдыққа, ал мал-мүлкін соғысқа қатысушыларға үлестіріп беруге үкім шығарды. Міне, сол кезде Пайғамбарымыз (с.а.с.) осы сөздерді айтқан.
Және бір хадисте айтылуынша, Пайғамбарымыз (с.а.с.) күңнен:
«Аллаһ қайда?»,-деп сұрады. Ол: «Көкте»,-деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.) күңнің қожасына: «Оны азат ет, өйткені, шын мәнінде, ол – иман келтірген»,-деді. (Мүслім, Ахмад)
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Миғражға көтерілгендігі туралы хадистердің мазмұны және Оның кезек ауысып тұрушы періштелер жайлы хадисте келтірілген сөздері де осыған дәлел болады:
«Содан соң түнде сендермен бірге болған періштелер (көкке) көтеріледі және Аллаһ Тағала (адамдардың істері туралы) бәрінен жақсы білсе де, олардан (адамдар жайлы) сұрайды». (Бұхари, Мүслім)
Пайғамбарымыз (с.а.с.) және айтты:
«Кім халал жолмен тапқандарынан құрма (бағасына) тең садақа берсе, (сауабын алады...). Аллаһ Тағалаға жақсылықтан басқа ешнәрсе көтерілмейді». (Бұхари, Мүслім)
Уахи туралы хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:
«Аллаһ Тағала көктерде бұйрық бергенде, періштелер Оның сөзіне бағыну белгісі ретінде қанаттарын қағады, (сол кезде) олар шынжырды тас үстінде сүйреткендегідей (дыбыс шығарады)». (Бұхари, Термизи, Ибн Мәжәһ, ұзақ хадистің үзіндісі)
Және де Бұхари, Аллаһ оған рахмет етсін, Зәйнәб (р.а.) туралы хадисті келтіреді. Онда Зәйнәб Пайғамбарымыздың (с.а.с.) басқа әйелдеріне мақтанышпен:
«Сендерді күйеуге сендердің туыстарың берді, ал мені тұрмысқа шығарған – жеті қат көктердің үстіндегі Аллаһ»,-деп айтқан.
(Бұл жерде Зәйнәб, оның Пайғамбарымызбен (с.а.с.) некелесуіне рұқсат жоғарыдан түсірілгенін айтып отыр. «Ахзаб» сүресінің, 37-ші аятына қараңыз).
Ғұламалар келісім берген басқа да көптеген дәлелдерді мысал ретінде келтіруге болар еді.
63-сұрақ:
Аллаһ Тағаланың Арышқа көтерілгені (истиуа) туралы біздің алдымызда өткен салих кісілерден болған дін имамдары не айтты?
Жауабы:
Олардың бәрі, оларға Аллаһ рахмет етсін, «көтерілу» (истиуа) белгісіз бір нәрсе емес, бірақ Аллаһтың истиуа етуі қандай болуын білуге адам санасы әлсіз, бұған илану – парыз, бұл туралы сұрау – бидғат, сөз – Аллаһ Тағаладан, елші (адамдарға) жеткізуге міндетті, ал біз тек мақұлдауға және бағынуға94 тиіспіз»,-деп жауап берген. Аллаһ Тағаланың есімдері мен сипаттарына қатысты басқа аяттар мен хадистер туралы да олар осы пікірді білдірген.
94«Көтерілу» (истиуа) туралы олардың мына (сөздері) белгілі:
- Аллаһ Тағаланың: «Әр- Рахман Арышқа көтерілді» (Таһа, 5), деген сөзі туралы Умму Сәләмә (р.а.): «Қалай?» деп сұрау – қисынсыз, мағынасы белгісіз нәрсе емес, оны растау – иман, ал сұрақтар беру – бидғат»,-деген.
- «Ол қалай көтерілді?»-деп сұраған адамға Мәлик бин Анас (р.а.): «Қалай» деу – қисынсыз, Оның көтерілгені белгісіз нәрсе емес, бұған иман келтіру - уәжіб, ал бұл туралы сұрақтар беру – бидғат»,-деп жауап берген. Сонсоң Мәлик бин Анастың (р.а.) бұйрығы бойынша ол адамды шығарып жіберген.
- Аллаһ Тағаланың «Әр-Рахман Арышқа көтерілді» деген сөзі туралы Мәликтің ұстазы Рабъадан «Ол дәл қалайша көтерілді?»-деп сұрағанда, ол: «Мағынасы белгісіз бір нәрсе емес, «Қалай?»-деп сұрау – ақылсыздық, хабар Аллаһ Тағала тарапынан, елші оны адамдарға жеткізуге міндетті, ал бізге иман келтіру – уәжіб»,-деп жауап берген.
«Сондай-ақ ғылымда озат болғандар: «Бұған95 сендік. Барлығы Раббымыздың қасынан»,-дейді». (Әли Имран, 7)
95Бұл жерде Құран туралы айтылуда.
Және Аллаһ Тағала Исаның (а.с.) жәрдемшілерінің (хауарилердің) былай деп айтқандарынан хабар береді:
«Біздер Аллаһ үшін көмекшіміз, Аллаһқа иман келтірдік, куә бол, шынайы мұсылманбыз»,-деді». (Әли Имран, 52)
64-сұрақ:
Аллаһ Тағаланың бәрін Бағындырушы екендігіне Құранның қандай аяттары дәлел болады?
Жауабы:
Мұндай дәлелдер көп. Мәселен, Аллаһ Тағала айтты:
«Және Ол құлдарының үстінен Өте Өктем». (Әнғам, 18)
Бұл сөздерде Аллаһ Тағала бәрін Бағындырушы және бәрінен Жоғары Тұрушы екендігіне дәлел бар.
Аллаһ Тағала айтты:
«Ол одан Пәк. Ол Аллаһ Жалғыз, Өте Үстем». (Зумәр, 4)
«Бүгін патшалық кімдікі? Тек қана Жалғыз, Тым Өктем Аллаһтікі» (делінеді)». (Ғафыр, 16)
«(Мұхаммед (с.а.с.)): «Шын мәнінде мен бір ескертуші ғанамын. Өте Өктем Бір Аллаһтан басқа тәңір жоқ» де». (Сад, 65)
«Ол, кекілінен ұстамаған (толық меңгермеген) ешбір жан-зат жоқ». (Худ, 56)
«Әй, жын мен адамзат тобы! Көктер мен жердің шектерінен өтуге шамаларың келсе96, өтіңдер. Өте алмайсыңдар! Тек бір қуатпен ғана өте аласыңдар97». (Рахман, 33)
96Яғни, Аллаһ Тағаланың тағдыр еткенін ашып құтылу үшін егер бұл қолдарыңнан келсе.
97Ондай күш-қуат тек Аллаһ Тағалада ғана.
65-сұрақ:
Аллаһ Тағаланың бәрін Бағындырушы екеніне қандай хадистер дәлел болады?
Жауабы:
Сүннетте мұндай дәлелдер көп. Мәселен, ұйықтар алдында Пайғамбарымыз (с.а.с.) Аллаһ Тағалаға жалбарынып:
«Сенің қол астыңдағы барлық зұлымдықтан Өзіңнен пана сұраймын»,-дейтін. (Мүслім, Ибн Мәжәһ)
Және Пайғамбарымыз (с.а.с.) тынышсызданып, қайғы-мұңға кездескен кезде Аллаһ Тағалаға жалбарынып былай дейтін:
«О, Аллаһ! Шын мәнінде мен Сенің құлыңмын, (және) Сенің құлыңның ұлымын және Сенің күңіңнің ұлымын. Мен Сенің қолыңдамын, Сенің ұйғарымың – маған өтеді, Сенің маған тағдыр еткенің98 – әділ». (Ахмад)
98Бұл жерде Аллаһ Тағаланың белгілеген өлшеуі туралы айтылуда.
Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.а.с.) түнгі намаз кезінде Аллаһ Тағалаға жалбарынып былай дейтін:
«Шын мәнінде сен үкім шығарасың, бірақ Саған үкім шығарылмайды. Әрі Сен кімді дос тұтсаң ол ешуақытта қорланбайды, Сен кімді дұшпан тұтсаң, оған ешуақытта абырой жоқ». (Насаи, Термизи)
Басқа да көптеген мысалдар келтіруге болар еді.
66-сұрақ:
Аса Құдіретті және Ұлы Аллаһ Тағаланың дәрежесінің жоғары екендігіне не дәлел бар және Ол туралы сөз қозғалғанда нені теріске шығару керек?
Жауабы:
Білгін, Аллаһ Тағаланың дәрежесінің жоғары екендігіне Оның терең мағыналы Өте Пәк (әл-Қуддус), айып-нұқсандардан Аман (әс-Сәләм), Ұлы (әл-Кәбир) және Жоғары (әл-Мутаали) секілді есімдері, сондай-ақ оның кәміл және ұлылық сипаттарына ие болуынан туындайтын нәрселер дәлел.
Ол Өзінің бірлігінде, біреулердің Онымен азғантай да болса билік бөлісуіне немесе біреулердің Оған жәрдем беруіне немесе Оның рұқсатынсыз Оның қасында шапағатшы болуына немесе Оған қамқоршы болуына мүмкіндік бермейтіндей Ол бәрінен Жоғары.
Ол Өзінің ұлылығы, айбындылығы, бөлінбейтін біртұтас және қуатында біреулер Онымен бәсекелесе алуына немесе Оны жеңуіне немесе Оны қорланудан қорғап Оған жәрдем ете алуына мүмкіндік бермейтіндей Ол бәрінен Жоғары.
Ол Өзінің мәңгілігінде, әйелі, баласы, Өзіне тең немесе ұқсас әкесі болуына мүмкіндік бермейтіндей Ол бәрінен Жоғары. Ол Өзінің мүлтіксіз кемелдігіне, өмірінде, мәңгіліктігі мен құдіреттілігінде Ол өлімнен, қалғу, ұйқы, шаршау немесе қалжыраудан Жоғары.
Ол, мүлтіксіз ілімнің Иесі, салақтық, ұмытшақтық және жер бетіндегі яки көктердегі кез-келген тозаң жайлы білмеуден Жоғары.
Асқан даналықтың Иесі, Ол, ермек үшін әлдебір нәрсені жаратудан немесе жаратылғандарға ешнәрсе бұйырмай, ешнәрсеге тыйым салмай өздерін өздеріне тастап қоюдан немесе олар тиісті сый-сияпат яки жазасыз қалатындай қайта тірілтпей қалдырудан Жоғары.
Өзінің дәлдігінің кемелдігінде, Ол кімді болса да титтей де ренжітуден яки адамдардың жақсы істерін өз дәрежесінде бағаламаудан Жоғары.
Ешнәрсеге мұқтаж еместігінде, Ол (біреулердің) Оны асырауынан немесе үлес беруінен Жоғары.
Ол Өзін сипаттаған немесе Оның елшісі Оны сипаттаған барлық қасиеттерге Ие болудан, Ол мұқтаждықтан, Өзін әлдебіреулерге ұқсатудан Жоғары.
Барлық данқ пен мадақ – Оның құдайлық болмысына, Оның үстемдігі – Оның ғажап көркем есімдері және Оның жоғары сипаттарына кереғар барлық нәрселерден Пәк, Қастерлі, Жоғары Мәртебелі, Аса Ұлы Аллаһ Тағалаға лайық.
Аллаһ Тағала айтты:
«Әрі көктер мен жердегі жоғары сипат Оған тән99». (Рум, 27)
99Яғни, Аллаһ Тағала ең жоғары қасиеттерге немесе сипаттарға ие.
Қарастырылып отырған мәселеге қатысты Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Сүннетінің хадистері белгілі, өте түсінікті және өте көп.
67-сұрақ:
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Аллаһтың көркем есімдері туралы:
«Кім оларды жатқа білсе, сол жәннәтқа кіреді100»,-деген сөздерінің мағынасы не?
100Бұл жерде Бұхари мен Мүслім келтірген хадис туралы сөз болуда. Онда Пайғамбарымыз (с.а.с.):
«Расында, Аллаһ Тағаланың тоқсан тоғыз есімі бар, кім оларды жатқа білсе, жәннәтқа кіреді»,-деген.
Жауабы:
Бұл сөздерге түрлі түсініктер берілген. Мәселен, бұл сөздер Аллаһ Тағаланың барлық есімдерін есте сақтауды және сол есімдерді пайдалану арқылы Оған мақтаулар айтып, жалбарынуды білдіреді. Сонымен қатар бұл сөздер Аллаһ Тағаланың құлы бұл есімдер нені білдірсе, соған өзін үйретуге және оларға еліктеуге, мәселен, егер құл осыған ұқсас қасиеттерге ие болса, өз шама-шарқынша мейірімді және қамқор болуға әрекет жасауға тиіс екендігін білдіреді.
Ал, Аллаһ Тағаланың Өктем (әл-Жаббар), Ұлық (әл-Азим) немесе Тәкәббар (әл-Мутәкәббир) сияқты сипаттары туралы айтар болсақ, онда пенде бұларды мойындап, олардың алдында бас иіп, бұл сипаттардың ешқайсысын пайдалануға ұрынбауы тиіс.
Егер уәдеге қатысты Аллаһ Тағаланың Кешіруші (әл-Ғафур), Игілікті (әш-Шакур), Аяушы (әл-Афуу), Жанашыр (әр-Раууф), Биязы (әл-Халим), Қайырымды (әл-Жаууад) және Жомарт (әл-Кәрим) сияқты сипаттары туралы айтар болсақ101, онда пенде ықылас, тілек және талаптанудан ары аспауы керек102.
101Бұл жерде жоғарыда аталған есімдердің әрқайсысы Аллаһ Тағаланың белгілі бір шарттарын орындағанда Аллаһ Тағала әрбір есімінің мазмұн-мәніне сәйкес құлына өз есімдеріне тән уәдені орындайды; мәселен, егер құл ізгі істер істей бастаса, Аллаһ Тағала сауап жазады, кешіреді, т.т.
102Яғни, Аллаһтың құлы Аллаһ Тағаланың жоғарыда айтылған есімдерімен белгіленген қасиеттерінің өзіне қатысты көрінуіне жету үшін ұмтылыс жасаумен шектелуге тиіс, олар туралы Құранда айтылғаннан артық нәрсені білуге талпынбауы қажет.
Ал, Аллаһ Тағаланың қорқытуға қатысты, мәселен, Аса Үстем (әл-Азиз), кек алу (мүмкіндігіне) Ие (Зу-интиқам), жазалауда Қатал (Шәдидул-иқаб) немесе есепте Жылдам (Сариъул-хисаб) сияқты сипаттары туралы айтар болсақ, онда пенде қорқумен шектелуі керек.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сөздерінің мағынасы, пенде осы есімдердің мағынасының хақиқи шын екеніне куәлік беруі тиіс және пендеге не істеуі лайық болса, солай амал жасап Аллаһ Тағаланың есімдерін өз дәрежесінде құрметтеуі қажет дегенді білдіреді. Бұл айтылғанға Аллаһ Тағаланың Өз жаратқандарынан артықшылығын және олардан жоғары тұратын, Ол Өз Аршысына көтерілгенін және Өз жаратқандарынан бөлек, сонымен бірге олар туралы толық білімі болып, оларға Өз құдіретін білдіргеніне куәлік беру мысал бола алады. Міне, осындай адам жанарын төмен салып, бағынышты құл құдіретті билеушісінің алдында қалай тұратын болса, Аллаһ Тағаланың алдында солай бойсұнып тұрып Онымен құпия әңгімелесуді бастайды, сондай-ақ ол барлық сөздері мен істері Аллаһ Тағалаға жететін және Оған көрсетілетінін сезініп, осы себептен кейін жоғары ортада өзіне масқара болып жабысатын бірер нәрсе айтуға немесе істеуге арланып және Аллаһ Тағаланың бұйрықтары мен жарлықтары түрлі әлемдердің барлық түкпіріне үздіксіз түсетінін, сол бұйрықтар мен жарлықтары арқылы Аллаһ Тағала өлтіріп және тірілтіп, абыройын асырып және масқара қылып, төмендетіп немесе жоғарылатып, сыйлық беріп немесе алып қойып, қасірет-қайғыны аулақтатып немесе оларды үстіне жіберіп адамдардың жағдайын өзгертіп басқаратынын, бәріне билік жүргізетінін, Өзінен басқа ешбір билеуші болмаған Өз патшалығын басқа да көптеген жолдармен жеке дара билейтінін көріп, нәтижесінде жүрегінде Аллаһ Тағалаға ұмтылыс пайда болатындай, Аса Құдіретті Аллаһ Тағаланың жоғарыда аталған қасиеттеріне сай құлшылық етеді. Ал Оның жарлықтары туралы айтар болсақ, олар барлық нәрсеге жол табады, өйткені, Аллаһ Тағала:
«Ол көктен жерге дейін істі игереді103. Сосын сендердің санауларың бойынша, мың жыл шамасындағы бір күнде (амалдар) Оған көтеріледі104». (Сәжде, 5)
103Мұндағы «іс» – әмір (бұйрық) деген сөз Аллаһ Тағаланың тағдыр еткені, сондай-ақ дінге байланысты Оның бұйрығы, басқаша айтқанда, діни заң (шариғат) туралы айтылуда.
104Бұл сөздерге түрліше түсінік берілген. Мәселен, періштелердің Аллаһ Тағаланың бұйрығымен жерге түсіп, сонсоң Оның құлдарының істері жайлы айту үшін қайта көтерілуі туралы.
Жоғарыда аталғанға кімнің білімі мен құлшылығы толығымен сәйкес келсе, ол адамға Жалғыз Аллаһ Тағала жетіп асады. Бұл айтылған сөз Аллаһ Тағаланың бәрін қамти алатын ілімі, Оның есітуі, көруі, өмірі, мәңгілік бар екендігі және басқа да сипаттарына куәлік бергендерге де қатысты, бірақ мұндай қабілет, мұндай куәлік беру қабілеті, басқалардан иманы озық тұрған, (Аллаһ Тағалаға) жақындарға ғана нәсіп болған.
68-сұрақ:
Аллаһтың есімдері мен сипаттарындағы жалғыздығының қарама-қарсысы не?
Жауабы:
Мұның қарама-қарсысы – Аллаһ Тағаланың есімдеріне, сипаттарына және аяттарына (белгілеріне) қатысты нәрселерде әртүрлі бұрмалаулар. Олар үш түрлі:
- Аллаһ Тағаланың есімдерінің хақиқи мазмұнын теріске шығарып, бұл есімдермен пұттарды атап, өлеңдерге бірдеңелерді қосып немесе бірдеңелерді алып, олардан, мысалы, әл-Иләһ (Тәңір) деген сөзден – әл-лат, әл-Азиз (Аса Үстем) есімінен – әл-узза, әл-Мәннән (Жарылқаушы) есімімен манат деген атауларды105 қолдан жасап алған көпқұдайшылдардың бұрмалаулары.
105Әл-ләт, әл-узза, және манат – исламға дейінгі арабтар табынған бұттардың аттары.
- Аллаһ Тағаланың сипаттарын қалай қабылдау қажет екеніне өздерінше түсінік беріп, оларды адамдарға тән қасиеттерге ұқсатқан мушәббиһтердің106 бұрмалаулары.
106«Мушәббиһтер» («тәшбиһ» сөзінен алынған, мағынасы – ұқсату) – антропоморфистер, Аллаһ Тағаланы адам келбетінде (көзге) елестетушілер.
Бұл бұрмалау көпқұдайшылдардың бұрмалауларына ұқсас, өйткені, олар жаратылғандарды Жаратушыға теңестіреді, ал мыналар Аса Жоғары және Өте Пәк (әл-Қуддус) Аллаһ Тағаланы түрлі жаратылғандар деңгейіне дейін төмендетеді де, соларға ұқсатады. Муаттилдердің107 бұрмалауы, олар Аллаһ Тағаланың сипаттарын мойындамайды әрі оларды екіге бөледі.
107«Муъаттиллер» («таътил» сөзінен алынған, мағынасы – айыру, теріске шығару) – Аллаһ Тағаланың сипаттарының бар екенін теріске шығарушылардың (яғни, муътазилдердің) бір атауы.
Олардың кейбіреулері Аллаһ Тағаланың есімдерін мойындайды да, бірақ осы есімдеріне тән кемел сипаттарын теріске шығарады. Олар: «Мейірімсіз (яғни мейірімі жоқ) Мейірімді, білімсіз Білуші, есіту қабілетінсіз Есітуші, көру қабілетінсіз Көруші, қуаты жоқ Құдіретті, тағы басқа»,-дейді.
Ал басқалары Аллаһ Тағаланы есімдері де, сипаттары да жоқ абсолютті жоқтық деп түсіндіріп, Аллаһ Тағаланың есімдерін де, Оған тән сипаттарын да ашық және түгелдей теріске шығарады.
Аллаһ Тағала Пәк! Ол, әділетсіздер мен бұрмалаушы және теріске шығарушылардың айтқандарынан Тым Жоғары, өйткені, Аллаһ Тағала айтты:
«Ол, көктер мен жердің әрі арасындағылардың Раббы. Сондықтан Соған құлшылықта сабырлы бол108! Оған аттас (біреуді) білетінің бар ма?109» (Мәриям, 65)
108Бұл жерде Аллаһ Тағалаға құлшылық етуде барынша күш салып, құлшылықты өте жақсы орындауға әрекет жасау қажеттігі айтылуда.
109Бұл жерде «Аллаһ» есімі туралы сөз болуда. Бұл сөздердің жалпы мән-мағынасы Аллаһ Тағала секілді ешкімнің жоқ екендігіне саяды.
«Ешнәрсе Ол сияқты емес. Ол Аллаһ, әрнәрсені Есітуші, Толық Көруші». (Шура, 11)
«Өйткені, Аллаһ, олардың алдындағыны да, арттарындағыны да біледі. Басқалар оны толық білмейді». (Таһа, 110)
69-сұрақ:
Аллаһ Тағаланың жалғыз екендігін (таухид) мойындаудың барлық түрлері, біреуіне қайшы келген нәрсенің барлығына да қайшы келетіндей, өзара соншалықты тығыз байланысты ма?
Жауабы:
Әлбетте. Олар шындығында да өзара ажырамастай бір-бірімен тығыз байланысты және бір нәрседен көпқұдайшылдыққа түскен адам қалған түрлеріне де қатысты көпқұдайшыл болып қалады. Аллаһ Тағаладан басқа әлдебіреуге жалбарыну, тек Аллаһ Тағаланың құдіреті жететін мәселеде әлдебіреуге өтініш білдіру бұл айтылғанға мысал бола алады.
Мұндай жалбарынулар жай ғана бас ию емес, сол бас июдің мән-мағынасы болып табылады, өйткені, ол Аллаһ Тағалаға арналмады, Аллаһ Тағалаға ғана тән құдайлық болмысты мойындауға кереғар көпқұдайшылдық болып шығады. Егер адам баласы «Бұл мәселені Аллаһ Тағаладан басқа біреулер шеше алады» деп, бір игілікке жету үшін немесе бір зұлымдықты қайтару үшін өз қажетін қанағаттандыру мақсатында (әлдебіреуге) жалбарынса, бұл Аллаһ Тағаланы бірден-бір Құдай етіп мойындауға кереғар көпқұдайшылдықтың көрінісі болады. Себебі, мұндай адам Аллаһ Тағаланың патшалығындағы (билігіндегі) бір нәрселерге Аллаһ Тағаламен қатар әлдебіреулер бұйрығын өткізе алады деп есептейді, өйткені, ол сол біреулер алыстан болса да, жақыннан болса да кез-келген уақытта, қай жерде болса да өтініш-тілегімді есітеді деп күмәнсіз сеніммен оларға жалбарынады. Кейбіреулер мұндай істерін жасырмайды да. Бірақ, мұндай іс-әрекеттер Аллаһтың есімдері мен сипаттарындағы жалғыздығына кереғар көпқұдайшылдықтың көрінісі болып табылады. Өйткені, бұл Аллаһ Тағаладан басқа қашықтыққа тәуелсіз, қаншалықты алыста болса да барлық дыбысты есітуге қабілетті тағы басқа біреулер бар деп білу болып отыр. Сонымен, Аллаһ Тағаланың құдайлық болмысына қатысты көпқұдайшылдықтың көрінісі Аллаһ Тағаланы бірден-бір жалғыз Құдай және белгілі есімдер мен сипаттардың жалғыз Иесі екендігін мойындауға қайшы келетін көпқұдайшылдыққа сөз жоқ апарады.
70-сұрақ:
Періштелерге иман келтірудің міндетті екендігіне Құран мен Сүннетте қандай дәлелдер бар?
Жауабы:
Құранда мұндай дәлелдер көп. Мәселен, Аллаһ Тағала айтты:
«Періштелер Раббыларын дәріптей мақтап, жердегілерге жарылқау тілейді». (Шура, 5)
«Расында Раббыңның қасындағылар110 Оған құлшылық қылудан менменсінбейді де, Оны дәріптеп, Оған сәжде қылады». (Ағраф, 206)
110Бұл жерде періштелер туралы айтылуда.
«Кім Аллаһқа, періштелеріне, елшілеріне, сондай-ақ Жәбірейіл, Микаилге дұшпан болса, әлбетте, Аллаһ Тағала кәпірлерге дұшпан». (Бақара, 98)
Ал періштелерге иман келтірудің парыз екендігі туралы Сүннеттегі дәлелдер жайлы айтар болсақ, біз Жәбірейіл (а.с.) туралы және басқа да хадистерді бұған дейін келтіргенбіз және Мүслім «Сахихында» Аллаһ Тағала періштелерді нұрдан жаратқандығы туралы111 хадисті келтірген, сондай-ақ періштелер жайлы хадистер өте көп.
111Бұл хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.):
«Періштелер нұрдан жаратылған, жындар – жалыннан, ал Адам – сендерге бұрын айтылған нәрседен», деген. («Мұндағы жалын – түтінсіз». «Рахман» сүресінің 15-ші аятына қараңыз).
71-сұрақ:
Періштелерге иман келтірудің мағынасы не?
Жауабы:
Періштелерге иман келтіру дегеніміз – олардың хақиқи бар екеніне және олар Аллаһ Тағаланың жаратқан махлұқтары екеніне, сондай-ақ Аллаһ Тағаланың билігінде және Аллаһ Тағалаға бағынышты екендігіне шүбәсіз сену.
Олар туралы Аллаһ Тағала айтты:
«...(періштелер) ардақты құлдар. Олар, Одан оза сөз сөйлемейді. Сондай-ақ олар Оның әмірін ғана орындайды». (Әнбия, 26-27)
«Олар, Аллаһтың өздеріне берген әмірлеріне қарсы келмейді. Не бұйырылса, соны орындайды». (Тахрим, 6)
«Оның қасындағылар Оған құлшылық қылудан дандайсымайды да шаршамайды. Олар күндіз-түні Аллаһты дәріптеуден жалықпайды». (Әнбия, 19-20)
Сондай-ақ, періштелер зерігу, шаршау дегенді білмейді.
72-сұрақ:
Аллаһ Тағала белгілі бір міндет жүктеп, белгілі мақсатпен жаратқан періштелердің қандай түрлері бар?
Жауабы:
Мұндай періштелердің түрлері көп: олардың арасында елшілерге уахи жеткізу тапсырылған Сенімді Рух – Жәбірейіл (а.с.) бар.
Олардың арасында жаңбыр жаудыру міндеттелген Микаил (а.с.) бар.
Олардың арасында Қиямет күні Сұр үрлеу міндеттелген Исрафил (а.с.) бар.
Олардың арасында адамдардың жанын алу міндеті жүктелген өлім періштесі және оның жәрдемшілері бар.
Олардың арасында адамдардың іс-амалдарын қадағалау жүктелген ардақты жазушылар бар.
Олардың арасында адамдарға алды-артынан үрейлендіретін қауіп-қатерден сақтайтын періштелер бар.
Олардың арасында жұмақ пен оның рахаттарын бақылаушы Ризуан және онымен бірге болатын періштелер бар.
Олардың арасында тозақ пен оның азаптарын қадағалайтын Мәлик және онымен бірге болатын тозақтың он тоғыз басшылары және тағы басқалар бар.
Олардың арасында қабірде өлгендерден сұрақ алатын Нәкир мен Мункар бар.
Олардың арасында Аллаһ Тағаланың Аршын көтеріп тұрушы періштелер бар.
Олардың арасында әйелдердің жатырындағы ұрықты қадағалайтын, нәрестенің бейнеленуін бақылайтын және оның тағдырын жазатын періштелер бар.
Олардың арасында көктегі (Әл-Байтул-Маъмур) мешітке кіріп, қажылық ететін періштелер бар. Олардың көптігі сондай әр күні жетпіс мың періште кіреді де, содан Қиямет күніне дейін қайта кіруіне кезек жетпейді. Сондай-ақ Аллаһ Тағаланы есіне алып бас қосқан адамдардың жиындарына қатысып, соларды жер бетінен іздеп жүретін періштелер бар.
Және олардың арасында сапқа тұратын және шаршау дегенді білмейтін періштелер бар.
Олардың арасында рукуғ және сәжде жасап, кеуделерін тіктемей сол қалпы тұратын періштелер бар.
Және бұлардан басқа да періштелер бар, өйткені, Аллаһ Тағала:
«Раббың жасақтарының санын112 Өзі ғана біледі. Бұл113 адамдар үшін бір насихат114». (Муддассир, 31)
112Бұл жерде періштелер, сондай-ақ Аллаһ Тағаланың басқа да жаратқандары көзде тұтылуда.
113Бұл жерде тозақтың күзетші періштелерінің саны туралы айтылуда.
114Яғни, Аллаһ Тағаланың аса құдіреттілігін оларға ескерту.
Періштелер туралы Құран аяттары мен хадистер (көпшілікке) жақсы таныс.
73-сұрақ:
Кітаптарға иман келтірудің міндетті екендігіне не дәлел бар?
Жауабы:
Мұндай дәлелдер көп. Мысалы, Аллаһ Тағала айтты:
«Әй, мүміндер! Аллаһқа, Оның пайғамбарына, және оған түсірген Кітапқа, сондай-ақ одан бұрынғы түсірген кітапқа иман келтіріңдер115». (Ниса, 136)
115Бұл жерде Аллаһ Тағаланың Құранға дейін пайғамбарларға түсірген және адамдар тарапынан өзгеріске ұшырамаған Кітаптар туралы айтылуда.
«Біз Аллаһқа, бізге түсірілген Құранға әрі Ибраһим, Исмаил, Исхақ, Йақубтарға, ұрпақтарына116 тағы Мұса, Исаға берілген нәрселерге, сондай-ақ Раббылары тарапынан өзге пайғамбарларға берілген нәрселерге иман келтіріп әрі олардың араларын айырмаймыз (бәріне де сенеміз)» деңдер». (Бақара, 136)
116Басқаша айтқанда, яһудилердің әр түрлі тайпаларына.
Осыған ұқсас басқа да аяттар көп.
Жалпы алғанда, Аллаһ Тағаланың:
«Аллаһ түсірген Кітапқа иман келтірдім» де» (Шура, 15), дегенін білудің өзі жеткілікті.
74-сұрақ:
Аллаһ Тағала тарапынан түскен кітаптардың бәрі Құранда айтылған ба?
Жауабы:
Аллаһ Тағала Құранда мына кітаптарды: Таурат, Інжіл, Забур, Ибраһимнің (а.с.) парақтарын және Мұсаның (а.с.) парақтарын атап көрсетеді де, басқалары жайлы жалпы ескертумен шектеледі.
Аллаһ Тағала айтты:
«Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқ. Ол Тірі, мәңгілік бар болып Тұрушы. (Мұхаммед (с.а.с.)) Аллаһ Тағала саған алдындағыны117 растаушы Кітапты118 шындық бойынша түсірді. Және (сенен алдын) Таурат, Інжілді түсірді». (Әли Имран, 2-3)
117Бұл жерде Құранның мазмұны бұрын түсірілген Кітаптарға сәйкес келетіні және оларды растайтыны туралы сөз болуда.
118Бұл жерде Пайғамбарымызға (с.а.с.) түсірілген Құран туралы айтылуда.
«Әрі Даудке Забурды бердік». (Ниса, 163)
«Оған119 Мұсаның нұсқаларындағы нәрселер білдірілмеді ме? Сондай-ақ әмірді орындаушы Ибраһимнің де120». (Нәжм, 36-37)
119Бұл жерде ақиқатты теріске шығарушы және ақиқатты білемін деп негізсіз ұмтылушы адам туралы айтылуда.
120Бұл жерде Ибраһимның (а.с.) хақиқи таухид дінінің бұйрықтарыан титтей де шегінбей Аллаһ Тағаланың барлық сынауынан өткендігі немесе оның бұл дінді толығымен адамдарға жеткізгені жайлы сөз болуда.
«Расында елшілерімізді ашық муғжизалармен121 жібердік. Және елшілермен бірге адам баласының әділ тұруы үшін Кітапты, Таразыны122 (әрнәрсенің өлшеуін) жібердік». (Хадид, 25)
121Бұл жерде Аллаһ Тағала елшілерінің мұғжизалары және олар өздерімен әкелген заңдары туралы сөз болуда.
122Бұл жерде әділдік, тереңірек мағынада – ең жоғары әділдікке құрылған хақиқи дін, барлық бұйрықтар мен тиымдар жайлы айтылуда.
Сонымен, біз Аллаһ Тағаланың Кітапта егжей-тегжейлі айтқандарының бәріне егжей-тегжейлі сенуіміз керек, ал Оның жалпы ескерткендеріне біз де жалпылама сенуіміз қажет.
Аллаһ Тағала мен Оның елшісінің бұйырған нәрселері туралы біздер:
«Аллаһ түсірген кітапқа иман келтірдім»,-дейміз.
75-сұрақ:
Аллаһ Тағаланың кітаптарына иман келтіру нені білдіреді?
Жауабы:
«Аллаһ Тағала тарапынан барлық Кітаптар түскен және ол Кітаптардағы сөздерді Аллаһ Тағаланың айтқаны хақиқи рас» дегенді білдіреді.
Бұл кітаптардың арасында Аллаһ Тағаладан перде тасасынан естілгендері бар, сондай-ақ Періштенің адамдардың ішінен таңдап алынған пайғамбарларға жеткізгендері бар, және Аллаһ Тағала тікелей Өз қолымен жазғандары бар.
Аллаһ Тағала айтты:
«Аллаһ (Тағала) бір адам баласымен көкейіне салу түрінде немесе перде артынан ғана сөйлеседі: не бір елші123 жіберіп, Өз бұйрығымен қалағанын уахи етеді». (Шура, 51)
123Яғни, періштелер
Аллаһ Тағала Мұсаға (а.с.) айтты:
«Әй, Мұса! Шынында сені адамдардан елшілікке және (тікелей) сөйлесугетаңдап алдым124». (Ағраф, 144)
124Яғни, басқалардан сені ерекшелендірдім, олардан сені таңдадым.
«Және Аллаһ Тағала Мұсамен тікелей сөйлескен». (Ниса, 164)
«Ол үшін125 (Таурат) тақтайларында әрнәрсені126 үгіт түрінде ашалап127 жазған едік». (Ағраф, 145)
125Бұл жерде Мұса (а.с.) туралы айтылуда.
126Яһудилердің дүние және дін істерінде білуі қажет нәрселері
127Бұл жерде түсіндіруді қажет етететін барлық заңдарды егжей-тегжейлі түсіндіру туралы айтылуда.
Аллаһ Тағала Иса (а.с.) туралы айта келіп:
«Оған Інжілді бердік…» (Мәида, 46),- дейді.
«Әрі Даудке Забурды бердік». (Ниса, 163)
Бұл туралы уахи жайлы әңгіме болған жерде айтқан едік.
Ал Құран туралы Аллаһ Тағала былай деген:
«Алайда Аллаһ, саған түсіргеніне, оны Өз ғылымымен түсірген128, куәлік етеді және періштелер де куә болады. Негізінде Аллаһ Тағала Куәлікте Жеткілікті». (Ниса, 166)
128Яғни, Ол сені адамдар арасынан таңдап алып, пайғмбарлық міндетті орындай алатыныңды білген.
Аллаһ Тағала ол туралы және былай деген:
«Біз Құранды адамдарға үзінділеп оқуың үшін бөлімдерге айырып, аз-аздап түсірдік129». (Исра, 106)
129Бұл жерде Құран, алғаш Ләухул-Махфуздан дүние аспанына түгелдей түсіріліп, кейін қажеттілігіне сәйкес пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.с.) бөлек-бөлек боп түсірілгені туралы айтылуда.
«Күдіксіз бұл130, әлбетте әлемдердің Раббының түсіргені. Оны сенімді Рух131 келтірді. Ескертушілерден болуың үшін жүрегіңе қондырды. Ап-ашық бір араб тілінде». (Шуғара, 192-195)
130Бұл жерде Құран туралы айтылуда.
131Бұл жерде Жәбірейіл (а.с.) туралы айтылуда.
«Расында, өздеріне Зікір132 келген кезде қарсы болғандар бар. Шын мәнінде ол, ардақты бір Кітап. Оның алдынан да, артынан да бос сөз келмейді (араласпайды). Аса Дана, Өте Мақтаулы Аллаһ тарапынан түсірілген». (Фуссилат, 41-42)
132Бұл жерде Құран туралы айтылуда.
Және мұндай аяттар көп.
76-сұрақ:
Бұрынғы түсірілген кітаптарға қарағанда Құран қандай орынды иемденеді?
Жауабы:
Бұл туралы Аллаһ Тағала:
«(Мұхаммед (с.а.с.)) саған шынайы түрде Құранды өзінен бұрынғы кітаптарды растаушы және оларды қорғаушы түрінде түсірдік133» (Мәида, 48), деді.
133Бұрынғы кітаптардағы адамдар тарапынан бұрмаланбаған нәрселердің барлығын сақтау туралы айтылуда.
«Осы Құран, Аллаһтан өзгенікі деп жала жапсыруға болмайды. Ол, алдындағыны134 растап, Кітапты135 ашық баян етеді. Әлемдердің Раббы тарапынан екендігіне шәк жоқ». (Юнус, 37)
134Яғни, Аллаһ Тағала тарапынан түсірілген кітаптар
135Бұл жерде Құран туралы айтылуда.
Аллаһ Тағала және айтты:
«Құран бір жасанды сөз емес. Бірақ өзінен бұрынғы кітаптарды растайды. Сондай-ақ иман келтірген ел үшін әрнәрсені136 толық түсіндіретін тура жол және игілік». (Юсуф, 111)
136Бұл жерде түсіндіруді (анықтауды) керек ететін заңдар туралы айтылуда.
Ғұламалар бұл аяттағы «Муһайминан» деген сөзді баяндап, былай деген: «Яғни, Құран Кәрім өзінен бұрынғы кітаптардағы тура риуаяттарды растайды, ал оларға енгізілген өзгерістерді, жалған әңгімелерді жойып, мансұқтайды (үкімін қайтарады). Міне, осы себептен өз иманына берік, бұрынғы кітаптарға иман келтіргендердің барлығы Құранға бас иеді».
Бұл туралы Аллаһ Тағала айтты:
«Бұрын137 өздеріне кітап бергендеріміз Оған138 сенеді. Оларға Құран оқылғанда: «Біз бұған сендік. Рас ол, Раббымыз тарапынан түсірілген хақ сөз. Негізінен бұрыннан-ақ бойсұнған139 едік»,-деді». (Қасас, 52-53)
137Басқаша айтқанда, Құран түсірілгенге дейін. Бұл жерде бұрын түсірілген Таурат және Інжілге ешқандай өзгеріс енгізбеген яһудилер мен христиандр туралы айтылуда.
138Яғни, Құранға
139Яғни, Аллаһ Тағалаға шын берілген мұсылмандар едік
Басқа да аяттар бұған дәлел бола алады.
77-сұрақ:
Ислам қауымының барлық мүшелері Құранға қатысты не нәрсені бұлжытпай ұстануы қажет?
Жауабы:
Оған ашық және құпия ілесу, одан айрылмау және оны құрметтеу.
Аллаһ Тағала айтты:
«Осы (Құран) біз түсірген мүбәрәк Кітап. Енді соған еріңдер әрі сақтаныңдар». (Әнғам, 155)
«Раббыларыңнан сендерге түсірілгенге бойсұныңдар да одан өзгені дос тұтып ілеспеңдер». (Ағраф, 3)
Аллаһ Тағала және айтты:
«Сондай олар Кітапқа мықты жабысып, намазды толық орындайды; дау жоқ, Біз игілік істегендердің сауабын зая қылмаймыз». (Ағраф, 170)
Бұл айтылғандарға Құранға тікелей қатысты басқа да көптеген аяттар дәлел бола алады.
Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.):
«Аллаһтың Кітабына жабысыңдар да одан айырылмаңдар140»,-деген. (Мүслім)
140Зайд ибн Арқамнан (р.а.) алып Мүслім, Ахмад және Дарими риуаят еткен ұзақ хадистің бір бөлігі. Бұл хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:
«Содан соң: О, адамдар! Шын мәнінде, мен – (тек) адаммын, және жуық арада (маған) менің Тәңірімнің елшісі келеді, (оның шақыруына) мен жауап қайтарамын, бірақ сендерге мен екі қымбат нәрсені қалдырамын: біріншіден, Құран, онда басшылық пен нұр (бар), Аллаһтың Кітабына жабысыңдар және одан айрылмаңдар».
(Пайғамбар өзіне ажал сағатының жақындағанын айтуда).
78-сұрақ:
Құранға ілесу және оны құрметтеу дегеннің мағынасы не?
Жауабы:
Бұл сөздің мағынасы – оны оқу және есте сақтау, күндіз-түні онымен амал қылу, оның аяттары туралы ой жүгірту, ол рұқсат бергенді – халал деп, ол тыйым салғанды харам деп түсіну, оның бұйрықтарына бағыну, ол неден қайтарған болса, қайтарған нәрсесінен аулақ болу, оның қыссаларын қабыл алу, ондағы келтірілген әңгімелерден өнеге алу, онда ап-анық айтылғандарға сәйкес амал қылу, ал анық еместерін қабылдау, онда көрсетілген шекаралардан аспау, оны фанатиктердің бұрмалаулары мен өтірікшілердің негізсіз пайымдауларынан қорғау, ондағы айтылғандардың бәріне шын ықылас таныту және ілім арқылы соған шақыру.
79-сұрақ:
Сөз – сипат ретінде заттық сипатқа жата ма әлде іс-қимыл сипатына жата ма?
Жауабы:
Аллаһ Тағаланың сөзі Аллаһқа байланысты екендігі және Аллаһ онымен сипатталуы жағынан алғанда, заттық сипат болып табылады. Ал Аллаһ Тағала Өз қалауы, еркімен сөйлеуі жағынан алғанда, бұл да сондай заттық сипат болып табылады. Бірақ, бұл, сонымен қатар, Аллаһ Тағаланың ғылымының туындысы болады және ол ғылымға сай түсіріледі, өйткені, Аллаһ Тағала Өзі нені түсіретінін бәрінен жақсы біледі. Сонымен бірге, бұл сөздер Аллаһ Тағаланың қалауы және бұйрығымен айтылатыны себепті, бұл қасиет амал сипаты да болып табылады.
Міне осы себептен бізден бұрынғы шыншылдарымыз, оларға Аллаһ Тағала рахмет етсін: «Сөйлеу қасиеті – әрі заттық сипат әрі амал сипаты болып табылады»,-деген.
Аллаһ Тағала Өзінің әуелдігінде және басталуы жоқ мәңгілігінде осы қасиетпен сипатталған, осы кезде де осы қасиетпен сипатталуы жалғасуда, ал Оның сөз айтуы және сөз арқылы біреулермен сөйлесуі, Оның қалауы мен еркіне байланысты. Демек, Аллаһ Тағала егер қаласа, қай кезде қаласа және қалай қаласа, есіттіруді кімге қаласа, соның есітуіне мүмкіндік беріп Өз сөздерін лебіздейді және Аллаһ Тағаланың сөзі Оның ешқандай шек немесе шеңбермен шектелмеген сипаты болып табылады.
Аллаһ Тағала айтты:
«(Мұхаммед (с.а.с.)): «Егер Раббымның сөздері (жазылуы) үшін теңіз сия болса, тағы бір сондайды көмекке әкелсек те, әлбетте Раббымның сөздері таусылудан бұрын теңіз таусылар еді» де». (Кәһф, 109)
«Рас егер жер жүзіндегі ағаш атаулы; қалам, теңіз (сия болып), одан кейін оған тағы жеті теңіз көмектесіп, (жазса да) Аллаһтың сөздері таусылмайды141». (Луқман, 27)
141Бұл жерде осынша қалам мен сия пайдаланылғанда да Аллаһ Тағаланың барлық сөздерін жазуға жетпейтіндігі айтылуда.
Аллаһ Тағала және айтты:
«Раббыңның сөзі142 (Құран) шындық143 әрі туралықпен144 тәмәмдалған. Оның сөздерін өзгертуші жоқ145. Ол Толық Есітуші, Аса Білуші». (Әнғам, 115)
142Аллаһ Тағаланың шешімі мен заңы туралы сөз болуда.
143Бұл жерде Аллаһ Тағаланың айтқандарының барлығы ақиқат екендігі туралы айтылуда. Сондай-ақ, Аллаһ Тағала жаңа діни заң ретінде Құранды түсіріп өз уәдесі мен қорқытуын іске асырғаны және жалған сөйлеушілерді масқаралағаны туралы сөз болуда.
144Аллаһ Тағаланың бұйрықтары мен тиымдары әділеттіліктің ең жоғары дәрежесі екендігіне нұсқалған.
145Бұл жерде Аллаһ Тағаланың Құранды бұрмалаудың барлық мүмкін болған түрлерінен сақтауға уәде бергені айтылуда.
(«Хижр» сүресінің 9-шы аятына қараңыз).
80-сұрақ:
Елшілерге иман келтірудің міндетті екеніне не дәлел бар?
Жауабы:
Ондай дәлелдер Құран мен хадисте өте көп.
Мысалы, Аллаһ Тағала айтты:
«Шәксіз, сондай Аллаһқа, пайғамбарларына қарсы келгендер, олар, Аллаһ пен пайғамбарлардың арасын айыруды қалайды. Және де олар: «(Пайғамбарлардың) кейіне сенеміз де, кейіне қарсы келеміз»-дейді; сөйтіп олар екі ортадан жол табуды қалайды. Міне олар анық кәпірлер. Кәпірлер үшін қорлаушы азап дайындадық. Және сондай Аллаһқа, пайғамбарларына иман келтіргендер, олардан (пайғамбарлардан) ешбіреуінің арасын айырмайды; міне солардың сыйлықтары тезінен беріледі». (Ниса, 150-152)
Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.):
«Аллаһқа және Оның елшілеріне иман келтірдім»,-деген. (Бұхари, Мүслім)
81-сұрақ:
Елшілерге иман келтіру дегеннің мағынасы не?
Жауабы:
Бұлайша иман келтіру – Аллаһ Тағала әр халықтың ішінен сол халыққа елшілерді жібергеніне күмәнсіз илану деген сөз және ол елшілер тек қана Аллаһ Тағалаға құлшылық қылуға, Аллаһ Тағаладан басқа табынып жүрген нәрселеріне сенбеуге шақырған, сондай-ақ бұл елшілер сенуге лайықты, шыншыл, көркем мінез-құлықты, тура жолдағы, басқалардан мәртебелілігімен, тақуалығымен ерекшеленген, мейірбандығы және адалдығымен тура жолға бастаған, өздері де сол жолда айнымаған. Аллаһ Тағала оларға ашық мұғжизалармен, анық аяттармен жәрдем берген, Аллаһ Тағала оларды адамдарға немен жіберген болса, олар сол нәрселерден ешнәрсені қалдырмай, ешнәрсені де өзгертпей, өз тараптарынан бір әріпті де қоспай және алмай, сол қалпында адамдарға жеткізді деп шүбәсіз сену.
Аллаһ Тағала айтты:
«...елшілерге ашық жеткізуден басқа нәрсе (жүктелді ме)?!» (Нахыл, 35)
Және бұлайша иман келтіру дегеніміз олардың барлығы хақиқи шындықты ұстағанына, Аллаһ Тағала (Мұхаммедті (с.а.с.)) Өзіне сүйікті дос етіп таңдағанындай Ибраһимді (а.с.) Өзінің сүйікті досы етіп таңдағанына, Мұсамен (а.с.) тікелей сөйлескеніне, Идристі (а.с.) жоғары орынға көтергеніне, және Иса (а.с.) Аллаһ Тағаланың құлы әрі Оның елшісі және Мәриямға арнаған сөзі146, Өзі тарапынан жіберген рух екеніне, Аллаһ Тағала базбіреулерін жоғарылатып басқаларына қарағанда артық көргеніне күмәнсіз сену болып табылады.
146Яғни, пайғамбар Исаға (а.с.) Мәриям (а.с.) Аллаһ Тағаланың сөзімен яки бұйрығымен, әкесіз жүкті болды.
82-сұрақ:
Елшілердің адамдарға бұйырған және тыйым салған нәрселерге шақырулары өзара сәйкес келе ме?
Жауабы:
Егер құлшылықтың барлық түрлерін, мейлі әңгіме наным туралы болсын, мейлі сөз бен іс туралы болсын, тек қана Жалғыз Аллаһ Тағалаға арнауды және Одан басқа нәрсеге табынатын болса, сол нәрселерге сенбеуді талап ететін құлшылық негіздері яғни бірқұдайшылдық туралы айтар болсақ, алғашқы елшіден соңғы елшіге дейін олардың сөздерінде ешқандай айырма болған емес. Ал құлшылықты іске асыру амалдары болып табылатын намаз, ораза, тағы сол сияқты парыз амалдары туралы айтар болсақ, онда бір қауымға парыз болған нәрселер екінші қауымға парыз болмаған, дәл сол сияқты бір қауымға рұқсат берілген нәрсе екінші қауымға тыйым салынған, бірақ мұның бәрі Аллаһ Тағаланың сынауынан басқа нәрсе емес еді.
Аллаһ Тағала айтты:
«Ол Сондай Аллаһ, ізгі іс жүзінде қайсыларың жақсы, сынау үшін өлім мен өмірді жаратты». (Мүлік, 2)
83-сұрақ:
Жоғарыда аталған құлшылық негіздеріне қатысты мәселелерде елшілер арасында сәйкессіздік болмағанына қандай дәлелдер бар?
Жауабы:
Құранда мұндай дәлелдер екі түрге бөлінеді.
Жалпы және жеке дәлелдер:
Жалпы дәлелдер жайлы айтар болсақ, Аллаһ Тағала айтты:
«Расында әр үмметке: Аллаһқа құлшылық қылыңдар тағуттан147 аулақ болыңдар дейтін елшілер жібердік». (Нахыл, 36)
147«Тоғут» – Аллаһ Тағаладан басқа кез-келген табынылатын нәрсе. Сонымен қатар бұл сөз адамдарды ақиқаттан адастыратын адамдарға да қатысты айтылады.
«(Мұхаммед (с.а.с.)) сенен бұрын бір пайғамбар жіберсек, оған: «Күдіксіз Менен басқа ешбір тәңір жоқ. Онда Маған ғана құлшылық қылыңдар» деп уахи етіп, жібердік». (Әнбия, 25)
«Сенен бұрын Біз жіберген елшілерден сұра: Аллаһтан өзге құлшылық қылатын тәңірлер жасадық па148?» (Зухруф, 45)
148Бұл жерде Аллаһ Тағаланың пайғамбар Мұхаммедке (с.а.с.) миғраж кезінде басқа пайғамбарлардан сұрауы яки сол пайғамбарлар жіберілген адамдардан сұрауы туралы бұйрығы сөз болуда.
Енді жеке дәлелдер туралы айтар болсақ, онда Аллаһ Тағаланың мына сөздерін мысал ретінде келтіруге болады:
«Рас Нұхты еліне жібердік. Сонда ол: «Әй, елім! Аллаһқа құлшылық қылыңдар. Одан басқа тәңір жоқ. Сақтанбайсыңдар ма?»,-деді». (Муминун, 23)
«Самуд еліне туыстары Салихты жібердік: «Әй, елім! Аллаһқа құлшылық қылыңдар. Сендердің Одан басқа ешбір тәңірлерің жоқ»...деді». (Худ, 61)
«Ад қаумына Худты жібердік: Әй, елім! Аллаһқа құлшылық қылыңдар. Сендердің Одан басқа ешбір тәңірлерің жоқ…»-деді». (Худ, 50)
«Мәдианға туыстары Шұғайыбты жібердік: Әй, елім! Аллаһқа құлшылық қылыңдар. Сендердің Одан басқа ешбір тәңірлерің жоқ…»-деді». (Худ, 84)
«Сол уақытта Ибраһим әкесіне және еліне: «Шын мәнінде мен сендердің табынған нәрселеріңнен бездім. Бірақ мені жаратқан Аллаһ басқа. Өйткені Ол мені тура жолға салады…»-деді». (Зухруф, 26-27)
Және Аллаһ Тағала Мұсаның (а.с.) былай дегенін жеткізді:
«Тәңірлерің Аллаһ ғана. Одан басқа ешбір тәңір жоқ, білімі әрнәрсені сыйдырады». (Таһа, 98)
Және Аллаһ Тағала Исаның (а.с.) мына сөздерін жеткізді:
«Әй, Исраил ұрпақтары! Аллаһқа құлшылық қылыңдар. Менің Раббым, әрі сендердің Раббыларың! Өйткені, кім Аллаһқа ортақ қосса, расында Аллаһ оған жәннәтты харам етті. Оның орны тозақ оты. Сондай-ақ залымдар үшін жәрдемші жоқ». (Мәида, 72)
Аллаһ Тағала және айтты:
«(Мұхаммед (с.а.с.)) оларға: «Шын мәнінде мен бір ескертуші ғанамын. Өте Өктем Бір Аллаһтан басқа ешбір тәңір жоқ» де». (Сад, 65)
Осындай басқа да аяттар бұл айтылғанға дәлел бола алады.
84-сұрақ:
Рұқсат етілген және тыйым салынған нәрселерге қатысты жекелеген мәселелер бойынша елшілер адамдарды бағынуға шақырған діни заңдардың бір-бірінен айырмашылығы болғанына қандай дәлелдер бар?
Жауабы:
Оған Аллаһ Тағаланың мына сөздері дәлел:
«Сендердің әрбіреулерің үшін бір жол-жоба қойдық. Егер Аллаһ қаласа еді, барлығыңды бір-ақ үммет қылар еді. Алайда сендерге берген (жол-жобаларында) сынамақшы149. Ендеше жақсылыққа жарысыңдар». (Мәида, 48)
149Адамдарға елшілер арқылы жіберілген діни заңдарды ұстану туралы сөз болуда.
Ибн Аббас, Аллаһ ол екеуінен разы болсын150, айтты:
Бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.):
«Біз – пайғамбарлар әкелері бір түрлі анадан туылған бауырлармыз, ал бәріміздің дініміз бір151»,-деген.
150Абдуллаһ ибн Аббас – Пайғамбарымыздың (с.а.с.) немере інісі және сахабасы.
151Бұл хадис барлық пайғамбарлардың шариғаттары (діни заңдары) бір-бірінен өзгеше болғанымен дінінің негізі бір, яғни әкелері бір, аналары әр түрлі болып, әр әйелден туылған балалар секілді екендігін көрсетеді.
Мұндағы «дін» сөзі Аллаһ Тағала өз елшілерімен адамдарға жіберген дінді, өзі түсірген Кітаптарда айтылған бірқұдайшылдықты білдіреді, ал діни заңдарға келер болсақ, олар бұйрықтар мен тыйымдарда, рұқсат етілген және тыйым салынған мәселелерде бір-бірінен ерекшеленіп тұрады. Өйткені, Аллаһ Тағала айтты:
«Ізгі іс жүзінде қайсыларың жақсы, сынау үшін». (Мүлік, 2)
85-сұрақ:
Аллаһ Тағала Құранда барлық елшілер туралы айтқан ба?
Жауабы:
Аллаһ Тағала бізге үлгі-өнегелік мәні бар нәрселерді, сондай-ақ бізге не жеткілікті болса, соны ғана айтқан:
«Және саған бұрынғы пайғамбарларды баян қылдық, сондай-ақ пайғамбарлардың саған баян етпегендеріміз де бар». (Ниса, 164)
Сондықтан Аллаһ Тағаланың егжей-тегжейлі айтқандарына түгел сенеміз, ал Оның жалпылама айтқандарына бүтіндей иланамыз.
86-сұрақ:
Аса Жоғары Мәртебелі Аллаһ Тағала Құранда елшілерден кімдерді аты-жөнімен атаған?
Жауабы:
Құранда аты аталған елшілер:
Адам, Нұх, Идрис, Худ, Салих, Ибраһим, Исмаил, Исхақ, Йақуб, Юсуф, Лут, Шұғайыб, Юнус, Мұса, Харун, Илияс, Зәкәрия, Йахия, Әл-Ясаъ, Зул-Кифл, Дауд, Сүлеймен, Айюб, (Йақубтың) ұрпақтары152, Иса және Мұхаммед (с.а.с.), оларға Аллаһ Тағаланың сәлемі болсын.
152Бұл жерде Йақубтың (а.с.) балалары туралы айтылуда, оның он екі баласы болған.
87-сұрақ:
Елшілерден кімдер «ең абзалдары» деп аталған?
Жауабы:
Олар бесеу, олар туралы Аллаһ Тағала екі жерде жеке-жеке айтқан:
1. Аллаһ Тағала «Ахзаб» сүресінің 7-ші аятында:
«(Мұхаммед (с.а.с.)) сол уақытта пайғамбарлардан уәде алған едік. Сенен, Нұх, Ибраһим, Мұса және Мәриям ұлы Исалардан»,-деген.
2. Аллаһ Тағала «Шура» сүресінің 13-ші аятында:
«(Мұхаммед (с.а.с.)) Аллаһ Нұхқа нұсқау берген нәрселерді және саған уахи еткенімізді, сондай-ақ Ибраһим, Мұса, және Исаға нұсқау берген нәрселерімізді сендерге діни жол қылдық. Дінді мықты орындаңдар да дінде бөлінбеңдер»,-деді.
88-сұрақ:
Бірінші елші кім?
Жауабы:
Адамдардың көзқарастарында қайшылық пайда болғаннан кейінгі153 бірінші елші Нұх (а.с.) болды. Бұл туралы Аллаһ Тағала айтты:
«(Мұхаммед (с.а.с.)) Нұх және одан кейінгі пайғамбарларға уахи еткеніміздей саған да уахи еттік». (Ниса, 163)
153Бұл жерде бұрын тек бір ғана құдайға табынып келген адамдар арасында белгілі бір кезеңде бұтқа табынушылардың пайда болғандығы туралы айтылуда.
Аллаһ Тағала және былай деді:
«Олардан154 бұрын да Нұхтың елі әрі одан кейінгі топтар да жалғанға шығарған еді». (Ғафыр, 5)
154Бұл жерде Мекке мүшріктері туралы сөз болуда.
89-сұрақ:
Ол қайшылықтар қай уақытта пайда болды?
Жауабы:
Ибн Аббас, Аллаһ ол екеуінен разы болсын, айтты:
«Адам мен Нұхтың арасы он ғасыр, бұл арада адамдар Аллаһ Тағала тарапынан түскен заңға бағынып келді де, содан кейін олардың арасында қайшылық пайда болды, Аллаһ Тағала былай деген:
«Сонда Аллаһ қуандырушы, қорқытушы пайғамбарлар жіберді» (Бақара, 213).
90-сұрақ:
Соңғы пайғамбар кім және оған қандай дәлел бар?
Жауабы:
Соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.).
Аллаһ Тағала айтты:
«Мұхаммед сендерден ешбір еркектің әкесі емес. Бірақ Аллаһтың елшісі және пайғамбарлардың соңы». (Ахзаб, 40)
Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:
«Менің үмметімнен отыз өтірікші шығады. Олар өзін пайғамбармын деп жариялайды, (бірақ) соңғы пайғамбар менмін, және менен кейін пайғамбар болмайды». (Термизи, Әбу Дауд, Ахмад, ұзақ хадистің үзіндісі)
Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.с.) Әлиге (р.а.) айтты:
«Мұсаға Харун қандай жақын болса, сен де маған сондай жақын болуды қаламайсың ба? Бірақ, менен кейін пайғамбар келмейді». (Бұхари, Мүслім)
Дажжал туралы хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген:
«...мен болсам – соңғы пайғамбармын, менен кейін пайғамбар болмайды». (Термизи, Әбу Дауд)
Осындай, басқа да мысалдар көп.
91-сұрақ:
Біздің Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) басқа пайғамбарлардан немен ерекшеленеді?
Жауабы:
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) басқалардан көптеген ерекшелігі бар, оларды былайша топтауға болады:
Сондай-ақ, ол – Адам (а.с.) ұрпақтарының мырзасы, бұған Аллаһ Тағаланың мына сөздерінің түсіндірмесі дәлел бола алады:
«Сол пайғамбарлардың біреулерін кейбіреулерінен артық еттік155. Аллаһ олардың кейбірімен сөйлескен156, кейінің дәрежесін көтерген». (Бақара, 253)
155Яғни: Олардың базбіреулеріне берілмеген кемелдік сапасы базбіреулеріне берілген.
156Мұндай елшілер – Мұса және Мұхаммед, ол екеуіне Аллаһтың сәлемі болсын.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мына сөздері де дәлел болады:
«Мен – Адам ұрпағының мырзасымын, (бірақ онымен) көкірек көтермеймін». (Термизи, Ибн Мәжәһ, Ахмад, Әбу Дауд)
Және ол барлық адамдарға жіберілген. Аллаһ Тағала айтты:
«(Мұхаммед (с.а.с.)): Әй, адам баласы! Мен барлығыңа Аллаһтың елшісімін» де». (Ағраф, 158)
Аллаһ Тағала және былай деді:
«Сені біртұтас адам баласына қуандырушы, қорқытушы етіп қана жібердік». (Сәбә, 28)
Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:
«Бұрынғы (пайғамбарлардан) ешкімге берілмеген бес (нәрсе) маған берілді: Маған үреймен жәрдем берілді, (ол менен) бір ай (жүріп жететін) қашықтықта (өмір сүріп жатқан) дұшпандарымның жүрегін ұшырады, жер беті мен үшін мешіт және пәктену құралы болды157, сондықтан менің үмметімнен біреуді намаз уақыты қай жерде тапса, (сол жерде) намазын оқи берсін, бұрынғы пайғамбарлардың ешқайсысына рұқсат етілмеген соғыстан түсетін олжа маған рұқсат етілді, маған шапағат ету құқығы берілді158, және (сондай-ақ, бұрын) әрбір пайғамбар өз қауымына ғана жіберілген болса, мен барлық адамдарға жіберілдім». (Бұхари, Мүслім)
157Бұл, әлбетте, барлық мұсылмандарға да тиісті.
158Бұл жерде Қиямет күні Аллаһ Тағала алдында адамдарға шапағат ету туралы айтылуда.
Пайғамбарымыздың (с.а.с) біз айтпаған және көптеген хадистерде баян етілген басқа да ерекшеліктері бар.
92-сұрақ:
Пайғамбарлардың мұғжизалары деген не?
Жауабы:
Мұғжиза деген қарапайым өмірде ұқсасы жоқ, сезімнің оянуына қатысты табиғаттан тыс ғажайып құбылыстар.
Олардың арасында сезім (яғни көру, есіту) арқылы қабылданатындары бар. Мәселен, жартастан түйенің шығуы159, аса таяқтың айдаһарға айналуы160, жансыз заттардың сөйлеуі, тағы басқалар.
159Бұл жерде пайғамбар Салихтан (а.с.) Самуд еліндегі тайпалар оның сөзінің растығына дәлел ретінде жартастан түйе шығаруды талап еткендегі Салих пайғамбардың (а.с.) мұғжизасы туралы сөз болуда.
160Бұл жерде перғауынның сиқыршыларының алдында асасын жерге тастағанда жыланға айналған Мұсаның (а.с.) мұғжизасы сөз болуда.
Олардың арасында ғылым арқылы қабылданатын рухани ғажайыптар бар, мәселен, Құранның мұғжизалары.
Ал біздің Пайғамбарымыз (с.а.с.) туралы айтар болсақ, бұрынғы пайғамбарлардың қайсысы қандай ғажайыптар жасаған болса, Пайғамбарымызға (с.а.с.) солардың бәрін де жасай алатын қабілет берілді, сондай-ақ ең ұлы нәрселерді істеу қабілеті оған әрдайым беріліп тұрды.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) көзбен көріп, құлақпен есітуге болатын мұғжизалары ретінде айдың екіге бөлінгені161, құрма дөңкесінің түйеше боздағаны162, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) саусақтарының арасынан судың атқылап шыққаны163, қойдың сирағының сөйлегені164, тағамның Аллаһ Тағаланы дәріптеп мадақ айтқаны165 туралы хабарларды және оның мұғжизасы туралы басқа да сахих хабарларды айтуға болады.
161Бұл туралы Құранда «Қамар» сүресі, 1-ші аят және Анас ибн Мәликтің (р.а.) сөзінен алып Бұхари мен Мүслім риуаят еткен хадисте:
«Мекке мүшриктері Аллаһ елшісінен (с.а.с.) қандай да бір дәлел келтіруді талап етті және ол айдың екіге бөлінуін көрсетті», делінген.
162Бұл туралы хабар Жабир ибн Абдуллаһтың, ол екеуінен Аллаһ разы болсын, сөзінен алып Бұхари мен Насаи риуаят еткен хадисте айтылады:
«Аллаһ елшісінің (с.а.с.) мешітінде қыблаға қараған дуал жанында, кезінде Пайғамбарымыз (с.а.с.) үстіне шығып хұтба айтатын құрма дөңкесі жататын. Кейін мінбер құрылған соң әлгі дөңкеден буаз аруана боздағандай дыбыс есітілді де, Аллаһ елшісі (с.а.с.) мінберден түсіп, оның үстіне қолын қойғанша тоқтамады».
Басқа да хабарда Жабир ибн Абдуллаһ, ол екеуінен Аллаһ разы болсын:
«…қашан оны көкірегіне қысып құшақтап оны жұбатқанда, ол дөңке жас нәрестедей өксіп жатып кейін (бірте-бірте) тынышталды» деп айтқаны риуаятталады.
163Және бір хадисті Бұхари мен Мүслім Жабир ибн Абдуллаһтың сөзінен келтіреді:
«Худайбия күні адамдарды шөл қыса бастады. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) алдында, ол дәрет алу үшін пайдаланылатын суы бар ыдыс жатқан-ды, адамдар Пайғамбарымыздың (с.а.с.) маңына келе бастады. Аллаһ елшісі (с.а.с.): «Сендерге не керек?»-деп сұрады. Олар айтты: «О, Аллаһтың елшісі, сендегі ыдыстағы судан басқа бізде дәрет алуға, ішуге де су жоқ». (Жабир) айтты: «Сол кезде Пайғамбар (с.а.с.) қолын сол ыдысқа салды, және саусақтарының арасынан су атқылап шыға бастады да біз шөлімізді қандырдық және дәрет алдық».
Бұл хадисті риуаят етуші Жабирден сұрады: «Сол күні сендер қанша (адам) едіңдер?» Ол жауап берді: «Біз жүз мың болғанымызда да су жетер еді, ал біз бір жарым мың (адам) едік».
164Хайбар алынғаннан кейін бір яһуди әйелдің Пайғамбарымызға (с.а.с.) қойдың сирағын (пісіріп әкеліп) алдына тартқанда, қойдың аяғының сөйлегені жайлы Бұхари, Мүслім және Әбу Дауд келтірген хадисте Аллаһ елшісі (с.а.с.) еттің уланғанын біліп, әйелді шақырып, бұны кім істегенін сұрағанда, әйел: «Бұл туралы (яғни еттің уланғаны жайлы) кім хабарлады?»,-деді. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Мен қолымда ұстап тұрған (мынау) аяқ»-деп жауап берді.
165Бұл туралы Бұхари мен Термизи, Абдуллаһ ибн Масъудтың (р.а.) сөзінен алып риуаят еткен ұзақ хадисте, сонымен бірге, былай делінген:
«Аллаһ елшісінің (с.а.с.) саусақтарының арасынан су атқылап шыққанын мен де көрдім, және біз ол жеген кезде тағамның Аллаһ Тағалаға мадақ айтқанын жиі есітетінбіз».
Алайда мұның бәрі бұрынғы пайғамбарлардың уақыты бітуіне байланысты тоқтап қалған және олар туралы естеліктерден басқа ешнәрсе қалмаған мұғжизаларына ұқсайды. Ал мәңгілік және теңдесі жоқ мұғжиза Құран туралы айтар болсақ, ол ешуақытта тоқтап қалмақ емес. Аллаһ Тағала бұл туралы:
«Оның алдынан да, артынан да бос сөз келмейді (араласпайды). Аса Дана, Өте Мақтаулы Аллаһ тарапынан түсірілген». (Фуссилат, 42)
93-сұрақ:
Құранның ешқандай теңдесі жоқ екеніне не дәлел бар?
Жауабы:
Қасиетті Құранның жиырма үш жыл уақыт аралығында бөлік-бөлік болып түскені баршаға жақсы белгілі. Сол уақыттың бәрінде Құран ең бір шешен адамдарға арнап:
«Ендеше, егер олар шыншыл болса166, Құран сияқты бір сөз келтірсін» (Тур, 34), деген сөздермен талап қойғаны Құранның ешбір теңдесі жоқ екенінің дәлелі.
166Яғни, егер кәпірлердің: «Мұхаммед жоғарыдан уахи алмайды, Құран аяттарын өзі ойдан шығарады»,-деген сөздері рас болса.
Және Құранда айтылды:
«Сол сияқты он сүре келтіріңдер» де». (Худ, 13)
«Осы тәрізді бір сүре әкеліңдер» де». (Юнус, 38)
Алайда Құранның әріптері мен сөздері олардың өзара сөйлесіп, шешендікте жарысып және бір-біріне мақтанысып жүрген әріптері мен сөздері сияқты болса да, сондай-ақ олар қалайда жауап беруді қаласа да олардың ешқайсысының (бір сүре жасап келуге) шамасы келген жоқ. Сол кезде Құранда олардың әлсіздігін және Құранның теңдесі жоқ екенін айғақтайтын оларға арналған мына сөздер пайда болды:
«(Мұхаммед (с.а.с.)) «Егер адамдар, жындар осы Құранның ұқсасын келтіруге жиналса, тіпті олар, бір-біріне көмекші болса да келтіре алмайды» де». (Исра, 88)
Ал Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:
«Күдіксіз әрбір пайғамбарға адамдар сенетіндей кереметтер берілген167, ал маған Аллаһ тарапынан түсірілген аяттар берілді(2) және мен Қиямет күні менің үмметім басқалардың (кез-келгенінің) үмметінен көп болады деп үміттенемін». (Бұхари, Мүслім)
167Бұл жерде адамдардың пайғамбарға сене бастауына себеп болатын түрлі кереметтер (мұғжизалар) жасау қабілеті туралы сөз болуда.
168Бұл жерде басқа пайғамбарлардың мұғжизаларынан ерекше бүгінгі күнге дейін өмір сүріп келе жатқан Құран туралы айтылуда.
Адамдар Құранның теңдесі жоқ екендігі туралы, ондағы сөйлемдердің құрылымы, мазмұны және өткен уақыт пен болашақтағы уақиғалар жайлы хабарлар туралы көптеген кітаптар жазды, әйтсе де олардың жазғандары Құран туралы айтылуы мүмкін нәрсенің болмашы бір бөлігі ғана.
94-сұрақ:
Қиямет күніне иман келтірудің міндетті екеніне не дәлел бар?
Жауабы:
Аллаһ Тағала айтты:
«Расында сондай бізге жолығуларын үміт етпегендер169 дүние тіршілігіне мәз болып сонымен көңілдері жай170 тапқандар, солар, аяттарымыздан хабарсыз. Осылардың істеген күнәлары себепті орындары тозақ». (Юнус, 7-8)
169Яғни, олар өлген соң қайта тірілу жоқ және өз іс-амалыңа жауап бермейсің дейтіндер
170Яғни, тек осы өмірде қуаныштылар
«Шын мәнінде сендерге уәде етілген Қиямет171, әрине, рас. Әлбетте Қиямет болады». (Зәрият, 5-6)
171Бұл жерде қайта тірілу және марапаттау немесе жазалау туралы сөз болуда.
Аллаһ Тағала айтты:
«Расында Сағат172 келеді. Онда шәк жоқ». (Ғафыр, 59)
172Яғни, Қиямет күні
Дәлел ретінде басқа да аяттарды келтіруге болар еді.
95-сұрақ:
Қиямет күніне иман келтіру дегеннің мәнісі не және ол не нәрсені білдіреді?
Жауабы:
Мұндай иман келтіру ол күннің сөзсіз келетініне шәк-шүбәсіз сенуді және сол сенімге сәйкес амалдар істеуді білдіреді. Ал бұл сенімнің құрамдас бөліктеріне келер болсақ, ол сағаттың келуінен бұрын болатын белгілеріне сенім дегенді білдіреді: өлімге, сондай-ақ сынауға, қабір азабы мен қабір рахатына, Сұр үрленуіне, қабірлерден адамдардың қайта шығуына (қайта тірілуге), Қиямет күнінің қорқыныш-үрейіне, сондай-ақ адамдардың махшарда жиналуына, адамдардың амал дәптерлеріне, Таразы құрылатынына, Сират көпіріне, Кәусарға, шапағат жасау және де басқа барлық нәрсеге, сондай-ақ бақыт, қуаныш, шаттықтың ең жоғары дәрежесі Аллаһ Тағаланың дидарын көру мүмкіндігі берілетін жәннәттағы рахатқа және Аса Құдіретті және Ұлы Аллаһ Тағаладан алыс болғандардың көрер қиындығы мейілінше ауыр болатын тозақ азабына сену.
96-сұрақ:
Бұл Сағаттың қашан келетінін біреулерге белгілі ме?
Жауабы:
Бұл Сағаттың қашан келетіні жайлы білімді тек Аллаһ Тағала ғана біледі. Бұл туралы Аллаһ Тағаланың Өзі былай деген:
«Әрине Қиямет мерзімінің мәліметі Аллаһтың қасында. Жаңбырды Ол жаудырады, Ол жатырдағыларды біледі. Ешкім ертең не істейтінін білмейді әрі ешкім қай жерде өлерін де білмейді». (Луқман, 34)
«(Мұхаммед (с.а.с.)) олар сенен Қияметтің қашан болатынын сұрайды: «Шынында оның мәліметі Раббымның қасында, оның мезгілін Ол ғана білдіреді. Көктер мен жердегі ауыр жағдай (Қиямет) сендерге кенеттен-ақ келеді» де». (Ағраф, 187)
Аллаһ Тағала сондай-ақ былай деді:
«(Мұхаммед (с.а.с.)) олар саған: «Қиямет қашан болады?»-деп сұрақ қояды. Ол жөнінде түсінік беру сенің ісің бе? Оның қорытындысы Раббыңа байланысты». (Назиғат, 42-44)
Ал Жәбірейіл (а.с.) Пайғамбарымыздан (с.а.с.):
«Маған Қиямет қашан болатынын айт»-деп сұрағанда, ол: «Бұл жайында сұралушы сұраушыдан жақсы білмейді»-деп жауап берген. Сонан соң ол Күннің жақындағандағы белгілерін атаған-ды.
Бұл хадистің басқа бір түсіндірмесінде Пайғамбарымыз (с.а.с.):
«(Бұл Күннің қашан келетіні туралы ілім) Аллаһ Тағаладан ешкім білмейтін бес нәрсеге жатады» деп, сонан соң жоғарыда айтылған аятты оқыған173». (Бұхари, Мүслім, ұзақ хадистен үзінді)
173Бұл жерде «Луқман сүресінің» 34-ші аяты туралы айтылуда.
97-сұрақ:
Құранда Қиямет күнінің жақындау белгілерінің қайсысы келтірілген?
Жауабы:
Ол белгілер туралы Аллаһ Тағала айтты:
«Олар, өздеріне періштелердің келуін, немесе Раббыңның келуін174, не Раббыңның кей белгілерінің175 келуін ғана күте ме? Раббыңның белгілерінен кейі келген күні176, бұрыннан иман келтірмеген немесе сенімі бойынша бір қайыр істемеген біреудің иманы пайда бермейді». (Әнғам, 158)
174Яғни, бұлар қашан Қиямет күні Аллаһ Тағаланың алдында тұратын және Ол ақырғы шешім қабылдайтыны
175Бұл жерде сенбеуге мүмкін болмайтын, бірақ ол кезде еш пайда келмейтін Қиямет күнінің жақындығын білдіретін белгілер туралы айтылуда.
176Бұл жерде өлім сәтінің жақындығы туралы айтылуда.
«Оларға айтылған (Қиямет) бастарына келген кезде177 олар үшін жерден бір жануар178 шығарамыз да ол, оларға адамдардың аяттарымызға мүлдем сенбегендіктерін айтады». (Нәміл, 82)
177Бұл жерде Қиямет күні жақындап қалғаны, адамдардың сол кезде тап болатын апаттары туралы айтылуда.
178Қиямет күнінің белгілерінен болып табылатын бұл жануар туралы көптеген хадистерде айтылған.
«Йәжуж-Мәжуж179 ағытылып, әрбір төбеден келгенге дейін. Ол шын уәде жақындаса180…» (Әнбия, 96-97)
179Йәжуж және Мәжуж – қиыр шығыста қорғанның ар жағында өмір сүретін, адамдарға дұшпан, жан-заттар. Ол қорған – дуалды екі таудың арасында Зул-Қарнайн соққан, ол Қиямет күнінің алдында қирайды.
180Бұл жерде Қиямет күні туралы айтылуда.
«(Мұхаммед (с.а.с.)) ендеше аспанның бір ашық түтін келтіретін күнін күт». (Духан, 10)
«Әй, адам баласы! Раббыларыңнан қорқыңдар. Расында Қияметтің сілкінісі үлкен нәрсе». (Хаж, 1)
98-сұрақ:
Қиямет күнінің жақындау белгілерінің қайсысы Пайғамбарымыздың (с.а.с.) Сүннетінде келтірілген?
Жауабы:
Мысал ретінде күннің батыстан шығатыны181 туралы хадистерді, жануар182 туралы айтылатын хадистерді, Дажжалдың шығуы183 сияқты және қантөгіс шайқас, сондай-ақ түрлі апаттар туралы айтылатын хадистерді, Исаның (а.с.) жерге түсуі184 жайлы баяндайтын хадистерді келтіруге болады.
181Қиямет күніне аз қалғанда күннің батыстан шығаты туралы белгілі хадистер көп. Солардың бірінде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) былай дегені айтылады:
«Күн батыстан шыққанша ол Сағат (Қиямет күні) келмейді, ал ол (сол жақтан) шыққан кезде адамдар оны көреді, барлығы сенеді, бірақ бұл егер ол (адам) бұрын иман келтірмеген болса, ол кезде оның (ендігі болған) иманы ешкімге пайда бермейді». (Бұхари, Мүслім)
182Бұл жануардың пайда болуы (немесе көрінуі) туралы Мүслім, Ахмад және Әбу Дауд келтірген ұзын хадисте риуаят етілген. Онда Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:
«(Сендер) он белгіні (көрмейінше) бұл Сағат келмейді: күннің батыстан шығуы және осы жануардың көрінуі…».
183Дажжал, оған Аллаһтың лағынеті болсын, туралы айтылған хадистер өте көп. Олардың көпшілігі Бұхари мен Мүслімнің «Сахихтерінде» келтірілген. Солардың ең қысқасы:
- Уқба ибн Умар әл-Ансаридың сөзінен оның бір күні Хузайфа ибн Йаманға (р.а.) барғаны баяндалады. Дажжал туралы ол Аллаһ елшісі (с.а.с.) не айтқаны жөнінде Хузайфа ибн Йаманнан (р.а.) айтып беруді өтінеді. Сонда ол Пайғамбарымыздың (с.а.с.):
«Шын мәнінде, Дажжал келеді, және онымен бірге су мен от болады, адамдарға су боп көрінетіні – алаулаған от, ал от боп көрінеті сап-салқын су болады, сендерден кім сол күнге жетсе, от боп көрінгенге ұмтылсын, ол ақиқатында жақсы су боп шығады» дегенін жеткізген.
- Уқба: «Мен де Хузайфаның сөздерін растайтын (әңгімені) есіттім», деді. (Мүслім)
184Исаның (а.с.) көктен түсетіні туралы да хадистер өте көп. Әбу Хурайрадан (р.а.) келген хадисті мысалы ретінде көрсетелік: Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:
«Жаным қолында болған Затпен ант етемін, крестерді қирататын, шошқаларды өлтіретін және ақшаның көптігінен ешкім алмағандықтан жизияны жоятын әділ қазы Мәриямның ұлы жақын арада сендерге түседі». (Бұхари, Мүслім)
- Бұл жерде ол шариғат бойынша қазылық жасайтыны туралы айтылуда.
- Бұл жерде шошқа етін ас ретінде пайдаланбау туралы айтылуда.
- Жизия – халифалықта (яғни мұсылман елінде) «қамқорлықта болған» (әһлуз-зиммә) яһудилер мен христиандар мұсылмандарға төлеп тұруы тиіс болған әр адамнан алынатын алым. Бұл жерде жизия жойылады деген сөз, барлық адам ол кезде исламды қабылдап, жизия алу туралы шариғат заңының қажеттілігі жойылады дегенді бідіреді.
- Яғни, бұл сөз барлық адам ислам заңдары бойынша өмір сүре бастаған соң, олардың байлығы соншалық артады, адамдар ақша туралы ойлауды да қояды, ақша табуға ұмтылуы да тоқтайды дегенді білдіреді.
Сондай-ақ, мысал ретінде Йәжуж бен Мәжуждердіңкелуі185 туралы хадисті, және түтін186 туралы айтылатын хадистерді, сондай-ақ әрбір мұсылманның жанын алатын жел187 туралы хабар беретін, және оттың келуі888 туралы хадистерді және жердің ойылып кетуі189 туралы хадистерді, сондай-ақ басқа да көптеген хадистерді келтіруге болады.
185Бұл хадисте айтылуынша, бір күні Пайғамбарымыз (с.а.с.) айқайлап жіберді: «Аллаһ Тағаладан басқа ешбір тәңір жоқ! Жақындап қалған жамандықтан арабтарға нендей өкініш! Бүгін Йәжуж және Мәжуж дуалы мұнша ажырады!» деп бас бармақ және сұқ саусағымен белгі көрсетті. Зәйнәб бинту Жахш (р.а.) сұрады: «О, Аллаһтың елшісі! Қалайша біз мерт боламыз, біздердің арамызда шыншылдар да бар емес пе?» Ол айтты: «Иә, егер бұзықтық көбейсе». (Бұхари, Мүслім)
186Бұл туралы Мүслім, Ахмад және Әбу Дауд келтірген сахих хадистердің бірінде айтылады.
187Әбу Хурайраның (р.а.) сөзінен алып Мүслім келтірген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:
«Шын мәнінде, Аллаһ Тағала Шам жақтан жібектен жұмсақ жел жібереді және ол жүрегінде тозаңның салмағындай иман қалған әрбір адамның міндетті түрде жанын алады».
188Мұндай хадистердің біреуі Әбу Хурайра (р.а.) сөздерінен алынған. Онда Пайғамбарымыздың (с.а.с.) былай дегені айтылады:
«Бусрадағы түйенің мойнына сәулесін түсіретіндей Хижаз жерінен өрт шықпайынша бұл Сағат келмейді». (Бұхари, Мүслім)
- Арабия түбегінің Қызыл теңіз жағалауындағы тау сілемдері.
189Осындай бір хадис мүміндердің анасы Умму Сәләмәдан (р.а.) келеді: «Бір күні Аллаһ елшісі (с.а.с.) айтты:
«(Бір) адам Кағба маңынан құтылуды іздеген кезде, оған әскерлері құмды жерге кездесіп жерге жұтылатын бір топ (жасақ) жіберіледі», мен сұрадым: «О, Аллаһтың елшісі, (олардың ішінде) болған еріксіздер қайтеді?» Ол айтты: «Сол топ сол адаммен бірге жерге жұтылады, ал Қиямет күні ол өз ниетіне сай тіріледі».
99-сұрақ:
Өлімге (ажалға) иман келтірудің міндетті екеніне не дәлел бар?
Жауабы:
Аллаһ Тағала айтты:
«(Мұхаммед (с.а.с.)): «Сендерге уәкіл етілген өлім періштесі190 жандарыңды алады. Сосын Раббыларыңа қайтасыңдар» де». (Сәжде, 11)
190Бұл жерде өлгендердің жанын алу міндеттелген періште туралы айтылуда.
«Әркім өлімді татады. Шын мәнінде Қиямет күні ақыларың толық төленеді». (Әли Имран, 185)
«(Мұхаммед (с.а.с.)): Сенен бұрын да адам баласына мәңгілік (өмір) бермедік. Ал егер сен өлсең, сонда олар мәңгі қала ма?» (Әнбия, 34)
«Бүкіл жер жүзіндегілер191 түгейді. Ұлы дәрежеге Ие әрі Жомарт Раббыңның Жүзі192 ғана қалады». (Рахман, 26-27)
191Яғни, жер бетінде
192Аллаһ Тағаланың дидары деген сөз Аллаһ Тағаланың Өзін білдіреді.
«(Аллаһтан) басқа ешбір тәңір жоқ. Оның Жүзінен басқа әрнәрсе жоқ болады». (Қасас, 88)
Аллаһ Тағала және айтты:
«Сондай еш өлмейтін Тірі Аллаһқа тәуекел ет». (Фурқан, 58)
Басқа да көптеген аяттарды мысал ретінде келтіруге болар еді.
Бұл туралы көптеген хадистерде де айтылады, бұл – ешкімде күмән туғызбайтын барлық адамға белгілі айқын ақиқат. Алайда, қасарушылық пен менмендік деген нәрселер бар, сондықтан өлімге және одан кейін келетіндерге сеніммен Аллаһ Тағаланың хақиқи шын құлдарының іс-амалдары ғана сәйкес келеді. Ал біздер болсақ, кім өлсе де, оны біреу өлтірсе де немесе басқа бір себеппен дүниеден өтсе де, олардың дәл белгіленген мезгілінде өлгеніне сенеміз. Аллаһ Тағала айтты:
«Олар сол мерзімі келген сәтте бір дем кешікпейді де ілгерілемейді». (Ағраф, 34)
100-сұрақ:
Адамдарды күтіп тұратын қабір азабы немесе қабір рахаты мен қабірдегі сұрақ-жауап туралы Құранда қандай дәлелдер бар?
Жауабы:
Аллаһ Тағала айтты:
«Ақыр олардың әрбіріне өлім келген сәтте: «Раббым! Мені дүниеге қайтар! Мүмкін мен қалдырған (дүниеде) жақсы амал істермін». Әсте олай емес. Рас бұл, оның бір айтқан бос сөзі. Өйткені, олардың артында қайта тірілетін күнге дейін барзах193 бар». (Муминун, 99-100)
193«Барзах» – өлім мен Қиямет күні арасындағы кезеңнің аты.
«Перғауындықтарды сұрқай азап баурап алды. Олар ертелі-кеш отқа ұсынылады. Қиямет қайым болған күні: «Перғаундықтарды азаптың ең қаттысына кіргізіңдер (делінеді)». (Ғафыр, 45-46)
«Аллаһ Тағала сондай иман келтіргендерді дүние тіршілігінде де, Ахыретте де мықты сөзбен бекітеді». (Ибраһим, 26)
«(Мұхаммед (с.а.с.)) Егер залымдарды өлім қиналысында, періштелер қолдарын созып: «Жандарыңды шығарыңдар! Бүгін Аллаһқа қарсы орынсыз сөйлегендерің, Оның аяттарына менсінбегендерің себепті қорлаушы азаппен жазаланасыңдар» дегенде бір көрсең!» (Әнғам, 93)
«Оларды194 Біз білеміз. Оларды екі рет азапқа саламыз195. Сонан соң олар зор азапқа айдалады196». (Тәуба, 101)
194Бұл жерде екіжүзді мұнафиқтар туралы айтылуда.
195Бұл сөзге әр түрлі түсінік берілуде, мәселен: осы дүниеде және Ахыретте, көрде жатқан мезгіл мен Қиямет күнінен кейінгі кезең, т.т.
196Бұл жерде мұнафиқтар тозақтың ең астыңғы қабатында болатыны туралы айтылуда.
Мысал ретінде басқа да аяттарды келтіруге болар еді.
101-сұрақ:
Адамдарды күтіп тұратын қабір азабы мен қабір рахаты, және қабірдегі сұрақ-жауап туралы қандай хадистер бар?
Жауабы:
Бұған дәлел болатын сахих хадистер өте көп. Солардың бірі, Анастан (р.а.), ол айтты:
«Аллаһ Тағаланың елшісі (с.а.с.) былай деді: «Аллаһтың құлын қабірге қойған соң оның жора-жолдас, туыстары кетеді, олардың кебістерінің дыбысын ол есітеді, оған екі періште келіп, оны отырғызып: «Сен мына адам туралы, Мұхаммед туралы не айтып едің?»-деп сұрайды. Сонда мұсылман: «Ол – Аллаһтың құлы әрі елшісі» деп куәлік беремін»-деп жауап қайтарады. Осыдан кейін оған: «Тозақтағы жайыңа қара: Аллаһ саған оны жәннәтпен ауыстырды» делінеді, ол осы екі жайды да көреді. Ал екіжүзді мұнафиқ пен дінге сенбейтіннен: «Бұл адам туралы не айтып едің?»-деп сұраған кезде, олар: «Білмеймін, адамдар не айтса, соны айттым»-деп жауап қайтарады. Сонда оған: «Сен білмедің және оқымадың197!» делінеді. Сонсоң оны темір күрзімен ұрады, және оның шыңғырған дауысын сол маңайдағы жындар мен адамдардан басқаның барлығы есітеді». (Бұхари, Мүслім)
197Яғни, Құран оқымаған. Бұл жерде өзінде білім болмаған және білгендерге ілеспеген адам туралы айтылуда.
Мұндай хадистердің қатарына Абдуллаһ ибн Умардан, Аллаһ ол екеуінен разы болсын, келген хадисті жатқызуға болады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:
«Шын мәнінде, сендерден біреулерің өлсе, оған таңертең және кешке оның орнын көрсетеді, және егер ол жәннәттық болса, онда (оған) жәннәт тұрғындарының арасындағы (орнын көрсетеді), ал егер ол тозақтық болса, онда (оған) тозақ тұрғындарының арасындағы (орнын көрсетеді), және оған: «Бұл орын, Аллаһ Тағала Қиямет күні сені қайта тірілткенше, сен үшін (сақталады)»,-дейді». (Бұхари, Мүслім)
Бұлардың қатарына Пайғамбарымыздың (с.а.с.):
«Шын мәнінде, олардың екеуі де азапталуда198», деген белгілі хадисін қосуға болады.
198Бұл хадисті Бұхари мен Мүслім келтірген. Оның аяқ жағында айтылады: Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтты:
«Ақиқатында, ол екеуі* (олардың ойынша) болмашы күнәлары үшін азапталуда: бірі – өсекші, екіншісі – өз несебінен сақтанбаушы еді».
*Бұл жерде қабірдің қасынан өтіп бара жатып Пайғамбарымыз (с.а.с.) қабірдегілердің дауыстарын есітіп, солар туралы айтқаны сөз болуда.
Сол сияқты Әбу Айюбтан (р.а.) келген хадисті де келтіруге болады:
«Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.с.) күн батқаннан кейін үйінен шыққан кезде (жан түршігерлік) дауысты есітті де: «Яһудилерді қабірлерінде азаптап жатыр»,-деді». (Бұхари, Мүслім)
Бұлардың қатарына Әсмәдан (р.а.) риуаятталған хадисті де қосуға болады199.
Ол айтты:
«Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.с.) адамдарға уағыз айтып тұрып адамдардың қабірде қандай азапқа тап болатыны жайлы әңгімелеген кезде, мұсылмандар бақырып жіберді»200.
199Бұл туралы айтылған әңгіме Бұхари келтірген ұзын хадистің бір бөлігі болып табылады.
200Бұл жерде адамдарды сонша үрейлендірген Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сөздерінің әсері туралы айтылуда.
Бұлардың қатарына Айшадан (р.а.) келген хадисті де қосуға болады. Ол айтты:
«Мен Аллаһ Тағала елшісінің (с.а.с.) намаздан кейін Аллаһ Тағалаға қабір азабынан сақтай гөр жалбарынбай қалған кезін көрген емеспін». (Бұхари, Мүслім)
Сол сияқты күн тұтылғанда Пайғамбарымыз (с.а.с.) қабір азабынан сақтауды Аллаһ Тағаладан жалбарынып өтінуді адамдарға бұйырғаны туралы хадисті де осылардың қатарына қосуға болады.
102-сұрақ:
Адамдардың қайта тірілетін және қабірлерден шығатыны туралы қандай дәлелдер бар?
Жауабы:
«Әй, адамдар! Егер өлгеннен кейін тірілуден күдіктенсеңдер, әрине Біз сендерді топырақтан, сонан соң жыныстық тамшыдан, кейін ұйыған қаннан тағы бейнеленген, бейнеленбеген кесек еттен өздеріңе (жаратылыстарыңды) білдіру үшін жараттық. Сондай-ақ жатырларда қалған мерзімге дейін қойып қоямыз. Соңында бөбек түрінде шығарамыз. Одан кейін ер жетесіңдер. Кейбіреулерің қайтыс болып, кейбіреулерің әрнәрсені білгеннен кейін түк білмейтін өмірдің ең нашарына қайтарыласыңдар. Қураған жерді көресің. Оған жаңбыр жаудырсақ, құлпырып, көпсіді де әртүрлі көркем өсімдік өндірді. Осы дәлелдер бойынша, шын мәнінде Аллаһ; Ол – Хақ, Күдіксіз Ол, өлікті тірілтеді. Өйткені, әрнәрсеге күші жетеді. Әлбетте Қиямет келеді. Онда күдік жоқ. Шәксіз Аллаһ, қабірдегілерді тірілтеді». (Хаж, 5-7)
«Ол, сондай жаратылысты бастап, сосын оны қайтарады. Бұл Оған оңай». (Рум, 27)
«Әуел бастағыдай қайта жаратамыз». (Әнбия, 104)
«Адам баласы: «Мен өлген уақытта тіріліп ортаға шығарыламын ба?»-дейді. Ал адам баласы, өзін алғаш жаратқанымызда, дәнеңе емес екенін ойламай ма?» (Мәриям, 66-67)
«Адам баласы өздерін бір тамшы судан жаратқанымызды көрмей ме? Сонда да ашық қиқарлық істейді. Олар өз жаратылысын ұмытып, Бізге мысал берді: «Міне шіріген сүйектерді кім тірілтеді?»-дейді. (Мұхаммед (с.а.с.)): «Оны, сондай алғаш жаратқан тірілтеді. Ол, барлық жаратылысты біледі» де. Ол сондай Аллаһ, сендерге жасыл ағаштан от жаратты. Сол уақытта сендер оны жағасыңдар. Сондай көктер мен жерді жаратқан Аллаһ, олар сияқтыны жаратуға күші жетпей ме? Әлбетте күші жетеді. Ол, әрнәрсені Жаратушы, Толық Білуші. Шын мәнінде, Ол, бір істің болуын қаласа, Оның бұйрығы оған «Бол» деу ғана, сонда ол бола қалады. Барлық нәрсенің билігі қолында болған әрі сендер Соған қайтарылатын Аллаһ; кемшіліктен Пәк». (Ясин, 77-83)
«Олар көрмей ме? Шәксіз Ол сондай Аллаһ, көктер мен жерді жаратты. Сондай-ақ оларды жаратқанда қажымаған Аллаһтың өліктерді тірілтуге шамасы келеді. Әрине Оның әрнәрсеге Күші Толық Жетуші». (Ахқаф, 33)
Аллаһ Тағала және айтты:
«(Мұхаммед (с.а.с.)) расында жердің құрғап қалғанын көресің. Сонда Біз оған жаңбыр жаудырған мезгілде құлпырып көпсуі Аллаһтың дәлелдерінен. Күдіксіз оны тірілткен Аллаһ өліктерді де тірілтеді. Өйткені, Оның әрнәрсеге Күші Толық Жетуші». (Фуссилат, 39)
Дәлел ретінде басқа да аяттарды келтіруге болар еді.
Аллаһ Тағала құрғап қалған өлі жерге су беріп тірілтіп, оның (жердің) көпсіп, жасыл желек жамылып шыға келгені жайлы көптеген жерде мысал келтірген.
Әбу Хурайра (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мына сөздерін риуаят еткен:
«Екі рет Сұр үрленуінің арасында қырық (өтеді)», сонда Әбу Хурайрадан (р.а.): «Не туралы айтылуда, күн, ай немесе жылдар туралы ма?» деп сұрағанда, ол жауап бермеген.
Және ол Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мына сөзін келтірген:
«Кейін Аллаһ Тағала көктерден су түсіреді, сонсоң (адамдар) шөп сияқты өне бастайды. Және адамнан (өртеніп) күлге айналмаған құйымшағынан басқа ештеңе қалмайды, және Қиямет күні сол құйымшақтан бастап қайта қалпына келеді». (Бұхари, Мүслім)
103-сұрақ:
Қайта тірілуге сенбейтіндер туралы қандай үкім шығару керек?
Жауабы:
Ондай адам Аса Құдіретті, Ұлы Аллаһ Тағалаға да, Оның кітаптарына да, Оның елшілеріне де сенбейді, олар туралы Аллаһ Тағала былай деген:
«Сондай қарсы келгендер: «Біз де, аталарымыз да топырақ болғаннан кейін (қабірден тіріліп) шығарыламыз ба?»-деді». (Нәміл, 67)
«(Мұхаммед (с.а.с.)) егер таң қалсаң201, олардың202: «Біз бір топырақ болған кезде, жаңадан жаратыламыз ба?»-деген сөздеріне таңырқауың керек. Міне бұлар Раббыларына қарсы болғандар. Әрі бұлар мойындарында темір шынжырлар203 болатындар. Сондай-ақ бұлар тозақтық. Олар онда мәңгі қалады». (Рағыд, 5)
201Бұл жерде Аллаһ Тағала Пайғамбарға (с.а.с.) сөйлеуде: «Егер сен Аллаһтың құдіретінің көрінісіне таң қалған болсаң…» дегені туралы айтылуы мүмкін.
202Бұл жерде қайта тірілу мүмкіндігіне сенбейтіндер туралы айтылуда.
203Бұл жерде олардың иман келтіруіне мүмкіндік бермей тұрған нәрсе туралы айтылуда.
Аллаһ Тағала және айтты:
«Сондай қарсы болғандар, әсте қайта тірілмейміз деп ойлайды. (Мұхаммед (с.а.с.)) оларға: «Жоқ, Раббыма ант етемін. Әлбетте өлгеннен кейін қайта тірілесіңдер. Сосын сендерге не істегендерің түсіндіріледі. Осылар Аллаһқа оңай» де». (Тағабун, 7)
Екі «Сахихтің» екеуінде де Әбу Хурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадис қудсиде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) мына сөздері келтірілген:
«Аллаһ Тағала айтты: «Адам баласы204 Маған жала жапты, оның олай етпеуі керек еді, ол Мені балағаттады, оның олай етпеуі керек еді. Олардың Маған жала жапқаны, оның «Ол мені алғаш жаратқанындай ешуақытта өмірге қайта келтіре алмайды»-деген сөзі. Ал оның Мені балағаттағаны, оның «Аллаһ Өзіне бала иемденді» дегені, ал Мен – Жалғызбын, Мәңгілікпін, Мен тумадым және туылмадым және Маған ешкім тең болған емес». (Бұхари риуаяты)
204Бұл жерде тек кәпірлер туралы айтылуда.
104-сұрақ:
Сұр үрленетініне не дәлел бар және Қиямет күні ол қанша рет үрленеді?
Жауабы:
Аллаһ Тағала айтты:
«Сұр үрленгенде Аллаһтың қалағанынан басқа көктердегі жан иелері, жердегі жан иелері жығылып өледі. Бірақ Аллаһтың қалағандары қалады. Сосын екінші рет Сұр үріледі де, сонда олар тұрған бойда қарап қалады». (Зумәр, 68)
Сонымен, бұл аятта екі рет Сұр үрленуі туралы хабар берілген, біріншісінен кейін барлық жан иелері түгел өледі205, ал екіншісінен кейін қайта тіріледі.
205Аллаһ Тағала қалдыруды қалағандардан басқалардың барлығы
Аллаһ Тағала және айтты:
«Сұр үрленген күні, Аллаһ қалаған біреулерден басқа; көктерде болғандар да, жерде болғандар да үрейленеді». (Нәміл, 87)
Бұл аяттағы «үрей» сөзін түсіндірушілер, жоғарыда келтірілген «Зумәр» сүресіндегі аятта айтылғандай, Сұрдың алғашқы үрленуі кезінде жығылып өлу деп тәпсірленген. Кейбір тәпсіршілер «үрей» деген сөзді «жығылып өлу» емес, оны «екі үрлеудің алдындағы үшінші үрлеу» деген. Бұл тәпсірді Сұр жөнінде келген ұзын хадистегі сөздер қуаттайды. Онда үш үрлеу туралы айтылған: «үрей үрлеуі», «жығылып өлу үрлеуі», және бүкіл әлемнің Иесі үшін «қайта тірілу үрлеуі».
Бұл айтылғанға Мүслімнің «Сахихында» келтірілген төмендегі хадис дәлел бола алады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) айтқан:
«Сонсоң Сұр үріледі, оны естігендер, мойындарын созып, тыңдауға кіріседі. Оны ең бірінші болып өзінің түйелерін (суару үшін хауыздың шет-шетін) балшықпен сылап жатқан адам есітеді, барлық адамдар өледі, ол да өледі. Сонсоң Аллаһ шық тәріздес майда жаңбыр сіркіретеді, одан адамдардың денесі өсіп шығады, сонсоң Сұр тағы бір рет үріледі де, олар жан-жағына қарап түрегеледі». (Мүслім)
105-сұрақ:
Адамдардың Қиямет күні жиналуы Құранда қалай суреттелген?
Жауабы:
Мұны суреттеуге (баяндауға) Құранның көптеген аяттары арналған.
Мәселен, Аллаһ Тағала айтты:
Достарыңызбен бөлісу: |