Шерхан Мұртаза Қызыл жебе екінші кітап алматы, 2021



Pdf көрінісі
бет26/64
Дата13.12.2021
өлшемі1,48 Mb.
#125910
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   64
Байланысты:
Қызыл Жебе 2 Ересек және студенттер

жалақыны  көбейт  деп  талап  қоймақ  болып,  бәленбай  мыңы 
жиналып,  ұлығына  бара  жатқанда  солдаттар  қарусыз 
бейшараларды  мылтықпен  атып,  жусатып  салды.  Бұл 
сұмдықты біз көре алған жоқпыз, а бірақ түрме қанша бітеу 
болса  да,  сырттағы  хабар  абақтының  тac  қамалынан  өтіп 
кетеді. Сол сойқаннан кейін бізге де қарауыл бұрынғыдан бетер 
күшейтілді. «Лена қырғыны» деген сойқан дәл біздің қасымызда 
болды. Көзі ашық орыстар айтады: «Патшаның күні таусылды. 
Енді көп ұзамас. Жағдай өзгереді. Бізге де бостандық болады», 
–  дейді.  Ондай  атты  күн  болса,  сенімен  қауышар  күн  туар, 
Тұрар.  Әйтеуір,  бір  зор  дауылдың  жақындап  келе  жатқанын, 
оқымасам да, мен сезетін сияқтымын. Сол дауыл адам өміріндегі 
жоқшылық, алдау-арбау, бәле-жала, зорлық-зомбылық сияқты. 
Баяғы  Алматының  түрмесіндегі  тамыр  Ескендірдің  айтқан 
Ленин деген кісісін мұнда ауызға жиі-жиі алады. Естіген сайын 
құлағым елеңдеп, менің бір жақын адамымды атап жатқандай, 
ішім жылып қалады. Сол Ескендір шынында көреген екен. Алғаш 
содан естігенде нана қоймап едім. Енді мұндағы халықтың бар 
сенгені  –  Ленин.
«Жартас» кенішінің түбінде майып болмасам, жақсылыққа 
мен  де  жететін  шығармын  деген  үміт  жанды  жылытады. 
Оқыған орыстар Пушкин деген ақынның өлеңін айтады. Қазір 
мен орысшаны біліп қалдым ғой. Сол Пушкин, патшаға қарсы 
шығып,  каторгаға  бұдан  жүз  жыл  шамасы  бұрын  айдалған 
декабристерге  мына  өлеңмен  сәлем  жолдаған  екен.
«Во глубине сибирских руд
Храните гордое терпенье
Не пропадет ваш скорбный труд
И дум высокое стремленье» –
деп.
Сол  Пушкин  тағы  да:  «Кісендер  талқандалып,  абақтылар 
қирап,  бостандық  таңы  атады.  Сонда  қолдарыңа  алдаспан 
алып,  жауды  жайратасыңдар»,  –  депті.
Қолыма  мен  де  қару  алып,  азаттық  үшін  алысып  өлсем, 
арманым  жоқ.  Пайғамбар  ақынның  айтқаны  келгей.


Аяқ-қолдағы ауыр кісенге бауыр басып кеткенім соншалықты, 
егер  оның  кілті  ашыла  қалған  күнде  тастамай,  ескерткішке 
ала кетемін. А мүмкін бұл кісеннен қанжар соғуға тұра келер. 
Патшаның иттерінің басын шауып, сол қанжарды жау қанына 
суарсам, менде қандай өкініш бар.
Тағы  бір  арман-тілек.  Кісенімнің  қанжардан  артылған 
бір түйірінен мен сақина соғар едім. Сенің туған анаң Қалипа 
дүниеден  ерте  көшті,  Тұрар,  қолына  сақина  сала  алмадым. 
Одан кейінгі алғаным Ізбайша сенің туған анаңнан кем болған 
жоқ.  Шиеттей  екі  нәрестені,  сенімен  Түйметайды  аналық 
мейіріммен исініп, бауырына салды. Құла дауыл қу тіршіліктің 
күйбеңімен  жүріп,  оның  да  саусағына  сақина  кигізе  алмадым.
Жылдар  жүзіне  ер  адам  жар  құшағынсыз  күн  кешудің 
ахиреттей қасірет екенін мен саған тәптіштеп жатпаймын, 
ұлым.  Несін  жасырайын,  Сібірдің  ұзақ  түндерінде  мен 
Ізбайшаны да көп ойладым. Сен де ер-азамат болып өсіп қалған 
шығарсың.  Құдай  саған  алдағы  күнде  алған  жарды  адалынан 
берсін.  Ізбайша  менің  адал  жарым  еді.  Енді  менен  күдер  үзіп, 
басқа бір төбетке тәуелді болса, амал жоқ. Ал менің неғайбыл 
нәлет жолыма қарап, әлі де күтіп жүрген болса, мен кісеннен 
соққан темір сақинаны оның періштелі саусағына саф алтынға 
балап  салар  едім.  Ақылы  болса,  мұнысы  несі  деп,  таң  қалмас. 
Рас, темір кісен аяғыма тұсау болып, адымымды аштырмады. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   64




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет