* * *
Уақыт тар. Әрбір күн, әрбір сағат алтыннан қымбат. Жаяу
жүгіріп жететін жер емес. Әулие-Атаға әлі пойыз жолы – «шойын
жолы» жетпеген. Тұрар ойлайды. «Әттең, ұшы-қиырсыз байтақ
даланы темір жол кесіп өтсе. Адымы қысқа ағайындардың тұсауы
кесіліп, құлашы кеңісе. Бүкіл, тұтас халықтың аяғы кісендеулі
сияқты. Кісендеулі аттай, көсіліп шаба алмай тапырақтаған,
шоқырақтаған заман. Ташкенттен Самарға дейін сапар шегіп
қайтқан Тұрар пойыз жолдың не екенін біледі. Арыстан өте бере
кілт үзіліп қалған сол жолды иығына салып тартып, ұзартқысы
келеді. Еділдің жағасында кеме тартқан бурлактарша мойнына
қамыт кисе де ұзартпақшы болады. Не керек, ол тек қиял ғана.
Ал қазір, отарба тұрмақ, атарба да жоқ. Күйме тоқтап тұр.
Бар үміті әлгібір едіреңдеген ротмистрде ғана. Сол зор бермесе,
Меркеге бүгін көлік түрі жоқ. Әулие-Ата аласапыран. Бұрынғыдай
бұйығы емес. Адамдардың жүріс-тұрысы апыл-тұпыл. Шотыр-
шотыр топтаса береді, күңкілдесіп, сезіктене сөйлеседі.
Атшабарға барса біраз жағдайдан хабардар болар еді, бірақ
бұл жоқта ротмистр ат тауып келіп, күйме жүріп кете ме деп
қауіптенді.
Ротмистрмен екеуінің арасы аса жақсы да емес. Есер немемен
ерегіссе, күймеге мінгізбей тастап кетуі де әбден ықтимал.
Ташкенттен шығарда, енді жүрейін деп тұрған сәтте осы
офицер өрт сөндірердей ентігіп жеткен. Күйменің орындықтары
бос емес. Жолаушылар біріне-бірі иық тіресіп, ине шаншар жер
қалмаған. Ротмистр қалт тұрып қалды. Отырған жұртты алақ-
жұлақ бірер қарап шолып шықты. Тұрарға ежірейе көз тігіп
тұрды да:
– Встать! – деп бұйырды.
– Мәртебелі мырза, менің билетім бар. Заңды орным.
– Встать! Ақ патшаның офицерін көргенде түземдердің
орнынан тұрып, бас иіп сәлем беруі керек екені туралы жарлықты
оқымаған қандай оңбағансың? Айып төлетіп, дүре соқтырып,
айдатып жіберейін бе өзіңді!
Ерегістен ештеңе өнбейді. Ондай оспадарсыз тәртіптің
бар екені шын. Генерал-губернатор түземдерге арнап сондай
қорлықты жарлық жариялаған.
– Ондай жарлықтың бар екені рас, офицер мырза. Жергілікті
халықтың өкілі ақ патша офицерлері мен чиновниктерді көргенде
құлдық ұру белгісі ретінде орнынан тұрып, иіліп сәлем беруге тиіс.
Бұл туралы Куропаткин мырзаның көмекшісі Ерофеев мырза қол
қойған тәртіпті оқығаным бар. Бірақ ол жарлықта күйме ішінде
де тұрып бас ию керек деген пункт жоқ еді. Бірақ, жарайды,
отырыңыз офицер мырза, – деп Тұрар орнынан көтерілді.
Ротмистр отыруын отырғанмен, сөзден тосылғанын сезіп,
есесін жібермеуге тырысып:
– Сен үшін арнайы пункт керек болған ғой, – деп бұрқ етті.
– Айтпақшы, мына қазір жиырма бесінші маусым жарлығынан
кейін түземдер де әскерге алынып жатыр. Сен содан қашып
жүргеннен саумысың? Бұл не саяхат? – Ротмистр: «бәлем, жанды
жеріңнен ұстадым ба?» – деді бір езулеп зәрлі мысқылмен.
– Офицер мырза, сіз басқа жарлықты да білуге тиіссіз
ғой, ұмытып қалдыңыз ба, генерал-губернатор қара жұмысқа
мобилизация жасаудан болыстарды, ауылнайларды, имандар
мен молдаларды және үкімет оқу орындарында оқып жүрген
шәкірттерді құтқарған жарлық шығарған жоқ па? Мен осындағы
мұғалімдер институтының шәкіртімін. Ал қазір каникулға Әулие-
Ата уезінде тұратын туысқандарыма бара жатырмын.
– Кешіріңіз, – деді ротмистр басын сәл изесе де, зілдене,
кекесін үнмен.
Дегенмен, кәдімгідей ығып қалды. Өз кеңсесінен шығып
жатқан жарлықтың бәрін жатқа айтып жұтынып тұрған пысық
та тәкаппар қараторы жігіт мұны жұдырықсыз-ақ тұмсығын
қанатып тастағандай еді. Ротмистр біртүрлі ыңғайсыздық сезініп,
іштей ренжіп, ашутас жалаған баладай тыжырынып отырды.
Асылы, арам жеңіс – рухани жеңіліс қой. Ондай жеңіс жанды
жегіш, ләззаты жоқ, құр қоқайма. Ротмистр Тұрарды қорсынып,
отырған орнын тартып алғанмен, қазір көңілі шытыр жеген
өгіздей бей-жай.
Тұрар күйме есігінің жақтауынан ұстап түрегеп тұр.
Үстіндегі еуропаша костюм өңі түспеген, таза, қыры сынбаған,
ұйпаланбаған, сүйкімді. Бойы орташа болғанмен, денесі қоладан
құйғандай шымыр, жас адамның әл-қуаты шиыршық атып, жігері
мұқалмай, жүзі жапырылмай, жанып тұрғаны байқалады.
Осы қалпында ол қорланып емес, ротмистрдің бейшаралығын
аяп, мүсіркеп тұрғаны сияқты. Ротмистр мұны «түзем» деп
кемсітті. Нәсілдік аурумен ауырған адамның сандырағын айтты.
Бұл ауруға орыстардың азшылығы ғана шалынып, көпшілігі сау
екеніне іштей қуанып, офицердің оспадарсыздығын ұмытуға
тырысқан. Есіне сонау мың да тоғыз жүз бесінші жылғы Алматы
түрмесінде отырған Александр Бронниковты алды.
Александр Бронников кім? Мынау отырған ротмистр кім?
Екеуі екі дүние. Жер мен көктей, қыс пен жаздай, күн мен түндей.
Екеуін де орыс дегенмен, көкірек басқа, көзқарас басқа. Біреуі
зұлымдықтың күзетінде, біреуі адамгершіліктің қызметінде.
«Ленин айтқан екі Ресейдің кішірейтілген көрінісі», – деді ішінен
Тұрар. Пролетарлық Ресей бар да, халықтардың түрмесі болған
Ресей бар. Түрменің өкілі қарсы алдында отыр. Ал Александр
Бронников болса... Қайда екен қазір? Тірі ме, өлі ме? Өзінің
туған әкесі Рысқұлдың тағдырындай тұман тұтқан белгісіз,
неғайбыл. Рысқұл да, Александр да 1905 жылдың қаһармандары.
Ал революция қаһармандары оп-оңай құрып кетпесе керек-ті.
Көңілге сол ғана медет. Әйтпесе, олардың тіршілігінен Тұрар
беймәлім.
Тұрардың жападан-жалғыз түрегеп тұрғаны жалғыз ротмистрді
ғана емес, күймедегі бар жолаушылардың бәрінің жұлын-
жүйкесіне тиді. Бәрі де кірпі үстінде отырғандай қолайсыздық
сезімде. Ақыры шыдай алмай, көзілдірікті ғалым-этнограф:
– Жігітім, отырыңыз, – деп ығысқан болды. – Мырзалар, сәл
жылжысаңыздар әлі де бір кісілік орын табылар. Кәне, кәне,
мырзалар.
Ротмистр қопаңдап көршісін ығыстыра, жылжи бергенін өзі
де сезбей қалды.
Тұрарға күймеден орын қатыстырған ғалым сонау
Орынбордан келе жатқан этнограф болып шықты. Жетісу қазақ-
қырғыздарының фольклорын зерттеуге келе жатқан беті екен.
Керуен сарайда көліксіз отырып қалған кезде ол Тұрармен өзі
танысты.
Тұрардың Меркеге баратынын біліп, ол жердің жағдайын,
халқын сұрастырды. Күйменің баспалдағында отырып саквояжын
ашып, тамақтана бастады. Дәмге Тұрарды да шақырды. Ұқыпты
кісі. Пісіріп алған бірер тауығы, жұмыртқалары, тіпті қияры да,
қағазға ораған тұзға дейін бар.
Тұрар сыпайылық сақтап, бас тартып көріп еді, этнограф:
– Жігітім, мен байқаймын, сіз мәдениетті адамсыз. Бірақ
тамақтың ұяты жоқ. Келіңіз, – деп болмады.
Екеуі шүйіркелесіп, ораза ашып отырғанда қастарына бір
жетім күшік келіп, шоқиып отыра кетті. Тамақтанғандардың
біресе қолына, біресе аузына қарап, жаланып-жаланып қояды.
Шыдамай тұрып кетіп, құйрығын бұлғаңдатады. Басын қисайтып
қарағанда көзіндегі жалыныштан жаның шыр-шыр еткендей
болады.
Этнограф тауықтың мүжілген аяғын лақтырар-лақтырмас көз
ілеспейтін жылдамдықпен қақшып алып, азуға басып күтір-күтір
шайнайды да, бір-ақ қылғытып салып, тағы да мөлие қалады.
Аш ала күшік сөйтіп, адамдардың қолынан тамған там-тұм
несібесін қақшып алып тұрған кезде, ротмистр жетіп келді.
Бакенбардты самайынан кіршең тер ағып, түтігіп кетіпті.
Тамақтанып отырған жолаушыларға деген ашу-ызасын ит
байғұстан алып, қылдырықтай сүйекті қытырлатып жатқан
күшікті теуіп кеп жіберіп еді, тұмақ лақтырғандай аулаққа барып
бір-ақ түсті, шар-шар етіп, көпке дейін әлдекімге мұңын шағып
қыңсылап қалды.
– Тілсіз мақлұқтың жазығы не? – деп фольклорист наразылық
білдірді.
– Филантропия! – деді ротмистр күйменің көлеңкесінде тұрып
мундирінің жез түймелерін ағытып, орамалмен терін сүртіп. –
Сендер үшін мен әуре. Қазір аттарды әкеледі. Құдай қарғаған бұл
азиаттардың қаласында көлік табу да қиямет. Маған ренжігенше,
рақмет айтсаңдар жарасар. Филантроп...
Достарыңызбен бөлісу: |