Қалай құтқарамыз? Не амал бар, ағатай? Шынымен айрылып
қаламыз ба Тұрардан?!
Қабылбектің көзіне жас үйірілгенін көріп, ұстаз оны арқасынан
қағып, жұбатқан болды.
– Келген бетте неге айтпайсың? Апырай, асығайық та! Егер
бүгін түнге дейін аман болатын болса, сірә құтқарудың сәті
түсер. Түрме қарауылдарының ішінде менің таныстарым бар.
Рас, олар бүгін түнде қарауылда тұра ма, тұрмай ма, білмеймін.
Үміт етейік. Ал сен тез жігіттерді жина. Сезіктеніп қалмасын,
абайлаңдар. Шоғырланбаңдар. Тұрдалы Тоқбаев, Мақсұт
Жылысбаев, Садуақас Жамансартов, Төребек Исабеков... Осылар
сенімді. Тез хабарлас. Питерден маған ештеңе түскен жоқ па?
–
Ештеңе көре алмадым, Иван Владимирович.
– Иә, қазір поштаның кетуі де қиындады ғой. Жарайды, тез
жөнел. Мен де кетемін қазір.
Қарт ұстаз Қабылбек үйден шығып кеткенше, терезе жаққа
барып, көше жақты бақылап тұрды.
«Бұл да қармаққа ілініп қалмағай!» – деп тіледі ішінен.
Қабылбек те Тұрар сияқты мұның қолында оқып жүріп-ақ
кеңceгe орналасқан. Мерке пошта бастығының көмекшісі. Талай
жылдан бері Иван Владимирович «Коваль» деген фамилиямен
Петербургтен жасырын кітаптар алады. Егер поштада Қабылбек
Сармолдаев істемесе, орталықпен байланысу мүмкін емес еді.
Меркедегі социал-демократтардың шағын үйірмесінде осы
Қабылбек те бар. Өзге шәкірттерден Тұрдалы, Мақсұт, Садуақас...
Төребек. Бұлардың ішінде Тұрдалы мен Төребек қырғыз
балалары, Мақсұт пен Садуақас осы меркеліктер. Төребекті
алдыңғы күні көрген. Оның айтуынша, көтеріліске Тұрардың
әкесі Рысқұл да қатысқан дейді. Көтерілісшілердің ішінде оны
көргендер бар дейді.
Иван Владимирович мұнтаздай киініп, қолына таяғын ұстап,
Меркенің орталығына қарай аяңдады. Селоның адамдары
үйлерінен шықпай, бұғып отырған сияқты. Жым-жырт. Тек
орталыққа жақындағанда қалың топ көрінді.
– Тараңдар! Тараңдар! – деп айқайлаған дауысты естіп, қарт
мұғалім асыға түсті. Жұртты кимелеп, әрең дегенде алға ұмтыла