* * *
Василий Терентьевич Кузьмин ұйқыдан ерте тұруға
дағдыланған кісі. Селоның ең ірі байы, әрі атаманы болғандықтан
өз дәрежесіне сай аспай-саспай сәске түсте бір-ақ тұрса да болар
еді. Жоқ, Кузьмин ондай емес. Кузьмин өзінің бала-шағасына,
жалшы-батырақтарына үнемі:
– Кто рано встает, тому бог дает, – деген өсиетті айтудан
жалыққан емес. Бүгін де торғай шыр еткеннен төсегінен тұрып,
ұйысқан қаба сақалын, бурыл шашын айнаның алдына барып
тарап, бұрыштағы иконға шоқынар-шоқынбас, иығына кителін
іле сала, тысқа шықты.
Батырақтары қорада жүр екен. Кулак бұған қуанып қалды.
Мына қилы заманда жалшыларына сенбейін десе, бұлар бір мың
болғырлар ерте тұрып, мал қамына кіріскен түрі бар.
Тайлаққа пара-пар, еңсегей бойлы, өмірі қабағы ашылмайтын
түкіс орыстың аты Пахом еді. Екеуі де сатылы арбаға жегілетін
қара өгіз бен сары өгізді еске салады. Рас, сары өгіздің бір мүйізі
сынық. Құдай соған парлап ұқсатқандай Пахомның да бір қолы
шолақ. Пахом осы Кузьминкадан 1914 жылы күзде әскерге
алынып «патша мен отанды қорғау» үшін майданға аттанды.
Чернигов жерінде оң қолын шынтағынан оқ жұлып кетті де,
мүгедек болып кері қайтқан. Қайтып келсе, қарт анасы мен қатын
өлген, жалғыз ұлды армияға алған. Село шетіндегі жәпірейген
жаман лашықтың төбесіне қарасора өсіп, жаманаттың қара
жалауындай қаулап тұр екен.
Алабота мен қарасора қаумалаған лашықтың табалдырығында
жалғыз қолымен махорка орап, ащы түтінді атау астай бұрқырата
жұтып отырған кезде қасына осы Кузьмин келді. Жалғыз қалған
шағында жаныңа жанашыр біреу келіп, бірер ауыз жылы сөз
айтса, соның құрбаны болып кеткің келетін сезім билейді
бойыңды. Кузьмин адам жанының нәзік тамырларын таба білетін
кәрі қасқырдың өзі еді. Пахомды қолтығынан сүйеп, өз үйіне
ертіп апарып, бүкіл соғыстың бойында татпаған тамағын беріп,
самогон арақпен сыйлады.
Пахом Кузьминнің шошқасын бағып, бай Кузьминнің
босағасында қала берді. О баста ішкі Ресейден келгенде
бұлардың тағдыры бір қалыптан шыққандай ұқсас еді, келе-
келе Кузьминнің тасы өрге домалай бастады. Тағдыр атты ауыр
тасты Пахом да өрге қарай итеріп көріп еді, біраз жылжып барып
қайтадан ылдиға құлай берді, құлай берді...
Малды өріске шығарарда Кузьмин жалшыларға әдеттегіден
тыс тапсырма айтты. Бұрын ылғи оларға:
– Малды алысқа ұзата жайыңдар. Селоның төңірегінен ұзамай,
кіл тақырға жаясыңдар, өмірі бүйірлері томпаймайды. Алысқа,
шұрайлы жерді қуалай жайыңдар! – деп бұйырар еді.
Бұл жолы:
– Ей, жігіттер, алысқа ұзамаңдар. Ел маңынан қара үзбеңдер.
Заман жаман. Киргиздар құтырды. Құл-құтанына дейін атқа
мініп, қолдарына сойыл ұстап алыпты. Абайлаңдар. Шауып кетіп
жүрмесін. Сақтықта қорлық жоқ, мына берданды ала жүріңдер, –
деп мылтықты Пахомға ұсына берген. Бірақ енді ол мылтық ата
алмайтыны есіне түсіп, Тайлаққа ұсынды. Берерін берсе де: «Осы
киргиз өз қанына тартып кетіп жүрмей ме?» – деп те шүбәланды.
– Пахом, байқа! – деп шолақ жалшыға көбірек сенім артып,
Тайлаққа абай бол дегендей сыңай танытты.
Кузьминнің желіні жер сызған сиырлары, қой-ешкісі аралас
«маңырап-мөңіреп» өріске бет алды. Шошқаларын қорсылдатып
артын ала Пахом шықты. Түстіктен тау мұнартқан, терістіктен
кеңістік керілген бейбіт таң. Топалаң туар деп қауіптенер нышан
жоқ. Бақташы мен шошқашы Мықанды жағалай, ел сыртына
шыққан соң, малдың алдын орап, көгалды қойнауға иіріп
тастамақ еді, Пахом:
– Айдай түс, – деді.
– Қожайын ұрсады, алысқа ұзамаңдар деген, – деп Тайлақ
ырық бермеп еді, Пахом көнбеді.
– Айда, сорлы.
– Ары бармайық, Ақкөздің қолына түсеміз.
– Қолыңда мылтығың бар, неменеге қорқасың? – деді шолақ
Пахом ызғарлы мысқылмен.
– Өмірі мылтық атып көрген емеспін, маған бұ да бір, таяқ
та бір, әйтеуір сес демесең, – деп Тайлақ иығындағы берданды
қолына алып, о жер, бұ жерін шұқылап көрді.
– Ата білмесең, шұқылай берме, түсірме иығыңнан, – Пахом
зілдене сөйледі. Қараптан-қарап келе жатып, күндегіден мінезі
өзгерді.
Достарыңызбен бөлісу: |