* * *
Үлкен қақпадан көшеге шығар жерде қос құлағы қылыштай
тікірейген көк төбет жатады. Осы ит әйтеуір Тұрарға үйренбей-
ақ қойды. Тұрар қақпадан кірерде-шығарда көк төбетті біреу
алдымен үйшігіне кіргізіп жіберіп, есігін жауып қояды. Бұл
жолы да Сәбден итті үйшігіне кіргізіп жіберіп, Тұрардың көшеге
шығып кетуін күтіп, үйшіктің есігін басып тұрды. Содан соң
қыздарына айқайлап:
– Қойларға су беріңдер, ұмытып кетпендер! – деп ескертті.
Мал қорадан еш уақытта қой баласы үзілмейді. Сәбден оларды
қолдан жемдеп, бордақылап, қауын сойғандай шетінен бір-бірлеп
жеп отырады.
Шаңдақ көшеге шыққанда Сәбден қапшығын арқалап алып,
Тұрардан қалмай құлдыраңдап келе жатты. Тұрармен қатар
жүруінде де есеп бар. Қисық-кисық көшенің домбаздап соққан
дуалдарының ар жағынан махалла тұрғындары мойындарын
қылқыңдатып созып-созып қарайды.
– Оһо, Сәбден ақаны қараңдар, Кеңестердің бастығымен бірге
келе жатыр!
– Тұра тұр бәлем, Кеңеспен бірте мойны астына қайырылып
түсер. Сонда Сәбден қайтер екен...
– Кеңес деген не өзі?
– Ойбай большевиктер ғой. Мал-мүлкіңді тартып алып, екі
қолыңды төбеңе қойып, қоңыз тергізіп қаңғыртып жібереді әлі.
Әне, ана Сәбденнің қасындағы большевик өткен жұма базарда
дүйім халықтың алдында сөз сөйлеп, байларды, саудагерлерді
көнпіскелеп, дүниелерін кедейлерге таратып беру керек депті.
Уақытша үкіметтің бастығын балағаттап, әбден жер-жебіріне
жетіпті. Өзі жанып тұрған шешен дейді.
– Е, онда алдымен Сәбденнің малын, мүлкін неге алмайды?
Содан бастасын, одан кейін көре жатармыз.
– Ой, қызық екенсің, Сәбден бойжеткен қызын сол большевикке
бермекші дейді. Ал қайтесің? Үйіне неге кіргізіп алды дейсің?
Бұл Сәбден мен Әбденнен амал артылған ба?
– Өлә, онда қалай? Большевик күшік күйеу болғаны ма?
– Е, оларға бәрібір емес пе, әйтеуір шүберек бас табылса,
қайын атасының қолында да тұра береді.
Өзбек, қазақ, орыс, татары аралас қисық-қыңыр көшенің
тоғышарларына осылайша жаңа бір өсектің өзегі табылды.
Көбінесе ұсақ сауда-саттықпен күнелтетін бұл қауымға әсіресе
«Шуро-и-Исламияның» ықпалы күшті. «Шуро-и-Исламия»
большевиктерді қарапайым халыққа құқай етіп көрсетуге ұста.
Сәбден әрнені айтып, құлдыраңдап, Тұрардың о жағына бір,
бұ жағына бір шыға берді. Тұрар шыдай алмай:
– Сәке, жүріп келе жатқан көшең қисық болса да, жүрісің түзу
болсын. Әне, бүкіл махалла бізге қарап тұр. Түзу жүріңіз, – деп
тастады.
Қаланың қотырын жасырып тұрған жасыл жапырақтар сары
ала тартып шаршаған көбелектей қалбаңдап барып, жерге бір-
бірлеп құлап түсіп жатыр. Тұрардың әлгіде ғана жалтырата
тазалап шыққан қара туфлиін демде тозаң тұтып қалды. Әулие-
Ата жарықтықтың шаңы биыл ерекше. Оны тазартуға ұлы нөсер
керек-ақ...
Мың жыл бұрын қаланың жан-жағын биік-биік дуалдар
қоршаған. Төрт жағында төрт қақпасы болған. Қазір бүкіл
шаһарды қоршап тұрған қорған жоқ. Енді әркім өз үйін жеке-
жеке қоршайтын болған. Әр үй – бір бекініс. Домбаздап соққан
дуалдар – бірі биік, бірі аласа, бірімен бірі жалғасып кете береді,
кете береді. Топырақ та тозғандай, дуалдардың әжімі айғыз-
айғыз. Кейбір жерлері құлап түсіп, үңірейіп қалған. Кетік дуал
– жыртық киім сияқты. Әбиіріңді ашады. Ар жақтан әулие
аталық кедейдің жатаған жүдеу үйі жалаңаштанып тұрады. Әлі
жапырағы түсіп үлгірмеген жүзімдік сүйеу таяқтарды шырмай
орап, жансыз ағашты аймалай түседі.
Екі доңғалақты арбаға бау-бау жусанды үйіп артып, тырмысқан
көк есегін тізгінінен шірене тартып, арбаны да, есекті де өзі
сүйрегендей болып, жыртық кебісін қоңылтақ киген қазақ кетіп
барады. Бурылдың қыраттарына биыл сараң шыққан тырбық
боз жусанды кетпенмен қыршып шауып баулап-баулап, базарға
апарады. Жақындап қалған қыстың қаһарынан қорыққан байғұс
саудасы жүрсе, аяғына етік сатып алмақшы шығар.
Жол шетінде мезгілінен бұрын өлген ақ көбелекті құмырсқалар
қаумаласып илеуіне қарай жанталаса сүйрейді. Олардікі де
қыстың қамы.
– Ауылдарыңда биыл астық қалай? – дейді қара кемпір қара
пәренженің ар жағынан қолын шығарып, жыртық кебісті қазаққа
ақша ұсынбақшы болып.
– Жылан жалағандай, – дейді қазақ қара қақпалы түрменің
ішінде тұрған адаммен сөйлескендей айқайлап.
– Большевиктер кедейлерге астық береді дейді ғой, – дейді
қара кемпірдің дауысы зындан түбінен шыққандай сыбырлап.
– Әй, қайдам, қашпаған қара сиырдың уызы болып жүрмесе,
неғылсын, – деп қазақ шүбә соғады.
Қара пәренженің ар жағынан бір уыс қағаз ақша ұстаған қол
көрінеді.
– Оу, бәйбіше, бұл қобыраған қу қағазыңды не қыламын,
отқа жағамын ба? Маған дән керек. Нан керек. Түсіндің бе? Ал
Керенскийдің ақшасынан өзің пәренже тігіп ал! – деп қазақ көзі
іріндеген, әлі жүні қорбиған маубас есегін ары қарай сүйрей
жөнеледі. – Отын орнына Керенскийдің ақшасын өзің жақ.
– Әй-у, тұра тұрыңыз, мәңіз, күміс теңге, – деп қара пәренженің
ар жағынан қол қимылдап, күміс ақшалы қалта алып шығады.
Бұлардың тұсынан өтіп бара жатқан Тұрар осы бір келеңсіз
жайдың куәсі болып, тағы да ойға қалады: «Халықты сендіру
керек. Сөзден іске жедел көшу керек. Байларды конфискалап,
мына сіңірі шыққан кедейге қол ұшын бермесе, биыл қыстан
аман қалуы екіталай».
Достарыңызбен бөлісу: |