Тақырыбы: Шешендіктанудағы Р.Сыздық тұжырымы
Қазақ шешендіктану ғылымында шешендік өнер мен шешендік сөздің ұғымдық айырмасын ашып, анықтама берген ғалым – Р.Сыздықова. 1987 жылы жарық көрген «Қазақ әдеби тілінің ауызша түрі» деп аталатын кітапта шешендік өнердің сөзге шеберлік екендігін ұғындырып, оны шешендік деген атаумен атауды ұсынды. Орыс ғылымында «ораторское искусство, риторика, красноречие» деп жүрген категорияларды білдіретін шешендік атау қалыптасты. Р.Сыздықова қазіргі шешендік сөздерге қойылатын шарттарды санамалап көрсетіп береді: - әлеуметтік мәні бар тақырыпқа құрылуы; - әңгіме өзегінің дәлелі болуы; - тыңдаушыларға әсер ететін эстетикалық қасиеті болуы; - тыңдаушыларын белгілі бір іс-әрекетке ұмтылдыратын сөз болуы; - айқындылығымен түсініктілігі.
Одан әрі ғалым бұрынғы шешендік пен қазіргі шешендіктің айырмасын қолданылар жерлері, тақырыптары, түрлеріне қарай дәлелдеп көрсетеді. Р.Сыздықова бұрынғы шешендіктің ақындыққа, шешендік сөздің поэзияға жақындығын көркемдеу тәсілдерінің ортақтылығынан, екеуінің де әлеуметтік мүддені көздейтіндігінен, екеуінің де тыңдаушыға психологиялық әсер туғызатынын түсіндіреді. Шешендік сөз бен поэзияның арасындағы ортақтықты тап басып көрсетеді. Ертедегі Греция теоретиктерінің риториканы шешендік пен поэзия туралы ғылым деп қарастыруының өзі осындай ортақ белгілерінен еді.
Бірақ Р.Сыздықова шешендік сөз бен поэзияның бірдей еместігін, екеуінің арасында мынадай айырмашылық бар екендігін билер сөзін мысалға келтіріп көрсетеді: шешендер сөздерінің алды-артында, ішінде түсіндірме-баяндау мәтіндер болады, ал поэзияда түсіндірме баяндаулар болмайды, көркем сөз творчествосында тақырыпты ойдан шығару және оқиға өрісін ойша болжау дегендер орын алатын болса, шешен сөзінің өзегі тек қана шындық болмыс, көркемдеу құралдары мен тәсілдер поэзия үшін шарт болса, шешендік сөзде олар иіні келген тұста ғана қолданар құрал, тармақтардың буын саны жағынан біркелкілігі – поэзияға тән белгі, ал шешендік сөзде біркелкі емес, өлеңде ұйқас тәртібі сақталса, шешендік сөзде ұйқас тәртібі сақталмайды.
Мұнымен қоса, Р.Сыздықова шешендік сөздің басқа тілдік қарым-қатынастан өзгешеленетін белгілерін атап көрсетеді, олар: - шаршы топ пен шешеннің тікелей қарым-қатынасы, - шешен мен шаршы топ арасындағы тоғыспалы әсерлер; - шешеннің сөзіне дауыс ырғағы, мимикасы, т.б. қатысуы.
Р.Сыздықова осы кітапта бұрынғы шешендік сөздерді мазмұнына қарай төрт топқа бөлген:
1.Әлеуметтік-саяси мазмұнды шешендік сөз
2.Әлеуметтік- тұрмыстық мазмұнды шешендік сөздер
3.Білім-ғылымдық мазмұнды шешендік сөздер
4.Сотта қолданылатын шешендік сөздер
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
а) негізгі:
1. Негимов С. Шешендік өнер А. 1997.
2. Адамбаев Б. Халық даналығы А. 1993.
3. Жармұхаммедов М. Шешендік өнер А. 1998.
4. Қосымова Г. Қазақ шешендік өнерінің негіздері А. 2003.
5. Ж. Дәдебаева Ж. Шешендік сөздер А. 1993.
б) қосымша
1. Төреқұлов Н. , Қазыбеков М. Қазақтың би-шешендері А. 1993.
2. Шқанова Б. Шешендік сөздердің жанрлық ерекшеліктері А.1995.
3. Шындалиева М. Шешендік пен ақындықтың дәстүрлі байланысы А. 1996.
4. Садырбаев С. Халық әдебиетінің тарихи негіздері А. 1995.
5. Бердібаев Р. Кәусар бұлақ А. 1989.
6. Қабдолов З. Сөз өнері А. 2002.
7. Қасенов С. Шешендік тәсілдері А. 1989.
8. Жандыбаев Ғ. Сөз мәйегі А. 1998.
Достарыңызбен бөлісу: |