Батыс Қазақстан облысы
Бөкей Ордасы ауданы
Жәңгір хан атындағы ЖОББМ-нің
11а-сынып оқушысы Гарифуллина
Нұржайна
(Мұғалімі: қазақ тілі мен әдебиеті
Фарида Нургалиева)
Шығарма
«Ордам менің, жаныма нұр құяды»
«Құм Нарынның төсіне
Дара қонған бұл Орда.
Жәңгір ханның көшіне
Пана болған бұл Орда.
...Кіндік қаны талайдың
Тамған жері бұл Орда...»
Ғайса Ғали Сейтақ.
Туған жер! Туған мекен! Туған Отан! Қандай қасиетті ұғымдар ең! Мен үшін қазақ жерінің әр тауы мен тасы қасиетті киелі де.Қазағымның байтақ та дархан даласындай дала еш жерде жоқ шығар,сірә!
Осы сөздерді мен асқан тебіреніспен айтамын.
Айтамын да, кең жазира Қазақстанымның бір түпкірінде жатқан өзімнің құт мекеніме таңғаламын...
Менің ауылым айналасын қарағайлы жасыл орманмен көмкерген, сусыған сары құмның ортасында орналасқан. Құм болғанда, кәдімгі тарихта аты қалған, талай ғасырлардың көш керуенімен жарысқан, «от ауыз, орақ тілді» шайыр- ақындар жырларына арқау болған Нарын құмы. Ауылдың көшесіне шыға қалсаң, қазіргі заманауи үлгідегі хан сарайындай даңғара үйлердің жанында ағашпен қаптаған ескі үйлер кездеседі. Ол үйлердің жанына жақындасаң: «Қарағым-ай, мен не көрмедім?»-деп, өзінің өмір- тарихы мен өткенінен сыр төге жөнелер көне көз дана қариядай көрінеді маған. Шынымен, осы әрбір үйдің өзіндік тарихи белгілі сыры бар. Бұл үйлер біз әлі де біле бермейтін тарихи сырлардың құпияларын сақтап тұрған да шығар. Хан Ордам- өңір, тіпті, түгел Қазақстан бойынша талай кемелді істі бірінші боп қолға алуымен ерекшеленген тұңғыштар мекені. Тұңғыш баспахана,1841 жылы Жәңгір хан бабамыздың қолдауымен ашылған тұңғыш мектеп, қыздар мектебі, қарағайлы орман да Жәңгір бастамасымен Саратов губерниясынан әкелінген көшеттерден отырғызылғандығын да кеудемді мақтан кернеп айта аламын.
Мен- сол 187 жылдық тарихы бар Жәңгір мектебінің оқушысымын. Қазақ жеріндегі ата мектеп өзінің осы ғұмырда талай ғалымдар мен тарландарды қияға қанат қақтарғаны қақ.Шәкірттері әлемнің түпкір-түпкірінде «Нарынның нар ұлы» деген атақты абыроймен алып жүр.
Ауылдан аттап шықсам, жұп-жұмсақ сары құм аяғыңның астында сусиды. Сусиды да сені орманға қарай жетелей жөнеледі. Орман да сені өзіндік болмысымен, өзінің тамаша көрінісімен қарсылайды.
Паң қарағайлар, қатқыл емен, сыршыл қайыңдар, үйеңкі мен ақ терек, қара теректердің әрбірінің ерекшелігі бар.Орман ағаштарының саясында демалу қандай ғажап!
Қарағай:
-Кел, қызым, ішкі шер-мұңыңды тарқата ғой, менің құпия сандығымда қаншама бабаңның сыры сақтаулы, сенің де сырыңды ешкімге шашпай сақтармын,-деп тұрғандай көрінеді. Мен қарағайды құшақтаймын да сыр төгемін, кейде тірі адамзат ұғына алмайтын сырымды ақтарамын, ақтарамын да денем рақатқа бөленгендей күй кешіп, бір жасап қаламын. Айтпақшы, қарағайдың емдік қасиеті бар ғой. Менің жүрегімді емдегені екен-ау.
Жапырақтары судыр қаға сылаңдап, қайың да өзіне шақырады. Мен де еркелік назды жырымды төгемін. Қайыңмен сырлассам, жаным нұрға бөленіп, көңілім тасып, шабытым шалқиды. Құлағыма бірде күмбірлеп, Құрмағазы, Дина, Сейтектердің күйлері келеді, бірде Махамбеттің дүбірі, бірде Тайырдың тасқын жырлары мен Қайрат, Ғайса Ғали ақындардың өлеңдері естілгендей ме, қалай?..
Кәрі еменнің түбіне келіп жаймен жайғасып отырамын.Емен қатулы сыншы атамдай көрінеді. Мені сынап, қажеттті ақылын да аямайды. Берер ақыл- насихатын үнсіз ғана ұғынып отырамын. Отырамын да ойланамын. Қиялым сан тарапты шарлайды.Арманым-журналист болу.Өзімді белгілі журналисттер тобына енгізіп, елімді, Нарынымды әлем мойындатар не істеуге болар екен?.. Бұл менің жанымнан бір елі қалмайтын аңсарлы саулым. Арманым орындалып, сауалдың жауабын алар сәт те туар.Әрине, ол келер күннің еншісінде. Бірақ мендік жүрек қашанда отты кеудемде Орда! Нарын!-деп бұлқынары қақ. Себебі мен- жерлес ақын ағам Ғайсағали Сейтақ
«Кәрі Орданың тамырынан үзілген,
Мөлдіреген тамшымын ғой мен де бір...»,-жырлағандай киелі кәрі Ордадан нәр алып, бүршік жарып келе жатқан Нарын гүлімін.
Жайқалып өсіп толармын,
Балалар жолын қуармын.
Нарында нарлар туған-ды,
Солардай мен де болармын.
Достарыңызбен бөлісу: |