касының мәдениет қайраткері, ақын, манасшы Баянғали Әлімжа-
новты әңгімеге тартқан болатынбыз.
142
– Сұхбатымыздағы сұрақтың алғашқысын Ертістің етегінде
өткен жыраулар жарысының мәні мен маңызынан бастасақ?
– Иә, өткен айдың 29-30 күндері Павлодар қаласында «Көне
ғасыр күмбірі» атты М. Ж. Көпеев атындағы республикалық жыр-
шы, жыраулар, термешілердің байқауы болды. Бұл шара ел Тәуел-
сіздігінің 25 жылдығының шеңберінде өтті. Оны ұйымдастыруға
ұйтқы болған облыстық әкімдік, Мәдениет, архивтер және құжат-
тама басқармасы, сондай-ақ, «Шаңырақ» халық шығармашылық
орталығының басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Ермұрат Нықатұлының еңбегін ерекше атап өту керек. Өйткені,
бұл М. Ж. Көпейұлының шығармашылығына арналған үшінші
конкурс. Біріншісі, 2008 жылы өткен, екіншісі 2011 жылы аймақ-
тық болған, міне, осы жолғы үшіншісі республикалық дәрежеде
өтті. Бұл жолғы сайыстың ризашылықпен еске алатын тұстары көп
болды. Мысалы, 2011 жылғы конкурсқа республиканың түкпір-
түкпірінен шақырылған жыршы, жыраулардың көпшілігі келмей
қалды. «Біз Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылығымен
таныс емеспіз. Біздің репертуарымызда ол кісінің жырлары жоқ»
деп көбісі бас тартқан болатын. Ал осы жылғы конкурсқа жан-
жақты ізденіп, Мәшһүр Жүсіп шығармаларымен танысып, ол кісі-
нің тіпті, екі-үш жырына дейін жаттап алып келген жыраулар да
болды. Сондықтан, бұл жолы біздің көңіліміз толды. Мінеки, осы-
лай іздеушісі болса, ұйымдастырушылар болса, ескі жырларды,
есті сөзді өлтірмей айтатын ел ішінде өнерпаздардың бар екеніне
көзіміз жетті. Жалпы, бұл халық шығармашылығына осылай мән
беріп, аталарымыздың асыл сөздерін ылғи бақылап, ұйымдасты-
рып, соны халыққа тарата білсек, осы жыршы, жыраулардың ха-
лыққа берері әлі де мол деп ойлаймын. Тіптен, Мәшһүр Жүсіптің
өзінің өлеңі де бар екен:
«Домбырамен айтқанда, қосылса әні,
Өлең сөздің кіреді сонда сәні.
Өлген сөзді тірілтіп, сөйлегенде,
Құлақ салған сүйсініп, дейді «Пәлі!» деген жолдар. Міне,
бұл кісі сол заманда білген. Қағазға, хатқа түскен өлеңнің, кітаптан
оқитын өлеңнің, әрине, оның орны бөлек. Дегенмен де біздің ха-
лық талай жырдың тамырын домбырамен тарқата білгені белгілі
ғой. Сондықтан, домбырамен қосып жырлаудың мәні үлкен. Енді
осыны республикалық радио, теледидарға шығарсақ, жыраулық,
143
термешілік өнерімізді байыта түсер едік, дамыта түсер едік және
ол халыққа кеңінен танылар еді. Ол түптің түбінде ана тілімізді,
ата мұрамызды насихаттау болып табылады.
– Еліміздің әр өңірінен келген өнерпаздардың аяқ алысына
тоқталып өтсеңіз. Қарқындары қалай екен?
– Бұл жыршы, жыраулардың конкурсына Қазақстанның әр
түкпірінен 20 жыршы келді дедік қой. Солардың ішінде Маңғыс-
тау облысының Бейнеу ауданынан бір жыршы, Астана қаласының
«Шабыт» өнер университетінен бірінен-бірі өткен бес бірдей
жыршы келді. Қызылорда облысынан үш жыршы, Шығыс Қазақ-
станнан біреу, Қарағанды облысынан төртеу, Павлодар қаласынан
үшеу, Баянауыл ауданынан екеу, Ертіс ауданынан біреу. Негізгі
географиясы осындай болды. Мұның ішінде ерекшелеп айтатын –
Сәрсембай Рахымбердиев жырау. Бұл өзі 12 жасында Наурызбек
жыраудан бата алған екен. Қарақалпақстан жерінде туып-өскен.
Қазіргі уақытта Бейнеуде тұрады. Таланты толысқан, бабындағы
жырау көрінеді. Таңды-таңға жалғап, тоқтамай жырлайтын жырау
десе болады. Сонымен бірге, бұл кісі Мәшһүр Жүсіп атамыздың
үш бірдей жырын жарысқа жаттап келіпті. Және, әбден бойына
сіңірген, өте тамаша жырлап, тоқтаусыз, төгілте айтқанда, қазылар
алқасы бірауыздан бас жүлде беруді ұйғарды. Ал енді Астанадағы
«Шабыт» өнер университетінен келген шабандоздарға тоқталсам,
бұлар Ақерке Дабылова, Эльвира Ерназар, Бақдәулет Толыбекұлы,
Нұрбек Сансызбай, Әнуәрбек Аманқосов, бәрі Алмас Алматов пен
Елмұра Жаңабергенованың шәкірттері. Олардың аяқ алысынан
жыраулық өнерді кәсіби түрде оқып жатқаны байқалып тұрды.
Сайыскерлердің қатарында қызылордалықтардың да бағы ба-
сым түсті. Сыр елінен келген үш бірдей жыраудың да таңдайы та-
қылдап тұр екен. Ал жыршылардың ішінде жасы үлкені Шығыс
Қазақстаннан шыққан Жұмабай Ауданбек болды. Алпыстан асып
кетсе де алқынбай, керісінше, арғымақша арындап тұр. Отанға
оралған қандасымыз өзінің әуенімен, ырғағымен Мәшһүр Жүсіп-
тің бірнеше туындысын тарту етті. Конкурсқа келген үміткерлер-
дің ішінен Қарағанды облысының өнерпаздарын ерекше атап өтуге
болады. Олардың қатарында Қуаныш Асқарұлы, Ақжан Шыныбек,
Ұланғасыр Қамиев, Бейбарыс Жақаба бар. Бұлар 7-10 сыныпта
оқитын мектеп оқушылары. Бұқар жырау ауданынан келген өнер-
паздардың ұстазы белгілі айтыскер ақын, жыршы Дидар Қамиев
144
екенін айта кеткен жөн. Ұйымдастырып отырған облыстың намы-
сын үш үміткер қорғады. Олардың ішінде Шыңғыс Асығатұлының
талабы таудай екен. Небәрі үшінші сыныпта оқитын шынашақтай
Шыңғыс осы жолғы байқаудың жаңалығы болды десем, жаңылыс-
паймын. Ол бірінші кезеңде «Алпамыс батыр» жырынан үзінді
орындап, екіншіде Мәшһүр Жүсіп атасының «Ағайындар» деген
толғауын айтып, елді де, бізді де әбден риза етті. Тоғыз жасында
топқа түскен бүлдіршін осы қарқынынан бәсеңдемесе, үлкен дода-
ларда үздік шығарына үміттенемін.
– Жыр жүйріктерінің сайысында сізден басқа қазылардың қа-
тарында кімдер болды?
– Әрине, кез келген жарыстың қатысушысы болса, оның өне-
рін саралап, жан-жақты бағалап, ілгері шыққандарын іріктейтін
қазылар алқасы да қатар жүреді ғой. Осы жолғы аламанның да тө-
решілері осал болған жоқ. Олардың қатарында ақындар, әдебиет
және өнер өкілдері болды. Тарқата айтсам, өзімнен бөлек «Шаңы-
рақ» орталығының директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Е. Ті-
легенов, С. Торайғыров атындағы ПМУ профессоры, филология
ғылымдарының докторы А. Тұрышев, Павлодар инновациялық
еуразиялық университетінің оқытушысы, филология ғылымдары-
ның кандидаты, шығыстанушы, Мәшһүртанушы Е. Жүсіп, мәде-
ниет қайраткері, ақын Б. Сыздықов, облыстық және рес-
публикалық ақындар айтысының бірнеше дүркін жүлдегері, ақын,
термеші, Қазақстанның үздік мәдениет қызметкері Б. Мұқажан
және республикалық ақындар айтысының бірнеше мәрте жүлдеге-
рі, термеші Ж. Сейітов секілді сөздің қадірін түсінетін азаматтар
байқаудың қазылары қатарынан орын алды.
– Үздік жыршыны анықтау қиын болды ма? Сайыстың қоры-
тындысына тоқталсаңыз.
– Жан-жақты дайындалып келген жалынды жыршылардың
қарқынына қарап, тауын шақпай, туын жықпай орын үлестіру де
оңайға соқпады. Дегенмен, Батыстан келгендерді бөле-жармай,
Сырдан келгендерді сырт қалдырмай, қарағандылықтар қапа бол-
май, астаналықтар армансыз қайтсын деп тағайындалған жүлде-
лерді әр өңірден келген өнерпаздарға әділ бөлуге тырыстық. Жоға-
рыда атап өткенімдей, даусыз дарынымен көрерменнің көңілінен
шыққан маңғыстаулық жырау Сәрсенбай Рахманбердиев бас жүл-
дені қанжығасына байлады. Бірінші орынды Астанадан келген
145
Ақерке Дабылова алса, екінші жүлдені Шығыс Қазақстаннан шық-
қан Ауданбек Жұмабай мен Қызылорданың қызы Айнұр Қоныс-
паева еншіледі. Тойдың иесі болғандықтан, жер-жердегі жырау-
лардың басын қосып бәйге жасап жатқандықтан сол өңірден шық-
қан өнерпаздарды да тасада қалдырмай, Баянауылдан келген Таңат
Ахатовты үшінші орынға лайық деп таптық. Таңатпен қатар қара-
ғандылық Ұланғасыр Қамиев және астаналық Эльвира Есназар да
үшінші орынды еншіледі. Арнайы аталымдар бойынша та-
ғайындалған жүлделер де өз иелерін тапты. Мысалы, «Үлгілі
жыршы» – Нұрбек Сансызбаев (Астана қаласы), «Өнегелі терме-
ші» – Бекболат Мұхамединов (Ертіс ауданы), «Әдемі әуен» – Ба-
қытжан Ахметов (Баянауыл ауданы), «Қазыналы жыршы» – Ха-
сенхан Кішкенеев (Қызылорда облысы), «Көрермен көзайымы»
номинациясы – Шыңғыс Асығатұлына (Павлодар) бұйырды.
Мәшһүр Жүсіп жырларының бүгінгі жыршы, жыраулардың
репертуарынан орын алып, енді халыққа солардың аузымен тарай-
тындығы бізді қуанышқа бөлейді. Бұл сайыста біздің ұтқан жеріміз
де осы.
Екі күнге созылған байқаудан ескірмес естеліктермен қайттым.
Әсіресе, ұйымдастырушылардың еңбегіне ерекше разы болдым.
Байқаудың ашылу салтанатына облыстық Мәдениет басқармасы-
ның басшысы Айнұр Мақсұтқызының арнайы келіп, қатысушы-
ларды қанаттандырып, ақ жол тілеуін, сайысты қорытындылаған
Баянауыл жерінде аудан басшысы Нұрлан Мұқатайұлының өнер-
паздарға ақ пейілімен ақ дастарқан жайып қарсы алуын өнерге де-
ген жанашырлығы деп қабылдадық. Мәшһүр Жүсіп жатқан Ескел-
дінің есігінен аттап, құран оқытып, мұражайын аралап, Әулиенің
әлеміне әсерлі саяхат жасағандай болдық. Мәшекеңнің мұрасын 20
томға жинақтап бастырып, көне ғасыр күмбірін жаңа ғасыр жаста-
рының жанына жеткізу, санасына сіңіру жолында еңбек етіп жат-
қан Павлодар азаматтарының тағылымды шарасына «тамаша» де-
ген баға берер едік.
Әңгімелескен Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан», 05.05.2016 ж.
Достарыңызбен бөлісу: |