ШЫҒАРМАШЫЛЫҚҚА ЖЕТЕЛЕУДІҢ НЕГІЗІ – ТІЛ ДАМЫТУ ЖҰМЫСТАРЫ
Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің білімгері
Мантеева Ф.С., Дәуренбекова Р.Ө.
Қазіргі білім берудің басты мақсаты – шығармашыл тұлға қалыптастыру. Егеменді елімізідің ең басты мұраты өркениетті елдер қатарына көтерілу болса, ал өркениетке жетуде жан-жақты дамыған, рухани бай тұлғаның алатын орны ерекше. Осы орайда оқушының танымдық, шығармашылық қабілетін дамыту – мұғалімдердің алдында тұрған жауапты міндеттерінің бірі [1].
Оқушының шығармашылық қабілетін ашу, оны алға қарай дамыту үшін жоспарлы істің мақсаты мен міндетін айқындап алу қажет. Мақсат – оқушылардың іскерлігі мен дағдыларын қалыптастыра отырып шығармашылық жұмысқа баулу, ой-өрісінің дамуына мүмкіндік тудыру. Міндет – оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту, жан-жақты дамуына көңіл бөлу, ғылыми-зерттеу дағдыларын қалыптастыру. Алға қойған мақсат пен міндетті орындау үшін оқушы жастардың шығармашылық әлеуетін жан-жақты өсіруге, дамытуға ден қою қажет [3].
.Шығармашылық дегеніміз – оқушының белсенділігі мен дербес іс-әрекетінің ең жоғарғы түрі. Бұл мәселені шешуде шығармашылық тапсырмалардың орны ерекше. Шығармашылық бағыттағы тапсырмалар оқушының білім деңгейін – оқушылық деңгейден шығармашылық деңгейге көтеруге жол ашады. Оқушының шығармашылық қабілетін дамыту жолдарын үш кезең арқылы асыруға болады.
Бірінші кезең – жаңаны, тың нарсені дамыту, түпкі идеяны табуға ұмтылу. Бұл кезеңде әдеби-шығармашылық тапсырмалар беріліп, төмендегідей талаптар бойынша жұмыс жүргізіледі: шығарманы бөлімдерге бөліп, тақырыбын жазып келу;кейіпкер тобын ажыратып, олардың арасындағы шиеліністі түсіндіру; шығарма мазмұнына сай қанатты сөздерді ойлап жазу;әңгіменің белгілі бір бөлімінің көркемдік ерекшелігіне талдау жүргізу.
Екінші кезең – қиял, ұшқыр ой қалыптастыру. Бұл кезең - оқиға құрудың, образ жасаудың мүмкіндігі бар кезең. Мұнда оқушыға ертегі, әңгіме, мақалдарды жалғастырып жазу және аяқтау тапсырылады. Оқушыға қиялға ерік беріп, оқиғаны дамыта отырып шығармашылық жұмыс істейді. Өз бетінше іздену – шығармашылық қабілетті ашудың көзі. Бұл бағытта төмендегідей жұмыстар арқылы оқушының таным көкжиегін арттыра түсеміз.
Логикалық ойын дамытатын тапсырмалар (сөзжұмбақ, ребус шешу, жұмбақ, мақал-мәтел, қанатты сөздер құрастыру).
Берілген тапсырманы түрлендіру бағытындағы жұмыс түрлері (Мәтінді өңдеу, берілген мәтіннен диалог құрастыру, мәтін бойынша шешендік сөз құрастыру).
Өз ойынша еркін тақырып құрастыруға берілген жұмыс түрлері (Өлең, ертегі,әңгіме, шығарма жазу).
Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту үшін басым міндеті оқушының өз қолына беріп отырған дұрыс. Бұл орайда сыныпты топқа бөліп, тақырыпқа сәйкес өлең құрастыру, қанатты сөз ойлап табу, шағын сыр жазу тапсырылады («Менің Отаным - Қазақстан», «Қыздарға әсемдік жарасады»).
.Үшінші кезең – тапқырлық пен шеберлікке шыңдалу кезеңі. Бұл кезеңде оқушы белгілі бір шығармаға өзіндік көзқарас білдіріп, пікір жазады, мәтінге әдеби-теориялық толық талдау жүргізеді, кіші ғылыми жұмыстарды қорғайды, әңгіме жазады. Осы үш кезеңнен өткен оқушы нағыз шығармашыл тұлға болып дараланады [5].
Өз тәжірибемде тіл дамыту жұмыстарының ішінде пікір жаздыруға жіті көңіл бөлемін. Пікір жазу, көбіне, әдебиет сабақтарында тиімді. Психолог ғалым Гонобалиннің «Пікір дегеніміз – ойлау формасы, мұнда бір нәрсе не мақұлданады, не теріске шығарылады деген сөзін басшылыққа аламын да, оқушыға ерік беремін. Мысалы, Мұқағали өлеңдерін оқығаннан кейін оған қосымша ақын шығармашылығынан мәліметтер беремін. Ақын поэзиясына қызыққан соң автормен сырласу түрінде пікір-сыр жаздыртам, ал оның өлеңдерін қара сөзге айналдыра, өз сөздерімен пікір-толғау жазғызамын. Кейбір білімгерлер айтып бергеннен гөрі қағаз бетіне түсіргенді ұнатады. Пікір жазып үйренген білімгер күнделік жазуға да оңай жаттығады. Сондай-ақ Баубек Бұлқышұлының «Шығыс ұлына хатын» оқығаннан кейін білімгерлерге қазіргі ұрпақ атынан Баубек ағаға хат жазып келулерін қосымша шығармашылық тапсырма ретінде бердім.
«Аса қадірлі Баубек Бұлқышұлы! Сіздің бүгінгі ұрпаққа жазған хатыңызды оқи отырып, біз терең ойға қалдық. Сіздің арманыңыз орындалды... Біз бүгінде Тәуелсіз елдің ұрпағымыз. Біздің болашағымызды сақтап қалғаныңыз үшін Сізге зор алғыс білдіреміз. Сіздің сеніміңізді ақтап,елімізді одан ары көркейтуге, алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылуға өз үлесімізді қосуға ант етеміз. Сіздің есіміңіз – біздің мәңгі есімізде!» деп жазған білімгердің хатынан патриотизм мен адамгершіліктің иісі аңқып тұрғандай.
Поэзиялық шығармалардан үзінділерді тіл сабақтарымен үйлестіріп пайдаланған қызықтырақ. Абай өлеңдеріндегі есімше, көсемше, болымсыз етістік түріндегі сөздердің орнына синонимдерін қолдану арқылы өздерінше өзгертіп жазады. «Құс қалай ұшады (қалықтап, шалықтап, самғап, т.б.)», «Өзен ағысын суреттеп жаз (шымырлап, жылжып, күрілдеп, т.б.)» деген тапсырмаларға жауап алу арқылы көсемшелерді толтыртсам,екінші осындай жағдайларға байланысты жазылған көркем шығармалардан үзінді келтіру арқылы көркем әдебиеттегі қолданылу орнына мән бергіземін. Мұндай тапсырмалар арқылы білімгерлер теориялық білімі беки түседі және сөздік қоры дамиды .
Сабақ үдерісінде баланың ізденушілік-зерттеушілік әрекетін ұйымдастыруды басты назарда ұстау керек. Бала өзінің бұған дейінгі білетін білігінің жаңа мәселені шешуге жеткіліксіз екенін сезінетіндей жағдайға тірелуі керек. Сонда ғана ол білуге ықыластанады, әрекеттенеді.Сабақ үдерісінде мұғалім ұйымдастырушы, бағыттаушы адам рөлінде болуы тиіс. Әр оқушыға өз ойын, пікірін айтуға мүмкіндік беріледі, жауаптар тыңдалады. Оқушы өз тұжырымын дәлелдеуге талпыныс жасайды [4].Әдіскер-ғалым Қ.Тасболатов «Проблемалық ситуация тудыру – оқушыларға сұрақ қойып, оны шешу ғана емес, мұндағы сұрақ әдетте қойылып жүрген сұрақтардан мүлдем өзгеше. Ол сұрақ оқушыға бейтаныс, өздігінен ізденіп, өзінше қорытынды жасай білетіндей сұрақ болуға тиіс» дейді. Бұл орайда оқушыға танымдық сұрақтар қоюдың маңызы зор.
Оқушылардың дүниетанымын кеңейту, шығармашылық жұмысқа баулу, ізденушілік әрекеттерін жетілдіруге сыныптан тыс жұмыстарды жүргізудің маңызы зор. Үйірме, факультатив сабақтарын, таңдау курстарын, пәндік кештерді, КВН, конференция, дәстүрлі емес сабақ түрлері, дебат ұйымдастыру шығармашыл тұлғаларға қызығушылықтарының ашылуына көп септігін тигізеді. Олар өздіктерінен ғылыми-бұқаралық әдебиеттер, әдістемелік журналдармен жұмысқа жаттығады, зерттеушілік іскерліктері мен машықтары шыңдалады [2].
Пәндік бағыт бойынша оқыту, үйрету әдістері арқылы оқушылар бойында мынадай дағды-әрекеттер қалыптасады: өз бетінше шығармашылық ізденіс жұмыстарын жүргізеді; зерттеу тәсілі арқылы көркем шығармаға идеялық-көркемдік баға беретін дәрежеге жетеді; түрлі сайыстарға қатысу белсенділігі артады; пәндік теориялық білімі молаяды; ойын әдеби тілде көркемдеп жеткізе алады; көркем шығармаға әдеби-теориялық кешенді талдауды меңгереді; сөйлем талдаудың кешенді жолдарын игереді; барлық іс-әрекетте шығармашылық бағыт ұстанады; ақпараттармен өз бетінше жұмыс атқара алады.
.Бүгінгі мектеп партасындағы жас жеткіншектің зияткерлік қуаты – мемлекеттің баға жетпес байлығы. Сондықтан бала бойындағы қабілетті анықтай отырып қамқорлыққа алу, оны дамыту – баршамызға ортақ іс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Н. Ә. Назарбаев «Біздің халқымыз жаңа өмірге бейімделуі керек»
«Егемен Қазақстан». 31 тамыз. 2000.
2. Бабаева Ю. Д. Динамическая теория одаренности. Основные современные концепции творчества и одаренности. М. 1997г.
3. Бастауыш мектеп. №7. 1993.
№ 2. 2008.
№5. 2008.
4. Қазақстан мұғалімі 16 сәуір. 2008.
5. Б. А. Тұрғынбаева Дамыта оқыту технологиялары. Алматы. 2000.
Достарыңызбен бөлісу: |