ШЫҢҒыс айтматов



Дата10.11.2016
өлшемі63,45 Kb.
#1396
ШЫҢҒЫС АЙТМАТОВ

Шыңғыс Айтматов (қырғызша: Чынгыз Айтматов) (1928 ж. желтоқсанның 12 Шекер, Қырғыз АКСР — 2008 ж. маусымның 10, Нүрнберг, Алмания) — ойшыл гуманист, данагөй, қазақ-қырғызға ортақ халық жазушысы, Социалистік Еңбек Ері, КСРО мемлекеттік сыйлығының үш мәрте иегері және Лениндік сыйлықтың лауреаты. Ш. Айтматовтың бүкіл шығармашылығы мен өмірі бастан-аяқ қазақ халқымен тығыз байланысты болды. Сонау «Жәмиладан» бастап, әлемге танымал «Қош бол, Гүлсары», «Ақ кеме», «Ғасырдан да ұзақ күн», «Жанпида» сияқты барлық шығармаларындағы көркем образдарының рухы мен мінезі қырғыздан гөрі қазаққа өте-мөте жақын еді. Жазушының өзі де қазақ ауылымен іргелес, қоныстас жерде туып-өскен. Әкесі Төреқұлды Тұрар Рысқұлов қолынан жетектеп жүріп, Ташкентке оқуға түсірген. Кейін қырғыздың көрнекті қоғам қайраткері болған, 1938 жылы «халық жауы» ретінде атылып кеткен Төреқұл Айтматов Т. Рысқұловтың тікелей тәрбиесін көрген шәкірті болған.



Мұхтар Әуезовті өмір бойы пір тұтып өткен жазушы жазып жатқан жаңа шығармасын Жуалы топырағынан бастамақ болған еді. Қазақстандағы БТА банктің құрметті президенті болып тағайындалған. Жазушының кандидатурасын жақында түркітілді елдердің мәдениет министрлерінің кеңесі (ТҮРКСОY) түрік әлемінің атынан Нобель сыйлығына ұсынғанды. Және Ш. Айтматов түркі әлемінің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін ТҮРКСОY тағайындаған халықаралық көрнекті сыйлықтың тұңғыш лауреаты атанған.

Қырғыз ауылшаруашылығы институтын бітірген соң (1953) Қазақстанның Жамбыл облысында зоотехник болып қызмет атқарған. 1956  1958 жылдары Мәскеудегі Жоғарғы әдебиет курсында тыңдаушы, 1959  1960 жылдары “Литературный Киргизстан” журналының редакторы, 1960  1965 жылдары “Правда” газетінің Қырғызстандағы меншікті тілшісі, 1965  1986жылдары Қырғызстан Кинематографистер одағының төрағасы, 1986 жылы Қырғызстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, 1988 жылы “Иностранная литература” журналының Бас редакторы, 1990 жылы КСРО-ның Люксембургтегі елшісі болды. 1991 жылдан Қырғызстанның Бельгиядағы төтенше және өкілетті елшісі.

“Әшім” атты тұңғыш әңгімесі 1952 жылы жарияланды. Онан кейін “Аспалы көпір” (1956), “Бетпе бет” (1957) тағы басқа әңгімелері жарық көрді. Жазушыны алғаш әлемге танытқан таңдаулы туындысы әйгілі “Жәмила” повесі (1958). Мұхтар Әуезов пен француз жазушысы, Луи Арагон осы шығарма арқылы Айтматов дарынын жоғары бағалап, жүрек жарды пікір айтқан. Жәмила бейнесі соны сымбатымен әрі жаңашыл, сезімтал, жігерлі қасиеттерімен, өз бақыты үшін күресе білген батылдығымен, тал бойы мінсіз сұлу нәзіктігімен оқырман қауымды баурап алды. Ол қырғыз әйелдерінің жаңа буынының өкілі ретінде қабылданды. Осыдан кейін-ақ Айтматов шығармашылығы ерекше құбылыс болып саналып, оның қаламынан туған әрбір туындысы әлемдегі мың-сан оқырман асыға күтіп, қолдан-қолға тигізбей оқитын құрметке ие болды.

Шығармалары шет елдерге де кеңінен танылды. Айтматов қаламынан туған әрбір шығарма адамзаттық көкейкесті мәселелерді қозғауымен, сыршылдығымен, шыншылдығымен, жаңашылдығымен ерекшеленеді. Айтматов туындылары түгелдей дерлік қазақ тілінде жарық көрді. Сонымен бірге француз, неміс, жапон, араб, түрік, парсы тағы басқа дүние жүзінің көптеген тілдеріне аударылды. Айтматов “Тау мен дала хикаясы” атты шығрамалар жинағы үшін 1963 жылы Лениндік сыйлық алды. “Қош бол, Гүлсары” (1967), “Ерте кеткен тырналар” (1975) повестері, “Боранды Бекет” романы (1980) үшін үш мәрте (1968, 1977, 1983) КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері болды. “Шынарым менің, шырайлым менің” (1960), “Алғашқы ұстаз” (1962), “Ақ кеме” (1970) повестерінде Айтматов замандастарымыздың түрлі мінез болмысын, жастардың шынайы махаббатын, адам бойындағы мейірім мен қатыгездіктің табиғатын толғана суреттейді. “Ана– Жер ана”(1963) повесінде қырғыз халқының Отан соғысы жылдарындағы басынан кешкен қасіретін, қайғысын, сол ауыртпалықты көтере білген рухы биік Толғанай бейнесін шыншыл да, асқан шеберлікпен сомдаған. “Ана–Жер ана” спектаклі ең алғашқы рет Алматыда, Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында табыспен қойылды. Адамзаттың Айтматовы аталып кеткен, заманымыздың заңғар жазушысының кейінгі “Жанпида” (1986), “Кассандра таңбасы” (1995) романдары философиялық тереңдігімен ерекшеленеді. Өмірдің сан қатпар сыры мен қырына үңілген, соның болмысын ашып көрсетуге бой ұрған зерделі зерттеу, пайымдауы мен тың, тосын көркемдік кестесімен қызықтырады. Оқырман назарын адамгершілік мінез құлықтың толғақты мәселелеріне аударады. Айтматов шығармалары бойынша көптеген көркем фильмдер түсірілді. Бірсыпыра шығармаларының желісімен жасалған драмалық туындылары /“Шынарым менің, шырайлым менің”, “Боранды бекет”/, қазақ драматургі Қалтай Мұхамеджановпен бірігіп жазған “Көктөбедегі кездесу” пьесасы Қазақстанның республикалық, облыстық театрлары сахнасынан берік орын алды. Қазақ ақыны Мұхтар Шахановпен бірігіп жазған “Құз басындағы аңшының зары” атты эссе кітабы (1997) жарық көрді. Осы екеуі бірігіп жазған “ Сократты еске алу түні немесе миғұла терісі үстіндегі сот” атты пьесасы Қазақстанның Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында қойылды (1998). Айтматов бірсыпыра Еуропа елдері академияларының құрметті академигі, бірнеше рет КСРО Жоғарғы Кеңесіне, Қырғызстан Жоғарғы кеңесіне депутат болып сайланды. Айтматов ҚР Президентінің 1993 жылғы Бейбітшілік пен рухани татулық сыйлығының лауреаты. 1997 жылы шілде айында ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде өткен Әуезовтің 100 жыддық мерейтойына арналған конференцияны Айтматов басқарып, сөйлеген сөзінде улы жазушыға деген өз сүйіспеншілігі мен ыстық ықыласын, талант қүдіретіне бағытталған ақ ниетін білдірді.

2008 жыл Қырғызстанда Айтматов жылы болып жарияланғаны белгілі. Осы жылдың желтоқсан айының 12-де 80 жасқа толатын жазушының мерейтойы халықтық мереке ретінде тойланбақ еді. Жоғарыда айтқан ТҮРКСОY сыйлығы осы 80 жылдық мерейтойына орай тапсырылмақ еді. Тағдыр оны кемеңгер жазушыға тірі көруді жазбапты.

2008 жылы маусымның 10 күні «Адамзаттың Айтматовы» атанған Айтматов 79 жасында Алманияның Нүрнберг қаласындағы ауруханада бүйрек ауруынан қайтыс болды. Жазушының мүрдесі маусымның 14 Бішкек 10 км маңындағы Чон-Таш (Шын-тас) ауылындағы «Ата-Бейіт» мемориалды-мұражай кешеніне қойылды. Сол күн Қырғызстанда ұлттық қайғылық деп жарияланды.

Пайдаланылған әдебиеттер:



  1.  Отырар. Энциклопедия. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2005 

  2. Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, 

  3.  Қазақ энциклопедиясы, 1-том

  4.  Мұхтар Әуезов энциклопедиясы - Алматы, «Атамұра» баспасы, 2011.

Каталог: download -> version
version -> БАҒдарламасы 5-9 сыныптар Астана 2010 Қазақстан республикасы білім және ғылым инистрлігі
version -> Өмірбаяны Ақан сері, Ақжігіт Қорамсаұлы (1843 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Үлкен Қоскөлдің маңы 1913 жылы, сонда) ақын, әнші, композитор. Әкесінің есімі Қорамса, шешесі Жаңыл
version -> Абылай хан
version -> Бағдарламасы 5-9 сыныптар Астана 2010 Қазақстан республикасы білім және ғылым инистрлігі
version -> Ғалымдардың ең ежелгі адамды атауы
version -> Өмірбаяны Ақан сері, Ақжігіт Қорамсаұлы (1843 жылы бұрынғы Көкшетау облысы Үлкен Қоскөлдің маңы 913 жылы, сонда) ақын, әнші, композитор. Әкесінің есімі Қорамса, шешесі Жаңыл
version -> Mұхтар Омарханұлы Әуезов
version -> ТҮркістан қаласы
version -> Абай Құнанбайұлы
version -> Міржақып Дұлатұлы


Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет