29. Абылай хан – қазақ жүздері мен жерін біріктіруші және жинаушы
Абылай хан мемлекеттің, қазақ халқының жағдайын шұғыл түзеді. Абылай кезеңі тарихта ең бір елеулі кезең болды. Жау қуылды, халық өз жерінде емін – еркін тұрмыс құрды, бірлікке, ұйымшылдыққа негізделген хандық билігі құрылды. Солай бола тұрса да Абылай хан көзі тірісінде Қазақ елінің мемлекетінің тұрақты болуының тарихи жағдайын жасап үлгермеді. 1781 жылы Абылай хан дүние салғаннан кейін еліміздің тұтастығы ыдырап, Қазақстан тәуелсіздігінен айырыла бастады. Абылай хан – XVІІІ ғасырдағы тарихымыздың аса ірі тұлғасы. Ол туралы орыс ғалымы А. Левшин былай дейді: «Абылай тәжірибесі, ақыл – айласы жағынан болсын, қол астындағы халқының саны, күші жағынан болсын, сондай-ақ өзінің Ресей патшалығымен, Қытайдың боғда ханымен жүргізген тапқыр, шебер қатынастары жағынан болсын өз тұсындағылардың бәрінен де басым еді. Ол ұстамды, досына мінәйім мінезді, жауына қатал, қаһарлы кісі еді. Сондықтан жұртты өзіне тарта, ерте білетін еді». Бұл жерде Абылай ханның XVІІІ ғасырдан күйі жеткен санаулы күйшілеріміздің бірі екенін айта кеткен жөн болар. Себебі қазақ қоғамында күйдің алар орны айрықша, ең мол дерек көзі күй тілінде және күй аңыздары түрінде сақталған. Абылай ханның күйлерінің тақырыбы нақтылы өмір құбылыстарына арналған және де ел қамы мен халық тағдыры жөнінде толғанған ойларын сипаттайды. Абылай ханның күйлері туралы Ш. Уәлиханов, А. Затаевич сияқты ғалым–зерттеушілер кезінде жазған. Олар: «Ақ толқын», «Бұлан жігіт», «Дүние қалды», «Қайран елім», «Қоржын қақпай», «Жетім торы» т.б. «Бұл күйлердің бәрі күні осы уақытқа дейін Абылай ұрпақтарына сонау бір даңқты кезеңдерді елестетеді» дейді Ш.Уәлиханов. Абылай ханның алға ұстаған саясаты, мақсаты – қазақ халқының бостандығы мен бірлігі, мемлекеттігі мен тәуелсіздігі еді. Алайда ол дүние салғаннан кейін қазақ мемлекеті қайта бөлшектеніп ыдырай бастады. Ресей империясы қазақ жерін отарлауды қызу қолға алды. Оны іске асыру әр түрлі жолдармен іске асты, яғни әскери шеп бекіністер салу, қазақ жерін тартып алу, хандық билікті жою, рухани отарлау және т.б. Абылай кезінде қазақ хандығының саяси және экономикалық жағдайы жақсарды. Қазақ халқы бірлікке, тәуелсіздікке, бейбіт өмірге ұмтылды. Абылай сұлтан болған кезінде ақыл– айласымен, сабырлы салмақтылығымен маңайына Төле би, Айтеке би, Қазыбек би, Байдалы би, Сасық билерді, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Шапырашты Наурызбай т.б. батырларды, Бұхар жырау, Ақтамберді жырау, Үмбетей жырау сияқты сыншы-жырауларды топтастыра білді. Абылай ел арасында аса зор беделге ие болған. Қазақ халқының басқа халықтармен терезесі тең дамуы үшін жан аямай арпалысқан хан. Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған Абылай деген ат тәуелсіздік, бостандық, бірлік, ерлік, азаматтық, мемлекеттік тәрізді ұғымдармен бірге айтылатын болды.
Достарыңызбен бөлісу: |