Шындалиева М. Б



Дата23.10.2016
өлшемі150,13 Kb.
#33
Шындалиева М.Б.

Еуразия ұлттық университетінің доценті,

филология ғылымдарының кандидаты
Көркем очерктегі уақыт тынысы

Көркем очерктерден дәуір, уақыт тынысы аңғарылып отырған жағдайда ғана кейіпкерлер бейнесі даралық қасиеттерімен танылып, өзі өмір сүрген ортасының ішкі қайшылықтары айқын көрінгенде ғана өз межесіне жеткені болмақ. Жазушы өз заманы мен халық тағдырын алға тарта отырып, сол қоғамда болған әр алуан оқиғаларды, құбылыстарды, өзгерістерді, болмысты, тіршілік іс-әрекеттерін жинақтап барып, көркемдік шындыққа қол жеткізеді. Мұны Б.Майлин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Нұршайықов, М.Иманжанов, Ғ.Сланов, Х.Ерғалиев сияқты әйгілі суреткерлер шығармаларының қай-қайсысынан да айқын көруге болады. Бұл дәстүр әдебиеттің кез-келген жанрында қанат жайған және дәуір тынысымен замана жайын әр ақын-жазушы шығармаларында әр қырынан көрсетуге күш салады. Яғни, жазушының өмірге деген көзқарасы ашық бояумен суреттеліп, озық идеяларға жол ашса ғана бұл шығармалардың оқырманға берері, тәрбиелік мәні зор болады.

Қазақ әдебиетіндегі очерк жанры ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы дербес жанр ретінде пайда болып, қалыптасып, дамыды. Жиырмасыншы жылдардағы туған көркем очерктің түрлерін ақын-жазушыларымыз белгілі бір мәселелер төңірегіндегі әсерлері мен көргендерін қағазға түсіріп, очеркпен көмкерген. Ең алғаш рет 1930-1933 жылы “Социалистік Қазақстан” газетінде “Жолдан” деген айдармен очерктің жол-сапар түрі туа бастады. “Жолданмен” қоса “Жазушының қойын кнежкесінен” деген суреттемелер қазақ әдебиетіндегі көркем очерк дәрежесінде жазылған алғашқы очерктер болып саналады. Кейіннен осы “Жолдан” айдары орнына “Очерк” деген ат қойылған.

Бейімбет Майлиннің “Жолдан” айдарымен берілген жол жазбаларының барлығы дерлік көркем очеркке жатады. 1928 жылдары Қазақстан даласын аралаған Ілияс Жансүгіров Түрксиб темір жолы құрылысында атқарылған істер туралы “Түрксиб” деген атпен очерк кітабын жазған.

1920-1930 жылдары “Социалистік Қазақстан”, “Лениншіл жас”, “Жаңа әдебиет”, “Әдебиет майданы” басылымдарында М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, С.Ерубаев, Ш.Құсайынов, С.Шәріпов, Ә.Қоңыратбаев, т.б. қазақ жері, елі туралы көптеген очерктік шығармаларын жариялаған.

Қазақ әдебиетіндегі көркем очерк дамуына, жаңа сапалық дәрежеге көтерілуіне орыс классикалық әдебиетінің тегеурінді ықпалы болғандығын жоққа шығаруға болмайды. Очерк жанрының қазақ әдебиетіндегі табыстарын қарастыратын болсақ, орыс әдебиеті классиктерінің жазу техникасы мен композиция құрудағы, сюжет табу, образ жасаудағы шеберлік тәсілдерін меңгерудегі жетістіктерден көп үйренгендігі де шындық.

ХХ ғасырдағы замана шежіресін жасау, сол кезеңнің қаһармандарының тұлғасын мүсіндеу еншісі очеркистерге тиген. Өмірмен өкшелесіп отырған жазушыларымыз, Қазақстан тарихында мән-маңызы мол бесжылдық жайлы көп жазып, өмір дүбірінен шет қала алмайды. Осы алғашқы бесжылдықтарда еңбек еткен адамдардың басынан кешкен оқиғалардың жаршысы да очеркистер. Бірінші бесжылдық тұсындағы салынған завод, фабрика, электр станциялары, темір жолдар очерк жанрының басты тақырыбы болды. Алғашқы бесжылдық жылдарында Қазақстанда Қарағанды, Балқаш, Қарсақбай, Текелі сияқты қалалар, жүздеген мектеп, аурухана, кітапханалар салынып, осы жаңалықтарды жазушы – публицистеріміз очерк арқылы жұртшылыққа жеткізіп отырды.

1930 жылдарда Б.Майлин шығармаларында очерк жанрының алатын орны ерекше. Ол туралы профессор Темірғали Нұртазин: “1920-1930 жылдары Б.Майлин очеркті де көптеп жариялап, қаламгерлердің көбінен көш бойы озық отыра, оның алпыс шамалы очеркі газеттер мен журналдардың бетінде көпшілікке жетіп, оқушы қалың бұқараға игі әсер жасады, советтік рухта тәрбиелеуге көмектесті, очерк жанрын дамытуда мол қор болды, очерктік дәстүр құрап, ол саладағы талаптылардың талай буынына үлгі, өнегелі мектеп секілді болды” [1,308],- деп жоғары баға береді. Шынында да Б.Майлин 1933 жылы очеркті өндіріп жазып, ел-жерді көп аралап, қазақ даласындағы өндіріс ошақтарының қал-күйін тереңнен толғады. Осы жылдың өзінде жазушының “Социалистк Қазақстан” газетінде жиырмадан астам очеркі жарық көрген. Шымкентті аралап жазған очерктерін жазушы 1934 жылы “Алыптарды аралағанда” деген атпен жеке кітап етіп шығарды. Тек оңтүстік өңір ғана емес көмірлі Қарағанды туралы да “Қарағанды”, “Борамбайдың бірінші адымы”, “Бәстескенде байқалды”, “Қайла қайралды”, “Болат құстың кеудесінде”, “Екінші күн”, “Оқытушылар” деген туындыларын ұсынды. Осы очерктеріндегі Мірсұлтанов, Хамит, Борамбай Қонысбаев образдары арқылы Б.Майлин дәуір қаһармандарының озық қасиеттерін ашатын саяси, интелектуалдық, адамгершілік сипаттарын терең пайымдап, сан тұлғалар жасаған. 1935 жылы Балқаш мыс қорыту зауыты туралы да біраз туындыларын ұсынып, Қоңырат өңірі байлығын игерген адамдар ерлігін, сауатсыздықты жою жолындағы күресін, сол кезеңдегі қарбалас еңбек дүбірін, тіршілік тынысын барынша шыншылдықпен көрсетеді. Жазушы кез келген қаһарманын өз ортасында, қарым-қатынас жасау үстінде көрсете отырып, сол қоғам шындығын, уақыт тынысын ішкі-сыртқы жағдайлармен астастырып қою бояумен бере білгендігі Б.Майлин очерктерінің артықшылығының бір қыры.

Ғабит Мүсіреповтің 1933 жылы жазылған “Шұғыла” очеркі жолжазба түріндегі очеркке жатады және сол кезеңдегі зорлықпен құрылған “Алып” колхозы туралы бұл туындыда елдің тұрмыс тапшылығы, төтенше өкілдердің қарапайым елге тізе батырып, өз тұрмысын жөндеп алған ұлықтары туралы жазылады. Қазынаның халыққа деп жіберген азын-аулақ бұйымы қарапайым жұртшылықтың қолына тимей, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп отырғаны кеңінен әңгіме болады. Жүз пайызға колхоздасып болсын деген бұйрықтан кейін Смағұл деген азамат алдындағы жалғыз сиырын өткізіп, ортаға түсіп кеткен сиырын қайта қайтарып алған Смағұлдың басынан кешкен оқиғалары шындықпен суреттеледі. Киіз үйден қала тұрғызу үшін бұрын бөлек-бөлек отырған ауылдарды біріктіріп “қала” атай салған басшылар ісі сынға алынады. Автор ол қаланың көшелерінің аттары мен нөмірлері бар екенін былай баяндайды: “... Қала Шокін көшесі, Елтай көшесі, Құрамыс көшесі... Үйлердің маңдайшасында қағазға жазып жапсырып қойған нөмірлері де бар” [2,34],- дейді. Осында қазақ арасындағы өткінші, тұрақсыз “уақытша қала”, ықтырма-пана “шұғыла” сияқты құбылыстарды, орын алған жайсыз жағдайлардың бәрі халықтың төзімділігін бітіріп, жолсыздық, сорақылықтардың ұзаққа бармайтынын автор көрегендікпен жазған. Бұл очерктің басына автор эпиграф ретінде “Көркем сөз шебері Би ағама арнаймын” деуінің себептері жоқ емес. Біріншіден, бұл очерктің Б.Майлиннің “Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры” сарынымен жазылған, екіншіден, жазушы Б.Майлин шеберлігін өмір бойы үлгі тұтып өткен.

1930 жылдары очерктен көбірек қалам сілтеген Ілияс Жансүгіров Түрксиб тақырыбына бірнеше очерк жазған “Жол аузында”, “Шоқпардың шоқтығында”, “Төрт жолдың торабы” деген туындыларында жаңа құрылыс ерлерін, қиыншылықтар, қақтығыс, ықылас, өштіктерді терең суреттеген. 1931-1934 жылдары жазылған “Октябрь”, “Сталин колхозы”, “Жарыс”, “Төменнен толқын”, “Бейсетай бригадасы”, “Соқашылар”, “Қоян-құс” деген очерктеріне колхоздастыру кезеңінің қиыншылықтары, жетістіктері, жаңалықтары мен сол кезеңдегі социалистік жарыстың мәні арқау болады. Мұнан жазушының обьективті өмірдің ағыстарын бар даусымен насихаттағанын, қарапайым халық әрдайым жасампаздық, жаңалық, игілік, отаншылдық жағына бейім, жақын болатынын публицистік тілмен шебер жеткізе білген.

1933-1934 жылдардағы баспасөз беттерін ақтарсақ Е.Ысмайыловтың “Жетінші штрек”, Ш.Құсайыновтың “Донбасс- Қарағанды”, С.Ерубаевтың “Күрестің түйісінде”, М.Әуезовтің “Қарғалы совхозындағы өткен төрт күн”, “Жуалы колхозшысы”, Ғ.Мұстафиннің “Алыптың кереметтері” деген очерктерін табуға болады. Алдыңғы екі автор да өз шығармаларын Қарағандыға арнап, ондағы шахтерлер еңбегін, өмірін қамтып жазады.

Сонымен 1930 жылдары очерк жанры мықтап бой көрсетіп қана қоймай, адамтану, өлкетану, еңбектану қызметтерін атқарған, бірінші бесжылдық шежіресін, Қазақстанда өркен жайған өнеркәсіп орындарын, онда жұмыс жасаған еңбек адамдарының өмірін молынан қамтыған, шежіреге айналдырған деуге болады. Бұл кезеңде очерктің көркемдік сапасы әлі де жетілдіруді талап ететін деңгейде болды. Оған С.Мұқановтың мына пікірі: “Революциядан бұрын жаңа туа бастаған еді” деген қазақ прозасы советтік дәуірдің алғашқы жылдарындағы материалдар күнделік өмірдің тақырыбынан алынды да, қысқа очерктер мен әңгімелер түрінде жарыққа шығып отырды. Бұл очерктер мен әңгімелер советтік құрылысты насихаттау жағынан бағалы болғанымен, көркем әдебиет тұрғысынан қарағанда әлсіз еді” [3,304],- деген пікірі орынды. Бұл очерктерде көбінесе өмір фактілері жадағай баяндалып, жалпылама көрсетіліп, адамның ішкі жан-дүниесі, психологиясы ашылмай қалып отырған. Қазақстан өмірінде болып жатқан экономикалық, саяси өзгерістер, яғни завод, фабрика, өнеркәсіп орындарының пайда болуы, көбеюі, салынуы, туралы очерктердің көпшілігінің мәнсіз-мағынасыз бос, жылтыр сөздерді көп пайдаланып, ұзақ сонар әңгімелеп кеткен тұстары көп-ақ.

Қазақ әдебиетінің басқа жанрлары сияқты 1930 жылдардың екінші жартысында очерк сан жағынан да сапа жағынан да бір саты көтерілді деуге болады. Бұл очерктерде көркем түйіндеу мен жинақтап көрсету әдістері ілгері дамыды. Сол кездегі “Социалистік Қазақстан”, “Әдебиет майданы”, басылымдарында шықққан очерктер 1940 жылы жинақталып “Қазақстан” деген атпен кітап болып шықты. Бұл очерктердің тақырыбы да әр алуан. Очеркистер шахталарға, заводтарға, фабрикаларға, ауыл шаруашылығына, оқу орындарына барып, әр саладан ой толғады. Мысалы, Ә.Әбішевтің “Қарағанды қарттың сыры”, І.Жансүгіровтің “Байыған Балқаш”, Ғ.Мүсірепов пен А.Тоқмағамбетовтің “Қорғасын алыбы”, “Дәнді толқын”, “Жеңілген сыр”, И. Шуховтың “”Дән туралы дастан”, Ж.Есбатыровтың “Ақсу алқабында”, С.Омаровтың “Кереге тас”, А.Лекеровтің “Егінші әйелдер”, М.Әуезов пен Қ.Бекхожиннің “Мәдениетті Қазақстан” т.б. очерктерін атауға болады.

Ә.Әбішевтің “Қарағанды қарттың сыры” мен “Көмір батыры” очерктері Қарағандының өндірістегі озық адамдарын көрсеткен өміршең шығармалар. Олай дейтініміз, басты кейіпкер Түсіп Күзембаевтың өмірі арқылы очеркист сол кезеңдегі қарапайым жұмысшылардың рөлі, мәдениеті, тұрмысы, саяси көзқарасы туралы кеңінен толғап, саналы азамат, үлкен тәрбиеші дәрежесіне көтереді.

Очерк жанрының өзіне тән стилі, композициясы бар және онда басты рөл атқаратын жанды сөз, іс-әрекет, қимыл толық көрінуі тиіс. Демек, очеркист кейіпкерлерді іс-қимыл үстінде көрсете отырып, өз сөзімен баяндай бермей, сондағы істеп жүрген адамдардың өздерінің әңгімелеуі іс-әрекеті үстінде көрсетуі тиіс. Ә.Әбішевтің “Қарағанды қарттың сыры” деген очеркі өндіріс тақырыбына арналған, самолетпен ұшқан автордың қартпен әңгімелесуі, қарттың аты белгісіз болуы, очеркке біраз бөгде әңгімелер еніп кетуі, Қарағандыға барғаннан кейінгі жайды автор тек жалаң цифрлар арқылы баяндаған тұстары сәтсіз шыққан. Жазушы Қарағандының сол күндердегі жетістігі, табыстарының сыры, игілікті істерге қозғаушы күш болып отырған себептерді ашпай, керісінше, бұрыннан мәлім ертеректе Қарағандының 250 сомға сатылғаны, орыс, ағылшын капиталистерінің жұмысшыларды қанағаны туралы, сол кезеңде 22 шахта болғанын жалаң баяндап өте шығады.

М.Әуезов пен Қ.Бекхожиннің “Мәдениетті Қазақстан” очеркінде сол кезге дейін сауатсыз болған қарапайым халықтың білім-ғылымға ұмтылысы, мәдениетке талпынысы, қараңғылық картинасы шебер публицистикалық толғаулармен берілген.

1938 жылы Ғабдол Слановтың “Өмірдің асқар биігінде” очерктер жинағы шыққан. Бұл жинаққа әр жылдары, әртүрлі тақырыптарға жазылған көркем очерктері енгізілген. “Көктің көркі”, “Ертісті жоғары өрлегенде”, “Алыптың даңқы”, “Өмірдің асқар биігінде”, “Қара тон”, “Темір”, “Мақат”, “Масленщик Қамқа” т.б. егіс даласы, ауыл жұртшылығының еңбегі, Ембі жұмысшыларының тұрмысы мен демалысын өзек еткен. Осы очерктердің ішіндегі шоқтығы биігі “Жер жаннатына сапар” деп аталады. Жазушы Есентуки курортында демалғандағы әсерін, Кавказдың сұлу табиғатын, А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов аттарына байланысты тарихи орындарды сәтті суреттеген. Очеркист Орынбордан келген қазақ жұмысшысы Қабидың өткені мен бүгіні, тұрмысы, еңбектегі ерлігін публицистикалық сарынмен әсерлі жазылған. 1930-1940 жылдар аралығында қазақ әдебиетінде көркем очерктің жол-сапар, портретті түрлері кең қанат жайды. Бұл осы кезеңде ел ішінен озаттар, еңбек ерлері күнбе күн топ жарып шығуына байланысты еді. Металлургтер Б.Ықыласов, Ә.Мұрынбаев, көмірші Т.Күзембаев, сауыншы С.Оңғарбаева, қызылшашы Н.Досқожанова туралы очерктер көптеп жазылды. Сол кезеңдегі Қазақстан мәдениет қайраткерлерін бейнелейтін портрет- очерктердің өзі бір төбе. Спандияр Көбеев, Қаныш Сәтбаев, Күләш Байсейітова, Дина Нүрпейісова, Жамбыл Жабаевтың қазақ даласын аралауы, жұмысшы қауымға жолығып, жаңа заманды мадақтаған мәдениет қайраткерлерінің келбеті бұл очерктерде жан-жақты бедерленді. 1930-1940 жылдары қазақ көркем очерктері қалыптасып, дамуында үлкен белес болды және ел өміріндегі елеулі оқиғаларға да жедел үн қосып, шындықтың шын мәніндегі жаршысы бола білді.

1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезеңінде қазақ очеркінде халқымыздың асқан ерлігінің шежіресі жасалды. Барлық ұлт өкілдері бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, фашист басқыншыларымен шайқасқан заматтағы біздің очеркистеріміз майдан даласындағы батырлық, табандылық, қайсарлық туралы жазып қана қойған жоқ, өздері де насихаттық, үгіттік жұмыстармен майдан даласында жүріп айналысты.

Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ әдебетінің тарихында тұңғыш әскери очерк пайда болды. Жазушыларымыз баспасөзге белсене араласып, майдан, тыл батырларын көркем публицистиканың арқауы етті. “Социалистік Қазақстан”, “Лениншіл жас” басылымдарында ақын-жазушылардың барлығы дерлік очерктерін жариялап, Отан қорғау ісіне өз үлестерін қосты. Әсіресе әскери очерк жанрының қалыптасуына майдан газеттері елеулі үлес қосып, әскери тілшілер Ә.Сәрсенбаев, Ж.Молдағалиев, Қ.Әбдіқадыров, С.Сейітов, С.Омаров, Д.Әбілов, А.Лекеров, Ж.Жұмақанов, Ә.Нұршайықов, А.Тоқмағамбетов, Б.Момышұлы, М.Ғабдуллин, Б.Бұлқышев , Қ.Аманжолов т.б. ұрыс шебінде жүріп, көрген-білгендерін реалистік тұрғыда, патриоттық сезімге толы туындылар берді. Олардың очерктері соғыстың шынайы қалпын суреттеп, қазақ жауынгерлерінің қайсарлығын, жау жүректілігін өз көздерімен көріп жазғандықтан қарапайым халықтың жүрегінен бұл очерктер бірден жол тауып, үлкен үгіттік, насихаттық рөл де атқарды.

Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, А.Тоқмағамбетов, Ә.Әбішев, Ғ.Сланов, Ә.Тәжібеав, Ғ.Орманов, М.Иманжановтар әскери публицистикаға ойысып, қан майдандағы жауынгерлердің батырлығы қарапайым халыққа өнеге етіліп, ел-жұртты сын сағатта бірігуге шақырады. Барлық жазушының публицистикасында жеңіске сенім, батыр жауынгерлерді өнеге тұту басым.

Ұлы Отан соғысының батырлары сериясымен “Жазушы” баспасынан Н.Әбутәлиевтің “Боран Нысанбаев”, Е.Әлімқұловтың “Әбдуәлиев Қарақозы”, Ә.Әбішевтің “Үрмеш Түктібаев”, Қ.Құрманғалиеваның “Қайырғали Смағұлов”, С.Мәуленовтің “Сұлтан Баймағамбетов”, Ә.Нұршайықовтың “Махмет Қайырбаев”, Т.Тобағыловтың “Сағадат Нұрмағамбетов”, т.б. очерктер кітабы “Жазушы” баспасынан шыққан. Бұл батырлар туралы очерктерде соғыс өмірі көрсетіліп, майдан даласындағы қиян-кескі ұрыстар, батырлардың қаһармандық келбеті жинақталып жазылған. Демек, Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ әдебиетінің жанрлары ішінде көркем очерк абыройлы борышын атқаруға, прозаның үлкен жанрларынан гөрі очерктің алға шығуы заңды құбылыс. Жоғарыдағы жазушылар қысқа, ерекше қимылдар арқылы көкейде қонымды етіп, Ұлы Отан соғысы қаһармандарының ішкі-жан дүниесінің терең ашып бере білді. Осы қысқа очерктер соғыс кезеңінің шындығын кейініректе ірі шығармалардың арқауына айналдырды. Ғ.Мүсіреповтің “Қазақ солдаты”, С.Мұқановтың “Сұлушашы”, Ә.Нұршайықовтың “Ақиқат пен аңыз” романдары қаһарлы жылдардың қатал шындығын көз алдымызға елестететін үздік шығармалар болып тарихтан өз орындарын алды. Соның ішінде Ғ.Мүсіреповтің “Социалистік Қазақстан” газетінде жарияланған очерктер циклінің маңызы мен көркемдігі жоғары. 28 панфиловшылардың ерлігі туралы “Ел үшін туған ер”, “Нұрсұлтан Есболатов”, “Манастың ұрпағы”, М.Ғабдуллиннің “Шыныменен рас па?”, “Менің майдандас достарым” деген очерктер циклында атақты 8-ші гвардия дивизиясының жорық жолы туралы жазған. Бұл жазушылар очерктеріндегі кейіпкерлер бейбіт өмірде көптің көзіне түсе бермейтін қарапайым адамдар, жау келгенде батырлық, ерлік қасиеттерімен көрінеді. Аты аңызға айналған Василий Клачков, генерал-майор И.В.Панфилов, полковник Б.Момышұлы т.б. жарқын бейнесін жасаған Мәлік Ғабдуллин өзі туралы сараң әңгімелей отырып, майдандас жауынгерлердің жарқын бейнесін сомдаған.

Ұлы Отан соғысы кезінде талантты жас публицист Баубек Бұлқышев өз очерктерін өрнекті сөз кестесімен жазды. Баубек очерктеріне тән қасиеттер. Отанына, туған жеріне деген деген махаббат, жау жендеттеріне деген ашу-ызаға толы болды. Мұнда жас очеркистің рухани жан дүниесі, биік мәртебелі моральдық бейнесі толық ашылған, яғни оның күнделік, ашық хат формасында жазылған туындылары жалпы жастардың атынан айтылып, сол қиын-қыстау кезеңдегі жастардың арман-мұратын білдірді.

Б.Бұлқышевтың публицистикалық мұрасы туралы Ғ.Мүсірепов былай дейді: “Жазушының өмірі тым қысқа болған, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан Баубек Бұлқышев аз да болса айқын да өткір еңбектерімен прозамыздың публицистикалық саласын едеуір көтеріп кетті” [4,324]. Публицист көп очерктерін орыс тілінде жазып, “Комсомольская правда” газетінде жариялаған, оны ана тілімізге аударған Ғабит Мүсірепов еді. “Өмір мен өлім туралы”, “Мен өмір сүргім келеді”, “Жауыздық пен махаббат”, “Тыңда, Кавказ!”, атты очерктерінде соғыс жағдайы, ондағы ерлік жайында толғады. Б.Бұлқышевтың “Шығыс ұлына хат”, “Заман біздікі” шығармаларында үлкен философиялық толғаныс, тебіреніс бар. Очеркист өз басынан кешкендерін, қарулас достарының ерлігін, жаумен кескілескен шайқастардағы жас жауынгерлердің бүкіл әлемді таңдандырған идеялық-саяси, моральдық қасиеттерін, Отанына, халқына деген адалдығын, қажыр-қайратын, асқан ерлігін жан-жақты және бар қырымен көрсете алды.

Талантты публицист Баубек Бұлқышев туралы Мұқан Иманжанов: “Қош бол, Шығыс ұлы” атты публицистикалық очеркін жазды. Өмір мен өлім арасында, оқ пен бомба арасында жүріп қаза болған аяулы досының өліміне арналған очерк – нағыз адамгершілікке толы, шынайы да шыншыл шығарма еді.

Алдымен ескеретін бір жай соғыс тұсындағы көркем очеркке бір өлшеммен қарауға болмайды. Алғашқы жылдарға қарағанда очерк жанры да іштей түлеп, өзгеріске ұшырап жаңа кезеңдерді басынан кешіріп отырды. 1941 жылғы соғыстың алғашқы айларында жауынгерлердің моральдық рухын көтеруге шақырса, одан кейінгі жылдары майдан мүддесіне, жеңіс мүддесіне қызмет ету мақсатын көздеген сарын байқалады. Әсіресе жауынгер жазушылар оқ астында жүріп, өз шығармаларын жазуы, қалай жазсам деп ойлауға мұршасы келмеген очеркистер шығармаларында өздерінің бар болмысымен көрінген. Алғашқы кезеңдегі очерктер қалың жұртты соғысқа жұмылдыруға қызмет атқарса, 1943-1944 жылдары әскери очерктер дамуы тағы бір сатыға көтерілді. Бұл кезеңде ұрандық, үгіттік очерктерден гөрі адамды, жауынгерлерді суреттегенде оның ішкі жан-дүниесі, психологиясы, достық, адамгершілік, махаббат турасындағы ойларын ортаға салатын көркем очерктер өрістеді.

Ұлы Отан соғысының батыры Мәлік Ғабдуллин 1941-1945 жылдар аралығында соғыс туралы “Майдан очерктері”, “Алтын жұлдыз” т.б. очерктер жинағын шығарды. Батыр жазушының очерктерін оқыған сайын майдан өмірінің қатал да қытымыр шындығына қанығасың. “Ел намысы – ер намысы” очеркінің басты қаһарманы кіші сержант Черкасов барлаушылар тобында істеп, жау туралы хабар әкелудегі ептілігі мен ерлігі келістіріле суреттеледі. Фашистердің бір офицері мен тоғыз фрицін ұстап алып келген. Ертай Жетеков атты жігіт сауықшыл, үнемі көңілді жүретін, ұрыс шебінде де әзіл-қалжыңы қалмайтын Ертай мінез-құлқы, жан дүниесі жан-жақты ашылған.

Майдандық журналистердің талай-талай очерктері мерзімді баспасөз беттерінде көптеп жарияланған. Оларға Жұбан Молдағалиевтің “Халық қаһармандары” очеркінде қан майданда туған елінің намысын қорғаған бір топ қазақ жауынгерлерінің ерлігі әңгімеленеді. Мерген Есқайыр Халықов, қобызшы, қазақ филормониясының артисі Ысқақ Уәлиев, зеңбірекші Құттыбай Ерғалиев, дәрігер Роза Момынова туралы көркем очерктері реалистік кең толғанысқа бастайтын шығармалар.

Жекен Жұмақановтың “Қанға қан”, “Қыр қыраны”, “Батыр даңқы”, “Марияның мекені” очерктерінде әртүрлі мамандық иелері тағдыры мен қаһармандық істері көрсетіліп, шын мәніндегі өз елінің патриоттары ретінде көрінген.

Сырбай Мәуленовтің “Қанға боялған блокнот” атты очеркі өз жерлесі, соғыс шебінде ерлікпен қаза тапқан аға лейтенант Зейнолла Әбеновке арналған. Қанға боялған блокнот – шығарманың негізгі өзегі.

Майдан өткелдерін басынан кешкен Асқар Лекеров “Туысқан”, “Қарапайым қазақ”, “Адамның жүрегі”, “Жалғыз оқ”, “Қарындас”, “Кездесу” деген очерктер жазып, сол кездегі адамзаттың жеңіске деген құштарлығын, жеңімпаздықты аңсаған Кеңес адамдарының ой-ниетін паш еткен бұл шығармаларда оқиғалар қорытылып, өнеге етіп ұсынылған.

Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен Совет Одағының батырлары Сергей Луганский, Леонид Беда, Талғат Бегилдинов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова ерліктерінің толық картинасы жасалып, сом тұлғасымен етене таныстырған авторлар әскери очерктің дамуына мол үлес қосқан деуге болады. С.Бақбергеновтің “Талғат”, С.Мәуленовтің “Ер Естай”, Ж.Молдағалиевтің “Хасан батыр” көркем очерктерінде де бұл атақты батырлардың ерлік істері, шағын оқиға тізбектерімен баяндалып, көркем де әсерлі бедерленеді. Бұл қаһармандар соғыс кезінде өздерінің өр тұлғасымен, өршіл мінезімен, алдына қойған мақсатын әрдайым орындап шыққандықтарымен құнды.

Сәбит Мұқановтың “Батыр қыз” очеркі Совет Одағының батыры М.Мәметова туралы 1944 жылы жазылған. Сұрапыл соғыс үстінде туған бұл очерк өз еркімен майданға аттанған қазақ қызының бір-екі күнгі басынан кешкен оқиғасын баяндайды. Жазушы Мәншүктің ұрыс даласындағы үгітшілік міндет атқарып жүрген сәтін, жауынгерлер борышын ұғындыруда үлкен міндетті мойнына алғанын шыншылдықпен сенімді көрсеткен. Ондағы М.Мәметова сөзі былай беріледі: “Өзің өлме, жауыңды өлтір, ал мерт бола қалсаң, дұшпанға кек жібермей, жастығыңды ала кет!” деп, осы сертте өзі тұрған қазақ қызының жарқын бейнесі, айбыны, қажыр-қайраты жан-жақты ашылады. Очерктегі әсіресе Мәншүктің соңғы арпалысы, батырлық өлімі көрсетілген тұстары өте әсерлі, батыр қыздың ақтық демі біткенше жаумен шайқасып кеткен қайсар мінезі шебер ашылған.

Ұлы Отан соғысы туралы әскери очерктер өмірдің қатал шындығынан алынған, қиын кезеңнің тарихы, жеңіс жолында қаза болған азаматтарымызға жасалған рухани ескерткіш деуге толық болады. Бұл очерктердің мынадай ерекшеліктерін атауға болады: біріншіден, бұл очерктегі оқиғалар көзбен көріп, бастан кешкен оқиғалардың елесі, екіншіден, соғыста болған ақын-жазушылар өз көргендерін өз бояуы, өз мәнері дәрежесінде суреттеген, үшіншіден, оқ пен оттың арасында асығыс жазылғандықтан суреткерлік шеберлік жағы жетіспей жатқан тұстары да жоқ емес, төртіншіден, бұл әскери очерктер уақыт сынынан өтіп, тәуірлеу дегендері арнаулы жинақтарда (“Ол күндердің өшпес даңқы”, “Майдан”, “Жеңімпаздар” ) жарық көрді. Бұл көркем очерктер соғыстан кейінгі кезеңде адамдарды отансүйгіштікке, ерлік рухында тәрбиелеуге көп септігін тигізгені ақиқат.

Ұлы Отан соғысының батырлары мен олардың қаһармандық ерліктері әлі күнге дейін қаламгерлерімізді қызықтырып, дәстүрлі жалғасын тауып әлі де жазылып келе жатыр және жазыла бермек демекпіз.


Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1. Нұртазин Т. Б.Майлин творчествосы. Алматы. Жазушы, 1966.

2. Мүсірепов Ғ. Шугла. Рассказ. / Перевод Мукашева Г. // Советская литература Казахстана. Алма-Ата. 1934. №1. С. 22-44.

3. МұқановС. Өсу жолдарымыз. Алматы. Жазушы, 1964.



4. Мүсірепов Ғ. Суреткер парызы. Алматы. Жазушы, 1970.

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет