4.13 В.Ф. Шаталовтың тірек конспектісімен оқыту технологиясы
Виктор Федорович Шаталов Донецк қаласындағы №5 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі және педагог кадрлардың біліктілігін көтеру және жетілдіру институтының қызметкері болып қызмет атқарды. В.Ф. Шаталовтың негізгі ұстанымы «Барлық балалар дарынды екеніне біздің сеніміміз мол. Жаңа бағдарламалар бір қарағанда күрделі көрінгенімен, оқушылар толық меңгере алады».
В.Ф. Шаталовтың педагогикалық жүйесі: қиын мақсат идеясы - тірек идеясы арқылы оқу үдерісін жеделдету жолдары.
Сабақтың көп уақыты оқушылардың өздігінен жұмыс істеуіне арналады. Әдетте тек сабақтың 18% - ы ғана өздігінен жұмыс істеуге жұмсалатыны мәлім. Бір сабақта әр оқушыға баға қойылып оқу материалы сабақта толық меңгеріледі. Бір тірек белгісі 5 - 6 сабақтың материалын қамтиды. Оқыту үдерісінің ұжымдық түрі мен дербес жұмысты ұштастыру арқылы әр оқушының еркін, әрі ынтасын, пәнге деген қызығушылығын арттырады. Оқушы шығармашылығын дамыту, сабақта оқушылардың өздеріне – өздері талдау жасау идеясын жүзеге асырады. Сынып оқушыларының интеллектуалдық деңгейін үнемі көтеру идеясын қолданады. Әр оқушының дербес дара ерекшелігін білу- ізгілендіру идеясының негізі деп есептейді.
Мұғалімдер, ата - аналар, қоғамдық ұйымдар арасында педагогикалық қарым – қатынас орнату идеясын және педагогикалық десант идеясын жүзеге асырады.
В.Ф. Шаталовтың пікірі бойынша, ол жаңа ештеңе ашқан жоқ, ол тек педагогика мен психологияның тиімді идеяларын қару етіп алды. Оқыту технологиясының негізі - ұжымдық оқыту жағдайында оқушылардың танымдық іскерлігін ұйымдастыру. Барлық мүмкін құралдар көмегімен ол оқушыларды қызықтырады, олардың белсенділігін қалыптастырады. Бәрі іске асатындай, бар оқушы табысқа жететіндей етіп жұмыс істейді. Ал табыс өзіне деген сенімділікті туғызады және келесі табысқа жеткізеді. Егер оқушы табысқа жететін болса, онда оған жұмыс қызықтырақ болады.
В.Ф. Шаталовтың негізгі қағидалары:
1. Мәліметтерді қысқа да нұсқа түсіндіру:
- Бір затты 3 - 4 рет түрлі сөздермен қайталай отырып, баланың назарынан артық жүкті алу.
- Бір сабақта бір теорема беріп қана қоймай, тақырыпты бір-– бірімен байланысқан ірі блокпен оқыту. Мысалы, ол бір сабақта мынадай тақырып береді: «Үздіксіз проекциялар», «Шек», «Шек туралы теоремалардың негізгілері». Осылай жақсы нәтижеге жетеді, болмаса сол жылдардағы бағдарламаларда қарастырылғандай материалды 5 сабаққа бөлу, қабылдауды қиындатады, бүтінді жеке фрагменттерге бөледі, өзара байланысты көтеруге кедергі болады.
- Оқушыларға ең негізгісін үйрету, сонда есте сақтау көлемі азаяды. Нәтижесінде материалдардың 70% - ы жақсы түрленіп, есте жақсы сақталады. Логикалық ес жұмыс істейді, ал ол механикалық естен тиімдірек.
2. Оқушыларға бір мезгілде жазу мен тыңдауға тыйым салу. Ол осы екі үдерісті бөледі, яғни заңдылықтарды қолданады; тыңдап отырып жазу барлығында бірдей дамығандықтан тыңдау мен жазуды бөліп қарастырады. Алдымен оқушылар тыңдайды, сосын не жазады, не болмаса мұғалім оларға қайталауға мүмкіндік береді.
3. Теорияны алдына - ала қарап конспект түрінде жазу. Көру анализаторының заңдылықтарын қолдана отырып қызықты, ашық, ерекше етіп суреттеу. Ойлау жұмысының тиімділігі оқушы өзі логикалық жоспармен тірек конспектісін құрғанда артады. Бұның барлығы есте сақтауды жеңілдетеді. Тірек конспект өзін - өзі бақылауға, ата - аналар тарапынан бақылауға мүмкіндік береді.
4. Блок - схема бойынша оқушылардың білімін бағалау. Оқушылар есте қалған мәліметтер бойынша тірек конспектіні суреттеп берулері керек және сол бойынша оқу материалдарының мазмұнын қайта жаңғыртады. Бақылауда қайталау заңдылықтарын қолдану. Көбіне алғашқыда 3 күннің мәліметтері ұмытылады (шамамен 30-40 %). Сондықтан күнделікті бақылау керек, ал шамамаен бір айдан кейін ұмыту үдерісі жай жүреді (шамамен 27 %), ұзартылған бақылау өткізуге де болады.
5. Оқытуды дәстүрлі оқыту шеңберінен тыс өткізу, бірақ оқушылардың ойлауын да оқыту керек.
6. Әрбір оқушы өзін еркін әрі сенімді сезінетін ахуал тудыру. Бұл оқушының қызығушылығы мен қабілетін дамытуға көмектесетін шығармашылық және іскерлік ахуалдың негізгі алғы шарты болып табылады.
7. Сабақта бақылау принципін қолдану, яғни әр сабақта оқушылардың әрқайсысынан сабақ сұрау. Оқушылардың түрлі бақылауы мен сұрауларын ұйымдастыруда В.Ф.Шаталовтың таланты байқалады.
8. Әрбір оқушыға өз балын жақсартуға мүмкіндік беру. Бұл принцип «ашық перспективалар» деп аталады. Мүмкіндік мұғалім шақырған кезде емес, оқушы «материалды жақсы білемін және балымды жақсарта аламын» деп мұғалімге барғанда ғана беріледі.
9. Оқушылар мен ата - аналарға ізгілік қатынас. Мысалы, көбінесе отбасында ата - аналар мен балалар арасындағы келіспеушілік үй жұмысын күнделікті орындамағандықтан болады. Ал Шаталовта ондай болмайды, ол оқушыларға 2 минуттан 2 секундқа дейін күнделікті үй жұмысының дұрыс жазылғандығын тексеруге уақыт береді. Осындай қарапайым әдіс оқушылар мен ата - аналарының жүйкесін ақтайды. Мұндай әдістер Шаталовта өте көп, әсіресе бұл «Екіліктен сақтау» қабілетіне, яғни оның болмауының алдын алады.
10. Шаталовтың педагогикалық технологиясының негізі оқушы қолайсыз жағдайларда өз білімін қолдана білуде, оны есте сақтай білуде, түсінуде байқалады.
В.Ф.Шаталов «барлық балалар талапты, балалардың бәрі - бәрі де оқу бағдарламасын ойдағыдай игеруге қабілетті!» деп санайды. Күрделі болып көрінетіндігіне қарамастан жаңа бағдарламаны оқушылар толық игеріп кете алады. Демек, орташа оқушыға ғана бағдарланған оқыту әдістемесі өзін – өзі ақтамайды; өйткені, тапсырма күштілер үшін тым жеңіл де, әлсіздерге асу бермес қиын өткел.
Қазір мектеп бағдарламаларында қысқаша теориялық тұжырымдамалардан соң іле - шала практикалық кезең - есептер шығару, жаттығулар орындау кезеңі басталады. Ал бұл дұрыс емес, теорияны толық игеріп болғаннан соң ғана практикаға кіріскен ләзім. Сондықтан Л.В.Занков пен В.В.Давыдов ұсынған: теориялық білімнің жетекшілік рөл атқаратындығы жөніндегі принцип күллі оқушылардың жедел алға жылжуына негізделген іргетасқа айналады. В.Ф.Шаталовтың оқыту технологиясында теориялық білімді игеріп болған соң ғана басты назар практикаға аудрылады.
Материалды үлкен - үлкен блоктар бойынша түсіндіру оны дұрысырақ қорытуға, бұрынғы жекеленген теорияларды, ережелерді, параграфтарды өзара логикалық байланыста танып - білуге мүмкіндік береді. Оқушыға үлкен жолдың бір бөлігі ғана емес, оны тұтастай көріп - білуге, алда не күтіп тұрғанына көз жеткізуге мүмкіндік тудырады.
Жаңа материалмен жұмыс төмендегідей ретпен жүргізіледі:
Достарыңызбен бөлісу: |