Байланысты: Бұзаубақова К.Ж. Инновациялық педагогика негіздері (1)
Төртінші шығармашылық деңгей тапсырмалары: 1) Оқушылардың жинаған өмірлік тәжірибесімен қалыптасатын ұғым, түсініктерінің қиял мен белсенді ой еңбегінің нәтижесінде жаңаша, бұған дейін болмған, белгілі бір дәрежеде олардың жеке басының икемділігін байқататын дүние жасауына негізделген (интернеттен қажетті мәліметтерді таба алуы, оқу бағдарламасынан тыс материалдарды меңгеруге қызығушылықтарын ояту).
2) Олимпиадалық тапсырмалар.
3) Берілген тақырыпқа өз бетімен реферат, баяндамалар, ғылыми жобалар дайындау.
Демек, бұл тапсырмалар - оқушының біліктілігі мен дағдысын қалыптастыру мен оны бағалау деңгейі болады. Бірінші деңгейлі тапсырмалар игерілген жаңа білімді пысықтау мен қайталауға арналса, жоғары деңгейлі тапсырмалар оқушының алған білімін өз бетімен қорыту мен жүйелеуге және тәжірибеде қолдануға арналады.
Көпдеңгейлі тапсырмалар құруда төмендегідей дидактикалық талаптар ескерілуі қажет:
- оқушылардың өздігінен жүргізетін танымдық іс-әрекеті үшін тапсырмалар күрделілігі төрт деңгей бойынша құрастыру;
- оқытуды проблемалық принциптер негізінде жүргізу;
- оқушылардың өзара бәсекелестік қабілетін тудыру;
- көпдеңгейдегі тапсырмалар оқушының қызығушылығын ояту;
- сыныптың, әрбір оқушының дербес қабілеттерін ескеру;
- бір деңгейден екінші деңгейге оқушының еш қиындықсыз өтуі;
- оқушылардың тапсырмаларды нәтижелі орындауларын ынталандыру;
- оқушыларды өз бетінше жұмыс жасауға бағыттау;
Деңгейлі тапсырмаларды қолданудың төмендегідей ерекшеліктері бар:
- Барлық тапсырмаларды мезгілінде орындаған оқушылар үлгермеушілерге көмектеседі.
- Сыныптың басқа оқушылары өздігінен жұмыс істеп жатқан кезде мұғалімнің де үлгерімі төмен оқушыларға дербес көмек көрсетуіне уақыты болады.
- Сынып оқушыларын «қабілетті» және «қабілетсіз» деп жасанды түрде әртүрлі жіктерге бөлуді болдырмайды.
- Оқушының әрбір деңгейдегі тапсырмаларды дұрыс орындағаны үнемі «есепке» алынып отырады.
- Қандай оқушы болмасын, мысалы өзінің жақсы оқитындығына қарамастан, жұмысын «оқушылық» - міндетті 1-деңгейдің, ол үшін жеңіл болса да, тапсырмаларын орындаудан бастайды.
- Барлық оқушылар жұмысын бір мезгілде бастайды: әрқайсысы, білім игерудегі өз қабілетіне қарай, өз биігіне жетеді. Бұл барлық оқушыларды базалық біліммен қарулануын қамтамасыз етеді, барлық оқушылардың оқу мақсатына 100% қол жеткізуіне кепілдік береді және оқу пәндерінің барлық тақырыбы бойынша ең болмағанда міндетті бірінші деңгейді игеруін толық жүзеге асырады.
«Есепке алу» жүйесін жүргізі нәтижесінде үлгерімі нашар оқушылар да, кем дегенде, «оқушылық» деңгейге сәйкес білімді толық меңгеріп алатын жаңашыл мұғалімдердің тәжірибесі көрсетіп отыр. Себебі, ол осы деңгейдің барлық тапсырмаларын толық және дұрыс орындап өткізбейінше, келесі деңгейге көшпейді. «Міндетті» деңгейді толық меңгергеннен кейін оқушы әрі қарай, ілгері ұмтылады; өзіне өзінің сенімі артады.
Олардың әрқайсысы 1-деңгейлік тапсырмаларды орындауға міндетті және жоғары деңгейлік тапсырмаларды орындауға құқылы.
Деңгейлік тапсырмаларды дұрыс орындағаны үшін оқушылар сол деңгейді игергеніне сәйкес ұпай алады. Мәселен, бірінші деңгей үшін - 5 ұпай, екінші деңгей үшін - 10 ұпай, үшінші деңгей үшін -15 ұпай, төртінші дейгей үшін - 20 ұпай.
Көпдеңгейлі тапсырмаларды меңгерту барысында жаңа тақырып бойынша жасалған деңгейлік жұмыстардың төрт деңгейге бөлінуі, үй жұмысын жақсы ұйымдастыруға және реттеуге мүмкіндік береді. Себебі тақырыпты меңгерудегі төрт деңгейлік тапсырмалар үлгерімі өте жақсы оқушыға есептеліп, соған сәйкес құрылғандықтан, бұл жұмыстарды толықтай сабақ үстінде орындап бітіруге, барлық оқушылардың мүмкіндігі жете бермейді. Сондықтан да олар үйде өз бетімен немесе сабақтан тыс уақытқа мұғалімнің көмегімен аяқтауға беріледі.
- бірінші деңгейдің тапсырмаларын орындап үлгерген оқушыларға екінші деңгейдің тапсырмалары ;
- екінші деңгейдің тапсырмаларын орындаған оқушыларға одан да жоғары деңгейлік тапсырмалар беріледі ;
- т.с.с деңгейден деңгейге көтеріле береді.
Ең жоғары деңгейдегі шығармашылықты қажет ететін тапсырмаларды, әрине, дарынды да еңбекқор оқушы орындап алады.
Осылайша, әр тақырып бойынша оқушыларға, сыныптан тыс уақытта деңгейлік тапсырмаларды орындау арқылы көбірек ұпай жинап, көтеріңкі баға алуға мүмкіндік беріледі және дамыта оқыту принципі орындалады. Нәтижесінде оқушылардың табиғи қабілеттері мен дарындылық қасиеттері ашылуына жақсы жағдай жасалады.
Мысалы география пәнінен «Табиғат зоналары» тақырыбына төмендегідей деңгейлі тапсырмаларды құрастыруға болады.