Қазақстан Республикасының Азаматтық құқығы екі бөлімнен тұрады: Жалпы және Ерекше. Бұл бөлу дәстүрлі болып табылады және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің құрылымынан шығады.
«Қазақстан Республикасының Азаматтық құқығы» (Жалпы бөлімі) негізгі оқу пәндерінің бірі, негіз қалаушы құқық салаларының маңыздысы болып келеді. Оның маңызды ролі нарықтық экономиканың дамуымен және ақшалай-тауарлы қатынастардың жетілуімен шартталады. Азаматтық құқықтардың жүзеге асырылуы мен қорғалуын құқықтық реттеу олардың орындалуының кепілі болып табылады. Азаматтық заңнаманың мақсаты – бұл қатынастарды егжей-тегжейлі реттеу, олардың субъектілеріне өз құқықтары мен мүдделерін жүзеге асыруға мүмкіндік беру.
Бұнымен қатар мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтар мен міндеттерді реттейтін нормалардың жүйесі жетілдірілуін талап етеді. Бұл себептен азаматтық-құқықтық заңнаманы сауатты және мақсатқа сай қолдануға тәуелді жағдайлар пайда болып тұрады. Сондықтан, азаматтық-құқықтық заңнаманы білу тек маңызды ғана емес, сондай-ақ қажетті іс.