Ақтөбе қалалық мәслихатының заңдылық, құқықтық тәртіп, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін – өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясында Ақтөбе қаласының көшесіне атау беру бойынша
тұрғындардың пікірін тыңдау бойынша қоғамдық тыңдаудың
№4 ХАТТАМАСЫ
2015 жылғы 30 қыркүйек
Жергілікті уақытпен сағат 15.00.
Күн тәртібі:
«Заречный-3» тұрғын үй массивіндегі атаусыз көшеге Әбидулла Үмбетжанұлы Биекеновтің есімін беру туралы.
Төрағалық етуші:
Серік Амантайұлы Әліпов - Ақтөбе қалалық мәслихатының заңдылық, құқықтық тәртіп, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы.
Қатысушылар:
Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаттары, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары А.А.Арынғазиева, «Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ сектор меңгерушісі А.М.Құлбатыр, «Ақтөбе қаласының сәулет және қала құрылысы» ММ басшысының м.а. – Т.М.Мадияр, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы – М.С.Тәджібаева, прокуратура органының ардагері – О.С.Дәуленбаев, аумақтық округ өкілдері, қала тұрғындары.
Тыңдалды:
Д.Мамбеталин, Ақтөбе қалалық мәслихаты аппаратының басшысы:
Қазақстан Республикасы Премьер – Министрінің орынбасарының 2015 жылғы 16 сәуірдегі №20-56/И-204 тапсырмасына сәйкес, Ұлы Жеңістің 70 жылдығының аса маңыздылығын ескере отырып және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сәйкес көше атауын беру туралы Ақтөбе қалалық әкімдігінің ұсынысы бойынша Ақтөбе қалалық мәслихатының заңдылық, құқықтық тәртіп, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясымен қоғамдық тыңдау өткізілгелі отыр.
Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары А.Арынғазиева шақырылғандарды Ә.Ү.Биекеновтың өмірбаянымен таныстырып өтті:
Әбидулла Үмбетжанұлы Биекенов 1911 жылы Ақтөбе облысы, Шалқар қаласында дүниеге келген. ХХ ғасырдағы еліміздің сот саласына елеулі еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Жоғарғы Сотының төрағасы. Өмірде 35 жыл ғана өмір сүріп, кеңестік сот – құқық тарихына елеулі із қалдырған, өзінен кейінгі ұрпақтарға үлгі-өнеге бола білген тұлға. 1942 - 1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, екі мәрте «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» және басқа да медальдарымен марапатталған және І Беларусь майданында саяси жетекші қызметін атқарған. Нағыз қолбасшыларға тән көрсеткен қайсарлығына, тапсырманы шұғыл орындайтын әбжілдігіне риза болған Қорғаныс министрлігі әскери басшылықта қалуға ұсыныс жасайды. Мұндай білікті маманның өз елімізге де ауадай қажет екенін сезінген Қазақстан Орталық партия Комитеті Әбидулла Биекеновті 1946 жылы мамыр айында Қазақ КСР Жоғарғы Сотының төрағасы қызметіне тағайындап, ол сол жерде төрағалықты тамыз айына дейін атқарады. Қиындыққа мойымайтын, қайсар мінезді айтулы азамат республикалық сот саласын басқаруға тың күш, биік мақсатпен кіріскен нағыз беренді шағында өмірден өтеді.
Төрағалық етуші:
Құрметті депуттар және қоғамдық тыңдау қатысушылары, ұсыныстарыңыз, сұрақтарыңыз бар ма?
Сөз сөйлегендер:
О.Дәуленбаев, прокуратура органының ардагері:
- Әбидулла Үмбетжанұлы Биекенов - бүкіл өмірін елінің қалыптасуы мен дамуына арнаған халқының адал ұлы, Ұлы Отан соғысының ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері. Оның айбынды жауынгерлік ерлігі Кеңес Үкіметі және елімен лайықты бағаланып, екі мәрте «Қызыл Жұлдыз», «Ерлігі Үшін», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін» және басқа да медальдармен марапатталды. 2006 жылы Ақтөбе облыстық соттың алдындағы алаңға Әбидулла Үмбетжанұлы Биекеновтің есерткіш-бюсті қойылды. Ұлы Отан соғысының 70 – жылдығының аса маңыздылығын ескере отыра, қаламызда атаусыз көшеге Әбидулла Үмбетжанұлы Биекеновтің есімін беруді лайықты деп есептеймін.
М.Тәджібаева, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы:
- Қамшының сабындай қысқа ғұмырында Қазақстанның сот жүйесі мен саяси - қоғамдық өмірінде ұмытылмайтын із қалдырған қазақ елінің ардақты ұлы, біздің жерлесіміз Әбидулла Үмбетжанұлы Биекеновтің жарқын есімін ұмытпай, ерекше мақтаныш, құрметпен есімізде сақтауымыз қажет. Әбидулла Үмбетжанұлы Биекеновке көше атауын берсек, Қазақстанның біртуар ұлына деген құрмет болар еді.
М.Қазкеев, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты:
- Әбидулла Биекенов – ұлы тұлға, майдангер, сот жүйесінің дамуына зор үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, үлгі тұтуға лайық адам. Халқының есінде мәңгі сақтау мақсатында атаусыз көшеге Әбидулла Биекеновтің есімін беруді қолдаймыз.
Р.Дәрібаева, қала тұрғыны:
- Мен Заречный-3 тұрғын үй массивінің тұрғынымын. Енді, бұл кісінің өмірбаяны, еңбектері айтылып жатыр. Әбидулла Биекеновті Шалқар қаласында қызмет атқарған кезінен білемін. Еліміздің дамуына елеулі із қалдырған, өз мемлекетінің болашағы үшін бар білімі мен күш-қайратын жұмсаған, еліне сүйіспеншілігін таныта білген майдангер. Екіншіден, тұрғындардың атынан айтып өтерім: жаңа салынған аудан болғандықтан, көше атаусыз, тек ғана үйлердің нөмері көрсетілген. Бұл қала тұрғындарына қажетті үйді табуға қолайсыздық туғызады. Сондықтан, аталған ұсынысты қолдаймыз.
А.Есқалиев, №25 аумақтық округ комитеті төрағасының орынбасары:
- Бұл аудан жаңадан салынғандықтан көшелері атаусыз. Заречный-3 тұрғын үй массивінде 94 тұрғын үй орналасқан және 2 мектеп, 2 дүкен салу жоспарлануда. Сол себепті көше атауын беру қала тұрғындарына қолайлы деп есептеймін. Сондықтан, аталған ұсынысты қолдаймыз.
Н.Махамбетов, Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты:
- Өмірбаянында Ә.Биекенов 1942 жылдан бастап, Ұлы жеңіс күніне дейін кеңес әскерінде басқарушы саяи қызметтерін атқарып, сан мәрте жарақат алған, Польша, Германия аумағында әскери қимылдарға белсене қатысқан. Майдан жолдары Ә.Биекеновті әйгілі маршал Г.К.Жуковпен де табыстырған, ол біздің жерлесімізді соғыстан кейін Мәскеуге жұмысқа шақырады. Алайда, Ә.Биекенов мұны қаламай, елге оралып, сот жүйесіндегі қызметін жалғастырғанды жөн көргендігі баяндалған. Ұлы Жеңіс күнін маршал Г.К.Жуковпен Мәскеудегі қызыл алаңда қарсы алды, жерлесіміздің адами қасиеттеріне жоғары баға берген. Біз осындай еліміздің айтулы ұлдарымен мақтануымыз керек. Осыған орай, атаусыз көшеге Әбидулла Үмбетжанұлы Биекеновтің есімін беру ұсыныс қолдаймын.
Төрағалық етуші:
Құрметті депутаттар және қоғамдық тыңдауға қатысушылар, «Заречный-3» тұрғын үй массивіндегі атаусыз көшеге Әбидулла Үмбетжанұлы Биекеновтің есімін беру сұрағы бойынша пікірлерді санау үшін дауысқа қоямын.
«Кім жақтайды?» - 41.
«Қарсы?» - Жоқ.
«Қалыс қалған?» - Жоқ.
Қоғамдық тыңдауға қатысып отырған азаматтардың дауыс беру қорытындысы бойынша «Заречный-3» тұрғын үй массивіндегі атаусыз көшеге Әбидулла Үмбетжанұлы Биекеновтің есімін беру мақұлданды.
Ақтөбе қалалық мәслихатының заңдылық, құқықтық тәртіп, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақтөбе қаласының «Заречный-3» тұрғын үй массивіндегі атаусыз көшеге Әбидулла Үмбетжанұлы Биекеновтің есімін беру бойынша тиісті аумақ халқының пікірі ескерілсін.
Ақтөбе қаласының «Заречный-3» тұрғын үй массивіндегі атаусыз көшеге Әбидулла Үмбетжанұлы Биекеновтің есімін беру туралы қорытынды алу үшін Республикалық ономастика комиссиясына ұсынылсын.
Ақтөбе қалалық мәслихатының
заңдылық, құқықтық тәртіп,
жергілікті мемлекеттік басқару
және өзін-өзі басқару мәселелері
жөніндегі тұрақты
комиссиясының төрағасы С.Әліпов
Достарыңызбен бөлісу: |