Сирия әдебиетіндегі ғылыми фантастика
Аубкирова Қ.Қ.
Аңдатпа. Берілген мақалада Ертедегі араб мұраларындағы ғылыми-фантастиканың бастапқы элементтері туралы айтылады.
Үлкен дарынды, терең білімді, интеллектуалдық өрені қажет ететін ғылыми фантастиканың араб елдерінде дамуына сириялық жазушы-фантастардың қосқан үлесі ерекше. Сирияда араб елдеріндегі ғылыми фантастикаға байланысты ұйымдастырылған түрлі конференциялар орын алып, 2008 жылдың тамыз айынан бастап Сирия Араб Республикасының мәдениет министрлігінің қолдауымен «الخيال العلمي» атты журнал жарық көре бастады. Аталмыш журналдан ғылыми фантастикаға қатысты мақалаларды, араб фантастарының туындылары мен аудармаларын көруге болады. Журнал бетінде Ниһад Шариф, Талеб Омран, Салах Маата сынды атақты жазушы-фантастармен қатар жас жазушылардың ғылыми-фантастикалық шығармалары мен аудармалары жиі жарияланып тұрады.
Сириялық жазушы-фантаст Талеб Омранның қазіргі араб әдебиетіндегі ғылыми фантастика жанрының дамуына қосқан үлесін ерекше атап өту қажет. Ол алғашқылардың бірі болып осы жанрда көптеген әдеби, ғылыми және сыни еңбектер жазды. Жазушы көптеген жылдар бойы телеарналар мен радиода араб әдебиетінде енді ғана аяғына тұрып келе жатқан жаңа жанр - ғылыми фантастикаға арналған бірнеше бағдарламаларды жүргізіп келді. Араб елдерінде ғылыми фантастика деген терминнің пайда болуы да Талеб Омранның есімімен тікелей байланысты. Араб ғылыми фантастикасының пионері атанған Талеб Сирияның астанасы Дамаск қаласында 1948 жылы дүниеге келеді. Ол жастайынан ғылыми-фантастикалық шығармалар жаза бастайды. Талеб Омран - араб жазушылар одағының, журналистер одағының мүшесі. Оның еңбектерінің қатарына 45 роман мен қысқа әңгімелер жинағын жатқызуға болады. Омран астрономия ғылымының докторы және он төрт жыл бойы сириялық телеарнада ғылыми бағдарлама жүргізіп келген. Қазіргі таңда әл-Растан университетінің Математика-информатика факультетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет атқаруда. Оның шығармалары ғылыми заңдылықтар мен адамгершілік құндылықтарына, иман негіздеріне бағытталған. Жазушының кез келген шығармасын оқысаңыз да, одан автордың жарқын болашаққа деген сенімін, бүкіл адамзатқа деген махаббатын байқауға болады. Батыс жазушылары өз шығармаларында көбіне жатпланеталықтардың жер бетіне төндірген қауіп-қатері мен олардың арам пиғылдары, өзге өркениет өкілдернің жер бетін жаулап алуы, адам мен жатплантеталықтардың арасындағы дұшпандық пен соғыс туралы жазатын болса, араб жазушысы Талеб Омран өз әңгімелерінде адамзат пен басқа ғаламшар өкілдерінің арасындағы махаббатты суреттейді.
Жазушының «فضاء واسع كالحلم» атты шығармасы үлкен жетістікке жеткен соң, 1979 жылы "Күн артындағы транзитта", 1983 жылы «Айда кедейлер жоқ» және 1995 жылы «Қараңғылық көзі» атты романдары дүниеге келеді. 1985 жылы жарыққа шыққан «Даналық қаласының құпиясы» атты туындысы 1992 жылы ағылшын тіліне аударылады. Кейін жазушының романдары мен қысқа әңгімелер жинағы Дамаск қаласында «дар әл-Фикр» баспасында жарық көреді.
Автор «Айда кедейлер жоқ» атты шығармасында кедейлердің мұң-мұқтажын жоқтап, айға қону туралы түрлі жобалар жасайды [1]. Талеб Омранның шығармаларына көркемдік талдау жасасақ, автордың ғылыми-фантасткилық әңгімелер жазуда мол тәжірибесі бар екенін байқаймыз. «Ол өз шығармаларында ғылыми ойларды қарапайым тілде көркем түрде жеткізе біледі» деп көрсетеді Мұммед Изам араб ғылыми фантастикасының пионері туралы жазған өз мақаласында. Ғылыми тұжырымдар мен заңдылықтарды әдеби тұрғыда жеткізу кез келген жазушының қолынан келе бермейді. Бұл үлкен білім мен ұшқыр қиялды қажет етеді [2].
Талеб Омран көп жағдайда адамның ішкі дүниесі мен сезімдеріне көп көңіл бөлмейді. Шығармадағы оқиғалар күнделікті болып жатқан қылыпты жағдай сияқты өте қарапайым түрде баяндалады. Таңғажайып көріністер кей жағдайда адам мен жатпланеталықтардың арасындағы диалог арқылы беріледі. Жазушының «رواد الكوكب الأحمر» атты шығармасынан да осы ерекшеліктерді байқауға болады [3].
Жазушы ғылыми фантастика дегеніміз уақыт кеңістігінде саяхат жасап, әлемге басқа көз қараспен қарап, ғылым арқылы жаңа әлемге қадам басып, жазушының қиялы мен шеберлігі арқылы одан әрі дами түсетін дүние деген болатын. Қиял мен ғылым бір-бірімен тығыз байланысты. Егер кімде кім осы жанрда жазатын болса, онда ол өзінің әңгімелері мен шығармаларында ғылым мен білімнің жетістігін шебер қолдануы тиіс болады. Жазушы фантаст Талеб Омран ғылыми фантасиканы адамзат болашағы туралы әдебиет деп көрсетеді. Шынында, ғылыми фантастика адамзат болашағының стартегиялық жоспарын жасап, әлемдік саясатты анықтауға қатысады. Ғылыми-фантастикалық шығармаларды жазумен айналысатын жазушылар ғалымдардың зерттеу жұмыстарын, ғылым мен техниканың жетістіктеріне сүйене білуі керек. Сондықтан, ғылыми-фантастикалық шығармалар бос араман мен құрғақ қиялдан ғана емес, ақылға қонымды ғылыми тұжырымдардан да тұрады. Ақылға қонымды қисынды қиял жас ғалымдарды үлкен жетістіктер мен жаңалықтарға итермелейтіні де сөзсіз. Жас ғалымдар ғылыми-фантастикалық шығрамаларды оқу арқылы рухтанып, жан дүниесі нұрланып, ғылым-білімге деген құштардықтары арта түседі. Осы орайда ғалым Энштейннің «Ньютоннан гөрі орыс жазушысы Достоевскийден көп нәрсе үйрендім» деп жиі қайталайтынын айтып өту қажет. Осылайша, жазушы Талеб Омран: «Егер әдебиет адам баласын арман-мақсаттарға жетелесе, ғылым түрлі құрал-жабдықтар мен техникаларды дүниеге әкеліп, аурудың емін табады, бұл екеунісіз өмір сүру мүмкін емес деп, ғылыми фантастиканың маңыздылыңын көрсетеді [4].
Омран ешқандай ғылыми негізсіз, белгілі бір жүйесіз жазылған фантастиканы қатты сынға алды. Ол жас жазушылардың ақылға қонымсыз оқиғаларын, мысалы «Араб ғарыш кемесінің Юпитер немесе Сатурнға келіп қонуын, көпіршіктегі баланың аспанға ұшып кетуін «Мың бір түн» ертегілеріне тән қасиет деп сынға алды. Дегенмен, араб әлемінде ғылыми фантастика жанрында жазатын жазушылардың саны арта түсуде.
Сириялық жазушы Диаб Аид 1944 жылы дүниеге келген. Ол «سر الرمح المنقوش» (1984), «أسطورة راكبي الخيال» (1985), «حمدان العيار» (1987), «فارس من طوباس» (1987), «فارس من بابل» (1981), «قبائل البرق و الرعد» (1989) атты бірнеше ғылыми еңбектердің авторы. Оның «نداء الكوكب اللأخضر» атты шығармасы үлкен жетістікке жеткен. Жазушы осы кітаптың алғы сөзінде өзінің ғылыми фантастикаға деген махаббаты мен асқан қызығушылығы туралы сөз қозғайды. Аталмыш шығармада оқиға 2047 жылы орын алады. Жазушының аталмыш шығармасында Стифани планетасы Жер сияқты суреттеледі, олардың тұрғындары да адам баласына ұқсайды. Жазушы қазіргі кезде Жерде орын алған мәселерді Стифани планетасынан көреді. Романда фантастикалық жаңалықтар жоқтың қасы болса да, ондағы оқиға көркем тілмен өте шебер баяндалған. Жоғарыда айтылған ғылыми-фантасикалық шығарманың мазмұны көптеген араб фантастарының шығармаларына ұқсас.
Сириялық әдебиетші, дәрігер әрі өнертапқыш Мұхаммед әл-Хаж Салих Сирияның Тартус қаласында 1946 жылы дүниеге келген. Араб жазушылар одағының мүшесі Мұхаммед Дамаск университетінде медицина саласындағы докторлық атаққа ие болған. Ол - «هكذا كان اسمها» (1987), «يوم في حياة مجنون» (1990), «امرأة من صوان» (1996) атты бірнеше ғылыми еңбектердің авторы. Жазушының «الحب عام 2060» атты жинағына енген ғылыми-фантастикалық әңгімелердің барлығында да болашақ әлем туралы жазылған. Аталмыш жинақтағы «نهاية الكون المتأرجع» атты әңгімеде үлкен жарылыстан кейін 80 миллиард жыл өткеннен соң жер бетінде орын алатын үлкен апат туралы айтылған [5]. Қазіргі таңда мықты ғалымдардың өзі тек елу жылдан кейін орын алатын жағдайларды болжай алады. әл-Хаж Салихтың жоғарыда аталған жинағына енген әңгімелердің ішінде тек «نهاية الكون المتأرجع» атты әңгімеде нақты уақыт көрсетілген. Оның көптеген шығармаларында оқиға белгілі бір дәуірде емес, жақын не алыс болшақта орын алады. Жазушының «الحب عام 2060» атты тағы да бір әңгімесінде оқиға 2060 жылы орын алады. Жоғарыда атлаған әңгімемен салыстырғанда мұнда оқиға өте жақын арады болады. Сондықтан да «نهاية الكون المتأرجع» атты әңгімедегі оқиғаға қарағанда, бұл әңгіме ақылға қонымдырақ. Аталмыш әңгімеде оқиға ғалым Ғисанның атынан баяндалады. Ол жер бетінде жылдам тарап кеткен бедеулік дертіне қарсы жаңа вакцина ойлап табу үшін көп еңбек етеді. Бұл вирусты адам баласын жер бетінен жойып жіберу үшін жатпланеталықтар ойлап тапқан болатын. Аталмыш вирус тез арада бүкіл әлемге таралып кетеді. Ғалым Ғисан осы дерттің емін табу үшін табиғатқа зер салып, қоршаған ортаның әсемдігі мен әйел баласының сұлулығына тәнті болады. Осылайша әңгімеден тек фантастикалық элементтерді көріп қана қоймай, сонымен қатар түрлі сезімдерге де куә боламыз. Әңгіменің соңында ғалым қазаға ұшырағанымен, ол ойлап тапқан вакцина бүкіл адамзат баласын аман алып қалады. Жазушы Мұхаммед әл-Хаж Салих басқа да араб жазушы-фантастары секілді өзінің шығармаларында жатпланеталықтардың адам баласына төндіріп тұрған қауіп-қатерлері туралы жазады [6].
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. نظيمة أكراد. روايات الخبال العلمي في إحدى أهم نماذجها العربية \\الخيال العلمي. - العدد الرابع. - 2008. ص. 49- 40.
2. محمد عزام. خيال بلا حدود: طالب عمران رائد أدب الخيال العلمي. – دمشق: دار الفكر. - 2000. – ص. 17-42.
3. طالب عمران. رواد الكوكب الأحمر.- دمشق: دار الفكر، 1999. - ص. 39- 40.
4. عزيزة السبيني. سينما الخيال العلمي \\الخيال العلمي. - العدد الثاني. - 2008. - ص. 19- 10.
5. د.محمد الحاج صالح. الحب عام 2060. – طرطوس: مطبعة النورس. – 1996. - ص. 16-32.
6. د.محمد ياسين. أدب الخيال العلمي في مصر و سوريا: روائيون وروايات \\الخيال العلمي.- العددان العاشر و حادي عشر. – 2009. -
Достарыңызбен бөлісу: |