5 Дәріс.Жармалық дақылдар. Тары Халық шаруашылығындағы маңызы, таралуы, өнімі. Тары – өте ертеден өсіріліп келе жатқан дақылдардың бірі. Алғашқы қалыптасу орталығы мен шыққан тегі Шығыс Азияның таулы аудандары болып табылады.
Жер шарында жыл сайын тары 25,0 млн га жерге өсіріледі. Қазақстанда негізгі тары өсірілетін облыстарға Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан ж.б. жатады. Орта есеппен 10 жылда (1997-2006 ж.ж.) жыл сайын елімізде 98,6 мың га жерге тары өсірілді, оның 48,4 мың га Павлодар, 22,6 мың га Батыс Қазақстан, 12,5 мың га Актөбе облысында болды. Келешекте Республикамызда тары егістігінің аумағы өсуге тиіс, бұрындары оны 800 мың га дейін егістікте өсіргенбіз.
Тары - өте маңызды жармалық дақыл. Ақталған тары жақсы піскіштігімен және қоректілігімен сипатталады. Оның құрамында 12-13 % белок, 81 % крахмал, 3,5-4,0 % май ж.б. бар. Тарының белок кешенінде глиадин, глютенин, глобулин, альбуминдер басым болып келеді. Крахмал амилаза мен амилопектиннен құрылады. Айырбасқа жатпайтын амин қышқылдары – лизин, метионин, триптофан – айтарлықтай көп мөлшерде кездеседі. Оның құрамындағы ферменттердің (мальтоза, амилаза, липаза ж.б.) белсенділігі өте жоғары, күлінде К, Na, Mg, P мен бірге Cu, Б, J микроэлементтері де жеткілікті, жармасында тиамин дәрумені 1,8-1,9 мг бір грамм дәнге, онда В, В2 басқа астық дақылдарына қарағанда екі есе көп.
Тары астығынан, жармадан басқа, ұн дайындалады, оны таза күйінде және бидай, қара бидай ұндарымен араластырып тағамға пайдаланады.
Тарының мал азықтық құндылығы да жоғары. Тары астығы мен мекені де құстар үшін теңдесі жоқ азық. Олармен құстарды азықтандырғанда жұ-мыртқа өнімі мен оның қабығының беріктігі жақсарады. Астыққа өсіргенде тарының сабаны мен мекенінің өнімі астығынан 1,5-2,0 есе артық болады. 1 кг тары сабанында 0,41 кг а.ө. және 24 г протеин, басқаша айт-қанда аталған көрсет-кіштер, бидайға қара-ғанда екі есе, сұлы сабанына қарағанда 1/3 есе артық.
Тары тұқымының себу мөлшері аз болғандықтан оны кейде жасыл балауса мен пішен өсіруге пайдаланады, ол сапасы жағынан сұлы, шәй жүгері және итқонақ пішенінен асып түседі.
Тары жақсы сақтық дақылы болып табылады. Кешірек себіле-тіндіктен, құрғақшылыққа төзімділігінен және салыстырмалы қысқа вегетациялық кезеңі опат болған күздіктер мен жаздық дақылдардан кейін орналастырып жасыл балауса ғана емес, жекелеген жағдайларда астық өнімін жинауға да мүмкіндік береді.
Тары бірқатар дақылдарға жақсы алғы дақыл. Өзінің биологиялық мүмкіндіктеріне байланысты тары жоғары өнімді дақыл және дұрыс өсіру технологиясын қолданғанда өте жоғары өнім бере алады. Қостанай, Павлодар ж.б. облыстардың озат шаруашылықтары кезінде үлкен егістік алқаптардан қолайлы жылдары әр гектардан 17,1-22,5 ц және одан да жоғары астық өнімін жинаған. Қазақстан тары өнімі бойынша дүниежүзілік рекорд елі болып табылады. Ондай өнім ұлы Отан соғысы жылдары Социалистік Еңбек Ері Ш.Берсиевпен өсірілді. 1943 ж. Ақтөбе облысының Құрманов атындағы ұжымшарында суармалы жағдайда 4 га егістіктің әр гектарынан 201 ц тары астығы жиналды. Бұл дегеніңіз тары дақылының потенциалды мүмкіндігі зор екенін көрсетеді. Өкінішке орай соңғы жылдары елімізде тары өсірудің қыр-сырына аз мән берудің кесірінен астық өнімі төмен деңгейде – орта есеппен 4,0-6,5 ц/га шамасында ғана.
Ботаникалық сипаттамасы, биологиялық ерекшеліктері мен сорттары. Ботаникалық сипаттамасы. Тары 400 түрді біріктіретін Panicum туыстығына жатады. Барынша кең тараған түрі – кәдімгі тары (Panicum miliaceum). Сіпсебасының құрылысына байланысты бұл түр бес түр тармағына бөлінеді: қомақты, тармақты, қысылған (тығыз), сопақ, тұтас. Сіпсебасы қомақты тары әдетте ерте пісетін, топыраққа талғамы жоғары емес, ылғалға көбірек талап қояды және жеңіл шашылады. Сіпсебастары тығыз түр тармақтары оларға керісінше қасиеттерімен ерекшеленеді.
Қазақстанда өсірілетін тары сорттарының сіпсебастары (шашақтары) негізінен қысыңқы, кейде тармақты келеді және Flavum, Sanguineum, Coccineum түршелеріне жатады.
Қазақстанда өсіруге рұқсат етілген сорттар: