Өсіруге рұқсат етілген сорттары. Синельниковский 14, Бітік, Ертіс 15, Мирный, Скакун.
Астыққа өсіру технологиясы. Ауыспалы егістегі орны (алғы дақылдар). Тамыр жүйесінің дамуы және қоректік заттарды жақсы жұтуына (сіңіруіне) байланысты сұлы бидай мен арпаға қарағанда топырақ құнарлылығына аздау талап қоятын дақыл деп есептеледі. Алайда сұлының астық өнімі жақсы алғы дақылдардан кейін күрт артады, сондықтан оны отамалы және дәнді бұршақ дақылдарынан кейін орналастырған дұрыс. Ол көп мөлшерде азотты (N) қажетсінеді, осыған байланысты оны дәнді бұршақ дақылдары, әсіресе асбұршақ жақсы алғы дақыл болып табылады. Фитосанитарлық жағдайға байланысты сұлыны өзінен және арпадан кейін орналастырмаған жөн.
Топыраққа аз талғамы, алғашқы кезеңдегі шапшаң өсуі және жоғары жапырақтылығы ауыспалы егісте сұлыны соңғы дақыл ретінде орналастыруға мүмкіндік береді. Ауыспалы егісте оны соңғы дақыл етіп орналастырғанда басқа дақылдармен салыстырғанда астық өнімін шамалы ғана төмендетеді. Сонымен қатар жақсартылған агротехника шараларына оның қайтарымы мол.
Сұлыға цикадкамен жұқтырылатын вирустық ауру шашақтың бүрісуі (закукливание) – қауіпті болып табылады. Бұл ауруға, ол көктеу және түптену кезеңдерінде барынша бейім және сұлыға көп зиян шектіреді.
Тыңайтқыштар. Сұлы органикалық және минералды, әсіресе азотты тыңайтқыштарды жақсы қажетсінеді, сонымен қатар ол органикалық және минералдық тыңайтқыштардың соңғы әсерін жақсы пайдаланады. Алайда олар алғы дақылдарда жетімсіз болса, онда себумен бірге Р2О5 берген жөн (15-20 кг/га ә.е.з.мөлшерінде).
Тыңайтқыштардың жетімсіздігінен Солтүстік Қазақстан аймағында сұлы үшін тыңайтқыш енгізілмейді, ол әдетте сүрі танабына бидайға енгізілген тыңайтқыштардың соңғы әсерін пайдаланады.
Сұлы үшін топырақ өңдеудің негізгі мақсаты – оның өсуіне және дамуына қолайлы жағдайлар жасау, топырақта оңтайлы ауа – ылғал және қоректік заттар ережесін (режимін) қаматамасыз ету, жалпы алғанда сұлыға топырақ өңдеу жүйесі арпаға ұқсас.
Экологиялқ және экономикалық себептерге байланысты топырақ өңдеу мақсаттары мүмкіндігінше жұмыс операцияларының санын, өңдеу қарқындылығын азайтуды қарастырған дұрыс, басқаша айтқанда, минималды топырақ өңдеу жағдайына егістікті тікелей себу ойдағыдай жауап береді. Қыста қар тоқтату (СВУ – 2,6, СВШ – 7, СВШ – 10) ылғал қорын молықтыруға көп септігін тигізеді. Көктемгі ылғал жабу (БИГ – 3, жалпақ дискілі сыдыра жыртқыштар), себу алдындағы топырақ өңдеу (КПШ – 5, КПШ – 4, КТС – 8 , КТС – 10 – 2 ж.б.).
Тұқымды себуге дайындау. Тазалау, бірінші (негізгі) және екінші дәндерді бөлу, сұлы триерлерін пайдаланып ірі дәндерді сұрыптау, құрғақ ауада қыздыру және дәрілеу жұмыстарын қарастырады. Негізінен аталған агрошаралар бидайға ұқсас. Алайда тұқымды дәрілеуде кейбір ерекшеліктерді есте ұстаған жөн: қатты қаракүйеге қарсы Витавакс 200 ФФ, 34 % 2,5-3 кг/т), ал тозаңды қаракүйені 40 % формалиннің судағы ерітіндісін (1 : 80 қатынасындай) пайдаланып (0,38 л/т) тұншықтыру тәсілімен дәрілегенде өңделген тұқымды брезент жапқыштың астында 4 сағат ұстайды да, соңынан ауада кептіріледі.
Себу мерзімі - Қазақстанда сұлыны астыққа өсірудің маңызы агрошарасы. Биологиясына байланысты сұлы ерте мерзімде себілетін дақыл. Алайда Солтүстік Қазақстанда ерте себілген сұлы төмен астық өнімін береді, ең алдымен қыста болатын тоң қабатының баяу жібуінің әсерінен топырақтағы микробиологиялық үдерістің әлі әлсіз жүруінен сұлыға азот қоректік затының жетімсіздігімен түсіндіріледі. Аталған ерекшелік негізінен сұлы дақылына тән, өйткені ол өсіп-жетілуінің басында өте тез өседі, ал сұлыны әдетте азот қоректік затының қоры аз топырақтарға орналастырылады. Оның үстіне, ерте себілген егістіктер Қазақстанда әдетте байқалатын көктемгі және ерте жазғы құрғақшылыққа тап болады да сұлының «ширатылу» ауруына (закукливание) ұрынады, осының нәтижесінде өнім күрт төмендеп кетеді. Айтарлықтай ерте себілгенде сұлының толысу кезеңі де қолайсыз жағдайларда өтеді.
Жоғары температурада (кейде өте ыстықта) піскенде сұлы қабықтылығы жоғары және ұсақ дән қалыптастырады.
Солтүстік Қазақстанда сұлының оңтайлы себу мерзімі – 25 мамыр – 5 маусым аралығы. Өйткені аталған аймақтың далалы және ормандыдала аудандарында өте ерте себілген сұлы егістігі «ширатылудан» (вирустық ауру – закукливание) көп зардап шегеді. Ауруға ұрынған сұлы молынан түптенеді және мүлде шашақ түзбейді, әсіресе бұл ауру ылғалды жазда күштірек байқалады.
30 мамыр – 5 маусымда себілгенде сұлының ылғалмен салыстырғандағы қиын-қыстау кезеңі – түтікке шығу – шашақтану – аймақта жиі болатын жаздың екінші жартысындағы мол жауын-шашынға сәйкес келеді.
Себу мөлшері топырақ, климат жағдайларына қарай 2,5-4,5 млн/га өнгіш тұқым аралығында өзгереді: Қарағанды, Павлодар облыстарында 2,5-3,5; Ақмола, Қостанай – 3,5-4,0; Солтүстік Қазақстан облысында – 4,0-4,5 млн/га.
Солтүстік аудандардың ауыр топырақтарында тұқымның себу тереңдігі 4-5 см, механикалық құрамы жеңіл топырақтарда, кеш себілгенде және ылғал жетімсіз болғанда – 6-8 см.
Егістікті күтіп-баптау себуден кейінгі топырақты тығыздаудан басталады. Салқын және дымқыл көктемде арамшөптерге қарсы және топырақ қабыршығын құрту мақсатында тұқым өскіндері, дән ұзындығына тең кезеңде егістікке көлденең бағытта тісті тырмалармен тырмалау жүргізіледі.
Қосжапырақты арамшөптерді құрту үшін жаздық бидай егістігінде қолданылатын гербицидтердің бірімен сұлының түптену кезеңінде бүріккен дұрыс.
Егінді жинау. Сұлы біркелкі піспейді, әсіресе сабан өркен (подгон) көп болғанда. Пісу кезеңінде бір өсімдіктің әртүрлі шашақтарында, тіпті бір шашақтың өзінде дәндердің пісуінде алшақтық байқалады.
Сұлы дәніне пластикалық заттардың жинақталуы бидайға қарағанда ұзағырақ жүреді, сондықтан тым ерте жинағанда айтарлықтай бөлігі толысып үлгермейді.
Сұлы сабанының пісуі дәннің пісуінен өте кешігеді (дәннің жинау кезеңінде сабақтары әлі жасылдау және өте ылғалды күйде болады). Сондықтан сұлының ең оңтайлы жинау мерзімі – шашақтағы масақшалардың жоғарғы бөлігі толық пісіп, ал төменгі бөлігі балауызданып пісу кезеңіне жеткенде жинау барынша тиімді деп есептеледі.
Дестеде дегдіткенде немесе бастырғаннан кейін дән толық пісіп-жетіледі де себу сапа көрсеткіштері қалыпты жағдайда болады. Мұндай жинау тәсілінде сабанның мал азықтық құндылығы да жоғары.