Table of Contents
Table of Contents 2
Жазушы туралы 5
Кіріспе орнына 6
БІРІНШІ ТАРАУДА 8
Оқушы шығарманың бас кейіпкерімен, яғни менімен танысады 8
ЕКІНШІ ТАРАУДА 10
Қаратай жайында айтылады 10
ҮШІНШІ ТАРАУДА 12
Мен өз ойымнан хабар беремін және құмдағы із жайлы сөз болады 12
ТӨРТІНШІ ТАРАУДА 14
БЕСІНШІ ТАРАУДА 17
Менің Жанармен дойбы ойнауым және қиял құсының самғай ұшатын бір шағы айтылады 17
АЛТЫНШЫ ТАРАУДА 22
Әжем жөнінде бірер сөз, менің ат ұрлап мінбекші болған әрекетім және Сұлтанмен кездесуім айтылады 22
ЖЕТІНШІ ТАРАУДА 25
Сұлтан екеуіміздің бір атқа екі ер ерттеп мінуіміз, Сұлтанның мені шылым тартуға баулуы, оның аяғы немен тынғаны сөз болады 25
СЕГІЗІНШІ ТАРАУДА 27
Оқушы жаңа кейіпкер Дәулетпен танысады 27
ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУДА 31
Не жөнінде айтылатынын оқып шығып өздерің білесіңдер 31
ОНЫНШЫ ТАРАУДА 33
Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң қаларсың ұятқа 33
ОН БІРІНШІ ТАРАУДА 37
Менің ауылға қайтқан сапарым баяндалады 37
ОН ЕКІНШІ ТАРАУДА 40
«Жанар, сені сағындым» дейтін өлеңнің дүниеге келу тарихы айтылады 40
ОН ҮШІНШІ ТАРАУДА 42
«Қызыл бұзау» деп атаса да болар еді 42
ОН ТӨРТІНШІ ТАРАУДА 44
Менің республика жұртшылығына қалай танылғаным жайлы айтылады 44
ОН БЕСІНШІ ТАРАУДА 46
Менің Жантасты құйрыққа бір тебуімнің жай-жапсары айтылады 46
ОН АЛТЫНШЫ ТАРАУДА 48
Сұлтан екеуміздің қайта табысып, татуласуымыз, Қарасудан балық аулауымыз сөз болады.Тараудың аяғы серттесумен тынады 48
ОН ЖЕТІНШІ ТАРАУДА 51
Жан сезім құбылысының әр оқушының басында кездесуі ықтимал бір сәтті кезі сипатталады 51
ОН СЕГІЗІНШІ ТАРАУДА 54
Повестегі ең кішкентай тарау 54
ОН ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУДА 56
Бір сөзбен «қызғаныш» деп атаса да болар еді 56
ЖИЫРМАСЫНШЫ ТАРАУДА 58
Екі нәрсені жазудың қиындығы айтылады 58
ЖИЫРМА БІРІНШІ ТАРАУДА 60
Біздің қарақшылық өміріміздің бірінші және ең соңғы күні сипатталады 60
ЖИЫРМА ЕКІНШІ ТАРАУДА 62
Бақа мен қаздың шуы, жайлаудан мамамның келуі, әжемнің мені қорғауы сөз болады 62
ЖИЫРМА ҮШІНШІ ТАРАУДА 64
Кітаптағы ең бір қайғылы тарау болар деймін 64
ЖИЫРМА ТӨРТІНШІ ТАРАУДА 66
Педсовет жайлы сөз болады 66
ЖИЫРМА БЕСІНШІ ТАРАУДА 70
Класс жиылысы сөз болады 70
ЖИЫРМА АЛТЫНШЫ ТАРАУДА 72
Жиырма жетінші тарауға бастап апарады 72
ЖИЫРМА ЖЕТІНШІ ТАРАУ 74
Құпия кеңес жайы сөз болады, повесть осымен аяқталады 74
БЕРДІБЕК СОҚПАҚБАЕВ
"МЕНІҢ АТЫМ ҚОЖА"
EPUB форматын жасаған Тимур Бектұр
Жазушы туралы
СОҚПАҚБАЕВ БЕРДІБЕК
(1924–1991)
15 қазанда Алматы облысының Нарынқол ауылында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын, кейіннен Мәскеуде Жоғары әдеби курсты бітірген. Біраз жыл ауыл мектебінде бала оқытқан. «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Балдырған» журналында, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында істеген. Қазақстан Жазушылар одағында балалар әдебиеті жөніндегі әдеби кеңесші болған.
Шығармашылық жолын өлеңмен бастап, 1950 жылы «Бұлақ» атты жыр жинағын шығарған. Кейін балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әңгіме, повесть, роман кітаптарын ұсынды. «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Бозтөбеде бір қыз бар», «Өлгендер қайтып келмейді» және «Қайдасың, Гауһар» секілді туындылары КСРО халықтарының және шетелдердің көптеген тілдеріне аударылып, сахналық, экрандық нұсқаға айналған. 1967 жылы Балалар мен жасөспірімдерге арналған фильмдердің Канн қаласында (Франция) өткен халықаралық фестивалінде «Менің атым Қожа» фильмі (Б.Соқпақбаевтың сценарийі) арнаулы жүлдеге ие болды.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.
Дерек көзі: http://writers.kz
Кіріспе орнына
Оллаһи, мақтанғаным емес, достарым, шындықты айтып отырмын – әттең жазушы болсам деген арман менің көкейіме ерте ұялады. Үшінші, төртінші кластарда оқып жүргеннің өзінде-ақ ақындық даңқым мектептен асып, бүкіл ауылға жайылды, «ақын бала» атана бастадым.
Бұл сөз бастапқы кезде менің жаныма тікендей қадалушы еді. Сосын мен мынандай ойға келдім. Талант деген адамға туа бітетін нәрсе. Мен оны ешкімнен сұрап немесе ұрлап алған жоқпын ғой. Олай болса, тағдыр басқа салған соң көнбеске амалым қанша.
Жалпы, үлкен ақындар өлеңді тек шабыты келгенде ғана жазатын көрінеді ғой. Ал менің шабытым қашанда қаламымның ұшында жүретін секілді. Тек уақыт тауып отырсам болды, көсілтіп жазып тастаймын. Ол ол ма, кейде тіпті жаңа бастаған дәптерді тез толтыруға асық болып, бүгін пәлен шумақ өлең жазамын деп, жоспарлап алып та жазамын.
Адам деген өседі ғой. Мен көпе-көрнеу шарықтап өсе бастадым. Өлеңдерім класс, мектеп қабырға газеттерінде тоқтаусыз жарияланатын болып алды. Тіпті мен өзім ұсынғанды қойып, олар өздері жалынып сұрайтын дәрежеге жеттім. «Май туралы бір өлең жазып бере қойшы», – дейді. «Неше шумақ болсын?» «Төрт шумақ», «Жарайды». Сабақ үстінде отырып-ақ жазып тастаймын. «Тәртіп жөнінде бір өлең жазып бере қойшы». «Класта қалғып отыратындар жөнінде бір сықақ өлең сүйкеп жібермес пе екенсің? Бірақ бастан-аяқ жағымсыз болып жүрмесін. Әуелі қалғымай сергек отыратын бір баланы сыпаттап ал. Мінеки, осы секілді заказдар отряд, класс қабырға газеттерінен қарша борап түсетін болды.
Бұның бәрі бір кезде мен үшін зор қуаныш, дәреже еді. Бірақ бертін келе үйреншікті нәрсеге айналды да, қанағат болудан қалды. Өлеңдерім неғұрлым көп жарияланған сайын соғұрлым назар аудармайтын, селт етпейтін болып алдым.
Адамды, меніңше, арман жетелейді алға қарай. Мен енді өлеңдерімнің типография әрпімен теріліп, жұрт ақша төлеп, сатып алып оқитын нағыз шын баспасөзде жариялануын аңсай бастадым. Шіркін, қандай тамаша болар еді. Айталық, мектепке «Пионер» журналының жаңа номері келе қалды. Балаларға жаратып беріп жатыр. Сол кезде журнал бетін бұрынырақ, ашқан біреу: «Ау, мынаны қараңдар. Қожаның өлеңі басылыпты!» – деп айғайлап жіберді... Иә, менің өлеңім. «Қожа Қадыров» деп, тайға таңба басқандай айқын жазылған.
Шіркін-ай, дәл осындай жағдай бола қалса, Жанар қайтер еді? Менің талантыма, өскенде әйгілі ақын-жазушының бірі болатындығыма оның көзі жетер еді-ау. Сосын ол маған, мүмкін, басқаша қарар еді.
Жантас оңбаған қайтер еді? Көре алмай жарылып кетер ме еді? Ол пәле қарап қалар деймісің, «бұл мен білсем, басқа Қожа Қадыров шығар» деуден де тайынбас.
Күндердің бір күнінде тәуір деген бір топ өлеңімді жотадан басып жүріп, таңдап алдым да, тәуекел деп, Алматыға, «Пионер» журналына айдадым. Менің астананы өлеңмен бомбалауым осылай басталды.
Бірақ, неге екенін білмеймін, сол өлеңдерімнің бірде-бірі жарияланбады.
– Енді мен тағы бір қулыққа бастым. Әлгі «Пионерге» жіберген өлеңдерімді қайта көшірдім де, «Қазақстан пионері» газетіне айдадым. Мүмкін соларға ұнап қалар. Жоқ, бұл әдісімнен де түк шықпады. Жіберген өлеңдерімді олар да жаратпады.
Бұған жасыған мен жоқпын, қайта ширыға түстім. Бір-екеуіне ғана жіберіп, өзгелерін құр тастасам, өкпелейтіндей-ақ, енді өлеңдерімді көп дана етіп көшіріп, өзіме аты мәлім газет-журналдарға түгел жібере бастадым (Сондағы қарау ойым: бірі баспаса, бірі басар). Әлгідей етқызу үстінде бір топ өлеңім «Үгітші блокнотына» кетіп қалған екен, соңынан редакция өлеңді қайда ұсынуды білмейтін адамнан қандай ақындық шықпақшы деп, өзімді бәлем, келемеждеп жауап жазғанда, ұялғаннан жерге кіріп кете жаздадым.
Менің бір риза болатыным – өлең жіберген жердің қай-қайсысынан да жауап келеді. «Жалпы алғанда, ақындық қабілетің бар көрінеді. Бірақ әлі де болса көп ізденіп, көп оқып, үйренуің керек»... деген тәрізді үміт ұшқынын тастай жазған жылы жауап алсам, төбем көкке екі елі жетпей қалады. Шекесіне редакция маркасы қондырылған мұндай хаттарды балалардың бәріне мақтанып көрсетем. Білсін менің кімдермен байланысым бар екенін.
Ал кей хаттардың сөзі қаталдау да, аяусыз боп келеді. Аты мәлім ақынның бірі өткен күзде «Саған өлеңмен бас қатыруға әлі ерте сияқты. Өлеңдеріңнен өзіндік ештеңе таба алмадым», – деп жазыпты. Бұл мен үшін төбемнен тас құлағанмен тең болды. Осы секілді ұнамсыз жауап алсам, оны өзгелерге көрсетпек түгіл, мектептегі ақындық даңқыма нұқсан келтірер деп, табанда жоямын.
Ақыры редакциялардың қай-қайсынан да көңілім қалып болды. Соларға өлең жіберем деп, конверт, марка сатып алып, қанша ақшам қарап болды десеңші. Одан да соның бәрін жиып, конфет алып жесем ғой, мықтап бір жырғамас па едім.
Мейлі, баспаса баспай-ақ қойсын. Оған бола мен арман еткен нысанамнан, сірә да, жалтармаспын. Солардың ызасынан енді міне өлеңді қойып, соқталдай повесть жазғалы отырмын. Бәрі кітаптағыдай болу үшін оқиғаларды тарау-тарауға бөлемін де, әр тарауға ат қоямын. Өтірік ештеңе қоспаймын.
БІРІНШІ ТАРАУДА Оқушы шығарманың бас кейіпкерімен, яғни менімен танысады
Менің атым...
Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін. Мәселен, Мұрат, Болат, Ербол, Бақыт деген аттарды алып қараңдаршы. Айтуға да ықшам, естір құлаққа да жағымды. Әрі мағына жағынан да, қазақ тілінен сабақ беретін Майқанова тәтейше айтқанда, бұлар жоғары идеялы есімдер. Мұндайлар өз атын кәдімгідей мақтаныш көріп, біреумен таныса қалса, мәнерлеп, көтеріңкі дауыспен айтады. Ал енді айтуға да, естуге де қолайсыз есімдер бар. Өзге түгіл өзіңе де ұнамайды-ақ. Әттең қолдан келсе, табанда өзгертіп, әдемі аттардың бірін иемденіп алар едің. Бірақ амалың нешік, сен қызылшақа болып, жөргекте жатқанда, сондағы ақымақтығымды пайдаланып, әке-шешең немесе шілдеханаға келіп, дуылдап отырған басқа біреу солай атап жіберген. Өкембайдың баласына Тыңжыртар деп ат қойған секілді өзге қызу жұрт сол арада ду қостап, осы болсын баланың аты, осы болсын. Мұнан жақсы атты дүниені шырқ айналсақ та таппаймыз дескен. Міне сол күннен, сол мезеттен бастап, әлгі ат сенімен бірге туғандай маңдайыңа шапталған да қалған. Енді одан көзің тіріде қашып құтыла алмайсың. Ұнатпасаң да, мойныңа іліп жүре бересің.
Өмірде осы тәрізді әділетсіздіктер толып жатыр. Жуырда мен газеттен оқыдым: қытайлардың ат қоюы қызық болады екен. Бала бес-алты жасқа толғанша, оның тәуелді аты болмайды. «Ортаншым», «кенжем», «сүйіктім», «жұпарым» деген секілді шартты атаумен атап жүреді. Ал есі кіріп, бес-алты жасқа толғаннан кейін, бала өзіне қандай есім ұнаса, соны таңдап алады. Міне, әділдік деген. Осы дұрыс емес пе?
Жарайды, өткенге өкініш жоқ дегендей, істің турасына келелік. Менің атым Қожа. Көріп отырсыңдар, пәлендей әйдік ат емес.
Шынын айтсам, бұл о баста Қожа емес, Қожаберген екен. Туу куәлігінің өзінде солай деп жазылған. Бірақ дүниеде не қилы ғажайып құбылыстар бола беретіні тәрізді, бертін келе «Қожабергеннің» құйрығы үзіліп түсіп қалыпты. Бұл құбылыстың дәл қай жылы, қай айда, қай күні болғанын тап басып ешкім де айтып бере алмайды.
Сонымен мен өзім ес білгелі Қожамын. Ауыл-аймақтың бәрі солай атайды.
Біз бір класта екі Қожа бармыз. Сүттібайдың үлкен баласының аты да Қожа. Оқушылар екеумізді шатастырып алмас үшін өңімізге қарап, мені Қара Қожа, оны Сары Қожа деп атайды.
Әуел баста мен бұған да шамданып қалатын едім. Бірақ жүре-бара құлағым үйреніп, дағдыланып кеттім. «Қара Қожа» дегендерге «әу» деп, жалт қарайтын болдым.
Жантас тәрізді қужақтар осының өзін де дұрыс айтпайды, әдейі бұзып, келемеждеп, «Қара Қожа» деудің орнына «Қара Көже» дейді. Мен байқамай қалып «әу!» деймін. Бірақ бұл қылығы үшін, бейшараның обалы нешік, тиісті сыбағасын менен талай рет алды...
Фамилиям Қадыров. Бір кезде «Қадырұлы» деп те жазып жүрдім. Бірақ жұрттың бәрі «ов» болып жатқанда менің олардан ала-бөтен жырылып шыққаным жарамас дедім де, «Қадыровқа» қайтып келдім.
Қадыр – менің әкем. Ех, шіркін дүние-ай, десейші! «Әке» деген сөзді айтқанда, жүрегім қарс айрыла жаздайды-ау. Қандай жақын, қандай ыстық. Балалар менің әкем өйтті, менің әкем бүйтті. Менің әкем ананы сатып әперетін болды деп, менің әкем мынаны сатып әперетін болды деп, мақтаныш етіп жатады. Ал мен болсам, әкемнің қандай адам екенін де білмеймін. Өйткені ол майданға аттанғанда мен екі жастамын. Екі жасар ақымақ не біледі, не түсінеді? Сол кеткеннен абзал әкем мол кетті, оралмады...
Ех, қайран әкем. Егер сен тірі болсаң, мүмкін мен бұдан гөрі басқадай болар ма едім. Кім біледі, жер әлемді тулатып, сотқар Қожа атанып жүргенім әкесіз жетім өскендігімнен де шығар.
Кімге де болса бір әке әбден керек. Тіпті селкілдеген шалдардың өздері кейде «жарықтық, әкем анандай еді, әкем мынандай еді» деп, еске алып, армандап отырмай ма?
Ал, күйеу керек пе әйелге? Меніңше, әбден керек. Кейде Миллат мамам әкемнің суреттерін ақтарып қарап отырады да, мұңға батып, бір түрлі егіліп кеткендей болады. Кірпігі жасқа шыланады... Мен сол кезде маматайымды керемет аяп кетем. Бірақ аяғанмен не пайда, білем, сезем неге күйзелетінін.
Егер оның күйеуі, яғни менің әкем тірі болса, Қаратай ұятсыз мамама өзеуреп сөз айтпақ түгіл, оның маңынан жүре алар ма еді.
Сөйтіп, мен сендерге өзімнің аты-жөнімді айттым. Ал көркем шығармада кейіпкердің кім екені аталып қана қоймай, сырт бейнесі қоса сипатталатын дәстүр бар ғой. Енді соған көшейін. Тоқтаңыз, бұл үшін әуелі өзімді-өзім айнадан байыптап қарап алайын... Мынау, міне, мұрным. Әжем кейде менің атымды атамай «тәмпіш неме» дейді. Оның айтқаны ып-рас екен ғой. Екі танауыма екі саусағым еркін сыйып кетерлік, қосауыз мылтықтың аузындай үңірейіп тұр. Екі шекемнің шығыңқылығы болмаса, басым қарбыз тәрізді доп-домалақ, тап-тақыр. Шашымды Әубәкір шал кеше ғана ұстарамен сыпырып алып тастаған.
Ох, менің шашым! Қаттылығы, қайраттылығы шошқаның қылшығынан бір кем емес. Осы ауылда оны алуға жарайтын бір ғана ұстара бар – ол Әубәкірдікі. Оның өзі де алғаш салған бетте тұтқырланып, жүрмей қалады. Шашымды әр алған сайын Әубәкір мені бірінші рет кездестірген адамдай таң қалып бітеді.
– Япыр-ай, мұндай да шаш біте береді екен-ау! Мынау шаш емес, тікенек қой. Тікенек. Мінезіңнің шатақтығы осыдан-ақ көрініп тұр.
Сыпатталмаған енді нем қалды? Қаралығымды әуел баста-ақ айтқанмын. Сол жақ құлағымның астына таман бір түйір қалым бар. Бәтшағардың бітпейтін жерге бітуін қарашы. Одан да бетімнің ұшына таман болсашы. Сонда әдемірек көрінер ме едім. Бір азуымды былтыр... жә, оны айтудың қажеті де болмас. Кімнің тісін құрт жемейді дейсің және ол былай қарағанда көрінбейді де.
Ал бойымды біреулер орта бойлы дейді. Әжем болса, әкең тәрізді сұңғақ боласың дейді. Кімдікі рас екенін құдайым білсін. Өткен күзде мектепте дәрігер қарап өлшегенде, бір жүз отыз тоғыз сантиметр шыққан едім. Егер шашым болса, жүз қырық шығуы сөзсіз еді. Тақыр бас жүргеннің осындай залалы да бар. Жасым он екіде. Бесінші класты бітіріп отырмын.
Повестің бірінші тарауын осымен доғарамын да, келесі тарауға көшемін.
ЕКІНШІ ТАРАУДА Қаратай жайында айтылады
Күні бойы футбол ойнап, әбден қалжырадым. Ойын үстінде шаршағаның онша аңғарылмайды. Енді міне дел-сал болып, өзімді өзім әрең сүйреп келе жатырмын. Аяққа қонған шаңды қарашы, бір елі. Шіркін-ай, осы бойда барып, күмп етіп, өзенге қойып кетер ме еді.
Өзен бойына көз тіксем, қыздар шомылып жүр екен. Мейлі, шомыла берсін, оларға да салқындау керек қой. Ал мен әуелі тамақтанып алайын, ішім итше қыңсылап, түйені түгімен, нарды жүгімен жұтып жібере жаздап келе жатқам жоқ па.
Қораның бұрышын айнала бергенім сол еді – көзім есік алдындағы тажалға түсті. Жүрегім дір етіп, бойымды дереу жиып алғандай болдым. Тажал тапжылар емес. Ежелгі дағдысы бойынша біздің босағаны иіскеп, мелшиіпті де қалыпты.
Тажал деп отырғаным сыры көше бастаған, жағал-жағал үш дөңгелекті, көкшіл көне мотоцикл. Әр жексенбі сайын оның көрген күні осы, біздің қорадан шықпайды.
Мотоциклдің иесі – көрші колхоздағы комбайншы жігіт Қаратай. Жігіт деймін-ау, қайдағы жігіт. Беті әжім-әжім, сақалы тікенектей кәрі біреу.
Қаратайды мен қандай жексұрын көрсем, жағал мотоциклді сондай жексұрын көрем. Өйткені оны құстай ұшырып, зырылдатып, лезде алып келетін осы антұрған емес пе.
Бұдан бір жыл бұрын Қаратайдың әйелі дүние салған екен. Әйелі дүние салды деген сөз, өзі бойдақ қалды деген сөз. Ал өзі бойдақ қалғаннан кейін тағы да үйленбекші. Осы арада кімге деген сұрақ туады. Дүниеде өзге әйел құрып қалғандай Қарайтайдың есек дәме көңілі менің Миллат мамама ауатын тәрізді. Жағал мотоциклдің әр жексенбі сайын біздің босағаны иіскеп, қаңтарылып тұруындағы гәп міне, осы.
Әрине, бұл мәселе жөнінде менен ақыл-кеңес сұрап жатқан ешкім жоқ. Бірақ мен Қаратайға іштей кіжінемін де, атаңның басы менің мамам тиер саған, деген сөзді айтамын.
Үйге кіре беріп, мен мотоцикл дөңгелегін теуіп жібердім. Кім иемденсе, соған құлшылық ететін меңіреу техника бұған не жауап қатсын. Зырқ етіп, бір тербелді де, үнсіз қала берді.
Ауыз үйде әжем күбі пісіп тұр екен. Ертеден қара кешке бір тыным алмайтын бейнетқор әжем-ай. Күмпілдетіп піскенде, қарашы, күбінің түбін түсіре жаздайды. Орамалы сырғып, желкесіне түсіп кеткен. Көпті көрген бурыл басы бусанып, тер иісі келеді. Қолымдағы допты тарс еткізіп, босағаға тастай бердім де, мен сол екпініммен төр үйге қарай беттедім.
Жұмысын дереу доғарды да:
– Әй, мына түріңмен қайда барасың? Онда кісі отыр, – деді әжем.
Өзі қызық кісі, кім отырғанын мен білмейді деп ойлай ма екен.
– Кісі болса қайтушы едім!
Даусым қатты шығып кетті. Мейлі, естісе, ести берсін. Есікті жұлқып ашып, кіріп келдім. Қаратай мен мамам терезе алдындағы столда, әдеттегіше, бетпе-бет әңгімелесіп отыр. Екеуі бірдей маған қарады. Қаратайдың жүзінде менің келуімді жаратпаған абыржу бар. Ал мамамның тіксініп шытына қараған қабағынан мына тасыр жүрісімнің оған да ұнамағанын бірден аңғардым.
Осы бойда бұрыштағы шкафыма қарай өтіп бара жатыр едім, Қаратай күлімсіреген дауыспен:
– Әй, Қожатай, сәлем қайда? – деді.
Жасы үлкен таныс адамға сәлем бермеу – көргенсіздіктің белгісі деп, мамам мені талай баулыған. Сол парызымды амалсыз өтеп:
– Саламатсыз ба, – дей салдым.
Үлкендердің үстіне бұйымтайсыз, етқызулықпен кіріп келгендіктен, енді амалсыздан бірдеңе істеуім керек болды. Ту сыртымды мамам мен Қаратайға беріп, шкафтың ең төменгі сөресіндегі газет-журналдарды мақсатсыз ақтарып, күйбеңдеп жатырмын. Нені іздеп, нені таба алмай жатқанымды бір құдай өзі біледі. Ал екі құлағым мамам мен Қаратайда.
– Иә, биылғы көктем жауынды болды, – деп бастады Қаратай ендігі әңгімесін. – Біздің «Коминтерннің» астығы да белуардан келіп, жайқалып тұр. Енді күзгі бұршақ-нөсерден аман болса, жұрт рызығы жаман бола қоймас.
Әңгіме желісінен жалт беріп, Қаратайдың не болса соны айтып кеткенін мен бірден түсіндім де, тағы не дер екен деп, еңсемді көтерместен, өзіммен өзім болғансып, күйбеңдей бердім.
– Жаман бола қоймас, – деп қоштады мамам Қаратайды бейқам үнмен. Оның даусынан: «Ех, Қаратай, менің баламды өйтіп алдарқата алмайсың. Ол бәрін де сезеді, бәрін де түсінеді» деген мағына аңғарылатын еді.
Арада бірнеше минут үнсіз өтті. Кенет мамамның:
– Балам, – деген қатқыл үні естілді, – сенің сонша күйбеңдеп, таба алмай жатқанын, не зат?
Бұл сөз маған алты өрме қамшымен жоталата тартып жібергендей әсер етті. Әсіресе, «балам» деген сөздің зәрі күшті-ақ еді. Өйткені жайшылықта мамам менің атымды атайтын. «Балам» деген мынау ресми үні «үлкендердің сөзіне тыңшылық істемек болған бұл сасық қулығыңды таста» деп, жекіргенмен бірдей еді. Соны тез ұқтым да, қолыма тиген бір журналды ұстап, тайып отырдым.
Қаратай бұл күні біздікіне кей-кейдегідей ұзақ отырып алған жоқ. Менің соңымнан кешікпей ол да шықты. Басқа уақытта, кетерінде, әжеммен көңілді қоштасып, маған да бірнеше жылы қалжың, ойын сөздер айтып, жаратпағаныма қарамастан арқа-басымнан қағып аттанатын. Кейде: кел, отыр, ауылды бір айналдырып, серуендетіп әкелейін, деп, жалбақтап, көңілімді тапқысы келетін. Бұл жолы олай емес, қара сұр жүзі онан әрмен күреңітіп, еңсесі түсіп шықты. Ауыз үйдің төрінде тамақ ішіп отырған мені қою қасты салбыраған ауыр қабағының астынан солғын ғана бір шолды да, үндемеді. «Бәйбіше, хош болыңыз», – деп, әжеме арнаған сөзін де әйтеуір міндет санап, иегінен оздырмай, жүрдім-бардым айтып, бөгелместен шығып кетті. Енді бір сәтте мотоциклдің пырс-пырс етіп, шашала оталған үні, оның соңынан мылтық атылғандай патырлап, құлақ тесерлік жайсыз бір іртік дауыстар естілді. Біздің қорадан суырыла шыққан осы үн үсті-үстіне жиілеп, көшенің басына қарай алыстап бара жатты.
ҮШІНШІ ТАРАУДА Мен өз ойымнан хабар беремін және құмдағы із жайлы сөз болады
Қаратайдың тез жөнелгеніне, жабырқап жөнелгеніне мен қуанышты едім. Осы кеткеннен қарасы біржолата өшсе.
Мамамның Қаратайға шынымен күйеуге шыққысы келе ме? Мүмкін емес. Бөтен біреуге... тікенек сақал кәп-кәрі Қаратайға... жо, жо, ол оған шықпайды күйеуге. Тіпті жас болсын, қандай болса, сондай болсын, мамама керегі не бөтен күйеудің? Біз, әжем үшеуіміз, құдайға тәуба, онсыз да жаман тұрмаймыз ғой. Қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк. Мен әлі оқу бітіріп, ер жетемін, университетке түсем. Жазушы болам. Міне, сол кезде мен мамама, егер ажалы жетіп, өліп қалмаса әжеме де, өмірдің нағыз бақытын көрсетемін.
Осы ойымды түп-түгел ақтарып, мамама айтқым келеді. Бірақ қалай айтарсың, ұят бір түрлі. Жоқ, мамамнан ондай қылық шығуы мүмкін емес. Қаратайды ол жай сыйлайтын шығар. Менің ержетіп қалған балам бар, мен күйеуге тимеймін деп, басалқы айтып, түсіндіретін болар. Бірақ Қаратайдың оны түсінгісі, ұққысы келмейді. Көлеңкедей еріп, мамамның соңынан екі елі қалмайды. Ух, осы бір сұғанақ, тәртіпсіз еркектерді ме...
Жоқ, менің мамам күйеуге шығуы мүмкін емес. Ол бізді ешуақытта да тастамайды. Ол ақылды, тәрбиелі адам. Ауылдың үлкен-кішісінің бәрі бірдей алдынан қия басып өтпей, хан көтеріп, құрметтеп тұратыны да сол мінезінен емес пе. Онсыз мамамды екі бірдей сайлауда қатарынан аудандық советке депутат етіп сайлар ма еді.
Бұның бәрі менің басыма тыңқиып тойып алғаннан кейін келген ойлар. Аш қарынға данышпан болып жетістірмейсің.
Шомылайын деп, өзенге келе жатырмын. Күн көкжиекке төніп барып қалса да, ыстық әлі қайтпаған, иығым мен шекемнің бір жағын қарып, күйдіріп барады. Төменгі егінжай жаққа көз жіберсем, темір пештің жалынындай лапылдап, дарияша жөңкілген ұшы-қиырсыз сағым толқыны. Егіннің арасындағы қара жолмен шаңды аспанға бұрқыратып зырлап кетіп бара жатқан, дәу де болса, әлгіндегі Қаратайдың тап өзі. Бар сол тойғаныңмен. Ех, шіркін, егер мамамның орнында мен болсам, оған не айтуды білер едім. Сосын Қаратай маңыма жоламақ түгіл, қарамды да көрмес еді.
Күн ыстықта су да тартылып, азайып қалады. Әншейінде көгілдірленіп, аспан түстес болып жататын. Айтпақшы, әлгінде осы арада қыздар шомылып жүр еді ғой. Іштерінде Жанар да болған шығар. Жанар атың қандай әдемі. Сендердің бұл қызбен танысып қоюларың керек. Осы повестің бас кейіпкерінің бірі болуға Жанар, біріншіден... кластағы ең бір ақылды қыз. Екіншіден, сұлу. Әсіресе қызыл береткасын киіп жүргенде, сондай құлпырып, жайнап кетеді. Даусы қандай шіркіннің, ән салғанда тыңдасаң. Басына үкілі тақия киіп, мың бұратылып, Қамажайға билегенін көрсең. Барып тұрған өнерлі қыз. Кластағы бірінші үздік оқушы.
Ал енді айтып көр оны повестің басты кейіпкерінің бірі бола алмайды деп.
Жанарды ойыма алсам, менің ішім гүл жайнап кеткендей болады.
Мейлі, біздің класс жетекшіміз Майқанова мені жамандай берсін, сотқар деп, ұрса берсін. Мен өзімнің көкейтесті арманымды, жанымның түпкірінде маздап жанған құпиямды Жанарға бір жөні келгенде ақтарып айтып берсем, менің кім екенімді ол таныр еді. «Е, бәсе, Қожа осындай екен ғой. Талант деген түбінде жарып шықпай қоймайды», – дер еді. Шіркін-ай, былай болса: адам әуелі үлкен болып жаралса. Өмірдегі өзіне тиісті қызмет мамандығын атқарып болғаннан кейін барып, балаға айналса. Сонда маған Майқанова қалай қарар еді. Үлкен кезінде ол әйгілі жазушы болған, оның есімі бүкіл дүние жүзіне мәлім. Олай болса, менің оған әкіреңдей бергенім жарамас, жазушыны сыйлау керек деп, тәубасына келер еді.
Бірақ амал қанша, өмірде бұлай болмайды, болмақ емес. Әуелі беделсіз, білімсіз бала болып жараласың. Сенің үлкейгенде қандай адам болатыныңда ешкімнің шаруасы жоқ. Екінің бірі саған ақыл айтып, үстемдік жүргізбекші болады. Ақ, қараңды айырып, жаныңның түкпірінде не бар, не жоғына үңілмейді.
– Қожа тәртіпсіз!
– Қожа оңбаған!
Осылайша шу көтеріп, даңғазалап алып кете жөнеледі. Су жағасы жайдақ, құмдауыт. Тырс етіп, менен өзге бір баланың келмеуін көрдің бе. Жалғыздан-жалғыз шомылу да көңілсіз. Судың шетіндегі дымқыл құмда біреудің жалаң аяқ ізі сайрап жатыр. Мүмкін, осы Жанардың ізі шығар. Тани қоятын адамдай еңкейіп, үңіліп тұрып қараймын. Иә, Жанардың ізі. Ақырын ептеп қана аяғымды салып байқаймын. Із аздап кішілеу келеді. Иә, бұл Жанардың ізі болуға тиіс. Бойымды тәтті бір сезім жайлайды да, со күйде қимылдамастан тұрып қаламын.
ТӨРТІНШІ ТАРАУДА
Жантасқа пионер лагеріне баруға жолдама беріліп, маған берілмеу жайы, менің шат-шәлекей ашулануым айтылады
Таңертеңгі шайымды ішіп алғаннан кейін аяңдап, мектептің спорт алаңына қарай келе жаттым. Қолтығымда добым бар. Біздің «Спартак» кеше қайраттықтардан жеті де бес болып ұтылған еді. Бүгін оларды қалайда жеңуіміз керек. Команданың капитаны ретінде соған қатты ширығып, іштей дайындықпен келе жатырмын.
Мектептің қасында Жантас ұшыраса кетті. Қолында мөр басылған бір жапырақ жазулы қағазы бар. Соны шертіп-шертіп қойып:
– Қара көже, мынаның не екенін білесің бе? – дейді.
– Ол не?
– Лагерьге жолдама. Біз лагерьге баратын болдық. Ал, сен көшедегі иттерді тәртіпке салуға ауылда қалатын болдың.
Тілінің қыршаңқылығы үшін Жантасты мытып алғым келіп бір тұрдым да, әуелі жолдама жайын тиянақтамақшы болдым.
– Оны саған кім берді?
– Кім беруші еді. Майқанова апай берді. Бірақ сен жоқсың тізімде.
«Неге жоқпың?» Жантастан Майқанованың қайда екенін сұрап едім, мектепте деді.
Бұдан былай біреуді келемеждеп сөйлеудің қандай екенін білуі үшін Жантасты мұрынға сырт еткізіп бірді шерттім де, жүгіре жөнелдім. Сол бойда екпіндеген қалпыммен мұғалімдер бөлмесіне алқынып кіріп бардым.
Майқанова бірдеңе жазып, жалғыз отыр екен, маған басын көтеріп алып, таңырқаған кейіппен қарады:
– Не болды? Не болды, Қадыров?
– Лагерьге жолдама беріңізші маған.
– Саған бұл жолы жолдама берілмейді. Екінші кезекте барасың.
– Неге?
– Неге болушы еді: барлық оқушыға бірден жетіспейді. Ал екіншіден, ең әуелі біз лагерьге үлгілі, тәртіпті оқушыларды жібереміз.
– Жантас немене... менен артық болғаны ма? Майқанова екі бүйірінен біреу қысып қалғандай еңсесін кілт көтеріп алды:
– Сен немене? Мені тергегелі тұрсың ба? Майқанованың көкшіл көзі шатынай бастады. Оның бір ашуланса шапылдап, жуық арада толас бермейтінін білем.
– Бермесеңіз, қойыңыз, – дедім де, жалт бұрылып, есікті бар күшіммен тарс жауып, жөнеле бердім. Осындай әділетсіздікке қаның қалай ғана қайнамайды. Жантас, біреуді біреуге атыстырып, от тастап жүретін қу, сабақ үстінде сыбырлап-сыпсыңдағыш, өзі тақтаға шыққанда көрінгенге құлақ түргіш. Жантас үлгілі оқушы болғаны да, мен үлгісіз болғаным. Менің сабақ үлгеруім одан көш ілгері екені, екпінділігім ешқандай есеп емес.
Соңымнан ілесе шықты Майқанова:
– Қадыров. Бері кел.
Мен бұрылып та қарамадым.
– Қадыров!
Есіктен жүгіріп шығып кеттім.
Турникке сүйеніп, жылмия қарап Жантас тұр. Зығырданым одан бетер қайнап кетті.
– Немене, жолдама алдың ба? – деп сиқырланып жолымды тосқауылдай қалыпты.
– Алдым, – дедім.
– Кәне, көрсетші?
Сарт еткізіп танаудан тағы бірді шерттім.
– Міне.
Түстен кейін төсегімде демалып жатып, ойға қалдым: бағана Майқановаға істегенім тұрпайылық болды-ау, деймін. Әрине, Жантасқа жолдама беріп, маған бермеген онікі де әділдік емес. Ызамды осы келтірді. Дегенмен Майқанова мұғалім, класс жетекшісі. Жә, қазір оқу кезі емес қой, каникул. Ол маған не істей алады? Үш айға дейін кім бар, кім жоқ. Мүмкін, жаңа оқу жылында біздің класс жетекшіміз басқа біреу болар. Онда мен Майқанованың шеніне де жолай қоймаспын.
Өмір дегенді ойлап отырсаң, қызық нерсе. Бірімен бірінің қалайда тұзы жараспайтын кереғар жаралған адамдар болады. Майқанова екеуіміз соның дәл өзі секілдіміз. Біздің кикілжіңіміз күзде ол осында Мұғалім болып келген бетте-ақ басталды. Былай болды. Жаңа оқулықтар, дәптерлер сатып жатыр дегенді естідім де, әжемнен ақша ала салып, замғап дүкенге келдім. Рас, сатып жатыр екен. Бірақ адам деген лық толы. Кезектің соңы далаға шығып кетіпті.
Қайтсем екен деп біраз ойлап тұрдым да, тәуекел деп, ішке кезексіз кірмекші болдым. Өйткені соңындағыларға жетпей қалатын азабы да болушы еді. Сонан соң көрінгеннің оқулығына мінгесіп, жалынасың да жүресің, бұл – күн емес. Өзге ештеңең болмаса да, әуелі оқулықтарың сай болсын. Мен былай деп мақалдаған болар едім: оқулығы сай бала – көңілі жай бала.
Сығылысып есіктен енді кіре берсем, бойы менің бойымдай ғана, тықылдаған бейтаныс көк көз келіншек алдымды тосқауылдап жібермейді.
– Қайда кимелеп барасың? Кезекке тұр, – дейді. Осы арада тілі құрғыр өтірікті менің еркімнен тыс айтып салды:
– Мен оқулық емес, қант аламын, – дедім. Өйткені магазиннің арғы азық-түлік сататын бөліміне қарай адамдар еркін өтіп жатыр.
Көк көз келіншек мені жіберді. Мен сыр бермеймін деген оймен әуелі қант сататын жаққа өтіп кеттім. Бірақ қанттың қазір маған түкке керегі жоқ. Маған қажеті бесінші кластың оқулықтары. Прилавканы жағалап, адамдардың арасымен ептеп, кітап сатып жатқан жаққа қарай сырғи бастадым. Енді бір ұмтылғанда жетіп те қалатын едім. Кенет әлгі көк көз келіншек желкемнен бүріп ұстап:
– Сен адасып барасың. Қант ана жақта сатылады, – деді.
– Сіздің не шаруаңыз бар, қоя беріңіз, – деп, жұлқынып қалдым да, прилавкаға бір-ақ барып жеттім.
Көк көз келіншек сатушыға дауыстап жатыр:
– Анау сұр кепкалы балаға бермеңіз. Ол кезексіз кіріп кетті.
Ол бұл сөзді айтып үлгергенше, Қожекең сұр кепканы қойынға сүңгітіп жіберіп, тақыр бас қара бала болып шыға келді. Балалар ананы-мынаны сұрап, азан-қазан болып жатқанда мен ләм деместен сақ еткізіп, елу сомдықты сатушының қолына ұстата салдым. Сөйтіп, қажетті оқулық-дәптерлерімді бір құшақ етіп алып, шыға бердім. Есік алдында көк көз келіншек иығымнан қатты ұстап (қолы мұндай қатты бола ма!):
– Ой, ұятсыз. Қай класта оқисың? – деп, бір жұлқып қалды.
Мен оған жөнімді айтып жатырмын!
Бірнеше күн өткеннен кейін оқу жылы басталды. Мәссаған керек болса, әнеугі маған дүкенде жекіретін көк көз келіншек тыпың-тыпың етіп, қағаздарын қолтықтап, біздің класқа кіріп келе жатыр. Қожекеңнің сол мезет қандай күйге түскенін көрсеңіз. Бірақ бойымды тез жиып ала қойдым да, сыр бермеуге тырыстым. Мүмкін, ол мені танымас деп ойладым.
Жаңа оқытушы бізді оқу жылының басталуымен құттықтады, өзін таныстырды. Сәбира Майқанова. «Мен сендерге қазақ тілінен сабақ беретін және класс жетекшілерің боламын», – деді.
Соңғы сөзі Қожекеңді тағы бір сілкіп алды. «Ал бәлем, сақтана бер» дегендей болдым өзіме-өзім.
Майқанова бір-бірлеп, тізім бойынша оқушылармен таныса бастады. Кезек маған келді.
– Қадыров.
– Мен.
Майқанова тесірейе қарап тұрып қалды.
– Біз екеуіміз таныс шығармыз деймін? Мен еріксіз жымиып күлдім.
– Мүмкін.
Мен сенімен әлі сейлесемін дегендей Майқанова:
– Отыр, – деді зілді дауыспен.
Міне осыдан кейін Майқанова маған қымс етсе, қаһарын төгіп тұратын болды. Қанша рет қыс бойы директордың алдына сүйреп алып барды. Ақыры жыл аяғында тәртібіме де «төрттік» баға қойып отыр. Осының бәрі мені, әрине ашуландырады.
БЕСІНШІ ТАРАУДА Менің Жанармен дойбы ойнауым және қиял құсының самғай ұшатын бір шағы айтылады
Екі күннен кейін бір топ бала думандатып, пионер лагеріне жүріп кетті. Мен ішім күйіп ауылда қалдым. Түстен кейін бригадир келіп тұр есік алдына.
– Қара Қожа үйдемісің? – деп дауыстады.
– Үйдемін. – Есік алдына шықтым.
– Киім-кешек, төсек-орныңды дайындап, әзірленіп тұр, – дейді бригадир, – шөп шабысқа барасың. Ауылдағы балалардың бәрі барады. Шөп жинайсыңдар.
– Бармаймын, – дедім мен.
– Неге?
– Мен үлгісіз, тәртіпсіз оқушымын. Ештеңеге де жарамаймын.
Менің ренішімнің жай-жапсарын білгеннен кейін бригадир:
– Ой, жолың болғыр, жігіт адам соны да сөз дей ме екен. Не бар дейсің сол лагерьде. Қызықтың көкесін сен шөп шабыста көресің. Біз онда сендерге көңіл көтеретін барлық жағдайды жасаймыз – деп, үгіттей бастады.
Үгітте, үгіттеме Қожакең айтқанынан қайтпайды. Әрі шөп шабысқа Майқанова да барады дегенді естідім. Жоқ, Майқанова жүрген жерде мен жүре алмаймын. Тым құрса, жазғы демалыста одан құлағым тыныш болсын.
Мамамның колхозда сауыншы болып істейтінін мен сендерге айтқан жоқпын ба? Олардың фермасы осыдан бірнеше күн бұрын ғана жайлауға кеткен болатын. Жайлауды көрмегеніме бірнеше жыл болды, одан да сонда барғаным рахат емес пе деген ойға келдім. Ол үшін көлік керек, оны қайдан алам? Бригадирден сұрағанмен бермейді. Шіркін-ай осындайда меншікті бір атыңның болғаны абзал емес пе. Қалаған жағыңа соқтырып жөнелер едің. «Ер қанаты – ат» деп, қазекем бекер айтпаған ғой.
Сонымен, атты қайдан табамын?
Отырып, отырып, кенет шапалақпен саныма салдым. Осы да сөз болып па? Қазір бұрынғы жеке меншіктің заманы емес. Колхоз малы – менің малым. Соның біреуіне мінемін де кетемін. Белсенділердің әрқайсысында бірнеше аттан бар. Үстеріне өздерінен басқа шыбын жорғалатпайды. Жазда жайлауға қоя беріп, семіртеді де, қыстыгүні қанжырдай етіп жаратып, қасқыр, түлкі қуып шығады. Сонда олар бұл үшін қолхозға төлей ме бірдеңе? Түк те төлемейді. Әкем Қадыр осы колхоз құрылған күннен бастап, ұста болып істеді, мамам сауыншы. Бір аттың бір күндік терін пайдалануға менің неге қақым жоқ.
Шешім қабылданды, өзен бойындағы жайылымнан бетіне тура қараған аттың бірін ұстап мінеді де, Қожекең түнгі салқынмен жайлауға тартып отырады. Сонан соң бригадир бар, Майқановасы бар, таңертең менің ізімнің қалай қарай кеткенін тауып көрсін.
Тамақтанып болып, тысқа шықтым. Көз байланып қалған екен. Маужыраған қоңыр кештің құшағында, қора аузындағы сырғауыл қашаның үстінде, қонақтаған тауықтай шошайып отырмын. Ойымда Жанар. Түнделетіп жайлауға кетіп қалатын болсам, көпке дейін оны көре алмаймын, сағынамын-ау!
Мен кейде сұрақ қоям өзіме өзім: «Жанарды неге ойлай берем? Оны көрмесем ала көңілденіп, тынышым кетіп тұратыны несі? Әлде осының өзі әлгі жүрт айтатын, кітаптарда жазылатын не... емес пе?» Япыр-ай, осы бір сөзді ойға алғанның өзіне селк ете қалам-ау. Егер мұны Майқанова білсе ғой. Не болар еді онда күнім? «Ә, Қадыров. Қаршадайыңнан қызға ғашық болып! Қарай гөр мұны! Бұл сұмдықты саған кім үйретті, ә?» Нағыз масқара, міне, сонда болар еді.
Менің Жанарға ләм деп, бірдеңе айтпақ түгіл, тіпті оның қасына баруға жүрексініп тұратын себебім міне, осы.
Жанар үйі көшенің басына таман, өзенге таяу. Әкесі Балабек бригадир болып істейді. Мамасы Қырымға курортқа кеткен. Үйде өзінен басқа мені онша ұната қоймайтын қытымыр әжесі ғана бар. Қолыма таяқ алып, әлдекімдерге еліктеп сылти басып, солай қарай келе жатырмын. Жанардың төбесін анадайдан бір керсем де дәтке Қуат емес пе. Мүмкін ол ұшырасып та қалар. Жайлауға баратынымды айтам. Менің қайда екенімді ол да біліп, ойлап жүрсін. Жанар мені жайшылықта ойлай ма екен, ойламай ма екен, ә?
Бұл үйде Жанардың әжесінен бетер сескенетін тағы бір қорқынышым – осы үйдің антұрған қабаған қара төбеті. Атты кісінің омырауына шапшитын жауыз төбет. Ол бос болса, үй маңынан тірі жанды қия бастырып өткізбейді.
Жоқ, қара төбет байлаулы екен. Арғы көше жақтан келген біреуге арс-арс үріп, жұлқынып тұр. Мен бергі қора жақтағы ағаш шарбаққа жақындай түстім. Осы кезде үйден Жанар жүгіріп шығып:
– Ақтөс, жат! Бар орныңа! – деп, зеки бастады. Қақпаның ар жағынан әйел даусы естілді:
– Жанаржан, әжең үйде ме?
– Әжем бағана тауық фермадағы Сүйінбай атамдікіне кетіп еді. Әлі келген жоқ.
Жанардың үйде жалғыз екенін білгенде, қуанышым қойныма сыймады. Не де болса, бірер ауыз тілдесіп қалуға бел байладым.
– Жанар! – деп дауыстадым, ол жүгіре басып, бері қайтып келе жатқанда. Үнім бейне бір шошыған немесе аяқ астынан ғажайып бір қымбат зат тауып алған адамдай жарқын шығып кетті.
Селк етіп, тоқтай қалды Жанар (Үй маңдайшасына электр шам орнатылғандықтан есік алды сүттей жарық еді). Дауыстың қайдан шыққанын тұспалдай алмай, төңірегіне жалтақ-жалтақ қарап барып, көрді мені.
– Кеш жарық, Жанар.
Жанардың таңданған жүзі дереу күлімсіреді. Қасыма жүгіріп келіп, ағаш шарбақтың үшкіл басынан ұстап бетпе-бет тұра қалды.
– Кеш жарық, Қожа. Неғып жүрсің? – деп сұрады ол.
– Мен түнделетіп жайлауға кетем.
– Мамаңа барасың ба?
– Иә, сен неге лагерьге бармадың?
– Мамам келгенше үйде болып, әжеме көмектесем. Майқанова апай лагерьге келесі кезекке жолдама берем деді.
Жанар осыны айтты да:
– Қожа, менің әжем үйде жоқ. Жүр, дойбы ойнайық, – деді.
Өзегімді нұрлы сезім жарып өтіп, қолтығыма қанат біткендей болды, қашаға пәрменіммен секіріп шықтым да, ар жағына топ ете түстім. Сол кезде шынжырын сылдыратып, қара төбет те арсылдап, тұра ұмтылды. Иттен қорыққансып, Жанардың білегінен қысып ұстап, жабыса түстім. Ит есік алдына жете алмастай етіп байланған екен. Екеуіміз иық түйістіре жүгірген бойда үйге кіріп кеттік.
– Сен дойбыны жақсы ойнаймысың? – деп сұрады Жанар.
– Жоқ, онша емес, – деп, сыпайы жауап қайтардым. Ал шындығында, өзім теңдес балалардың көбін ұтушы едім.
Жанардың бетпе-бет отырған сүйкімді жүзіне, иығына төгіліп көмірдей қап-қара әсем қолаң шашына алаң-елең қарап, толқып отырып, бірінші ойында қалай ұтқызып алғанымды байқамай қалдым. Ол маған үш бұзау айдатты. Бірақ Жанардың мәз болған кейпіне қарап бұл ұтылғаныма өзім іштей қуандым да.
Екінші ойынды әлгіндей емес, сағырақ ойнауға тырыстым. Үнемі қыздан жеңіліс таба беруге болмайды ғой. Бірақ үш-төрт жүрістен кейін Жанар менің үш пешкамды бірден қырып салғаны.
– Әллуі! – деп, жағымды шапалақпен бір салып, отырдым да қалдым. Берекесі бір ұшқан ойынның мәні бола ма. Лезде тағы ұтылып қалдым. Бұл жолы топырлатып, алты-жеті бұзау айдатты.
– Байыдың, байыдың! – деп, Жанар онан әрмен мәз бола түсті. Енді менің намысым келе бастады.
– Қазір ұтамын, – дедім сенімді үнмен. – Ұтпасаң не боласың?
– Не бол десең, со болайын.
– Дүние жүзіндегі барып тұрған мақтаншақтың өзі боламысың?
– Жарайды.
Үшінші ойын шиеленісіп басталды. Әу дегеннен-ақ екі пешкадан қарпысып алдық. Бірақ біраздан кейін ойынның ара салмағы тағы өзгере бастады. Бір-екі жерде мүлт жіберіп алдым. Жанардың екі пешкасы тағы артып кетті.
– Әй, бәлем, көрермін жеңілмегеніңді, – деп, қанаттанып, оның мерейі аса түсті.
Менің ендігі үміт артқаным оң жақ шеттегі бір пешкам еді. Түпкірлетіп отырып, соны биге алып шықтым. Қырғидай тиіп, жайпармын-ау енді бәлем.
Бірақ тап осы кезде майдан даласында мен ойламаған ғаламат бір оқиға болды. Айлакер Жанар орта шенде елеусіз тұрған бір пешкасын маған жегізді де, басқа бір пешкасымен менің әлгі батырымды белден басып, биге өтіп кетті. Онымен де тынбады. Әлгі биімен менің өзге үш жауынгерімді тағы жайпап салды.
– Ура! Ұтылдың! Мақтаншақ Қожа. Мен енді сені бұдан былай мақтаншақ Қожа деп атаймын.
– Тоқта, қалай... қалай боп кетті?
– Міне, былай... Сен менің мына пешкамды жедің бе?
Жедің. Онан соң мен былай жеп, биге шықтым. Одан кейін міне былай... былай... былай жедім. Әй, мақтаншақ Қожа. Ұтамын деп мақтанып едің.
– Тоқта. Менің әлі де бір биім бар ғой.
– Оның қолынан не келеді?
– Көрерміз. Сен әлі ұтқан жоқсың. Жүріс кезегі менікі ме?
Менің бір биіме қарсы Жанардың төрт пешкасы қалды. Оның да біреуі би. Ал қалғандары да енді еш бөгетсіз біртіндеп биге шығуы даусыз. Сосын төрт қара би менің жалғыз сары биімді аш бөрідей ортаға алып, тырп еткізбей бассалуы сөзсіз. Осы қатер айдай анық танылып тұрғандықтан бірден-бір жан сауғалайтын орын – ұзақ жолға шығып кеттім.
Бұл пиғылымды түсіне қойған Жанар:
– О, қорқақ! – деп, ызаландыра түсті. – Састың ба, бәлем. Сонан соң қайда барар екенсің.
– Жан-жағымның бәрі қатер, қайда барушы едім. Ұзын жолдан қия бассам, мерт кететінім сөзсіз. Сондықтан тақтайдың ол шетінен бұ шетіне ілгері-кейін сырғанап, жүрдім де отырдым.
– Бұның ойын емес, шық ұзын жолдан.
– Өз еркім. Шыққым келсе, шығам, шыққым келмесе, шықпаймын.
– Жоқ, шық ұзын жолдан.
– Шықпаймын.
– Ендеше сен жеңілдің.
– Жоқ, жеңілгем жоқ.
– Жеңілдің.
– Жеңілгем жоқ.
– Жеңілдің. Бұдан былай мен сені мақтаншақ Қожа деп атаймын.
Жанар екеуіміз осы арада кәдімгідей қызыл кеңірдек болып қалдық. Ол жеңілдің дейді, мен жеңілгем жоқ, кәне ойын аяқталғанша ойнаймыз деймін. Ендеше ұзын жолдан шық дейді ол. Шықпаймын деймін мен. Ақыры:
– Ойнамаймын сенімен, – деп, Жанар ұртын бұртитып, дойбыны жинап алды.
– Ойнамасаң қой, – дедім мен де есемді жібергім келмей.
Осы кезде қақпа алдындағы қара төбет арс-арс үріп барып басылды. Шиқылдап дарбаза ашылғандай болды.
– Әжем келді ғой деймін, – деп, Жанар сыртқа жүгіре жөнелді. Мен соңынан шықтым.
Қақпаға кіріп келе жатқан әжесі Жанарға:
– Ой шыбыным, жалғыз отырмысың? – дей берді де, мені көріп, – мына бала Қожа ма? – деп сұрады.
Кемпірдің үнінде мені жаратпағандық бар еді.
– Иә, – деп жауап берді Жанар маған бұртия қарап.
– Бұ неғып жүр мұнда?
– Екеуміз дойбы ойнап отырдық.
– Балам, бар үйіңе, – деді кемпір маған. – Жанаржан, ит қауып алмасын, шығарып жіберші.
Мен итті шабаландырып, қақпаны айналып жүрмей-ақ шарбақтан секіріп жөнелгім келді. Мейлі, дойбыдан салуым болмаса да тәуір физкультурашы екенімді Жанар тағы бір рет көрсін. Осындай орайы кеп тұрғанда сондай өнеріммен болса да оған ұнап кеткім келді.
– Сау болыңыздар.
Жүгіріп келем шарбаққа қарай. Секірдім... Қойсаңдаршы, адамды қырсық, шалайын десе оп-оңай ғой. Осы арада ойламаған жерден масқараға ұшырап, абиырым айрандай төгілді де қалды. Не болды дейсіңдер ғой. Бір балағым сырғауылдың үшкіл басына ілініп қалып, созылған күйде ұзынымнан түспесім бар ма. Оңбай жығылдым. Бірақ өлімнен ұят күшті деген емес пе, жалмажан тез түрегелдім де, алды-артыма қарамастан зытып отырдым.
Жанар мен әжесі қарқылдап күліп қала берді.
«Япыр-ай, Жанарды ренжітіп кеттім-ау. Соншалық, неге егестім. Әй, осы қайсарлық мінезім мені абиырға жолдас етпейді ғой. Ұзын жолдан шығып, жеңіле салсам, нем кететін еді».
Жанардың өкпелі пішінмен бұртия қараған кейпі көз алдыма келеді. «Кешірші, кешірші, Жанар, тұрпайылық істеппін. Кінә менде».
Үйге кіріп бара жатқанда, иттен қорыққансып, Жанардың жұп-жұмсақ білегінен қысып ұстап, жабыса түскенімді ойлағанда, бойымды тәтті бір сезім жайлағандай болды. Сол сүйкімді білек қазір де уысымда тұрғандай, өз алақанымды өзім құшырлана қысамын...
Басыма қилы-қилы ойлар сапырылысып келеді. Оныншыны бітірген соң армияға шақырылам. Ал Жанар болатын болса, институтқа оқуға түседі. Сонда, бәлем, мен оған өлеңдетіп тұрып, неше алуан ғажап хаттар жазармын-ау.
Сөз жоқ, Жанар да жауап жазады. «Жаным Қожа», – деп бастар, мүмкін. Қандай сүйкімді сөз.
... Көзге түртсе көргісіз тастай қараңғы. Сабалап жаңбыр құйып тұр. Жентектелген қою қара бұлт аспан төрінде дарияша сапырылысады. Күн күркіреп, найзағай шартылдап, көзді шағып, құлақты тұндырады. Күркіреп тасып аққан көкбурыл тау өзенінің жағасында табиғаттан, долы мінезін елең қылмай, қаруын кезеп ұстап сұсты шекарашы тұр. Бұл жауынгерлік борышымды өтеп тұрған мына менмін.
Мүмкін ауа райының осы қарбаласын пайдаланып, зұлым жау елімізге қанды шеңгелін салмақ болар. Қасиетті совет шекарасын бұзуға әрекеттенер. Бірақ, мен қасық қаным қалғанша онымен алысуға әзірмін. Әне, жау танктері зәулім ағаштарды шөптей ұмтылып келеді. Мен бір бұтаның түбінде танк бұзатын гранаталарды қасыма ыңғайлап қойып, аңдып жатырмын. Алғашқы танк құлаш жетер жерге келіп те қалды. Орнымнан көтеріле беріп, лақтырдым гранатаны. Дәл тиді маңдайдан. Жарылды.
Екінші, үшінші танктер де осының аяғын құшты.
Басқыншы жау қия баса алмай, жер жастанды.
Мен армиядан батыр атанып, орден тағып келе жатырмын. Көпір аузында шоқ-шоқ гүл бумаларын ұстаған нөпір жұрт жолымды тосып тұр. Солардың ішінен көзіме оттай басылып, Жанар ұшырай кетеді. Аңсап көріскен Қозы мен Баяндай бір-бірімізге құшақ жая ұмтыламыз.
– Жанар!
– Қожа!
Мектеп директоры Ахметов бастаған бір топ мұғалім қасыма келеді. «Жарайсың, Қожа. Жігіт-ақ екенсің. Біз сенің мұндай ержүректігіңді білмей, баяғыда бекер ұрсады екенбіз ғой. Кешір», – дейді Ахметов. «Иә, талқыдан талқыға сап, күн көрсетпеуші едіңіздер, – деймін мен. – Әсіресе әлгі Майқанова апай...»
Майқанова маған батып келе алмай, бір шетке таман ыңғайсызданып тұрады. «Сіз неге оқшауланып тұрсыз, бері таман келіңіз» деймін. Ол қалтырай басып, жақындай түседі. «Кешір, Қожа... Баяғыда мен саған пионер лагеріне жолдама бермегенімді ұмытпаған боларсың». «Иә, ұмытқаным жоқ». «Кешір, кешір айналайын, Қожатай».
Кешіремін бе, қайтем? Жоқ, өзгені кешірсем де, Майқановаға кешірмеймін. Өйткені оның ызасы әбден өтіп бітті. Ахметовты оңаша шығарып алам да «Майқанованы шығарыңыз мұғалімдіктен», – деймін. Сонымен бітіп жатыр. Совет Одағы Батырының айтқанын Ахметов орындамай көрсін.
Ех, шіркін ұшқыр қиял адамға не істетпейді.
Достарыңызбен бөлісу: |