Әжем жөнінде бірер сөз, менің ат ұрлап мінбекші болған әрекетім және Сұлтанмен кездесуім айтылады
Ел аяғы басылуын күтіп, кітап оқып отырдым. Әжем төсек сала бастап еді.
– Маған төсек салмаңыз, мен бүгін жайлауға кетемін, – дедім.
– Бүгінің қалай. Осы жетіқараңғы түнде ме?
– Иә, түнде. Күндіз ыссы ғой. Салт атпен жол жүргенге түн тиімді емес пе.
– Көлікті қайдан таптың?
– Қайдан тапсам да таптым. Көлік даяр, – дедім.
– Әй, сен оңбағыр тағы бір пәле шығарғалы жүргеннен саумысың?
– Не пәле шығарушы едім. Осы сіз-ақ маған ылғи шүбәланып тұрады екенсіз.
– Шүбәланбай қайтейін, өзің тыныш жүрмейсің. Әжем тағы да тұрып алып, құлағымды талай сарсытқан дағдылы өнегесін айта бастады:
– Шыбыным, әйтеуір ешкімге тимей, ұрынбай, жайыңа жүр. Тек жүрсең, тоқ жүресің дейді атаң қазақ. Сенің тентектігіңді менен басқа ешкім де көтермейді. Әйтеуір саған айтар ақылым, – тыныш жүр балам, тыныш жүр. Біреудің ала жібін аттаушы болма. Мешкей деген жақсы ат емес.
Осы үлкендер деген қызық халық. Бір менің әжем емес, қай-қайсы да балаларға шетінен өсиет айтқыш, жөн сілтегіш, ақылгөй келеді. Олай етпе, бұлай ет, ананы істеме, мынаны істе деп, тәптіштеп тұрғанда, таңдайларынан шаң көтеріледі. Ал енді өздеріне қараңдаршы. Не қилы жаман мінез, жөнсіздік осы үлкендердің арасынан шықпай ма? Ұрлық істеп сотталып жататындар кімдер? Үлкендер. Мас болып, қатын-баласының үрейін алып, үйінде шырқын шығаратын кімдер? Үлкендер. Бәлеқорлар, жемқорлар, жалақорлар – бері үлкендерден шығады. Ендеше олар бізге, балаларға ақыл айтып, жөн сілтемес бұрын әуелі өздерін өздері түзеп алса, қандай жақсы болар еді.
Әжем менің қызық адам. Тұрмыстың қарапайым қағидасына бұдан жүйрік кісі осы ауылда сірә да табыла қояр ма екен. Сөйте тұрып ол көп мәселе жөнінде сәбидей аңқау. Қараңғы болған соң аңқау болмай қайтсін. Мен қанша әуреленсем де оған осы күнге дейін жердің домалақ екенін ұғындыра алмай-ақ қойдым. Айтысып-айтысып келеді де, қолын бір-ақ сілтейді.
– Бар аулақ. Жер домалақ емес, сен домалақсың. Басымды қатырмай, бар, – дейді.
Кейде екеуіміз құдай жөнінде керісіп қаламыз.
– Құдай жоқ болса, дүниені кім жаратады? – деп сұрайды әжем.
– Дүниені ешкім де жаратқан жоқ, өзі жаралды.
– Сен немене, сонда қасында қарап тұрып па едің, дінсіз неме?
– Қарап тұрғаным жоқ, кітаптан білем.
– Ал адамды кім жаратты?
– Адам маймылдан жаралған.
– Тәйт, сандалған неме. Сандалмай бар онда ана ормандағы маймыл әке-шешеңе.
Әжем екеуіміздің ғылыми таласымыз әрқашан осындай ала ауыздықпен бітеді.
Ел аяғы басылды-ау деген кезде тысқа шықтым. Ай қараңғы, қораға кірдім де, белгілі жерде ілулі тұрған жүгенді алдым. Ауыздықты сыбдырламастай етіп, қолтығыма қыстым да, үй артындағы теректердің арасымен өзенге қарай жөнелдім.
Шіркін-ай, жалғыз кетпей, қасымда Жанар болса қандай жақсы болар еді. Маужыраған барқыт түн, иесіз дала. Жол үсті, екеуден екеу ғанамыз. Әрқайсымыздың көкейтесті арманымыз жөнінде, болашақ өмір жөнінде сыр шертіскен болар едік...
Ауылдағы мініс аттар түнге қарай өзен бойына жіберіледі. Менің көздеп келе жатқаным соның бірі. Әне, шеткі бір жылқының қарасы көрініп те қалды. Жақындап келсем, Алшабай шалдың жекеменшік тор биесі екен. Аяғында Алшабайдың өзіндей қасарысқан сом шойын кісен. Қасында құлыны жайылып тұр.
Әрменірек тағы бір-екі жылқы шөпті бырт-бырт үзіп, жайылып тұр. Соның біреуіне тақап келдім. Міне, берді құдай тілегімді. Колхоз председателінің жирен жорғасына дөп келгенімді көрдің бе. «Шіркін, тақымыма бір тиер ме едің» деген тәтті арман таңдайымды бұрыннан қуырып жүруші еді. Енді сол арманымды жүзеге асыратын болдым.
Жирен қасқа алдыңғы екі аяғынан шідерлеулі екен. Өзінің мінезі жаман деуші еді. Мен жақындай бергенде, құлағын тігіп, осқырынып қарсы алды.
– Тр-р-р, жануар, тр-р-р, – деп қолымды созып, мойнын сипағым келген ишарат білдірдім. Бірақ бұған алданатын жирен ат емес. Жолаушы болма, жоласаң берем сазайыңды дегендей құйрығын бұрып, құлағын жымқыра бастады.
– Тәйт әрі! Мына ақымақ қайтеді, – деп, Сатыбай жылқышыға еліктеп, зекіп тастадым.. – Так, так жануар, так, так...
Бәрібір жирен ат жолатар емес. Зекімек түгіл бақырсам да тілге келетін ниеті жоқ. Құйрығын бұрып, құлағын жымқырып, қосаяқтап тебуге дайын тұр.
Егескенге егесетін менде де бір сайтан бар. «Қап, пышаққа ілінгір иттің ғана малы. Ызаң ба сенің. Тақымыма бір тисең, тарттырар ем-ау сазайыңды» деп, оны қалай еткенде де мінбей тынбауға бел байладым. Әттең, жалына қолым бір ілінсе.
Ақыры айланқастап жүріп, бір ыңғайлы кілтеңі келгенде, шап беріп, жирен аттың жалына жармаса кеттім. Қорс етіп, үркіп ала жөнелді. Аяғым анда бір тиіп, мында бір тиіп, дөңгелек ұшып келем. Сонда да айырылар емеспін. Мұндай да жауыз мал болады екен, тоқтамайды. Ақыры бір кезде саусағым салдырап талып, жазылып кеп кетті. Анадай жерге ұшып түстім. Жирен ат жалт беріп кеп, қосаяқтап бірді тепті. Мына оң жақ саныма сақ ете түсті тұяғы. Шоқ басқан күшіктей қаңсылап, дөңгелендім де қалдым (Құдай сақтағанда, қаға тиіпті. Егер дөп тигенде, жілігімнің күлпаршасын шығарар ма еді, қайтер еді).
Бір уақытта дәл қасымнан:
– Бұл кім ей? Кім бұл? – деген дауыс естілді.
Селк етіп, бебеулеуімді дереу қоя қойдым. Қолында жүгені бар кепкалы біреу төніп келеді. Тани кеттім – Сұлтан. Ол маған еңкейіп, үңіліп қарады да:
– Өй, Қара Көжемісің? Не болды? Неғып дөңгелеп жатырсың?
– Ат теуіп жіберді.
– Қай ат?
– Анау, – деп мен жирен атты нұсқадым.
– Қай жеріңді тепті? Сүйегің сау ма сынғаннан?
– Сау ғой деймін, – дедім мен аяғымды созып байқап.
– Кәне, мен көрейін, – деп, Сұлтан қолындағы жүгенін жерге қоя салды да, менің аяғыма жармасты.
– Ойбай ақырын! – деп, шыңғырып жібердім.
– Әй, су жүрек неме, жанының тәттісін қарай гөр. Тоқтай тұр. Өлмейсің. Сынған түгіл дәнеңе де етпеген. Тек көк еті ауырып қалған қой. Қазір барысымен дереу сужапырақ тартсаң, ештеңе етпейді, басылып кетеді. Мен жылан шағып алған біреу ме деп қалсам. Бұл сұмпайы жиреннің сырын білмеуші ме едің. Оған неғып ұрынып жүрсің?
– Қасынан өтіп бара жатыр едім, теуіп жіберді.
– Өй, қара бассын сені, – деп, Сұлтан мені мазақтай бастады. – Қара басқыр-ау, алдыңдағы таудай атты көрмей не қара басты сені.
Мен бұл сөзге жауап таба алмағандықтан аяғымның ауырғанымен әлек болғансып, одан бетер ойбайлап, қинала түстім.
– Түрегел, бір мүшең қирап қалған немедей шойырылмай, – деп, Сұлтан мені ойбайлағаныма қарамастан сүйрелеп тұрғызды. – Кәне, басып көрші аяғыңды. Тағы да бір атта. Айттым ғой, қирамақ түгіл дәнеңе де болмаған. Ат тепкенге де аяқ сынушы ма еді. Өлмейсің. Жүр кеттік. Шойнаңдамай түзу бас.
Сұлтанның жасы менен екі-үш жас үлкен. Әкесі Сүгір жылқы бағады. Өзі осыдан біраз жыл бұрын оқуды тастап кеткен. Содан бері бұрынғының серілері құсап, әкесінің арқасында сәйгүліктен сәйгүлікті таңдап мініп, ылғи жортуылдайды да жүреді. Кейде айлар бойына зым-зия көрінбей кетеді, сонан соң қайтадан пайда болады. Не істеп, не тындырып жүргенін бір құдайым өзі білсін. Сұлтаннан:
– Қайдан келдің? – деп сұрап едім.
– Жайлаудан келдім, – деді.
– Жайлау қандай екен?
– Айтпа. Тамаша. Шөптің биылғы шығымын көрсең, белуардан келеді.
– Барайын десем, көлік жоқ, – дедім Сұлтанға.
– Мен алып кетейін. Ертең таңертең қайта жүремін.
– Қалай алып кетесің? Басы артық көлігің бар ма?
– Онда жұмысың болмасын. Таңертең дайындалып, күтіп отыр. Ер-тоқымың бар ғой?
– Бар.
– Ендеше бітті. Келістік.
Сұлтан мені есік алдына дейін сүйреп әкелді де:
– Қара Көже, сені бір жерге ертіп барсам, серік болуға жарайсың ба? – деп сұрады.
– Қайда?
– Жоқ, сен шойнақты жолдас етемін деп, басыма пәле тауып алармын. Хош. Мен кеттім. Ал таңертең дайындалып тұр.
– Мақұл.
ЖЕТІНШІ ТАРАУДА Сұлтан екеуіміздің бір атқа екі ер ерттеп мінуіміз, Сұлтанның мені шылым тартуға баулуы, оның аяғы немен тынғаны сөз болады
Ертеңгі шайды ішіп бола бергенде, есік алдына салт атпен тасырлатып Сұлтан жетіп келді.
– Қара Көже, бармысың?
– Бармын.
– Дайынбысың?
– Дайынмын.
– Алып шық ер-тоқымыңды.
– Ер-тоқымымды көтеріп, есік алдына шықтым. Жарау құла дөненнің үстінде шіреніп Сұлтаным отыр. Жетегінде ат түгіл сайтан жоқ.
– Көлігің қайсы маған әкелген?
– Мынау көлік емес пе? – дейді Сұлтан құла дөненін сауырға қағып. – Сал ерді.
– Қайда салам?
– Сал мына менің артыма. Құла дөнен аман болса екеуімізді жайлау түгіл Алматыға апарады.
– Сонда, бір атқа екі ер ерттемекпіз бе?
– Оның несіне таңданасың? Тамаша болады.
Бір атқа екі ер ерттеп мінген қазақты мен бұған дейін көрген жоқ едім. Сұлтанның мына ақылы, шынында да ойға қонымды, қызық көрініп кетті. Салдым ерді оның артына. Тарттым тартпаны. Міңгестім. Осы кезде үйден әжем шыға келді.
– Әкем-ау, мыналары несі... – деді әжем қолымен көзін көлегейлей таңдана қарап. – Әй, көгермей кеткір, қу Сұлтан, сен ғой осыны шығарып жүрген.
Атқа жайдақ мінгеннен де бұл тамаша болады екен. Аяғың салақтамайды, әркімнің өз үзеңгісі бар. Әрі құла дөнен майда жүрісті жануар болып шықты.
Соқтырғаннан соқтырып отырып, Сұлтан дүкеннің алдына келіп бір-ақ тоқтады. Аяғын аттың жалынан асыра жерге секіріп түсіп, тізгінді маған тастады.
– Мә, ұста мынаны. Ақшаң бар ма?
– Оны қайтесің?
– Қанша сомың бар?
– Бес сомым бар, оны қайтесің?
– Сол ғана ма, мейлі, әкел бері.
Сұлтанға тәуелді боп, артына мінгесіп отырған соң, бермеймін деп қалай айтайын. Төс қалтамның түймесін жайлап ағытып, амалсыздан қол сала бастадым.
– Ей, болсаңшы, сонша неғып күйбеңдеп кеттің? Күйбеңдейтін жөнім болған соң күйбеңдеймін де...
– Тоқтай тұр, таба алмай жатырмын.
– Мүмкін, басқа қалтаңда шығар?
– Жоқ, осы қалтамда болатын.
Мені мұнша күйбеңге салған төс қалтамдағы екі шытырлақ қағаз еді. Саусағымның соқырлығынан соның қайсысы бес сомдық екенін тани алмай жатырмын ғой. Ақыры тәуекел деп, біреуін суырыл алдым. О масқара! Шеті көзіме шалынғанда-ақ жүрегім су етіп, ішім удай ашып кетті. Бұл алып шыққаным бақандай он сомдық еді.
– Өй, мынауың он сом ғой? – деп қуанды Сұлтан, – әй қу. Қара Көже-ай, қулығың қалмайды-ау осы сенің. Мейлі, он сом болса да әкел бері.
– Мен мұны бес сом екен десем, он сом екен ғой, – деп, ұятымды қымтап, мен де білмегенсіп жатырмын.
Сұлтан ақшаны алып дүкенге кіріп кеткенде, қалтама қайта қол салып, екінші шытырлақ қағазды суырып алдым. Бұл бес сомдық. Әлгі мені шатастырып, ұятқа қалдырып жүрген міне осы қу ғой. Ызасына өзін төрт бөліп, лақтырып жіберсем бе екен деп, кіжініп бір тұрдым да, бірақ онсыз да талай көресіні көріп, умаждалып, иі түсіп біткен бейшара болғандықтан жаным ашыды. Қалтама қайта салып қойдым.
Сұлтан магазиннен галифе шалбарының екі қалтасы тырсиып, ұрты шодырайып шайнаңдап шықты. Не сатып алдың?
– Золдың қамы, – деді Сұлтан аузы сөйлеуге әзер келіп. Онысы «жолдың қамы» дегені. Сұлтан тізгіңді қолына алды да, ерге қайтадан қарғып мінді. «Ал, енді кеттік» деп, мен асығыстық білдірем. Сұлтанның артына жарбиып мінгесіп кетіп бара жатқан мына түрімді Жанар көрмесе екен деймін.
Ауылдан былай шыға беріп, Сұлтан маған қалтасынан пряник алып берді. Екеуіміз қытырлатып жеп келе жатырмыз. Құла дөненнің тағасы тастақ жолға шық-шық соғылады.
Бір кезде Сұлтан артына бұрылып:
– Сен шылым шегесің бе? – деп сұрады.
– Жоқ.
Ол ерге қырындап отырған күйі аттың тізгінін тежеді де, қалтасынан бір пачка сигарет суырып алды. Аузын ашты да, маған ұсынды:
– Мә, үйрен.
– Өзің тарта бер, – дедім мен.
– Осы күнге дейін шылым шегуді үйренбей неғып жүрсің? – деді Сұлтан мені кіналай сөйлеп.
– Мә, тарт.
Алдым. Сұлтан оттық жағып ұсынды. Тұтаттым да, бұрқылдатып тарта бастадым. Аузыма түтіннің жап-жаман ыс дәмі келеді.
– Ой, сауатсыз, – деді Сұлтан менің шылымды қалай шегіп келе жатқанымды көріп. – Сөйтіп те тарта ма екен. Жап-жақсы сигаретті босқа қор етуін қарашы. Ішке тарт. Міне, былай. Аузыңа түтінді толтырып ал да, жұтып кеп қал.
Бала десе бәрімізге тиеді, бізден өткен ақымақ жан жоқ қой. Кейде қайдағы бір залалды нәрсеге соның сол залалдығын біле тұра иттей әуес келеміз. Осы арада маған: кәне, жұтсам жұтып көрейінші, – деген ой келді, – не болар екен.
Ал енді болғанын бұл бақытсыздықты бастан кешірген болсаңдар, өздерің де біліп отырған шығарсыңдар. Аузымды түтінге толтырып алып, жұтып кеп қалғаным сол екен, бір керемет улы газ өңешімнен шеңгелдеп, ала кеп түсті. Тынысым бітеліп, қақалдым да қалдым. Көзімнен жасым ағып, көзім бұлдырап, жер-дүние айналып кетті.
Аттан ауып түсіп, қылжия кеттім жол шетіне. Жүрегім лоблып, құса алмай қиналып жатырмын.
Менің бұл аянышты халіме жаны ашудың орнына Сұлтан оңбаған мазақ етіп тұр:
– Қайран Қара Көжем-ай, ажалыңнан үш күн бұрын өлетін болдың-ау. Миллат апайға не бетімді айтып барар екем. Тым құрыса жайлауға жетіп те өлмей, әуреге салатын болдың-ау.
Міне, содан бері темекіні аузыма алмақ түгіл иісі мұрныма келсе зытып жөнелемін.
СЕГІЗІНШІ ТАРАУДА Оқушы жаңа кейіпкер Дәулетпен танысады
Құла дөненді желе аяңдатып отырып, түс ауа тау ішіне келіп кірдік. Бұл араның ауа райы мен жер келбеті төменгі жазыққа еш ұқсамайды. Ызың еткен шыбын жоқ, сап-салқын. Беталдымыздағы тау жақтан қоңыржай самал жел есіп қоя берді. Құбылып жайқалған жасыл шалғын, гүл-бәйшешек.
Ат үстіндегі ұзақ жүріс мені шаршатайын деді. Өйткені атқа екі адам мінгескенде, артқысы көп түйгіштеледі екен. Сұлтан болатын болса, күнге күйген желкесі қып-қызыл болып, кепкасын көзіне түсіре киген күйі бүлк ететін емес. Масатыдай құлпырған жер келбетін көргенде, бұлақ жағасындағы көгалға менің рахаттанып, аунай кеткім келді.
– Сұлтан, осы араға ат шалдырып, демалып алсақ қайтеді?
– Шаршадың ба?
– Шөлдеп кеттім.
– Енді біраз жүрсек, малшылардың үйлері кездеседі. Қымызға жетіп, бір-ақ демалайық, – деді Сұлтан.
Айтқандай-ақ, келесі тұмсықты айнала бергенде, оң қол жағымыздағы беткейде бір киіз үй көрінді. Көне тартқан қараша туырлықтың үстіне әппақ жаңа түндік жабылған. Есік алдындағы ши сөреде жас құрт жаюлы тұр. Үй маңы мал қиы, сары ала тепсең ескі жұрт екені бесенеден белгілі. Әріректе желіде екі құлын байланыпты. Оның бірі кер құлын, таңы жарқырап, бауырын күнге қақтатып, тыпыр етпестен серейіп жатыр. Қасындағы қаракер құлын жерден тың тыңдағандай басын төмен салып мүлгіпті де қалыпты.
– Құдай тілегімізді берді, қымыз ішетін болдық, – деп Сұлтан ат басын солай қарай бұрды.
Алдымыздан анталап үш ит үріп шықты. Үлкендігі танадай шұнақ құлақ, ақтөс қара төбет қарлыққан қалың дауыспен арс-арс етіп кеп, аттың тура басына секіре бастады. Ал, екінші бір сұңғыла қара қаншық үйге жібермеймін дегендей құла дөненнің құйрығынан тартқылап жүр.
Сұлтекеңнің мінезі иттен де жаман. Қамшысын оңды-солды үйіріп, иттерді одан әрмен өшіктіріп, азан-қазан шулатқан бойда есік алдына бір-ақ келіп тоқтады. Сол кезде үйдің түсірулі тұрған есігін серпіп ашып, жасы он бір, он екі шамасында секпіл бет сары бала шыға келді. Басында шекарашылардың жасыл картузы. Кең болғандықтан әлде қандай олақ қол оның артын қабыстырып, қара жіппен баттитып көктеп қойған.
Бөгде келіп, иттер абалап үргендегі баланың дағдылы қызметі осы болу керек – ол бізге назар аудармастан дереу босағада жатқан ақ бақанға жармасты да, иттерді қуа бастады.
– Кет! Кет, Алыпсоқ. Жат орныңа барып. Алыпсоқ төбет баланы дереу тыңдады. Шабандап, көмейінен қырқ-қырқ барлығып сарқып үріп, бізге ала көзбен бұрылшақтай қарап, тайып отырды. Оған ілесіп өзге ит те жым болды. Бақан суреттен бала бізге назарын енді аударды.
– Бұл кімнің үйі? – деп сұрады Сұлтан секпіл бет баладан ат үстінде тұрып.
– Жұмағұлдың үйі.
– Жұмағұл не істейді?
– Қой бағады.
– Кім бар үйде?
– Ешкім жоқ.
– Шешең қайда?
– Ана белдің астындағы сиырлы ауылға кетті.
– Қымыз бар ма?
– Қымыз жоқ. Бағана кісілер кеп ішіп кеткен.
– Түк қалдырмады ма?
– Қалған жоқ, – деп күмілжіді бала.
– Неге өтірік айтасың? Жүктің астында керегеге байлаулы тұрған бір мес қымызды қайда қоясың?
– Оны саған кім айтты?
– Жолда қой жайып жүрген Жұмекеңе кездесіп едік, сол айтты. Жүктің астында бір мес қымыз байлаулы тұр. Содан төкпей-шашпай бір-бір кеседен құйып ішіңдер деді. – Сұлтан осыны айтты да, сыр берме деген ишарамен менің тіземді мытып қойды.
Көнтек ерні таңырқай ашылған қалпы секпіл бет таң-тамаша кейіпте тұрып қалды. Сұлтанның оспақ сөзі шындықтың төбесінен түскен болу керек. Мынау соның байыбына бара алмай тұр.
Секпіл беттің солқылдай бастағанын көрген Сұлтан:
– Түсейік, – деп ат басын мама ағашқа қарай бұрды. Түсіп, атты байладық та, үйге бет алдық. Секпіл бет әлгі орнынан тапжылмай мыналар қайтеді дегендей бізді көзімен бағып, көңіліндегі күдігін не айтпай, не Сұлтанның айтқанына сене алмай дел-сал болып тұр.
Үй іші ала көлеңкелеу, салқын екен. Сұлтан тап бір нағашысынікіне келгендей төр алдына сұлай кетті де, үй иесі кіргенге дейін жүктің астын ашып жіберіп, қарап та үлгерді. Тырсиған бір мес қымыз, шынында да, байлаулы тұр екен.
Бізден сескенгендей табалдырықты әрең аттап секпіл бет кірді. Босағадан озбай тұрып қалды. Жуа-жуа шираған қалпы болса керек, үстіндегі көк сәтен көйлектің етегі тылтиып қарнына шығып кеткен. Ышқыр мен екі аралықтан үрген доптай тырсиған тоқ қарынның бір шеті жылтырап көрінеді.
– Ей, атың кім сенің, – деп сұрады Сұлтан.
– Дәулет.
– Атың әдемі екен. Дәулет деген тамаша ат. Менің ағайымның аты да Дәулет.
Ағасы түгіл Сұлтанның сайтаны да жоқ еді. Өтірігімді шығарма деп, менің санымды тағы шымшып қойды да, сөйлей берді.
– Дәулеті мол, дастарқаны бай, алақаны кең болсын деп қойған ғой. Ей, Дәулет, біз асығып отырмыз. Сен бізге бір-бір кеседен қымыз бер.
– Апам ұрсады. Оны ауылға беріп жібереміз деген.
– Нені?
– Жүктің астындағы қымызды.
– Жұмекең өзі айтты ғой, бір-бір кесе құйып ішіңдер деп. Әкел, кесе әкелші.
– Апам ұрсады...
– Ұрыспайды, біз саған ақша төлейміз.
Сұлтан қалтасынан қобыратып, бірнеше бір сомдық сарықұлақтарды суырып алды. Дәулет шын ақша ма дегендей сүзіле қарап қалды.
– Иә, төлейміз, – дедім мен Сұлтанды қоштап. Ашық ауыз Дәулетті алдап ішкеннен гөрі адамшылыққа бұл бір табан жақын еді.
– Мамам кеп қалса, қайтем? Бұл Дәулеттің көнгені еді.
– Келмейді, – деп, Сұлтан орнынан ұшып түрегелді.
– Қай жақтан келуші еді. Мынау, – Сұлтан мені нұсқады, – киіздің жыртығынан бақылап тұрсын. Екеуміз тездетіп құйып жіберейік.
Дәулет қолын созды.
– Әуелі ақша бер.
– Мә, деп, Сұлтекең Дәулетке бір сомды ұстата берді.
– Мынауың жыртық, ескі ақша ғой.
– Ендеше мынаны ал, мә – деп Сұлтан оның қолындағы шытырлаған су жаңа бір сомдыққа айырбастап берді.
Ақшаның сиқыр күші Дәулеттің шырайын күрт өзгертті. Енді оның көзінде қуаныш ұшқыны тіріліп, бізге үйірсектеп қарай бастады.
Сұлтекеңнің қимылына кез ілеспейді. Жүктің астындағы месті дереу суырып алып, аузын шешіп жатыр. Дәулет өрешенің ішінен бұрын ішіне қымыз құйылған кішірек бір көк кастрюльді алып шықты.
– Кәне, тос.
Сұлтекең сар еткізіп, орта кострюльден аса қымызды бір-ақ құя салды.
– Көп боп кетті! – деп, шыж ете қалды Дәулет.
– Ештеңе етпейді.
Месті Сұлтекең көз ілеспейтін шапшаңдықпен орнына қайта байлап қойды. Екеуміз кострюльдағы қымызды кесемен көсіп алып, кезектесіп сіміре бастадық.
Босаған кострюльді өреше ішіне апарып қойған соң Дәулет:
– Тағы бір сом бер, – деп, қолын созды.
– Не үшін.
– Сендер екі кесе емес, көп іштіңдер ғой.
– Өй, жолың болғыр, – деп кейіді Сұлтан, – біз оны ішейік деп іштік пе. Мамаң кеп қалса, сені құртады екен деп, саған жанымыз ашыған соң іштік қой. Бекер ішкен екем. Қарнымды сыздатып кетті.
Дәулет не дерін білмей, бедірейіп қалды.
– Сен, онан да бізге жейтін бірдеңе бер. Қымыз ішімізді ашыта бастады, – деді Сұлтан.
Дәулет созған қолын енді ғана тартып алды.
– Нан жейсіңдер ме?
– Әкеле бер. Май бар ма? Оны да әкел. – Сұлтан Дәулетпен қабаттасып, өрешеге бірге кіріп кетті. – Мына біреу піскен омыртқа ма?
Саудадан пайда тауып қалған Дәулет.
– Тамаққа да ақша төлеңдер, – деп, ескертті. Әлдекім шала мүжіп тастаған мойын омыртқаны қомағайлана тістелеп жатып:
– Жарайды, төлейміз, – дейді Сұлтан.
– Қазір төле.
Сұлтан Дәулетке тағы бір сом берді. Бір-бір жапырақ нанға май жағып, соғып алдық.
– Ал кеттік, – деді Сұлтан.
Дәулет менің алдымды тосқауылдай қалды:
– Бәкінің керегі жоқ па?
– Кәне, қандай бәкі, – дедім мен.
Дәулет қалтасынан бәкісін алып көрсетті. Темір сапты кішкентай арзанқол бәкі екен. Ұнатпадым.
– Белбеу керек емес пе?
– Қайсы?
– Дәулет жейдесін түріп жіберіп, сатпақ-сатпақ кір қарнын алдыма тосып, беліндегі белбеуін көрсетті.
– Өзің қайтесің? Шалбарың түсіп кетпей ме?
– Түспейді. Қайыспен байлап алам.
Мен Дәулетті неге екенін аяп кеткендей болдым. Оның ең соңғы белбеуіне дейін тонап әкету оңбағандық болар еді.
– Керегі жоқ, хош бол.
Дәулет амалсыз қоштасқандай ыңғай танытты.
– Хош болыңдар.
Дереу атқа қондық та, үш итті улатып-шулатып жөнеле бердік. Ақтөс төбет аттың омырауына шапшып, сұңғыла қара қаншық құйрығынан тартқылап, иттік мінездерін тағы көрсете бастады. Сұлтекең қара төбетті қамшымен тұмсыққа бір тартуға құштар болып, бастырмалатып келеді. Бірақ әккі төбеттің оңайлықпен ұрғыза қоятын түрі жоқ. Қамшының ұшы жетер-жетпес жерден арс-арс етіп, өршеленіп, қалмай келе жатыр. Мен артыма бұрылып қарасам, көкжасыл кепкасы қалқиып, жейдесінің етегі өрге қарай таңқия түсіп, Дәулет саудагер үй сыртында бізді көзімен ұзатып әлі қарап тұр екен.
ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУДА Не жөнінде айтылатынын оқып шығып өздерің білесіңдер
– Қара Көже, қарашы мынаған.
– Мұны қайдан алдың?
– Тамаша малақай болмай ма?
Сұлтанның қолындағы көк қаракөл аспаннан түсті ме, қайдан пайда бола қалды?
Ұстап көрсем, жібектей мап-майда. Илеуінде мін жоқ, ақ қағаздай.
– Әй, мұны қайдан алдың?
– Құдай берді.
Егер құдай тағала пендесіне бірдеңе бере қалғандай болса, ондай мейірімділігін Сұлтаннан бастай қоймас.
– Жөніңді айтшы, бұл қайдан пайда болды?
– Өзі ұнай ма саған?
– Әдемі екен.
– Сұлтекең оны-пұны затпен әуестенбейді. Оны сен біліп қой.
Кенет алдымыздағы өзекшеде атын жаяу жетелеп, қой жайып тұрған қойшы көрінді. Сұлтекең менің қолымдағы қаракөлді жалма-жан жұлып алды да, артындағы былғары сумкаға сүңгітіп жіберді.
– Дымың ішіңде болсын, Қара Көже.
Лүп етіп, қауіп көлеңкесі жүгірді менің көңілімде. «Мына қу бұны әлгі үйден жымқырып кеткеннен сау ма екен».
Қойшы соқпақ жолдың дәл үстінде тұр екен. Жақындап келіп байқадық: бүйрек бет, шоқша сақал, орта жастағы адам. Басында күнге күйіп көнерген ақ қалпағы бар.
– Салаумалайком, қария.
– Әлейкүмсалам. Балалар, оттарың бар ма? Сұлтан қалтасынан сіріңке алып ұсынды. Шалдың жуан етіп орап, қалпағының бүкпесіне тығып қойған дайын шылымы бар екен. Соны жалма-жан тұтатты да, қомағайланып сорып-сорып жіберіп, демін бір-ақ күрсініп шығарды:
– Уһ, жетісіп қалдым ғой көсегең көгергірлер. Сіріңкем таусылып қап, бағанадан бері қаңсып тұр едім. Қай колхоздың балалары боласыңдар?
Сұлтан мені шынтағымен түртіп қалды да:
– Калининнің балаларымыз, – деп, өтірікті соғып қалды. Мен таң-тамашамын. Неге өтірік айтады? Өзіміздің «Жаңа өмірді» неге атамайды.
– Өй, «Калининнің балаларымыз» дегенің не? Неге өтірік алдайсың? – деп сұрадым.
– Әй, ақымақ Қара Көже. Қайдан білдің, мүмкін жаңағы біз қымыз ішкен үйдің қожасы Жұмағұл тап осының өзі шығар. Қаракөлін жоқтап іздей қалса, қуып кеп, әкемізді танытпай ма? Ал енді бізді тауып көрсін сонау Калининге барып.
Менің мамам сауыншы болып істейтін бірінші бригада кезеңді асып түскен жерде, Қабанды деп аталатын ну қарағайлы жалпақ сайдың аузында екен. Бұл өзі сырттан қарағанда бүтін бір ауыл тәрізді бірнеше боз үй, жаппа, шатырлар аралас он шақты түтін шоғырлана қоныс теуіпті. Олардан оқшауырақ, сырғауылдан айдап жасалған мал қора-жайлары көрінеді. Төбесіне желбіреп қызыл жалау қадалған, қабырғаларына қызыл матаға жазылып, ұран, плакаттар ілінген вагонқос, сірә да, бригаданың кеңсесі болу керек (Соңынан білдім, бұл әрі кеңсе, әрі қызыл бұрыш екен).
Өзенге таман шеткерірек тігілген бір жаппаның қасында үш дөңгелекті мотоцикл тұр. Жүрегім дір ете қалғандай болды. «Бұл тағы да Қаратай қу шығар. Дәу де болса, мынау мамамның жаппасы».
Ойлағаным келді. Мамам есік алдында самаурын қайнатып жүр екен. Бізді көріп, таңырқай қарап тұрып қалды. Сұлтан онымен самбырлап амандаса келіп тоқтады:
– Амансыз ба, Миллат тәтей. Балаңыз ат таппай қаражаяу отыр екен. Міне, міңгестіріп алып келдім.
Есік алдындағы мотоциклді мен бірден таныдым – Қаратайдікі. Жаппаның ашық тұрған есігінен үп-үлкен керзі етік киген аяқ көрініп жатыр. Оның да иесі сол бір адам. Көсіліп жатқан аяқ біздің дабырымызды естіп, бүгіліп жинала түсті.
– Лагерьге бармадың ба? – деп сұрады мамам менен.
– Жоқ.
Біздің мына ала бөтен жүрісімізді ұнатпады-ау деймін, мамамның қас-қабағы салқын еді. Сұлтан соны аңдады ма, түспеді.
– Ертең келем. Мен саған ат тауып әкелем, – деді.
– Мақұл. Сұлтан кеткен соң мамам:
– Өзіңе серік болатын адамды жаңа тапқан екенсің. Бұл сені бір күні батпаққа жығып кетер, – деді.
– Өз жөнімді мен өзім білем, – дедім.
– Иә, біліп жүрсің.
Жаппаға кірдім. Төр алдында шынтақтап Қаратай жатыр. Осылай қарай жұмыста жүріп, тартып отырған болу керек, үстінде май-май көне комбинезон. Бірақ тікендей болып, сояулап тұратын сақалы бүгін жып-жылмағай. Қаратай еңсесін көтеріп малдас құрып отырды. Әдетінше шекесін қасып-қасып алып, ұртына күлкі қыстыра сөйлеп, менімен жылы амандасып, іші-бауырыма еніп барады.
– Жайлауға демалайын деп келдің бе? Дұрыс болған. Мұнда қымыз мол, рахат емес пе, – деді.
Үшеуміз отырып, шай іштік. Шайдан соң мамам сиыр саууға дайындала бастады. Қаратай хош айтысты да, мотоцикліне отырып, кетіп қалды. Көк шалғынды жапыра қап-қара етіп із тастап, жолсызбен зырғып бара жатқан оның соңынан мен бірғауымға дейін қарадым да тұрдым. – «Япыр-ау, бұл неге келе береді? Не керек оған? Бәрібір мамам оған ешқашан да күйеуге шықпайды ғой. Ал егер шыға қалса...».
Бұл ойым маған құбыжықтай қорқынышты. Оны басыма жолатпауға тырысам. Аулақ. Аулақ жаман ой. Мен одан да алыста, таудың ар жағында қалған Жанарды ойыма алам. Жанар. Мен «Жанар!» деп, дауыстағанда, сен әуелі үннің қайдан шыққанын білмей аңтарылып тұрып қалып едің... Жайлауға қалай келіп жеткенімді айтып, Жанарға хат жазсам ба екен. Қаратай... тфу, қабаттасып ойымнан осы шықпайтын болды-ау. Бәлем, ойламаймын сен жөнінде, әдейі ойламаймын, қайтер екенсің...
ОНЫНШЫ ТАРАУДА Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң қаларсың ұятқа
Өзінің тырнақалды прозалық туындысын шағын повесть түрінде бастап отырғанын автор бір де минутке есінен шығармайды. Сондықтан да ол әр адамның басынан күнде кешетін тұрмыстың ұсақ-түйек құбылыстарына онша жүгіне бермейді. Онда автордың бұл еңбегі мүмкін шағын повесть емес, кітап магазині полкасының белін қайыстыруға жарарлық нән романға айналар еді. Жоқ, Аяз әліңді біл, құмырсқа жөніңді біл дегендей роман жазу қайда бізге. Ол үшін құшақ-құшақ қағаз, құрығанда бірер бөтелке сия керек. Артыңды столға желімдеп тастап, айлар-жылдар бойына тапжылмай отыруың шарт. Ал, сосын сабаққа кім барады, үйге берілетін тапсырмаларды кім орындайды? Бұзауды кім тауып әкеледі. Жо, жо, роман жазу менің жасымда тіпті де қол емес.
Бұлар сөз арасында айтылып жатқан жайлар. Енді әңгіме желісіне қайта оралайын. Біз жайлауға келгелі табаны трактордай бір ай шамасы уақыт өтті. Өткенде көңілді өтті. Соның бәрі Сұлтекеңнің арқасы. Бір де бір күн көліксіз болып көргем жоқ. Нелер жорға-жүйрік сәйгүліктерді сол тауып әкеледі. Ертте мынаны дейді, ерттеймін. Кеттік дейді, – ілесіп берем. Қайда барамыз деп сұрамаймын да. Не керек, Сұлтекеңнін арқасында ат мініп, асыр салып, жетісіп жүрмін.
Бір күні жайлауда малшылар күніне арналып, ұланасыр той болды. Той десе, қу бас домалайды. Ал Сұлтан екеуіміздің басымыз піскен алмадай торсиған майлы бастар. Біз қалай шыдап қалайық. Тойдың дақпыртын естігеннен бастап-ақ делебеміз қозып, күтіп жүрдік. Көкпарға түсеміз деп, ат жаратқан боламыз.
Той болады деген күні таңертең мамам сиыр саууға кетіп, мен төсекте шынтақтап «Робинзон Крузоны» оқып жатыр едім. Есік алдына кеп қалған ат дүбірі, сонымен қабаттасып Сұлтанның айқайы естілді.
– Қара Көже, бармысың?
– Бармын.
Сұлтан аттан тарс етіп секіріп түсіп, үйге кіріп келді.
– Ой, қара басқыр, әлі жатырмысың. – Сұлтан менің қолымдағы кітапқа жармасты, – Осы сенің-ақ қолыңнан кітап түспейді екен. Тасташы былай. Немене, бүгін той екенін ұмыттың ба?
– Тоқта, тоқта, келген жерімді белгілеп қояйын.
– Мына бір мылтық, ұстаған адам ба, албасты ма, осы бетке келіпсің. Жүз жиырма төртінші бет. Кәне, тұр жылдам. Киін, тойға барамыз.
Тойды сыпаттап жатуды және артық деп санаймын.
Өйткені оның қалай болатынын бәрің де білесіңдер. Осы күні тойдан көп нәрсе жоқ. Мейрам күндер – той; біреу қыз ұзатса – той; бала туса – той, жоспар артығымен орындалса – той; шет елден мықты біреу келе қалса – той, шетелге мықты біреу бара қалса – той, артиллерияшылар күні, флот күні, ұшқыштар күні, металшылар күні, құрылысшылар күні, физкультурашылар күні – тағы басқа аты аталмаған толып жатқан қастерлі күндердің бәрінде той. Құдайға шүкір, әйтеуір тойдан кенде емеспіз. Бір шеті сонау Алматы болып қилы дәрежелі қонақтар қатысқан, «ЗИМ», «ЗИС», Волга», «Победалар» қаздай тізілген («Москвичтер» мен Қаратайдың мотоциклі тәрізді үш дөңгелекті салдырлақ мотоциклдерді машина санатына қосып та отырған жоқ), іргелес екі ауданның қара қорым малшылары түгел бас қосқан ұлы дүрмектің нағыз қызған шағы еді. Палуандар күресі болып жатқан. Бір кезде ортадағы тойбасы тағы бір соны дабыл тастады:
– Ендігі кезек балалардікі. Балалар күресін бастаймыз.
Бағанадан бері күрескендерге қарап, делебем қозып тұр еді.
– Мен күресемін, – деп ортаға жүгіріп шықтым.
– Кел. Жүрегіңнің оты бар бала көрінесің, – деп, тойбасы арқамнан қағып, мақтап қойды. Күрес аудан мен аудан болып жүріп жатқан. Тойбасы қарсы жаққа дауыстады:
– Ұйғыр ауданы, шығарыңдар палуандарыңды.
– Ұйғыр ауданы бойы сорайған, менен де өткен қапқара, қоңқақ мұрын бір баланы шығарып еді. Мына жақта тұрғандар жамырап кетті.
– Өй, мыналарың бала емес, жігіт қой.
– Қаршадай балаға жігіт шығарғандарың қалай?
– Өз теңін әкеліңдер!
– Бұл әділдік емес!
Басы-көзі өрттей қызарып, лепіріп тұрған тойбасы бұған құлақ аспады:
– Күш атасын танымайды. Кәне, күресіңдер, – деп, Қоңқақ мұрын екеуімізді құшақтастыра салды.
Мен іштен қайыра шалып жығуға машық едім. Әу дегеннен-ақ сол әдісіме салуға тырысып бақтым. Бірақ Қоңқақ мұрынның ұзын сирақтары көстиіп анадайда жатыр. Аяғымды шолтаң-шолтаң сермегенмен жуымайды.
Менің пиғылымды түсіне қойған қоңқақ мұрын аяғын онан әрмен алып қашып, денесінің бар салмағымен үстіме шойырылып жатып алды. Олай-бұлай ырғап көрсем, қозғалта алар емеспін. Ал оның бар сенгені қол күші болу керек. Мені көтеріп алып, қойып қалмақ болады. Бірақ қалай тастаса да, тарбиып, аяғыммен түсем.
Кенет менің ойыма бір қулық әдіс сап ете қалды. Ылдиға таман ыңғайланып келдім де, бір жамбасыма жата қап, қоңқақ мұрынды лақтырдым. Әлгі байғұстың мұны күтпегені соншалық, тартынуға мұршасы келмей қалды да, асып барып, мойны астынан кеп, гүрс ете түсті. Бұлт беріп, үстіне қона кеттім. Халық ду ете қалды.
– Ой, жарайсың!
– Міне жігіт!
– Жасың ұзақ болсын!
Тойбасы бәйгіме деп, Гайдардың екі томдық жинағын қолыма ұстата берді.
Екі езуім екі құлағымда, көңілім тасып, әлгіндегі орныма қарай жөнеле бердім. Тойбасы айқайын салып, күреске басқа балаларды шақырып жатыр. Кенет өкпе тұсымдағы иін тірескен халықтан маған қарай ақ қалпақты біреу жүгіре шығып келеді. Мен оған мән де бере қоймап елді, әлгі келген бетте білегімнен шап беріп ұстай алды:
– Ә, залым бала! Қолға түстің бе!
Басқа ештеңе деместен іс-міс жоқ әлгі мені қаңбақтай ұшырып, сүйреп әкетіп барады. Беті-жүзі әйтеуір бір таныс секілді. Бірақ қайда көргенімді жөпелдемеде есіме түсіре алмадым.
– Не... Не... керек сізге?
Топтың сыртына шыққаннан кейін шошқа сақалды ашудан дір-дір етіп, тістеніп, әлгі мені алқымнан қылғындыра ұстап, сілкіп-сілкіп жіберді.
– Мойныңды үзіп жіберейін бе! Баламды алдап, қымызымды рәсуа етіп ішкеңдеріңмен қоймай, қаракөлімді неге ұрлайсыңдар?
Арқамнан тасбақа сырғанап түскендей, дір ете қалдым. Көзінен ашу шатынап тұрған ақ қалпақтыны енді таныдым. Бұл анада бізден шылым тұтатып тартатын, жол үстінде кездескен қойшы еді.
– Ақсақал, қаракөліңізді мен алған жоқпын, – дедім жалынышты үнмен.
– Енді кім алды?
Мына масқара оқиғадан мен өзімді дереу ақтап алуым керек болды. Шынымды айттым:
– Қасымдағы бала алыпты.
– Ол қайда? Ол кім дегеннің баласы? – деп әкіреңдейді шоқша сақал.
– Сұлтан деген бала, анда... ана жерде тұр. Шоқша сақалды ертіп, әлгінде Сұлтан екеуіміз тұрған жерге келдім, жоқ. Сұлтаным зым-зия зытып отырған түрі бар. – Қайда? Кәне?
Әлгінде осы арада тұрған.
Сол арада бір талай әуесқой жұрт: не болды? Не? Бұл не істеді? – деп, күресті қойып, бізге назар аудара бастады. Өлімнен ұят күшті дегендей не істерімді білмеймін. – Сұлтан! Әй, Сұлтан! – деп, дауыстаймын. Кенет біреудің:
– Сұлтан әне. Атына мініп, зытқалы жатыр, – деген үні саңқ ете қалды.
Ол нұсқаған жаққа жалт бұрылып қарасам, Сұлтекең ат үстіне қонып та қалған екен.
– Сұлтан! – деп айқайлап жібердім. Бірақ ол тыңдамады, атына қамшыны бір басып, тік төмен қарай құйғытып, тартып отырды.
– Кетті! Әне кетті! – дедім шоқша сақалға.
– Қап...
Баяндалған оқиғадан кейін менің қандай халге түскенімді сезіп отырған боларсыңдар. Тойға мамам да барып еді. Абиыр болғанда, шаршы топтың алдында жалғыз ұлының қандай масқараға душарланғанын ол көре қойған жоқ. Ол кезде мамам артистер ойын қойып жатқан жақта болатын. Кірмегенім қара жер, өзім өз болғалы еңсем мұндай түсіп көрмеген шығар. Той-думан жайына қалды, ұрыдай сусып келіп, атыма міндім де, Сұлтанның соңынан тартып отырдым.
Мен қазір Сұлтанды көзіме көріне қалса, жеп қойғалы келе жатырмын. Оның опасыздық қылығына қалай ыза болмайын. Қолмен істеген нәрсесін мойнымен көтеруге жарамау ер адам үшін неткен пасықтық. Мен Сұлтанның мұншалық жаны тәтті жарғанат екенін біле қойған жоқ едім.
Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа. Жаманмен жолдас болсаң, қаларсың ұятқа, – деп, қазақ атам осындайдан айтқан екен ғой.
Жүрген бойда жылқылы ауылға келдім. Сұлтанның өзі тұрған ізі де жоқ. Одан өзіміздің фермаға келдім. Мұнда да тырс еткен пенде көрінбейді. Жұрттың бәрі тойда жүр. Атымды мама ағашқа байладым да, жаппаға кіріп, сұлай кеттім. Ех, шіркін өмір. Неткен қызық нәрсе едің... Біресе шаттаңдырып, күлдіресің, біресе бүлдіресің. Соның бәріне адам өзі кінәлі.
Мазасыз ой тепкісінде басым қатып жатып, қалғып кеткен екенмін.
– Әй, шық бері! – деген қаһарлы дауыстан селк етіп, шошып ояндым. Атып шықсам, Сұлтанның әкесі Сүгір жылқышы келіп түр. Астында түйедей қызыл ат, білегінде іліп алған құрығы бар.
– Сұлтан қайда?
– Білмеймін.
– Неге білмейсің? Өй, ант атқан алаяқ немелер! Бірін-бірі тануын бұлардың.
Сүгір мені шошытып қойғысы келді ме, жоқ әлде шынымен ұрмақ болды ма, атын тебініп, қамшысын тік көтеріп, ұмтыла берді. Жалт беріп, жаппаға қайта сүңгіп кеттім. Ойнақшыған қызыл ат жаппаны омырауымен қағып, енді бір тебінсе тіпті басып, таптап өтуден тайынар емес.
Сүгір босағаны қамшымен сарт еткізіп, бір тартып қалды.
– Ерін ал да, қоя бер ана атты!
Маған берген бұйрығын Сүгір өзі орындады. Мама ағашта байлаулы тұрған аттың ерін алды да, анадай жерге тарс еткізіп тоқымын шашып, лақтырып тастады. Сонан соң аттың жүгенін сыпырды да, сауырға бірді салып, айдап жіберді. Еркіндік алып рахатқа батқан ат құйрығын желбірете тігіп, пырт-пырт жел шығарып, қуана кісінеп, ойнақтап тартып отырды. Қарына ілген құрығы жер сызып, оның соңынан алды-артына қарамастан Сүгір жосылтып жөнелді.
Жығылған үстіне жұдырық – зығырданымды қайнатқан Сұлтанның қылығына мынау қосымша болды. Қара жаяу қалды деген осы.
Мамама сыр бермейін деп, ер-тоқымды әкеп босағаға жиып қойдым.
Кешқұрым мамамдар келді. Ол әлі де ештеңе сезе қоймаса керек.
– Сендер неге ерте кетіп қалдыңдар? – деп сұрады.
– Шаршадық, шаршаған соң кетіп қалдық...
ОН БІРІНШІ ТАРАУДА Менің ауылға қайтқан сапарым баяндалады
Ойламаған жерден жайлау қызығы осылайша тамам болды. Мұнда көліксіз күнің күн емес, серіксіз одан да жаман. Қожекең соның екеуінен де жұрдай болды. Бірер күн ферма басында боламын деп, зерігуден ішім жарылып, өліп кете жаздадым. Бар бітіргенім, бір ғана «жауынгерлік листок» шығарып бердім. Оның өзін парторг оқып көріп, түкке жаратпай тастады. Кілең өлең-сықақпен толтырып жіберіпсіңдер, маңызды бір де бір саяси мақала жоқ, осы да газет пе деп, парша-паршамызды шығарып сынады. «Газет деп, ана екінші бригаданың газетін айтыңдар, барып оқып көріңдерші. Міне, «жауынгерлік листокті» солай шығару керек. Солардан үлгі алыңдар» деді.
Парторг кеткеннен кейін мен әдейі ол мақтаған газетті көрмекке екінші бригадаға бардым. Сөйтсем олар бүйтіпті: «Социалистік Қазақстанның» «Мал шаруашылығын өркендете берейік» деген басмақаласын алыпты да, бастан-аяқ сықпыртып түгел көшіріп жазыпты. Оның соңында редколлегия мүшелері деп, үш адамның фамилиясы тұр. Одан төменгі бұрышта почта жәшігінің суреті салынып: «Жолдастар, қанша ескертсе де, бірде біреулеріңіз мақала бермейсіздер. Келесі нөмерлерімізге мақала беріңіздер» деген сөз жазылған. Одан төменірек газетті бекіткен кнопка. Міне, бұдан басқа мен ештеңе де көре алған жоқпын. Парторгке осы газеттің соншалықты несі ұнағанын мен, әрине, біле бермеймін. Ал, менің ойымша, біздің газет бұл газеттен он есе артық. Бұл, әрине, менің өз пікірім, ал парторгтің пікірі әлгідей. Мен бұған таңдана да қоймаймын. Өйткені, пікір қайшылығынсыз ешбір ақиқаттың беті ашылуы мүмкін емес деген сөзді бір ақылды кітаптан өз көзіммен оқығаным бар. Нақты қай кітаптан оқығанымды ұмытып қалыппын, ол үшін оқушымнан кешірім сұраймын.
Бір кеште мамам:
– Балам, босқа сенделмей ауылға қайт. Ана өзге балалар қатарлы колхозда жұмыс істе. Осы қыдыруың жетеді, – деген сөз айтты.
– Өзім де қайтам, – дедім мен.
Ертесінде өзіміздің колхоздың екі тонналық бір машинасы жем алып келе қалған екен. Шофері Қайыпжан дейтін ақ көңіл жақсы жігіт. Соның қасына кабинаға отырып, жайлаумен хош айтысып, тартып отырдым.
Жұпар атқан кең жазықтың төсінде жұмсақ қара жолмен жүрдек машина барынша зырлап келе жатқанда, ұшқыр қиял шіркін де тұғырында тоқырап қала алмайды-ау. Қанатын қағып-қағып жіберіп, дауылпаздай шарқ ұрып, ол да самғап ұшады. О, ата мекенім, қазақ жері. Сенің шет-шегіңе қиялдан өзге не жетіп үлгереді. Сол алып өлкеңнің бір пұшпағын ыстық көзбен, бар адал сезіміммен аймалап, елеусіз бір перзентің мен келе жатырмын. Мынау асқар тау, жасыл жазық, мөлдір өзен, қалықтаған анау ақша бұлттар, тұнық аспан – осының бәр-бәрін егер құшағым жетсе, ең қымбат, аяулы анамдай аймалап құшар едім, сүйер едім. Япыр-ай, неге сонша ыстық болдың туған жер!
Мен табиғатты сүйемін. Мен шынайы поэзияны сүйемін. Абай мен Қасымды қанша оқысам да менің сусыным қанбайды. Қайталап оқи бергім келеді, оқи бергім келеді. Мен Құрманғазы мен Дәулеткерейдің күйлерін тыңдағанда өзімді өзім ұмытып кетемін. Махамбет жырының әр сөзінің астынан дүрсілдеген ат дүбірін, қарыш-құрыш сілтескен найза, қылыш үндерін естігендей болам. О, қасиетіңнен айналайын, қазақ жері. Осының бәрі сенің топырағыңда өсіп, өнген кереметтер емес пе?..
Машина жолы кезеңнен біздің ауылға қарай тура аса алмайды. Тұзкөлді айналып жүреді. Бұл төте жолдай емес, әлдеқайда ұзақ. Бірақ, жүрдек машина жер апшысын қуырып, шыдатар емес. Әлгінде ғана мұнартып көз ұшында көрінген қара тұмсық енді міне сырғанап артта қалып барады. Жол шетіндегі телеграф бағаналары бірін-бірі қуалап, қарсы жүгіріп келе жатқандай болады. Әне, алдан Тұзкөл көрінді жалтырап. Қара жол соның сортаң жиегімен өтеді. Бір мезетте көл де сырғып кейін қалды. Жол қасқайып шығысқа қарай тұра тартты. Спидометрдің қылт-қылт еткен жебесі шұғыл ойысып, елуге тақап барды. Одан да асыңқырап, алпысты шоқыр-шоқымас болып, дірілдеп тұр.
Кенет бір белеске көтеріле беріп, Қайыпжан машина маңдайын жолсызбен тауға қарай бұрды.
– Аға, қайда барамыз?
– Мынау сайда шөпші балалар бар. Соларды ауылға ала кетеміз, – деді Қайыпжан.
Бұл сөз менің жаныма онша жайлы тие қойған жоқ. Майқанова да осында болу керек, Жантас та. Менің оларды қазір көргім, дұрысырақ, айтқанда, оларға көрінгім келмейді. Анада олар бәрі шөпке кетіп бара жатқанда, менің бармай қалғаным оқушыға мәлім. Майқанова мені көрісімен мүйіздеп ала жөнелуі айқын. Бірақ амалым қанша, машина менің билігімде емес. Ех, жалған, бір басыңа бір машинаң болмаған соң құрсын да.
Тау сағасына жете бергенде, алдымызда сарқырама шағын өзеншенің бойында бір боз үй және бір ақ шатыр көрінді. Боз үйдің төбесінде кішірек қызыл жалау желбіреп тұр. Индиялықтар тәрізденіп қара қайыстай болып күнге күйген бір топ бала волейбол ойнап жүр. Машина қостың деңгейіне келіп тоқтады. Өзен арнасы теңкиген қой тастарға толы, шұңғыл еді. Көпір көрінбейді. Қайыпжан машинадан шығып:
– Әй, балақайлар, мынадан қалай өтуге болады? – деп, дауыстады.
Бір топ бала бері су бойына жүгіріп келді. Бұлардың ішінде биыл жетіншіні бітірген атақты палуан Батырбек, менімен бірге оқитын, отряд советінің председателі болған Темір бар еді. Әне, Жантас қу жүгіріп келе жатыр. Газеттен пилотка жасап киіп алыпты.
– Өткел төменде қалды. Бұл арадан өте алмайсыз, – деп шуласты балалар.
– Олай болса, жығыңдар үйлеріңді. Бері тасып әкеліп тиеңдер машинаға.
Батырбек бригадир екен балаларға. Жалаңаш білегіне Қызыл шүберек байлаған бір балаға ол:
– Кезекші, бригаданы сапқа тұрғыз! – деп, команда берді.
Кезекші жүгіріп шатырға кіріп кетті де, күнге шағылысқан аппақ горнды құйқылжытып ойнап, қайта шықты. Сол сол-ақ екен, доп ойнап жүрген балалар ойындарын дереу доғарып, әп-сәтте шатыр алдындағы сызықшаны бойлап сап түзей қалды. Өз көзіме өзім сенбегендей, мен таң-тамашамын. Тәртіп деп осыны айт. Құлды әскер тәрізді.
– Жолдас бригадир. Бригада мүшелері сіздің бұйрығыңыз бойынша сапқа тұрды, – деп, кезекші Батырбектің алдында қаздиып, рапорт беріп тұр.
Балалар жапырлап киіз үйді, шатырды жығып жинай бастады.
Мен болсам, кабинаның есігіне жабыса түсіп, ешкімнің көзіне шалынбауға тырысып, мықшиып отырмын. Бас-аяғы бірнеше минуттың ішінде ғана көз алдымда болған әлгі әсерлі көріністер бір жағынан бойымды шымырлатып, делебемді қоздырса, екіншіден өкіндіреді. Қап, анада жайлауға барғанша, осылармен бірге шөп шабысқа неге келмедім?
Балалар әлдеқайдан жалпақ бір қалың тақтай тауып әкеліп, арнаға көпір етіп салды да, соның үстімен жүкті таси бастады. Өзгеден бұрын мені Жантас қу байқап қалды:
– Сен қайдан жүрсің, дезертир?
– Шаруаң қанша.
Абиыр болғанда, мұғалімдерден мұнда ешкім жоқ екен. Майқанова ертемен ауылға кетіп қалыпты. Әп-сәтте жүк тиеліп болды. Рюкзактарын арқалап, улап-шулап балалар машинаға мінді. Кабинадағы орнымды аспаз қыздарға беріп, мен де кузовқа шықтым. Машина жайлап бұрылып, әлгінде келген ізімен төменгі жолға қарай тартып отырды.
Ауылға әндетіп, думандатып келіп кірдік. Колхоз кеңсесінің алдында ішінде артель председателі бар бірнеше адам бізге қарап әңгімелесіп тұр екен. Машина солардың қасына келіп тоқтады. Сабырбаев председатель қолын шаттана көтеріп:
– Ой, еңбеккерлерім, амансыңдар ма? – деп, жарқын қарсы алды.
Бұл өлкедегі жұрттан өзгешелеу, күзеген байталдай шұнтиып киінген шетел қалпақты ашаң қараторы жігіт мойнындағы фотоаппаратын оңтайлап, қарбаласып жатыр.
– Балалар, машинадан түспей суретке түсіргелі жатса, аяймыз ба тұмсықты. Мен кузовтың орта шенінде едім, кимелеп алға қарай шықтым да, тұра қалдым қасқайып. Бейтаныс жігіт бір емес, екі рет шырт еткізіп, суретке түсіріп алды.
ОН ЕКІНШІ ТАРАУДА «Жанар, сені сағындым» дейтін өлеңнің дүниеге келу тарихы айтылады
Жол бойы менің ойымнан Жанар шықпады. Мен оны көрмегеніме бір ай емес, көп-көп уақыт өткен тәрізді. Қазір ол қайда екен, ә? Үйінде ме екен, жоқ әлде екінші кезектегі лагерьге кетті ме екен?
Машинадан түскен бойда мен әдейі орағытып, Жанар үйі тұрған көшемен өттім. Міне, олардың үйі. Қоражайдың төңірегін қаулап өскен қалақай, алабота басып кетіпті. Қақпаның маңдайшасында бірнеше суық, торғай қонақтап жырлап отыр. Тырс еткен пенде жоқ, жым-жырт.
Қораның сырт жағын айналып көз тастадым, есікке құлып салынбаған. Қабырғаға шапталған жас тезектер бұл үйдегі қытымыр қара кемпірдің осында екенін баяндап тұр. Кенет құлағымның дәл түбінен:
– Кімді іздеп жүрсің? – деген суық үн саңқ ете қалды.
Жалт қарадым – Жантас қу. Жүрегім су етіп, сасып қалдым.
– Неғыласың? – деген сөз аузымнан абайсыз шығып кетті.
Жантастың бір иығында ауыр рюкзак. Қағаз пилотканың астынан қоңыр көздері жылт-жылт етеді. Көнтиіп жарылып кеткен еріндерін жалап қойып:
– Сағынып қалдың ба? – дейді.
– Кімді? Нені? – деп, Жантасқа айбаттана бұрылдым. Жантас қу саусағын жебеп тайқи берді.
– Білем, білем кімді қарап тұрғаныңды...
– Білсең, біле бер.
Ох, бұл сөзді мен қалай батыл айтып салдым десейші. Қай мағынада айтқанымды аңдап өзім селк ете қалғандай болдым. Не болса, со болсын, бұным ерлік болды. «Мейлі Жантас қуға сол керек».
Соңынан білдім, Жанар ауылда жоқ екен, лагерьге кетіпті. Құлазыған далада жалғыз қалғандай болдым. Екі иінімнен зіл батпай көңілсіздік басты.
Түн. Төргі бөлмеде өлең дәптерімді алдыма жайып қойып, жападан-жалғыз өзім отырмын. Бірнеше жынды көбелек қалдыраңдап, айнала ұшып, шамның шынысына соғылды. Келші бермен, шабытым! Қайдасың! Кеудем толы сезімді сүйкетейін жыр етіп. Бүгінгі жырымның тақырыбы Жанар. Жол ортасына әдемілеп «Жанар, сені сағындым» деп жазып қойдым. Бірінші шумақ көкейімде күндізден сайрап жүр еді, мөлдіреп түсе қалды заматта:
Жанар, сені сағындым,
Келші, келші тезірек,
Жатпай-тұрмай ойлаймын,
Іші-бауырым елжіреп.
Бірнеше қайталап оқимын, жаман шықпаған тәрізді. Мүмкін, көркемдігі пәлендей жүйрік бола қоймас, бірақ шындық бар, сезім бар. Әлде көптен қолыма қалам ұстамағандықтан кеудем жырға толып кеткен бе, әлде Жанарға деген сағыныш сезімнің тасқындап құйылған түрі осы болды ма, шүпілдеген екі бет өлеңді тапжылмастан ешбір қиналыссыз жазып тастадым. Өте-мөте сәтті шыққаны соңғы қорытынды шумағы болды:
Жанар, сендей жан тумас,
Туса, туар, артылмас.
Бір өзіңнен басқаға
Сағынышым айтылмас.
Шіркін-ай, мойынға алған жұмысыңды тындырып тастап, рахатқа бататын кездерің де болады-ау! Сондай бір жетіскен халде орнымнан түрегелдім, сағатқа қарасам, он бір болып қалыпты. Ұйықтайтын уақытым болған екен. Тысқа шығып келдім де, жатып қалдым. Бірақ, мұндайда ұйқы келе қоя ма. Жанар шықпайды ойымнан. «Мақтаншақ Қожа. Мен енді сені бұдан былай мақтаншақ Қожа деп атаймын». Осыны айтып, қолын қуана шапалақтап, Жанардың дөңгелене жөнелген кейпі көз алдыма келеді. Жаңағы оған арнап жазған өлеңім түп-түгел тілімнің ұшында тұр. Жатталып қалыпты. Қараңғы үйде шалқамнан жатып алып, соны бастан-аяқ сықпыртып, мылқау фильм тәрізді үнімді шығармай тақпақ етіп айтам.
Жанар, сені сағындым...
Кенет өлеңнің соңғы шумағын көкейімде тағы бір қайталап айта бергенімде, «тоқта!» деген бір сұрақ көмейіме көлденең тұра қалғандай болды. «Бұл өлең сенікі емес тәрізді ғой?» дейді әлгі сұрау шұбаланып. «Енді кімдікі». «Ойланып көрші». Ойланамын. «Иә, шынында да... Кенет көзім бақырайып, тынысым бітіп қалғандай болды. Мәссаған! Әкем-ау, мынауым Абай өлеңі ғой! Дәл өзі.
«Айттым сәлем қаламқас» деп басталатын Абай атамыздың өлеңі.
Әркімнен ұрлап-қарлап ақын болу деген менің ойым түгіл түсіме кірмейтін сұмдық нәрсе. Өзімнің мына қылығыма төбе шашым тік тұрып кеткендей болды. Әрине, ұрлық дейді бұның атын. Жай ұрлық емес, әдеби ұрлық. Оны әлгі... не деуші еді... бірдеңе деген термині де бар.
Әлгі арада ұшып түрегеліп, Абай атамнан ауысып кеткен шумақты сызып тастамақ болып бір тұрдым да, тағы ойға қалдым. Бұған, біріншіден, дәптер былғанады. Ал, екіншіден, Абай болса, ұлы ақын. Мен тәрізді жас талапкер оның бір шумақ өлеңін кәдеге жаратқан екен, одан ұлы ақынның шалқар мұрасы, немене, азайып қала ма? Мен оны бәрібір, баспаға ұсынып жатқан жоқпын. Сондықтан тұра берсін, сызбаймын. Сайып келгенде, Абай кім, мен кім? Екеуіміз де қазақпыз, екеуіміз де ақынбыз. Ақын – ақынға қарайласпасын, жәрдемдеспесін деп, еш жерде жазылмаған.
ОН ҮШІНШІ ТАРАУДА «Қызыл бұзау» деп атаса да болар еді
Оқу жылы басталатын мезгіл жақындап қалды. Биыл алтыншыға барамын. Орта мектепті бітіргенге дейін әлі де болса төрт, төрт емес-ау сойылдай бес жыл бар. Ой, қандай ұзақ. Адам болып шығу деген ойлап отырсаң машақат нәрсе екен ғой.
Оқулықтарымның бәрін дайындап қойдым. Мамам Қайыпжан шоферге ақша беріп жіберген екен, Алматыдан ол су жаңа форма әкеліп берді. Амандық болса, бірінші сентябрь күні Қожекең жарқ етіп, көшеге бір-ақ шығады сонымен.
Енді оқу жылының басталуын шыдамсыздана күтемін. Адам деген қызық қой. Оқып жүргенде, демалысты аңсайсың. Енді міне, демалыста жүріп, оқуды сағына бастадым. Жаздыгүні қыс болса екен дейсің, қыста жазды көксейсің. Бұл неліктен, а? Адам баласының бабын қалай табуға болады.
Дегенмен менің оқуды аңсауымда сап-салмақты себеп бар. Оқу басталды деген сөз – Жанармен бірге боламын деген сөз. Айтпақшы, ұмытып барады екенмін ғой. Бүгін лагерьдің жабылатын күні деген. Олай болса, Жанар келеді. Ура, Жанар келеді! Жанар!
– Қожатай, үйдемісің?
– Мүмкін, үйде шығармын. Қарап көріңіз, – деймін қыздардай сызылған үнмен.
– Үйде болсаң, әлгі қызыл бұзауды тауып әкеп, қораға кіргізіп қойшы. Мына ыстықта енді ол жайылар деймісің.
– Егер үйде болмасам қайтем?
– Үйде болмасаң да бар, – деп әжем шорт кеседі. Мен оның қитығына тие түсуге құмармын.
– Үйде болмасам, қалай барам? Сіздің жұмсағаныңызды естіген жоқпын ғой?
– Әй, қылжақтамай бар деймін, бар деген соң.
– Айталық бармадым, әже. Онда не болады?
– Бармасаң тоқмаш жейсің.
– Піскен тоқмаш па, шикі тоқмаш па?
Менің қылжағым тойғыза бастағандықтан әжем енді үндемейді.
Бұзаулар жайылатын жаққа қарай жайлап басып келе жатырмын. Лүп еткен леп жоқ, қапырық. Күннің бір шоқ ыстығы менің шекеме жабысып қалғандай күйдіріп, тесіп барады. Қызған жерді сипалап, басып-басып қоямын. Шошқаның жалындай сояу қайратты шашым алақаныма ып-ыстық болып басылады.
Селоның шетіне шығып қалып едім. Сол кезде қарсы алдымнан шаңды бұрқыратып зырлап келе жатқан жүк машинасы көрінді. Кузовы толған бала. Галстуктері желбіреп, шулап өлеңдетіп келеді. Машина жақындап келгенде таныдым – лагерьден қайтып келе жатқан өзіміздің балалар екен. Әне, анау Жанар. Маңдай шашы желбіреп, маған қарап жайлап күлімсірейді. Екі қолымды бірдей жебелеп, мәз-мейрам болдым да қалдым.
– Сәлем, Қожа!
– Қара Көже!
– Қожа! – деген бірнеше дауыс қатарынан жамырап, ағызып өте шықты.
Жанардың төбесін бір көргенім өлшеусіз бақытқа кенелгенмен пара-пар болды. Машина соңынан далбақтап тұра жүгіруден өзімді өзім әзер ұстап қалдым.
Осы кезде қабақтан маңқиып келе жатқан өзіміздің қызыл бұзауды көрдім. Іс-міс жоқ тырағайлатып қуып ала жөнелдім. Қолды-аяққа тұрмайтын бейне бір құйын тәріздімін, бұзауды басып озып, жосылтып, о жағынан бір шығам, бұл жағынан бір шығам. Не боп қалғанын түсіне алмай сасқалақтаған қызыл бұзау тасырлатып, шеткі бір үйдің қорасына қойып кетті.
Қызыл бұзауды одан жетелеп алып шықтым. Сол арада сап етіп, басыма бір ой келе қалды. Егер де қызыл бұзау адам тілін түсінетін болса, мен оның мойнынан аймалап, алдына тізерлеп отыра қалып, өтініш жасаған болар едім, сүйкімді қызыл бұзауым: мен қазір сені тағы да тұра қуған болайын. Сен ұстатпай қашқан бойда Жанар үйінің қорасына кіріп кет. Соңыңнан мен жетейін қиқулап. Сонан соң абалап ит үреді, үйден Жанар жүгіріп шығады. Мен оны бір айдан бері көрген жоқпын ғой. Мен оған бірдеңе айтармын, ол да маған бірдеңе айтар. Жанармен сол арада біраз сөйлесіп, сұхбаттасып қалайын.
Қызыл бұзау бұны қайдан ұқсын. Қоя берсем болды, үйге қарай безгелі тұр. Жоқ, үйді қоя тұр. Сен маған әуелі қызмет істе. Мен бұзауды ноқтасынан жетелеп, Жанар үйінің алдына әкелдім. Ешкім қарап тұрған жоқ па деп, төңірегіме көз саламын, тым-тырыс. Ашық тұрған қақпадан бұзауды қораға қарай айдасам, бөтен аулаға жолағысы келмейді. Сол арадан жіңішке бір шыбық тауып алдым да, сауырға аямастан осып-осып жібердім. Шіркінге жан керек екен, төргі бұрышқа бір-ақ барып жетті. Сүйеулі тұрған легенді құлатып, итті абалатып, ауланың әлек-шәлегін шығарды. Ойлағаным болып, сол кезде үйден Жанар жүгіріп шықты. Адам сасқанда не айтарын білмей қалады екен ғой.
– Жанар, ана бұзауды бері қуып жіберші! – деппін. Бұдан басқа ештеңе айта алмадым. Иттен үркіп, тырағайлап шыққан бұзаудың соңынан қуып кете бардым.
ОН ТӨРТІНШІ ТАРАУДА Менің республика жұртшылығына қалай танылғаным жайлы айтылады
– Уа, кім бар?
Даусы пошташы Көштібай қарттікі еді.
– Мен бар! – деп, жүгіріп шықтым есік алдына. Мен жыл сайын бірнеше газет-журнал жаздырып аламын. Қажет болса, атап берейін: «Пионер» журналы, «Қазақстан пионері», «Пионер правдасы», «Лениншіл жас» газеттері. Ал мамам «Қазақстан әйелдерін» алдырады. Мен әуелгіде бұны әйелдер журналы болғаннан кейін онша менсінбейтін едім, сөйтсем нағыз қызық журнал сол екен.
Көштібай маған «Қазақстан әйелдері» журналы мен «Қазақстан пионері» газетін ұстата берді.
– Басқа газеттер келген жоқ па?
– Жоқ.
Есік алдындағы орындыққа отыра қалып, әуелі «Қазақстан пионеріне» көз жүгірте бастадым. Менің газетті соңғы бетінен бастап оқитын әдетім бар (басқалар да сөйтетін шығар деймін). Өйткені қызықты әңгіме, фельетондар, сықақ өлеңдер соңғы бетке басылады. Бұдан соң үшінші, екінші беттерге ауысамын. Бұлай қарай жүрген сайын газет мазмұны қоңырлай береді. Ал бірінші бетте не жазылғанын тақырыбын оқып-ақ біліп аламын.
Осыған қарап мен газет шығарып отырған құрметті ағайлар оқушының мүддесін ескере бермей ме деп ойлаймын. Әйтпесе, газеттің ең соңғы бетіндегі материалдарды бірінші бетіне, ал бірінші беттегіні ең соңғы бетіне басса, қандай тамаша болар еді. Газетті алған бетте төңкеріп әуреленіп жатпас едің. «Қазақстан пионерінің» соңғы беті мені біраз бөгеп қалды. Аты мәлім С.С. дейтін балалар жазушысының «Көркейген көшелер» дейтін әңгімесі басылыпты. Атына қарағанда және суреттерінің аңғартуынша балалардың көшеге ағаш отырғызуы айтылатын тәрізді. Иә, маңызды тақырып, керек тақырып, «Көркейтейік көшені» дейтін менің бұл тақырыпқа жазылған өлеңім де бар.
Тағы біраз сықақ өлең, жұмбақтар, қытай халқының әзілдері басылған екен. Одан соң кейін қарай сырғып, келесі бетке (газеттің үшінші бетіне) ауыстым. Жоғарыдағы бір сурет көзіме жылы ұшырап барады. Шатырлы үйдің бір пұшпағы, жүк машина, кузов толған, қолдарына айыр-тырма ұстаған жарқын жүзді балалар. Астындағы жазуына көз жүгірте бастадым да, орнымнан атып түрегелдім жынды адамдай. Сосын ас үйге қарай тұра жүгірдім.
– Әже, ау әже!
– О, не.
– Қарашы, газетке менің суретім шығыпты. Қарашы. Міне, мынау ортада тұрған менмін. Міне, міне.
Әжемнің көзі онша жетіңкіремейді.
– Қайсы? Мынау көп адам тәрізді ғой жапырлаған.
– Мен мынау... ең алда тұрмын ғой қасқая қарап. Осы менмін. Дәл өзім.
– Басқалар кім.
– Өзіміздің балалар. Мынау міне, Темір, мынау қолына тырма ұстаған Батырбек, мынау басы қылтиып тұрған Жантас... Көрдіңіз бе. «Жаңа өмір» колхозы жеті жылдық, мектебінің оқушылары жазғы демалыстарында артель шаруашылығына айтулы көмек тигізді. Суретте колхоздың шөп шабу науқанында үлгілі еңбек еткен бір топ оқушы...»
Ім... м... м... суреттің астындағы жазуды әжеме дауыстай ақырын оқып берсем де, кенет тілімді тістеп алғандай болдым. Аяғымды ұшынан басып, сыртқа зытып отырдым. «Мәссаған! Мен бұның байыбына бармай, мақтан көріп жатырмын. Ұят-ай! Қандай ұят іс болған! Шөп шабыс науқанына мен қашан қатыстым? Қашан үлгілі еңбек еттім?» Өлімнен ұят күшті деп, бекер айтылмаған ғой. Осы оймен қабаттасып, бетіме қаным теуіп шыққанын сеземін. Суретке қайта қараймын, сол қалпы. Бәрін бір өзі тындырғандай қақ ортада қасқиған баяғы Қожа. Батырыңның ойына түк кіріп шықсайшы. Танауы делдиіп, көріңдер мені дегендей кеудесін алға тосып, қасындағы басқа балалардан өрескел тұр. Әй, сығыр, өзімнің де оңатын қылығым жоқ қой. Тым құрыса, бір жақ шетке таман қағаберіс тұрсамшы. Кимелеп алға шығатын не әкемнің құны бар десеңші. Қысылғаннан маңдайымнан бұрқ етіп, тер шығып кетті. Енді балалар басы Жантас қу болып, мені күлкі ететін болды.
Кенет басымда қуанышты бір ой жалт ете қалды. Ура! Ақыл табылды. Суреттің астындағы жазуын сиямен танылмастай етіп, өшіріп тастаймын. Сонан соң құйынша зырлап, бүкіл ауылды аралап көрсетіп шығуға болады. Тфу, неткен ақымақпын. Газет осы бір ғана дана болып шығып па екен? Қазір оны балалардың бәрі алып, оқып жатқан шығар.
Айтып, айтпай не керек, осы сурет мені талай тәлкекке жем қылды. Бірақ біраздан соң мен де мойымайтын болып алдым. Балаларға: «бәлем, енді мені жазда колхозда жұмыс істеген жоқ деп, айтып көріңдерші. Айта алмайсыңдар. Менің жұмыс істегеніме «Қазақстан пионерінің» өзі куә, деп кеудемді қағамын.
Республика жұртшылығына мен осылай танылдым.
ОН БЕСІНШІ ТАРАУДА Менің Жантасты құйрыққа бір тебуімнің жай-жапсары айтылады
Бүгін сентябрьдің бірі. Парадтағы солдаттай жаңа формамды қатып киініп, мектепке келе жатырмын. Қолымда су жаңа сары портфель, мойнымда желбіреген қызыл галстук. Кепкамның қалай тұрғаны тәуір болар екен деп, әлгінде айна алдында бірталай машақат шегіп, ақыры оң жақ шекеме таман сырғытып киіп едім. Соны байқамаққа көлеңкеме көз қиығымды салып қоям. Көлеңкем ұп-ұзын болып, созыла түсіп, қалмай келе жатыр. Оның бір аяғы екінші аяғынан қысқа. Кепкамның сиқы да пәлендей әсерлі емес, төбесі қодырайып шығып кеткен.
Әне, алдымда Жанар үйі көрінді. Жүрегім лүпілдеп бұлқына соғып кеткендей болды. Жанар мектепке кетті ме екен, кетпеді ме екен. Бұл үйдің алдынан үкімет басшылары тұрған трибунаның қасынан өткендей кеудемді кере түсіп, сіресіп өтіп барам. Қайдан білейін, мүмкін терезеден Жанар қарап тұрған шығар. Жоқ, көз қиығымды тастап байқаймын, Жанардың қарасы көрінбейді.
Алдымдағы көлденең көшеден папка қолтықтаған ақ көйлекті бір қыз шыға келді. Майқанова. Ойламаған жерден кездескен соң абдырап қалдым. Күзге дейін кім бар, кім жоқ деп, елемей кететін оқу жылының аяғы емес. Басымдағы кепкамды жұлып алып амандастым:
– Сәлеметсіз бе, тәтей.
– Қалай Қадыров, жақсы демалдың ба, – деп сұрады Майқанова.
Ішім қып ете қалды. Қазір ол Сұлтан екеуіміздің жайлаудағы масқара қылықтарымыз жайлы айтатын шығар.
– Жаман емес, – деп күмілжідім.
– Сен жаздай қайда болдың?
– Жайлауда болдым.
– Бәсе, жайлаудан келгенің көрініп-ақ тұр. Күнге жақсы күйіпсің, – Майқанова күле сөйлеп, – нағыз Қара Қожа енді болыпсың, – деді.
«Уһ» деп, демімді қайта шығарғандай болдым. Майқанова ештеңе сезбейтін тәрізді.
Мен онымен қатарласып келе жатып, өзімнің мықты өсіп кеткенімді байқадым. Бойым Майқанованың бойымен деңгейлесіп қалыпты. Әлде Майқанова аласарып кетті ме? Жоқ, мүмкін емес. Қайта оның қазіргі киіп келе жатқаны биік өкше туфли. Жіңішке қисық аяқтары маймаң-маймаң етіп, көйлегінің етегі сирағына оралғыштап келеді.
Мектепке кірдім. Бірінші кластан бастап оқып келе жатқан осы мектеп маған туған анамдай ыстық та бауырмал. Жаңадан сырланған мұнтаздай еден, терезе жадырай күліп тұрған тәрізді. Мынау біздің класс, әлі ешкім келе қоймаған түрі бар. Орынды қай жерден алсам екен деп, біраз ойланып тұрдым. Мұғалімнің қарсы алдына отырсам қалай болады. Жоқ. Одан да ең арты тиімді. Сабақ зеріктіріп жібергенде, партаны ашып қойып, кітап оқып отыруыңа немесе өлең жазуыңа болады. Бірақ, әдетте, артқы парталарға сабақты нашар үлгеретін балалар әуес келеді. Өзіне сенімі күштілер қасқайып алда отырады. Немене, мен солардан кеммін бе? Ең алға, мұғаліммен бетпе-бет отырайын деген шешімге келдім.
Менің ендігі күткенім Жантастың (Тфу, бұл оңбағанның аты аузыма қалай түсіп кетті), Жанардың келуі. Қасымдағы орынды оған ұсынбақпын. Сосын жыл бойы Жанар екеуіміз қатар отырамыз.
Балалар біртін-біртін келіп, кіріп жатыр. Жанар жоқ. Есік алдынан қыздардың үні естілсе, сол шығар деп ойлап қалам. Бірақ ол болмайды.
Бір кезде Жантас оңбаған кіріп келді. Оның үстінде де жаңа форма, көрдіңдер ме дегендей аяғын ширатыла басады. Жантас қолын көтеріп:
– Сәлем еңбек еріне! – деді. «Қазақстан пионеріне» суретім басылғалы бері ол мені өстіп тәлкек етуді шығарған. – Қасың бос па, Қара Көже.
Кекесін дауыспен:
– Саған сақтап отырмын, – дедім.
– Қамқорлығыңа рахмет! – деп, Жантасым елпеңдеп келеді. Партаның шетіне қарай сырғып, тосқауылдай қалдым:
– Бос емес.
– Кім бар мұнда?
– Түсінемісің қазақша айтқанды. Бос емес.
– Жанарға сақтап отырмысың.
Ал, енді, қымбатты оқушым, кінәласаң кінәла, кінәламасаң өзің біл, мен өзімді бұдан әрі ұстай алмадым. Жантастың шақпа тілі бір ғана сәттің ішінде мені үш рет түйреп үлгерді. «Еңбек ері» деп, бір көкітті. Оның артынша «Қара Көже» деп, атымды тәлкек етті. Жанарды және сөзге қыстырып отыр. Зығырданым қайнап кеткені соншалық, орнымнан ұшып түрегелдім де, Жантасты иығынан ұстап, жалт бұрылып, «жұмсақ жеріне» әдемілеп бір тептім.
Қойсаңшы, еркек болғаны құрсын да Жантастың. Маған біреу әлгіндей істесе, әлім келсін-келмесін, сол арада қолында өлем. Сондай бір ашынғандық Жантастан да шығар деп ойлап едім. Мен онда бәлемнің түте-түтесін шығарып, жеп жіберуім қақ еді. Бірақ Жантас өйтпеді, сазарып үндемей қалды. Бар тіс жарып айтқаны:
– Мен ойнап айтсам... – дейді. Байғұстың даусы да біртүрлі бейшараланып шықты. Қайрат, қарсылықтан жұрдай еді.
Осы кезде класқа Жанар кіріп келді. Басында маған ғажап ұнайтын қызыл береткасы. Менің онымен мынадай әбігер халде тұрып, амандасуға да мұршам келмеді. Жанар орта шендегі басқа бір партаға отырғалы жатыр.
Оңбаған Жантастың кесірінен жоспарым күл-парша болды.
ОН АЛТЫНШЫ ТАРАУДА Сұлтан екеуміздің қайта табысып, татуласуымыз, Қарасудан балық аулауымыз сөз болады.Тараудың аяғы серттесумен тынады
Мен Сұлтанды жайлаудан келгелі бері көргенім жоқ. Қайда екенін де білмеймін. Төңіректің төрт бұрышының Сұлтекеңе бәрі мекен, бәрі өріс. Бірді бірге ұрып, жүрген болар жосылтып.
Әй, Сұлтан, Сұлтан. Сенің бойында кісі қызығарлық өнер-қабілеттер толып жатыр-ау. Асауға шалманы қалай дәл тастайсың. Неше саққа жүгіртіп, құйқылжың қоң етінді ойып беруден тартынбайтын батылсың да, жомартсың. Бірақ арамдығың да бар: өтірік айтасың, ұрлық істейсің. Егер оқуды тастамасаң, әлгі айтылған лас қылықтарыңнан ада болсаң, сенен түбінде жаман азамат шықпас еді.
Менің Сұлтан жөніндегі пікірім осындай.
Сұлтанды мен жиі ойлаймын. Одан ажырасқалы бері өзімді жартыкеш қалғандай, бірдеңем жетіспейтіндей сезінемін. Ал Сұлтекеңнің қасында уақыттың қалай зымырап өткені білінбеуші еді.
Бір күні мен мектептен қайтып келе жаттым. Қора бұрышын айнала бергенім сол еді, бір ит оқыстан «ыр-р-р» деп, ала кеп түсті тақымымнан. Баж етіп, артыма жалт бұрылдым. Қарасам, ит түгіл сайтан да жоқ, шидің түбінен сылқ-сылқ күліп, Сұлтаным шығып келеді!
– Ой, мықтап бір қатырдым-ау, Қара Көже. Нағыз сужүректің өзі екенсің ғой. Үйге барып, тезірек шалбарыңды ауыстыр. Ха-ха!
Мен Сұлтаннан мұндай көңілді келісті күтпеп едім. Жайлаудағы тойда оны Жұмағұлға ұстатып бермек болған «опасыздық» қылығымнан кейін ол маған тісін басып жүрген шығар, бір ыңғайын тауып, бәлем, әкемді танытар ма екен деп, қауіптенетін едім. Жоқ олай емес бұрынғы жолдастығымыз сол бәз-баяғы қаз-қалпынан бұзылмағандай, қаймағы шайқалмағандай. Сұлтаным күлкіге шашалып, сықылықтап тұр. Реңінен жаулық ойлағандай ештеңе танылмайды. Бұны көріп, мен бойымды тез жинап ала қойдым. Сұлтанға көңілімде дық сақтап жүрген адамдай өңімді суыққа салып:
– Сен менен аулақ жүр, – дедім.
– Не боп қалды Қара Көже?
– Анада мені неге тастап қашып кеттің? Соның адамгершілікке жата ма?
– Жә, жә, Қара Көже. Соны әлі ұмытпай жүрмісің? Жұмағұлмен мен есептестім. Оған мынау деген әдемі күміс темекі сауыт апарып бердім. Бері қара, одан да сен қазір балыққа барасың ба? Сонау жоғарыдағы Киікбайдың өткелі тұсынан ар жақтан мен ғажап бір қара су таптым. Балық деген саған өтірік, маған шын, бықып жүр. Бардық болды, сүзіп аламыз.
– Торың бар ма?
– Диірменші Иванның торын аламыз. Ол менің досым, береді.
Балық аулау тәрізді жаным құмар істен бас тартуға маған қиын еді.
– Жарайды, мен тамақтанып алайын, – дедім. Сұлтан қанжырдай бір тор атты біздің қораға кіргізіп байлап қойыпты. Соған баяғыша екі ерді ерттедік те, мінгесіп алып, тартып отырдық. Шіркін, рахат-ау ат үсті.
Еңсем көтеріліп, көңілім бірден гүл-гүл жайнап кеткендей болды. Жолдан диірменге соқтық. Диірменші Иван қарт Сұлтанмен шұрқырап көрісті. Екеуі темекі тартысып, бір-бірінен жаңалықтар сұрасып, жетісіп қалды.
– Сіз бізге ауыңызды беріңізші. Балық аулайық деп едік, – деді Сұлтан. Иван ләм-мим деп, бір ауыз сөз айтпады.
– Ау әне, үйдің үстінде тұр. Ала бер, – деді.
Ауды алып ап, әрмен қарай жөнелдік. Қалың тоғайдың ішіндегі ескі сүрлеумен сыпылдатып келеміз. Кей жерлерден бөстектей ұйысып бүлдірген сабақтары ұшырысады. Сол сабақтардың ара-арасынан қып-қызыл боп, маржанжай жылт-жылт етіп, бүлдіргеннің өзі көрініп қалады. Түсе қап, теріп жегім келіп, аузымның суы құрып кетеді. Бірақ оған Сұлтан көнбейді, оның жаны балыққа жетпей жай табар емес.
Сұлтан айтқан қара су жыныс тоғайдың ішінде екен. Арнасы шұңғыл, тор салуға қолайлы. Атты анадай жерге талға байлап қойдық та, өзіміз жаяулап, аяғымыздың ұшынан басып келдік. Бықып жүрген балығы қайсы деп, еңкейіп, мойнымды созып қараймын. Сол кезде Сұлтан «кис!» деп, пробка тәрізді серіппелі жағаны бір теуіп қалып еді, кілең бір ұп-ұзын қара балық өріп шыға келді. Зу-зу етіп, жоғары-төмен безіп-безіп барады.
– Ту! Көбін-ай балықтың! – деп, айқайлап жіберіппін.
– Тс-с-с, айғайлама! – деді Сұлтан.
Екеуіміз тепе-тез шешіндік те, қара судың аяқ жағынан бастап сүзуге кірістік. Маған Сұлтекең бір қылтаға торды ашып қойды. Өзі ұзын ашабас шыбықпен судың астан-кестеңін шығарып, күмпілдетіп келеді.
– Кетері Ботала-топан лай судың ішінен торды жалма-жан тік көтеріп алдым да, ап-ауыр күйінде көгалдың үстіне сүйретіп тастай бердім. Бірін-бірі сабалап шоршақтаған көп балық шүпірлеп, үйіліп түсті.
– Ура!
Қара судың басы онша алыс емес, төбешіктенген саздан шығады екен. Бас-аяғы бір сағаттай уақыттың ішінде сүзе-сүзе көмейіне жеттік. Ұстаған балығымыз бір шөмеле болды.
Енді міне, Сұлтан екеуміз пейіштің нақ төрінен орын алғандай отты маздатып жағып тастап, жетісіп балық пісіріп жеп отырмыз. Нан, тұз, балық асып жейтін ыдыс ала келмегенімізге өкінеміз. Сұлтекең кепканы теріс айналдырып киіп алған. Бір жақ қабырғасы қап-қара болып, қарылып піскен ыстық балықты күйелеш-күйелеш ұртына жөнелтіп жатып:
– Қара Көже айтшы, осылай өмір сүрген жаман ба, – деді. Мен ойымдағыны айттым:
– Рақат, нағыз рақат.
– Ендеше оқу оқып не азабым бар. Таста оқуды.
– Онда мені мамам өлтіреді.
– Өлтірмей қалсын. Кісі өлтірудің оңайын-ай, ә. Бұрнағы жылы жөкем де маған: оқуды тастайтын болсаң, жота теріңнен таспа тілмесем неғылсын, онда екі қолымды төбеме қойып беземін сенен деп, ант су ішуші еді. Сол да түк істеген жоқ қой. Белбеуімен жотама екі осқанда, өзенге қарай тұра жүгіріп ем, екі көзі шарасынан шығып, өзінің зәресі ұшты. Артымнан қуып жетіп, құшағына алып: оқымасаң, оқымай-ақ қой, әйтеуір тірі жүр қу жалғыз деп, аймалап, сүйіп, үйге әкелді. Содан бері қарай ләм деп, аузын ашпайтын болды. Ал егер мамаң саған қол тигізетін болса, онда милицияның тұра өзіне жүгір. Баланы ата-анасы ұрсын деген заң жоқ бізде. Бұл үшін олардың көкесін танытып жібереді.
«Мамам мені өлтіреді» дегенім, әрине, жай сөзім. Мүмкін, сәби кезімде ұрса, ұрған шығар. Бірақ ес білгелі ол маған қол тигізіп көрген емес. Қандай реніші болса да сөзбен айтады, қас-қабағымен білдіреді. Қымс етсе, «әй тоқмаш жейсің!», «тоқмаш берем!» деп, күш көрсететін ол әжемнің әдеті ғой. Бірақ оның «тоқмашы» да жапырайған аузынан ұзап көрген емес.
Оқуды тастау менің пәруейімде жоқ нәрсе.
– Жоқ, мен оқуды тастай алмаймын, – дедім үзілді-кесілді.
– Оның да дұрыс екен, – деп иланды Сұлтан. – Сен оқуды тастасаң, маған ілесіп тастады деп, екеуімізді бірден қудалап пәле қылады. Оқи бер. Оқудың түбіне сен-ақ жет. Мүмкін кейін дырдай бастықтың бірі болып шығарсың. Сонда маған шапағатың тиер. Машинаңды бере тұршы деп, барсам, қалайша бермейсің.
– Мен бастық болмаймын, – дедім.
– Енді кім болсаң?
Мен өзімнің үлкейгенде жазушы болатындығыма кәміл сенемін. Бірақ тап қазір Сұлтанға немесе басқа біреуге солай деп айтып көрші, – жатып кеп келеке қылады.
– Кім болатындығымды өзім білем.
Біраз қаужаңдап әлденіп алғаннан кейін Сұлтан екеуміз балықтарды соя бастадық. Күн кешкіріп, тоғай ішін көлеңке басып кетті. Ызыңдаған біз тұмсық сармасалар көбейді. Балықтың ішін жарып жіберген бетте Сұлтан оның торсылдағын алып, тарс еткізіп, маңдайына бірді соғып қалады. Өстіп-өстіп оның маңдайы сап-сары ала болып боялды.
Сұлтан кенет:
– Қара Көже, қарақшы болғың келе ме? – деп сұрады.
– Қайтіп?
– Осы араның бір жерінен көрінбейтін етіп күрке жасап аламыз. Балықты мол етіп кептіріп жайып тастаймыз. Кейде мүмкін, жолға шығып, кісі тонаймыз. Бұрынғы қарақшылар қайтіп өмір сүрсе, біз де сөйтеміз.
– Біздің ыдыс-аяқ, мылтық ештеңеміз де жоқ қой?
– Оның бәрін үйден әкеліп аламыз, – деді Сұлтан. – Бұл бір керемет болар еді ғой.
– Мен оқуды қайтемін?
– Оқуыңды оқи бер. Біз күндіз емес, түнде қарақшылық істейміз.
Сұлтанның идеясы мені қызықтырып жіберді. Иә, бұл шынында да, ғажап болар еді-ау. Шіркін, бір түнде Жанарды да ұрлап әкелер едік. Ол бізге ас пісіріп, кірімізді жуып берер еді.
Балықтарды сойып болғаннан кейін әдемілеп тұрып шыбыққа тіздік. Содан кейін маңайдан күрке жасайтын ыңғайлы жер іздей бастадық. Ондай ыңғайлы жер судың дәл жағасынан табыла кетті. Ит тұмсығы батпайтын жыныс көк талдың арасы. Талдың желкілдеген ұштарын шырмай, айнала тоқып тастап едік, іші ұядай ғана әдемі қуыс пайда болды. Оның оймақтай аузынан бір кісі еңбектеп азар сыяды.
Үңгірге Сұлтан рақаттана қарап тұрып:
– Қарашы, Қара Көже, тамаша емес пе. Бұл арада жүз жыл тұрсаң да, төбеңнен дәл келіп түспейінше, жан адам таба ала ма? – дейді.
– Таба алмай қалсын. Тіпті дәл келіп түскен адамның өзі бұның асты қуыс деп еш ойламайды.
– Қатып кетті. Өмір деп, міне осыны айт. Мылтық әкелеміз. Менің келіскен финкам бар, оны әкелеміз. Ех, Қара Көже. Өмір бойы көрмеген рақатыңды көрсететін болдым-ау. Бірақ, Қара Көже, біз мынаған келісейік: ендігәрі бір-бірімізге жаздағыдай опасыздық істемейік. Шын адал дос болайық. Қарақшылар бірі үшін бірі жанын қиюға тиіс. Кәне, әкел қолыңды!
Сұлтан екеуміз қол алыстық, шынашақ ілмелестірдік. Сұлтан оны сол қолының алақанымен қырынан бір қойып үзді де:
– Тоқта, біткен жоқ, – деп, шөпшек ағашпен жерге дөңгелек сыза бастады.
– Бұл не?
– Бұл қызыл ошақ. Кім де кім сертті бұзатын болса, о дүниеде дозақта шыжғырылады.
Дөңгелектің ортасын айқастыра Сұлтан сызықтар жүргізді. Сонан соң етпетінен жата қалып, сол сызықтардың түйіскен жеріне маңдайын тигізді. Бұл ырымды мен де істедім.
ОН ЖЕТІНШІ ТАРАУДА Жан сезім құбылысының әр оқушының басында кездесуі ықтимал бір сәтті кезі сипатталады
Кешегі күні бойғы әрекеттен кейін тұяқ серіппей қатып ұйықтап қалыппын. Әжем жұлқылап оятты.
– Қожа, Қожатай. Әкем-ау, сен бүгін сабағыңа бармаушы ма едің?
Көзімді ашып алып, қабырға сағатқа қарасам, сегізге он бес-ақ минут қалған екен. Атып түрегеліп, тез киіндім де, беті-қолымды шайып жіберіп, бір кесе айранды тікемнен тік тұрған күйде қотара салдым. Кеше титықтап келіп, сабақ қарауға мұршам болмап еді. Бүгінгі болатын пәндерді сумкама асығыс салып алдым да, мектепке жүгірдім.
Қоңырау соғылып кетіпті. Бірінші сабақ орыс тілі болатын. Анфиса Михайловна класқа жаңа кіріп барады екен, тасырлатып жүгіріп келе жатқан мені көріп, тоқтай қалды. Мұғалімдердің ішінде бұл өзі алтын адам. Былтыр біздің мектепке педучилищені бітіріп келген. Жазда барып, институтқа сырттан оқуға түсіпті.
– Қадыров, немене, ұйықтап қалғансың ба? Тоқта, галстугіңді түзе.
Омырауымды сипалап таппаған галстугім, сөйтсем, иығыма шығып кеткен екен. Бұрып әкеп, орнына қойдым да, зып беріп, класқа кірдім. Балалар дүр етіп түрегелді. Маған емес, әрине, артымда келе жатқан оқытушыға құрмет көрсеткендері ғой. Бірақ мен оны басқаша қабылдадым. Бір секундқа кідіріп, мұрнымды көкке шүйіріп, маңғаздана қалдым да, қолымды кеудеме қойып, тәжім еттім. Бұным балалардың құрметіне сыпайыгершілікпен қайтарылған жауап болды да шықты. Балалар ду күліп жіберді. Анфиса Михайловнаның қас-қабағын аңдамаққа, артыма жалт бұрылып қарап едім, оның да күлімсіреген жүзін көрдім. «Әй, Қадыров, шығармайтының жоқ-ау» дегендей Анфиса Михайловна жымиып, басын шайқап қойды.
Адам жанын ол керемет түсінеді.
Мақтанғаным емес, кластағы орыс тілін тәуір біледі дейтін оқушының бірі менмін. Өткен жылдың барлық тоқсаныңда да бұл пәннен ауызша, жазуша ылғи «бестік» бағалар алдым.
Анфиса Михайловнаның мені тәуір көретіндігіне, мүмкін, бұл да себеп шығар.
Жаңа сабақты түсіндіріп болғаннан кейін ол:
– Ал, балалар, Пушкиннің «Қысқы кешін» жаттап келдіңдер ме? – деді.
– Жаттап келдік.
– Тәтей, мен айтайыншы!
– Мен айтам!
– Анфиса Михайловна, менен сұраңыз, – деген дауыстар бірін-бірі баса-көктеп, жамырап кетті.
Сендер дәл осы сәттегі Қожекеңнің халін білсеңдер етті. Менің кеше сабақ қарауға мұршам болды ма? Үйге ел орынға отыра келіп жеттік. Одан кейін Сұлтан ат тұсап келейік деп, жайылымға ертіп барды. Содан соң Хасеннің Мәрзиясын қай жігіт айналдырып жүргенін білеміз деп, ел жатқанға дейін бостан босқа Хасеннің үйін торуылдадық.
– Кім айналдырса, сол айналдырсын. Бізге оның керегі қанша? – деймін Сұлтанға.
– Керегі бар, – дейді Сұлтан.
– Не керегі бар?
Жауап беру орнына Сұлтан ауыр күрсінеді.
– Қара Көже, саған бұны түсінуге әлі ерте, – дейді. «Бопты, сен-ақ түсін».
«Қысқы кешті» жаттап келмек түгіл мен ондай тапсырма берілгенін ұмытып та кеткен екем. Есіме мұғалім айтқанда ғана түсіп, бүйірімнің түп жағы қып ете қалды. «Масқара!» Сұрай қалса, масқара болдым – ау!»
Анфиса Михайловна тақтаға шақырып сұрай бастады. Әуелі «Балабекова» деп, Жанарды атады. Жанар сабаққа дайындалмай келуші ме еді.
Буря мглою небо кроет, Вихри снежные крутя, – деп, бастады да, сыдыртып, тоқталмай айтып шықты.
– Жарайсың, Балабекова, отыр.
Жарайсыңды Жанарға ішімнен мен де айтып жатырмын. «Япыр-ай, енді мені шақырып қалмаса игі еді. Жазған басым, кеше осы өлеңді бір жапырақ қағазға көшіріп, балыққа ала кетсем ғой, ерігіп, демалып отырғанда, тептез-ақ жаттап алам».
– Тұрсынбаев, – деді мұғалім.
Менің желкемнен қылқиып, арт жағымда отыратын Жантас орнынан түрегелді. Буря мглою...
– Тақтаға шығып айт.
– Бәрібір емес пе?
Ох, сұмпайы Жантас. Сұмпайысын қарай гөр. Партаның астына кітапты ашып қойып, бір көзі мұғалімде болса, бір көзімен соны сығалап тұрмақшы ғой. Өйтіп көрген күнім құрсын да. Жантастың пасық қулығына жем бола қоятын адам Анфиса Михайловна емес.
– Тәртіп жұрттың бәріне бірдей. Тақтаға шығып айт, – деп, ол дегенінен қайтпады.
Жантас мұрнын уқалап, тырп-тырп басып, тақтаға шықты.
– Ал енді айт.
– Буря мглою... – Жантас осыны айтты да, жым болды.
– Дальше?
– Мұғалім, мен жаттамай келіп едім...
– Неге жаттамадың?
– Диірменге барам деп... уақытым болмай... Анфисая Михайловна Жантасқа біраз қарап тұрды.
– Да. Мүмкін, орныңа барып айтатын шығарсың? – деді. Біз ду күліп жібердік.
– Отыр, Тұрсынбаев. Осымен, міне, екінші рет «екілік» баға алып отырсың. Үйге берілген тапсырманы орындамай келгеніңмен қоймай, қулыққа басып, мұғалімді алдамақ боласың. Бұның жаман. Бұдан былай мұндай қылығыңды маған көрсетпейтін бол. Білсең, білемін деп, білмесең, білмеймін деп, шыныңды айт.
Сол керек залым Жантас. Кірмегенің қара жер, сауап болды. Біреуді атыстырып, зымияндық ойлағанша, сабақ, оқысаң болмас па еді.
Бір ойым осылайша Жантасты табалай, жетісіп жатса, екінші ойым төбемнен тас құлауын күткендей үрейлі халде. «Қазір тақтаға сені шақырса қайтесің? Сен не деп сылтау айтасың. Сұлтан екеуіміз балық аулап, қарақшылық өмірдің қамын жасаумен болдық демекшімісің?»
– Жақанов, – деді мұғалім.
Тағы бір қатерден жаным қалғандай «Уһ» деп, демімді шығардым. Менің байқауымша, әр мұғалімнің сабақ сұрау тәсілі әр түрлі. Мәселен, Майқанова тізімнің басынан төмен қарай қуалап сұрайды. Онысы біз үшін рақат. Өзіңе дейін неше оқушы қалғанын, сенен қашан сұрауы мүмкін екенін біліп отырасың.
Ал, Анфиса Михайловна өйтпейді. Алфавитті қуаламай, тәртіп сақтамай сұрайды. Қазір тізімнің басындағы біреуді атаса, одан соң соңғы жағынан біреуді атайды. Бүгін сұраған адамнан ертең, тағы да сұрауы мүмкін. Қысқасы, ол кімнен сұрағысы келсе, содан сұрайды. Оның ой-пиғылын күні ілгері аңдау мүмкін емес.
Менің ендігі бар үміт артқаным қоңырау үні болды. Шіркін-ай, сол сыңғырлап қоя берсе, жаным қалар еді-ау. Келесі жолы «Қысқы кешті» қатырып жаттап келіп, бірінші болып айтар едім. Әне, мұғалімдер бөлмесінің есігі ашылғандай болды. Дәу де болса, бұл шыққан кезекші әйел. Жұдырықтай ғана сүйкімді сары жез қоңырау соның қолында. Қазір сыңғырлап қоя береді.
Жоқ, бұл шыққан кезекші емес көрінеді. Басқа біреу болды. Япыр-ай, қырық бес минут уақыт ендігі өтсе керек еді ғой. Бұл мұнша неғып созылып кетті? Әлде кезекші әйел тысқа шығып кетіп, біреумен сөйлесіп, тұрып қалды ма. Әне қоңырау... Жоқ, бұл арба екен өтіп бара жатқан.
Жақанов та зулатып айтып шықты. Бұның бәрі бүгін тез айтқыш болып кеткен екен. Мұғалім еңкейіп, оған баға қойып жатыр. Жаным қылпылдап тырнағымнын ұшына келді. «Енді кімді шақырар екен?»
– Қадыров...
Төбемнен шатыр етіп, жай түскендей болды. Не істерімді білмеген меңіреу халде орнымнан сүйретіліп түрегеле бердім. Маңдайымнан бұрқ етіп, суық терім шығып кетті. Ох, шіркін-ай. Адам өмірінде сыпаттап айтуға тілің жетпейтін неше алуан бақытты минуттар бола береді-ау. Соның бірін мен дәл осы сәтте бастан кештім. Мен ләм деп үлгергенімше, дәлізден қоңырау үні сыңғырлап қоя бергені. «Уһ!»
– Жарайды, отыр Қадыров. Сенен басқа жолы сұраймын, – деді Анфиса Михайловна.
Буын-буынымнан әл кетіп, орныма сылқ ете қалдым.
ОН СЕГІЗІНШІ ТАРАУДА Повестегі ең кішкентай тарау
Мектептен келе жатып Сұлтанды көрдім. Біздің қашаға сүйеніп, қолына бүктеп ұстаған дырау қамшыны етігіне ұрғыштап, тықыршып, менің жолымды тосып тұр. «Жоқ, тоғайға бүгін бармаймын, – деген ойға келдім. – Сабақ, оқимын. Ертең «Қысқы кешті» жаттап баруым керек. Одан басқа да тапсырмалар толып жатыр».
– Қара Көже, таста кітабыңды. Кеттік.
– Мен бүгін бара алмаймын.
– Неге?
– Сабаққа дайыңдаламын. Үйге тапсырманы сондай көп берді.
– Ой, Қара Көже. Сол да сөз бе екен. Жүрші, мен саған не әкелгенімді көрсетейін. – Сұлтан мені қораға ертіп кірді. Тор ат байлаулы тұр. Жеп-жеңіл бүктеме шиті мылтық ердің қасында ілулі. Теңкиген былғары қоржынның екі басы тола картоп, нан. Қанжығада дөңгелек қара шелекше. – Міне, не керектің бәрін тауып әкелдім. Оқ дегенің жетеді. Сұлтан қалтасынан шүпілдеген бір қорап оқ алып көрсетті. – Елу оқ. Тағы біреу жүз оқ тауып берем деп Уәде қылды.
Мен солқылдай бастадым. Мынаның бәрін көре тұрып Қалайша солқылдамассың.
– Онда біз кешке ертерек қайтып келейік. Мен үйге берілген тапсырмаларды орындауым керек.
– Жарайды, орындарсың.
Тор аттың сып-сып еткен аяңымен тоғай ішіне келіп кірдік. Қоян, қырғауыл көрінсе атпақшы болып, Сұлтан мылтығын оқтап, дайын ұстап келеді. Бірақ, сауысқаннан басқа ештеңе кездесе қоймады. Сұлтан екеуіміз кезектесіп ат үстінен сауысқан атқылай бастадық. Тигізе алмадық.
Мынау міне, кешегі балық аулаған қара суымыз. Аттан түсіп, тал үңгірімізге кірдік. Торымыз бен ұстаған балығымыздың барлығын кеше осында қалдырып кеткенбіз. Мәссаған, талға тізіп қойған балығымызды бір нәрсе түгін қалдырмай жеп кетіпті. Бас сүйектер мен қылтанақтың жұғын-жұрнағы ғана шашылып жатыр. Не жеуі мүмкін? Ит пе, құс па? Қасқыр ма, түлкі ме? Басымызды қанша қатырып ойласақ та, байыбына бара алмадық. Әйтеуір адам алмағаны ақиқат. Адам бүйтіп, бүкіл балықты шикілей жемеген болар еді және ол торды да қоса әкетер еді. Ойламаған жерден жолыққан бұл жағдай бізді секемдендіре түсті.
Шешініп тастап, тағы да тор сала бастадық. Міне қызық, кешегі өріп жүрген көп балық бүгін көрінбейді. Азайып қалғаны ма, жоқ әлде басқа жаққа ауып кетті ме? Еңбегіміз жанбады, мардымсыз азғантай ғана балық ұстадық. Бірақ оның рақаты кешегіден артық болмаса, кем болған жоқ. Жылымсыған тұзсыз құр балықты отқа пісіріп жегендей емес, картоп турап, қатырып сорпа жасап іштік.
– Балық болса, жоқ. Енді не күн көреміз? – дедім Сұлтанға.
– Қоян, қырғауыл аулаймыз.
– Ол да жоқ қой.
– Неге жоқ. Осы тоғайдың арасы толған қоян мен қырғауыл. Тіпті елік те бар. Бірақ оларды не таң азаннан өйтпесе кешкі салқында жайылымға шыққанда аулау керек. Күндіз олар қыбыр етпей бұта-бұтаның түбінде, шіліктің арасында жатып алады.
Біз мынаған келістік: ертең күн – сенбі. Төсеніп-жамылатын бірдеңелерімізді алып, қонуға осында келеміз. Түней жатып, кешінде тоғайдан аң аулаймыз. Түнде қара жолға шығып, қарақшылық істейміз – жүргіншілерді тонаймыз.
– Келістік қой?
– Келістік.
ОН ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУДА Бір сөзбен «қызғаныш» деп атаса да болар еді
Майқанова науқастанып қалыпты, сабағы болмады. Бұған, әрине, біз пәлендей қайғыра қойған жоқпыз. Қайта жек көретін мұғалім ауырып, сабаққа келмей қалса, балаларда одан үлкен қуаныш бар ма? Кластың іші мәз-мейрам улап-шулаған дауысқа толып кетті. Добымызды алып, дүркіреп, волейбол алаңына қарай жүгірдік. Класта бірімен бірі бақас екі команда бар. Орын-орнымызға тұра қалдық та, ойынды дереу бастап жібердік.
Егер сенбесеңдер, келіп көрулеріңе болады, мен волейболды жаман ойнамаймын. Ал бұл жолы ерекше бір шабытпен ойнадым. Талай қыңыр доптарды қиырдан қағып алып, жалт-жұлт етіп, жан таппай жүрмін. Мүмкін, тобымен келіп, біздің ойнымызға қыздар қарап тұрғандықтан осылай шығар. Жанардың алдында нашар ойнауға менің қандай қақым бар. Кейбір шебер қимылдарым өзге түгіл өзімізді де сүйсіндіреді. Бір рет қиын бір допты жығылып жатып алғанымды қайтерсің. Етпетімнен төрт тағандап дік ете қалдым, бірақ допты аспандата қағып та үлгердім.
– Өй, жарайсың.
– Өлме, Қара Қожа!
– Молодец! – деген дауыстар жамырап кетті. Орнымнан лып етіп, тез түрегелдім де, қыздар жаққа көз салдым. Олар да мәз. Жанар... Япыр-ау, Жанар қайда? Мыналардың ішінде Жанар жоқ қой. Бағанадан бері мен Жанар қарап тұр екен деп, жанымды пида етіп ойнап жүрсем...
– Сегіз де – сегіз. Тепе-тең. Допты оң жақ береді. Доп беру менің кезегім екен. Аяқ астынан еңсемді әлдеқандай көңілсіздік басты да, қалай болса, солай ұра салдым. Доп торға барып тиді.
– Өй, саған не болды?
– Не қара басты, Қара Көже?
– Мұның не-ей. Аш өзегіңе түсіп кетті ме?
– Қолымнан шығып кетті, – деп сылтаураттым. Біздің команда ұтылып қалды.
– Мен ойнамаймын, – дедім. Орныма жүгіріп барып, басқа бір бала тұра қалды.
Жанар қайда? Оның класта орнынан тапжылмай кітап оқып отыратын бір әдеті болушы еді. Қолымның шаңын шарт-шұрт қағып, мектепке қарай бет алдым. Кластарда сабақ жүріп жатыр. Жетінші кластың есігі сәл ашық тұр екен. Тарихшы Оспановтың даусы саңқылдап естіледі. «Аз ұлттар теңдік алғысы, өздерінің ұлттық қасиеттерін сақтап қалғысы келсе, бірігулері керек. Қорқау империалистер онсыз олардың дыбысын да шығармайды...»
Өзіміздің класқа кірдім. Кірдім де, сілейіп тұрып қалдым. Көргенімнен де менің мұны көрмегенім артық еді ғой. Класта Жанар мен Жантас екеуі ғана отыр. Басқа ешкім жоқ. Отырғанда жайдан жай отырған жоқ. Бір партада – Жанардың партасында біріне-бірі тақала түсіп, әлдеқандай бір суретті журнал оқып отыр. Беріліп оқып отырғандары соншалық, бастары түйісіп кеткен. Маған бір-бір көз тастады да, екеуі өздерімен өздері бола берді. Оқып отырған Жантас еді.
– Не оқып отырсыңдар? – деп, мен қастарына келдім. Назар аудармайды. Көзімді салып байқасам, олардың мұнша қадалып отырғандары чех саяхатшылары Зигмунд пен Ганзелктің Африка туралы жазған очерктері екен. Барын салып, мәнерлеп, құбылтып оқиды Жантас қу. Жанар оны ұйып тыңдап отыр.
Не істерімді білмей, сілейіп тұрдым да қалдым. Ішімде әлдеқандай бір отты құйын көтерілгендей болды. Мен Жанармен бір де бір бұлай отырып көрген жоқпын. Неткен ақымақпын десеңші, сабақ болмай қалғанда, өстіп қызық бір журнал тауып әкеліп, Жанарға оқып беру бұған дейін ойыма неге келмеді екен. Жантастың қуын...
– Жүр волейбол ойнаймыз, – деп, Жантасты иығынан жұлдым. Сол кезде Жанар шытына қарап:
– Қожа, бөгет жасамашы, – дегені бар емес пе. Мәссаған керек болса. Мен оның аузынан осындай сөз естимін деп ойлап па едім. Төбемнен ыстық су құйып жібергендей жидіп түстім.
Өз орныма бардым. Портфелімді алып, ақтара бастадым. Не іздегенімді өзім де білмеймін. Жүрегім дүрс-дүрс етіп, қабына соғады. Мисызбын-ау, мисызбын! Ештеңе ойлап табуды білмеймін. Қашан да басқалардың ісіне қызығып, қызғанып тұрам. Менің де басым жұмыс істейтін заман болар ма екен, болмас па екен.
Портфелімді орнына қайта қойып, сыртқа шығып бара жатырмын. Жанар мен Жантас әдейі қарамауға, оларға мен де назар аудармауға тырыстым. Дегенмен, есіктен шыға беріп, көз қиығымды бір тастап өттім. Дәл осы минутта Жанардың да маған қабағының астынан сүзіле қарап қалғанын аңғардым. Көздеріміз бір сәтке түйісіп өтті. Қателеспесем Жанар күлімсіреген тәрізді болды. Маған күлімсіреді ме, жоқ әлде тыңдап отырған очерктің қызығына елтіді ме. О жағын мен талдап, пайымдай алған жоқпын. Жанар күлімсірегеңде, мен ашу шақырып, қабақ шытқандай бір қыр таныттым да, есіктен сыздап, тығылып шығып кеттім.
ЖИЫРМАСЫНШЫ ТАРАУДА Екі нәрсені жазудың қиындығы айтылады
Жоқ, мен Жанарға айтуым керек. Мүмкін ол менің оған шын не екенімді... Япыр-ай осы бір сөздің қорқынышы-ай... Мейлі, ауруды жасырғанмен өлім әшкере қылады дейді ғой. Бүгін жасырғанмен, ертең есейген кезде бәрібір әшкере болады. Сондықтан не де болса оқушыға турасын айтуға тиіспін. Менің оған шын... ғашық екенімді, мүмкін, Жанар білмес. Білсе ол Жантаспен неге солай отырады. Сондықтан мен оған айтуым керек бәрін де. Үлкейгенде кім болатындығымды, менен басқа ешкімді Жанар сүймеуі керектігін – бәр-бәрін жасырмай айтуға тиіспін. Айтайын. Тап қазір сабақтан тарасымен онымен үйге бірге қайтамын да, жол-жөнекей: – Жанар, ғафу ет. Менің саған айтатын сөзім бар. Ол мынау... – деп, түк қалдырмай айтып берем. Немене, қолымнан келмей ме? Келеді. Мен сужүрек емеспін. Айта алмасам бар ғой... не деп ант ішсем екен.
Міне, соңғы сабақ та аяқталды. Жанарды иықтап, сыртқа қатарласып-ақ шықтым. Жүрегім лүп-лүп етіп, артыма қарасам, Жантас қу ілесіп келеді екен. Оның көзқарасы маған: айт, айтам деп, кіжінген соң, айтпайсың ба енді? Батыр болсаң айт! – деп, әрі келемеждеп, әрі аңдып келе жатқандай көрінді. Бойым тітіреп, дірілдеп кеткендей болдым. Жантас қана емес, балалардың бәрі Жанар екеуімізге қарап, бұлар не сөйлер екен деп, құлақ түріп бара жатқан тәрізді.
«Жоқ, одан да, хат етіп, жазып берейін. Міне осым жөн, осы дұрыс» деген ойға келдім. «Ауызша айтқанда, мүмкін, бірдеңелерді ұмытып, айта алмай қалармын.
Ал хатта қатырып, тәптіштеп тұрып, бәрін де жазуға болады».
Күн райы бүгін бұзылыңқы. Күз болғанын білдіргісі келгендей желдетіп, қабақ түйіп тұр. Талайдан бері мөлдіреген ашық еді, сірә, жауатын түрі бар. Жасарын бұрынырақ жасап болып, үзіліп түскен бірлі-жарым қуаң сарғыш жапырақтар байқалады көшеде.
Мен тамақтанып отырғанда, тысырлап күн жауа бастады. Жынды бір құйын есік алдында зыр қағып, ана босағаға бір, мына босағаға бір соғылды, шаңдатып жіберді. «Мына қан жауғыр қайтеді» деп, әжем есікті жабуға ұмтылып еді, құйын оны одан бетер ызаландырмақ болғандай лезде аяғының дәл астынан келіп шықты да, көйлегін дөңгелентіп кеуектей түріп жіберді.
Кешегі уәдеміз бойынша Сұлтан келіп қалар деп күтіп едім. Келмеді. Тап қазір оның келмегеніне мен қуанбасам, ренжігем жоқ. Төр үйге кіріп, столыма жайғасып отырдым да, Жанарға хат жазбақшы болдым. Сағат қазір бір жарым.
Сағат екі болды...
Екі жарым болды...
Үш болды...
Столымның үсті қиқымдалып жыртылған қағазға толып кетті. Осының бәрі Жанарға жазылған хаттар. Жазамын, ұнамайды – жыртамын. Тағы жазам – тағы жыртам, бір дәптерді тауысуға айналдым. Жай сөзбен де жазып көрдім, өлеңдетіп те жазбақшы болдым. Болмайды, көңілімдегі лықсып тұрған көрікті ой қағазға түскенде өңезіп, өңі қашып кетеді. Жай ғана әсерсіз бірдеңе болып шығады.
«Жанар, мен сені керемет жақсы көрем!»
Тфу, осы да сөз бе. Жақсы көрудің кереметі, керемет емесі бола ма екен?
«Жанар, мен сүйем сені!»
Қандай тұрпайы – құдды кинодағы секілді.
«Ж... Қозы мен Баян секілді болайық».
Жо, бұл да емес. Іс-міс жоқ, түйеден түскендей етіп, бұл ненің қисыны. Әуелі бас жағын былай... жұқалап жазу керек емес пе. Содан біртін-біртін дамытып... сонда қалай жұқалап, қалай дамытпақшымын?
Екі нәрсені жазудың қиындығына менің көзім әбден жетіп болды. Бірі – қызға хат жазу, екіншісі – шығарма. Өлең жазғандай емес, мұның машақаты да жетерлік көрінеді. Мінекей, осы повесті жаза бастағаныма екі-үш айдың жүзі болды. Қашан аяқтаймын, немен аяқтаймын, ол жағы маған әлі мәлім емес. Не де болса, бір тиянаққа тезірек келіп, бас-аяғын көмкеріп, ал халайық ендігі төрешісі өздерің болыңдар. Мен қолымнан келгенін істедім. Бағасын өздерің беріңдер деп, жұртшылық талқысына ұсынғанша асықпын-ақ.
Әрине, мен бұл повесті ойдан шығарып, немесе басқа біреу туралы жазып отырсам, онда тағы қанша жазарымды, оның немен тынарын да күні ілгері тұспалдап білген болар едім ғой. Менің қазіргі мүмкіндігім ондай емес. Өз басымнан кеткен оқиғаларды тізбектеп отырған хатшы тәріздімін. Бірақ сол іркес-тіркес оқиғаларды біріне-бірін қалай болса солай матап, жапсыра бергенмен ол көркем шығарма бола ма. Әрине, болмайды. Сыншылар айтатындай, оны жазушылық електен өткізіп өңдеуім, сұрыптауым, бір желінің бойына маржандай етіп тізе білуім қажет. Творчестволық еңбектің осы нәзік жақтары менің қолымнан келіп жатыр ма, келмей жатыр ма? Көрмей оқушымды жалықтырып жіберген жоқпын ба, неғұрлым ілгерілей түскен сайын сені осы жай қатты толқытып, жүрексіндіреді.
Бірақ, достарым, бейнетсіз еңбекте зейнет бола ма? Арзанның жілігі тати ма? Қиындыққа құлаш сермеу біздің салтымыз емес пе? Бастап қалған екенмін бұл еңбекті – жеті қабат терім сылынса да, аяқтап шығуға міндеттімін.
ЖИЫРМА БІРІНШІ ТАРАУДА Біздің қарақшылық өміріміздің бірінші және ең соңғы күні сипатталады
Кеше кешке дейін күннің көз жасы тыйылмады. Біз тоғайға келе алмадық. Бүгін таңертең тұрып қарасақ, аспан мөлдіреп тұр.
– Кеттік! – деді Сұлтан.
– Кеттік.
Тор атқа баяғыша екі ер ерттеп міндік те, жөнеп бердік.
Екеуіміз де қарулымыз. Мен Сұлтанның мүйіз сапты кездігін беліме тағып алдым. Ал Сұлтанның тақымында шиті мылтық. Құдай жолды оңғарса деп, бұл біздің аң аулап шыққан бетіміз.
Түске дейін сандалып, ештеңе де ата алмадық. Бірер жерден қоян кездесіп еді, орғып безіп бара жатқанда, адам тіпті көздеп үлгеретін емес. Әйтеуір бетке алып, тұспалдап, атқан оғымыз лағып, тимей кетті.
Ұнжырғамыз түсіп, шаршап келе жатсақ, өзен жағасында бір топ қаз жайылып жүр екен. Бұл ара ауылдан алыстау, едеуір жер. Сұлтан оқтаулы келе жатқан мылтығын кезеп:
– Мына қаздың біреуін жалпасынан түсірейін бе? – деді.
– Қой, пәлесіне қаламыз.
Сөйткенше болмады, Сұлтекең басып салды. Қаздың бірі жалп етіп құлап қалды. Тыпыр-тыпыр етіп, тұра алмай жатыр. Аяғын серейте қарыстырып бір ышқынды да, қаз өліп қалды.
– О, құдай атсын! Пәле болды ғой. Енді қайттік?
– Ешкім көрген жоқ. Күркеге апарып, пісіріп жейміз. Қазды алып, соқтырып отырып, күркемізге келдік.
Келсек, мына қызыққа қараңыз, күркеміздің іші тағы да әптер-тәптер. Азық-түлігімізді салып, аузын буып, тығып кеткен дорбамыз пәре-пәресі шығып, жыртылып жатыр. Бірдеңе нанымызды жеп, картобымызды шашып кетіпті.
– Бұл, мен білсем, түлкі сұмпайының істеп жүргені, – деді Сұлтан.
Қарнымыз әбден ашып кетіп еді, ас істеп ішудің қамына кірістік. Сұлтан бұрқылдатып қаздың жүнін жұла бастады. Мен шепшек теріп, от жақтым.
Қаз семіз екен. Сұлтекең теңкитіп, сирағынан ұстап, үйітіп отыр.
Кенет дәл беталдымыздағы талдың арасынан сумаң етіп, бір салт атты шыға келді. Сұлтан екеуіміз қазды тықпақ түгіл, қас қағып та үлгермей қалдық. Салт атты мектеп директоры Ахметовтың әкесі Ахмет шал еді.
– Оу, балалар, бұларың не?
– Жай... мына бір қаз атып алып едік, пісіріп жейік деп отырмыз, – деді Сұлтан.
– Қайдан атып алдыңдар?
– Ұшып бара жатқанда атып алдық, – деп Сұлтан аспанға қарап қойды.
– Қой, сендер қаз атып алсаңдар... мынау жабайы қаздай емес, үлкен ғой тегі.
– Әдейі үлкенін таңдап аттық, – деді Сұлтан.
Шал біздің шашылып жатқан ыдыс-аяқ киім-кешегімізге, аузы үңірейген күркемізге, осы араны сары қоныс етіп, жайлап алған түрімізге қарап, одан бетер шүбәлана түсті.
– Сендер өздерің осы араны жайлап алған түрлерің бар ғой?
– Бұл біздің балық аулайтын жеріміз, – дедім мен.
– Тұсаулы жирен ат көздеріңе түсті ме?
– Жоқ, байқамадық.
Атының басын бұрып, кете беріп, шал:
– Сұмпайылар, әлдекімді сорлатқан екенсіңдер. Мыналарың атып алған жабайы қаз емес. Қаз атып алу сендерге қайдан келсін. Егер қазым жоғалды дейтін пенде болса, мен сендердің сазайларыңды бергіземін, – деді.
Пәле болды деген бір қауіп менің ішімде қып ете қалды.
Осы араны қорда етіп, қарақшылық істемек болған «тапқыр» ойымыздан табанда бас тартуға тура келді. Ондай кәсіптің неге апарып соғуы мүмкін екенін жаңағы Ахмет шалдың тап болуы аңғартып кетті. Қиырдағы барса келместің аралына бекініп алғандай ауылдың дәл іргесіндегі тоғайдан күрке сайлап, оны жан адам таба алмайды деп жүрген біз неткен ақымақтармыз... Жалпы, қарақшы дегеннің өзі осы кезде ақылға сыя ма. Қарақшылар бұрын байларды, көпестерді тонаған. Біз кімді тонамақшымыз. Тонамақ түгіл осы күні біреуге қолыңды көтеріп көрші. Милиция апарып, көзіңді жылтыратып, қамап қойсын.
Қарақшылық өмірі жайында Сұлтан екеуіміз енді осылай топшыладық.
Семіз қаздың еті бір-ақ салып асуға шелегімізге сыймады. Екі бөліп асып, әзер жеп тауыстық. Арасында балық ауладық. Суға түстік. Бүлдірген теріп жедік. Сонымен күнді батырдық та, ыдыс-аяқ, торымызды артынып-тартынып, қас қарая үйге келдік. Бұл біздің қарақшылық өміріміздің бірінші және ең соңғы күні болды.
ЖИЫРМА ЕКІНШІ ТАРАУДА Бақа мен қаздың шуы, жайлаудан мамамның келуі, әжемнің мені қорғауы сөз болады
«Бір айналдырғанды құдай шыр айналдырады» деген сөз бар. Соңғы екі-үш күннің ішінде басымнан кешкен оқиғалар мені есімнен тандырды. Майқанованы талдырып түсірген бақаның шуына Әбдібайдың шатағы ұласты. Біз жеген қаз дүкенші Әбдібайдікі екен. Оның көкбет қатыны келіп, біздің үйдің әлегін аспанға шығарды. Шіркіннің айтпаған сөзі, атпаған оғы қалсайшы: «Ұрысың! Қарақшысың! Баскесерсің! Қаршадайыңнан осыны істеп жүрсің, жүре бара кім болам ғой дейсің. Әлі біреудің басын кесіп, сотталасың. Итжеккенге айдаласың». Мен өзімді өзім онша біліңкіремей жүреді екем, Әбдібайдың қатынының айтқандарына қарап, төбе шашым тік тұрып кетті. «Япыр-ай, шынымен-ақ осындаймын ба?» деген ойға қалдым.
Әйелінің соңынан түтігіп Әбдібайдың өзі келіпті. Жұрт оны жұмыртқадан жүн қырыққан Әбдібай, қу бастан қуырдақтық ет алған Әбдібай, шық татырмас шығайбай Әбдібай – деп бекер айтады деймісің. – «Қазым – қаз емес еді. Асыл тұқымды қаз еді. Ондай қазды бұл аудан түгіл облыс көлемінен таппайсың» – деп, оның төлемі үшін біздің бағлан қара қозыны алып кетті. Бұнымен де тынбады, мені желкелеп директорға алып барды.
Ахметов қатал адам. Шынымды айтсам, мен оның алдына барған сайын қалтырап тұрам. Сусылдаған қызылкүрең шашы желп-желп етіп қабағы түксиіп, шүйлігіп қарағанда сұп-суық көздері адамның өңменінен өтеді. Майқанованы талдырып түсірген бақаның кесірінен мен кеше осы кабинетте бір сағаттан артық болып, жарты өмірімді беріп шығып едім. Енді міне, түн айналмай тағы бір шұрқан арқалап және мөлиіп келіп тұрмын.
Әбдібай қайдағы жоқ пәлені көкітіп, қаздың оқиғасын есірте баяндап берді. Ахметов сызданған қалпы, үнсіз отырып тыңдады. Оқта-текте көзін ғана бұрып, маған қарап қояды. Мен еріксізден жерге қараймын.
Әбдібайды тыңдап боп, Ахметов стол үстіндегі телефонның тұтқасын бұрай бастады. Жайлауды сұрады. Одан сатылап сүт фермасы, бірінші бригадамен жалғасты. Телефонға мамамды шақырып алды.
– Бұл кім. Саламат боларсыз, Миллат апай. Шаруаңыз күйлі ме. Бұл Ахметов қой, мектептен. Аманшылық, түгел аман. Миллат апай, сізге айтайын дегенім мынау еді: сіз ертең қалайда ауылға келіп кетсеңіз. Маңызды бір шаруа болып тұр. Қожа жайында. Біз ол жөнінде өзіңізді қатыстыра отырып, педсоветте арнаулы мәселе қарамақшымыз. Балаңыз нағыз бір оңбаған жолға түсіп алған...
Менің өзегіме шыжылдап қайнап тұрған ыстық майды қотарып құйып жібергендей болды. Арқа-басым шымырлап, терлеп кетті. Тап қазір алдымдағы жер тесік болса, көзімді шарта жұмып, күмп берген болар едім...
Ахметов ұзақ сөйлесті мамаммен. Сонан кейін трубканы орнына қойды да:
– Жайлаудан шешең келеді, сонан соң сөйлесеміз, бар, – деді маған.
Мектептен құр сүлдерімді сүйретіп шыққандай болдым. Байғұс мамам, әлгі әңгімеден кейін қандай күйге түспекші. Ішкені ірің, жегені желім болады ғой. Онсыз да көңілі жарым адамды азапқа салып өлтіретін болдым-ау. Қожа өйтіп қойды, Қожа бүйтіп қойды, Қожа бүлдірді деп, былтыр да жыл бойына Майқанова оның құлағын талай сасытып еді. Енді міне, оқу басталғанына бір ай болмай жатып, тағы басталды...
Біздің қораның төбесінде жуырда ғана үйілген жас жоңышқа бар еді. Келген бойда үйге кірместен соның үстіне шықтым да иттің ұясындай шұқырлап алып, етпетімнен жатып қалдым. Ешкімді көргім, ешкімге көрінгім келмейді. Сан-сапалақ ойлар басыма бірі кіріп, бірі шығады. «Педсоветте қарағанда, не айтпақшы? О, тәңірім, осы бір шұрқан-шулағаннан құлағым демалыс алатын, менің де тыныштық табатын күнім бола ма, жоқ па. Осы аурудан жаным қалса, ендігі аурудың алдымен кетер едім, деген екен біреу. Сол айтпақшы, осы жолы бір жайлы болсам, бұдан былай қой аузынан шөп алмайтын момақан болып жүрер едім-ау».
Осындайда сүйеу болудың орнына Сұлтан досым қарасын көрсетпестен тағы да зым-зия жоғалды. Оңбаған өтірікші диірменші Иванның торын әкеліп берем деп алып еді, апарып берген де жоқ. Тор әне, біздің үйдің төбесінде жатыр. Адамшылық дегеннен жұрдайсың-ау, Сұлтан. Енді сенің маңыңа да жолай қоймаспын.
Әрқилы мазасыз ой тепкісінде қалжырап жатып, ұйықтап кеткен екенмін. Тұмсығымның дәл астынан трт-трттрт-трт деген дауыстан селк етіп ояндым. Көзімді ашып алсам, төңірек ала көлеңке, кеш батып қалыпты. Мен жатқан кез бесін шені еді. Қалай көп ұйықтағанмын.
Есіктің дәл алдына босағаны тірей келіп тоқтаған үш дөңгелекті мотоциклді көрдім. Одан екі адам түсіп жатыр. Бірі еркек, бірі әйел. Мотоциклдің иесін танып, әлгіден бетер селк ете қалдым, Қаратай еді. Қасындағы менің мамам.
Көше жақтан қолына ошақ ұстап, әжем келе жатыр.
– Миллатпысың. Ат-көлігің аман ба. Мотоциклге мініп келген адамға әжемнің «ат-көлігің аман ба» деуі маған сөкеттеу көрініп кетті.
– Мына ошағыңыз не, – деп сұрады мамам.
– Балалар тиіскен бе, бір сирағын түсіріп тастапты. Соны бағана ұстаға апарып тастап едім.
– Әй, жарықтық-ай, не керегі бар мұның. Пайдаланып жатпаған соң тастамайсыз ба лақтырып.
– Неге тастаймын. Мүлік емес пе. Әкем марқұмнан қалған бір көз ғой. Жайша келдің бе?
– Жұмысты тастап, жайша адам келуші ме еді. Әлгі жер-әлемді шулатып, өрт қойып жүрген бұзақы баланың әлегі.
– Бұзақы болып ол не істепті. Ел тонап, кісі өлтіріп пе, – деді әжем.
– Біреудің қазын ұрлап сойып жеу – ел тонаған емес пе екен. Сабақ үстінде мұғалімді шошытып талдырып жыққан адам тұра бара кісі өлтіруден де тайынбас.
– Бақа әкел деген өздері көрінеді ғой. Бір Қожа емес, осында өзге балалар да мұғалім әкел деді, соямыз деп, көлшіктен бақа ұстап алып жүрген. Енді соның бәріне баяғы аты шулы Қожа кінәлі.
– Сонда әкелген бақаны оған мұғалімнің сумкасына салып қой деп пе?
– Әдейі салды деймісің, тарбаңдаған неме өзі кіріп кетті де.
Оңбай кетейін, әжемнің сөзі мені елжіретіп жіберді. Балапанын қорыған мекиендей шыр-шыр етіп, сотқар немересін қамқорына алуын қарашы. Әй, жаным әжем, қайырымды әжем, менің кінәлі екенімді біле тұрып өстесің-ау.
– Балаға қоруыш болғанның жөні осы деп, оның терісін де дұрыс, дұрысын да дұрыс деп, сіз бүлдіріп жүрсіз. Бір мезгіл жазғырып, қатал ұстасаңыз ол мұндай жолға түспеген болар еді, – деді мамам.
– Менің Қожашым тірі болса, ешкімнен кем болмайды. Өсе келе өзі-ақ түзеліп кетеді. Сабырбек нағашысына тартқан. Ол да жас кезінде осы секілді шығаннан шыққан сотанақ еді. Бұл қайта оқу оқып, мұғалімдердің айтқанын орындап, кейде әтіншік боп жүр ғой. Ал Сабырбек нағашысы осындай күнінде молданы қақ басқа таяқпен бір салып қашқан болатын. Кейін есейіп, балалы-шағалы бола бастағанда, өзі-ақ түзеліп кетті. Қожатай да сөйтеді. Бала күнінде баланың бәрі тентек, – деп әжем шатынап ала жөнелді.
– И-и-и-и, жарықтық-ай, – деп мамам қолын бірақ сілтеді. – Сіздің мына өсиетіңізді тыңдап өскен бала қалай оңсын.
ЖИЫРМА ҮШІНШІ ТАРАУДА Кітаптағы ең бір қайғылы тарау болар деймін
– Келесі сабақта қайсың бақа ұстап әкелесіңдер? – деп сұрады зоология пәнінің мұғалімі Оспанов. – Мен әкелем, – дедім.
– Қадыров, сен әкелесің. Ұмытып кетпе бірақ.
– Атай, неше бақа әкелейін?
– Бір... екеу әкелсең жетеді.
Мен бір, екеудің орнына тіс порошогінен босаған қаңылтыр қобдишаға толтырып, бес бақа әкелдім. Оның біреуі ғана үлкендеу еді де, басқалары кішкентай ұсақ бақалар болатын.
Бірінші сабақ қазақ тілі. Класқа Майқанова кірді де, класс журналы мен сумкасын менің алдыма стол үстіне қалдырып, өзі тысқа шығып кетті. Қоңырау әлі бола қоймаған. Сол кезде сап етіп, басыма бір қызық ой келе қалды. Кішкентай бақаның бірін Майқанованың сумкасына сүңгіттім де жібердім. Не болар екен?
Қоңырау соғылды, сабақ басталды. Тізім шақырып болғаннан кейін Майқанова сумкасын ашып, қол орамалын суырып алды. Сол кезде кішкентай қара сұр бақа қол орамалмен қоса секіріп шығып, секемшіл мұғалімнің қолының дәл үстіне қонбасы бар ма. Майқанованың шаңқ еткен даусы бір-ақ шығып үлгерді. Өңі құп-қу болып, сылқ етіп құлап бара жатыр...
Майқанова содан сабаққа екі күн бойына келмеді. Шошынып ауырып қалыпты. Жұмысқа бүгін ғана шығып отыр. Бүкіл мектепті даңғаза қылған бақа оқиғасының мән-жайы міне осындай.
...Көз байланып кетті. Жоңышқаның төбесінде дөңбекшіп әлі жатырмын. Не істеймін? Қалай көрінемін мамама. Мынау Қаратай деген... мұндай да жабысқақ пәле болады екен. Көлеңкеше еріп, мамамның соңынан бір қалар емес. Япыр-ай, мамам осыған шынымен-ақ күйеуге шықпақшы ма? Жоқ, мүмкін емес.
Бірсыпыра уақыттан кейін үйден Қаратай мен мамам шықты. Қаратай мотоциклін от алдырып, көшеге қарай бұрды. «Кет. Жоғал. Тезірек кет!» мен оны көңіліммен желкелеймін. Бірақ Қаратай кете қоймады, мамаммен сөйлесіп тұрып алды. Олардың сөздерін трттрт еткен мотор үні маған жөндеп естіртпейді. Сөйлесе тұрып, Қаратайдың қалқиған денесі мамама біртін-біртін жақындап, тақала түсетін тәрізді. «Тоқта! Қайда кимелеп барасың?». Мен Қаратайды желкеден бүріп ұстаймын да, бар күшіммен жұлқылап, лақтырамын көшеге қарай. Өлген мысық тәрізденіп көшенің май шаңына барып, ол топ ете түседі.
Бұл да менің ойымда болып жатқан құбылыс.
Қаратай әрең дегенде «хош сау бол» айтысып, мотоцикліне отырып зырғыта жөнелді. Мамам оның соңынан біраз үнсіз қарап тұрды да үйге кіріп кетті.
Әр нәрсенің шегі бар, мен қашанға жата берейін. Тәуекел деп, үйге кірмекші болдым. Қораның арт жағынан түсіп, үстімнің шөбін қағып, бойымды тәртіпке келтіріп алдым. Жүрегім лүп-лүп етіп, алқымыма тығылады.
Есікті аша бергенімде тынысым мүлде бітіп жүрегімнің соғуы тоқтап қалғандай болды. Сол кездегі келбетім көлденең көзге тірі аруақ тәрізді қыбырлаған бірдеңеге ұқсар деймін. Ауыз үйден әжем ұшырасып:
– Сен қайда қаңғып жүрсің? Шешең келді, – деп төр үйді нұсқады. Сонан соң құлағыма сыбырлап: – Байқа, шешең саған ашулы, – деді.
Төр үйге кірдім. Мамам киімшең күйі өз төсегінде бір уыс болып, әрі қарап, бүк түсіп жатыр.
– Мама.
Мамам жауап қатпады. Мен жақындай түсіп, оның уысында көзіне басып алған қол орамалы бар екенін көрдім. Жүрегімді біреу ұстарамен тіліп жібергендей болды.
– Мама, сен жылап жатырмысың?
Мамам басын жайлап көтерді де, маған қарай бұрылды. Жасқа шылаған қоңыр көздері бір түрлі бөтен, суық.
– Иә, жылап жатырмын, – деді ол. Даусы қарлығып, бітіп шықты. – Қайтейін жыламай. Құдай бағын ашпаған мен сорға жылаудан өзге не бұйырған. Қу жалғыз, сенің-ақ күйігіңді тартып өлетін болдым ғой. Осы сен не боп барасың күннен күнге. Бұл не сұмдық? Жүрген жеріңе шөп шықпағыр боп барасың ғой. Ұялмайсың ба бір мезгіл елден-жұрттан. Қу жалғыз-ау, айтшы, не болды мұнша саған бұзылып? Өлтірдің ғой мына сорлы анаңды. Неге тыныш жүрмейсің. Осы саған не жетпейді.
– Маматай, қойшы. Ендігәрі...
Мамам менің жалбарына созған қолымды қағып жіберді:
– Жолама. Мама деуші болма мені. Құдайдың сендей бала беріп, азапқа сап қойғанынан да, қу бас тастағаны артық еді ғой.
– Қойшы маматай... Ең соңғы рет кешірші. Ант етемін...
Мамамның тізесін құшақтай жығылған қалпым еңіреп жылап жібердім.
ЖИЫРМА ТӨРТІНШІ ТАРАУДА Педсовет жайлы сөз болады
Жұмыр жер күндегі дағдысы бойынша тынбастан зырлап, кіндігін және бір айналып шықты. Тарих тағы бір тәулікке ұзарды. Осы бір тәуліктің, яғни жиырма төрт сағаттың ішінде мынау ығы-жығы күнаһар дүниеде кімнің басынан не кешіп үлгермеді дейсің. Қанша адам өмірге жаңадан келіп қосылды, қанша адам оларға орын босатып, о дүниедегі мәңгілік мекендеріне сапар шекті. Осы бір тәуліктің ішінде қаншама бақытты кеудеде қуаныштың оты маздап жанбады, қатал тағдыр қаншама басы жұмыр пендесін қайғының қара суығында бүрсеңдетпеді. Осы соңғы топқа мен де қосыламын.
Мен өзімнің он үш жыл өмірімнің ішіндегі ең бір қатігез күнді бастан кештім.
Тыста қараңғы, ауыл үсті тыныштық. Ақымақ иттер ғана әр жерден әуп-әуп үріп басылады. Көшенің басынан бір ит шәу ете қалса, соңынан оған басқа бір ит үн қосады. Сонан соң үшінші, төртінші иттер әупілдесіп, о не, не боп қалды? дегендей ауылдың бүкіл иті улап-шулап кететін сәт те болады. Оның ішінде айбарынан да айғағы көп, шіңкілдек күшік үндері, маңтөбеттердің қарлыққан қалың дауыстары, қаншық иттердің құлақ кесетін ащы шаңқылдаулары – бәрі аралас. О, иттер. Қалың иттер.
Мұншама көп боларсыңдар ма. Түрлі-түрлі боларсыңдар ма. Бей-берекет үргенді, тақымнан үндемей келіп ала түскенді қашан қояр екенсіңдер.
Мамам екеуіміз мектепке педсоветке келе жатырмыз. Күздің салқын кеші тоңазыта ма, жоқ әлде үрейленуден бе, іші-бауырым қалтырап келеді.
Мектептің алдында біреу шылым шегіп тұр. Мен оны көкшіл аспан айнасындағы келбетінен анадайдан таныдым – Ахметов. Галифе шалбар киген жіңішке аяқтары сидиып, шашы қақ жарыла желбіреп, қаздиып тұр. Сізді күтіп отырмыз деп, мамамды қолтықтап дереу ішке әкетті. Маған өзіміз шақырамыз, осы арада күте тұр деді.
Саябаққа көтерілдім де, сол арадағы тақтай орындықта тосып отырдым.
Осы кезде үй пұшпағынан біреудің келе жатқан тысыры естілді. Тырп-тырп басқан аяқ дыбысына тық-тық қадалған аяқ үні қабаттасады. Көп ұзамай аяқ пен таяқтың қожасы да көрінді. Мектеп күзетшісі Сәйбек қарт. Сәйбек кілт тоқтай қалып, шекарадағы сақшыдай қатал үн қатты:
– Бұл кім?
– Мен ғой, ата.
– Менің кім?
– Мен, Қожамын.
– Мұнда неғып отырсың?
– Педсоветке келдім.
– Онда сенің не шаруаң бар?
– Мен жөнінде мәселе қарап жатыр.
– Мәселе. Қандай мәселе? Сені мұғалім етеміз дей ме?
– Директор етеміз дейді.
– Онда тіптен жақсы. Жалақың көп болады. – Сәйбек менің қасыма келіп отырды. – Әй, Қожа. Сенің әкең марқұм азамат еді ғой. Оған тартсаң, директор түгіл, одан үлкені боласың. Бірақ оған тартпағансың.
Мен сенің әкеңе қарыздар адаммын. Менің мойнымда оның тиын емес, теңге емес, бақандай бір қарасы жүр. Қалай дейсің ғой. Міне былай, алғаш колхоздасқан жылдың күзінде мен, – оның келіскен бір жорға күрең аты бар еді, – ол кезде жұрттың көбі қара жаяу, – соны диірменге мініп барып, сазға батырып, өлтіріп қойдым. Суып, қаңсып тұрған атты суармай отқа қоям деп, өзімнен болды. Аяғы шідерлеулі еді. Су ішем деп барып, оппаға түсіп кетіпті. Ертесінде қарасам, суға сүңгіген үйректей арт жағы ғана керіліп, тоңқайып жатыр. Он шақты жігіт жабылып, арқан сап әрең суырып алдық. Міне басқа біреу болса, соны қыңқ еткізбестен төлетіп алар еді ғой. Ал Қадыр марқұмның кеңпейілдігі соншалық, сіз қас қып өлтірген жоқсыз ғой, ажалы солай тура келген шығар деп, үнсіз қоя салды. Міне, әкең осындай парасатты, ақылды жігіт еді. – Сәйбек осыны айтты да, сәл ойланып барып: – ал, сен... сен ғана емес-ау, қазіргі осы оқып жүрген балалар, көбің ақымақсың, – деді. – Неге дейсің ғой. Ақымақ емей немене, тәртіпті жүр, оқуыңды жақсы оқы, адам бол десе, сендер соның бәрін керісінше істейсіңдер. Осы кезде іштен Оспанов шығып:
– Қадыров, қайдасың, – деп, дауыстады.
– Бар, әне шақырып жатыр. Әй сотанағым... Директор кабинетіне осы мектепте бір оқушы ең көп бас сұқса, сол мен болармын деймін. Майқанова талай сүйреп әкеп, ендігәрі қой аузынан шөп алмай жүруге талай рет уәдемді берген үйреншікті орын ғой. Бірақ бұл жолы мен мұнда шын мәнінде күйзеліп, тебіреніп кірдім де, босағадағы суық голлан пешіне сүйеніп тұрып қалдым. Төрде сарғыш шашы қақ айырыла желбіреп Ахметов отыр. Түсі өрт сөндіргендей, қасының арасындағы қатарынан тіке тартылып түскен екі сызық әдеттегіден терең де қалың.
– Берірек кел, – деді ол қолындағы автоқаламымен бөлменің ортасын нұсқап. Алдымда қақпан құрулы тұрғандай жыбырлап бір-екі аттадым. Екі жақ қабырғада тізіліп отырған мұғалімдердің барлық көзі жан-жағымнан найзағайдай түйреп, қадалып барады. Әсіресе, оң жақта, директорға таман отырған Майқанованың сұсы қатал да сұрапыл көрініп кетті.
– Қадыров, сені біз мұнда не үшін шақырып отырмыз, білесің бе? – деді Ахметов.
– Білемін, – дедім.
– Не үшін шақырып отырмыз?
– Тәртіпсіздігім үшін шақырып отырсыздар. Екі-үш жерден мырс етіп күлген үндер естілді.
– Сені мектеп өмірі тойдырды ма. Бұдан былай оқығың келмей ме? – деп сұрады Ахметов.
– Жоқ, оқығым келеді.
– Ендеше неге қоймайсың тәртіпсіздікті!
Ахметов «неге» деген сөзді бар даусымен шегелей айтып, столды үлкен ауыр алақанымен сарт ұрып, ұшып түрегелгенде, мен ғана емес, бүкіл отырғандар түгел селк ете қалды.
– Қоямын енді... кешіріңіздер...
– Бұл нешінші... Жүзінші рет уәде беруің бе? – деп киіп кетті Майқанова.
– Бұдан былай ешқашан да тәртіп бұзбаймын. Менің қазіргі талқыға салып отырған тәртіпсіздік қылықтарымның қай-қайсының да себебі бар еді. Қазды атқан мен емеспін, Сұлтан. Ал бақаны мен сумкаға Майқанова талып жығылып қалсын деп, оның соншалық шошымал адам екенін біліп салған жоқпын. Тіпті, бұның ақыры не болады деп, ойлап та жатпадым, салғым келді – салдым. Осындай бір ақымақтық кейде ақылға мұрша бермей дедектетіп әкететіні бар. Істеп алып, соңынан бармағыңды тістейсің.
Осының бәрі осылай бола тұрса да, мен өзімді ақтап, бір ауыз сөз айтпадым. Ақталудың тіпті қисыны бар ма? Бәрін мойындадым. Бар айтқаным: Кешіріңіздер. Соңғы рет тағы бір кешірім жасап, сынап көріңіздер. Бұдан былай қарай тәртіпсіздік істейтін болсам, қандай жаза қолдансаңыздар да ризамын!
– Жоқ, Қадыров түзелмейді. Ол уәдесін бізге талай берген. Қадыровты оқудан шығару керек, – деді Майқанова.
Маңдайдан буым бұрқырап есік алдына шықтым. Сәйбек көрінбейді. Омырауымды ағытып, желпініп, ойланып тұрмын. «Не деп шешер екен? Мектептен шынымен-ақ шығара ма? Онда не істеймін?»
Қайта барып, есіктегі кілттің орнына құлағымды тосып мұғалімдердің не айтып жатқанын тыңдағым келеді. Әрине, Майқанова мені құрту, оқудан шығару жағында болар. Ал басқа мұғалімдер не айтады? Анфиса Михайловна, Оспанов, Дәуірбаев... бұлар мені жақсы көретін мұғалімдер емес пе? Ахметовтың өзі де осыдан он шақты күн бұрын ғана аудандық оқу бөлімінен келген инспекторға мені: «Мынау біздің мектептің ақыны, болашақ Сәбит Мұқановымыз», – деп дәріптемеді ме? Сөйте тұрып, мені оқудан қалайша шығарады?
Есікке барып тыңдағаным жарамас, мұғалімдердің біреуі шыға келуі мүмкін ғой деген оймен, үйді айналып, педсовет өтіп жатқан бөлменің терезесіне келдім. Үйдің бұл ойпаң тұсы, фундаменті биік. Терезеге бойым түгіл ұсынсам қолым әзер жетеді. Форточка ғана ашық тұр, не сөйленіп жатқаны күмбірлеп жөнді естілмейді.
Терезенің тұсында мектептің бағы бар. Осыдан бес-алты жыл бұрын өз қолымызбен отырғызылған қайыңтеректер бұ күнде қолдың саласындай тізіліп, асқақтап тұр. Шарбақтың көп кетігінің бірінен зып беріп осы баққа кірдім де, бір теректің басына маймылша өрмелеп, шығып алдым. О, бұл арадан мұғалімдер үйінде не болып жатқаны сайрап көрінеді: әне, Ахметов сөйлеп тұр. Екі қолын кеңінен сермеп, ара-тұра жұдырығымен столды ұрып та қояды. Басын біресе оңға, біресе солға бұрып сөйлейді. Егер мен оның желкесінен қарап отырмасам, не айтып жатқанын мүмкін емеурінінен түсінген болар едім.
Ахметовтың сол жағында Оспанов столға жабысып алып сүйкетіп жазып жатыр. Бас алмай жазуына қарағанда тегі мәжіліс хат жүргізіп отырған болар. Осындай да осындай, пәленінші жылы, пәлен айдың пәлен күні, пәлендей бір мәжіліс болды. Онда алтыншы класс оқушысы Қожа Қадыровтың тәртіпсіздік қылықтары туралы арнайы мәселе қаралып пәлен-пәлендер сөйлеп, мынаны-мынаны айтты... Бірнеше адамның қолтаңбасы қойылып бекітілген осы мәжіліс хат қатырма тысты жуан папкалардың біріне тігіледі де, тарихқа жөнелтіледі. Архивтің алтын қорына айналады. Зырғып жылдар өтеді, дәуір көшіп, заман өзгереді. Мен жөнінде жазылып жатқан осы мәжіліс хаты күндердің бір күнінде әдебиет зерттеуші, ізшілердің бірінің қолына түседі. Сонда ол жерден жеті қоян тапқандай қандай мәз болып қуанады десейші. Газеттер ең семіз деген әріптерімен дүрілдетіп хабарлар басады: «Атақты жазушы Қожа Қадыров жөніндегі жаңа деректер!». Кітаптар жазылады мен жөнінде, қандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалады. «Қадыров Қожа және оның ұстаздары», «Қадыров Қожа және Майқанова», «Қадыров Қожа және бақа оқиғасы», «Қадыров Қожа және қаз оқиғасы» т. т. с. с. Әдебиеттану ғылымының шалқар қорына мұншалық бағалы қазынаның қосылуына сонда осы жазылып жатқан мәжіліс хат мұрындық болады. Оспанов ағай! Сіз сондықтан да асықпай-саспай, тыңғылықты етіп жаза көріңіз. Тарих үшін қандай ұлы жұмыс атқарып жатқаныңызды біліңіз.
Бұл айтылғандар менің басыма кейіннен келген ойлар еді. Ал қазір қонақтаған қарғадай ағаш басында секиіп отырып, қиырдағы келешекті шарлай, қиялданбай қалайын ба. Осы сәттегі менің назарым да, ойым да мұғалімдер бөлмесіндегі көріністе. Ахметов әлі сөйлеп тұр. Мылқау фильм тәрізді мен оның қимылын ғана көремін, сөзі естілмейді. Бірақ соның өзінен де не айтып жатқаны аңғарылатын тәрізді. Әне, ол столды тағы бір қойып қалды. Түсінікті – «бұл бұзақыны мектептен қуу керек!»
Ахметов сөзін бітіріп отырды. Мамам түрегелді. Балажан байғұс анам, мен үшін отқа да, суға да түседі шырылдап. Оның қазіргі кейпі: айналайындар, баламды оқудан шығара көрмеңдер, тағы бір жолға кешірім жасаңдар деп, жалбарына сөйлеп тұрған тәрізді.
Мен мамамды ғажап аяймын. Ойпыр-ай, неге мұндай тынымсыз, сотанақ болып тудым! Темір секілді жер қозғалса да қозғалмайтын, маңқиып жайына жүретін момын болып неге тумадым?
Майқанова сөз алды. Оның не айтатыны маған былай да белгілі. «Қадыровты шығару керек мектептен!», «Мұндай баукеспе оңбағанға біздің тату коллективіміздің арасында орын болмауға тиіс!» Отырғандардың бәрі күлді. Тісі жарқырап, мамам да езу тартты. Неге күледі? Иығы селк-селк етіп, Анфиса Михайловна басқалардан өзгеше мәз. Мысыққа ойын, тышқанға өлім деген осы да.
Тағы да мамам тұрып, басын изеп, мақұлдап бірдеңе айтты: «Шығарсаңдар, шығарыңдар мектептен! Кетсін қаңғып. Менің де жүйкемді жүн етіп, құртып бітті бұл оңбаған!».
Сөйлеушілердің не деп жатқанын мен өзімше осылай жорамалдаймын.
Педсовет аяқталды, жұрт тарай бастады. Мен ағаштан тезірек түсіп кетпекші болып едім, бір бәтіңкем екі бұтақтың арасына кептеліп қалып, шыға қойсыншы. Жұлқи тартып қалғанымда, мәссаған, табаны дыр етіп, қақырап түсті...
Мұғалімдердің алды тысқа шығып та үлгерді. Дымымды ішіме бүгіп, теректің діңіне жабысып, қаттым да қалдым. Ахметов пен Майқанова оқшауланып бермен қарай бұрылды. Екеуі мен тұрған теректің тура түбінен өтіп бара жатыр.
– Қадыров түбінде адам болатын бала, – дейді Майқанова.
– Оты бар, – деп, қостады Ахметов.
Екеуі былай ұзай беріп, мен жөнінде тағы бірдеңелерді сөйлесіп бара жатты, бірақ мен анықтап ести алмадым. Әлгі естігенімнің өзі қолқа-жүрегімді солқ еткізгендей әсер қалдырды. Мен Майқанованы қас дұшпаным санап жүрсем, ол мені «түбінде адам болатын бала» деп, директорға мақтап бара жатқаны қалай? Ап-айқын, тап осылай деді. Міне жұмбақ...
ЖИЫРМА БЕСІНШІ ТАРАУДА Класс жиылысы сөз болады
Мен байыбына бара алмаған жұмбақтың шешуін үйге келгеннен кейін мамам айтты:
– Балам, сен класс жетекшіңе бекер ренжисің. Майқанова маған өш, мені жек көреді, қыр соңыма түсіп алды дегеніңнің бәрі бос сөз, – деді мамам. Жек көрген адам педсоветте саған жаны ашып, қорғап сөйлемеген болар еді. Ол сені жек көрмек түгіл жақсы көреді, осыны біл. Оған ұнамайтыны сенің тентектік қылықтарың. Жасында жетімдік өмірдің тауқыметін көп тартып, жүйкесі жұқарып өскен адам тарынғыш, ашуланшақ болады. Сендердің әрбір жөнсіз қылықтарың оның миына инедей қадалып тұрады. Майқанованың шыж-быж етіп ұрса жөнелетіні осы себептен. Мінезі әлгіндей адамға сендер секілді жүгенсіз асаулармен арпалысу жеңіл тимейді. Сен ақымақтар осыны түсінулерің, мұғалімді аяуларың керек.
Мамамның Майқанова жөнінде айтқандары маған ой салды. Шынында да, оның менімен өш боларлықтай алты аласы, бес бересісі бар ма? Шырылдаса, ұрысса, бізді адам болсын, жаман жолға түсіп кетпесін дейтін шығар. Иә, мамам айтпақшы біз бала деген ақымақ халықпыз, шолақ ойлаймыз.
Мен Майқанованың жетім өскендігін білмеуші едім. Енді оған бір түрлі аяныш көзбен қарай бастағандаймын. Бәсе, денесі де сондай нәзік, киімі де жұпыны, қыстан бүрсеңдеп, жұқа пальтомен шықты. Оқу бітіргеніне бір ғана жыл болған, қайтсін енді. Сонымен тақасып, әй, Қара Қожа, ақымақсың, шикісің әлі. Қарбызыңның ішінде судан басқа дәнеңе жоқ.
Менің Майқанова жөніндегі пікірімнің оңы – сол, солы – оң болып өзгере бастады.
– Педсовет, педсовет немен тынды?
– Сабыр ет, оқушым, қазір айтып берем. Педсоветтің тиянағы мынадай: Қадыров жөніндегі мәселе класс жиналысында қаралсын. Егер алтыншы класс оқушылары Қадыров Қожаның бұдан былай ешқандай тәртіпсіздік істемеймін, түзелемін деген уәдесіне сеніп, дирекция алдында кепілдік беретін болса, онда Қадыров осы мектепте сынға қалдырылсын. Ал егер олар ондай кепілдік бермесе, Қадыров Қожа осы аудандағы өзге мектептердің біріне ауыстырылсын.
Педсоветтің мен жөніндегі қаулысы осындай.
Класс жиналысы дүйсенбі күні сабақ соңынан шақырылды. Ахметов өзі де қатысты. Жиылысты ашып, басқарған Майқанова. Ол оқушыларды педсоветтің қаулысымен таныстырды. Сонан соң мені алға шығарды да:
– Мына жолдастарыңа не айтасың? – деді.
Не айтушы едім, педсоветте айтқанымды мұнда да қайталадым: ең соңғы рет кешіріңіздер. Бұдан былай тәртіпсіздік істесем, не шара қолдансаңыздар да ризамын, – дедім.
Бұдан соң сөз оқушыларға берілді.
Класта кім маған дос, кім қас – өзіме аян. Кім не айтуы мүмкін екенін күн ілгері топшылаймын. Соным, негізінен, тура шықты. Класком Темір сөйлеп, әуелі мені сынап алды да, сөзінің соңында түзеледі деген сенім білдірді.
– Егер біз Қадыровты бұл мектептен шығаратын болсақ, онда біз кім болғанымыз? Оған осы отырған бәріміздің ешқандай ықпал жасай алмағанымыз ба? Жоқ әлде жолдасқа жаны ашымайтын тасбауыр болғанымыз ба? – деді Темір. Сөздері кітап сөзіндей мығым, әсерлі шықты.
– Біз Қадыровты тәрбиелеуіміз керек, менің ұсынысым оған ең соңғы рет қатты сөгіс берілсін. Мектепке қалдырылсын, – деді Темір.
Бұдан кейін үш-төрт адам сөйлеп еді. Бәрінің сөз сарыны осыған сайды. Темір оларға жол сызып, арна тартып кеткен тәрізді.
«Іс оңына басты» деген оймен мен жадырап сала бердім.
Тағы кімнің сөйлегісі келеді.
– Мен.
Қол көтерген Жантас еді.
Жантас орнынан түрегеле беріп, сампылдай жөнелді: – Қадыровты оқудан шығару керек. Ол уәдесін бергенмен орындамайды, былтыр да талай рет уәде берген. Майқанова апайды шошытып, өлтіріп қоя жаздады... Ол... ол... қыздарға хат жазады...
Соңғы сөз менің жүрегімді қақ айырып тіліп түскендей болды. Бүкіл класс мені жаңа көргендей ақтарыла маған қарап қалыпты. Не істерімді білместен дуылдап, өртеніп бара жатырмын.
– Қай қызға хат жазады? – деп сұрады Майқанова.
– Білмеймін... Басына «Ж» деген әріп қойып, «екеуіміз Қозы Көрпеш пен Баян сұлудай болайық» деп, жазып отырған.
Мен есімді жаңа жинап:
– Өтірік! – деп, дауыстап жібердім.
– Өтірік емей-ақ, рас. Әнеугүні сабақ үстінде, партаның астына жасырып жазып отырғансың.
– Өтірік!
Мен Жанарға жазған хатымның бірін Жантас қу қолына түсіріп алған екен ғой деп, шошып едім. Олай болмағанға «уһ» деп, өзіме өзім келгендей болдым. Жанар жаққа көз тастап едім, оның жүзін байқай алмадым, маңдайын қос қолдап таянған қалпы төмен қарап отыр.
Абиыр болғанда, хат жайына ешкім мән бермеді. Сірә, өсекші Жантастың тағы бір зу еткізгені деп ойлап қалса керек.
– Тағы кім сөйлейді? – деді Майқанова. Басқа сөйлеуші болмады.
Ақыры мәселе дауысқа салынды.
– Бірінші ұсыныс: Қадыров мектептен шығарылмасын. Ең соңғы қатты сөгіс беріліп, қалдырылсын!
Көпшілік.
– Екінші ұсыныс: Қадыров мектептен шығарылсын! Бір ғана адам қол көтерді, ол – Жантас.
ЖИЫРМА АЛТЫНШЫ ТАРАУДА Жиырма жетінші тарауға бастап апарады
Астын-үстіне келтіріп, дауыл сапырған көк теңіздің тепкісінде жалғыз қайықшы қаңғалақ ойнайды. Бірін-бірі тықсырған арқырауық ақжал толқындар әлгіні бірде жаңқадай ұшырып, аспанға алып шығады да, бірде теңіздің шыңырау түбіне тастап келіп жібереді. Қайықшы байғұстың қайраты сарқылған, амалы таусылған. Төніп келген қатерге бақырая қарап тосып алғаннан басқа шарасы жоқ. Тағдырының немен тынарына көзі жетпей жегідей жеген күйзеліс минуттары...
Мен өзімнің соңғы күндері бастан кешкен халімді көз алдыма осылай әкелемін. Дауыл сапырып өтті, жан қалды. Енді ес жиып ойлауыма, өзіме-өзім есеп беріп, толғануыма болады!
Әрине, бәріне өзім айыптымын. Осының бәрі тәртіпсіздіктің, мінез-құлқымның нашарлығының кесапаты. Әйтпесе, ана Темір құсап өзімді өзім үлгілі ұстап, тек жүріп, тек тұрсам, мұндай жағдай болар ма еді. Аяулы алтын мамам арып-талып жайлаудан жұмысын тастап келер ме еді! Қасірет шегіп, қапаланар ма еді? Жоқ, жетеді! Ақымақтықты енді доғаруым керек! Түзелуім керек.
Бұл менің түзелемін деп, өзіме-өзім бірінші рет уәде беруім емес. Талай рет уөәде бердім, шындап бердім. Бірақ қанша тыныш жүрейін деп, тырыссам да, олай болмай шығады. Не етқызуыммен, не басқа бір себеппен тәртіпсіздік істеп қойғанымды өзім де байқамай қалам. Жоқ, енді олай болмауға тиіс!
Таңертең мамам жайлауға қайтпақшы болды. Атын әкеп, ерттеп бердім. Ол менің басымнан сипап тұрып:
– Ал, Қожатай, ақылың бар баласың. Бәрін өзің түсінуің керек. Егер сен тағы бір шулыған шығаратын болсаң, онда маған өкпелеме. Осы көрген азабым да жетеді, өмір бойы сенің күйігіңді тартып жүре алмаймын енді мен. Әкеңнен қалған үй мүлікке өзің ие бол, мен бұл үйден кетемін, – деді.
Бұл сөзді естігенде, менің көз алдыма жағал мотоциклімен Қаратай елестеп келе қалды. Ол маған мұртынан күліп, масаттана қарайды: иә, әкетемін мамаңды. Сен әжең екеуің осы үйді бағып қаласыңдар.
Мамамды құшақтай алдым:
– Жоқ, маматай кетпеші, кетпеші, жаным мама. Ендігәрі тәртіпсіздік істесем, оңбай, көгермей кетейін... Көңілім босап, көзіме жас қаймақшып келіп қалды.
Мамам қолын иығыма салды.
– Сен жақсы жүрсең, мен ешқайда да кетпеймін.
– Күйеуге тимеші, маматай...
– Адыра қалсын күйеуі... Мен үшін сенің адам болғаныңнан артық ешқандай да бақыт жоқ, – деді мамам.
Мамам жайлауға жүріп кетті. Мен мектепке келе жатырмын. Көңілім көтеріңкі, бойым сергек. Мамамның: «Адыра қалсын күйеуі. Мен үшін сенің адам болғаныңнан артық ешқандай да бақыт жоқ», – деген сөзі құлағымнан кетер емес. «Сенші маған, маматай. Адам боламын, қалай да адам болам. Мынау деген жазушы болып шықпасам неғыл дейсің. Мен енді кешегі Қожа емеспін, басқа Қожамын. Өзгерген Қожамын. Бүгін менің жаңа өмірімнің бірінші күні».
Нұрила кемпірдің үйінің алдында қара қаншық сүйек кеміріп жатыр. Оған байқатпай, жерден жұдырықтай тасты іліп алдым. Тұсынан өте беріп, қаңқ еткізіп дәл бүйірден жіберіп қалмақшымын. Кенет сап етіп, бір ой келді басыма: «Япыр-ау, бұл ит маған не істеді? Мен оны неге ұрамын? Сосын үйдің иесі шықпай ма жүгіріп. Қарғап, тілдемей ме мені? Тәртіпсіздік деген міне осындайдан туады екен ғой».
Қолымдағы тасты былай лақтырып тастап, өзімді-өзім іштей сөгіп, жөніме кете бардым.
Келесі көшеге бұрылғанда, алдымда Жанар кетіп бара жатқанын көрдім. Қоңыр көйлектің етегі дөңгелене төгіліп, шағын бойына жарасып барады. Басында мен ұнататын қызыл беретка. Қолтығымнан қанат біткендей жеделдей басып, Жанарды лезде қуып жеттім. Ол менің сыбысымды естіп, жалт бұрылып қарады.
– Саламатсың ба, Жанар?
– Амансың ба.
Жанардың сол жақ иығына жұққан болмашы әк көзіме шалына кетті.
– Жанар, иығыңды былғап алыпсың ғой?
– Кәне?
– Міне.
Шертіп-шертіп жіберіп едім, әк кетіп қалды. Және сүрткілеп жатырмын. Жанардың жұп-жұмыр әдемі иығы алақаныма біліне түскен сайын айырылғым келмейді.
– Рақмет, – деді Жанар.
Екеуіміз қатарласып келе жатырмыз.
– Кеше сен қорықтың ба, оқудан шығарады екен деп?
– Неге қорқам, шығарса, Сартоғайдағы нағашымдікіне барып оқитын едім. Сен білесің бе, ондағы мектептің қандай екенін?
– Қандай?
– Екі этажды. Физкультура залын көрсең ол мектептің...
Не болса соны сөйлеп бара жатқанымды сезе қойдым. Біраз мүдіріп, төңірегіме қарап алдым да, кенет:
– Жанар, – дедім.
– Не?
– Менің кешегі хатты кімге жазғанымды білесің бе?
– Қай хатты?
– Жиылыста Жантас айтқан хатты... Жанардың жүзі қып-қызыл болып кетті:
– Кімге жазып едің? Өкпем аузыма тығылды.
– Жай... ойнап айтам... – дедім.
ЖИЫРМА ЖЕТІНШІ ТАРАУ Құпия кеңес жайы сөз болады, повесть осымен аяқталады
Кешкі астан кейін төр үйге кіріп, стол шамды жақтым да, сырттан ештеңе көрінбестей етіп, терезе перделерін түсірдім. Бұрышта кісі бойы үлкен айна тұр. Столымды соның дәл алдына тақап қойдым да, дүниені тулатып, сойқандап жүрген қылмыскер Қожамен бетпе-бет келіп отырдым.
– Қадыров Қожаның жеке бас құпия кеңесі ашық деп жариялаймын. Күн тәртібінде бір-ақ мәселе – тәртіпті, үлгілі оқушы болу үшін мен бұдан былай не істеуім керек?
Күн тәртібін протоколға мәнерлеп жаздым да, қылмыскердің жүзіне қарадым:
– Ал сөйле, батырым?
Ол арсыз бұның бәрін қалжың деп ойлайтын болу керек, күледі маған қарап. Көзін бағжитып, ернін шығарып, аузын қисайтып, келекелейді өзімді. Оның бұл қылығына менің ызам келіп, ашуым қайнап кетті. Қабағымды қарс түйіп, Ахметовке еліктеп, столды тарс еткізіп қойып қалдым:
– Түрегел!
Батырыңа жан керек, ұшып түрегелді.
– Отыр! Қайта отырды.
– Неге шақырдың, Қожатай? – деп әжем кіріп келе жатыр.
– Шақырғам жоқ, ары барыңыз.
– Дауыстағандай болдың ғой?
– Сізге емес... жайша. Мұнда құпия кеңес өтіп жатыр. Бөгет жасамаңыз.
– Кеңесі несі?
– Кеңес дегеннің не екенін түсінбейсіз бе? Жиылыс, жиылыс өтіп жатыр.
Әжем бір сәтке аңырып, үрке қарап қалды.
– Әкем-ау, мынау не айтады? Жиылысы несі? Столды айнаның алдына неге қойдың?
– Ту, жарықтық-ай – деп, кейідім мен, – өзіңізге тиісті емес нәрседе не шаруаңыз бар. Мен құпия кеңес өткізіп жатырмын. Өзім, өзім туралы мәселе қарап жатырмын. Сізге қатынасуға болмайды.
Әжем менің қасыма келді. Шарасы қызғылттанып, жасаураған қоңыр көздері өңменімнен өтіп барады.
– Қожатай, шыбыным... сен... бисмилла деші. Бисмилла деші, шыбыным... Түнде де ұйықтап жатып, жиылыс ашық, талқылаймын деп, бірдеңелерді айтып шығып едің, шошымалданып жүрсің ғой деймін. Бисмилла деші...
Ыза болғаным соншалық.
– Бисмилла! Бисмилла! Бисмилла! – деп, нығарлап үш рет айттым. – Болды ма? Жоқ тағы айтайын ба?
– Шыбыным... жалғыздан жалғыз отырып та адам жиналыс еткізе ме екен? Түн болса, сарылып көп оқисың. Осы сенің ұйқың қанбай жүр ғой деймін?
Мен орнымнан ұшып түрегелдім.
– Айналайын әжетай, барыңызшы. Бөгет жасамаңызшы.
Тартыншақтағанына болмай әжемді шығарып жібердім де, есікті іліп алдым.
... Құпия кеңес бір сағаттай уақытқа созылды. Ақыры төмендегідей тұжырымға кеп, бір ауыздан қаулы қабылданды.
ҚАУЛЫ. Қадыров Қожаның жеке бас тәртібіне байланысты мәселені талқылай кеп, құпия кеңес мынадай Қаулы алады:
«БІРІНШІ. Тәртіпсіздік кісіні жексұрын көрсетіп бітеді екен. Оған көзім әбден жетті. Әрі бұл адамның келешегі үшін зиян. Тәртіпсіз болсаң, комсомолға да алмай қоюы мүмкін. Сондықтан қалай еткенде де тәртіпті болуым керек. Ол үшін:
а) Бұдан былай ешкімге тиіспей жайыма жүремін. Досым болсын, қасым болсын, бейбіт қатар өмір сүруге тырысамын.
ЕСКЕРТУ! Егер тиісуші мен болмай, басқа болса, оған: «Аулақ жүр, жақсылық көрмейсің» деген тәрізді ескертпелер жасауым керек. Онда да тыңдамай баса-көктеп келе жатса, мұндай жағдайда, қажет деп тапсам, қол да жұмсау арқылы қорғануға еріктімін деп санаймын.
б) Осыдан осылай ешқандай тәртіпсіз, тұрпайы сөзді аузыма алмаймын. Үлкенді аға, кішіні іні деп тұрам.
ЕКІНШІ. Әрбір тәртіпсіздік қылығым үшін дер кезінде аяусыз жазаланып тұруым тиіс. Жазаның түрі төмендегіше болады:
а) Егер біреуге өзім тигісіп, шатақтассам, ол күні бір мезгіл ас ішпеймін.
б) Біреуді жазықсыз тілдейтін болсам, кезекті демалысымда ешқайда қия басып шықпаймын, үйде отырам. Яғни өзімді үйге қамаймын деген сөз.
в) Сабақ үстінде тыныш отырмағандықтан мұғалімнен ескерту еститін болсам, ол жолғы үзілісте тысқа шықпай, орнымда отырамын.
г) Егер біреу-міреудің лақ-қозысы, тауық, қазы, иті біздің үйдің маңына жолап кетсе, аямай ұрып қуалайтын жыным бар. Алмастың қызыл қоразын сөйтіп өлтіріп қойдым. Бұным да жарамайды, жай айдап жіберуіме де болушы еді ғой. Ендігәрі бұндай қылықтарым қайталанса, жоғарғы тауық базға демалмастан екі рет жүгіріп барып келем.
ҮШІНШІ. Сұлтанмен жолдастық қарым-қатынасым бұдан былай үзіледі. Ол екеуіміздің сертіміз бүгіннен бастап күшін жояды. О дүниедегі қызыл ошақ жайына келетін болсақ, мен құдайға сенбеймін, сондықтан мені дозақ оты сескендіре алмайды.
ТӨРТІНШІ. Сабақты жақсы оқу – үлгілі оқушының бірінші белгісі. Мен осы тоқсанның ішінде қалай еткенде де озат оқушылардың қатарына қосылуым керек. Ол үшін:
а) Сабақтан бір сағат та себепсіз қалмаймын.
б) Үйге берілген тапсырманы мезгілінде орындап отырам.
БЕСІНШІ. Жоғарыда қабылданған міндеметтемелердің мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету үшін күн сайын ұйықтар алдында өзіме-өзім есеп беріп, жақсы, жаман қылықтарымды осы дәптерге тізіп жазып отырамын.
Осы айтылғандарды жүзеге асыру мен үшін ұлы сын.
Егер осы сыннан өте алмайтын болсам, онда маған бұдан былай оқу оқып қажеті жоқ. Анам байғұсқа күйігімді тартқыза бермей адам болатын басқа бір жолды іздеп жоғалуым керек».
Қаулы бір ауыздан қабылданды.
Осы кезде ауыз үйден тысырлаған аяқ сыбысы, біреулердің сөздері естілді. Есікті тартқылап қаға бастады.
– Қожатай, аша ғой, шыбыным...
Түрегеліп барып есікті аштым. Әжем мен Әубәкір шал тұр. Көзқарастары бір түрлі үрейлі, жұмбақ.
– Салаумәлейком, қария.
– Саламат бол, балам. Сен немене, жападан-жалғыз есікті іліп алып отырғаның?
– Жайша... Сабақ оқып отырғаным ғой.
– Қожатай, мына атаңа тамырыңды ұстатшы, шыбыным, – дейді әжем. Шошып қалдым.
– Неге? Не бопты?!
– Түнде ұйқысырап, сөйлеп шығып едің. Кім біледі... Мына атаң ұстап көрсін тамырыңды. Өңің де бір түрлі балбырап тұрған тәрізді.
Мен еріксізден күліп жібердім.
– Әй, әжем, қараңғы әжем, мені ауру ғой деп тұрмысың? Ауру түгіл дәнеңем де жоқ. Сап-саумын.
Әжемнің әжімді маңдайынан шөп еткізіп, бір сүйдім де, жүгіріп тысқа шығып кеттім. Шіркін, бүгінгі кеш қандай әсем еді. Ай жарық. Аспанның тұп-тұнық көк жібек шатыры бар жиһазын тағынып мөлдіреп тұр. Клуб жақтан гармонь үні, балалардың шуылдап ойнаған дауыстары естіледі. Бойымда керемет бір жігер оты лапылдап, солай қарай бет алдым. Ай нұрынан орнаған күміс көпір белдеулеп бет алдымда, ауылдың дәл іргесінде өзен жатыр жарқырап. Мөп-мөлдір мына ғажап дүние... «Ұш! Самға!» деп, Қолтығымнан қанат бітіретін, арман нысанасына қарай алып ұшатын тәрізді. Лаула! Лаула жігер оты! Самға қиял Құсы! Асығатыным да, аңсайтыным да ертеңгі болашағым.
Достарыңызбен бөлісу: |