ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /Шошып кетіп/. Жо-жоқ, болмайды... Менің өз пойызым бар!..
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /Ол да шошып кетіп/. Иә-иә, өз пойызы бар!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. А-а, өз пойызы бар ма?! Ендеше біз бұл кісіні пойызымен қосып алып кетеміз... /Пойыздың бастығына/. Қане, бұр пойызыңды Алматыға қарай!..
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. А?!.
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Пойызыңды Алматыға қарай бұр дейім дереу!..
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Ойбай-ау, ол болмайды ғой!..
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Иә-иә, болмайды!.. Бұл деген үкіметтің пойызы!.. Ешкімнің хақысы жоқ!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Әй, мен кіммін?!.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Сіз... сіз – Мәкең!.. Мэлис Әлібаевич!
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Иә-иә, сондай... Сіз – құрметті Мәкең!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Жо-жоқ, мен дегенде... менің жұмысым... қызмет істейтін жерім!..
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Сіз... сіз енді қызметіңіз... белгілі ғой... Ана жер... Үкімет!..
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Иә-иә, солай, үкімет!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Айтпақшы, әлгінде ғана менің үкімет болғаным үшін бірдеңе ішкен жоқ па едік?!.
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Ішкенбіз... Жүз грамнан тартып жібергенбіз...
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Міне, көрдіңіздер ме?! Егер мен үкімет болсам, мына пойыз да үкіметтікі болса – сонда бұл пойызды кейін қарай бұруға менің неге қақым жоқ, а?. Неге қақым жоқ?!.
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /өзіне/. Апырмай, сөзін қарашы, мас болса да логикасы сұмдық!.. /даусын шығарып/. Мэлис Әлібаевич, үкіметтікі дегенде былай ғой... Ол – мемлекеттікі деген сөз!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. Әй-әй, сен өйтіп мені жолға салма!.. Жалпы темір жолдан тәртіп кеткен!.. Осы сендер билет сатпай, жұрттан, пассажирлерден ақша алады дейді ғой. Сол рас па?!
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. /шошып/. Жо-жоқ, о не дегеніңіз!..
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Біз ондайды өмірі жасаған емеспіз.. Және болашақта жасамаймыз да!..
Достарыңызбен бөлісу: |