АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Иә-иә, сондай... Кешегі тойды түгелімен өзі өткізді!.. Басынан аяғына дейін... Оңай ма?!
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Иә, бұл кісілердің жаны темір ғой... Біз болсақ әлдеқашан!..
Бөтелке мен бір рюмканы подносқа салып Жолсерік келіншек келеді.
ЖОЛСЕРІК КЕЛІНШЕК. Құяйын ба?!.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Толтыра құй!..
Жолсерік келіншек рюмкаға арақ құяды. Асай Мүсеевич арақты Мэлис Әлібаевичтің сірескен жағын ашып, аузына құюға әрекеттене бастайды.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Мэлис Әлібаевич!.. Мэлис Әлібаевич, көзіңізді... көзіңізді.. тоист аузыңызды ашыңыз!.. Кішкене... кішкене, бір жұтым ғана... Шаршадыңыз ғой!..
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. /Асай Мүсеевичке барлық жағынан көмектесіп/. Иә-иә, шаршап жүрсіз ғой... жұмысыңыз ауыр!..
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. А-а!.. О-о!..
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Қане, қане... титімдей... бір жұтым!.. Денсаулық үшін!..
Екеуі жабылып жүріп Мэлис Әлібаевичтің қарысқан жағын ашып, рюмкадағыны аузына құяды. Мэлис Әлібаевичқа жан біте бастайды. Ерінін жалайды. Тұманданған көзін ашып, айналасына қараған болады.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Мэлис Әлібаевич дейім!.. Мэлис Әлібаевич!.. Қане... қане, тұрыңызшы дұрыстап!.. /Қолтығынан сүйеп, аяғынан нық тұрғызбақ болады/.
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /Ернін жалап қойып/. Туһ, қытықтамаңызшы!.. Қытықтамаңызшы!.. Хи-хи!..
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Маладес!.. Маладес, Мэлис Әлібаевич!.. Қане... қане, жүрейікші былай!..
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Иә-иә, сөйтіңізші!.. Кішкене жүріңізші!.. /Мэлис Әлібаевичті екінші қолтығынан демейді/.
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. /Қытығы келіп/. Хи-хи!.. Қойыңдаршы!.. Хи-хи!.. /Кәдімгідей жүруге айналады/.
АСАЙ МҮСЕЕВИЧ. Тамаша!.. Өте тамаша!..
ПОЙЫЗДЫҢ БАСТЫҒЫ. Жарайсыз, Мэлис Әлібаевич!.. Жарайсыз!.. Маладес!
МЭЛИС ӘЛІБАЕВИЧ. А, солай ма? Мэлис Әлібаевич маладес пе?! /Кенет әндетіп билей жөнеледі/.
Жасасын Мэлис Әлібаевич!.
Мэлис Әлібаевич жасасын!
Жасасын Мэлис Әлібаевич!.
Мэлис Әлібаевич жасасын!
Достарыңызбен бөлісу: |