Сұлтанова Бибігүл Мыңбайқызы Бейсеева Нұргүл Әбдіқадырқызы Тойғанбекова Майра Шоданқызы ХХ ғасыр басындағЫ Қазақ Әдебиеті



бет3/21
Дата29.01.2023
өлшемі0,92 Mb.
#166695
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21
Байланысты:
қазақ әдебиеті тарихы

Бірінші бөлім
1ТРАГЕДИЯЛЫҚ ПЬЕСАЛАР ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ДРАМАТУРГИЯҒА ЫҚПАЛЫ
1.1 М.Әуезов, Қ.Кемеңгерұлы трагедиялары

ХХ ғасырдың 20-жылдарында елімізде, бұрынғы Кеңес Одағында ғана емес, тұтас Еуро, Азия құрлығындағы экономика, саясат, мәдениет пен қоғамдық ой-санада орасан зор өзгерістер болды. Сол өзгерістер дәуірінде әдебиетіміз қаншама пікірталастарды, түрлі бағыттар мен ағымдар арасындағы қызу айтыстарды басынан кеше жүріп дамыды. Көркем сөз өзіне дейін қалыптасқан гуманистік, демократиялық, ағартушылық, реалистік үрдістерді сақтап, оны одан әрі дамыта алды. «Қазақ әдебиеті замана, уақыт, өмір, қоғам, адам тіршілігінің пәлсапасын эстетикалық игеру бағытында халық әдебиеті мен мәдениетінің інжу-маржандарын қолданды. Қазақ халқының сөз өнеріне етене жақындығы, ерекше қабілеті белгілі. Оның дүниені эстетикалық қабылдау, бейнелеу әрекетінің аса еркіндігі, өткірлігі, шеберлігі» [4, 264 б.] арқасында қазақ қоғамдық санасы жоғары көтерілді. Әсіресе «Ташкентте топтасқан алашшыл ақын-жазушылар мен қайраткерлердің қазақ мәдениетіне 1920-1924 жылдары қосқандары мәнді де сүбелі болды. Ұлттық таным-білік интернационализм жетегінде кетпей, елге қажетті біраз дүниелер шығып үлгерді, айтпақ ой-пікірге тежеу салынбады» [5, 276 б.]. Сондықтан да ХХ ғасырдың 20-жылдарында әдебиетіміз биік белестерге көтерілді, алуан түрлі ұлылы-кішілі таланттар тарих сахнасына шықты. «Өйткені тұрмыс-тіршілік те, сана-сезім де дәуір толқынына кезікті де, ескіні қирату, жаңаны орнықтыру процесі мейлінше қатты жүрді. Бұл – бір. Екіншіден, патша заманында тұншыққан ой-пікірдің демократиялық негізде ағыл-тегіл айтылуына мүмкіндік туды. 20-жылдары ойды тежеу, сақтана сөйлеу, көрбілтелеп айту машығы болмады» [6, 203 б.].


Әдебиетімізде поэзия, проза, публицистика, драматургия жанрлары дамумен бірге олардың түрлері, көкжиегі кеңейе түсті.
20-жылдар бүкіл қазақ әдебиетінің тарихында жаңа, үлкен, даңқты кезең болғандығын зерттеушілер айтып жүр.
Кеш туып, ерте ержеткен драматургиямыздың 20-жылдардағы дамуында сапалық өзгеріс мол сезілді. Қазақтың профессионалды Қ. Кемеңгерұлының «Алтын сақина», М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек», «Қарагөз», Ж. Аймауытовтың «Мансапқорлар», «Шернияз», Б. Майлиннің «Жасырын жиналыс», «Ауыл мектебі» пьесаларының маңызы, тақырыбының өзектілігі, көркемдік әдіс-амалы, идеясы тым жоғары.
20-жылдардағы драматургтер дәуірдің пісуі жеткен көкейтесті мәселелерін сол қалпында суреттей білді. Сол кезеңдегі ең басты ерекшелік – қаламгерлердің қоғамның кескін-келбетін бұлжытпай, ойдан шығармай, боямасыз, шынайы көрсетуі.
20-жылдардағы пьесалардың өзі-ақ ұлттық толысу үрдісінің, құбылысының қыр-сырын түсінуге көмектеседі. Ж. Аймауытов, Қ. Кемеңгерұлы, М. Әуезов, М. Дулатов, Б. Майлин, С. Сейфуллиннің көркем шығармалары, пьесалары – қазақ халқының рухани тарихына бедерлей кескін салған зор құбылыс. Сондықтан әрбір көркем шығарманы, соның ішінде драмалық шығармаларды талдау барысында ұлттық болмыс ерекшеліктерін саралау, жалпыадамзаттық өркениеттегі қазақ әдебиеті мен мәдениетінің орнын айқындау – әдебиет тарихының маңызын арттыра түсері даусыз.
Біздіңше ХХ ғасырдың алғашқы кезеңінде драматургия жанры ірі екі кезеңді бастан кешірді деуге болады.

  1. 1898-1917 жылдары – пайда болу, алғашқы талпыныс дәуірі.

  2. 1917-1930 жылдар – даму, қалыптасу, өркендеу дәуірі.

Біз бұлай жылдар жігіне бөлгенде драматургия туралы ғылыми еңбектерді зерделей зерттеу барысында осындай топшылауға келдік. «Жиырмасыншы жылдардағы қазақ драматургиясы – жанрлық жағынан қалыптасып дамудың бағытын, әдісін іздеген өсу, өрлеу жолындағы драматургия еді. Сондықтан да олар кейбір кемістіктеріне қарамастан драматургиямыздың көркемдік жағынан дамуына, реалистік, жанрлық сипатта қалыптасуына жол ашып, оны реалистік дәстүрге бағыттады» [7, 24 б.] – деген белгілі драматургия жанрын зерттеуші ғалым С. Ордалиев пікірі де біздің топшылауымыздан алшақ жатқан жоқ.
Жаңа ғасыр басындағы өзекті мәселелерді көркем өнерде бейнелеуге әдебиетіміздегі тың да тосын жанрлардың бірі драматургия қосылды. Қазақ драматургиясының тырнақ алды туындылары жазылған сәттен-ақ қолданысқа түсіп, далалық сипаттағы шағын сахналарда қойыла бастады [6,104 б.]. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Қазақстанның басқару орталықтары болған Орынбор, Омбы, Оралда орыс, татар театрларының ашылуы қазақтың сахналық ойын-сауық үйірмелерінің дүниеге келуіне ықпал етті. Соның нәтижесінде Верный, Түркістан, Семей, Қызылжар, Атбасар, Ақмешіт, Ташкент, Торғай, Орда қалаларында оқушы жастар күшімен пьесалар қойылып, ойын-сауық кештері өткізіліп тұрған. Қазан төңкерісіне дейін-ақ Б. Серкебаев («Бақсы», «Ғазиза», «Жер дауы»), К. Төгісов («Надандық құрбаны»), А.И. Лиханов («Манап») И. Меңдіханов («Малдыбай», «Үйшік-үйшік», «Тамырлар», «Байғұстар»), Ә.Сұлтанов («Дариға-Қайдар», «Сүліктер»), І. Біләлов («Ищанға ықылас»), Р. Төлешов («Тұрмыс», «Біздің молда») т. б. драма жазушылардың аттары ұлт оқығандары мен оқушы жастарына кеңінен мәлім болған. «…Ойын істейміз деп кезенген жерлерде жол бөгеу болмайтын қылып, тәмәм ескі, жаңа сөздерімізді… жиып-теріп бір кітап қылып драматический цензурадан өткізіп алсақ, бір санаулы жұмыс біткен болып табылар еді. Және бұл цензура қазақша драма, комедия жазушылардың да хабарында болу лайық шығар»… [8]– деп Нәзипа Құлжанова цензураның қолжазба кітаптарды қоюға рұхсат етпейтінін, сондықтан пьесалар жинағын бастырудың жөн екенін баяндайды.
«Переводчик» газетінде (1899 ж.) ХІХ ғасырдың соңында Ақмоладағы қазақ әдеби-драма үйірмесінің спектакльдері Москва, Петербург, Парижде ұйымдастырылған дүние жүзі халықтарының көрмесінде қойылғаны туралы жазылған [9]. Сондай-ақ «Торғай газетінде» Бөкей ордасының жүз жылдық мерекесіне орай оқушы жастар А.С. Пушкиннің «Алтын балық» ертегісін қазақ тілінде ойнағанын жазады [10].
Қазан төңкерісіне дейін-ақ сахналық өнер қазақ жерінде тамыр жая бастады. Оқушы жастар ойын-сауық кештерінде пьеса қоюды дәстүрге айналдырды. Бұл дәстүр үзілмей, өрісін кеңейте келе ұлт театрына айналды. Қазақ даласындағы театр өнерінің дамуына орасан зор ықпалын тигізген орыс, татар театрлары мен драма труппалары екенін [4, 5, 6, 7, 8, 9, 10] баса айтқан жөн. ХХ ғасыр басындағы ойын-сауықтар, қойылымдар ағартушылық бағытта дамумен бірге драматургия жанрының арнасын кеңейтті. Өмір талабына сәйкес ұлттық драматургия өз дәстүрін қалыптастырып, биіктерге көтеріле алды.
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері әдебиетіміз де үлкен өзгерістерді басынан кешірді. Хас асыл мұраларымыздың бағасы салмақты бола түсті. Саясат шаңына көмілген қазыналарымыздың мәні артты. «Сүргінге түскен рух оянды» (А. Егеубаев). Қазіргі кездегі ұлт мұраты, ұлттық сана, ұлттық таным тіні 20-жылдары қандай дәрежеде екендігін зерделеу қажеттігі туды.
20-жылдары драматургияның барлық жанрлары бойынша мынадай пьесалар баспадан жарық көреді:Абыланов С. «Күндеспейтін қатын» (Қызылорда, 1927ж.), «16-жыл» (Қызылорда, 1928 ж.), Аймауытов Ж. «Ел қорғаны» ( Ташкент, 1925 ж.), «Қанапия мен Шарбану» (Москва, 1926 ж.),»Мансапқорлар» (Москва, 1925 ж.), «Рабиға» (Москва, 1926 ж.),»Сылаң қыз» (Орынбор, 1922 ж.), «Шернияз» (Семей, 1926 ж.) Байғожин Сейполла «Педиешіл молдалар» (Қызылорда-Ташкент, 1927 ж.), Шана ұлы «Волат» (Қызылорда, 1930 ж.), Кемеңгерұлы К. «Парашылдар» (Қызылорда, 1927 ж.), «Алтын сақина» (Орынбор, 1923 ж.), «Ескі оқу» (Қызылорда, 1927 ж.), Нақымжанов Ә. «Үш кезең» (Орал, 1929 ж.), Оспанов Өмірбек, Өтеуов Есенжан «Зарлық» (Қызылорда, 1927 ж.), Тоқмағамбетов А. «Екі заң» (Қызылорда, 1929 ж.), Малабаев Р «Үй тұтқындары», «Ғұрып күңі» (Қызылорда, 1927 ж.), М. Дәулетбаев «Сұрпақпайлар» (Қызылорда, 1930 ж.), Ж. Шанин «Арқалық батыр» (Қызылорда, 1926 ж.), «Торсықбай» (Семей, 1925), «Айдарбек қу» (Қызылорда, 1928), «Батыр Баян» (Қызылорда, 1928), Қ. Бәйсейітов пен А. Шанин «Зәуре» (Қызылорда, 1930), «Тартыс», З. Темірбеков «Жанталас», Қ. Басымов «Исатай батыр», Б. Майлин «Шаншар молда», «Ел мектебі», «Неке қияр» (Қызылорда, 1927), «Айша», «Сәлде», «Қос қақпан» (Қызылорда, 1927), «Көзілдірік» (Қызылорда, 1929), М. Әуезов «Еңлік-Кебек» (Орынбор, 1922), «Қарагөз» (Қызылорда, 1926), «Бәйбіше-тоқал» (Семей, 1923), С. Сейфуллин «Бақыт жолында» (Орынбор, 1922), «Қызыл сұңқарлар» (Орынбор, 1922), М. Дулатов «Балқия» (Орынбор, 1920).
Төмендегі шығармалар қолжазба күйінде тарады:
Қ. Басымов «Айлалы қонақтар» (1923), М. Күзембаев «Бақытсыз қыз», Омаров Ұ. «Балчабай», сонымен бірге авторы белгісіз «Жылау-сықтау» пьесасы.
ХХ ғасырдың 20-жылдарындағы қазақ ұлттық драматургиясының даму, толысу және көркемдік жетістіктерін, кемшіліктерін байыптау үшін, жанрдың жетілуіне өзіндік үлкенді-кішілі үлес қосқан драматург-қаламгерлердің драмалық шығармалары түбегейлі қарастырылды.
Драматургияның іргелі жанрының бірі трагедияның көркемдік ерекшелігін танытатын ең басты белгі – шарт-шұрт айқасқан, шиеленіскен қызу тартыс, көріністен көрініске көшкен сайын өсіп-өрбіп, күшейіп отыратын оқиға. Әдеби туындыдағы тартыстың мән-мазмұны мен тегі, көркемдік өрнектелуі, байланысуы, күшеюі және шешім табуы аса маңызды. Трагедиядағы тартыс пен образдардың маңызы, салмағы туралы талай-талай орнықты пікірлер айтылған. Трагедияда тартыс пен мінездің шымыр байланысы болуы қажет. Мәнсіз-мақсатсыз әрекет пен қозғалыс, сюжет шашыраңқылығын трагедия жанры көтермейді. Бұл орайда тартыс қана оқиғаны шымыр түйіндей алады. Ұлттық драматургияның теориялық мәселелерін тереңдей зерттеген Р. Нұрғали трагедияның өмірге айрықша жақын екенін айтады да, оның себебі, бұл жанрда, «тіршіліктің сан алуан қайшылықтары, ғаламат тартыстар мен сезімдер шайқасы, ойлар мен идеялар қақтығысы ерекше зор пафоспен әрі реалистік тереңдікпен бейнеленгенін» айтады [11,93 б. ].
Н. Ғабдулиннің «нақты өмірдің шындығын, тарихи мәнін әйгілейтін ірі характерлердің, жеңуге болмастай ерекше күшті қайшылықтардың тартысы» [12,150 б.] деген пікірі трагедия табиғатын аша түскен. Трагедия жанрын зерттеушілердің бәрі де екінші бір ерекшелігі ретінде – бас қаһарманның өз еркінен тыс қателіктер жасауға душар болатынын, оны осы күйге белгілі бір жағдайдың итермелейтінін айтады.

Трагедияны ұлы сыншы Белинский поэзия гүлі деп бағалаған. Расында трагедия «адам жанының терең күйін шертеді, оқушы мен көрерменді небір асыл ойларға, философиялық толғаныстарға бойлатып ұшқыр қиял әлеміне алып кіреді» деп жазды дейді Р.Нұрғали [13,152 б.].

Трагедия жанры, трагедиялық тартыс туралы Р. Нұрғали: «Трагедия – драматургияның қаһарлы тартыстар мен адасулар шайқасы қат-қабат өмірдің объективті қайшылықтарын терең образдар арқылы ашып, зор айқастар, үлкен күрестерді бастан өткеріп, шындыққа жету жолында опат болатын күрделі тұлғаның қайғы-шері, мұң-ызасы, эмоциялық-эстетикалық ғаламат әсермен оқырманға берілетін болмыстың қаны сорғалаған сұрапыл шындықтарын айқара ашып, қопара бейнелейтін іргелі жанр» , – деп В. Волькенштейн [14,136 б.] айтқан трагедияның өзіндік ерекшеліктерін тереңдете түседі.


Жанрдың көшбасында тұрған, трагедияның негізін қалаушы – М. Әуезов.

«Бүгінгі мәдениетіміздің үлкен арнасы қазақтың ұлттық театр өнерінің дүниеге келуі, профессионалдық үлгіде қалыптасуы мен дамуы М. Әуезовтің есімімен тығыз байланысты. Ол тұңғыш театрдың шығармашылық өміріне ұзақ жылдар бойы араласып, негізгі репертуар қорын жасады, оның бағыт-бағдарын анықтаған драматург» [15,39 б.], – деп Б. Құндақбаев драмашының шығармашылық еңбегіне жан-жақты баға береді.


С. Ордалиев «Заманымыздың көрнекті жазушысы М. Әуезов қазақтың реалистік драматургиясының негізін қалаған, ұлттық театр искусствосының қалыптасып дамуына ат салысқан, асқан талант иесі» [7, 27 б.], – деп түйіндейді. Қазақ театрының тарихында драматургтің тарихи қызметі былайша тұжырымдалған «Театрдың сол уақыттағы әрбір жаңа спектаклін, жеке актерлер өнерін қалт жібермей, үнемі қадағалап, оның табысын көтере, қуана насихаттап, кемшілігін батыл айтып, зор қамқорлық жасап жүрген М. Әуезов» [16, 101 б.].
«Ұлттық топырақта драматургиялық дәстүрдің жоқтығына қарамай, классикалық әдебиеттер үлгісінен сабақ ала отырып, М. Әуезов жанр шарттарына толық жауап бере алатын «Еңлік–Кебек» трагедиясын тудырды» [11,78 б.], – деп жазды академик Р. Нұрғали.
«Ол – ұлттық драматургия өз топырағында қалай туатынын, фольклордың мол қорынан қалай сусындау керектігін, озық елдердің жетістіктерінен үйренудің, тәжірибе тұтудың жөн-жосығын дәлелдеп берген ғалым-драматург» [17, 242 б.], – деген Б. Құндақбаев пікірін белгілі театр танушы, театр сыншысы Ә. Сығай «М. Әуезовсіз ұлттық өнеріміздің келбетін сөз ету мүмкін емес. Соның ішінде суреткердің театрға сіңірген қисапсыз еңбегі рухани, эстетикалық дәреже-деңгейіміз секілді» [18,32 б.], – деп пікірлерін одан әрі тереңдете түседі.
Осы тұжырымдардың барлығы М. Әуезовтің болмыс-бітімін, қадыр-қасиетін, қазақтың ұлттық драматургиясын өркендетудегі еңбегін көрсетеді.
Көркем өнердің асыл мұраты – дүниетаным. Жазушы драматург өзін қоршаған өмірдің, алыс дәуір оқиғаларының бедерлі белгісін асқан талантпен суреттеді.
Драматургияның түрлі жанрларының да дәуір, қоғам, ұлттық таным, болмысты, шындықты беру мүмкіндігінің мол екенін М. Әуезов «Еңлік-Кебек», «Қарагөз», «Бәйбіше-тоқал» пьесалары арқылы дәлелдеді.
М. Әуезовтің драматургия жанрын дамыту, ұлттық театр өнерін өркендетуде 20-жылдары атқарған тарихи еңбегі әлі де терең зерттей түсуді қажет етеді. Өйткені оның күні кешегіге дейін бір жақты бағаланып келгені ешкімге жасырын емес.
М. Әуезовтің 20-жылдары жарық көрген пьесалары қазақ қоғамының қайшылыққа толы тарихи жағдайын терең, жан-жақты талдап-таныта білді.
«Еңлік-Кебек», «Қарагөз», «Бәйбіше-тоқал» пьесалары – төл драматургиямыздың дамуына тигізген ықпалы, әсері орасан зор еңбектер. Бұл пьесалар 20-жылдардағы қазақ драматургиясының жай-күйін, дәрежесін танытып қана қоймайды, сонымен қатар осы күнгі ұлттық театр өнерінің, драматургия жанрының қанатын кеңге жая өркендеуіне қосар үлесі мол болғандықтан, жан-жақты зерттеуді қажет етеді.
М. Әуезовтің 20-жылдары жазған жоғарыдағы пьесалары әр кезеңде әр түрлі зерттелді. Пьесалар жарық көрген уақыттан бастап «социализмнің барлық майданда толық жеңіске жеткенге» дейінгі аралықта айтылған сыни ойлар кейінгі монографиялық зерттеулерге негіз болды. Кешегі кеңестік үкімет тұсында жарық көрген Р. Нұрғалиевтың «Трагедия табиғаты», «Күретамыр», «Арқау», Ә. Тәжібаевтың «Қазақ драматургиясының қалыптасуы мен дамуы», С. Ордалиевтың «Конфликт және характер»,»Қазақ драматургиясының очеркі»,




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет