Сұлтанова Бибігүл Мыңбайқызы Бейсеева Нұргүл Әбдіқадырқызы Тойғанбекова Майра Шоданқызы ХХ ғасыр басындағЫ Қазақ Әдебиеті


-ЖЫЛДАР КОМЕДИЯСЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІГІ



бет4/21
Дата29.01.2023
өлшемі0,92 Mb.
#166695
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21
Байланысты:
қазақ әдебиеті тарихы

3 20-ЖЫЛДАР КОМЕДИЯСЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЕРЕКШЕЛІГІ
3.1. Бейімбет Майлин комедиялары

Трагедия мен драмаға қарағанда комедияның өзіндік ерекшелігі бар. Бұл жанрға Р. Нұрғали анықтама беру мүмкін еместігін айтып, негізгі белгілері, басты ерекшеліктері ретінде бас кейіпкерлердің азап шекпейтінін, мұнда да тартыс пен мінез үлкен роль атқаратынын, жағымсыз кейіпкерлердің өзара тартысқа түсе беретінін айтады.


Жұмабай Әбіл қазақ комедиясы туралы монографиясында бұл жанрға былай анықтама береді: «Комедия (көңілді топ, өлең) – драмалық жанрдың негізгі бір түрі, өмірдегі келеңсіз, жағымсыз құбылыстарды, адам бойындағы міндерді, қасиетсіздікті, оспадарлықты күлкілі етіп бейнелейтін сахналық шығарма. Комедияға адамның мінезі, іс-әрекеті күлкілі жағдайда, қандай да бір ерсілік, оғаштық танытатын тұстарда көрсетіледі « [61,86 б.].
«Егер қазақ драматургиясында трагедия жанрының тууы көрнекті драматургіміз М. Әуезов творчествосымен байланысты болса, күлкілі комедияның қазақ сахнасына шығуы жазушы Б. Майлиннің творчествосымен тікелей қатысты болды» [7, 50 б.] –
Бейімбет Майлин – қазақ әдебиеті, өнері, мәдениеті, әдебиеті тарихында зор ілтипатқа алынар, ерекше қастерленер тұлға. 1920 жылдардың әдебиетінде ұлттық драма жанрының көшбасшыларының бірі Бейімбет Майлин әдебиетіміз бен мәдениетімізге өз өрнегін, өз қолтаңбасын әкелді.
Қазақ әдебиетінің негізгі жанрларын қалыптастыруға, дамытуға ерекше еңбек сіңірген, 20-30 жылдардағы қазақ аулының, қазақ тұрмысының көркем шежіресін жасаған ерекше тұлғаның бірі ғана емес бірегейі - Б. Майлин.
Бейімбет Майлинді ауыл өмірінің білгірі десек, ол өз дәуіріндегі «сыр мен шындықты кәдімгі тыпыршыған тірі қалпында қолма-қол, бетпе-бет, көзбе-көз тура сахнадан көрсетуді мақсат еткен де, дәл осы мақсат поэзиядағы ақын, прозадағы жазушы Майлинді енді келіп, драматургия секілді жаңа сөзге жетелеп әкелген» [62, 112 б.] – дейді академик З. Қабдолов.
Бейімбет Майлиннің 20-жылдардағы драмалық шығармалары «көркемөнерпаздар үйірмелеріне, сауық кештеріне арналып жазылғандығы, ең алдымен, олардың қысқалығынан, авторлық ремаркалардың ерекшелігінен аңғарылады. Шағын пьесалардың қайсысын алсаң да, кейіпкер саны көп емес, олардың киімі екі ауылдың бірінен табыла береді, күрделі декорацияның, ат-көпір театр жабдықтарының қажеті жоқ. Үнемі таныс орта, белгілі мекен. Бейімбет пьесаларының көбіне комедия болып келуі оның талантының айрықша сапалы, дара сипатын танытады. Авторлық идеалды, суреткерлік мұратты күлкі арқылы, әзіл-оспақ, мысқыл арқылы орнықтыру – комедиограф нысанасы [63,192 б.].
Драматург алғашқы драмалық шығармасы «Шаншар молда» пьесасында-ақ кейіпкерлердің іс-әрекеті, мінез-құлқы, көзқарасы арқылы 20-жылдардағы адам өміріндегі кей келеңсіздікті, оның алуан түрлі сырларын әжуалайды. Молда мен Әбіш монолог, диалогтерінен олардың ішкі жан-дүниесімен танысамыз.
«Молда (біраз ойланып отырып). Мен бір бақытсыз, өзім сияқты молдалар ақшаны күректеп тауып жатыр. Олардың елінде түсім көп: күні құрғамай өлім... Менің келгеніме екі айдан асты, әлі бір тышқан мұрны қанаған емес... Қанапияның шешесі мен келгенде өледі деп жүр еді, о да жазылып кетті... екі-үш баланың бес-он тиыннан берген жұмалығынан не өнсін!.. Бірі оңбаса, бәрі оңбайды. Басқа жағынан да бақытымның ашылып тұрған жері жоқ. Күні-түні жалғыз басым, тіземді құшақтап жатқаным. Ешбір әйелмен сөйлесе де алмаймын... (Ойланып) Осы Жамали Кәлпе «Әйел заты сабырсыз келеді, олар өздері кісіге соқтығады» деуші еді, сонысы өтірік пе? Маған өмірімде бір әйел соқтығып көрген емес. Өз аяғынан келіп соқтығу түгіл, өзім барып бас исем де, көнбейді. Әлде, менің әйел қызығатын түрім жоқ па?.. (Омырау қалтасынан айна алып қарайды) Мынау екі бет, азырақ солғындығы болмаса, мап-майда, мұрным да әп-әдемі, жебем белдиіп-ақ тұр, ортасы азырақ таңқияды, бірақ молда болған соң, үйтпесе болмайды да. Асқа батырылса, мәкүрік болады... Бәрін қойып, мына көзді айтсайшы: осы көзім сұлу-ақ емес пе!.. Қандай әйел болса да, мен дегенде еріп-ақ кетуге тиіс емес пе!.. Әлде бозбалашылықтық ретін білмей ме екем?.. Олай болғанда, бірер епті жігітпен жақын болып, соны жеңге қылсам қайтер еді!..»
Молда монологі арқылы оның бар мақсат-мұраты белгілі болады. Драматург юмормен шектесіп жатқан ащы мысқыл, сатира арқылы түрлі кеселді қылықтарды әшкерелейді. Молданың нәпсі құмар, пысықайлығы пьесада орынды көрініс тапқан.
«Әбіш. – Ұрмайды. Ұрма – дейін. Нақ қорықсаң, тамағыңды ішкен соң келе қоярсың. (Ахметқали нанар-нанбасын білмей шығып кетеді.) Бұл жауыздың ісін қарашы: байдың маубас баласы бір күн дұрыс сабағына келген емес, оны ұрмақ түгіл, маңдайынан шертпейді, мынау – зеп-зерек бала, жоқты сылтау қылып, екі күннің бірінде осыны ұрады да жатады. Былтырғы біреуі: «Қатының ойнас қылады екен, кітаптан қарап білдім» – деп байдың баласы мен келінін араз қылып, ақырында келіні таяқтан өлесі болды. Соның ызасы да бар шығар, әйтеуір... (Жымыңдап) екеуміз көңіл қосып жүрміз... енді мына құзғыны оны тағы сезіп қойып, маған көз алартатын болып жүр. Кеше «тақсыр, қолыңды бер» деп жорта қолын алсам, «сенің қолың қарам ғой, қол беруге де болмайды»– дейді.
...Сопысынған молданың талайының сәлдесі боққа былғанып жатқанын көріп ем... Ә, құдай» [ 64,12 б.]…
Әбіш монологінен өліге құран оқып, тіріге ішірткі жазып, дем салып, тұмар жасап, мал тауып жүрген молданың бар мақсат- кейпі одан әрі ашыла түседі.
«Шаншарда» молданың балаларға жасаған зәбірін, ішірткі жазу, дем салу, Зағипамен кездесіп сөйлесуі сияқты әрекеттер жұртшылықтың көз алдында өтіп жатады. Бұл – шығарманың әсерлілігін күшейтеді», [65,13 б.] – деген Б. Майлиннің драматургиясын зерттеген Р. Рүстембекова пікірі орынды.
Осы комедия туралы «…образдар оқиға, қимыл үстінде жасалмайды, мінездерде психологиялық дәлел тапшы. Бас кейіпкер Шаншардың өзі ішкі дүниесін іс-әрекет арқылы ашудың орнына ой арқылы (монолог) мәлімдейді» [62, 116 б.] – деп академик З. Қабдолов бірталай кемшіліктерді көрсетеді. Солай болғанмен де 20-жылдардағы ұлттық санаға әсер еткен, комедияның дамып, кең қанат жаюына жол салған туынды екендігінде дау жоқ.
Драматургтің 1920 жылы жазылған көркемдігі жоғары, идеялық мазмұны терең туындысы – «Неке қияр» пьесасы. Комедия 1926 жылы Қызылорда қаласында шыққан пьесалар жинағына енген. Әзілі, сатирасы басым бұл пьесаның шырайын табиғи өрбітілген диалог, әрекет ажарландыра түскен. Комедиядағы диалог астарында уытты мысқыл, ащы ажуа мол. Б.Майлин комедиясындағы диалогтер қарапайым болғанмен белгілі дәрежеде адам көңіл-күйі мен мінез-құлқынан да көп мағлұмат береді.
«Кәрім (кейіп).– Әй, енді бұ да шала өлтіріп отыр. Апырым-ау, адам деген айтқанды істеп шыға алмас болар ма? Кеше ауылдан шыққалы қақсадым: «Үлкендеу әйелдер, бойжеткен қыздар келсе, ұшып тұрып, иба ғып сызыла қой»– деп. Мелшиіп отырады да алады... Түйедей-түйедей қыздар келіп жатыр, солармен ілесіп сөйлесіп адам деген бір жасап қалмас па?.. Сомпиып күйеу отырған соң, олар қайтсын, кетеді де қалады... Әлгіде Үкібас үйіндегі құдағи келді, осы ауылдағы әйелдің ішіндегі тілдісі, адуыны сол. Сондай адамдарға сөзге мерт қылу деген өлім ғой... Ол кіріп келгенде, мынау мелшиіп отырып алып еді, әзілі аралас бірталай сөз айтып шаңымызды аспаннан келтірді.
Жомарт. Осы өзім күйеу болмай, жұрт күйеуге жарымас: әлгідей құдашалар келгенде, шымшып-шымшып алармын ғой...
Жәлен. Көкетайлар-ау, біреуің «тұр» дейсің, біреуің «тұрма» дейсің қайсыңның тіліңді алайын? Дұрысын айтыңдаршы, көкетайлар!
Кәрім. «Тұрма» деген кім?
Жәлен. Мына Жомарт айтты: «Қыз, қатын келгенде, түрегеліп сызылу бұл күнде қалған»– деді. «Тұрмай отыра бер»,– деді. Әй, Жомарт, сен осылай дедің.
Кәрім (Жомартқа). Тұра қал. Сен қайдан шығарып жүрсің оны?
Жомарт (сасып). Маған жүрерде Жалақтың қатыны айтып еді.
Кәрім. Әй, ойбай!.. Жалақтың қатынынан үлгі алған соң, сендер не оңайын деп едіңдер...
Жомарт (ашулы). Әңгіме тұруда емес, жайдары ашық болып, тақылдап ілінісіп отырса, қатындар қарсы сөйлемек түгіл ығып кетеді... Мына кәпірді кім басынбасын: басының салбырап отырғаны мынау... Осы итке ерегескенде бүгін құрдасымды өзім жаныма алып отырсам ба екен?
Жәлен (ала көзімен қарап). Сен ойыңның бұзықтығын айтпасаң да білем» [65, 234 б.] – деген алғашқы пердедегі үзіндіден-ақ Жәлен, Жомарт, Кәрім бейнелері айшықтала түскен. Жәленнің ынжықтығы, ақылсыз, пайымсыздығы көрініп түр. Ол әйел адамдармен, қыздармен дұрыс сөйлесу тұрмақ, жолдастарының да ақылын бойына сіңіре алмайды. Адам аты бар, қолынан ешқандай іс келмейтін бір пенде.
Күйеу жігіт пен Зейнеп арасындағы диалогтен Жәленнің сорақы мінезі тіпті одан әрі айқындала түседі.
Бейімбет Майлин «Неке қияр» пьесасында адам образын жасауға керекті шарттардың түрлі компоненттерін шебер пайдаланған. Жәленге мінездемені авторлық ремарка арқылы емес, Ылаңбай сөзімен береді. «Қой, Қайралап азырақ ернінің жырығы бар, сақалды келген қара жігіт деп сонда-ақ айтқам» – дегенінде Б. Майлиннің өзіне ғана тән мысқыл бар. Драматург бұл комедиясында адам бойындағы түрлі оғаш әрекетті улы мысқылмен түйреп, уытты күлкіге айналдыру арқылы сатиралық мінез, сахналық мүсін жасаған.
Пьесаның тағы бір ерекшелігі мұнда ұлттық колорит басым. Олай дейтініміз – күйеуді қайын жұрттың қарсы алуы, қыз ұзату кезіндегі кәде-жора, ырымдар, қыз көрсету сияқты ұлттық дәстүрлер, күйеумен қалжыңдап ойнап сынау да табиғи қалпында.
«Кәрім (маңызданып). Бұра сөйлеген күлуге жақсы деген, құдағи, Әзілге айтам... ер жеткен балалардың бірін-бірі амандықта көргені, танысқаны жарастықты ғой деп келіп отырмыз. Ауыз толтырып айта қойғандай әкелген нәрсеміз жоқ. Шапан-шықпаттың өзі бұл күнде болыңқырамай жүр ғой... Азын-аулақ тиын-тебеніміз бар, «орамал тонға емес, жолға жарайды» деген қазақтың ырымы ғой...
Сары қатын. Байғұс енді әруақты орынға ең болмаса, бірер шапан тауып әкеле алмағандарың ба?
Кәрім. Бір шапанды табармыз ғой...
Келіншек. Шешей-ау, сені алдап отыр, ұтылма шапандары көп.
Кәрім. Атай көрмеңіз, құдағи, бұйырмасын, дардай Қайырекеңнің шаңырағына бір шапансыз жөн болмайды деп, құдаңның намазға киіп жүрген жалғыз шапанын сыпырып әкеліп отырмын.
Сары қатын. Жарайды толық берсең, ақшаңа да көнейік.
Кәрім. Сұрап қараңдар, шамамыз келер ме екен.
Келіншек. Шамаларың неге келмесін, күйеу – байдың баласы, қыз – байдың қызы, бұл екеуінен алмағанда, қайдан аламыз?
Сары қатын (келіншекке). Келін, сен айтшы, мен ақшасының есебін де білмеймін.
Келіншек. Не сұрайтыны бар: жүз сом берсе болады да.
Кәрім (жағасын ұстап). Астапыралла, құдағи, өлшемей кестіңіз...
Сары қатын. Көп болмас, құда, сендер түгіл, жалғыз аты бар Шапайдан да 30 сом алдық.
Кәрім. Ендеше сол 30 сомды алыңдар.
Сары қатын. Қой, ойбай, оны алып жаман атты болғанша алмайық та, көрсетпейік те... Етегін ашып отырған Әлімнің қызы бұл емес... Алған-берген ешнәрсе болмайды, тек әшейін «бәленшенің қызын көрсеткенде, пәлендей алыпты» деген аты болмаса... Берсеңдер өз мерейлерің. Тіпті бермей кетсеңдер де, өйтіп ауыздарыңды қу шөппен сүртпеңдер... (Жәлен жалтақтайды).
Кәрім. Ендеше елу сом алыңдар.
Қатындар. Жоқ!
Кәрім. Жетпіс сом болсын, құдағи.
Жомарт. Ой, үстей бердің ғой.
Сары қатын (Жомартқа). Жәй отыр, құда, Базарбайға мал жиып беретін сен емес» [65, 23 б.].
Сары қатын, Кәрім сөздерінде тамаша юмор бар, күлмей қоймайсыз, «күлкінің күші – шыншылдықта, шынайылықта» (З. Қабдолов). Ауыл адамдарының мінез-құлқын, іс-әрекетін жетік білетін Б. Майлин пьесада салқар сахара шындығын бар бояу көркімен бейнелейді.
Комедияда автордың жөн-жора ұстаушы құда, құдағидың мінезін тіпті сөйлеу мәнері арқылы кейіпкер мінез-құлқын барша болмысымен сахнаға алып шаққанына тәнті боласың.
Ақшаның есебін білмегенсіп отырған Сары қатын отыз сом аталғанда тулап қоя береді.
Күйеу, құда, молда, Ылаңбайлар жан-дүниесін табиғи күйінде ашып беруге ұмтылған автор кейіпкер характерінің әр белесіне сәйкес түрлі штрих, детальдарды орнымен пайдаланған.
Одан кейін драматургтың уақыт талабына сай жазылған, идеялық жүгі де салмақты пьесалардың бірі – «Көзілдірік» пьесасы
Алғашқы көріністегі Мәреш, Зейнеп, Маржан диалогінен заман тынысын, мезгіл мінезін көреміз. Заман толқыны, сауатсыздыққа қарсы күрес - еліміз тарихындағы ерекше кезең. Осы кезеңнің көркем ескерткіші «Ауыл мектебі» комедиясы – Б. Майлиннің ғана емес, әдебиетіміздің елеулі дүниесі болғанын уақыт дәлелдеді.
Әйелдердің «оқиық, ең болмаса, Сауқымның қызы құсап өлең кітап оқып отырармыз» деген өр талабына қарсылық көп. Сол қарсылардың ең үлкені Дәрібайдың надандығы үшінші көріністе-ақ әшкере болады.
«Дәрібай (отырып қалтасына қолын салып, орамалға түйген қағазды шеше бастайды). Илеудегі құдамыз бір аттың майын сұратқан екен. Соған Әміржанның мініп жүрген ала аяқ кер бестісін беріп жіберейін деп едім. Келген адамы қорқақ па қалай, қағазы болмаса жолда әуре қылады деп отырғаны (бүктеулі жалба қағазды ұсынады). Мынау соның қағазы ма екен, оқып қараңызшы...
Мұғалім (оқиды)... Құнан өгіз, қызыл тарғыл, мінер жақ құлағы тілік...
Дәрібай. Жоқ ол болмады... биылғы тасаттыққа сататын өгіз екен ғой. Жануар Ресей тұқымы еді, өгіз-ақ болатын еді... Мына біреуді қараңызшы.
Мұғалім (оқиды). Бектемірге сегіз сом, Шынтайға былтырғы шөптен қалған бір сом елу тиын...
Дәрібай. Ойбай, о да болмады, мынау шығар.
Мұғалім (оқиды)... Түсі кер, артқы аяғы ала, маңдайында төбелі бар, жасы бесте.
Дәрібай. Е, осы екен!.. (қағазды алып, бір ұшын жыртып таңба салады) қағаз танымаған қиын-ақ қой. Әйтеуір ауылда сіздің барыңыз да жақсы»[65, 131 б.].
«Шіренгенде қара жердің белін қайыстырып жіберердей жуанның қалтасында жүрген бұл қағаздар күлкі келтіреді» [13, 222 б.].
Мұнда комизм Дәрібайдың іс-әрекетінде. Дәрібай мен мұғалім қарым-қатынастары күлкілі жағдай туғызып отыр. В.Г. Белинскийдің айтуы бойынша, «күлкіліліктің қайнар көзі, өмірлік құбылыстар мен парасатты болмыс заңдылықтары арасындағы қайшылықтарда жатады» [67, 198 б.].
Дәрібайдың ой-пікірімен (сауат ашуға қарсылық) әрекеті арасындағы қайшылық сатирамен берілген. Дәрібайдың әр қимылы шынайы.
Төртінші көріністе мұғалім монологінен бар мән-жаймен қаныға түсеміз. Белгілі жағдайды мұғалім ұзақ баяндайды. «Бұл пьесаның драматизміне нұқсан келтіріп тұрғанын аңғару қиын емес. Шағын көлемді шығармада кей жәйттарды сахналық әрекет арқылы бейнелеу қиын болған соң, автор эпикалық тәсілдерді әдейі мақсатты түрде пайдаланған» [13, 229 б.].
Бесінші көріністен Б. Майлиннің юморлық қабілетінің, сезімінің күштілігін көреміз. Дәуір суретіндегі комизм белгілерін көру, оны өз шығармасына арқау ету – Б. Майлиннің ерекше сипаты. Ол қоғамдағы, өмірдегі әр қилы қайшылықтар салдарынан туған күлкілі жағдайларды, комизмді табады, суреттейді, мысқылдап шенейді.
«Маржан. Емшегім иіп кеткенін қарашы, әлгі басы құрғыр бала жылап жатпаса игі еді...
Дауыс (сырттан). Мәреш! Ағам ұрсып жатыр, тез қайтсын дейді. Байпағымды жамап берсін, дейді. Қалаға барам, дейді.
Дауыс. Маржан қара сиырыңның торпағы суатқа жығылып, өлейін деп жатыр»
Жапай болса, Зейнептің желкесінен ұрып: «Мұның не?»– деген мұғалімге: «Қатын менікі. Жұмысың болмасын! Оқытпаймын! Саған сыйға тартатын қатыным жоқ!..»– деп Зейнепті алып кетеді.
Драматург тапқыр юмормен түрлі бейнелерді аша білген. Сол арқылы заман тынысын, адам психологиясын аса дәл беріп отыр.
Пьесаның соңғы көрінісі балалар аузымен айтылатын үгіттік ұран сөздермен аяқталады. Пьесаның «ашық үгіт сарынымен бітуі шығарманың тұтастығына, драмалық композициясына нұқсан келтіргенмен, дәуір талабы үшін қажетті шешім еді» [13,49 б.]– деген Р. Нұрғалиев пікірі орынды.
«Көзілдірік» комедиясы – үш перделі комедия, 1929 жылы Қызылорда қаласында жеке кітапша болып басылып шыққан. Драмашының шығармашылық эволюциясын бажайлағанда, бұл шығарманы Р. Нұрғали: «Шағын пьесалар жазу үстінде драма заңдылақтарын игерген Майлиннің өзіндік тәжірибесі, етене тәсілдері «Көзілдірік» комедиясынан айқын көрінеді» [11,323 б.] – деп дұрыс бағалаған.
Пьесаның композициялық құрылысында драматургияның ең қажетті белгілері бар. Ол сахнада шағын адаммен-ақ өмірдің шынайы суретін беріп, кішкентай детальмен-ақ ірі проблемаларды қозғайды.
Драмалық шығармаларда адам үнемі іс-әрекет үстінде көрінуге тиісті. Бірақ бұл шартты үнемі орындай беру – қиынның қиыны. Солай болғанымен де пьесада сол жылдары драмалық шығармаларда көп кездескен ұзақ сонар, бос баяндаулар жоқ. Б. Майлин авторлық ремаркаларда декорацияға, кейіпкерлердің қозғалыс-қимылына, психологиясына қатысты дәл ескертулер береді. Мысалы,
«Төр үйде болыс пен хатшысы. Болыс Байсалбай желегейленіп, тақияшаң, тырнағын алып отыр. Хатшысы Ормантай кішкене айнаға қарап шашын тарап отыр. Шашының үрпиген жерін, алақанына түкіріп алып, сипап қояды. Одан кейін жазуына кіріседі... Ауыз үйде қағаз көшіруші Жүсіп столға жабысып, бірдемені жазып жатыр... Далаға шығатын есікке таяу босағада көшір – рассыльный Бақыт таспамен жүгенді көктеп отыр» – деген авторлық ремаркадағы қимыл-әрекеттің өзі күлкі шақырады.
Жүсіп.
Қазақтың атқа мінген балалары,
Елінің алға ұстайтын даналары.
Қазақтың надан елін ел қылам деп
Келгенше тырысып жүр шамалары...
Бақыт. Қой мынауың өтірік.
Жүсіп. Неге?
Бақыт. Ел ішінде қазақты ел қылам деп жүрген адамды көргенім жоқ, жем қылам десең нануға болады».
Драматург өмір шындығын юмормен көрсетеді. Ел пысықтарын, залым билеушілерін, атқамінерлердің өз елін «жем қылсам деген» билік құмарлығын күлкіменен шенейді.
Пьесада әрекет, қимыл бір көріністен екінші көрініске ауысқан сайын күшейіп, кейіпкерлердің түрлі қырлары ашыла түседі. Болыс кеңсесіне шалдың келуін көрсету арқылы қызық ситуация жасаған. Шалды хат көшірушінің болысқа, болыс хатшыға, хатшы хат көшірушіге, ол ауылнайға жіберіп қақбақылдағаны ызаңды келтіреді. Бюрократизм, түкке тұрмайтын қағаз үшін адамды әуре-сарсаңға салу – ел арасына кең тараған індеттің бірі. Одан әрі болыс еңбекақысын сұрап келген Қасенге ақшасын бермегені былай түрсын, ұрсып, «ерегіссе мен мүлде мұғалімдіктен шығарып тастармын» – деп екіленіп тұрғанда хатшы Ормантай «тұрған аулынан арыз түсіру» керектігін айтып, жұмыстан шығару тұрмақ, жала жауып айдатып жіберудің жолын көрсетеді.
Б. Майлин одан әрі елдегі сауатсыздық, тілдегі шұбарлылықты кішкентай штрихпен-ақ шебер шенейді. Болыс кеңсесіндегі жұмыс уақытын сипаттайды да:
«Ормантай (екінші бір қағазда алып). Мына біреуін қанша оқысам да түсіне алмадым.
Байсалбай. Неменесіне түсінбедің, қазақша жазылған емес пе...
Ормантай. Жазуы қазақша болғанымен, сөзі қазақша емес шығар деймін.
Байсалбай. Оқып көрші.
Ормантай (оқиды)... Қайыңтүп болыстық атқару комитеті уез атком губерне атком қаулысымен соған сүйеніп, майдың он бесі, 1925 жыл, нөмірі 1825-нің үшін сол қаулының үш параграфы бойынша бұдан былай, яғни майдың он бесі»... Дәуірдің ащы шындығы осылай еді.
Одан әрі пьесадағы негізгі кейіпкеріміз, төремен танысамыз.
Келген Төре болыстың ескі танысы Ақбан судья болып шығады.
Көшір, Бақыт әңгімесінен Ақбан содьямен толығырақ таныса түсеміз. «Былтырғы ел аралайтынымызда Таңсықбайдың үйіне барып қонғанбыз. Таңсықбай үйінде жоқ екен. Жатарда шешесі қызын бөтен үйге жатқызыпты... Түнде содья қызға қол салам деп барса, қыз жоқ... Бір мезгілде бұрқылдап бізге келді. Әйда, жүр, қызды іздейік деп. Мелетсені оятып, киіндірді. Болыс – ұят болар деп азырақ қынжылды да жата берді... Содья, милиция үшеуміз шықтық. Әр үйді барып, бір оятамыз...
Жүсіп. Сонда не деп сұрап жүрсіңдер?
Бақыт. Таңсықбайдың қызы бар ма дейміз»...
Оқығанмен ішкі жан-дүниесі адамдық қасиеттен жұрдай кісімсіген Ақбанның сорақылығы орнымен шенеледі. Оның нәпсіқұмар, жеңілтек, арсыз мінезі мысқылмен әжуаланған. Ақбанның комедияда сөзі мен мінезіне әрекет-қимылы сай шыққан және өте сәтті образ. Сөз әлпетінен Ақбанның ойы, мақсат-мүддесі, ниет-пиғылы толық айқындалады. Мұндай есердің өркөкірек келетіні, адамға деген мейірім-қайыры жоқ содыр-сотқарлығы айрықша көзге түседі.
Екінші пердеде Жамалмен әңгімесінде қыз ақылды сөзбенен алдына тосқауыл қойғанда, «Көнбеген қызды... Маған ти, мен алам! Мен пүртекел істеп арестовайть қылудан тайынбаймын» – деп қызды күшпен де жеңбек болады.
Үшінші пердеде кешегі көшір Бақыттың болыс болуы, Жамал, Қасендердің ойын көрсетуге дайындығы суреттеледі. «Көзілдірік» комедиясындағы драмалық тартыстың екінші пердемен бітетінін Б. Майлиннің шығармашылығын зерттеуші Т. Нұртазин дұрыс көрсеткен. «Композициялық жағынан үшінші пердеде селкеулік мол. Тұтас драматизм, үлкен жүлге үзіліп қалып, үйірім-үйірім, басы қосылмаған сценалар берілген. Бақыттың болыс болуы, оның сөздеріндегі ірілік көркемдік шешім таппай, таза үгіттік ыңғайға ауысып кеткен. Рас, Байсалбайдың әруақ шақырып, аталастық-рулық жолмен Бақыттың аузын алмақ қылықтары, Ақбанның мұғалімдік қызмет сұрауы – күлкілі ситуациялар» [68, 310 б.].
«Жасырын жиналыс» алғаш рет 1930 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған. «Майлиннің шағын пьесаларының ішінде көркемдік-идеялық мазмұны жағынан күрделісі, кейіпкерлер характерінің даралығы мен оқиға құрылысы, психологиялық шиеленістері жағынан қызықтысы 1930 жылы жазылған «Жасырын жиналыс»«... [66,25 б.] – дейді Р. Рүстембекова.
Кешегі қазақ ауылын коллективтендіру жылдары аумалы-төкпелі, қиын белестер дәуірі еді. Адам мен қоғам арасындағы шытырман, қим-қиғаш күрделі қарым-қатынастың ұлтымызға көп зардабы тиді. Қолдан түрлі таптарға, топтарға бөлшектеу, олардың арасын шиеленістіріп, әбден ушықтырған күрестің сипатын драматург шебер бейнеледі. 20-жылдардың 2-жартысында Сталин және оның төңірегіндегілер билікті алған кезде қазақ аулының жағдайы қиындай түсті. «Мал ортақ, жер ортақ, бәрі ортақ» деген ұрандар талайлардың түбіне жетті. Соның нәтижесінде қазақ ауылдарының малынан, жанынан, ауыл-аймағынан айрылып, ақсүйек болып қалғаны тарихтан белгілі. «Бұл үлкен трагедияның бір ұшқынын Майлин «Жасырын жиналыс» пьесасында шет-пұшпақтап сахнаға шығарған» [62, 226 б.]. Мысалы, «Нұрыш... Ойбай-ау, «байшылсың» деп мені айналдырған ғой бұл, осыдан сескенгеннен екі атымның бірін сатып құтылған жоқпын ба?
Таңқыбай. Мені айтсайшы, бір үйлі жанды асырап отырған жалғыз сиырдан айрылдым-ау!»
Ауыл адамдарының қотан басындағы әңгімесі осы. Бұған дейін жалғыз сиырдан айрылған ештеңе емес, енді аяқ-табаққа дейін араластырады деген суық хабар елдің мазасын алып тұр. Бұл әңгімені де шығарып жүрген Құлтай белсенді. Бұлардың әңгімесі үстіне Тасболат келеді, отырып жатып: «Әлгі Құлтай жын ентігіп жүр ғой: «Байлар жасырын жиылыс істеп, колхоздан шығамыз деп жатыр»– деп (жұрт елеңдесіп жағаларын ұстасады).
Нұрыш. Дін жоқ шығар итте!
Таңқыбай. Құрысын мен кетем (Тұра бастайды).
Несібелі. Ойбай-ау, бұзауым жамырап кетер ме екен?.. (Бұл да тұра бастайды)».
«Б. Майлин кейіпкерлерін осындай дағдарыс, ер сыналар өткел үстінде сынайды, мінез-құлқын осылайша ашып даралайды» [66, 28 б.]
Бізге бұған дейін темір ұстасы Ержан, ағаш шебері Нұрыш, Рахила, Несібелі, Таңқыбай әңгімелерінен сырттай таныс мұғалім мінезі әрекет үстінде толық ашылған.
Мұғалім (отырып, кекете күліп). Жиылыстарыңыз берекелі болсын!
Ержан. Немене екі кісінің басын қоспасқа тәртіп шығарып па ең?
Мұғалім. Жасырын жиылыс істетпеске тәртібім бар.
Ержан. Жасырын жиылысты кісі көзіне көрсетпей істер болар. Біз аспанның астында, ауылдың қотанында отырмыз.
Мұғалім. Қайда отырғаның есеп емес. (Қалтасынан қағаз шығарып) Мынаған қол қойыңдар! (Жұрт үрейленеді)
Ержан. Не үшін?
Мұғалім. Осы жиылыста болғандықтарыңа.
Ержан. Жала жапқан қағазға қол қоя алмаймын!
Мұғалім. Қоймайсың ба?
Ержан. Қоймаймын.
Мұғалім. Білдім, сен атқамінерсің, контрсың!.. Сенімен кейін сөйлесермін. (Қағазды Таңқыбайға ұсынып) Мына жерге қолыңызды қойыңыз.
Таңқыбай (сасқалақтап). Ә?... Бармағымды баспасам.
Ержан. Баспа бармағыңды! Айдаған жеріне бірге барамыз.
Мұғалім. Ә... Агитатор... ауызды қалай біріктірген?! Көрермін! (Мұғалім сұрланып, жағалай қарап, алып шығады).
Мұғаліммен арадағы қақтығыс шиеленісті үдете түседі. Шиеленіс үдеген сайын мүғалімге қоса Ержан, Таңқыбай, Нұрыш мінезіндегі түрлі қатпарлар ашыла түседі. Ержанның батылдығы, Таңқыбай, Нұрыш мінезіндегі ішкі жалтақтық айқындала түскен. Мұғаліммен арадағы диалог оқиға желісін өрістетіп қана қоймай, тартысты шиеленістіре түседі. Ержан мен мұғалім арасындағы диалогтен олардың характерлік сипаты ішек қыртысына дейін ақтарылып, мінез-құлқы толық көрінеді. Б. Майлиннің тіліне тән негізгі белгі – кейіпкерлердің сөйлеу мақамынан мінезі, мақсат-мүддесі айқын ащы ажуамен көрінеді. «Қазір күлкілі көрінген мұндай сөздер үшін кезінде талай боздақтар күнәсіз күйіп кете барған» [13,408 б.].
Пьесадағы диалогте кешегі жиырмасыншы-отызыншы жылдарда халқымыз бастан кешкен әпербақандық, сорақылық айшықтала түскен.
Пьеса Таңқыбайдың досы райком хатшысының келуіне байланысты мүғалімнің әшкереленуімен аяқталады. Пьесаның өн бойында кейіпкерлердің көңіл-күйі сан қилы өзгеріп, үздіксіз қимыл-әрекет үстінде көрінеді.
Б. Майлиннің 1925 жылы жарық көрген «Қос қақпан» пьесасы байдан теңдік алған жалшылар жайында баяндайды. Бірақ бұл пьеса – жазушының шағын щығармалары ішіндегі әлсізі екендігін драмашы шығармашылығын зерттеуші ғалымдар дұрыс байқаған [69].
Пьеса үгіттік, насихаттық бағытта жазылған. 20-30-жылдардағы пьесаларға тән кемшіліктер аңғарылады. Композициясы да, көркемдігі де есте сақталарлықтай әсер қалдырмайды. Бұл ретте белгілі ғалым С. Ордалиевтың: «Драма деуден гөрі өткір сөзді тақпақ-фельетон деген орынды секілді» [7,28 б.] – деген пікіріне қосыламыз.
Бұл шығармада Асылбек бай Жоламан малайға ақы орнына қос қақпан арқалатып жібереді. Кейін қос қақпанды байдың өзі арқалап, биікке жеткен Жоламанның аяғына жығылады.
Комедиялық жанрда жазылған Ж. Аймауытовтың «Сылаң қыз» атты бір перделі комедиясы 1922 жылы Орынбор қаласында жеке кітапша болып басылып шығады. Пьеса күлкіге құрылған, күлкі астарында әлеуметтік, адамгершілік мәселелерін көтеріп, адам бойындағы түрлі кемшіліктер мысқылмен сыналады.
Пьесада жігіт таңдаған байдың сылаң қызының бар мұраты – сәнді киім болса, шеше мақсаты – қызын оқығанға ұзату.
«…Қызымды қара қазаққа бермеймін, қара таяқтың біріне беремін.
Бай. Ойбай, байғұc-ау! Қара таяқ несін береді. Паршеткеден басқа дымы жоқ, қара таяқ болғанда, ана Махмұт сияқты студент болса екен. Дөкейлердің бәрінің қатыны бар ғой. Көбі орыс пен ноғайдан басқаның қызын алмайды», – деген диалогтен біраз мәселе белгілі болады.
Пьесада тиыннан үнемдеп дәулет жинаған бай мен бәтеңке деп «жоқ жерден қысып отырған» қызы Бәтима арасындағы жеңіл тартыс күлкілі жағдай жасай алған.
Пьесада 20-жылдардағы халық тұрмыс-тіршілігінің тұтас белгілері мен сипаттары бар. Абайдан кейінгі дәуірде жаңа әдебиет туындысында, жаңа жанрда ел тіршілігінің суреттері, тұрмыс, салт-дәстүр атрибуттары нақты сипатталған.
20-жылдары Б. Майлин, Ж. Аймауытов, Қ. Кемеңгерұлы және олардың замандастары комедияға қалам тартты. Себебі қоғамның кейбір мәселелерін қозғау үшін комедия ең оңтайлы жанр. Адам санасындағы ашкөздікті комедияның көркемдік бейнелеу құралдары арқылы бейнелеген драматургтің бірі – Қ. Кемеңгерұлы.

Қошке Кемеңгерұлы пьесасы әлі күнге дейін ел ішінде жойылмаған парақорлықты, мансопқорлықты көрсетті. Драматург «Парашылдар» комедиясында парашылдықты, ескі ұғым-түсініктер мен кертартпа салтты қатты шенеп жазды. Автор бұл драмасында елдің мұңын мұңдасып, жоғын іздеуші деген ат бүркеніп, жұртты алдап ақша жиып, өз пайдаларын ойлаған арызшы қулардың өздерінен зор шығып, қатты ұрылғандарын ашық мінеп, шенеп, күлкі етеді. Елді алдағыш қулардың іс-әрекетін күлкі етіп, бір актылы комедиямен жеткізе білген. Пьеса – көлемі шағын болғанымен, ондағы характерлердің өзіндік іс-әрекетімен, шындықты шынайы бейнелеу шеберлігімен, драматург позициясын анықтаған елеулі дүние.


Шығармадағы оқиға Қоңырбай мен Момынбайдың төңірегінде жүріп жатады. Бұл екеуінің көздегені – өз пайдасы. Сырт көзге елдің жоғын жоқтаушы болып көрінген олар елден 200 сом ақша жиып, крестьянский начальникке: «Байымбеттерден жерімізді алып бер»– деп, арыз алып келеді. Олар елде жүргенде өңеші өздерініңкінен де кең адамдардың бар екенін білмейтін еді. Қалаға келген соң, Қарабек (крестьянский начальниктің переводчигі), Иван (крестьянский начальниктің хатшысы), Максим (почтабай) – үшеуіне оңбай ұрынады.
«Қарабек. Ей, қазақ, арыздарың не?
Қоңырбай. Кең өзектегі тоғыз ауылнай Байымбеттер жерімізді шауып, малын жайып, теңдік бермейді...
Қарабек (басын шайқап). Үлкен дау екен.
Қоңырбай. Сендерден бір марқабат бола ма деп келдік.
Қарабек. Нашандік сендердің туысқандарың емес. Құрғақ марқабат қылмайды.
Қоңырбай. Азын-аулақ шығынға көніп келдік.
Қарабек. Азын-аулақпен жұмыс бітпейді. Ең кемі үш жүз сом ақша керек.
Қоңырбай. Тақсыр-ау, ондай ақша бізге қайдан келсін. Бәріміз де нашармыз.
Қарабек. Нашар болсаңдар жердің не керегі бар?
Қоңырбай. Қанымыз бірге қазақпыз ғой. Нашандікті азға көндіріңіз.
Қарабек. Мен қолқа салсам, екі жүзге көнер.
Қоңырбай. Жүз елу сомға келтіріңіз. Одан артық шығынға деп алып келген ақшамыз болса, кебініміз болсын.
Қарабек. Қаны, ақшаңды беріп қой. Нашандікті көңілдендірейін (Қоңырбай береді).
Қоңырбай (өзіне). Момынбайға жүз тоқсан сом бердім дермін. Момынбайды шалбарың жоқ деп қуып шығарғаны жақсы болды. Мана үш сом кетті. Қалған қырық жеті сом да бірсыпыра ұстауыма жетеді. Қатынға мақтанып баруыма жақсы болды. Шайды бір көңілденіп берсін.
Қарабек. Жазылған арызыңды көрсетші.
Қоңырбай. Ауызша айтамыз ғой деп келіп едік.
Қарабек. Нашандік ауыз сөзді қабыл етпейді.
Қоңырбай (сасқалақтап). Енді қалай болды? Өзіңіз сүйкей салсаңыз болмас па?
Қарабек. Закон көтермейді.
Қоңырбай (өзіне). Жүз елу сомды закон көтеретін шығар.
Қарабек. Осы көшеде Аким деген арыз жазатын орыс бар. Соған барсаң жазып береді.
Қоңырбай. Қу ауыз Аким ба?
Қарабек. Иә.
Қоңырбай. Ол ақшасыз жазбайды деуші еді.
Қарабек. Мен айтты десең, жазып береді (Қоңырбай шығуға айналады). Маған ертеңге шейін жиырма бес сом қарызға бере тұрыңыз.
Қоңырбай (қипалақтап өзіне). Бермесем жұмысты бөгер. (Қарабекке) Бала-шағаға көйлек-көншек алғалы әкелген жиырма бес сомым бар еді. Сіз сұраған соң, мәселеңіз қайтпасын. Енді бойымда көк тиын қалса, атаукерем болсын (береді).
Қарабек (күлімдеп, ақшаны алып, өзіне). Әлі де қалған- құтқаны бар шығар. Неше қарғансаң да, есебіңді табармын.
Қоңырбай (өзіне). Енді жиырма екі сом қалды. Әлі де болса қант-шайлық, көйлек-көншектік бар. Ұлықтарға бір таныс болып алсам, елден есебін келтіремін» [24, 33 б.].
Бұл үзіндіден Қоңырбай, Қарабектердің көп қарпып, өз қандасын жауша талағысы келетін ниетін көреміз. Әлі күнге дейін жоғала қоймаған өмірдің, тұрмыстың, әдет-дағдының айқын суреті бар. Олардың ішкі ойлары, қуанышы, өзін-өзі жұбатуы – бәрі де өмірдегідей дәл, сенімді. Мұнда ешбір әшекей, әсіре қызыл жоқ. Оқиға, факті өмірдің өз логикасына сай. Үнемі жұрттың өзі күнде көріп, сезініп жүрген құбылыстың терең сырын ашып көрсеткен. Өз халқымыздың өміріндегі, тұрмысындағы адамдардың шетін мінезін сатирамен шебер көрсетеді.
Момынбай мен Қоңырбай пайда табамыз деп жүріп, өздерінің бар ақшасын алдыртып алады. Бұларда ұят жоқ, көздегені – елге барып ақша жиып пайда табу. Бірақ екеуі осы іс үстінде келемеж болады.
«Момынбай (Қоңырбайға). Елу соммен жұмысымыздың жөнделгені жақсы болды.
Қоңырбай. Елу сомың не?
Момынбай. Анау қазақ жігіті елу сом алды.
Қоңырбай (аңырайып). Менен жүз жетпіс бес сом алды. Арыз жазуға бес сом алды. Өзімді ұстағанға он бес сом бердім.
Момынбай. Сені каталошкеден босатамыз деген соң, 25 сом бердім. Ойбай-ай, енді менің жетпіс бес сомым кетіп қалды-ау. (Қарабек күлімсіреп отырады).
Қоңырбай. Амал жоқ, шыдаймыз-дағы, қағазымызды жөндеп берсе, елден тағы жинап алармыз. Қанша шығын болса да, ауыл көніп еді ғой.
Қарабек (Иванның қолынан қағазды алып, Қоңырбайға ұсынады). Барысымен жер өздеріңе тиеді. Пристопке бұйырып жаздырттым» [24, 35 б.].
Пристопке бұйырып жаздырттым дегені волостнойға тапсырылған еді. Момынбай мен Қоңырбай өздері оқи алмаған соң, қолдарына берген қағазға мәз болып кете барады. Осы үзіндіден-ақ бүкіл пьесада айтылатын ой анық көрінеді. «Бәрінің аузын арандай ашып, ебін тауып, алып жатқаны – қарапайым бұқара халық. Бұл пьесада мансапқорлар мен парақорлар әділ сыналып, өз бағасын алған. Бұл – өмір тіршілігінен алынған шыншыл да сыншыл пьеса. Дәл бүгінгі күннің көрінісі де еді» [70,84 б.] – дейді Г. Жұмабердіқызы.
20-жылдардың соңына қарай Кеңес одағы нығайып, таптық тартыс идеясын дәріптеу күшейе бастады. 20-жылдардағы әдебиеттің негізгі тақырыбы – әйел теңдігі және молдалардың теріс іс-әрекетін әшкерелеу ісіне әдебиеттің ұшқыр жанры драматургия да белсене атсалысты. Осы кезеңде еңбек еткен, драматургтердің бірі – Сайполла Байғожа ұлы. Өз шығармасында қаламгер уақытқа үн қосумен бірге ол адамдар бойындағы іс-әрекет, мінез-құлқындағы кемшіліктерді мінеуге тырысты. Драматург жекелеген адамдардың ой-санасындағы жетімсіздік, рухани жан әлеміндегі таяздық секілді ұлттық ой-сананың дамуына нұқсан келтіретін проблемаларды қозғады. Сайполла Байғожаұлының «Педиешіл молдалар» атты екі перделі пьесасы Қызылорда-Ташкент қаласында 1927 жылы 35 бет болып басылып шығады.
Пьесадағы кейіпкерлер саны – 13 . Драматург кейіпкерлерінің мінез-құлқындағы, қыр-сырын, табиғатын аша білген.
«Педиешіл молдалар» комедиясында тартыс – Ғаббас молда мен Жағыпар молда екеуінің педиеге таласы төңірегінде өрбиді. Драматург жалпы елді имандылыққа ұйытатын «қазақтың қабырғалы жұрт аузына қарайтұн патуалы молдасының «жаман-жақсы жақтарын бүкпесіз шындықпен сомдайды. Пьесаның басты кейіпкерлерінің бірі Ғаббас молда бейнесі – айла-шарғысы сұмдық, түйені түгімен жұтатын нағыз жебір.
«Пьесадағы негізгі тартыс Ғаббас молда мен Жағыпар молда арасында күшті дамиды. Драмашы молдалар арасындағы қақтығысты драмалық ширыққан тартыс дәрежесіне жеткізе алған» [71, 194 б.].
«…Төрде қатарлап жиылған жүк, оған таяу молданың кітап, құран салған жәшігі. Оған таяу жәшік ағаш, кебеже, самауыр, кебеже үстінде қатық құйған керсен, жанында аяқ, ожау, қазан-ошақ, шелекте су, от басында құман мен леген, жүктің үстінде дәрет орамал, керегенің басында молданың сәлдесі, шекпен- шапаны мен қамшысы ілулі тұрады. Перде ашылғанда астында төрт қабат көрпе, қолында құраны мүлгіп оқып отырады,» деп драматург кейіпкерінің әлеуметтік жағдайымен таныстырады. Содан кейін кейіпкерлерінің жан дүниесіне үңіледі.
«Жәния. – Үйде ұн болса таусылып қабты, қағып илеп отырмын, қалаға барушыдан ақша қосып жіберсейші, онсыз қалай отырамыз.
Молда. – Күні кеше алдырғамыз жоқ па еді. Неғып таусыла қалатұн болды.
Жәния. – Жалғыз бұт ұн келгелі екі бейсембі...
Молда. – Келген кісіге бергенсіп, самауырды ала жүгірмей-ақ, менің үйде жоғымды айтып, жөнелтсең қайтеді. (Теріс қарап) Ай, оңбаған, өзіңде де бар ғой». Ғаббас молда характерін, оның дүниетанымдық көзқарасын, адамгершілік деңгейін білу үшін осы диалогтің өзі жетерлік.
«Дауыс. – Дәулеттің баласы қайтып еді, жаназаға шақырып жүрмін.
Молда (жадыраңқырап).– Қашан жерлейді?
Дауыс.– Бүгін жерлемек, тез келіңіздер.
Молда (қабағын сипап).– Жаңа мына көзім тартып еді» [72,23 б.].
Комедияның бір табысы драматург диалогті ситуацияға қарай құра білуінде. Драматург молданың өмірге деген көзқарасын, ой-пікірін осы диалогтер арқылы ашып көрсетеді.
Автор ырымшыл молданың қуануын ащы юмор, кекесінімен береді.
Пьесадағы Ғаббас молдамен педиеге таласушы Жағыпар молда да бір бет, қырыс, маңдайы терлеп еңбек етпеген, бар тауқыметі – ел үстінен күн көру.
«Жағыпар (қолын көрсетіп).– Ортан қолдай өгізден бір тиынды көзім көріп, қолым ұстаған жоқ. Өліктің бар күнә-сұмдығын арқалап, қара тер болып жүргенім мынау, осының ретін өзің айтшы, қалай тоқта дейсің?!
«Жағыпар төбелесіп жатыр» – деп айтады екен деп, басы ашық үлесімді алмай кете алмаймын» деген сөздерінен молда Жағыпардың да болмысы танылып, тоңмойын мінезі айқындала түседі. Осылайша Ғаббас молда мен Жағыпар молда мінезі табиғилығымен, нанымдылығымен көңілден шығып жатады. Драматург мұндағы мінездердің арасындағы тартыс шындығын бар бояуымен беруге ұмтылған.
Драматург кішкентай баласы ауырып, жаны қиналып келіп тұрған Шалабайға Ғаббас молданың жауабы арқылы молданың тағы бір қырын айқындап береді .
«Шалабай (сасып).– Молдеке, үйдегі кішкене бала қысылып жатыр, иман айтып жіберіңізші.
Молда.– Намазға шақырып, асығып барамын, жас бала ғой. «Лиале ала я Алла, Ла илахе инлала хале ла холе ола қо тала балле» десең, сол иман болады. Менің бұрылуға уақытым жоқ [72,18 б.].
Бірінші перде бас кейіпкердің ештеңеге қарамай, көбірек олжа түсетін Дәулен үйіне асығыс аттануымен аяқталады.
Екінші пердедегі оқиға Дәулен үйінде жалғасады. Оқиға тартысы да өрши түседі. Қыршынынан қиылған Қапышынан айрылып, қара тұтып отырған Дәулен «Жирен атты аруағы разы болсын, өзіне жұмсаңдар» дегеннен кейін-ақ Ғаббас молда қутыңдап, қуанып қалады.
«Молда (Өзіне).– Жирен атты аузына алғаны жарады. Құранды молырақ сілтейін, бұйырса менікі болды ғой,– деп ішкі қуанышын жасыра алмай: – Сөзіңіз дұрыс, Дәуеке, тайшы атыңыз болмаса да, қойшы атыңыз бар еді. Қалық та тәуір жиналған көрінеді, ұят алмайтын болып жақсылап шығарған лайық. Қапыштың сізден алған еншісі осы болады ғой».
Драматург молданың бітімін одан әрі айшықтай түскен. Бар ақыл ойын, тәтті тілін ала беруге жұмсайды. Адамгершілік, өзгенің қайғысын түсіну сезімдерінен құлқын жоғары тұр. Ол үшін ар, ұят, иман, жанашырлық сезімдері ойыншық, ондайға бас ауыртқан емес.
«Жағыпар (жігітке). – Ай, Ғаббасты оңаша шығарып алып ақылдасып жүр еді. Педиеге не мал шығарғанын сен білдің бе?
Жігіт. – Менің білгенім, басын Қапыштың мініп жүретін оңды жирен аты қылып, тоғыз мал шығарыпты.
Жағыпар (өзіне).– Жирен ат… Екі тоғыз… (Жігітке) Қалай бөлгендерін білдің бе?
Жігіт. – Басқасын қалай бөлгендерін білмеймін. Жирен атты құранға шығарыпты.
Жағыпар (қуанып).– Құранға дейсің бе? Аман болса, бұл атты мен алам.
Жігіт. – Е, сізге молда бере ме? Алты құран бағыштадым деп атының жанына байлап та қойды.
Жағыпар.– Қойшы рас па?»
Бұл диалог шығармадағы Жағыпар молданың характерін ашуға қызмет етіп тұр. Характерді ашу, кейіпкердің харакет, тірлігін бүркемелемей көрініске шығару – драманың басты шарты. Жағыпар молданың ойы, қуанышы, іс-әрекеті шындыққа сәйкес суреттелген.
Драматург Ғаббас молданың да, Жағыпар молданың да характерін дамыта отырып, олардың адамдық болмысын толық ашқан.
Осылайша екі молда характері бір көріністен екінші көрініске ауысқан сайын солғындамай толыға түседі.
Автор кейіпкердің ішкі ойын, өзіне арнаған сөзі арқылы, оның бар қыры мен сырын ашып береді. Ал белгілі драматургия жанрын терең зерттеуші ғалым Р. Нұрғали: «Кейіпкер сөзін белгілі мақсатқа ойластырғанда, әрқашан мінез жасау, психология беру талабы бір бүйірде жатпақ» [36, 140 б.] – деп атап көрсетеді.
«Молда. – Ораза-намазы жоқ, тартқаны – шылым, атқаны – насыбай, құдайдың бірлігін, құранның шындығын білмейтін нашарларға садақа беруді кітап көтермейді. Мұндай садақаны ебін сабыл мен құранға берген артық.
Қазымбет. – Қаріп-қасерлерге бергенді бұрынғы молдалар сауап болады деуші еді. Сіз мұны қалай айтып отырсыз? Кітабыңыз солай ма, қайсыңыздікін дұрыс деп табамыз?
Молда. – Бұрынғы надан молдалар нашарларға бергенді салт-сана қылып кеткен. Асылында оларға беру дұрыс емес. Орынсыз берген садақа «о дүниеде шаян болып шағады» деген. Садақаны орнына беру керек.
Қазымбет. – Молда, нашарларға айрықша атап неге бермедіңіз? Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп артынан сөз болып жүрмесін [72, 32 б.].
Пьеса кейіпкерлерінің көзқарасы, пікірі, олардың өзіне ғана тән дара тілі ашылып танылған. Таза реалистік картина жасалған. Ғаббас молданың бар бітім-тұлғасы биік. Өрісінің деңгейі одан арыға бара алмайды, өзеуреген өзімшіл жан. Бит терісіндей мал үшін айлакерлігі де, қасарысып қалатын қатыгездігі де пьесада іс-әрекет үстінде көрінеді. Басты кейіпкерлер Ғаббас молда мен Жағыпар арасындағы қақтығыс, егес арнайы өрбіп барып, екеуінің төбелесімен аяқталды. Бұлардың көзқарасында, дүниетанымында, мінезінде қайшылық жоқ. Қайшылық бір-біріне қотыр тушаны қимайтын іштарлықтарында. Қайшылық дүниені бөлісе алмауда. Ысқақ сөзімен айтқанда, «Олжаны алғанда бірігіп алсаңдар да, бөлуге келгенде, жанжалдасып қоятұн әдеттерің болды-ау, қашан көрсең де екеуіңнің тартысып жатқандарың. Жұрттан ұят емес пе?»
Драматург Ғаббас молда мен Жағыпар молда арқылы қара басының ғана қамын ойлайтын адамдардың мінезі ащы мысқылмен ажуаланады.
Ғаббас молда – өмірде жиі кездесетін өзімізде ғана болса болды деушіліктің типтік көрінісі.
Ғаббас молда, Жағыпар бейнелері біршама ашылған. Пьесаға тартыс, жалпы тұтастық әкеліп тұрған негізгі желі – Ғаббас молда, Жағыпар, Жәния, Қазымбет арасындағы байланыс. Міне, осы тартыста олардың кім екені ашыла түскен.
«Педиешіл молдалар» пьесасы Сайполла Байғожа ұлының өмір шындығын тартыс үстінде ашуға жасаған алғашқы қадамы, іргелі ізденісі болды.
«Педиешіл молдалар» пьесасы да «пьесаның оқиғасы қою және шебер шиеленіскен сюжетке құрылуы керек» деген М. Горькийдің қойған талабына сай шығармалар қатарына жатады.
Махаббат – адам баласының асыл сезімі. Жалпы махаббаттың құпия сыры мол, махаббатсыз өнер туындысын кездестіру қиын. 20-жылдардағы драматургия да бұл тақырыпты айналып өтпейді. Үйлену, үй болу мәселесіне арналған шығармалардың бірі – С. Абылан ұлының «Күндеспейтін қатын» комедиясы. Отау тігу, ерлі-зайыпты атану – адамзат дүниесінде атам заманнан мұрты бұзылмай келе жатқан ежелгі дәстүр.
«Пьесадағы оқиға әр жерде өтпей, бір-ақ орында болса көрерменнің назар, ықыласы күшейе түспек» [13,434 б.] деген қағиданы драматург шығарма ыңғайына қарай ұстанған. Бұл әдіс ежелден күні бүгінге дейін оқиғаға, шығарма идеясына сәйкес тәжірибеде қолданылып келеді.
Пьесада қат-қабат қайшылық, үлкен қақтығыс жоқ. Кеңес мекемесінде үлкен дәрежелі қызмет атқаратын Ақайдың жар таңдап, үйленуі, отбасындағы келіспеушілігі жеңіл мысқылмен комедияға арқау болады.
Әйел бақыты еркекпен, еркектің бақыты әйелмен ғана баянды болмақ деп түсінген Ақай: «Әзір 25-ке келдім. Биыл қандай болса да, үйленбесем болмайды. Бүгін Дәмешбен ашып сөйлесу керек, егер де ол мен қойған серттерге көнсе, той болатын күнді ұзатбау керек. Үйлену қандай жақсы. Дәмеш әйелім болса, қандай тұрар едім» – дейді.
Ақайдың жанашыры, досы – Тоқа. Оның «Ақан, мен саған тағы да ағалығымды айтқалы келдім. Сен биыл үйленемін деген ойыңнан қайт, неге дегенде үйлену ісі оңай, бірақ оның келешегіне қарау керек. Бүгінде мына дәрежеңе қарап әркім-ақ қызын беруге тартынбас, сен бұған қыстанба. Амандық болса асықба, жай жүріп, өзіңе лайық біреуді аларсың» – деген ағалық қамқорлық пікірін тыңдамайды. Пьесада Дәмештің ақылы, көркі, мінезі туралы, ата-тегі, тәрбиесі, білімі, сыр-сымбаты, қылығы, өмірбаяны туралы ештеңе айтылмаған. Ақайдың Дәмешке деген аса қызу сезімі, ерекше құштарлығы пьесада көрсетілмейді, көңілі тоқтағаны – Дәмеш. «Ақай (мақтанып көпке қарап). Мен өзіме әйел еки өмірлік жолдас алсам, Дәмештен басқаны алмаймын. Масала ашық, басқа болуға мүмкін емес»– деп бас кейіпкеріміз бір тоқтамға келеді.
Жар таңдау мәселесінде өгей шешесі Сұлуды да, жанашыр досы Тоқаны да тыңдамай, өзі шешеді. Жарасымды отбасын құру үшін бойжеткен бойынан күндеспейтін әйел болуды, яғни қызғанбау, кең болу қасиетін іздейді. Ақай Дәмешке мұның себебін де ашық айтады.
«Ақай. Менің бұл сөзді айтуға мақсатым мынау: осы күнде өзім
секілді міндетті іс басында болған жолдастарымды көріп жүрмін. Олардың әйелдері ауызекі сөйлегені былай тұрсын, засиданияға барса, арттарынан бірге барып, қарауылдап жүреді. Міне, мен де соларды көрген соң біраз сізге де ескертем, солардай болмауыңыз үшін басқа не болсын».
Екінші перде Дәмештің монологінен басталады. «Менің бұдан бұлай шыдарлық әлім қалмады. Жұрт бірдемені білмей сөйлемейтүн шығар. Еркекте уада болушы ма еді. Бүйтіп қор болғаннан көрі ажырап, әкемнің үйіне барам, басқа сөз жоқ», – деген сөзінен бұл отбасының да шаңырағы шайқала бастағанын көреміз. Бұл – қазақ, қарақалпақ, қырғыз арасында ажырасу секілді ұлттық дәстүрімізді аяқ асты еткен күрделі проблемалар шыққанын көрсетеді.
Дәмеш күйеуінің суық жүрісі бар-жоғына күмәнданып, ұрыс-керіс шығаруы арқылы отбасының берекесін алады. Дәмештің жала сөзге сенбесіне қоймаған қайын енесі.
«Сұлу (Дәмешке).– Шырағым, бала менің балам ғой. Бірақ оның өрісі маржаларымен бірге болып, құлқы бұзылғанын әлденеше жолы айттым. Міне, балам, қақсап келгеніме екі жыл болды. Бұрынғысын былай қойшы, кеше мынау Марқаның абасы көрген. Бір орыстың маржасымен күліп, лақылдап сөйлесіп тұрғанын жұрттың бәрі көріпті. Онымен тұрмай, көшеде баратса, маржалардың бәрімен бөркін алып, күліп амандасады екен. Бәріміздің де жас күнімізде байымыз болды. Бұл Ақайдай болған жоқ еді. Ол заманда біздің байларымызға орыс қайда? Мұсылман әйелдерімен амандасуға ұялушы еді. Бұл баланы сайтан азғырды білем, күні-түні засидания-масидания деп үйге қайтбайды. Үйім- жайым деп біраз айтса қайтеді екен. Бұл оңбаған орысша тіл білемін деп үй безер болды. (Өтіріктен аяған болып) Балам, сенің де бағың ашылмаған екен, басқасын былай қойшы. Бәрінен де кеңсесіне машійіне бастырам деп бір жас маржаны алыбты. Еркек құрып қалғандай, қой балам, өзің білесің. Мен саған бәлен, түген деп отырмаймын. Қайда барсаң да, жолың ашық. Бір басқа – бір көз. Әр жерде-ақ болады.
(Сұлу Марқаға қарап) Аман болса, Дәмештің басын жейтүн болдым. Бұл абдан құтырған, көрерсін, міне, бүгіннен қалмай, үйіне кетеді. Онан соң өзім не қылуымды білем. Сені де байыңнан ажыратып алып беремін. Маған жақсы көйлек даярла».
Енесі Сұлу Дәмештің әрекетін жақтырмайды.
Ә дегеннен баласының Дәмешке үйленуіне қарсы болған енесі баласымен келінін ажырату үшін бар қайратын жұмсайды. «(Дәмештің кеткен жағына қарап) Бұ да мықты екен, осыны Ақайдан ажыратам дегеніме міне екі жыл болды. Бірақ бүгінге дейін босаған жоқ еді. Бүгін оң жақтан тұрған екенмін (мақтанып қояды). Бұл Дәмештің өзі де оңбайды. Салт-санада жоқ істі бастап, байымен театрға барамын деп жарасады да жүреді. Бұндай әйелге не бар екен? Орыс болмаса. Міне біз үйде отырып-ақ осы жасқа келдік. Мен бұған әлденеше жолы айттым, қой, шырағым, деп. Тегі құлағына алсайшы.»
Енесі Дәмештің үйден кетуі үшін бар «өнерін жұмсайды.» Дәмеш енесінің сөзіне сеніп, Ақайдың «жоққа ақымақ болып, елге күлкі болма» дегеніне қарамастан ажырасып тынады.
Екінші көрініс Ақайдың «Ақай. Бұлай білімсіз әйел алып, жоққа күйгеннен гөрі біраз дүние көрген әйел алу керек. Орыстан ба еки ноғайдан ба? Бұ не деген қорлық? Орыс маржаларымен күлесің деп Дәмештің кетіп отырғаны. Сен өліп шаршап засиданиядан қайтасың, үйге келсең, әйелің маржалармен жүресің деп, сенің жайыңа қарамай, жағаңнан алып отырса, бұл тұрмыс емес, жаза ғой. Егер әйелің оқымысты болса, орынсыз жала жаббас еді ғой. Қой құрсын, енді оқыған әйел алу керек. Сонда ғана бақытты тұру, жана тұрмыс болар. Көрмейсің бе Әбділданы? Оның қатыны Ташкенде оқыған. Жүде ойнап-күліп жүреді. Үйіне барсаң, шыққысыз. Дүнияның жаннаты сонда. Әйелің жақсы болса, ол қадіріңді біледі. Мұндай надан әйелдермен күн етушілердің атасына налат, міне, мен біреуін алып... Өзім секілді білімсіз қатындармен күн көрушілерге өрнек болайын. 5-ақ минут қалыпты засиданияға бару керек»– деп пікір түюімен аяқталады. Оқыған, өзге тілге де жүйрік Ақай өз теңіне қосылмаса, тұрақты отбасын құра алмайтынын түсінеді.
Үшінші көрініс Ақайдың екінші әйелі Айшамен жанжалдасып жатқан жерінен басталады. Айшаның күйеуіне қояр шарты да, талабы да көп, күн ұзақ дүкендер, базар аралап, киім-кешек алумен уақыт өткізеді. Ақай мен Айшаның ендігі отбасылық өмірін Дүйсен монологі арқылы білеміз.
«Дүйсен. Самарқанда сандал бар, барсаң онда әбзел бар. Қожайын мен қожайынкенің арасында бітпейтұғын жанжал бар... Құдай ұрсын, үйленудің ақыры бүгінгі біздің қожайынның басына түскен саудадай болатұн болса, мен үйленуді өмірге қойсам деп тұрмын. Өздеріңізге мәлім, 3-4 жыл бұрын бойдақ күнде біздің Ақай ағай қандай еді. Енді қандай болып қалды? Бұрынғы Дәмешпен тұрған екі жыл бір төбеде, мынау Айша қаныммен еки оқымысты әйелмен тұрған 6 айы екі есе артық. Құдайдың құтты күні екеуінің қағыспаған күні жоқ. Ерегес те талас, сөз жарыстыру (маңдайын ұрып) тағы да болса Ақай ағам шыдап келе жатыр ғой, құдай төзім берсін бишараға. Оқыған әйел алам деп, отырғаны мынау. Дәмеш болса азды-көпті әйелдер секілді үй ішін басқарушы еді. Ал мынау Айша қаным болса, үй-іші былай тұрсын, жөндеп тамақтың тұзын да ажырата білмейді. Бұл келгелі менің сорым болды. Бар істі өзім істеймін. Әлі көресіз, Айша қаным базардан қайтса, қандай борандатып қайтқанын. Құдайдың ашық күнінде қабағынан қар жауады. Бұлар да бір қызық сыр бар: екеуі иттей таласып отырса да, біреу келіп кірсе, сыр бермегенсіп, ойнап-күліп қалған болды.
Бұлардың ішкі сырларына таныс болмаған адамдар айтар жүдә тату тұратын шығар деп. Ауа тату тұрады. Ит бен таяқтың арасы қандай тату болса, бұлар да солай».
Ақылсыз Айша образы оның іс-әрекетінен белгілі.
«Ақай (ашуланып, сағатына қарап). Мен бара алмаймын. Тағы бір сағаттан соң засидания бар деймін ғой. Барсаң өзің бар, мен бармаймын.
Айша. – Бір күн қалсаң ештеме болмас жүр.
Ақай (көпке қарап, таңырқап).– Міне, қызық. Неге ештеңе болмас. Бүгінгі жиылыста қаралатұн мәселелер мен бармасам болмайды, баруым керек.
Айша. – Білемін сен бармасаң болмайтұнын. Маржалар да келмек деп, көкбеттікке салынады. Ақайдың жұмысым бар дегеніне көнбейді. Одан әрі Ақайды көктен жұлып, жерге тығады.
Айша. –...Өзіңнің атаңа мың нәлет. Кәмсарлығыңмен кімді қорқытасың. Азар болса ажырасатұның да. Өзім де кететүн болсам кетемін. Сенімен мұндай ит тұрмыста тұрғаннан көрі жайыма болғаным жақсы. Сендей кемесер болмаса, іспійкулант болар маған бай. Құлағым тыныш болса болғаны. Дүние екі келмейді [73,57 б.]–деп, күйеуін жерлейді.
Отбасы қатынастарының адам баласының өмірінде алатын орны ерекше. Автор маңызды өмірлік фактілерді шама-шарқынша суреткерлік идеял тұрғысынан екшеп, қорытуға тырысты.
Пьесадағы Ақай образы 20-жылдардағы мемлекет басқару қызметіндегі «комиссарлардың» өмірдегі шынайы бейнесі дәрежесіне көтеріле алмаған. Сол кездегі комиссарлардың көбінде болған зерде-зейін, өнер-өріс, тапқырлық, талап, аяқтан шалғанды жыға алатын қайрат-қаруы, биікке бастап шыға алатын білімі т.б. қасиеттерді көрсететін деталь жоқ.
20-жылдардағы ұлттық драматургиямызға қатысты, зерттелініп тиісті бағасын алуға тұрарлық тұлғаның бірі – Рахметжан Малабаев.
Ол – қазақ әдебиетінде қалам тартқан ақын-жазушыларымыздың ішіндегі шағын шығармалар жазып, өз сезімін әдемі өрнектей білген ақын, драматург. Ол, ең алдымен, өлең жазумен қаламын ұштайды. Алғашқы өлеңдері 1913-1915 жылдары «Қазақ» газетінде жарияланып отырған. Революциядан кейін Рахметжан әуелі Оралдағы «Қызыл ту» газетінде қызмет атқарады, газет шығарушылардың бірі болады.
«Кейінірек, Рахметжан поэма, әңгіме, шағын пьеса жазатын болды, олары өлкелік газет, журналдарда жарияланды. Мысалы, «Қазақ әйеліне» деген өлеңі мен «Надандық құрбаны», «Ғұрып күңі», «Үй тұтқындары» деген үгіт-насихат, сауық кештеріне арналған сахна тақпақтары «Әйел теңдігі» журналында, «Ашаршылық құрбаны» деген әңгімесі мен «Қуларды кеңестен қу» деген бір перделі пьесасы «Жаңа әдебиет» журналында басылды, «Атаман жорығында» деген шығармасы бөлек кітап болып шықты « [41,333 б.].
1927 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген «Үй тұтқындары» атты көлемі шағын пьесасында автор «Үгіт-сауық кештеріне арналған тақбақ пійесалар» деп ескертеді. Мұнда автор айтпақ ойын, түйінді пікірін кейіпкер Қасым сөзі арқылы көрсетеді, яғни қазақы кейбір әдет-ғұрыптың әйел баласына қаншалықты қиындық келтіретінін айтады.
Мұнда адамдар арасындағы шиеленісті тартыс жоқ. Драматургияда адам мінезі оның сөйлеген сөзі арқылы ашылатындығы белгілі. Осыған байланысты осы пьесадағы мінезді сөйлеу мәнері арқылы көре аламыз. Мәселен, үй иесі Мақанның
Қарашы... мынау қызының көйлегі...
Біреусі қырық... барлық мата үйдегі...
Қызға сандық, келінге паңдық керегі...
Оларға бәрібір малдың күйгені!..
Қызға бүліш, бешпет... келінге қышмыр көйлек
...Оларға тек киім, киім
Осы үйді құртты келін мен Зейнеп!
деген сөздерінен сараң, өз пайдасын ойлаған жан екенін байқау қиын емес.
Ұлы Қожақ та әкесі тәрізді айқайшыл, ерге жат мінезді, әйелін таяқпен жеңген жігіт.
Осы сен қатын... Саған не бар еді ойында?
Әлде бір жел бар ма ойыңда?
Сен Қасенге өлгенше неге қарадың?
Әлде ол сенің байың ба?
Үйден сұрамай неге шығасың?..
Әлде мен байың емей ойын ба?
Осындай сылтаумен өмірлік жарын сабауынан оның қызғаншақтығын көреміз.
Үй иесі Мақан, баласы Қожақ қызы Зейнеп пен келіні Зеріп образдарын драматург біршама ашуға тырысқан. Зейнеп әкесінің, Зеріп жолдасы Қожақтың айтқанынан шыға алмайды. Автор «Үй тұтқындары» деп Зейнеп пен Зеріп басындағы жағдайды көрсету арқылы қазақ әйелдерінің әдет-ғұрып тұтқынында екенін жеңіл мысқылмен сахнаға шығарған.
Міне... қызды ата-анасы қамайды...
Келіншекті сүйген жары сабайды...
Бұларды «ерікті, көрікті» деп мақтама...
Бұларды «үй тұтқыны» десек жарайды.
деген жолдардан автордың негізгі айтпақ ойы белгілі. Бұл сахналық шығарманы автор былай қорытады:
Ғұрып не? Ғұрып – әйелге құрған тор,
Ғұрып – әйелге қазулы ор.
Жойылсын ғұрып! Жасасын бостандық! [74,23 б.]
деп автор «әдет» деген сылтаумен қазақ әйелдерінің ауыр жағдайда, тар құрсауда отырғанын көрсетеді.
Драмашының екінші пьесасы «Ғұрып күңі» деп аталады. Бұл пьесаны да автор «үгіт-сауық кешіне арналған» деп көрсеткен. Бұл пьесада «Үй тұтқындары» тәрізді ғұрып мәселесі сөз болады. Қазақ әдебиетінде ескі жөн-жобаны ұстанушы мен жаңалықты қолдаушылар арасындағы тартыс көп шығармаларға арқау болған. Сол тәрізді ескі ғұрып түсінігінде қалған әйел мен жаңашыл ерінің арасында қақтығыс туады. Жас келін Мыңқой ежелгі салтпен әкесіне қалың мал төлеуін талап етсе, сүйіп алған жары Шабаз жаңашылдықты қолдайды. Мыңқой мен Шабаз арасында келіспеушілік нәтижесінде қақтығыс туады.
Пьесада қыз образы жан-жақты ашылған деуге болмайды. Пьесадағы негізгі кейіпкердің бірі Мыңқой әкесінің дәулетін көбейтіп, мал қосу мақсатын көздеумен бірге, қазақ салтын бұзбай, орындау қажеттігін талап етуін автор ажуалайды.
Жаңа түскен Мыңқой әке дәулетін көбейтуді басты мақсат еткен.
Қайтейін, осындай меді ойым...
Осындай болар деп ойладым ба тойым.
Өзім бір бай мырзасын құшақтап,
Әкемнің де көбейтейік дедім қойын!
Осындай оймен малды, дәулетті Шабазға тұрмысқа шыққан.
Әкемнің сүйегін сындырып,
...Ұшырадым қарғысына атамның
Қайтейін «аяғынан келген» атандым,–
деп қашып келгеніне өзін кінәлі сезінсе,
Қалың мал – ол атаның салған жолы,
Құдай бұйрығы қыз әкесінің жемі
Бәлшебек айта береді не демейді!
Бірақ оны сенен басқа жан елемейді.
...Малсыз келіп, мен сұраусыз күң емес,
Жұрттың қызы алтын, мен қадірсіз жөн емес,
Төле қалың малыңды,
Малсыз отыратын тапқан екенсің жарымды.
Бұл мысалдардан қазақи ескі ғұрып жолымен кәде сый төлеу керек екендігін қажырлы түрде талап етуші Мыңқойды көреміз.
Мыңқойдыың қырсық, өз қалауын қолына түсіргісі келетін, ерке мінезі, өмірдің ағымынан қалып қойған кертартпалығы, мінезіндегі тұрақсыздық астармен, мысқылмен сынлады. Мыңқой үшін тіршіліктің мәні, абырой – ежелгі салттан айнымай, «өзгелер қызы үшін алып жатқан малды» әкесіне алып беру. Сонымен бірге «малсыз келсем, сыйсыз боламын» деген де ой бар. Осылай екі түрлі бағыттағы, қайшы пікірдегі қызды сүйген Шабаз бен Мыңқой арасындағы келіспеушілік пьесаға арқау болған.
Қақбаймын қолыңды, малды сат, киім ал!
... Дұрыс, бұрын қалың мал бар еді,
Қызға да малсыз келу ар еді
Ол уақытта еркек «ер» меді?
Әйел ерге «жар» меді?
Ол уақытта еркек қожа, әйел күң,
Әйел мүлкі еді еркектің
Енді еркек «ер», әйел «жар»
Әйел ермен тең, сатылу ар.
Енді қалыңмал бергенге,
(Әйелді мүлік көргенге)
Арнаулы жаза бар
Мен «сүйем» дегеніңе нандым,
... «Адам» болсаң, жаным садақа сен үшін
Егер де сатылып келсең малға,
Жолың ашық, жолыңнан қалма.
деген Шабаздың сөздері, айтар ойы анық та кесімді пікір. Шабаз жарын сыйлай да, сүйе де біледі. Әйел теңдігін қорғайды. Ескіні қабыл алмайды, дұрыс бағаламайды. Шабаз бен Мыңқой – екі түрлі, екі көзқарастағы адам. Екі ұдай болып сілкісетін кейіпкерлердің бірі кертартпа, тауық соқыр қалпында алынса, бірі алға ұмтылар, заман ағымын түсінетін жан ретінде бейнеленген.
Пьесадағы Шабаздың шешесі Ұмсынай ана екі баласын да бөліп-жармайды. Келінінің қырсықтығына қарамай, өз баласындай бауырына басып, төсін қыстау, төбесін жайлау етуге даяр. Ұлы мен келінінің жолында құрбандық болуға әзір Ұмсынай ана қайтсе де, Мыңқойдың көңілін тапқысы келеді, тіпті қоң етін кесіп беруге бар. Қыз әкесі Малбасар болса, ол ескі ғұрыптан шықпаған адам.
Жылама қалқам құдайдың ісіне көн,
Әкеңнің артынан ергенің жөн.
Қашып келдің қадіріңді білсе,
Үйге жүр мысқылдап күлсе
Жүрген өз аяғың, несі бар сенде елдің
Міне, ар мен намыс ол үшін – бақ, дәулет. Қызының тағдырын, бақытын ойламайды. Қыз бен әкенің ойы да, тілегі де бір. Ол – жақсы қалыңмал төлеттіріп, байлыққа кенелу.
Пьесаға өмірде жиі кездесетін қақтығыс алынған. Бұл пьеса да қазақ ғұрпын айыптаумен қорытылады.
Қазақ қызы әлі шығысқан жоқ ғұрыптан,
Әкесіне мал болмақ ұялмай жұрттан.
Бұл отқа түсетін көбелек
Өкімет қорғамаса сырттан
Ғұрып әлі қаршыға, әйел түлкі
Әйел әлі ғұрып мүлкі
Басынайын деген дұшпанға
Әйел әлі келемеж, күлкі
Ғұрып сүйекке қал болып сіңген,
Ғұрып желкеге түспестей болып мінген
Мұндай қыз ғұрыптың байлаулы күңі,
Бұл қазақ қыздарының өңкей мұңы.
Мұны тек жаңа тәрбие жояды
Қыз сатылуды тек сонда ғана қояды [74,57 б.].
деген Шабаз пікірімен пьеса аяқталады.
Жалпы автор бұл комедиясын шағын топтың іс-әрекетіне, сырына үңілу дағдысында уытты мысқылмен жазған.
Драматургтің шығармаларының ішіндегі көлемдісі – «Қуларды кеңестен қу» пьесасы. Бұл автордың өзінің жазуы бойынша «сайлау науқанына арналған бір перделі үгіт тақбақ пьеса».
Аталып отырған пьеса алғаш 1928 жылы «Жаңа әдебиет» журналында жарық көрген. Пьеса көлемді болғанымен, оқиғаға қатысушылар саны шағын (Қаражан, Қамқа, Боранбай, Әлдекеш). Бұл пьеса жоғарыда аталған екі пьесадағыдай үй іші, ғұрып-әдет, әйел теңдігі мәселесі емес, ауыл ішіндегі басшысымақ қулар жайында жазылған. Сондай қудың бірі – Боранбай. Ал оған жем болып отырған аңқау, жарлы шаруа – Қаражан. Пьесадан бірден тартысты байқау қиын. Бірақ кейіпкерлерге үңіліп қарасақ, олардың сөздерінен тартыстың шетін байқаймыз. Мұнда кедей мен ауылнай арасында келіспеушілік туып отыр. Ауылдық кеңестің ағасы Боранбай ауыл тұрғындарына өктемдік көрсетеді. Алдап, арбап кедей жарлылардан өтірік салық алумен өз пайдасын ойлауы ашық сықақталады. Оның сұмырай, қу адам екені сол ауылдың комсамолы Әлдекеш сөзімен бейнеленеді. Әлдекеш – жарым-жартыға, жарлы-жақыбайға қол ұшын беруге даяр жан.
Ауылнайдың ауына ілініп, қармағына түсіп жүргендерінің бірі – кедей Қаражан. Ол – өте аңқау, аңқылдап, не болса соған көне беретін, жуас кейіпкер.
Ол алаяқ қулар туралы пікірін былай қорытады:
Мінекей шаруа, бұл жетеуі саған жау,
Бұлардан көретінің – надандық, алдану, дау
Алдыңа түгел тартады бұларды,
Кеңеске сайланып кетсе есен-сау,
Бұлар елдегі кәдімгі қулар.
(Шексіз қу дегенге тулар.
Туласа мейлі барсын,
Маған да, сізге де бергенін қайтып алсын !)
Бұлар сізге елдік айтады, азғырады, көнбе!
Қуларға тізгініңде берме!
Қуларды кеңеске сайлама!
Бұларды сайласаң, жақсылық көрем деп ойлама! [75, 89 б.]
Осындай пьесалар жазып қалдырған ақын-драматург – әдебиетіміздің өсіп-өркендеуіне хал-қадірінше еңбек еткен қаламгерлердің бірі. Бірақ оның есімі, шығармалары әдебиетте елеусіз ұмыт қалғандардың қатарында. Белгілі ғалым Т. Кәкішевтің айтуы бойынша, «әр үлкен-кіші әдебиет майталмандары лайық бағасын алып, орнын табу керек» [76,108 б.]. Сол сияқты жаңа жанр комедияның қанат жаюына үлесін қосып, еңбек еткен Р. Малабаев болашақта зерттеліп, әдебиет тарихынан өз үлесін, орнықты, белгілі орнын тауып, лайықты бағасын алатын уақыт жетті деген ойдамыз. Оның ұлттық драматургияға сіңірген қызметіне, әдеби мұраларына қарап, өзіндік орнын иемденуге тиісті тұлға екендігін айтқымыз келеді.
Қорыта келе, 20-жылдардағы комедиялық шығармалар ел арасында көп қойылып газет, журнал қызметiн атқарумен бiрге, драматургия жанрының дамуына өз үлесiн қосты.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет