2.2 Географиялық ұғымдарды игерудегі педагогикалық және психологиялық негіздер
Оқушыларда бастапқы ғылыми ұғымдардың пайда болуы олардың танымының жоғарылауына, ғылыми деңгейінің көрінуіне әсер етеді. Орта сынып оқушыларында дүниенің ғылыми бейнесін қалыптастыруда ұғымды меңгеру ең маңызды рөл атқарады. Оқушылардың ғылыми ұғымын қалыптастыру таным теориясымен, логикамен, психологиямен тығыз байланысты.
Бірқатар психологтар П.Я.Гальперин, Н.Ф.Талызина, П.П.Блонский, С.Л.Рубинштейн, В.В.Давыдов, Д.Б.Эльконин, В.В.Репкин т.б., еңбектерінде ұғымдардың жинақталуына әкелетін ақыл-ой әрекеттерінің сатылай қалыптасуы, ұғымның нақты білім екендігі, ұғымның сан-алуан құрылымы, ұғымдардың жеке және жалпы түрлері көрсетілген.
Сондай-ақ, оқушылардың эмпирикалық білімдерінің қайта жаңғыртылуы, оқыту барысында бастапқы ғылыми ұғымдардың меңгерілуі, орта және негізгі мектептердегі географиялық мазмұндағы материалдарды оқушылардың практикалық әрекеттер барысында қалыптастыру теориясы атап көрсетіледі.
Зерттеуші ғалымдар Б.Г.Ананьев, Д.М.Богоявленский, Н.Б.Менчинская, Е.Н.Кабанова-Меллер оқушылардың ғылыми ұғымдардың меңгеруі үшін толық түрде жетілген тәжірибенің қалыптасуы қажет деп атап көрсетсе, И.Ф.Свадновский, П.Баранов, И.Д.Лушников, И.С.Якиманская, Ф.Н.Шемякин т.б. теориялық танымның дамуы тұлғаның ынталығы мен сезімталдығына байланыстылығын, ұғым мен түсінік арасындағы айырмашылықтарды және оларды қалыптастыратын жүйелерді талдап көрсетеді.
Оқушыларға ұғым беруде бақылап зерттеуге мүмкіндік беретін олардың көзіне айқын түсетін қоршаған ортада кездесетін нысандарға негіздеудің маңызы туралы педагог-ғалымдар Я.А.Коменский, Ж.Ж.Руссо, И.Г.Песталоцци, А.Дистерверг, К.Д.Ушинский, В.А.Сухомлинский ерекше атап көрсетсе, қазақ ағартушылары: М.Дулатов,М.Жұмабаев, С.Қожахметов т.б.қазақ халқының ерекше құнды деп табылатын асыл қазыналарының бірі – қазақ ауыз әдебиетінің үлгілері: географиялықтиым сөздер, нақыл сөздер, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, болжаулар арқылы орта сыныптардың оқу-тәрбие үрдісінде географиялық ұғымдарды тереңірек қалыптастырудың бірден-бір жолы екенін дәлелдеген.
Орта мектепте географиялық білім беруге байланысты оқу әрекеттері теориясын ұсынған Е.А.Гудинова, Е.Н.Букварева, Л.В.Тарасов, А.А.Вахрушев, А.С.Раутиан еңбектерінде оқушыларға ғылыми ұғымдарды меңгертуде практикалық іс - әрекеттің басым болу керектігін дәлелдейді.
Қазақстандық белгілі ғалымдар: Қ.Б.Жарықбаев, А.Е.Әбілқасымова, Ж.А.Қараев, Т.С.Сабыров т.б. жастардың дамуын жетілдіруде олардың танымдық әрекетіне баса мән беруді ұсынады. Орта сыныптарда жаратылыстану ғылымдарынан оқушыларда ғылыми ұғым қалыптастыруға байланысты пікірлер оқулық авторлары әдіскер-ғалымдар Т.Мұсақұлов, Т.Коргулин, Ә.Бірмағамбетов, Қ.А.Аймағамбетова, А.Мырзабаев, Қ.Сарманова, т.б. еңбектерінде географиялық ұғым қалыптастырудың психологиялық және педагогикалық мәселелері, орта сыныптарда жаратылыстану материалдары бойынша білім берудің теориялық және әдістемелік мәселелері кеңінен қарастырылады.[15]
Оқушылардың тұлға ретінде дамуында олардың санасында ғылыми ұғымдардың қалыптасуы үлкен әсер етеді. Әр пәннің мазмұны мен мақсатына орай оқушыларға беретін ғылыми ұғымдарының да мазмұндық, жүйелік, көлемдік ерекшеліктері бар.
Ұғым арнайы ғылымдар шеңберінде туындап, түрлі іс-әрекеттер негізінде қалыптасады, сондықтан да біз географиялық ұғымдарды қалыптастыру туралы сөз еткенде орта сыныпта оқытылатын дүниетану пәні бойынша нақты географиялық мазмұндағы материалдар арқылы білім беру негізіне сүйенеміз. Біз зерттеген психологиялық-дидактикалық жеке әдістемелік әдебиеттерде білім берудің төменгі сатысына яғни, орта сынып оқушыларының географиялық ұғымдарын қалыптастыруды жеке зерттеу нысаны еткен ғылыми әдістемелік еңбектердің жеткіліксіздігі байқалды.
Қазіргі таңда оқушыларға білім беру жеке тұлға дамытуға бағыттала жүргізілетін болғандықтан, бағдарламалық материалдарды оқытуда олардың ғылыми ұғымдарын қалыптастыру мәселесіне баса көңіл бөлудің керектігі туындап отыр. Орта сыныптарда білім беру жүйесіне жүргізілген бақылаулар мен іс-тәжірибелер және ғылыми-әдістемелік әдебиеттерге шолу жасау нәтижесінде оқушылардың географиялық ғылыми ұғымдарын қалыптастыруға байланысты бірнеше қарама-қайшылықтардың туындап отырғандығы байқалды:
- білім стандарты мен пән бағдарламасында орта сынып оқушыларының ғылыми ұғымдарын қалыптастыруға қойылып отырған талаптар мен білім беру барысында оны жүзеге асыру арасындағы қарама-қайшылық;
- орта сыныпта географиялық материалдарды оқытуға байланысты арнаулы әдістемелік нұсқаулардың жеткіліксіздігі;
- орта сынып оқушыларының ғылыми географиялық ұғымдарын қалыптастырудағы мол мүмкіндік пен қажетті дидактикалық материалдарың жетіспеушілігі арасындағы қарама-қайшылық;
- географиялық материалдарды оқытуда орта сынып мұғалімдерінің оқушылардың ғылыми ұғымын қалыптастыруға байланысты тәжірибелерінің төмендігі.[16]
Орта мектептерде «Физикалық география», «Дүниежүзілік география» пәндерін оқытудың қазіргі жағдайын зерттеу географиялық ұғымдарды қалыптастыру үрдісін белсендіруде, дидактикалық құралдар жүйесін қолдануға аса назар аударылмай отырғандығын көрсетумен қатар, бұл ұғымдарды меңгеруге ықпал ететін әдіс-тәсілдердің жетіспеушілігі бәрімізге мәлім.
Ұғым дегеніміз – шындықтағы заттардың айрықша өзіндік қасиеттері мен олардың арасындағы қарым-қатынастарды бейнелейтін ой. Ұғым мәні жағынан біртұтас білім ретінде бейнелейтін шындықты көрсетеді де, сонымен қатар, ойлау әрекетіне негіз болады. Ұғым өзінің пайда болуы жағынан өмір тәжірибесін жинақтау ретінде де анықталады.
Философиялық еңбектерде ұғым сипаттамасы әртүрлі анықталады: ұғымның «оймен» құрылуы, «ұғым-ойлау формасы», «ұғым-ой»; ұғымда бейнелейтін қасиеттердің, байланысы мен арақатынастарының болуы; көргенін, байқағанын, сезгенін қорытындылау.
Ұғым өзінің пайда болу жағынан тәжірибені қорытындылау ретінде анықталады. Осыған байланысты ұғым нанымның ең жоғары дерексіз теориялық сатысы ретінде көрінеді. Бірақ адам санасындағы түсінік форма және объективтік шындықты бейнелейтін саты ретінде дерексіздік те болады. Ұғым бұл түсініктің тиянақталып, негізгі белгілері арқылы санада берік сақталуы.
Сонымен, ұғым - философиялық өлшем, логикалық таным деңгейі ретінде өз белгісі бар тұрақты құбылыс. Ал әр түрлі ғылымдардың өз өлшемдері болғандықтан, түсінікке өз мәртебелерін береді: географиялық, биологиялық, медициналық, тарихи, т.с.с. Философияда ұғымды құрау үрдісі дерексіздік ретінде анықталады да, бірнеше сатыларға бөлінеді.
Ұғымды психологиялық тұрғыдан қарастырсақ, ол түсінікке қарағанда көп қырлы және мазмұны мен мәні жағынан да түсініктен айырмашылығы бар. Олар бір-бірімен байланыста және қарама-қайшылықта дамиды. Түсініктер бейнелі көрнекі, ал ұғым көрнекі емес, ұғым құбылыстың маңызды жақтарын, өзара байланысын ашады. Түсініктер үнемі ойлау процесімен байланысты, сөзсіз оның туындауы мүмкін емес.
Ұғым затты сырттай қарап қол жеткізетін сезіну мағынасында емес, ол заңдылықты бейнелік ойлау мен сезімдік таным негізінде оқушының сезімдік тәжірибесінде қалыптасатын жағдай екендігін алдыңғы қатарлы психологтар дәлелдей келе, оқушылардың ойлауының дамуы сезімдік тәжірибеден тыс жүзеге асырылуы мүмкін емес деген пікірге тоқталады. Түсінік үнемі өзгеріп, толықтырылып отырады, сөйтіп, біртіндеп ұғымға айналады.
Ұғымдардың негізгі көзі - обьективті болмыс болғандықтан, географиялық ұғымдар нақты табиғи нысандар мен құбылыстарға негізделіп берілетіндіктен, орта сынып оқушыларының түсінігіне лайық болып келеді. Түсініктер мен ұғымдар өзара тығыз байланыста болғанда ғана нақты ұғым қалыптасады.
Психологиялық тұрғыдан алсақ, түсінік бар және ұғым бар. Осы екеуінің қайсысы алдыңғы десек, оқушы алдымен әрбір заттың қасиетін, құбылыстарды, осыған байланысты деректерді түсінуге тиісті. Белгілі психолог Л.С.Выготскийдің пікірі бойынша ұғымдардың түсінікке қарағанда мазмұны бай, жалпылау жолы жеке белгілері формальды болмайды, берілген заттың басқа затпен қатысын, байланысын ашады. Егер зат тікелей әсерленумен ғана емес, көп бейнелі байланыстар мен қатынастарда ашылса, онда ұғым солғұрлым терең, болмысқа сәйкес және түсінікке қарағанда дәл, толық болады.
Ұғымның мазмұнымен қатар көлемі бар. Ол – ұғымға енетін барлық нысандардың елеулі белгілерінің жиынтығы ретінде қаралады. Сонымен қатар ұғым нақты және саналы меңгертілуі үшін әр пәннің арасындағы байланыстар болуы керек.
Ұғым, ойлау, ой, білім жүйесі ретінде қарастырылады, онда заттар мен құбылыстардың ерекше қасиеттері, байланыстары мен арақатынастары қорытынды түрінде бейнеленеді.
География – біртұтас ғылымдар жүйесі. Оның негізгі салалары мектептегі географияда көрініс тапқан (геологиялық-геоморфологиялық, климаттық, гидрологиялық, топографиялық-картографиялық, т.б.) білімдер жүйесі – мектеп бағдарламасында белгіленген арнайы біртұтас ғылыми білім ретіндегі өзара байланысқан көптеген элементтерден (түсініктер, ұғымдар, заңдылықтар, фактілер) тұрады. Сонымен қатар, берілетін ұғым әр түрлі заттардың жеке қасиеттеріне байланысты қаралады.
Географиялық білім жүйесі әр сыныпта жалғаса отырып, біртіндеп кеңейеді және мазмұны жағынан тереңдейді. Жоғарғы сыныптарда география тұтас курс ретінде оқытыла отырып, оқушылардың санасында географиялық білім жүйесінің қалыптасуына жағдай жасаса білімдер осы пәнді оқытудың ғылыми мазмұнының негізін құрайды. Әр сынып сайын географиялық білім мазмұны ұғымдар тереңдеп, оның көлемі кеңейеді.
Бастапқы ұғымдар және оларды қалыптастыру туралы зерттегенде ұғым қарастырылған нысандар мен құбылыстардан біршама алшақтағанын байқатады. Көбінесе, бұл практикада жиі кездеседі. Мәселен, орта сынып оқушылары ойпат жерден, жазықтық пен таудың айырмасын жақсы түсінуін, жоғарғы деңгейде ұйымдастыру үшін олардың ойпатты жерді білуі керек, оны өмір тәжірибесінде кездестіруге тиіс. Сонда ғана олар салыстыра отырып ұғынады.
Қоршаған ортадағы әр түрлі объектілер мен құбылыстардың өзара байланыстары (түпнұсқа) туралы білімдер яғни, ұғымдар жиынтығы оқушылардың осы объектілер мен құбылыстар туралы алғашқы ұғымдарынан туындап, біртіндеп кеңейте отырып қалыптасады. Егер осы үрдіске баланың түпнұсқаны қалай елестететіндігін, бастапқы дерексіздікте сезімдік бейне қандай құндылыққа ие болатындығын ескеретін болсақ, онда төменгі сынып оқушысының ұғымды саналы меңгеру сапасы мен оның даму деңгейі көтеріледі.
Орта сыныпта оқытылатын бастапқы географиялық ұғымдар табиғи заттар мен құбылыстар туралы шындықты әрі қарай тереңдете отырып тануда маңызды бастама болып табылады.
Қазақстанда орта сыныптардағы жаратылыстану ғылымдарына байланысты білім мазмұнын жетілдіру, мемлекеттік міндетті білім стандартын жобалау, оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету мәселерін жүзеге асыруда үлкен үлес қосып жүрген әдіскерлер: Қ.А.Аймағамбетова, К.Жүнісова, Ә.Бірмағамбетов т.б. Бұл авторлардың еңбектерінде орта сыныптарда жаратылыстану ғылымдары негізінен берілетін білім мен оны оқытудың әртүрлі бағыттағы тұжырымдамаларында оқушылардың танымдық әрекетіне негіздей отырып, олардың дүниетанымын қалыптасыру жолдары айқын көрсетілген.
Географиялық ұғым – қоршаған дүниедегі географиялық нысандар мен құбылыстардың ерекшеліктері, қасиеттері, заңдылықтары туралы ұғыми дерек. Осы бастапқы географиялық ұғымдар негізінде оқушылар табиғи заңдылықтарды, құбылыстарды олардың себептерін меңгереді.
Таным үрдісіндегі адам ойының тереңдеуі туралы сөз болғанда, көптеген психологтар адамның зат, құбылыс, үрдіс, т.б. туралы алатын ұғымдары танымды кеңейтіп, оны тереңдете түсуі ұзақ уақытты керек екендігін атап көрсетеді.
Ұғымды саналы меңгеру әр уақытта қабылдауға негізделеді. Орта сынып оқушыларының кез-келген құбылысты, заттарды, олардың ерекшеліктері мен қасиеттерін дұрыс қабылдауы көптеген жұмыс жүргізуді керек етеді.[20.21]
Достарыңызбен бөлісу: |