Қазақстанда құрылған әскери құрамалардан алғашқылардың бірі болып 312-атқыштар дивизиясы (командирі — полковник А. Ф. Наумов, кейіннен генерал-майор) айқасқа кірісті. 312-дивизиямен бір мезгілде дерлік, солтүстік-батыс бағыттағы майданда Қазақстанда құрылған, генерал-майор И. В. Панфилов басқарған 316-дивизия езінің жауынгерлік жолын бастады. Панфиловшылар Жоғарғы Бас қолбасшының бұйрығымен Мәскеуді қорғау шебіндегі 30 километрлік бөлікке орналасты. Панфиловшылар жаумен күші тең болмаса да 50 жау танкісімен болған шайқаста жеңіп шықты. Бұл тарихи шайқасқа қатынасқан 28 жауынгерге КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Волоколамск ауданында өткен осындай шайқастардың бірінде ержүрек жауынгер, талантты командир, генерал-майор И. В. Панфилов ерлікпен қаза тапты. Оған қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, ал 8-гвардиялық атқыштар дивизиясына (бұрынғы 316-дивизия) генералдың есімі берілді. Мәскеу түбіндегі ұрыстарда қазақ халқының көптеген ұлдары ерлікпен шайқасты. Олардың ішінде Кенес Одағының Батырлары — Мәлік Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы, Рашид Жанғозин, Төлеген Тоқтаров, Рамазан Елебаев, Төлеуғали Елебековтер бар. Мәскеу үшін болған шайқаста полковник Г. П Коротков басқарған 238-атқыштар дивизиясындағы қазақстандық жауынгерлер өздерін даңққа бөледі. Дивизия жауынгерлік Қызыл Ту орденмен марапатталып, табандылығы, ержүректігі мен батырлығы үшін 30-гвардиялық дивизия болып қайта құрылды. Алексин қаласы үшін шайқастарға қазақ халқының аты аңызға айналған батыры Амангелді Имановтың ұлы, қатардағы автоматшы (атқыш) — Рамазан Амангелдиев қатысты.