Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігі Семей қаласының Шәкәрім атындағы Мемлекеттік Университеті
СӨЖ
Тақырыбы: Абай қара сөздеріне философиялық көзқарас.
Орындаған: Нұрланқызы Ақмерей
Топ: ДЯ-601
Тексерген: Болысова М.Қ.
Семей қаласы 2018ж
ЖЕТІНШІ ҚАРА СӨЗІ. Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі - ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар - тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі - білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі - жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген. Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқаны. Сол қуат жетпеген, ми толмаған ессіз бала күндегі «бұл немене, ол немене?» деп, бір нәрсені сұрап білсем екен дегенде, ұйқы, тамақ та есімізден шығып кететұғын құмарымызды, ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екеміз? Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді. Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік. Көзбен көрген нәрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық, оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз. Біреу кеткенін айтса да, ұқпаймыз. Біреу ақыл айтса: «Ой, тәңірі-ай, кімнен кім артық дейсің!» - дейміз, артығын білмейміз, айтып тұрса ұқпаймыз. Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта, бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз.
Абайдың «Жетінші сөзінде» ұшырасатын «жанның тамағы» деген күрделі философиялық ұғым бар. Оны Абай Құнанбаев біздің санамыздан тыс өмір сүретін объективті дүниенің санада сәулеленуі нәтижесіңде пайда болатын ғылым, білімнің жинақталған қоры ретінде қарайды. Осы себептен де Абай:
«… құмарланып, жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді,» — деп қайыра түсінік беріп отыр… Абайдай ұстаз ақынның бұл «Жетінші сөзде» көздеген мақсаты адамның бойыңда туа пайда болатын жан құмары арқылы өз ұрпағының санасына тек қана жанның пайдалы тамақтарын сіңдіру еді. Абай бұл бағыттағы ойларын өзге сөзбен «Ғылым таппай мақтанба» т.б. өлеңдерінде айтқан. Мұнда ол «жанның тамағы туралы» ұғымды өз заманынын тұрғысынан келіп, «адам болу» үшін қажет көп керектермен ауыстырады. Ақын толық адам болу туралы өзінің жүйелі де қалыптасқан көзқарасының тезисін ұсынады. Онысы: «Адам болам десеңіз… Бес нәрседен қашық бол…, Бес нәрсеге асық бол,»
— деген жолдарда жатыр.
ОТЫЗ ҮШІНШІ СӨЗ. Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі — қазақтың әулиесі сол. Бірақ Құдай Тағала қолына аз-маз өнер берген қазақтардың кеселдері болады. Әуелі — бұл ісімді ол ісімнен асырайын деп, артық ісмерлер іздеп жүріп, көріп, біраз істес болып, өнер арттырайын деп, түзден өнер іздемейді. Осы қолындағы аз-мұзына мақтанып, осы да болады деп, баяғы қазақтың талапсыздығына тартып, жатып алады. Екінші — ерінбей істей беру керек қой. Бір-екі қара тапса, малға бөге қалған кісімсіп, «маған мал жоқ па?» дегендей қылып, еріншектік, салдау-салғырттыққа, кербездікке салынады. Үшінші — «дарқансың ғой, өнерлісің ғой, шырағым», немесе «ағеке, нең кетеді, осы ғанамды істеп бер!» дегенде «маған да біреу жалынарлыққа жеткен екенмін» деп мақтанып кетіп, пайдасыз алдауға, қу тілге алданып, өзінің уақытын өткізеді. Және анаған дүниенің қызығы алдауды білген дегізіп, көңілін де мақтандырып кетеді. Төртінші — тамыршылдау келеді. Бағанағы алдамшы шайтан тамыр болалық деп, бір болымсыз нәрсені берген болып, артынан үйтемін-бүйтемін, қарық қыламын дегенге мәз болып, тамырым, досым десе, мен де керектінің бірі болып қалыппын ғой деп, және жасынан іс істеп, үйден шықпағандық қылып, жоқ-барға тырысып, алдағанды білмей, дереу оның жетпегенін жеткіземін деп, тіпті жетпесе өзінен қосып, қылып бер дегенінің бәрін қылып беріп, күні өтіп, еңбек қылар уақытынан айрылып, «жоғары шыққа» қарық болып, тамақ, киім, борыш есінен шығып кетіп, енді олар қысқан күні біреудің малын бұлдап қарызға алады. Оны қылып берейін, мұны қылып берейін деп, соныменен табыс құралмай, борышы асып, дауға айналып, адамшылықтан айрылып, қор болып кетеді. Осы несі екен. Қазақтың баласының өзі алдағыш бола тұрып және өзі біреуге алдатқыш болатұғыны қалай?
Бұл қара сөзінде де, арам ойдан алшақ болуға шақырады хакім. Барлық адамзаттың өзге тіршілік иелерінен сөйлей алатын қабілетімен ерекшеленіп тұратын қасиеті бар. Сондай қасиеттерінің бірі де бірегейі — бір іске икемді болуы. Ішкен тамаққа тойып алып, бүк түсіп жата беру адам баласына үлкен сын болмақ. Ал Абай атамыздың бұл ретте айтқысы келген ойы қандай? «Өнері бардың кеселі бар» деген ойды ұстанып, оның төрт түрін көрсетеді. «Бойымдағы өнерім өзіме жетеді» деп білім-ғылым қумай, тым асыра қанағатшылдыққа салынып, талапсыздыққа бой алдыру — пендені кері бағытқа салады десе, екінші бір айтар ойы — еріншектік. Малға мастанып, қит ете қалса, көп жұмыс бітіргендей ақысын сұрап тұруы — қателік. Еңбегіне қарай, ақысын да береді емес пе? Әр зат өз шамасымен болуы керек дегенді ұстанған ұлт ғұламасы үшінші кемшілігінде нендей ой айтты екен? Арзан мақтаудың артынан еріп, аса дандайсып кету өмірден адасудың бір сорақысы екенін айтпақшы. Ақырғы кемшілігі – қарызға бату. «Жасап берші» деген бір ауыз сөзін «мен де біреудің пайдасына керек екенмін» деп жерге тастамай, мойнына алып, шектелген уақытына дейін бітіріп бере алмай жүрсе ше? Басқадан қарыз алып айыбын жуып-шаятынын қайтесің? Сөйтіп, анда тартса, мында жетпей, мында тартса, анда жетпей, «екі қолын мұрнына қыстырдының» күйін кешпек. Тоқ етері, артылған істің жауапкершілігін сезіне білу керек. Өз заманының жайын айтып отырса да, бұның жалғасы қазіргі өмірде көрініс беріп жатқаны жалған емес. Сондықтан, 550 жылдық тарихы бар ұлттың болашағына жалқаулық, салғырттық, боямашылдық деген кері қылықтар жараспасы анық.
ЖИЫРМА БЕСІНШІ СӨЗ. Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқыса болады. Оның үшін бұл жер дарулхарап, мұнда әуелі мал табу керек, онан соң араб, парсы керек. Қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын? Ашап-ішімге малдың тапшылығы да ағайынның араздығына уә әртүрлі пәлеге, ұрлық, зорлық, қулық, сұмдық секілді нәрселерге үйірлендіруге себеп болатұғын нәрсе. Мал тапса, қарын тояды. Онан соң, білім түгіл өнер керек екен. Соны үйренейін не балама үйретейін деп ойына жақсы түседі. Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да - бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды. Дінге де жақсы білгендік керек. Жорғалықпенен көңілін алсам екен деген надан әке-шешесін, ағайын-жұртын, дінін, адамшылығын жауырынынан бір қаққанға сатады. Тек майордың күлгені керек деп, к...і ашылса да, қам жемейді. Орыстың ғылымы, өнері - дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі. Ләкин осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы қазақты аңдысам екен дейді. Жоқ, олай ниет керек емес. Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейік, мұны көріп және үйренушілер көбейсе, ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік. Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек. Қазір де орыстан оқыған балалардан артық жақсы кісі шыға алмай да тұр. Себебі: ата-анасы, ағайын-туғаны, бір жағынан, бұзып жатыр. Сүйтсе де, осы оқыған балалар - ана оқымаған қазақ балаларынан үздік, озық. Не қылса да сөзді ұқтырса болады оларға. Жақсы атаның балалары да көп оқыған жоқ, қайта, кедейдің балаларын орысқа қорлап берді. Олар осыдан артық қайда барсын? Және де кейбір қазақтар ағайынымен араздасқанда: «Сенің осы қорлығыңа көнгенше, баламды солдатқа беріп, басыма шаш, аузыма мұрт қойып кетпесем бе!» деуші еді. Осындай жаман сөзді, құдайдан қорықпай, пендеден ұялмай айтқан қазақтардың баласы оқығанменен не бола қойсын? Сонда да өзге қазақ балаларынан артық үйренгені немене, қай көп үйреніпті? Кірді, шықты, ілді, қайтты, түбегейлеп оқыған бала да жоқ. Әкесі ел ақшасымен оқығанға әрең оқытады, өз малын не қылып шығарсын? Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол - мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең - оқыт, мал аяма! Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рахат көрсете ме, өзі рахат көре ме, я жұртқа рахат көрсете ме?
Аталған қарасөзде Абай атамыз оқу-білімге байлық аямау керек дегенді айтады. "Мал тапса, қарын тояды. Онан соң, білім түгіл өнер керек екен. Соны үйренейін не балама үйретейін деп ойына жақсы түседі", - дейді ол. "Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренген" халықты көкірек көзді ашуға шақырады ол. "Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да - бәрі орыста тұр", - дей келіп, өзге жұрттың тілін білген адам терезесі тең тұрып сұхбат құра алады дегенді айтады. Дәулет әр адамға өз несібесімен келеді. Қазір оқу-білімге жұмсалған ақша болашақта қайтарымы бар берекелі ақшаға айналмақ. "Өз келешегін ойлаған әр адам орыс ғылымын үйренсін" деген тұжырым бүгін де өзекті болып тұр. "Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол - мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең - оқыт, мал аяма! Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рахат көрсете ме, өзі рахат көре ме, я жұртқа рахат көрсете ме?". Назар салсақ, оқуға қолын бір сілтеген адамның көкірек көзі қараңғы болып, тұмшаланып, ішіп-жеп қана өмір кешетін төрт аяқты хайуаннан еш айырмасы болмайтыны айтылған, "бір ит қазақ болып қалған соң, саған рахат көрсете ме, өзі рахат көре ме, я жұртқа рахат көрсете ме?" деген жолдар – осы сөздің куәсі.
Абайдың қара сөздері (Ғақлия) — ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Көркемдік шеберлік пен ғылыми зерделік арқылы көркемдік сана мен философиялық сананы ұштастырады. Абайдың қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас бір қазақ халқының философиялық концепциясын құрайды. Абайдың кара сөздері сондай-ақ жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналды.
Достарыңызбен бөлісу: |