«Егемен Қазақстан» — Қазақстан Республикасында шығатын республикалық газет. Тарихы, беделі, қоғамдық пікірге ықпалы және таралымы жөнінен "Егемен Қазақстан" газеті қашанда Қазақстандағы нөмірі бірінші қазақтілді басылым болып келді. Бейресми түрде ол елдің бас газеті деп аталады. Осы газеттің 2020 жылы 7 шілде күні шыққан санында «Рекордтар кітабына күймен кірді» деген өте қызық мақала шықты. Авторы Нұрқанат Құлабаев атты тілші. Мақала мазмұнына қысқаша тоқталсақ: Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Амангелді ауылында өткен астана мерейтойы мен Ұлттық домбыра күніне арналған мерекеде мың (!) домбырашы халық күйі «Келіншек» пен Құрманғазының «Балбырауынын» қосыла орындап, Гиннес рекордтар кітабына енген. Рекордқа негіз болған басты нәрсе – 17 мың ғана халқы бар ауданнан 1000 домбырашы шығып, бәрі қосылып 2 күйді нақышына келтіріп орындауы. Халық арасында «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» деген рухты сөз бар. Домбыра – қазақтың киесі, қасиеті, қазынасы. Қазақ пен домбыра егіз ұғым! Аталмыш мақалада мың домбырашының құрамында 5-сынып оқушысынан бастап 90 жасты алқымдап қалған қарияларға дейін болған деседі. Ұлттық құндылығымызды әдемі дәріптеп, әлемдік рекордқа кіруіміз өте қуанышты жәйт.
Ұлттық аспапты өскелең ұрпаққа үйрету, домбыраға деген қызығушылығын ояту және дәріптеу – бұл ұлттық болмысты сақтауға бағытталған тағылымы мол қадамдардың бірі.
Жоғарыда аталған «Егемен Қазақстан» газетінде 2020 жылдың 5 маусымында «Елтаңба тарихы талқыланды» атты мақала жарық көрді. Авторы Маржан Әбіш атты тілші. Мақала мазмұнынан: Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы Мемлекеттік Рәміздерінің бірі Елтаңбаның авторы, сәулетші Жандарбек Мәлібековпен «Мемлекеттік Елтаңба және Ұлттық архитектура хақында» атты онлайн кездесу өткізді. Жандарбек Мәлібеков елтаңбадағы элементтердің жасалуы жөнінде былай дейді: Оған зерттеу жасай келе, қазақ халқы ереккиіз үймен, тұлпармен, қошқар мүйізбен, қолтаңбалы өнермен өлшенгендігіне назар аудардым. Бұл үлкен еңбекпен келген жұмыс. Сонымен қатар ол архитектор болуға не себеп болғандығына да өз ойын білдіріп, «Мақсатым әрбір қазақтың үйінде бір-бір киіз уй болу керек. Неге десеңіз, ол киіз үй біз айтып отырған жас кезден тәрбиелейтін орталыққа айналып отыр. Соның ішінде ақсақал, әже отыруы керек. Ол халқымыздың мақтанышы болып қана қоймай әрі дүниежүзі қазақ халқын үлгі тұту керек» деп пікір білдіреді.
Оқырман бұл мақаладан Тәуелсіз еліміздің рәміздері туралы, киіз үй жайында пайдалы ақпараттар алады. «Тәуелсіздігіміздің тірегі болу үшін жақсы оқып, жақсы тәрбие алып, рәміздерді сыйлауымыз, насихаттауымыз керек» деген пікірді оқып, ой түйеді. Бұл мақаладан да ұлттық болмыстың көрінісін байқай аламыз.
«Алматы ақшамы» қоғамдық-саяси газеті. Алматы қалалық әкімдігі мен қалалық мәслихатының ресми басылымы. Осы газеттің 2018 жылы 14 сәуір күні шыққан санында «Дәрігерлер ұмыт қалған салт-дәстүрді жаңғыртты» атты мақала жарық көрді. Бұл мақалада Алатау ауданына қарасты №29 емханада өткен Наурыз мерекесі жайында айтылады. Емхана ұжымы наурызға арналған мәдени шараларын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіп, осы бағдарламада айтылғандай, ұмытылып, естен шығып бара жатқан салт-дәстүрлеріміз бен жоралғыларымызды сахналық көріністер арқылы көрсетіп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтады. Ықшамауданның құрметті қариялары мен емхананың ардагерлеріне құрмет көрсетіп, оларға арнайы шақырылған «Отырар сазы» оркестрінің орындауындағы ән мен күйлерден мерекелік тарту жасады. Мерекені тек тойлаумен ғана емес, ұлттық құндылықтарды ұлықтаумен өткізуге ерекше мән берген емхананың бас дәрігері Ақмира Садықова былай деп сөз сөйледі: «Біз Наурыз мерекесін ұйымдастыра отырып, Елбасының халқымыздың алдына қойып отырған ізгі мақсаттарын аудан тұрғындарына жеткізуді, ұмытылып бара жатқан дәстүрлерімізді жаңғыртуға көбірек көңіл бөлдік. Мысалы, мен бүгін сахналанған «белтарту» деген жоралғының барын білмейді екенмін. Көктемде ауырып жатып қалған адамды белінен тартып тұрғызып, оны енді ғана шығып келе жатқан көк шөптің үстімен жүргізудің өзінде табиғат пен адамның байланысын жеткізетін үлкен мән барын ұғынуға болады».
Жалпы, Наурыз мейрамының қазақ халқы үшін орны өте ерекше. Президенттің жарлығымен елімізде Наурыз мейрамы ресми түрде үш күн тойланады. Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алудан — тазаланған арықтарға су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егу рәсімін өткізуден бастайтын. Қызықшылық онан әрмен халық ойындарымен, ән салып, би билеумен, ақындар айтысымен, «Қызғалдақ» мерекесімен, қазақша күреспен, ат жарысымен жалғасып кете беретін де, түнге қарай «Алтыбақан» айналасындағы тамашамен аяқталатын.
Наурыз мейрамы қазақ халқының ұлттық құндылығын қашан да ерекше көрсетеді. Аталмыш мақалада Наурызды ерекше дәріптеп, ұмыт болған салт-дәстүрімізді бейнелі көрсетіп тұр.
Еліміздің саяси, рухани және әлеуметтік өміріндегі өзекті мәселелерді қозғаған «Жас қазақ» газетінде де мақалалар баршылық. 2018 жылдың 24 қазанында «Көкпар – ұлттық құндылық!» атты мақала жарық көрді. Мақала Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жастар Көкпар лигасы» мен ҚазҰУ-дың ұйымдастыруымен ұлттық спортымызды дамыту мақсатында «JKL PROFI 3×3» форматында кәсіби көкпар командалары арасында тартысты көкпар ойынының өткені жайында. Қара шаңырақ ҚазҰУ-ымыздың ректоры Ғ. Мұтанов: «Сайын даланы жаудан аман сақтау үшін жауынгер де астындағы тұлпар да бабында болып, жігерлі болуы үшін осы көкпар ойынын өткізіп тұрған. Сондықтан да мұнда тек ғана ойын емес үлкен мән-мағына, ұрпаққа деген тәлім-тәрбие жатыр. Көкпар ол біздің рухани құндылығымыз. Ұлттық құндылық ол ұлттың мызғымас байлығы, ендеше осынау асыл мұрамызды сіз бен біз болып жаңғыртуға атсалысайық» деп сөз сөйлейді.
Бұқаралық ақпарат құралдарының бірі – теледидар. Ақпараттар легі күн өткен сайын қарыштап, телебағдарламалардың да саны артып барады. Сондай телебағдарламалардың біріне талдау жасап көрелік.
«Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы - бiрiншi ұлттық Қазақстандық телеарна. «Қазақстан» - телевизиялық танымдық-тағылымдық, көңілашар-ойын-сауық, спорттық бағдарламалары өндірісінде көшбасшы орын алып, ұдайы даму үстінде келе жатқан үздік телеарналардың бірі. Ұлттық арнадан 2020 жылдың 26 шілдесінде «Күміс көмей» атты телебағдарлама көрерменге жол тартты. Ұлтымыздың дәстүрлі музыкасын насихаттау бағытында қолға алынған жобаға С. Жанпейісова, Т. Нұркенов, Е. Шүкіман, М. Мықтыбаев, Е. Қосбармақов, А. Ноғайбаева, Е. Рысқали, Т. Кененқызы, О. Құлсымақ, А. Өтешов, Г. Сарина, П. Тұрарова, Б. Бәбіжан сынды елге танымал өнерпаздар қатысады. Домбыра, қобыз, сазсырнай, сырнай, жетіген, т.б. аспаптардың сүйемелдеуімен халық әндері мен күй-термелер орындап, карантиндегі шектеулерге байланысты ұлттық өнерден қол үзіп қалған талғампаз көрерменді әсем әуендермен сусындатады. Сондай-ақ ұлттық музыканың тарихына саяхат жасалады. Бағдарлама жүргізушісі - ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова. Эфир уақыты: жексенбі, 20:00. Телебағдарламының шығарылымдары мынадай сипатта көрінеді:
Халық әндері (26.07.2020)
Абай әндері (09.08.2020)
Біржан салдың әндері (16.08.2020)
Мұхит әндері (05.09.2020)
Сыр елі (12.09.2020)
Жәрмеңке (19.09.2020)
Жаяу Мұса (26.09.2020)
Алтай әндері (03.10.2020)
Жетісу әндері (12.10.2020)
Ақан сері (19.10.2020)
Батыс өнері (31.10.2020)
Бағдарлама өте сапалы, көрнекі жасалған. Басталған алғашқы секундарынан ақ баурап алады. Қазақы ою-өрнек үстіне алтын түсті әріптермен бағдарлама атауы жазылған. Артқы фонда музыкалық аспаптармен ұлттық нақышта композиция ойнайды. Жүргізуші ұлттық киім киген, қазақ тілінде өте жағымды, таза сөйлейді. «Армысыздыр, ардақты көрермен. Эфирде "Күміс көмей" музыкалық танымдық бағдарламасы. Халқымыздың сан ғасырлық тарихы мен шежіресі, тағдыры мен сүрлеуі оның музыкалық мұрасында көрініс тапқан. Аңызға оранған ән мен күй соның дәлелі. Бүгінгі бағдарлама халық әндеріне арналады» деп бағдарламаны бастайды. Шығарылымға қойылған тақырыпқа байланысты қонақтар келіп ән шырқайды. Сол әннің тарихы айтылады
Студия киіз үй іспетті жасалған. Төбеде шаңырақ, домалақ керегеде қазақтың ұлттық ою-өрнектері. Ортадағы үлкен сахнаның бергі екі шетінде жан жағында құрақ көрпешелер төселген, домалақ жер үстелдер қойылған. Жанында сандықтың үстінде де әдемі болып құрақ көрпешелер жинаулы. Әппақ дастарқанда, оюлы ағаш ыдыстарда, бауырсақ, құрт-ірімшік, ожауымен сабада қымыз құюлы, сол қымызды ішуге оюлы әдемі ағаш кеселер тұр. Бір үстелге жүргізуші мен қонақтар отырса, екінші үстелге көрермендер есебінде басқа адамдар (оның ішінде үлкен қариялар да, жастар да, кішкентай бүлдіршіндер де бар) отырады. Барлығы да қазақтың ұлттық киімін киіп отыр. Ұлттық әшекейлер, үкілі бас киім, оюлы жейде, жағалы шапан. Қарасаң көзің тоймайды.
Бұл бағдарламадан біз ұлттық өнерімізді ұлықтап, ұлттық аспаптарымызды, халық әндері мен күй-термелерін дәріптеп қана қоймай қазақ танымын танытатын қаншама көріністі атай аламыз. Алдымен ана тілімізді ұлықтау. Бағдарлама толық қазақ тілінде, бұрмаланған емес, таза, әуезді, әдеби қазақ тілінде. Ұлттық құндылықтарымызды дұрыс бағытта дәріптеу, атап айтсақ: ұлттық киім, ұлттық тағам, ою-өрнек, салт-дәстүр, тарих, мәдениет, барлығы өз кезегінде дұрыс көрсетілген.
Аталмыш жобаны ұлттық болмысымызды көрсетудегі бірден-бір үздік бағдарлама деуге толық негіз бар.
Қорытынды
Ұлттық идея – ел тәуелсіздігінің берік тұғыры. Егемендігіміздің баянды болуы ұлттық идеямен тығыз байланысты. Жаһандану заманында ұлттық болмысымызды сақтап қалу үшін өткеніміз бен бүгінгімізден ажырамауымыз қажет. Ұлттық мәдениетімізбен ұрпағымызды сусындатып, ұлылығымызды қайтсек де сақтап қалуымыз керек. Рухани берік иммунитетіміз – өзімізге тән құндылықтар мен мәдениетіміз. Әр қазақ баласы ата-бабадан қалған сөздің мәнісін түсініп, асылындай ардақтаса мұраттың орындалғаны болар еді.
Достарыңызбен бөлісу: |