Құран аяттарынан, пайғамбар хадистеріненалынған. Хәкім ата осы жол арқылы арабша, парсыша жазылған кітаптарды оқи алмайтын қарапайым халыққа түсінікті болу үшін түркіше жазған. Біз жоғарыда келтірген Иса мен анасы Мәриям хақындағы қисса мен Мұхаммедтің дүниеден озуы туралы деректер сол заманда түркі халықтарының арасына әлі толық тарай қоймаған болатын. Осы жағын ескерген ақын айналасындағы халыққа дін тарихы мен пайғамбарлар өмірінен мәліметтер келтіріп, оларға Ислам дінінің қыр—сырын да үйретуге тырысқан.
Сүлеймен Бақырғани образ бен сюжетті таңдауда Құран аяттарының ішіндегі ең қайғылы әрі аянышты жерлерін таңдап алады. Оның қасиетті Меккені алғаш тұрғызған әкелі-балалы Ибраһим мен Исмайыл хақында шығарма жазуы осыған дәлел.
Мұнда ақын қиссаны жазарда пайғамбар өсиетіне арқа сүйгенін айтады. Шығарманың негізгі сюжеті ретінде Мұхаммед хадисін жеткізуші Хазірет Аббастың дерегі алынған. Оқиға Алланың Ибраһимге құрбандық шал деген аянымен басталады.
Біздің заманымызға дейін хаттардың көшірген қолжазбалары арқылы жеткен ақын мұрасын жариялау ХІХ ғасырдың орта тұсында мықтап қолға алынды. Алғаш рет 1846 жылы Қазан университетінен қадим əліппесімен басылған Бақырғани шығармалары өткен ғасырдың жиырмасыншы жыл-дарына дейін он алты рет жарық көрді. Кешегі кеңес заманында түркі халықтарының əдебиет тарихына қатысты томдар мен жинақтарда ақын хикметтерінен үзінділер жарияланды. Тек өткен ғасырдың соңына қарай 1991 жылы Ташкентте (Өзбекстан), 2000 жылы Қазанда (Татарстан) бұрын Қазан төңкерісіне дейін жарияланған литографиялар негізінде қайта басылды.
Сондай-ақ Бақырғанидың бірнеше хикметтері Б.Сағындықов, Р.Ахметов жəне Н.Мəтбек тарапынан қазақшаға тəржімаланып, жарық көрді. Алайда, осы уақытқа дейін жарық көрген кітаптарға ақынның барлық шығармалары енгізілместен, тек үзінділері ғана жарияланып келген болатын. Тіпті ХІХ ғасырда Қазанда басылған литографиялық нұсқалар да ақынның мұрасын толық қамтыған жоқ. Онысы түсінікті де. Себебі орта ғасырда Алтайдан Кіші Азияға дейін жалғасып жатқан түркі мұсылман жұртына кеңінен тараған ақын хикметтері түркі диалектілерінде «өңделіп», бірнеше нұсқада жеткендіктен де, оның бəрін жинақтап, жариялау көп машақат пен қажырлы еңбекті талап етері анық. Оның үстіне Бақырғанидың барлық мұрасы ешқашан да бір кітап немесе бір жинақ ретінде жарыққа шықпаған. Сондай-ақ ақын шығармаларын толық қамтыған қолжазбаларды да кездестіру қиын. Осы күндері түркі мұсылман əлемінде кездесетін ортағасырлық түркі шайырларының немесе сопы ақындардың шығармаларына қатысты баяздардың (антологиялардың) ішінен тек «Құл Сүлеймен», «Хакім ата», «Хакім қожа», «Бақырғани» секілді тахаллуспен (псевдониммен) жазылған хикметтер мен даналық сөздерді ірік-теп алып жарыққа шығару — Бақырғани мұрасын жариялаудағы негізгі мəселенің бірі болмақ.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
Х.Сүйінішәлиев. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы, 2001.
Н.Келімбетов. Ежелгі дәуір әдебиеті. Алматы, 2005.