Абайдың ақындығы, әдебиет әлеміндегі орны туралы мамандар, әдебиетшілер, сыншылар айтып та, жазып та жатыр ғой. Әлі де айтылары сөзсіз. Мен философ ретінде Абайдың ойшылдығына, ойшылдық, философиялық тереңдігіне, сөздерінің өміршеңдігіне көңіл аудармақпын. Бірақ мынаны да айта кету керек: ақын ретіндегі Абай және ойшыл ретіндегі Абай екі түрлі адам емес. Абай – кесек, тұтас тұлға. Бір кезде орыс әдебиетінде Лев Толстойды ұлы жазушы, суреткер ретінде мойындап, ойшыл, философ ретінде әлсіз деп мінеу орын алып еді. Бұлардың қатарында Н.К.Михайловский, Г.В.Плеханов, В.В.Розанов, Н.А.Бердяев, В.И.Ленин болды. Кеңес дәуірінде де Толстой тек жазушы ретінде дәріптелді. Толстойдың ойшылдығын бағалаған А.П.Чехов болды: «Алыстан көрмейтін сыншылар, – деп жазады ол, – Толстойды суреткер және ойшыл ретінде екі түрлі бағалап, оның шығармашылығының екі жағын біріне-бірін қарсы қояды. Қандай сандырақ! Толстой өзінің суреткерлік шығармашылығында қандай философ болса, өзінің философиясында сондай суреткер. Бұл – таңғаларлық тұтас тұлға». Өте орынды пікір. Ойсыз, түсініксіз Толстой қалай ұлы жазушы, суреткер болар еді. Сол сияқты, Абайдың да ақындығы мен ойшылдығы бірін-бірі ашып, толықтырып тұр.
Әрине, Толстой да, Абай да Декарт, Кант, Гегель сияқты маман философтар емес. Толстойдың, Абайдың философиясы Сократтың, Конфуцийдің, Августиннің, Монтеньнің, Паскальдің, Руссоның ілімдеріне ұқсас. Сондықтан да бұларды философ дегеннен гөрі ойшыл (мыслитель) деу орынды болады. Кеңес дәуіріндегі орыс философы М.М.Бахтиннің мынадай қызық пікірі бар: «Нағыз философтар, әрине, Германияда, ал Ресейде тек ойшылдар болған» деген. Қазақтарда да ХХ ғасырға дейін кәсіби («нағыз») философтар болған жоқ. Бірақ ойшылдар болды. Егер де Кант, Гегель, Маркс сияқты кәсіби философтар дүние туралы, жалпылама құбылыстар – жалпы адам, жалпы қоғам, ойлау, таным, ұғымдар, категориялар, – туралы энциклопедиялық білімдерімен көзге түссе, Толстой, Абай сияқты ойшылдар адам туралы, «адамның кейбір кездері», қарым-қатынасы, көңіл күйі, ар-ұяты туралы терең түсінігімен ерекшеленеді.
Философ пен ойшылдың арасына шек қою ақылға сыймайды, өйткені, философия дегеннің өзі – ойлау өнері, ал ойшыл қай кезде де белгілі бір философияны жүзеге асырады. Айырмашылығы – кәсіби философтар ғылымды бетке ұстайды, ақылға жүгінеді, сыртқы дүниеге, объектерге баса көңіл бөледі, ал ойшылдар адаммен болады, адамға жақын болу үшін өмірге көбірек көңіл бөледі, сезімге, эмоцияға жүгінеді, өнерге, әдебиетке, дінге арқа сүйейді.
Абай айтады: ғалым бар, хакім (дана) бар. Ғалымдардың бәрі бірдей хакім емес, хакімдердің бәрі бірдей – ғалым бола алады (отыз сегізінші сөз). Шынында да, даналарды қызықтыратын нәрсе – адам, ал адам туралы, адам әлемі туралы шындықты тек даналардан іздеуге тура келеді. Сол сияқты, кез келген философты ойшыл деп тани алмайсыз, ал ойшылды даналығына, түсінігіне қарап, нағыз философ деп мойындауға болады. Мен үшін философ болудың нақты жолы – даналық, даналықты паш ететін түсінік. Даналықтан құр алақан қалған философия атына заты сай емес, жасанды дүние болып шығады.
Әдетте біз студенттерге қазақ философиясы туралы, соның ішінде Абай туралы «Философия» пәнінің соңына таман Үнді – Қытай философиясынан, гректерден, немістерден, орыстардан кейін айта бастаймыз. Студенттер орынды сұрақ қояды: «Абай қандай философ?» деген. Шынында да, философияның қыры-сыры көп. Жоғарыда айтқанымыздай, Абай кәсіби философ емес. Тіпті, Мұхтар Әуезов айтқандай, «Абай философ емес.., оның арнап жазған философиялық… еңбектері, трактаты жоқ». Айта кету керек: бұл – ұлы жазушымыздың өз пікірі емес, бұл – кеңес дәуіріндегі идеологиялық нұсқаудың талабы. Ол кезде біз Ыбырайды да, Абайды да ойшыл-философ ретінде тани алмадық, ақын, ағартушы деумен шектелдік. Ол кезде «қазақ философиясы» деген ұғым да болған жоқ. Егер де біз Абайды ойшыл-философ ретінде бағалар болсақ, онда ол көп нәрселерге біздің көзімізді ашар еді, көп нәрселерге басқаша, сын көзімен қарауға, өз жолымызды іздеуге үйретер еді. Бұл, әрине, – сол кездегі биліктің талабына қайшы келетін әрекет болар еді.
Қай адамның да философияға қатысы бар. Қай адам да – ерте ме, кеш пе, өзі жөнінде, өзінің дүниедегі орны жөнінде, басқаларға қатынасы жөнінде, өмірлік жолы, миссиясы жөнінде ойланып толғанады. Оны дүниеге, өмірге, адамға қатысты философиялық сұрақтар қызықтырады. Сонда ол жауап іздеп кімге жүгінеді деп ойлайсыздар: кәсіби философтарға – Гегельге, Маркске ме, әлде Конфуций, Монтень, Пушкин, Достоевский, Толстой, Абай, Шәкәрім сияқты ойшылдарға ма? Сөз жоқ, қарапайым адамдарға соңғылар жақын. Міне, философ пен ойшылдың айырмашылығы осында жатыр.
Философты әр кезде де жалпы дүниелер қызықтырады (всеобщее): материя, табиғат, қоғам, мемлекет, заң, абстракты адам, таным, тәсіл. Ал жекелер, даралар, нақты адам жалпы дүниелердің тасасында қалып қояды.
Ойшыл үшін қымбат нәрсе, жұмбақ нәрсе – жеке, дара: белгілі бір қоғамда, белгілі бір уақытта өмір сүретін адам, оның тұрмыс-тіршілігі, іс-әрекеті, көзқарасы.
Бәрі ағады, өтеді, өзгереді; тасқын, топ, дүрмек, лек. Арасында әртүрлі сәттер болады (мгновения), солар – қымбат, сол сәтті қалай байқап, бейнелеу керек? Жалпы қайталана береді, даралар дара болып қалады. Топ ішінде дара бар, жалғыз бар. Кім оны елеп, ескереді? Ойшыл ғана. «Адамның кейбір кездері» дейді Абай. Тап сондай кезде адам өзіне өзі оралады, дараланады, кімнің кім екені көрінеді.
Ойшыл адамның өзіндік болмысына, өзіндік сөздеріне, істеріне, мінезіне, қылықтарына (поступки) айрықша мән береді. Неге ол солай деді екен, неге ол солай істеді екен? Неге Сократ өзін бүкіл грек халқына, өзін соттап жатқан төреші қазыларға қарсы қойып, өлім жазасын тілеп алды екен? Неге киниктер жұртқа ерсі, әдепсіз, ұятсыз болып көрінген қылықтарға барды? Неге Платон басқа елде өз еркінен айрылатынын біле тұра, өз елінен безіп кетті? Неге Паскаль өзі сүйген, өзінің атын шығарған ғылымды, математиканы тастап, монастырьға кетті? Неге Кьеркегор өзі сүйген, некелесіп қойған сұлу қызына үйленуден бас тартты? Неге Ницше дінге, моральға қарсы шығып, өзін «антихрист», «имморалист», «нигилист» деп жариялады? Неге Абай тума-туысқандарының, достарының арасында өзін жалғыз сезінді?
Неге? Неге? Неге? Міне, ойшылды мазалайтын сұрақтар. Сондай сұрақтар адамды философияға жетелейді.
Философия – күрделі, сан қырлы дүние. Бірақ әр кезде, белгілі бір қоғамда, халықта, әрбір философтың туындыларында ол әр қырынан көріне береді: бірде даналық, бірде ғылым, бірде тәлім-тәрбие, бірде көзқарас, бірде таным теориясы, бірде методология болып. Сондықтан Абайда «анау жоқ», «мынау жоқ» деп, оны философиядан алыстату дұрыс болмайды. Ақын өзін философ деп атаған жоқ, «ойшылдың мен де санды бірімін» деді. Абайдың өз уақытына сай, өмір сүрген ортасына сай, көрген-білгеніне, көңілге түйгеніне сай өзіндік ойы, пікірі, түсінігі болды. Философияны ол адам тану, адам тәрбиелеу, түзету, өзімен-өзі сырласу, басқалармен пікір алысу, айтысу, өзіне ұнамаған құбылыстарды сынау өнері деп білді және солай жүзеге асырды. Осы жағынан Абай Сократқа көбірек ұқсайды. Мен бір еңбегімде оны Сократқа теңеп, «Қазақтың Сократы» деп атаған едім. Датчандардың Сократы бар – Кьеркегор. Кантты да Сократқа теңеп, грек ойшылымен салыстырады. Орыстар Чаадаевты Сократқа теңейді. Абай да адамға деген оң ниетімен, адамды танумен Сократқа ұқсайды. Жиырма жетінші сөзін Сократқа еліктеп, диалог түрінде құрады, Сократ пен Аристотелді айтыстырып қояды.
Абай Сократты даналықтың қайнар көзі деп бағалады. Ақынның Сократпен жалғасып, сабақтасып жатқан ойлары көп. Абайдың «Базарға қарап тұрсам әркім барар, іздегені не болса сол табылар» деп басталатын өлеңі грек ойшылының зат, дүние-мүлік туралы пікірін есімізге салады. Сократты шәкірттері базарға алып барып: «Қалағаныңды айт, алып берейік» дегенде ол: «Бұларсыз да өмір сүруге болатын заттар қандай көп», – деп заттардан бас тартқан екен. Сократ: «Адам зат үшін өмір сүрмейді, заттарды адам болып өмір сүру үшін пайдаланады», – дейді. Сол сияқты Абай да адамның адамшылығын байлығымен, дүние-мүлкімен, атағымен өлшемейді, ар-ұятымен, ақылымен, түсінігімен, мінезімен өлшейді. «Адам бір боқ көтерген боқтың қабы» деген өлеңінде дүние-мүлкін, байлығын алға тартып, «менімен сен тең бе» деп мақтанған адамды ақын надандығы, білімсіздігі үшін сынайды. Тағы бір өлеңінде: «Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден» деп ескертеді.
…Әдебиетте «Сократтың мысқылы» деген сөз бар. Сондай мысқыл, әжуа, өткір сын Абай өлеңдері мен қарасөздерінде де жиі кездеседі. Бұл ақынның алдына қойған міндеті – халқын оятудың, түзетудің бірден-бір жолы болатын.
Ызалы жүрек, долы қол,
Ұлы сия, ащы тіл.
Не жазып кетсе жайы сол,
Жек көрсеңдер өзің біл.
Абайдың ұстанымы жағдайды сырттан бақылап, ақылгөйсіп, кемшіліктерді тізіп тере беретін төрешінің ұстанымы емес, тағдырын туған халқымен бірдей көретін, халқы үшін қиналып күйетін жанашыр жанның ұстанымы. Ақын өлеңдеріндегі ащы, ашынған, жаралы жанның назын білдіретін жолдарды оқығанда ойшылдарға тән зиялылық осындай болса керек деп ойлайсың: «Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей», «жүрегім менің қырық жамау», «мен ішпеген у бар ма?», «қаны қара бір жанмын, жаны жара», «Ішім өлген сыртым сау» деген жолдарды оқығанда осындай ойға келесің.
Абайдың ойынша, қазақта «бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ», оның орнына күндестік, қызғаныш, көреалмаушылық басым. «Алыс, жақын қазақтың бәрі қаңғып, аямай бірін-бірі жүр ғой аңдып», «жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып». Мұның бәрі қазақтың тайыздығынан, надандығынан, алды-артын ойламауынан: біз кімбіз, қандай халықпыз, бұрын қандай едік, қазір қандай болдық, қайда бара жатырмыз? – деп ешкім ойланып жатпайды. Мұның бәрі халықтың ар-намысы, рухы ұйықтап жатқанынан, әркім өзімен-өзі болып, жеке басының күнделікті қамын ойлап, ұлты, халқы, елі жөнінде, оның болашағы жөнінде қам жемеуінен. Абай замандастарының, одан да гөрі бүкіл халқының көзін ашып, ар-намысын оятқысы келеді. Қазақта «қамшылау» деген сөз бар – жанашыр жанға оянсын, ойлансын, өзгерсін деп қатты айтатын, батырып айтатын кез.
Талай сөз бұдан бұрын көп айтқамын,
Түбін ойлап, уайым жеп айтқамын.
Ақылдылар арланып ұялған соң,
Ойланып түзеле ме деп айтқамын, – дейді Абай.
Алайда, ақынның бұл үміті ақталмады.
Осы жасқа келгенше,
Өршеленіп өлгенше,
Таба алмадық бір адам.
Біздің сөзге ергенді
Өмірдің өрін тауысып,
Білімсізбен алысып,
Шықтық, міне, белге енді…
«Ақыл азабы» («горе от ума») деген сөз бар. Былай қарағанда, Абайда бәрі бар сияқты: атақ та, абырой да, дарын да, байлық та, бала-шаға, сүйген жар да. Жақын-жуықтарының, достарының: «Абай неге қайғы-мұңға салына береді, оған не жетпейді? – деп таңырқауы да орынды сияқты.
Бірақ бұл – ақынның ойшылдық ұстанымын түсінбейтін жандардың пікірі. Тоңмойын тоғышарлар, материалдық байлыққа ие болып, басқаны – оқу, білім, ғылым дегендерді, айналасындағы кедей-кепшіктерді көзге ілмейтіндер, әрине, уайым-қайғыға салынбайды. «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» болып жүре береді.
Уайым-қайғыға салынатындар – көзі ашық ойшылдар. Олар ел ішінде белең алған теңсіздікке, әділетсіздікке, немқұрайдылыққа, зорлық-зомбылыққа, өсек-өтірікке немкетті қарай алмайды, сынайды, мінейді, ашық қарсы тұрады. Бұл, ақыры, ойшылдың өзіне бейнет болып жабысады, жасына жеткізбей қартайтады. «Қайғы шығар ілімнен, ыза шығар білімнен. Қайғы мен ыза қысқан соң, зар шығады тілімнен…» деуі – осының айғағы. Абай қырықтан аса бере көп көргенінен, білгенінен, түйгенінен өмірден түңіле бастайды: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деген өлеңдерін, «Келдік талай жерге енді кіруге қалдық көрге енді» деп басталатын философиялық толғауын жазады. Абайдың өмірінде, шығармашылығында трагедиялық сарын басым болатыны содан.
Жоғарыда біз Абайдың ойшылдығын сөз еткіміз келді ғой. Сол жөнінде ой бөлісейік.
Абай өзіне де, замандастарына да өте биік талаптар қояды. Оған олар түгіл бүгінгі біздер де лайық бола бермейміз. Абайды оқи отырып: «Апыр-ай, мына сөздер ол кездегі емес, тап бүгінгі адамдарға, біздерге айтылған нәрсе ғой» деген ойға келесің. Тап біздің мінімізді қазып отырған сияқты.
«Өсек, өтірік, мақтаншақ…»Өсек, өтірік қай кезде де болатын шығар, ал мақтаншақтық жағынан біз қазір ешкімге де дес бермейтін сияқтымыз. Сыпайылық, кішіпейілділік, байсалдылық, өкінішке орай, бүгінгі адамдарда сирек кездеседі. Жетістік қайда қашар дейсіз, жетіспей жатқан нәрсеге көңіл бөлген дұрыс емес пе?
«Ғылым таппай мақтанба». ХІХ ғасыр түгіл, шетінен сауатты ХХ, ХХІ ғасырдың басындағы қазақтар да ғылымдағы табыстарымен мақтана алмайды. Ғылым қазір еріккеннің ермегіне айналып барады. Зиялылар бүгінгі ғылымның беделі түскені, құнсыздануы (эмиссиясы) туралы айтып та, жазып та жатыр. Билік басындағылар, әкімдер қайтіп, қай уақытта ғылыми еңбектер жазып, ғалым болып шығып жатыр? Бұл да – сол мақтаншақтықтың бір түрі. Бұл да – сол сыпайылықтың, ұят дегеннің жетіспеуінен. Ғалымдардың көбейіп кеткені сондай, ғылыми атақ беретін кеңестерді жауып тастауға тура келді.
«Орын таппай баптанба». Философия тарихында «орын» деген ұғымды философиялық категория деңгейіне көтерген Аристотель болатын. «Орын» деген ұғымға тап сол тұрғыдан қараған Абай болды. Ойшылдық, тереңдік деген осы емес пе?! Адам дүниеге тектен тек келмейді. Дүниеде әркімнің де орны бар. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар, қалан». Қалай тауып айтқан?! Абайдың бұл сөзін бәріміз білеміз, бәріміз айтып жүрміз. Бірақ оның мағынасына үңіліп жатқан кім бар? Әңгіме орында емес, әңгіме сол орынға лайық болуда. Толып кеткен «самопал» докторлар, профессорлар, академиктер ғылым дегеннің не екенін, ғылымды игерудің жолы қандай екенін біле ме екен? Билік қолына тиген шенеуніктер, әкімдер, әкімсымақтар қандай орында отырғанын, оның мәртебесі қандай екенін біле бермейді, сол орынға лайық болуға тырыспайды.
Аристотель, Абай сөз етіп отырған «адамның дүниедегі орны» деген мәселе – философиядағы негізгі мәселелердің бірі.
Абай философиясының өзегі – Адам, адам туралы ой-толғамдар.
Абайдың адам туралы түсінігі таңғажайып: сондай нәзік, сондай терең, даналыққа толы.
Абай ұсынған «Адам бол!» идеясы, Абай көрсеткен адам болудың жолдары, «Толық адам» ұғымы – бәрі де – философиядағы өзекті тақырыптар.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз…
Абайдың айтып тұрғаны еш уақытта құнын жоймайтын, адамды адам ететін, өсіретін, жетілдіретін құндылықтар: Талап, Еңбек, Терең ой, Қанағат және Рақым. Қай кезде де, адам баласының қай шағында да қажет болатын нәрселер. Ал Өсек, Өтірік, Мақтаншақ, Еріншек, Бекер мал шашпақ – қай кезде де адамға да, қоғамға да тұсау болатын кеселдер. Абай заманында да, қазір де алдыңғыларға қолымыз жетпей жатса, әлсін-әлсін жадымыздан шығарып, бірінен, соң бірін мансұқ етіп жатсақ, соңғылардан сол кезде де, қазір де арыла алмай келеміз.
Абайдың даналығы – айтқан сөздерінің біздер үшін, қазақтар үшін бүгін де, ертең де сабақ бола береді. Бізге ұлттық идея, идеология керек дейміз. Әріден, сырттан іздеп керегі жоқ – Абайда бәрі бар. Тек Абайға оралып, Абайды оқып, түсініп, сол идеяны, идеологияны әркім шамасы жеткенше іске асыра алса болғаны. Қай кезде де өзекті тәрбие мәселесін алайық. Абайдан асқан тәрбиеші жоқ. Әрбір сөзінен тәрбие тәртібін аңғаруға болады. Ел басқару ісі ме? Әкім-қаралардың қандай болуы және қандай болмауы, неге жақын, неден қашық болуы туралы Абай жетесі бар адамға жететіндей етіп айтып кеткен. Дін, сенім жайлы да Абайдан артық ешкім әлі айта алған жоқ. Абай түсінігінде сенім анау айтса анаған, мынау айтса мынаған сену емес, әр нәрсеге «анық көзі жетіп, ден қойып, ұйып сену» (отыз төртінші сөз). Адамның адамшылығын аша түсетін достық, махаббат жайлы да Абайдың айтқаны көңіл қоярлық. Сол отыз төртінші сөзінде: «Адам баласына адам баласының бәрі – дос» дейді. Адам біріне-бірі қонақ болса, адам дүниеге де қонақ болса, адамдар неге араздасады, неге бірін-бірі көре алмайды? «Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ, саған жар менен артық табылса да» – деп тек Абай ғана айта алар еді. Махаббат – Абай түсінігінде аса күрделі, тылсым күш. Оған жеңіл-желпі қарауға, оны жай құмарлықпен, қызығушылықпен шатастыруға болмайды. «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет сезім», – дейді қырық бесінші сөзінде. «Ол жаратқан тәңірінің ісі».
Қай адамның да күн сайын айналысатын тән қамы және жан қамы деген мәселе де Абай сөздерінде үйлесімді шешімін тапқан. Адам тек ауамен күн көре алмайды: оған тамақ та, киім-кешек те, баспана да, жұмыс орны да керек. Ал таза ауасыз қалай өмір сүресің? Жан қамын ойлау деген сол таза ауамен демалғанмен бірдей. Адамның бір осал жері – тән қамына көбірек көңіл бөліп, жан қамын естен шығарып алатыны. Тән құмары, Абайдың жетінші сөзінде, – ішсем, жесем, ұйықтасам деген тілек. Жан құмары – білсем, көрсем, үйренсем деген сұраныс. Тән жаннан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді, – дейді Абай. «Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен». Әрине, баланы анау да, мынау да қызықтырады, бала бәрін білгісі келеді, баланың сұрамайтыны жоқ. Бірақ ер жеткен соң, күш енген соң тәнді жанға билетпедік, «жанды тәнге бас ұрғыздық. Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық?», – дейді. Бұл сөздер де бүгінгі біздерге арнап айтылғандай. Іс-қимылымызда, жүріс-тұрысымызда, қарым-қатынасымызда бәрі – формальды. Бүгінгімен ғана күн көру. Еш нәрсенің байыбына бармау. Сыртын көргенге мәз болып, ішіне, түбіне бойламау – біздер үшін үйреншікті жағдай.
Абайдың түсінігін, даналығын аша түсер тағы бір жайт – адам болып өмір сүрудің мән-жайын қадап-қадап айтатыны. Тағы да қайталайын: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой…». Қай-қайсымыздың да өне бойы есімізде жүретін киелі сөздер. «Керек іс бозбалаға – талаптылық, әртүрлі өнер, мінез, жақсы қылық…». Талапсыз не табасың? Талап ерік-жігерді оятады. Жігерсіз адам түк те бітіре алмайды, барын пайдаға асыра алмайды. Қырық төртінші сөзінде Абай: «Адам баласының ең жаманы-талапсыз» дейді. «Еңбек қылсаң ерінбей – тояды қарның тіленбей». «Әуел Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» (Төртінші сөз). Ескіре ме бұл сөздер?! Әрине, еңбек күнкөріспен шектелмейді. Дүниедегі ғажап нәрселердің бәрі адамның еңбегімен пайда болған нәрселер. Энгельсті қайталауға тура келеді: «Адамды адам еткен – еңбек». Қазір біз Маркске, Энгельске көп жүгіне бермейміз. Біліміміз, түсінігіміз асып бара жатқандықтан емес. Көбіне-көп сол білімнің де, түсініктің де тайыздығынан. Әйтпесе оларда сабақ болар, ғибрат алар идеялар аз емес. Қанағат деген бұрынғылардан гөрі бүгінгі адамдарға, ел билеген басшыларға, қас-қағымда байып болған «жаңа қазақтарға» жетіспей жатқан нәрсе.
Жемқорлық деген қарапайым қызметкерлердің кәсібі емес, билік басындағылардың, солар арқылы байып алғандардың қол жеткен «өнері». «Ел ағадан азады, тон жағадан тозады» дейді қазақ. Қазақтың тауып айтқан тағы бір сөзі бар: «Құныққаннан дәніккен жаман» деген. Рақым – деген оң пейіл, басқаларға болсын дейтін, солар үшін қуанып, солар үшін өкінетін жанға тән қасиет. Аздаған халықпыз, бірімізге-біріміз қол ұшын беріп, бірімізді-біріміз көтермелеп жүрсек, мерейіміз үстем бола түспей ме? Тайыздықтың, тоғышарлықтың салдары – қазақтың немқұрайдылығы, асып-тасқанын көре алмайтыны.
Абай сөздеріндегі ғажап нәрсе – әлсін-әлсін терең ойды алға тарта беретіні. Ол кездегі адамдар түгіл, бүгінгі «оқымыстыларға» мұндай талап қою артық сияқты. «Терең ой, терең ғылым іздемейді»; «Ынсап, ұят, терең ой, ойлаған жан жоқ, жауып қой»; «Ойланар елдің сиқы жоқ»; «Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз»; «Жүйрік тіл, терең ой, сол күнде қайда едің?»; «Терең ойдың телміріп, соңына ермей»; «Малда да бар жан мен тән, ақыл, сезім болмаса, тіршіліктің несі сән, тереңге бет қоймаса?». Терең ой әр нәрсенің мән-жайын түсінуге жол ашады. Философия таным мен (познание), ұғым мен (понятие) түсінікті (понимание) ажыратады. Түсінікке айрықша мән береді. Түсінік – философияның бір анықтамасы. Батыс философиясындағы беделді бағыттардың бірі – герменевтиканы – әдебиетте түсінік философиясы деп атайды (философия понимания). Ол тек осы түсінік мәселесімен айналысады: тарихты, әдебиетті, дінді, классикалық мәтіндерді, адамды түсінудің жолдарын қарастырады.
Классикалық кәсіби философияда теориялық ақыл және практикалық ақыл туралы іргелі мәселе бар. Ақыл мен қайраттың қызметі туралы. Адамның бұл қасиеттері туралы Абай өлеңдерінде де, қара сөздерінде де ойланып толғанады. Ақылды адам сөзді ұғады, сөзге ден қояды. Ақылсыз адам, керісінше, «ақыл, сөзге ынтасыз» болып келеді дейді.
Қарны тоқ, қаса надан ұқпас сөзді,
Сөзді ұғар, көкірегі болса көзді.
Қадірін жақсы сөздің білер жанға
Таппай айтпа оған да айтар кезді…
Көп топта сөз танырлық кісі де аз-ақ,
Ондай жерде сөз айтып, болма мазақ.
Біреу олай, біреуі бұлай қарап,
Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ…
Ақын: «Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі болса» деп армандайды. Бірақ сөзді тыңдап түсінер адам табылмайды: «Досты қайдан табарсың, кеңесерге адам жоқ. Әрлі-берлі шабарсың, жалғыздықтан жаман «жоқ» деуіне тура келді.
Ақыл өздігінен еш нәрсе тындыра алмайды. Ақылдан туған идеяны жүзеге асыру үшін қайрат керек. Бірақ бұл да – жеткіліксіз. Абайдың жаңалығы, тереңдігі – ақыл мен қайраттың қасына төреші етіп жүректі қосатыны. Он жетінші сөзінде Абай қайрат, ақыл, жүрек үшеуін айтыстырып қояды. Ақыл мен қайратты жүрекке билетіп қояды.
Философия тарихында таным құралдарының қатарына жүректі қосқан жалғыз француз ойшылы Паскаль болды. Оның ойынша, бәрін ақыл шешеді деуге болмайды. Ақылға әл бермейтін нәрселер де бар. «Біз ақиқатты ақыл арқылы ғана емес, жүрек арқылы да тани аламыз». Сыртқы дүниені, табиғат құбылыстарын тану үшін ақыл жеткілікті болар. Ал адам тану үшін, адамның қырлары мен сырларын ашу үшін жүрекке жүгінуге тура келеді.
Абайға оралайық:
Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.
Жүрек болмаса, ақыл мен қайрат «өзімбілемдікке», «әлімжеттілікке» салынып, көп нәрсені бүлдіруі мүмкін.
Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, талапты шыдамдылық,
Бұл қайраттан шығады, білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек…
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз.
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.
Абайдың түсінігінде пенде бар (индивид), дара бар (индивидуальность), тұлға бар (личность). Бәріміз де индивидпіз, пендеміз. Пенде ретінде бірімізден-біріміздің айырмашылығымыз жоқ. Бірақ өсе келе, үйрене келе адам дараланады, дүниеден өзіне лайық орын табады. Бұл жөнінде Абай: «Жалыны қайтар дененің, Үнемі тұрмас осы шақ. Талайғы кәрі дүниенің Бір кетігін ұстап бақ», – дейді. Адамдар бір мүдденің соңына түсіп біріксе, ол тобыр емес, зор күшке айналады, түбі дегеніне жетеді. Тобыр өздігінен түк те бітіре алмайды, «өңкей нөлге» айналады. Топты жөнге салып, күшке айналдыру үшін тұлға («единица») керек: «Единица – жақсысы, ерген елі бейне нөл. Единица нөлсіз-ақ, өз басындық болар сол. Единица кеткенде, не болады өңкей нөл?!». Отыз жетінші сөзінде Абай: «Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркты отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім?» – деген сұрақ қояды. Оған: «Ол – көп, ендеше, көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал», – деп жауап береді. Дара тұлға ретінде Абай әкесі – Құнанбайды, інісі – Оспанды, үміт артқан баласы – Әбішті сипаттайды. Туған ағасы – Тәкежанды ол тұлғалар қатарына қоспайды. Ол – көптің бірі. Тағы да терең түсінікке тап болып отырғанымыз айқын.
Мұхтар Әуезов айтқандай, «Абай деген дария ғой». Оның қайбір қырын айтып тауысарсыз. Біз ақынның даналығын, түсінігін, ойшылдық өрісін суреттеп көрдік. Осы арқылы Абайдың философияға қатысын ашуға тырыстық. Қалай болып шыққанын оқырман өзі бағалай жатар.
Тілекжан Рысқалиев,
философия ғылымдарының докторы,
профессор.
Орал қаласы. ПІКІР ҚОСУ