Сол сияқты, Абайдың да ақындығы мен ой­шылдығы бірін-бірі ашып, толықтырып тұр



Дата07.02.2022
өлшемі181,78 Kb.
#94708
Байланысты:
Абайдың ақындығы философия


Абайдың ақындығы, әдебиет әлеміндегі орны туралы мамандар, әдебиетшілер, сыншылар айтып та, жазып та жатыр ғой. Әлі де айтылары сөзсіз. Мен философ ретінде Абайдың ойшылдығына, ойшылдық, философиялық тереңдігіне, сөздерінің өміршеңдігіне көңіл аудармақпын. Бірақ мынаны да айта кету керек: ақын ретіндегі Абай және ойшыл ретіндегі Абай екі түрлі адам емес. Абай – кесек, тұтас тұлға. Бір кезде орыс әдебиетінде Лев Толстойды ұлы жазушы, суреткер ретінде мойындап, ойшыл, философ ретінде әлсіз деп мінеу орын алып еді. Бұлардың қатарында Н.К.Михайловский, Г.В.Плеханов, В.В.Розанов, Н.А.Бердяев, В.И.Ленин болды. Кеңес дәуірінде де Толстой тек жазушы ретінде дәріптелді. Толстойдың ойшылдығын бағалаған А.П.Чехов болды: «Алыстан көрмейтін сыншылар, – деп жазады ол, – Толстойды суреткер және ойшыл ретінде екі түрлі бағалап, оның шығармашылығының екі жағын біріне-бірін қарсы қояды. Қандай сандырақ! Толстой өзінің суреткерлік шығармашылығында қандай философ болса, өзінің философиясында сондай суреткер. Бұл – таңғаларлық тұтас тұлға». Өте орынды пікір. Ойсыз, түсініксіз Толстой қалай ұлы жазушы, суреткер болар еді.
Сол сияқты, Абайдың да ақындығы мен ой­шылдығы бірін-бірі ашып, толықтырып тұр.
Әрине, Толстой да, Абай да Декарт, Кант, Гегель сияқты маман философтар емес. Толстойдың, Абайдың философиясы Сок­раттың, Конфуцийдің, Августиннің, Мон­теньнің, Паскальдің, Руссоның ілім­де­ріне ұқсас. Сондықтан да бұларды философ дегеннен гөрі ойшыл (мыслитель) деу орын­ды болады. Кеңес дәуіріндегі орыс фи­лософы М.М.Бахтиннің мынадай қызық пі­кірі бар: «Нағыз философтар, әрине, Гер­ма­нияда, ал Ресейде тек ойшылдар болған» де­ген. Қазақтарда да ХХ ғасырға дейін кә­сіби («нағыз») философтар болған жоқ. Бі­рақ ойшылдар болды. Егер де Кант, Гегель, Маркс сияқты кәсіби философтар дү­ние туралы, жалпылама құбылыстар – жал­пы адам, жалпы қоғам, ойлау, таным, ұғым­дар, категориялар, – туралы энциклопе­диялық білімдерімен көзге түссе, Толс­той, Абай сияқты ойшылдар адам туралы, «адам­ның кейбір кездері», қарым-қаты­на­сы, көңіл күйі, ар-ұяты туралы терең түсі­ні­гімен ерекшеленеді.
Философ пен ойшылдың арасына шек қою ақылға сыймайды, өйткені, философия де­геннің өзі – ойлау өнері, ал ойшыл қай кез­де де белгілі бір философияны жү­зеге асы­рады. Айырмашылығы – кәсіби фи­ло­соф­­тар ғылымды бетке ұстайды, ақыл­ға жү­гінеді, сыртқы дүниеге, объектер­ге баса көңіл бөледі, ал ойшылдар адаммен болады, адамға жақын болу үшін өмір­ге көбірек көңіл бөледі, сезімге, эмо­цияға жүгінеді, өнер­­ге, әдебиетке, дінге арқа сүйейді.
Абай айтады: ғалым бар, хакім (дана) бар. Ғалымдардың бәрі бірдей хакім емес, ха­кімдердің бәрі бірдей – ғалым бола ала­ды (отыз сегізінші сөз). Шынында да, даналарды қызықтыратын нәрсе – адам, ал адам туралы, адам әлемі туралы шындықты тек даналардан іздеуге тура келеді. Сол сияқты, кез келген философты ойшыл деп тани алмайсыз, ал ойшылды даналығына, тү­сінігіне қарап, нағыз философ деп мо­йын­­­дауға болады. Мен үшін философ болу­дың нақты жолы – даналық, даналықты паш ететін түсінік. Даналықтан құр алақан қал­­ған философия атына заты сай емес, жа­санды дүние болып шығады.
Әдетте біз студенттерге қазақ филосо­фия­сы туралы, соның ішінде Абай туралы «Фи­лософия» пәнінің соңына таман Үнді – Қытай философиясынан, гректерден, не­містерден, орыстардан кейін айта бас­тай­мыз. Студенттер орынды сұрақ қояды: «Абай қандай философ?» деген. Шынында да, философияның қыры-сыры көп. Жо­ға­ры­да айтқанымыздай, Абай кәсіби философ емес. Тіпті, Мұхтар Әуезов айтқандай, «Абай философ емес.., оның арнап жазған фи­лософиялық… еңбектері, трактаты жоқ». Айта кету керек: бұл – ұлы жазушымыздың өз пікірі емес, бұл – кеңес дәуіріндегі идео­логиялық нұсқаудың талабы. Ол кезде біз Ыбы­райды да, Абайды да ойшыл-философ ре­тінде тани алмадық, ақын, ағартушы деу­мен шектелдік. Ол кезде «қазақ филосо­фиясы» деген ұғым да болған жоқ. Егер де біз Абайды ойшыл-философ ретінде ба­ға­лар болсақ, онда ол көп нәрселерге біздің кө­зімізді ашар еді, көп нәрселерге бас­қа­ша, сын көзімен қарауға, өз жолымызды із­­­­деуге үйретер еді. Бұл, әрине, – сол кез­дегі биліктің талабына қайшы келетін әре­кет болар еді.
Қай адамның да философияға қатысы бар. Қай адам да – ерте ме, кеш пе, өзі жө­­­нінде, өзінің дүниедегі орны жөнінде, бас­­қаларға қатынасы жөнінде, өмірлік жо­­лы, миссиясы жөнінде ойланып тол­ға­на­ды. Оны дүниеге, өмірге, адамға қатысты философиялық сұрақтар қызықтырады. Сон­­да ол жауап іздеп кімге жүгінеді деп ой­­лайсыздар: кәсіби философтарға – Геге­льге, Маркске ме, әлде Конфуций, Монтень, Пуш­кин, Достоевский, Толстой, Абай, Шә­кә­рім сияқты ойшылдарға ма? Сөз жоқ, қа­рапайым адамдарға соңғылар жақын. Мі­не, философ пен ойшылдың айыр­ма­шы­лы­ғы осында жатыр.
Философты әр кезде де жалпы дү­ние­лер қызықтырады (всеобщее): материя, та­­биғат, қоғам, мемлекет, заң, абстракты адам, таным, тәсіл. Ал жекелер, даралар, нақ­­ты адам жалпы дүниелердің тасасында қа­лып қояды.
Ойшыл үшін қымбат нәрсе, жұмбақ нәр­се – жеке, дара: белгілі бір қоғамда, бел­­гілі бір уақытта өмір сүретін адам, оның тұр­мыс-тіршілігі, іс-әрекеті, көзқарасы.
Бәрі ағады, өтеді, өзгереді; тасқын, топ, дүр­мек, лек. Арасында әртүрлі сәттер бо­ла­ды (мгновения), солар – қымбат, сол сәт­­ті қалай байқап, бейнелеу керек? Жалпы қайталана береді, даралар дара болып қа­­лады. Топ ішінде дара бар, жалғыз бар. Кім оны елеп, ескереді? Ойшыл ғана. «Адам­­ның кейбір кездері» дейді Абай. Тап сон­­дай кезде адам өзіне өзі оралады, да­ра­­ланады, кімнің кім екені көрінеді.
Ойшыл адамның өзіндік болмысына, өзін­дік сөздеріне, істеріне, мінезіне, қы­лық­­тарына (поступки) айрықша мән бе­ре­ді. Неге ол солай деді екен, неге ол солай іс­­теді екен? Неге Сократ өзін бүкіл грек хал­­қына, өзін соттап жатқан төреші қа­зы­лар­ға қарсы қойып, өлім жазасын тілеп ал­ды екен? Неге киниктер жұртқа ерсі, әдеп­сіз, ұятсыз болып көрінген қылықтарға бар­ды? Неге Платон басқа елде өз еркінен айрылатынын біле тұра, өз елінен безіп кет­ті? Неге Паскаль өзі сүйген, өзінің атын шы­ғарған ғылымды, математиканы тастап, мо­настырьға кетті? Неге Кьеркегор өзі сүй­ген, некелесіп қойған сұлу қызына үй­лену­ден бас тартты? Неге Ницше дінге, мо­ральға қарсы шығып, өзін «антихрист», «им­моралист», «нигилист» деп жариялады? Не­ге Абай тума-туысқандарының, дос­та­ры­ның арасында өзін жалғыз сезінді?
Неге? Неге? Неге? Міне, ойшылды ма­за­­­лайтын сұрақтар. Сондай сұрақтар адам­­ды философияға жетелейді.
Философия – күрделі, сан қырлы дү­ние. Бірақ әр кезде, белгілі бір қоғамда, ха­лықта, әрбір философтың туындыларында ол әр қырынан көріне береді: бірде да­­налық, бірде ғылым, бірде тәлім-тәр­бие, бір­де көзқарас, бірде таным теориясы, бір­де методология болып. Сондықтан Абай­да «анау жоқ», «мынау жоқ» деп, оны фи­лософиядан алыстату дұрыс болмайды. Ақын өзін философ деп атаған жоқ, «ой­шыл­дың мен де санды бірімін» деді. Абай­дың өз уақытына сай, өмір сүрген ортасына сай, көрген-білгеніне, көңілге түйгеніне сай өзіндік ойы, пікірі, түсінігі болды. Философияны ол адам тану, адам тәрбиелеу, тү­зету, өзімен-өзі сырласу, басқалармен пікір алысу, айтысу, өзіне ұнамаған құ­бы­лыстарды сынау өнері деп білді және солай жүзеге асырды. Осы жағынан Абай Сок­ратқа көбірек ұқсайды. Мен бір еңбегімде оны Сократқа теңеп, «Қазақтың Сократы» деп атаған едім. Датчандардың Сократы бар – Кьеркегор. Кантты да Сократқа теңеп, грек ойшылымен салыстырады. Орыс­тар Чаадаевты Сократқа теңейді. Абай да адамға деген оң ниетімен, адамды танумен Сократқа ұқсайды. Жиырма же­тін­ші сөзін Сократқа еліктеп, диалог түрін­де құрады, Сократ пен Аристотелді айтыс­тырып қояды.
Абай Сократты даналықтың қайнар кө­зі деп бағалады. Ақынның Сократпен жалғасып, сабақтасып жатқан ойлары көп. Абайдың «Базарға қарап тұрсам әркім барар, іздегені не болса сол табылар» деп басталатын өлеңі грек ойшылының зат, дүние-мүлік туралы пікірін есімізге салады. Сократты шәкірттері базарға алып ба­рып: «Қалағаныңды айт, алып берейік» де­генде ол: «Бұларсыз да өмір сүруге бола­тын заттар қандай көп», – деп заттардан бас тартқан екен. Сократ: «Адам зат үшін өмір сүрмейді, заттарды адам болып өмір сүру үшін пайдаланады», – дейді. Сол сияқ­ты Абай да адамның адамшылығын бай­лы­ғымен, дүние-мүлкімен, атағымен өл­ше­мейді, ар-ұятымен, ақылымен, түсінігімен, мінезімен өлшейді. «Адам бір боқ көтерген боқтың қабы» деген өлеңінде дүние-мүлкін, байлығын алға тартып, «менімен сен тең бе» деп мақтанған адамды ақын наданды­ғы, білімсіздігі үшін сынайды. Тағы бір өлеңінде: «Өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден» деп ескертеді.
…Әдебиетте «Сократтың мысқылы» де­ген сөз бар. Сондай мысқыл, әжуа, өткір сын Абай өлеңдері мен қарасөздерінде де жиі кездеседі. Бұл ақынның алдына қойған міндеті – халқын оятудың, түзетудің бірден-бір жолы болатын.
Ызалы жүрек, долы қол,
Ұлы сия, ащы тіл.
Не жазып кетсе жайы сол,
Жек көрсеңдер өзің біл.
Абайдың ұстанымы жағдайды сырттан ба­қылап, ақылгөйсіп, кемшіліктерді тізіп те­ре беретін төрешінің ұстанымы емес, тағ­дырын туған халқымен бірдей көретін, хал­қы үшін қиналып күйетін жанашыр жан­ның ұстанымы. Ақын өлеңдеріндегі ащы, ашынған, жаралы жанның назын білдіретін жолдарды оқығанда ойшылдарға тән зия­лылық осындай болса керек деп ойлайсың: «Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей», «жү­регім менің қырық жамау», «мен ішпе­ген у бар ма?», «қаны қара бір жанмын, жа­ны жара», «Ішім өлген сыртым сау» деген жолдарды оқығанда осындай ойға келе­сің.
Абайдың ойынша, қазақта «бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ», оның орнына күндестік, қызғаныш, көреалмаушылық басым. «Алыс, жақын қазақтың бәрі қаң­ғып, аямай бірін-бірі жүр ғой аңдып», «жаны аяулы жақсыға қосамын деп, әркім бір ит сақ­тап жүр ырылдатып». Мұның бәрі қазақ­тың тайыздығынан, надандығынан, ал­ды-артын ойламауынан: біз кімбіз, қан­дай халықпыз, бұрын қандай едік, қазір қан­дай болдық, қайда бара жатырмыз? – деп ешкім ойланып жатпайды. Мұның бәрі халықтың ар-намысы, рухы ұйықтап жатқанынан, әркім өзімен-өзі болып, жеке басының күнделікті қамын ойлап, ұлты, халқы, елі жөнінде, оның болашағы жөнінде қам жемеуінен. Абай замандастарының, одан да гөрі бүкіл халқының көзін ашып, ар-намысын оятқысы келеді. Қазақта «қам­­­шылау» деген сөз бар – жанашыр жан­ға оянсын, ойлансын, өзгерсін деп қат­ты айтатын, батырып айтатын кез.
Талай сөз бұдан бұрын көп айтқамын,
Түбін ойлап, уайым жеп айтқамын.
Ақылдылар арланып ұялған соң,
Ойланып түзеле ме деп айтқамын, – дейді Абай.
Алайда, ақынның бұл үміті ақталмады.
Осы жасқа келгенше,
Өршеленіп өлгенше,
Таба алмадық бір адам.
Біздің сөзге ергенді
Өмірдің өрін тауысып,
Білімсізбен алысып,
Шықтық, міне, белге енді…
«Ақыл азабы» («горе от ума») деген сөз бар. Былай қарағанда, Абайда бәрі бар сияқ­ты: атақ та, абырой да, дарын да, бай­лық та, бала-шаға, сүйген жар да. Жақын-жуық­тарының, достарының: «Абай неге қай­ғы-мұңға салына береді, оған не жет­пейді? – деп таңырқауы да орынды сияқ­ты.
Бірақ бұл – ақынның ойшылдық ұс­танымын түсінбейтін жандардың пікірі. Тоң­мойын тоғышарлар, материалдық бай­лыққа ие болып, басқаны – оқу, білім, ғы­лым дегендерді, айналасындағы кедей-кепшіктерді көзге ілмейтіндер, әрине, уайым-қайғыға салынбайды. «Малға дос­тың мұңы жоқ малдан басқа» болып жүре бе­реді.
Уайым-қайғыға салынатындар – көзі ашық ойшылдар. Олар ел ішінде белең ал­ған теңсіздікке, әділетсіздікке, нем­құрай­дылыққа, зорлық-зомбылыққа, өсек-өті­рікке немкетті қарай алмайды, сынайды, мі­нейді, ашық қарсы тұрады. Бұл, ақыры, ой­шылдың өзіне бейнет болып жабысады, жасына жеткізбей қартайтады. «Қайғы шығар ілімнен, ыза шығар білімнен. Қайғы мен ыза қысқан соң, зар шығады тілім­нен…» деуі – осының айғағы. Абай қырық­тан аса бере көп көргенінен, білгенінен, түй­генінен өмірден түңіле бастайды: «Қар­тай­дық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қар­­тай­дық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» де­ген өлеңдерін, «Келдік талай жерге енді кіруге қалдық көрге енді» деп басталатын философиялық толғауын жазады. Абайдың өмірінде, шығармашылығында трагедиялық сарын басым болатыны содан.
Жоғарыда біз Абайдың ойшылдығын сөз еткіміз келді ғой. Сол жөнінде ой бөлі­сейік.
Абай өзіне де, замандастарына да өте биік талаптар қояды. Оған олар түгіл бүгінгі біз­дер де лайық бола бермейміз. Абайды оқи отырып: «Апыр-ай, мына сөздер ол кез­дегі емес, тап бүгінгі адамдарға, біз­дер­ге айтылған нәрсе ғой» деген ойға ке­ле­­сің. Тап біздің мінімізді қазып отырған сия­қ­ты.
«Өсек, өтірік, мақтаншақ…»Өсек, өтірік қай кезде де болатын шығар, ал мақтан­шақ­тық жағынан біз қазір ешкімге де дес бер­мейтін сияқтымыз. Сыпайылық, кіші­пейіл­ділік, байсалдылық, өкінішке орай, бү­гінгі адамдарда сирек кездеседі. Же­тіс­тік қайда қашар дейсіз, жетіспей жатқан нәр­сеге көңіл бөлген дұрыс емес пе?
«Ғылым таппай мақтанба». ХІХ ғасыр түгіл, шетінен сауатты ХХ, ХХІ ғасырдың ба­­сын­дағы қазақтар да ғылымдағы табыс­тарымен мақтана алмайды. Ғылым қазір еріккеннің ермегіне айналып барады. Зия­лылар бүгінгі ғылымның беделі түскені, құн­сыздануы (эмиссиясы) туралы айтып та, жазып та жатыр. Билік басындағылар, әкім­дер қайтіп, қай уақытта ғылыми ең­бек­тер жазып, ғалым болып шығып жатыр? Бұл да – сол мақтаншақтықтың бір түрі. Бұл да – сол сыпайылықтың, ұят де­ген­нің жетіспеуінен. Ғалымдардың көбейіп кет­кені сондай, ғылыми атақ беретін кеңестерді жауып тастауға тура келді.
«Орын таппай баптанба». Философия та­рихында «орын» деген ұғымды фило­со­фия­лық категория деңгейіне көтерген Арис­тотель болатын. «Орын» деген ұғымға тап сол тұрғыдан қараған Абай болды. Ой­шыл­дық, тереңдік деген осы емес пе?! Адам дүниеге тектен тек келмейді. Дүниеде әр­кімнің де орны бар. «Сен де бір кірпіш дү­ниеге, кетігін тап та бар, қалан». Қалай тауып айтқан?! Абайдың бұл сөзін бәріміз бі­леміз, бәріміз айтып жүрміз. Бірақ оның ма­ғынасына үңіліп жатқан кім бар? Әңгіме орын­да емес, әңгіме сол орынға лайық болу­да. Толып кеткен «самопал» докторлар, профессорлар, академиктер ғылым де­геннің не екенін, ғылымды игерудің жо­лы қандай екенін біле ме екен? Билік қо­лы­на тиген шенеуніктер, әкімдер, әкім­сы­мақтар қандай орында отырғанын, оның мәр­тебесі қандай екенін біле бермейді, сол орынға лайық болуға тырыспайды.
Аристотель, Абай сөз етіп отырған «адам­ның дүниедегі орны» деген мәселе – философиядағы негізгі мәселелердің бірі.
Абай философиясының өзегі – Адам, адам туралы ой-толғамдар.
Абайдың адам туралы түсінігі таңға­жайып: сондай нәзік, сондай терең, даналық­қа толы.
Абай ұсынған «Адам бол!» идеясы, Абай көр­сеткен адам болудың жолдары, «Толық адам» ұғымы – бәрі де – философиядағы өзек­ті тақырыптар.
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз…
Абайдың айтып тұрғаны еш уақытта құ­нын жоймайтын, адамды адам ететін, өсі­ретін, жетілдіретін құндылықтар: Талап, Ең­бек, Терең ой, Қанағат және Рақым. Қай кез­де де, адам баласының қай шағында да қажет болатын нәрселер. Ал Өсек, Өті­рік, Мақтаншақ, Еріншек, Бекер мал шаш­пақ – қай кезде де адамға да, қоғамға да тұсау болатын кеселдер. Абай заманында да, қазір де алдыңғыларға қолымыз жетпей жатса, әлсін-әлсін жадымыздан шы­ға­рып, бірінен, соң бірін мансұқ етіп жатсақ, соңғылардан сол кезде де, қазір де арыла алмай келеміз.
Абайдың даналығы – айтқан сөздерінің біз­дер үшін, қазақтар үшін бүгін де, ертең де сабақ бола береді. Бізге ұлттық идея, идео­логия керек дейміз. Әріден, сырттан іздеп керегі жоқ – Абайда бәрі бар. Тек Абай­ға оралып, Абайды оқып, түсініп, сол идея­ны, идеологияны әркім шамасы жеткен­ше іске асыра алса болғаны. Қай кезде де өзекті тәрбие мәселесін алайық. Абайдан асқан тәрбиеші жоқ. Әрбір сө­зінен тәрбие тәртібін аңғаруға болады. Ел басқару ісі ме? Әкім-қаралардың қан­дай болуы және қандай болмауы, неге жақын, неден қашық болуы туралы Абай жетесі бар адамға жететіндей етіп айтып кеткен. Дін, сенім жайлы да Абайдан артық ешкім әлі айта алған жоқ. Абай түсінігінде сенім анау айтса анаған, мынау айтса мынаған сену емес, әр нәрсеге «анық көзі жетіп, ден қойып, ұйып сену» (отыз төртінші сөз). Адам­ның адамшылығын аша түсетін дос­тық, махаббат жайлы да Абайдың айтқаны көңіл қоярлық. Сол отыз төртінші сөзінде: «Адам баласына адам баласының бәрі – дос» дейді. Адам біріне-бірі қонақ болса, адам дүниеге де қонақ болса, адамдар не­ге араздасады, неге бірін-бірі көре алмайды? «Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ, саған жар менен артық табылса да» – деп тек Абай ғана айта алар еді. Махаббат – Абай түсінігінде аса күрделі, тылсым күш. Оған жеңіл-желпі қарауға, оны жай құ­марлықпен, қызығушылықпен шатас­тыру­ға болмайды. «Адамшылықтың алды – махаббат, ғаделет сезім», – дейді қырық бе­сінші сөзінде. «Ол жаратқан тәңірінің ісі».
Қай адамның да күн сайын айналысатын тән қамы және жан қамы деген мәсе­ле де Абай сөздерінде үйлесімді шешімін тапқан. Адам тек ауамен күн көре алмайды: оған тамақ та, киім-кешек те, баспана да, жұмыс орны да керек. Ал таза ауасыз қа­лай өмір сүресің? Жан қамын ойлау де­ген сол таза ауамен демалғанмен бір­дей. Адамның бір осал жері – тән қамына көбі­рек көңіл бөліп, жан қамын естен шығарып алатыны. Тән құмары, Абайдың жетінші сөзінде, – ішсем, жесем, ұйықтасам деген ті­лек. Жан құмары – білсем, көрсем, үй­рен­сем деген сұраныс. Тән жаннан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді, – дейді Абай. «Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен». Әрине, баланы анау да, мынау да қы­зықтырады, бала бәрін білгісі келеді, ба­ланың сұрамайтыны жоқ. Бірақ ер жеткен соң, күш енген соң тәнді жанға билет­пе­дік, «жанды тәнге бас ұрғыздық. Көкі­рек­те сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көз­бенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық?», – дейді. Бұл сөздер де бү­гін­гі біздерге арнап айтылғандай. Іс-қи­мы­лымызда, жүріс-тұрысымызда, қа­рым-қатынасымызда бәрі – формальды. Бү­гін­гімен ғана күн көру. Еш нәрсенің байы­бына бармау. Сыртын көргенге мәз бо­лып, ішіне, түбіне бойламау – біздер үшін үйреншікті жағдай.
Абайдың түсінігін, даналығын аша тү­сер тағы бір жайт – адам болып өмір сүру­дің мән-жайын қадап-қадап айтатыны. Та­ғы да қайталайын: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой…». Қай-қай­­сымыздың да өне бойы есімізде жү­ретін киелі сөздер. «Керек іс бозбалаға – талаптылық, әртүрлі өнер, мінез, жақсы қы­лық…». Талапсыз не табасың? Талап ерік-жігерді оятады. Жігерсіз адам түк те бі­тіре алмайды, барын пайдаға асыра ал­май­ды. Қырық төртінші сөзінде Абай: «Адам баласының ең жаманы-талапсыз» дей­ді. «Еңбек қылсаң ерінбей – тояды қар­ның тіленбей». «Әуел Құдайға сыйынып, екін­ші өз қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау, ең­бек қылсаң, қара жер де береді, құр тас­тамайды» (Төртінші сөз). Ескіре ме бұл сөз­дер?! Әрине, еңбек күнкөріспен шек­тел­мейді. Дүниедегі ғажап нәрселердің бә­рі адамның еңбегімен пайда болған нәр­селер. Энгельсті қайталауға тура ке­леді: «Адамды адам еткен – еңбек». Қазір біз Маркске, Энгельске көп жүгіне бер­мей­міз. Біліміміз, түсінігіміз асып бара жат­қандықтан емес. Көбіне-көп сол білім­нің де, түсініктің де тайыздығынан. Әйтпесе олар­да сабақ болар, ғибрат алар идеялар аз емес. Қанағат деген бұрынғылардан гөрі бүгінгі адамдарға, ел билеген бас­шы­ларға, қас-қағымда байып болған «жаңа қазақтарға» жетіспей жатқан нәрсе.
Жемқорлық деген қарапайым қызмет­кер­лердің кәсібі емес, билік басында­ғы­лар­дың, солар арқылы байып алғандардың қол жеткен «өнері». «Ел ағадан азады, тон жа­ғадан тозады» дейді қазақ. Қазақтың тауып айтқан тағы бір сөзі бар: «Құнық­қан­нан дәніккен жаман» деген. Рақым – деген оң пейіл, басқаларға болсын дейтін, солар үшін қуанып, солар үшін өкінетін жанға тән қасиет. Аздаған халықпыз, бірімізге-бірі­міз қол ұшын беріп, бірімізді-біріміз көтер­мелеп жүрсек, мерейіміз үстем бола түспей ме? Тайыздықтың, тоғышарлықтың салдары – қа­зақтың немқұрайдылығы, асып-тас­қа­нын көре алмайтыны.
Абай сөздеріндегі ғажап нәрсе – әлсін-әл­сін терең ойды алға тарта беретіні. Ол кез­дегі адамдар түгіл, бүгінгі «оқымыс­ты­лар­ға» мұндай талап қою артық сияқты. «Те­рең ой, терең ғылым іздемейді»; «Ынсап, ұят, терең ой, ойлаған жан жоқ, жауып қой»; «Ойланар елдің сиқы жоқ»; «Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз»; «Жүйрік тіл, те­рең ой, сол күнде қайда едің?»; «Терең ой­дың телміріп, соңына ермей»; «Малда да бар жан мен тән, ақыл, сезім болмаса, тір­­­шіліктің несі сән, тереңге бет қоймаса?». Терең ой әр нәрсенің мән-жайын түсінуге жол ашады. Философия таным мен (позна­ние), ұғым мен (понятие) түсінікті (понимание) ажыратады. Түсінікке айрықша мән береді. Түсінік – философияның бір анық­та­масы. Батыс философиясындағы беделді бағыттардың бірі – герменевтиканы – әде­биетте түсінік философиясы деп атайды (философия понимания). Ол тек осы түсі­нік мәселесімен айналысады: тарихты, әде­биетті, дінді, классикалық мәтіндерді, адам­ды түсінудің жолдарын қарас­ты­ра­ды.
Классикалық кәсіби философияда тео­риялық ақыл және практикалық ақыл туралы іргелі мәселе бар. Ақыл мен қай­рат­тың қызметі туралы. Адамның бұл қа­­­сиеттері ту­ралы Абай өлеңдерінде де, қара сөз­де­рінде де ойланып толғанады. Ақылды адам сөзді ұғады, сөзге ден қояды. Ақылсыз адам, керісінше, «ақыл, сөзге ынтасыз» бо­лып келеді дейді.
Қарны тоқ, қаса надан ұқпас сөзді,
Сөзді ұғар, көкірегі болса көзді.
Қадірін жақсы сөздің білер жанға
Таппай айтпа оған да айтар кезді…
Көп топта сөз танырлық кісі де аз-ақ,
Ондай жерде сөз айтып, болма мазақ.
Біреу олай, біреуі бұлай қарап,
Түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ…
Ақын: «Әттең дүние-ай, сөз таныр кісі бол­са» деп армандайды. Бірақ сөзді тың­дап түсінер адам табылмайды: «Досты қай­дан табарсың, кеңесерге адам жоқ. Әр­лі-берлі шабарсың, жалғыздықтан жаман «жоқ» деуіне тура келді.
Ақыл өздігінен еш нәрсе тындыра алмайды. Ақылдан туған идеяны жүзеге асы­ру үшін қайрат керек. Бірақ бұл да – жет­кіліксіз. Абайдың жаңалығы, тереңдігі – ақыл мен қайраттың қасына төреші етіп жүректі қосатыны. Он жетінші сөзінде Абай қай­рат, ақыл, жүрек үшеуін айтыстырып қоя­­ды. Ақыл мен қайратты жүрекке биле­тіп қояды.
Философия тарихында таным құралда­ры­ның қатарына жүректі қосқан жалғыз фран­цуз ойшылы Паскаль болды. Оның ойын­ша, бәрін ақыл шешеді деуге болмайды. Ақылға әл бермейтін нәрселер де бар. «Біз ақиқатты ақыл арқылы ғана емес, жү­рек арқылы да тани аламыз». Сыртқы дү­н­иені, табиғат құбылыстарын тану үшін ақыл жеткілікті болар. Ал адам тану үшін, адам­ның қырлары мен сырларын ашу үшін жү­рекке жүгінуге тура келеді.
Абайға оралайық:
Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жү­рек.
Жүрек болмаса, ақыл мен қайрат «өзім­білемдікке», «әлімжеттілікке» салынып, көп нәрсені бүлдіруі мүмкін.
Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, талапты шыдамдылық,
Бұл қайраттан шығады, білсең керек.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек…
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз.
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.
Абайдың түсінігінде пенде бар (индивид), дара бар (индивидуальность), тұлға бар (личность). Бәріміз де индивидпіз, пен­де­міз. Пенде ретінде бірімізден-біріміздің айырмашылығымыз жоқ. Бірақ өсе келе, үйрене келе адам дараланады, дүниеден өзіне лайық орын табады. Бұл жөнінде Абай: «Жалыны қайтар дененің, Үнемі тұр­мас осы шақ. Талайғы кәрі дүниенің Бір ке­тігін ұстап бақ», – дейді. Адамдар бір мүд­­денің соңына түсіп біріксе, ол тобыр емес, зор күшке айналады, түбі дегеніне жетеді. То­быр өздігінен түк те бітіре алмайды, «өң­кей нөлге» айналады. Топты жөнге салып, күшке айналдыру үшін тұлға («единица») керек: «Единица – жақсысы, ерген елі бейне нөл. Единица нөлсіз-ақ, өз басындық бо­лар сол. Единица кеткенде, не болады өң­кей нөл?!». Отыз жетінші сөзінде Абай: «Сок­ратқа у ішкізген, Иоанна Аркты отқа өр­теген, Ғайсаны дарға асқан, пай­ғам­барымызды түйенің жемтігіне көмген кім?» – деген сұрақ қояды. Оған: «Ол – көп, ендеше, көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал», – деп жауап береді. Дара тұлға ретін­де Абай әкесі – Құнанбайды, інісі – Оспанды, үміт артқан баласы – Әбішті сипаттайды. Туған ағасы – Тәкежанды ол тұлғалар қа­тарына қоспайды. Ол – көптің бірі. Тағы да терең түсінікке тап болып отырғанымыз ай­қын.
Мұхтар Әуезов айтқандай, «Абай деген да­рия ғой». Оның қайбір қырын айтып тауы­сарсыз. Біз ақынның даналығын, тү­сі­нігін, ойшылдық өрісін суреттеп көрдік. Осы арқылы Абайдың философияға қа­ты­сын ашуға тырыстық. Қалай болып шық­қа­нын оқырман өзі бағалай жатар.
Тілекжан Рысқалиев,
философия ғылымдарының докторы,
профессор.
Орал қаласы.

ПІКІР ҚОСУ

Достарыңызбен бөлісу:




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет