ІІ БӨЛІМ 2.1. Тарау. Алаш партиясының аштықпен күресі 1921 жылдың күзi мен 1922 жылдың көктемi қазақ мемлекетi мен ұлты үшiн саяси, экономикалық, ұлттық мәселелердiң ширыға шиеленiскен тұсы болды. «Алашорда» қайраткерлерiнiң өкiмет басындағы ықпалы сақталған ең соңғы маусым едi. Жазға қарай жаппай қамауға алынғанына қарамастан өздерiнiң ұлт алдындағы парызын орындап кеттi. «Аштарға көмек» комиссиясы ВЦИК–тің жанынан 1921 жылы 18–маусымда құрылып, 1922 жылдың қыркүйегіне дейін жұмыс істеді. Оның бөлімдері барлық республикаларда ашылды. Қазақстандағы комиссияның басты міндеті – еуропалық аштарға азық-түлік жөнелту болды. Бір жарым миллион адамның өмірін үзген ашаршылыққа назар аудармастан Аралдың балығы Поволжьеге жөнелтілді. Павлодар уезінде аштарға деп жиналған ет еуропалықтарға жетпей, сасып жатты. Ал онымен жапсарлас Торғай өңірінің қазақтары аштан қырылып, ел кезіп, «без теріп» кетті.Осыған орай Қазақстан мен Түркістан деңгейінде А.Байтұрсыновтың ұсынысымен «Аштарға көмек» комитеті құрылды. Басында бейтараптық танытқан Өлкелік комитет, ел-жұрттың алдындағы беделінен айырылып бара жатқанын көріп, еріксіз араласады. Ол туралы С.Меңдешевтің өзі: «Алашордашылар аштарға көмек көрсетуде белсенділік танытып, дербес қимылдап еді, біз олардың бұл әрекетіне қарсы тосқауыл қойып, іске араластық»,– деп жазды.Ашаршылықтың қазақ арасына ажал тырнағын салғанын, әр бұтаның түбiнде көмусiз қалғанын көрген Әуезов қызметке оралысымен дабыл қақты. Бiр аймақта емес, Орал, Ақтөбе, Торғай, Қостанай, Ақмола губернияларын жайлаған аштық кеңес өкiметiнiң жазалауынсыз-ақ қырылып бiтетiнiне көзi жеттi. Кеңестiк партия қызметкерлерi Мәскеуден жасырған қылмысын әшкерелеп, барлық қазақ қайраткерлерiн аштарға көмек комитетiн құруға шақырды. Мұндай хабарды алысымен Ташкентте С.Қожанов, Ғ. Бiрiмжанов, Семейде М. Дулатов пен Ж. Аймауытов бастаған зиялылар «Ақ жол», «Қазақ тiлi» газеттерi арқылы бүкiл қазаққа сауын жариялады.1921–1922 жылғы ашаршылықтан Қазақ Орталық Атқару Комитетiнiң толық емес анықтамасы бойынша 1,5 миллион адамның аштықтың тұзағына iлiнген. Мәскеу мен Өлкелiк партия комитетi тек сырттай бақылаушы ғана болып отырған.
1921 жылы 10 желтоқсан күнi өткен қазақ қызметкерлерi қатысқан кеңестiң күн тәртiбiне қойған мәселесi екеу:1.Қырдағы аудандардың аштыққа ұшыраған тұрғындарына нақты көмек көрсетудi ұйымдастыру. 2. Қазақ қызметкерлерiн осы жұмысқа тарту және оларды тиiмдi пайдалану, сондай-ақ Түркiстан Республикасына қоныс аударған қазақ қызметкерлерiн керi қайтарудың амалын қарастыру. Қатынасқандар: Жангелдин, Әуезов, Алманов, Асылбеков, Нахимжан, Кенжин, Байтұрсынов, Байдiлдин, Төлепов, Жаманмұрынов, Сарымолдаев, Авдеев, Найманбаев, Нұрмаханбетов, Игiлiков, Қаржасов, Тұнғаншин, Бiржаров, Оразбаева, Саматов, т. б. Бұнын бәріне Жолдас Жангелдин төрағалық еттi. Қырдағы аудандардың аштыққа ұшыраған тұрғындарына нақты көмек көрсетудi ұйымдастыру туралы М. Әуезовтiң баяндамасы тыңдалды. Мұхтар Әеузов: аштарға көмек көрсету ұйымдарының аяғы әлi қыр елiне жеткен жоқ. Олардың таяу арада жетуi де неғайбыл екенiн айтты. Әуезов оның себебi мынада деп көрсеттi:1.Ауылдардың тiкелей өзiмен араласа отырып, олардың мұқтажтықтарын анықтайтын бұл саладағы мiндеттi атқаратын қызметкерлер жоқ.2. Аштыққа ұшыраған қазақтар нақты бiр жетекшi адам болмаса, олар аштарға арналып мемлекет тарапынан бөлiнген сыбағаның өзiне де қол жеткiзе алмайды, өйткенi қазақтар бiр үзiм нан үшiн жат жерде қол жайып қаңғып жүргеннен көрi үйiнде өлгендi артық санайды, тiптi көмек сұрап ел кезе қалған күннiң өзiнде де қараңғы, аңқау қазақ оларды өз бетiмен iздеп таба алмайды, көмекке қолы жетпейдi.3. Жергiлiктi жердегi аштарға көмек көрсету ұйымы қолтығының астындағы, яғный жақын жердегi қалалар мен қала маңындағы селолардағы күйзелгендерге ерекше қамқорлық жасауға тырысады, сондықтанда қаладан шалғай орналасқан қазақ ауылдары үнемi кейiнге ысырылып қалады. Шындығына көшсек, – дедi Әуезов, – ашаршылық жайлаған қырдағы елдiң қырылғанының жанында, қаладағы аштықтың үрейлi көрiнiстерi ойын сияқты әсер етедi. Шын мәнінде, ашаршылық кезіндегі қиыншылыққа қарамастан Алаш партиясының өкілдері хадыққа көмек көрету үшін көп жұмыс жасаған еді.