СӨЗ МӘДЕНИЕТІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЭТИКАЛЫҚ АСПЕКТІСІ
Абилхаирова Ж.А.
Аннотация. В статье рассматриваются вопросы речевого этикета.
Түйін сөздер: сөз мәдениеті, мәдени қарым-қатынас, дискурс, сөз этикеті.
Адамға өмір сүру үшін ауа қандай қажет болса, басқа адамдармен қарым-қатынас жасау да сондай қажет. Қарым-қатынас, яғни екінші адаммен сөйлесу, пікірлесу адамға өзінің ішкі сезімін, қуанышын, ренішін, әр нәрсеге көзқарасын білдіруге мүмкіндік жасайды. Қарым-қатынас - адамның өмір сүру ортасы. Онсыз адамның жан-жақты қалыптасуы, интеллектісінің дамуы, тәрбие лауы мүмкін емес. Қарым-қатынас адамдардың бірлесіп еңбек етуінің, адамның өз ойын іске асыруының негізі болып табылады.
Екінші адаммен мәдени қарым-қатынас жасау - педагог мамандардың басты қасиеті. Ал мәдени қарым-қатынастың негізі адамның киген киімі немесе жүрген жүрісі емес (әрине олда керек шығар, бірақ бұлар негізгі фактор емес), оның ішкі жан дүниесінде, яғни сөйлеген сөзінде, өз ойын жеткізе білу қабілетінде екені белгілі. Ұлы Абайдың "кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал" деген қағидасы да бұл ойымызды дәледей түседі. Осыған орай келешек филолог (қандай мамандық болмасын) мамандарын дайындау барысында студенттерді айналасындағы адамдармен, оқушылармен мәдени қарым-қатынас жасауға тәрбиелеу өте маңызды екендігі даусыз. Әрине, мәдени қарым-қатынастың негізі балаларға отбасынан, ата-анасынан, мектеп тәрбиесінен беріледі. Ал жоғары оқу орнының мақсаты - осы негізі қаланған дәстүрді ары қарай жалғастыру, оның теориялық негіздерін ашу, сөз этикасы формулаларын студенттердің сөйлеу дағдыларына айналдыру. Бұл мақсатқа жету үшін "Сөз мәдениеті" пәнінің негізінде студенттерге этикеттік формулалардың табиғатын ашу, яғни күнделікті қолданылатын мұндай сөздер жай қолданыла салмайтындығын, олардың мақсатына қарай бірнеше түрге бөлінетіндігін, түрлеріне қарай әрқайсысының қолданылатын орны, өзіне тән ерекшелігі, атқаратын қызметі, берілу жолдары бар екендігін теориялық та практикалық тұрғыдан игерту көзделеді. Өйткені жақсы сөз - жарым ырыс. Сөз құдіреті ғажап. Бір ауыз сөзбен адамның көңілін көтеруге де, өмірге деген қызығушылығын, құштарлығын арттыруға да немесе өмірден күдер үзідіріп, өзін керексіз адам ретінде сезіндіруге де болатыны дәлелденіп келеді.
Қарым-қатынас, яғни пікірлесу, тілдесу бір қарағанда өте қарапайым болып көрінеді. Алайда, сөйлесу адамдардың бірін-бірі түсіну үдерісінің күрделі механизмі. Қарым-қатынас пәнаралық сипат алады. Өйткені оны әртүрлі ғылымдар, философия, психология, әлеуметтану, мәдениеттану, лингвистика, т.т. өз мақсат-міндеттеріне қарай әр түрлі аспектіде зерттейді. Тіл ғылымында қарым-қатынас ұғымы "қатысымдық әрекет, "коммуникация", терминдерімен беріліп, онымен когнитивті лингвистика, т.т өз мақсат-міндеттеріне қарай әр түрлі аспектіде зерттейді. Тіл ғылымында қарым-қатынас ұғымы "қатысымдық әрекет", "коммуникация" терминдерімен беріліп, онымен когнитивті лингвистика, прагматика, сөз мәдениеті ғылымдары айналысады. Тілші ғалымдар сөздің пайда болуы, оны қабылдау, қатысымдық әрекетін зерттейді. Осыған орай қатысымдық бірлікті: тілдік дискурс, тілдік жағдаят, тілдік әрекет деп саралайды. "Дискурс (француз тілінде - сөз, сөйлеу) - прагматикалық, мәдени- әлеуметтік, психологиялық т.б. экстралингвистикалық факторлармен, шындық өмір оқиғасымен байланысты нақты мәтін. Дискурс көне жазба мәтіндерінде нақты өмірмен байланыссыз, мәтіндерде қолданылмайды" [1].
Дискурс - бұл сөйлеудің әртүрлі жанрлары. Мысалы, тұрмыстық диалог, сұхбат, лекция, әңгімелесу, келісімдер т.т. Дискурс екі компоненттен тұрады: 1) сөйлесу (бір нәрсе туралы айту, хабарлау), оның паралингвистикалық факторлары. 2) қарым-қатынасқа жасалатын, әсер ететін жағдай, яғни тілдесу жағдаят. Тілдесу жағдаяты - сөйлеу актісінде туындап, қарым-қатынаста маңызды рөл атқаратын айтылымдар. Тілдесу жағдаяттары хабарламаның мазмұнын түсінуге оның мақсатын нақтылауға басқа жағдаяттармен байланысын анықтауға мүмкіндік жасайды. Тілдесу жағдаяты адамдардың әңгіме құруының тәртібін, ойды жеткізудің формасын да айқындайды. Демек, әр тілдің қалыптасқан сөйлеу этикетінің формуласы, яғни ойды жеткізудің әрбір жағдаятқа лайықты амал-тәсілдері бар екені белгілі.
"Сөз этикеті - моральдық нормалар, мәдени-ұлттық дәстүрлер негізінде қалыптасқан сөз әдебінің ережелері. Этикеттік формулалар - коммуникативтік құзыреттіліктің аса маңызды бөлігі. Этикеттік формулаларды жақсы білу коммуникативтік ситуацияға лайықты етіп орнымен жұмсай білу, сөйлеушінің сөз мәдениетін, жалпы мәдениетінің жоғары екенін көрсететін, сонымен бірге тілдік ұғымның әлеуметтік топтың мүшесі екенін байқатып тұратын белгі"[2]. Сөз этикеті: "национально специфичные правила речевого поведения, реализиующиеся в системе устойчивых формул и выражений в принятых и предписываемых обществом ситуациях "вежливого" контакта с собеседником" [3]. Яғни этикеттік формулалар қоғамда адамдардың бір-бірімен мәдени-адами қарым-қатынас жасауының қалыптасқан жанрының бір түрі. Этикеттік формулаларға: амандасу, қоштасу, кешірім сұрау, өтіну, ризалық білдіру, құттықтау, тілек білдіру, көңіл айту т.т жатады. Сөз этикеті: коммуникативтік, қарым-қатынастық, екінші адамның зейінін өзіне аудару т.т қызметтер атқарады. Егер адам қоғамда өзіне лайық орын тапқысы келсе, ол өзінің қоғам мүшелерімен адами қарым-қатынас жасауы арқылы өз орнын, өзінің интеллектісін байқата алады, яғни сөз этикеті - адамдардың бір-бірімен әлеуметтік жағынан бейімделуінің, дұрыс түсінісуінің қоғамдағы өзінің орнын интеллектісін көрсететін құрал, норма. Қазіргі кезеңде этикеттік құбылыстар тар мағынада да, кең мағынада да қарастырылады. Тар мағынада қолданылуын ғалымдар "Это сумма ситуативно-тематических объединений коммуникативних единиц, функционирующих для установления, поддержания и размыкания речевого кантакта с собеседником" деп түсіндірсе, кең мағынада қолданылуын: "Социально заданные и национально-специфичные регулирующие правила речевого поведения, образующие этикетную рамку любого текста общения" деп нақтылайды [4]. Сөз этикеті тар мағынасында нақты этикеттік әрекеттерді орындау жағдаяттарында қолданылады. Мысалы, ондай әрекеттер: ниеттену, талаптану, өтіну, келісу, қарсылық білдіру мағынасында да сонымен қатар екінші адаммен әлеуметтік байланысқа түсу мақсатында кешірім сұрау, құттықтау т.т түрінде қарастырылады. Этикеттік формулаларсыз сөйлеуге бола ма? Әрине болады, алайда, бұл қолданыстар арқылы тілдесу жағдаяты ерекше бір мәдениеттілікке құрылады. Тілдесушілер бірін бірі құрметтейді, бір-біріне деген оңтайлы көзқарастары қалыптасады, кез-келген мәселені тиімді шешуге мүмкіндік жасалады. "Этикет - это спасательный круг в ситуациях общения с незнакомыми или малознакомыми - тогда, когда нужно найти общие темы, когда нужно снять напряжения и конфликт, когда нужно смягчить отрицательную информацию, когда нужно установить определенную дистанцию, когда нужно перейти к другой теме", - деп бағалайды оның маңызын ғалымдар [5].
Тілдік қатысымда тек қана тілді білу жеткіліксіз. Ол өз деңгейінде өтуі үшін белгілі бір ұстанымдар басшылыққа алнынуы тиіс. Ондай ұстанымдарға ғалымдар мынадай қағидаларды жатқызады:
1. Бірізділік ұстанымы. Онда жауап реплика күткендей сипатта болуы керек. Мысалы, бірінші реплика сұрақ түрінде болса, екіншісі жауап түрінде, өтіну - қабылданған немесе қабылданылмаған, сәлемдесу - сәлемді құп алу түрінде болуы тиіс. Бұндай үрдіс тілдесу актісінің аяқталғандығын білдіреді.
2. Күтілген құрылымдық ұстаным. Тілдесу мақсатына қарай жауаптың нақты құрылымда берілуі. Мысалы, бірінші реплика: мына тапсырманы орындайсың ба? Жауап реплика: орындаймын. Немесе: бүгін кітапханаға барасың ба? Жауап: Кідіріс. Қайтадан реплика: онда саған бір күнге уақыт берейін. Жауап: жақсы.
3. Кооперация ұстанымы. (Г.П.Грайстың ұсынуы бойынша), яғни партнердің бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендігін байқатады. Ғалым бұл ұстанымды іске асырудың төрт түрлі жорамалын (постулат) ұсынады: сандық, сапалық, қатысу және тәсіл. Сандық категорияны берілуге қажетті ақпараттың санымен байланыстырады. Оған мынадай жорамалдар ұсынады: 1. Сенің тілдесуіңде диалог туғызатын ақпараттың толық болуы; 2. Сенің тілдесуіңде артық ақпараттың болмауы. Ал сапа категориясына: 1. Негізсіз санаған ақпаратты айтпау; 2.Айтылымның шынайы болуына тырысу. Қатысу категориясына: тақырыптан ауытқымау. Тәсіл категориясына: түсініксіз ойдан аулақ болу; ойыңды қысқа жеткізу; өзіңді ұйымдастыра білу. Аталған жорамалдар тілдесімнің өзіне тән құрылымы, берілу формасы бар екендігін көрсетеді. Дж. Н.Лич сыпайылық ұстанымын ұсынады. Бұл ұстаным мынадай максималардан құралады. 1. Такті. Яғни кез келген коммуникативтік акт оған қатысушылардан белігілі бір аралық (дистанция) сақтауды қажет етеді. 2. Кең пейілділік. Коммуникативтік актіге қатысушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік туғызу. 3. Мақұлдау. Тілдесімде бірінші адамның ойын қарсыласының мақұлдауы немесе өзіндік пікір білдіруі де мүмкін. 4. Қарапайымдылық. Коммуникативтік актінің тиімді болуы оған қатысушының өз пікірін шынайы түрде сыпайылықпен дәлелдей алуына да байланысты болады. 5.Тілектестік. Бұл максима тілдік жағдаяттың дұрыс жақсы ниетте дамуына мүмкіндік жасайды. Ғалымдардың пікірінше, кооперация және сыпайылық ұстанымдары тілдік жағдаятты реттеп отыратын коммуникативтік кодекстің негізін құрайды. Коммуникативті кодексті қалыптастыратын базалық категорияларға коммуникативтік мақсат пен коммуникативтік ниет жатады [6].
Сөз этикетінің қоғамның сипатына қарай іскери этикет түрі кең өріс алып отыр. Іскери этикет адамадардың бір бірімен іскерлік қарым-қатынас жасау жағдайында сақталуы тиіс. Іскери этикет адамның өз алдына кез келген кәсіби әрекетке дайындық деңгейін, рухани мәдениетін, сөз мәдениетін, адамдармен қарым-қатынас жасай білу мәдениетін көрсетеді. Ал жоғарыда аталған ұстанымдар тілдесім этикетінің дұрыс қалыптасуына мүмкіндік жасайды.
Сөз этикетінің нарық заманында қолданылу аясының кеңейе түскені белігілі. Осыған орай Сөз мәдениеті ғылымының бір саласы - сөз этикетін студенттерге игертудің маңызы зор екені түсінікті.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қалиев Ғ. Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі. Алматы, 2005.
2. Уәли Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері. Докт.дисс. автореф. 2007.
3. Русский язык. Энциклопедия.- 2006.
4. Руский язык и культура речи. М., 2006
5. Н.А. Ипполитова и др. Русский язык и культура речи. М., 2006.
6. Л.А.Введенская и др. Русский язык и культура речи. М., 2005.
Достарыңызбен бөлісу: |