Сөздерді таптастыру жайлы алғашқы ұғым және оның қалыптасуы. Сөздердi таптастыруға байланысты алғашқы ғылыми көзқарастың пайда болуы


Сөз таптары – тіл білімінің негізі



бет3/6
Дата07.02.2022
өлшемі45,2 Kb.
#97726
1   2   3   4   5   6
Байланысты:
Курстық жұмыс.

Сөз таптары – тіл білімінің негізі.
Сөздерді таптастырудың лексика-грамматикалық ерекшелiгі.
Сөз таптары жөніндегі мәселені бағдарлау әрі тілдің құрылымының, әрі сөздің құрылымының теориялық та, практикалық та мәселелерін терең зерттеу, жете білу үшін керек. Мысалы, бастауыш, орта, жоғары мектептерде тілді оқытудың негізгі түйіндері, сайып келгенде, сөз таптарына, солардың айналасына шоқталады; сондай-ақ, тілдің грамматикалық құрылысына байланысты көптеген мәселелерді алсақ, оларды сөз таптарына байланыстырмай зерттеу де, шешу де мүмкін емес. Олай болса, сөз таптары жайындағы мәселелер тілдің грамматикалық құрылысының, сөздің грамматикалық құрылымының әрі кіндік қазығы, әр негізгі арқауы сияқты мәселелер. Шынында, тереңірек үңілсек, сөз табы грамматиканың көптеген түйіндерін шешетін арқау ғана емес, оны (грамматиканы) лексикамен байланыстыратын да негізгі баспалдақ сияқты. Сөздің морфологиялық құрылымы жайындағы ілім тек сөздің құрамын (түбірінің, негізін, қосымшаларын) талдаумен ғана тынбайды, оның бүкіл грамматикалық жүйесін, әр тобына тән сөз тудыратын, сөз түрлендіретін жүйелерін де зерттейді. Тілдегі сөздерді грамматикалық топтарға бөлу, оларға тиісті грамматикалық сипаттамалар беру, алды-алдына талдау грамматиканың негізгі өзегі, ең түйінді, ең басты мәселесі.
Қазақ тіліндегі барлық сөздер семантикалық және морфологиялық (формальдік) белгілеріне қарай, ең алдымен, үш үлкен топқа бөлінеді. Олар – атаушы сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер.
Атаушы сөздер, өздеріне тән дербес мағыналары болғатындықтан, коммуникацияға негіз болып, контекстен тыс та, контексте де қажетіне қарай қолданыла береді; олар сөйлемде грамматиканың заңы бойынша түрленіп те, түрленбей де жұмсалып, өз алдына мүше бола алады; ол сөздерден қалыптасқан белгілі тәсілдер бойынша жаңа сөздер тудыруға да болады. Сөйтіп, атаушы сөздер дегеніміз – өздеріне тән лексикалық та, грамматикалық та мағыналары бар және ретіне қарай, үстеріне әр қилы қосымша реңдер жамап алып, өзге сөздермен әр алуан қарым-қатынасқа түсе алатын дербес сөздер.
Көмекші сөздер, мағыналық дербестігі болмайтындықтан, тек контексте атаушы сөздермен селбесіп қана жұмсалады да, өз алдына дербес сөз ретінде қолданылмайды. Осыған сәйкес, олар сөйлемде өз алдына мүше бола алмайды, тек атаушы сөз арқылы жасалған мүшенің құрамына енеді де, сол мүшелерді өз ара жалғастыруға дәнекер болады; көмекші сөздерден негізінде жаңа сөздер жасалмайды. Сонымен, көмекші сөздер дегеніміз – өздеріне тән лексикалық мағыналары солғындаған, лексикалық мағыналарынан гөрі грамматикалық мағыналары басым болу себебінен көбінесе әр алуан грамматикалық қатынастарды білдіріп, әр қилы грамматикалық қызмет атқаратын жәрдемші сөздер.
Одағай сөздер деп ешқандай да ақиқат ұғымдарды білдірмейтін, тек адамның әр алуан көңіл күйі мен әр қилы сезім райларын білдіру үшін қолданылатын (бірак олардың атаулары есебінде жұмсалмайтын) сөздерді айтамыз. Одағайлар шығу тегі мен қалыптасу табиғатының ерекшелігіне қарай, өзге сөздермен ешқандай да грамматикалық қарым-қатынасқа түспейді. Сол себептен одағайлар белгілі бір сөйлемдерге қабаттасып жұмсалатын жарыспа сөйлемдер ретінде жұмсалғандарымен, бірақ өздері сөйлем мүшесі бола алмайды.
Сөйтіп, қазіргі қазақ тіліндегі барлық сөздердi ең әуелі атаушы сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер деген үш топқа бөлсе, ол топтар лексика-грамматикалық жақтарынан сараланып, ішінара тағы да топ-топтарға бөлінеді.
Әдетте, сөз табы деп жалпы лексика-грамматикалық сипаттары мен белгілері бәріне бірдей ортақ болып келетін сөздердің тобын айтамыз.
Орыс тіл білімінде Л.Б.Щербадан, түріктанымда А.К.Боровковтан бастап сөздерді топтастырғанда жоғарыдағы екі белгісіне сүйену үлгісі бар. Қазақ тіл білімінде Қ.Жұбанов бастаған жаңа лек-буынның келуіне сөздердің семантикалық сипаты мен грамматикалық құрылымын бірдей ескеретін лексика-грамматикалық бағыт пайда болып, бірден қарқын алды (2, 16).
Орыс тіл білімінде Л.Б.Щербадан бастау алған бұл сипаттау, кейінірек В.В.Виноградовтың, И.И.Мещаниновтың те сөз таптары жөнiндегi тұжырымдармен ұштасты (1, 155).
Ал қазақ тіл білімінде Қ.Жұбановтан бастау алған бұл сипаттау, кейінірек А.Ысқақовтың «Қазіргі қазақ тілі. Морфология» атты оқулығында былай тұжырымдалады: «Сөз табы деп жалпы лексика-грамматикалық сипаттары мен белгілері бәріне бірдей ортақ болып келетін сөздердің тобын» айтамыз дейді.
Ендеше, сөз табының мазмұны осындағы лексика-грамматикалық деген қос сөз арқылы айтылған екі компоненттің бірлігінен құралады. Бірақ мұндағы бірінші бөліктің мазмұнынан таза лексикалық семантиканы ғана емес, грамматикалық семантиканы, яғни заттық, амалдық, сапалық, сандық... деген тәрізді тым жалпы мағынаны білдіретін семантиканы қабылдау керек. Грамматикалық семантика деген ұғымға сөздің материалдық я лексикалық мағынасы емес, заттың атын, заттың амал-ісін, заттың сапалық, сандық я басқа (қатыстық) белгілерін, амал мен белгінің белгілерін және басқа да солар сияқты материалдық ерекшеліктерді білдіретін семантика-грамматикалық мағыналар енеді. Бұдан, әрине, сөздің лексикалық мағынасы тіпті ескерусіз қалады екен деген түсінік тумасқа тиіс. Өйткені дербес лексикалық мағынасы бар сөз белгілі бір сөз табына енеді де, оған әрі таяныш есебінде қызмет етеді. Егер де мұндай байланыс болмаса, жалпы лексика мен грамматикада ешқандай қатынастар да болмаған болар еді.
Ал, қос сөздің екінші бөлігінің («грамматикалық» деген компонентінің) мазмұнына белгілі бір сөзге тән грамматикалық категориялардың және олардың жасалу, түрлену формаларының мағыналары енеді. Бұл арадағы грамматикалық мағына деген ұғымға белгілі бір сөздің жаңадан сөз тудыру, сөз түрлендіру, сөз байланыстыру жүйелерінің мағыналары мен формалары, демек, бүкіл морфологиялық белгілері (сыр-сипаттары) және сол сөздің сөйлемдегі қызметтері, өзге сөздермен тіркесу қабілеттері, демек, бүкіл синтаксистік белгілері (сыр-сипаттары) енеді. Қысқасы, сөздің лексика-грамматикалық белгілері деген термин белгілі бір сөзге, сөз табына тән бүкіл лексикалық (семантикалық) морфологиялық және синтаксистік сыр-сипаттарды түгел қамтиды.
Сөз табының лексикалық (семантикалық), грамматикалық (морфологиялық және синтаксистік) белгілерін дұрыс ашу үшін, осы аталған семантикалық, морфологиялық және синтаксистік белгілердің үшеуін де бірдей түгел қамту қажет. Өйткені, егер осы үш белгінің үшеуі де тегіс қамтылса, сездің мазмұны да, материалдық (морфологиялық) формасы да, синтаксистік функциясы да түгел ескеріледі.
Дегенмен, сөздердің бәрінен бірдей осы үш белгі теп-тегіс табыла бермейді, ендеше, кейбір сөз таптары үшін белгілі бір принципті негізгі етіп алып, өзгелерін я қосшы (көмекші) принцип етіп, я болмаса, тіпті қолданбай-ақ қоюға да әбден болады. Мысалы, одағай сөздерді анықтау үшін морфологиялық белгіні іздеп жатудың қажеттігі де болмайды. Сол сияқты, шылау сөздерді анықтау үшін, тек олардың семантикасын және сөзбен, сөйлеммен тіркесу ерекшеліктерін ғана негізге алмаса, олардан арнаулы морфологиялық формалар іздеудің қажеті жоқ. Сондай-ақ, үстеу сөздер мен еліктеу сөздерді анықтауға олардың семантикасы мен синтаксистік функциялары ғана тірек болады, морфологиялық белгі тек қостаушы ретінде ғана қаралады. Сөйтіп, кейбір сөз табын анықтау үшін, үш белгінің (принциптің) үшеуін де бірдей қолдануға болса, кейбір сөз таптары үшін я екі белгіні ғана, я бір белгіні ғана қолдануға болады. Ал, егер бір ғана белгіні таяныш етерліктей болса, ондайда тек семантикалық белгі ғана тірек болуға тиіс. Олай болатын себебі – сөзді сөз деп тануға таяныш болатын белгі – оның семантикасы.
Қазақ тілінде тым ерте замандардан бері қарай әрі есім, әрі етістік мағынасында қолданылатын омоним сөздер бар. Ондай омонимдер лексика-семантикалық жақтан қарағанда, бір негізден шыққандығы аңғарылып тұратын сөздер болса да, грамматикалық жақтан бір сыңары есім, бір сыңары етістік болып келеді. Бұлардың қатарына, мысалы, той, көш, тоқ тәрізді түбір омонимдер мен қызық, қанық, тынық, кіріс тәрізді туынды омонимдерді жатқызуға болады. Мысалы, «Қаратаудың басынан көш келеді. Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» (халық өлеңі) дегендегі көш сөзі де, көшкен сөзі де, «Тойга барсаң, тойып бар» (мақал) дегендегі тойға сөзі де, тойып сөзі де, сол сияқты, қызық, қанық, тартыс тәрізді туынды омонимдер де – әрі есім, әрі етістік болып қолданылатын сөздер. Мұндай омонимдерден жана туынды сөздер, басқа туынды формалар жасайтындай жағдайда, олардың есім сыңарлары есімдерше, етістік сыңарлары етістіктерше түрленіп, (мысалы: көшші, көш басында, тойшы той басында; көшкен, көшер, көшсе; тойған, тойып, тойса т.б.) соларға тән категориялық формаларды иелене кетеді. Сондықтан сөздерді таптастырғанда, мұндай омонимдердің есім сыңарлары есімдерге, етістік сыңарлары етістіктерге жатқызылып, сол сөз таптарының аяларында қаралуы керек.
Сонымен қатар, тілімізде мағыналары әр түрлі сөздердің ішінде бір мағынасына қарасаң, зат есім, екінші мағынасына қарасаң, сын есім болып келетін сөздер де жоқ емес. Мысалы, жарық деген сөз, «Бөлмеге жарық түсті» дегенде зат есім болса, жарық бөлме, жарық ай дегендерде, сын есім болады. Сондай-ақ, тең деген сөз әрі зат есім (мысалы: буылған тең, түйеге артылған тең), әрі сын есім ретінде (мысалы: тең құрбы; тең праволы; ол екеуі бір-біріне тең) жұмсалады. Сөздерді таптастырғанда, тілдегі мұндай құбылыстар да ескерілуі қажет.
Тілдің даму барысында сөздің мағыналық шеңбері кеңеюмен байланысты, грамматикалық табиғаты мен кызметі де өзгереді. Осындай процестің нәтижесінде кейбір сөздер бір сөз табынан басқа бір сөз табына ауысады. Мұндай жағдайда ол сөздің бұрынғы мағынасы мен грамматикалық қызметінің үстіне жаңа мағына мен жаңа грамматикалық қызмет үстеледі. Мысалы: Хасенніц басынан қалпағы ұшып түсті. Қаратаудың басынан көш келеді. Жұмысты басынан осылай ұйымдастыру керек еді деген үш сөйлемде де түбірлері де, қосымшалары да бірдей басынан деген сөз бар. Бірақ осы үш сөздің мағынасы да, қызметі де бірдей емес. Бірінші сөйлемдегі басынан деген сөз өзінің бастапқы лексикалық (материалдық) мағынасында қолданылып, сөйлемде өз алдына мүше болып тұрса, екінші сөйлемдегі басынан сөзі бастапқы лексикалық мағынасын сәл солғындатып, сөйлемнің дербес мүшесі бола алмай, өзінен бұрынғы ілік жалғаулы Қаратаудың деген сөзбен селбесіп барып, күрделі мүшенін құрамына еніп тұр. Демек, екінші сөйлемдегі басынан сөзі негізгі зат есімнен көмекші есімге айналған. Ал үшінші сөйлемдегі басынан сөзі мағына жағынан да, қызмет жағынан да ауысып, тіпті басқа сөз табына (үстеуге) көшкен. Өйткені бұл соңғы сөйлемдегі басынан деген сөз әуелден (әуел-бастан, алғашқыдан) деген мағына беріп, қайдан? деген сұрауға жауап бермей, қашаннан? деген сұрауға жауап беретін болып, ең әуелі мазмұны жағынан, содан кейін қызметі жағынан ауысып, біржолата үстеу категориясына көшкен. Әрине, бұл сөз үстеуге бірден көшпеген, бірте-бірте дамып, бастапқы шығыс септік жалғауының формасында көнеленіп барып қалыптасқан. Соңғы үстеу сөз өзінің әуелгі төркініне тек сыртқы жамылышы жағынан ғана ұқсас көрінгені болмаса, семантикалық мағынасы мен синтаксистік сипаты жағынан бастапқы төркінінен біржолата қол үзген. Дәл осы сияқты ерекшелікті «Бұл ауылдың адамдары шетінен шебер. Бұл сөзді сен маған басында неге айтпадың» дегендерден де байқауға болады. Сондай-ақ, кейін, соң, әрі бірге, бірден, бірде, жатқа тәрізді сездердің мағыналары мен қызметтерінен де осындай сырлар аңғарылады. Сөздерді таптастырғанда, осы айтылғандай, кейбір сөздердің, олардың формаларының ауысуы, саралануы сияқты жағдайлар да ескерілуі керек (10, 130-133).
Тілдегі барлық сөздерді грамматикалық жағынан топтастырғанда, екі түрлі нысана «темір қазық» («шамшырақ») болуға тиіс.
Біріншіден, барлық сөздер, күллі сөз таптары тілдің сөздік құрамына енеді. Қай сөз табына енсе де, сөздердің лексикалық жағы ескерілуге тиіс. Ал, сөздердің лексикалық жағын ескеру деген сөз — олардың семантикалық жақтарын еске алу дегенмен бірдей. Олай болса, әрбір сөз табына енетін сөздер лексикалық тұрғыдан қаралып талдануы қажет (10, 129).


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет