Спандиярова Гульнар Рысбековна
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.
Алматы облысы, Қарасай ауданы
Қаскелен қаласы
Білім беру мекемесі «Аяжан Қарасай» колледжі
Тақырыбы: Гиппократ анты. ҚР дәрігер анты.
Үндестік заңы
1. Тақырыбы: Гиппократ анты. ҚР дәрігерінің анты.
Үндестік заңы
2. Мақсаты:
- Гиппократ анты мен ҚР дәрігерінің анты туралы мағлұмат беру;
- Гиппократ анты мен ҚР дәрігерінің анты туралы мәтінінің мазмұнын жүйелі баяндауға үйрету;
- Гиппократ анты мен ҚР дәрігерінің анты туралы мәтінді пайдалана отырып, әңгіме-сұхбат құрғызу;
- түрлі жаттығу жұмыстары арқылы қазақша сөйлеуге дағдыландыру;
- тәуелдік категориясы туралы түсінікті практикалық жолмен меңгерту;
- өз бетінше сөйлем құрастыруға машықтандыру;
3. Міндеті:
1. Когнитивті – білім компетенциясы бойынша кәсіби бағытта мамандығына сәйкес тіл оралымдарын үйретіп, студенттерді медициналық арнайы мәтіндерді түсініп оқуға, сауатты жазуға дағдыландыру;
2. Операционалды – дағды компетенциясыбойынша лексикалық – грамматикалық тіл ерекшеліктерін меңгертіп, терминдерді қолданылудағы бірізділікті, оларға қойылатын талапты сақтай отырып, студенттерді сауаттылыққа тәрбиелеу;
3. Коммуникативті компетенциябойынша сөйлеу әрекеттерінің түрлеріне сәйкес жаттығу жұмыстарын жүргізу арқылы студенттердің болашақ мамандықтарына қатысты сөйлеу аясын кеңейту;
4. Өзін-өзі дамытубілім компетенциясы бойынша ғылыми-қоғамдық және медициналық терминдермен жұмыс істей білуге машықтандыру, болашақ мамандықтары бойынша кәсіби қатынас кезінде әр түрлі тақырыптарда тыңдаушысын түсіне білуге және өз көзқарасын білдіре білуге машықтандыру.
4. Негізгі ұғымдар:
а) лексикалық материал бойынша
1. Гиппократ анты мен ҚР дәрігерінің анты туралы.
2. Гиппократ анты мен ҚР дәрігерінің антында кездесетін кейбір сөз тіркестерінің мәні туралы.
3. Гиппократ анты мен ҚР дәрігерінің анты туралы әңгімелеудегі тілдік оралымдар.
ә) грамматикалық материал бойынша
1ю Тәуелдік категориясы туралы түсінік.
5. Сабақ өткізу жоспары:
А)Ұйымдастыру (2-3 минут).
Ә) Үй тапсырмасын сұрау (45- 48 минут).
Б) Жаңа сабақты түсіндіру.
- Мәтін бойынша жұмыс (60 -65 минут). Жаңа сөздермен, сөз тіркестеріменжұмыс істеу, оқылым, мәтін бойынша сұрақтарға жауап, пікірталас, салыстыру жүргізу, аударма жұмысын жасату.
- Грамматикалық тақырып бойынша жұмыс (25-30минут).
- Жаңа сабақты қорыту (10-15 минут)
В) Студенттердің білімін бағалау(2-3 минут )
6. Білім берудің және оқытудың әдіс-тәсілдері:
Жаңа сөздермен, сөз тіркестерімен жұмыс істеу, оқылым, грамматикалық тапсырмалар, сұхбат құрғызу, пікірталас, аударма жұмысын жасату.
7. Көрнекі құралдар: Тақта, ноутбук,адам ағзасының суреті, оқу құралдарын, үлестірмелі карточкалар пайдалану.
8. Тапсырмалар:
А) Мәтінді оқыңыз.
Гиппократ анты
Аполлон дәрігердің, Асклепийдің, Гигиея мен Панакеяның және түрлі тәңірлер мен тәңіриялардың атына атап, оларды куәға тарта отырып, мына серт пен жазбаша шартты шама-шарқымның жеткенінше адал орындауға ант етемін: өзіме дәрігерлік өнерін үйреткен кісіні ата-анаммен бірдей көремін, оған барымды бөліп беремін, әрі қажет жағдайда оның жоғын табуға көмектесемін; оның ұрпақтарын бауырларым деп есептеймін, егер олар осы өнерді үйренгісі келсе, оларға тегін әрі ешқандай шарт жасаспай-ақ сабақ беремін; оқу үстінде айтар ақылымды, ауызша сабақтар мен ілімдегі қалған жайлардың бәрін өз балаларыма ұстазымның балалары мен медицина заңы бойынша серттескен, ант беріскен шәкірттерімен хабарлаймын, басқа жанға айтпаймын. Аурулар режімін, зиян келтіру мен қиянаттан бойымды аулақ ұстай отырып, шама-шарқымның барынша оларға пайдасы тиетіндей етіп жасаймын.
Ешкімге кісіні өлімге ұшырататын дәрі бермеймін әрі оны жасау тәсілін көрсетпеймін; тап осылай әйелге түсік түсіретін пессарий ұсынбаймын. Өмірде, өнерде де таза әрі адал боламын. Тас ауруларымен сырқаттанғандардың денесін ешқашан кеспеймін, мұны осы іспен айналысатын кісілерге тапсырамын. Қайсы үйге кірсем де аурудың қамын ойлаймын, әдейі қиянат пен қастандық жасаудан, әсіресе әйелдер мен еркектер азат адамдар мен құлдар арасындағы махаббаттан аулақпын.
Емдеу езінде, сондай-ақ емдемеген кезде де, адам өмірінің ішіндегі мүлдем жариялауға болмайтын жайларды көргенімді немесе есіткенімді құпия есептеп, жан баласына айтпаймын. Антты бұлжытпай орындағаным үшін өмірде де, өнерде де бақытты болып, ел арасында мәңгілік даңққа бөленгеймін; жалған ант беріп, қылмыс жасағандарды ант атсын.
Қазақстан Республикасы дәрігерінің анты
Медицина қауымдастығына өз еркіммен кіріп, мен (аты-жөні) жазбаша міндеттеме алып, оны адал орындауға салтанатты түрде ант етемін. Болашақта халқыма қалтықсыз қызмет етіп, медициналық қауымдастықты дәстүрлі мейірбандылықпен дамыта отырып сақтауға және науқастың жазылып, дені сау болуы – қызметімнің басты принципі, менің жоғарғы бағам үшін ант етемін.
Өзіме дәрігерлік өнерді үйреткен кісіні, оған деген ізгі ниетімді, сый-құрметімді мәңгі-бақи сақтайтындығым үшін ант етемін.
Кез-келген адамға дәрігерлік көмегім қажет болғанда бас тартпай орындаймын; ең алдымен аурудың қамын ойлаймын; дәрігерлік өнерге қызығушылық адамдар немесе әріптестерім менен көмек талап етсе, оларға ақыл-кеңесімді, керек болса, тегін, әрі ешқандай шарт жасаспай-ақ көмектесемін деп ант беремін.
Жариялауға мүлдем болмайтын дәрігерлік құпияны, сондай-ақ маған сеніп айтқан жеке сырларын ешкімге тіпті, ол қайтыс болып кетсе де жарияламайтындығым үшін ант етемін.
Медицина жетістіктерімен үнемі танысып, дәрігерлік шеберлігімді үздіксіз дамытып, «адамгершілік» атты ардан өзімді жоғары ұстаймын деп ант етемін.
Барлық іс-қимылдарымды Қазақстан Республикасының дәрігерлік Этика қағидаларына сай жасаймын деп міндеттеме аламын.
Осы антты өз еркіммен, адал жүрегіммен беремін. Дәрігерлік парызымды ар-ожданыма сүйеніп орындаймын.
Ә) Мәтінде кездескен төмендегі сөздер мен сөз тіркестерінің аудармасын еске сақтаңыз.
Шама-шарқымның келгенінше – по мере возможности
Қиянат - зло, пакость, вред
Бұлжытпай – не искажать, не изменять
Бұлжытпай орындау – выполнять беспрекословно
Б)Мәтінде кездескен төмендегі сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасын түсіндіріңіз.
Куәға тарту, үйреткен кісі, барын бөліп беру, ант берісу, өлімге ұшырататын дәрі, аурудың қамын ойлау, әдейі қиянат, қастандық жасаужариялауға болмайтын, салтанатты түрде , мейірбандылықпен дамыта отырып, жетістіктермен үнемі танысу, дәрігерлік шеберлік,мәңгілік даңқ.
Грамматикалық тақырып бойынша:
Үндестік заңы
Қазақ тілінің дыбыстары сөз ішінде және сөз бен қосымшаның, сөз бен сөздің арасында бірімен-бірі үйлесіп, ыңғайласып келіп отырады. Түбір буынның жуан не жіңішкелігіне қарай қосымшаның дыбыстары да жуан не жіңішке болып айтылып тұрады. Мысалы: балалар (балалер емес), үйлер (үйлар емес), ауылға (ауылге емес), көшеде (көшеда емес), т.б.
Қазақ тіліндегі қосымшалар сөздің соңғы дыбысының сипатына қарай бейімделіп жалғанады: мектепте (мектепде емес), үйге (үйке емес), жазда (жазта емес), т.б.
Сөйтіп, сөзді бастан-аяқ біркелкі әуезбен айтуды үндестік заңы деп атаймыз.
Үндестік заңы екі түрлі: а) буын үндестігі; ә) дыбыс үндестігі.
Буын үндестігі
Дауысты дыбыс буын құрайтын болғандықтан, сөздегі, сөз бен қосымшалардағы дауыстылардың не бірыңғай жуан, не бірыңғай жіңішке болып үндесуін буын үндестігі (сингармонизм) деп атаймыз.
Үндестік заңына сай қазақ тілінің байырғы сөздері не бірыңғай жуан, не бірыңғай жіңішке болады. Мысалы: ата, ана, бақыт, баға, сана, намыс, егіз, өріс, төсек, кереге, кілем, т.б.
Дыбыс үндестігі
Сөз бен қосымшаның жігінде немесе сөз бен сөздің аралығында дауыссыз дыбыстардың бірін-бірі өзіне ұқсата әсер етуі дыбыс үндестігі деп аталады. Мысалы: қаздар (қазтар емес), есептер (есепдер емес), әкеге (әкеке емес), мектебі (мектепі емес), қасығы (қасықы емес).
9. Бақылау жұмыстары:
Когнитивті – білім компетенциясы бойынша
В) Үндестік заңына бағынатын сөздерді бір бағанға, бағынбайтын сөздерді екінші бағанға бөліп жазыңыз.
ұшқыш, көше, бүгін, бөлшек, дәріхана, елорда, өнерпаз, елші, пайдакүнем, сәнқой, баланікі, рольдер, депутат, қазметші.
Г) Жоғарыдағы үндестік зағына бағынбайтын сөздердің бағынбау заңдылығын түсіндіріңіз.Үлгі: депутат – үндестік заңына бағынбайды, кірме сөз.
Коммуникативті компетенциябойынша
Ғ)Мәтінді оқыған адам қандай сұрақтарға жауап ала алады? Сұрақтарыңызды жазыңыз.
Д) Жаныңыздағы студенттен осы сұрақтарға жауап беруін өтініңіз. Кімнің сұрақтары көп және дұрыс құрылғандығынына қорытынды жасаңыз.
Операционалды – дағды компетенциясыбойынша
Ж) Мағынасына қарай екі бағанды сәйкестендіріңіз.
Аурулар режімін, зиян келтіру мен қиянаттан бойымды аулақ ұстай отырып,
|
есіткенімді құпия есептеп, жан баласына айтпаймын.
|
Емдеу езінде, сондай-ақ емдемеген кезде де, адам өмірінің ішіндегі мүлдем жариялауға болмайтын жайларды көргенімді немесе
|
әдейі қиянат пен қастандық жасаудан, әсіресе әйелдер мен еркектер азат адамдар мен құлдар арасындағы махаббаттан аулақпын.
|
Қайсы үйге кірсем де аурудың қамын ойлаймын,
|
ең алдымен аурудың қамын ойлаймын.
|
Кез-келген адамға дәрігерлік көмегім қажет болғанда бас тартпай орындаймын,
|
адамгершілік атты ардан өзімді жоғары ұстаймын деп ант етемін.
|
Медицина жетістіктерімен үнемі танысып, дәрігерлік шеберлігімді үздіксіз дамытып,
|
шама-шарқымның барынша оларға пайдасы тиетіндей етіп жасаймын.
|
Өзін-өзі дамыту білім компетенциясы бойынша
И) Төменде Мұқағали Мақатаевтың «Болашақ дәрігерге» өлеңі көзқарасыңызды білдіріңіз.
Тоқта-тоқта, ей, жігіт, аялдағын,
Қане, қалай жағдайын, баяндағын.
... Тәжирибе мектебін өтіп жүрсең,
Дәрігерлік кәсіпке таянғаның.
Енді алдыңда тұрады тірі жандар
Бірі сүйіп, кім білсін, бірі қарғар ...
Қимылдамай кірпігі жатса-дағы,
Байқағайсың, шықпаған тірі жан бар.
Кәсібіңнен кетпегей жеріп мүлде,
(Ақыл айтып кеттім-ау, желіктім бе)
Өлгендерді тірілтем деп ойлағай
Денесінен жан ізде өліктің де.
Жолың болсын, бара ғой, айналайын,
Айналайын, қорғаушым, қарағадайым!
Кәсібіңе мен сенің басымды ием,
Басымды ием, несіне арланайын...
10. Негізгі әдебиеттер:
Дәрменқұлова Р.Н.Медициналық мәтіндер жинағы. Алматы, 2002 ж. 5-7 беттер.
Доскеева Б.Ж. Қазақ тілі. Жалғастырушы топ студенттеріне арналған. Алматы, 2000 ж. 15-17 беттер.
Қосымша әдебиеттер:
1. Рақышев А. Адам анатомиясындағы халықаралық атау-терминдер. Алматы, 2011 ж.
2. Қазақша-орысша сөздік. ҚР Білім және ғылым министрлігі А. Байтұрынұлы атындағы Тіл білімі институты. – Алматы, 2001 ж.
беттің беті
Достарыңызбен бөлісу: |