СРСП №1 Тақырыбы: түсінудегі әлеумтеттанудың рөлі туралы эссе дайындаңыз.
Әрбір жеке адам өмірінің маңызды бастауы, рухани өзегі – отбасы. Мұндағы негізгі мақсат – отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасы ұғымының қоғамдық санамен сабақтасқан ішкі үйлесімін қалыптастыру, әлеуметтік мемлекеттің негізі болар бала мен оның құқығын қорғау. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп ұлттық жаңғырудың негізгі алғышарттарын айқындап берді. Демек көне дәуірлерден бастау алатын, өзінің тарихи тәжірибесінен, игі салт, ізгі дәстүрлерінен мүлдем қол үзген қоғамда жаңғыру немесе жаңару мүмкін емес. Халқымыздың осындай тамыры терең кеткен, тарихымен бірге жалғасып келе жатқан рухани байлықтарының бірі отбасы құндылықтары. Тіпті біздің рухани құндылықтарымыздың негізі де осы отбасылық дәстүрімізде жатыр десек қателеспеген болар едік. Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген қарапайым қағидат қай дәуірде болсын өзгерген емес, өзгермек те емес. Елбасы «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі» деп бұл мәселенің біздің қоғам үшін маңызын көрсетіп берді. Тәуелсіздік жылдарында отбасы құндылықтарын нығайту бағытында қыруар шаруа атқарылды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бәсекеге қабілетті ұлт, бақытты отбасы, саналы да білімді ұрпақ қалыптастыруға бағытталған сындарлы саясатының нәтижесінде ана мен баланы қолдау бойынша бағдарламалық құжаттар, гендерлік теңдікті сақтау стратегиясы қабылданып, мемлекеттік деңгейдегі отбасылық саясатта тұтастай жүйе қалыптасты. Басқасын айтпағанда көп балалы отбасыларды әлеуметтік қорғау бағытындағы мемлекеттік жәрдемақы түрлерінің әр жыл сайын артып, көптараптанып келе жатқанын аңғару қиын емес. Бұл мақсаттарға тек 2017 жылғы республикалық бюджеттен 149,7 млрд теңге қаржы қарастырылған және ол жыл сайын кемінде 15%-ға артып келе жатыр. Әр жылы өтетін «Мерейлі отбасы» байқауында еліміздегі ең үлгілі отбасылардың өмірі насихатталып, түрлі айтулы марапатқа ие болуы да елімізде дәстүрге айналған. Әрине отбасылық саясаттан бөлек отбасылық құндылықтар деген бар. Ол халқымыздың тарихымен бірге қайнап, пісіп шыққан отбасылық дәстүрлер, отбасы мәдениеті мен этикасы. Отбасының қалыптасуына, қоғамның қалыптасуы тікелей байланысты. «Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ», деген даналық сөз ұлттық тәрбиенің отбасылық өмірде атқарар рөлін айқындап тұрғандай. Қазақтың тарихында киелі отбасының қасиетті ұрпақтары туралы, олардың ел өміріндегі алатын орны, сіңірген еңбегі, қалдырған рухани байлығы, үлгі боларлық тірліктері, өнегелі өмірлері туралы мысалдар көп. Уақытында бізге бай, феодал ретінде оқытылған Құнанбайдың өзі тегін адам болмағандығын еліміз егемендікке жеткенде ғана білдік. Кішкене артық сөйлеп кетіп «Мен сізден оздым әке, мені бүкіл қазақ таниды» деген Абайға, «Е, Абай, сен менен оздым деуің үшін әуелі мен құсап өзің сияқты ұл тудырып ал» деген сөзі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын өнегелі сөз емес пе? Өкінішке қарай, қазіргі қазақ қоғамында отбасы құндылықтары құлдырауға ұшырап бара жатқаны ащы да болса ақиқат. Қазіргі уақытта өмірге келген біздің балаларымыздың кіндігін кім кеспей жүр, бұрын жерге ғана көмілетін сол кіндік қайда қалмай жатыр? Басқасын айтпағанда ұлдарымыздың сүндет тойын, мұсылмандыққа қадам басу сәтін қай жер болса, сол жерде, арақ-шарап араластырып, ысырапшылдықпен өткізуіміз қай атадан қалған дәстүрімізде бар еді? Өкініштісі, той өткізу бәсекеге айналып, құдалық даңғазалыққа ұласып бара жатыр. Сол қыруар шығынның үйленген жастардың бақытына емес, бақталастығына айналып, ақыры жақсылыққа апармай жатқандығын да көріп жүрміз. Бұған дәлел ретінде неке құрған жас отбасылардың арасындағы ажырасудың кейінгі жылдары аса қауіпті деңгейге жеткенін айтсақ та жеткілікті.