Ішкі істер органдарының міндеттері: 1) адам мен азаматты, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қылмыстық және өзге де құқыққа қайшы қол сұғушылықтардан қорғау;
2) құқық бұзушылықтардың профилактикасы;
3) қылмысқа қарсы күрес;
4) қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті, оның iшiнде төтенше жағдай немесе соғыс жағдайы кезінде қамтамасыз ету;
5) жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол жүрісі қауіпсіздігі саласында мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру және мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру;
6) құзыреті шегінде көші-қон процестерін реттеу, халықтың көші-қоны саласында мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру;
7) есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, оларға ұқсас заттар мен прекурсорларының айналымы саласында мемлекеттік саясатты және мемлекеттік бақылауды іске асыру, олардың заңсыз айналымына және оларды теріс пайдалануға қарсы іс-қимыл жасау;
8) азаматтық, қызметтік қару мен оның патрондарының айналымын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;
9) күзет қызметiн, сондай-ақ күзет дабылы құралдарын монтаждауды, орнатуды және техникалық қызмет көрсетудi жүзеге асыратын субъектiлердiң қызметiн мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру;
10) қылмыстық жазаларды, әкiмшiлiк жазалауларды орындау және сотталғандардың түзелуін ұйымдастыру;
Ішкі істер органдарының қызметтері: Ішкі істер органдары Қазақстан халқына қызмет етуге және жеке тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін, қоғамның, мемлекеттің, заңды тұлғалардың заңды мүдделерін қылмыстық және өзге де құқыққа қайшы қол сұғушылықтардан қорғауға арналған.
Ішкі істер органдары қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, осы Заң және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері құрайды.
Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда қамтылатын қағидалардан өзге қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.