Басқа топтағы антибиотиктер. Ристомицин — күрделі құрылысы бар, жоғары молекулалы антибиотик. Басқа антибиотиктерге тұрақты микробтарға қарсы тиімді дәрі. Оны ауыр сепсистік жағдайларда қолданады.
Вена арқылы тамшылатып, 500 000 Б. тәулігіне 2 рет енгізеді. Сонымен бірге қан құрамы мен бүйректің несеп бөлу функциясын (қызметін) қадағалау қажет.
Линкомицин — кейбір анаэробтарға антибактериалды әсер етеді. Оны басқа антибиотиктерге тұрақты микробтардан пайда болған сепсистік жағдайларда қолданады. Бұлшықет ішіне 0,5 г тәулігіне 2 рет немесе капсула түрінде тамақ ішерден 1 сағат бүрын, 0,5 г-нан тәулігіне 3 рет береді.
Науқастар линкомицинді жақсы көтереді, бірақ бауыр мен бүйрек қатты ауыратын жағдайларда тағайындауға болмайды.
Одонтогенді инфекцияда, микрофлора көбінесе цепоринге сезімтал келеді.
Ол бұлшықет ішіне енгізіледі. Ең жоғары тәуліктік дозасы 6 г.
Сульфаниламидті препараттар кокктардан пайда болатын ауруларда тиімді келеді.
Олардың жеткіліксіз дозасын қабылдағанда немесе қабылдауды ерте тоқтатқан жағдайда, микробтардың оларға тұрақтылығы пайда болады да, бірнеше буынына тарайды. Сондықтан ұзақ әсер ететін сульфаниламидті препараттарды тағайындаудан бұрын, науқастың дәріні „көтере" алатындығын анықтау қажет. Науқастар, бұл препараттарымен бірге тәулігіне 3 л сұйық зат ішуі керек. Ол бүйректе тас пайда болмауы және препараттың организмде дереу еріп сіңуі үшін қажет. Сонымен бірге „В" тобындағы витаминдердің орташа дозасын тағайындау қажет, өйткені сульфаниламидтер „В" тобындағы витаминдердің синтезін жасайтын ішектегі сапрофитті бактериялардың қызметін баяулатады.
Жалпы кез келген инфекциялы процестерде зат алмасудың жеделдеуіне байланысты, организмге витаминдер мен белоктардың шығындалуы үдейді. Сондықтан антибиотиктер мен сульфаниламидтерді қабылдағанда витаминдер мен белоктарды тағайындау қажет. Олар — инфекцияның пенициллинге тұрақтылығын жеңу үшін және пенициллиназаны инактивациялау үшін қажет.
Жедел одонтогенді инфекцияның интенсивті (қарқынды, үдемелі) емі. Интенсивті ем өмірге қажет ағза мен жүйелердің бұзылған функциясын уақытша басқару.