Этиологиясы және патогенезі. Лимфангоит немесе лимфангит — лимфа тамырларының қабынуы. Лимфангоит микрофлораның және олардың токсиндерінің лимфа жолдарына өтуінен пайда болады. Ол периодонтта, периостта жақ сүйектерінің қабыну процестері кезінде дамиды. Лимфа тамырларына ісік клеткаларының ыдырау өнімдері және де бөгде заттардың енуінен де лимфангоит дамуы мүмкін.
Клиникалық көрінісі. Лимфангоиттар жедел және созылмалы болып бөлінеді. Жедел қабыну процесі беткей немесе терең орналасқан лимфа тамырлар торларында дамиды.
Созылмалы лимфангоиттар жедел қабыну процесінің созылмалыға өтуінен дамиды, ол организмнің қорғағыштық қасиетінің төмендеуінен немесе антибиотиктерді дұрыс қабылдамау әсерінен дамуы мүмкін.
Жедел лимфангоит қамтылған тамырлар топографиясына сәйкес торлы (ретикулярлы) және тармақты (турункулярлы) болып бөлінеді.
Ретикулярлы немесе торлы лимфангоит жара, шиқан, көршиқан айналасындағы беткей орналасқан лимфа тамыр торларының қабынуымен ерекшеленеді. Нәтижесінде тілмелік қабынуға ұқсас клиникалық көрініс береді. Қызару және ауру сезімі байқалады, кейіннен инфекциялық ошақтан лимфа түйіндеріне бағытталған жіңішке қызыл жолақтар пайда болады. Дене қызуы 38—39° дейін көтеріліп, қалтырау және уланудың басқа да көріністері байқалады (құрғақ тіл, бас ауруы, тәбеттің болмауы).
Турункулярлы немесе тармақтық лимфангоит ірі лимфа тамырларын қамтиды, тері бетінде біріншілік инфекциялық ошақтан аймақтық лимфа түйіндеріне бағытталған 1—2 ашық-қызыл жолақ байқалады. Бұл жолақтар лимфа тамырлары қабырғаларының қабыну әсерінен қызаруынан пайда болады. Алғашқыда жолақ бойымен сыздаған ауыру сезімі анықталады. Кейіннен тығыз, басып тексергенде ауыру сезімі бар жолақтар, ал олардың айналасындағы тіндерді ісіну және кернеу пайда болады. Лимфа тамырларынан қабыңу процестерінің оны қоршаған тіндерге өтуі (перилимфангоит) терідегі қызару көлемінің ұлғаюы, бет және мойын жұмсақ тіндерінің ісінуімен суреттеледі және төменгі жақасты немесе мойын аймақтарының лимфадениттеріне ауысады.
Терең орналасқан лимфа тамырларының қабынуы негізінен, беткей лимфа тамырларының қабынулары әсерінен дамиды.
Диагнозы. Торлы лимфангоиттардың диагностикасы көп қиындық тудырмайды, тек түгел бет терісінің қызаруы кезінде тілме қабынуы көрінісіне ұқсайды. Тармақты лимфангоит кезінде көлемді ісінудің дамуы — флебит, флегмона сияқты қате диагноз қоюға себеп болуы мүмкін.
Емдеу шаралары негізінен біріншілік инфекциялық ошақты жоюға бағытталуы керек. Жергілікті хирургиялық емдеумен қатар, антибиотиктер, сульфаниламидтер және т. б. тағайындалуы тиіс.
Алдын алу. Біріншілік инфекциялық ошақтарды дер кезінде тоқтату (периодонтиттер, периоститтер, остеомиелиттер, гаймориттер т. б.).